Күл Көмеш дастаны
Син-Лек-Уннинни көріпкел жырларынан...
Орысшадан аударған Сайын Назарбекұлы
Из книги: Истоки тюрков. Сборник.
Алматы: ИД «Кочевники», 2005
...Песни и легенды о Гильгамеше дошли до нас записанными клинописью на глиняных плитках – «таблицах» на четырех языках Ближного Востока – шумерском, аккадском, хеттском и хурритском...
...Сам Гильгамеш – реальная историческая личность, правитель живший ок.2700 г. До н.э. ...
...Эта поэма о древнм царе Урука основана на мифах шумеров...
Күл Көмеш дастаны
Кіріспе сөз
(аудармашыдан)
Ерте-ерте-ерте еді,
Ешкі жүні бөрте еді...
...Жерден топырақ алдырып илеп,
Тәңір отының күліне көміп пісірген,
Адамдық кейіпке түсірген,
Күл Көмеш атты ғажайып батыр болыпты...
Күл Көмеш быйыл 5555 (?.) жасқа толыпты...
Бірінші бет
Құдіретті еді – әлемді шексіз сезе алған,
Жиһангез еді – теңізді, тауды кезе алған,
Досымен бірге дұшпанын, жауын талқандап,
Кемеңгер еді, сезетін бәрін, өзі, алдан.
Көрместі көрді, сырларды сезді жасырын,
Әйгілі етті, топан су, зұлмат ғасырын.
Оқыды, жазды, саз илеп таңба басты да,
Әлемді кезді, шаршады, көнді ақыры.
Қаласын Ұрық қоршады қаптап тас пенен
Ел Ана елді қамқорлап жүрді ас пенен,
Көшесі көркем, тартқандай сыммен түп-түзу
Теңі жоқ әсем, сүйсінді досы, қас пенен.
Ежелден жеткен табалдырыққа тигіз табанды,
Ел ана және қабылдар Тәңір адамды.
Ешкім де, тіпті болашақ патша сала алмас,
Ұрықты көрің, алдырмас жауға қамалды.
Қаласын салды. Ел қамын ерлер жемес пе!
Күйдірген кірпіш! Қаланың сәні емес пе!
Іргетас қандай! Кірпішін сыйпап қарашы,
Тұрғызған бұны – «даналар ойы» демес пе!?
Зор еді жігіт, жаралған жанның алыбы,
Адамнан көрі Тәңірге жуық, анығы.
Сұлу да еді, көрмесе адам нанғысыз,
Қаласын Ұрық сол кезде әлем таныды.
Домбайдай «тағы», шыдатпай қайрат құтырып,
Қарсылас жатты алысқан бұдан ұтылып.
Ұран от жақса – қарты да, жасы ұйқысыз,
Арызы жұрттың көмейде жатты жұтылып.
Алмайды айта: «Бұзықтық саған қол емес!
Жас жетті сенде мұрагер жоқ қой, Күл Көмеш?».
Арызын халық Тәңірлер естіп жатыпты,
Ойлапты олар Анаға айтсақ қой демес:
«Аруақ Ана Көмешті өзің жараттың!
Егізін жарат мерейі өссін тараптың!
Ерлігі оның түспесін кемшін Көмештен,
Жарыссын олар, Ұрықтың тыныш таңы атсын!».
Аруақ Ана халықтың мұңын түсінді...
Жүрекпен қалап жаратты ғажап мүсінді...
Тазалап қолын... Қасиет саздан үзіпті...
...«Елкелді» атап, адам ғып жерге түсірді...
«Елкелді» солай жердегі жұртқа жолықты,
Жалаңаш тәні қылшыққа, жүнге толыпты.
«Бөлтебер» адам, қылығы аңдай, тағы жан,
Әйелге ұқсап, шаштары ұзын болыпты...
Аспан да, жер де бұндайды бұрын көрмеген,
Аң болып өскен, ойнаған торпақ, төл менен.
Құланға еріп жайылса Ұлы Далада,
Үйіндей болды, балық па дерсің, көл деген.
Бір аңшы оған далада бір күн кездесті,
Келесі жолы суатта тағы жүздесті.
Жайлауға шықса – жайлауды жайлап алыпты,
Елкелді, өзі, екенін адам сезбесті.
Қорқады аңшы, сасады, түсі өзгеріп,
«Бөлтебер» адам далада, тауда кез келіп.
Айрылды тілден, айрылды ұйқы, күлкіден,
Қабынды жүрек құбыжық адам, көз көріп.
Аттанды аңшы, қайда деп қамқор Күл Көмеш...
Артында қалды белестен кейін бір белес...
Ұрыққа жетіп арызын айтты, аңыздай,
Бөлтебер сұсы көзінен кетпей, тұрды елес.
Адамның сондай емес-ау, тіпті болмағы,
Қашаған тастан секілді оның қолдары.
Мал жаяр жерім, тауым да менің қалмады,
Ұйқыдан қалдық, уайым болды «сол – тағы».
Аранды қазсам – бір күнде көміп тастайды,
Тұзақты құрсам – айналып өтіп, баспайды.
Аңдардың бәрі алыптың ығын паналап,
Болып тұр елге ас қайғы, тіпті бас қайғы
Өмірдің сырын Күл Көмеш оған аңдатты:
«Алып кет – депті, – «етегі желді» Шамхатты.
Жарқ етсін сұлу, жалаңаш сұлу, алдынан,
Елкелдің сонда бағдарлай алмас жан-жақты.
Сұлуды сүйіп басылар қайрат тасыған,
Өмірді танып желі де кетер басынан.
Иісі адам қашырар одан аңдарды,
Шамхатты бірақ шығарма оның қасынан».
Жеті күн ойнап сезімге шомып батқасын,
Балқыпты тәні құшаққа жылы жатқасын,
Ақыры батыр аңдарға бетін бұрыпты,
Махаббат сезім, ләззәт дәмін татқасын.
Көрді де оны жағдайды аңдар аңдады...
Бөтен бе екен олардың әдет, заңдары?..
Елкелді сезді, өзгеріс біткен болмысын...
Аңдар да сезді, кетіпті тарап аңдары...
Аңдарға ере алмасы енді байқалды,
Ойы да терең, ақылды сөзді айта алды.
Оралды қызға, отырды сыйпап балтырын,
Ұнатып қалды, Шамхаттай сұлу, сайқалды.
Сөйлесе сайқал елеңдеп батыр құлағы,
Бұ қыздың сөзі, өзі де қатты ұнады.
«Көрікті жансың, Тәңір ме дерсің өзіңді,
Жүргенің қалай аңдармен аң боп?», – сұрады.
«Менімен бірге жүрсеші Ұрық қалаға,
Қасиет үйге, құрмет қылшы Анаға.
Күл Көмеш саған домбайдай күшін көрсетер,
Жетеді сонда бағасы достық санаңа».
Сайқалдың сөзін тыңдайды батыр сезіне,
Жүрек те соқты дос іздеп теңдес өзіне...
Екінші бет
Шамхат қыз – сайқал, таныңдар мына би қызды...
Матаны жыртып еркекке киім кигізді...
Қалғанын өзі лыпы ғып алды, ал сосын,
Ел-жұртқа қарай, Елкелді ерді жүргізді.
Ұғылды сөзі, ойы да кетпей босына,
Ақылды әйел – данышпан деген осы ма?
Жетектеп қолдан, балаша ерке мәпелеп,
Жабайы жанды жеткізді малшы қосына.
Ғажапқа таң боп бақташы қауым қоршады,
Елкелді батыр толтырды сонда ортаны.
Жиналған елдің қышуы қанды тілінің,
Суарып көзін, құмары әбден тарқады.
Айтады олар ұқсас қой мынау Көмешке,
Сәл қысқа бойы, ол тау да, мынау дөңес пе!
Жабайы аңның уызын емген бұ шырақ,
Білегі шынар, тырнағы бүркіт емес пе!?
Қымсынып отыр, ортаға келіп, білмеген,
Көпшілік көзі қыздырып оны, терлеген,
Алдына қойған нанның да білмей не екенін,
Бозадан шошып ешқашан ішіп көрмеген.
Сайқалы айтып сырына өмір қаныпты,
Не айтса болды сеніпті оған, наныпты.
...Нанды же батыр! Адамға азық бұ тамақ...
Шарап іш батыр! Көңілге азық бұ тамақ...
Нанға да тойды, шарап та күшін танытты,
Жетеуін құты босатып барып тыныпты...
Жүректе сезім, болмыста жаны оянды,
Көңілі шат боп, балбырап отыр бой енді.
Денесін жүн-жүн майымен күнжіт уқалап,
Жабайы қылық, әдетін ерсі жоя алды.
Киімді киді, ұқсады еркек кісіге,
Қараңыз мына тындырған сосын ісіне.
Қолында қару, айқасты арыстандармен,
Малшылар көріп сенеді оның күшіне.
Жеңілді бәрі, арыстан, қасқыр бағынды,
Халқы да шатты хабарды естіп жағымды.
Ғұлама тыныш, шаруа жайлы, қауіпсіз,
Елкелді қамқар, ел үшін қару тағынды.
Ұрыққа хабар, дабыра, өсіп жетеді...
Күл Көмеш батыр қалыңдық ойнар кеш еді...
Төсекке бірақ жете алмай қалды сол түні,
Елкелді батыр басқаша оны шешеді...
Некелі төсек алдында олар айқасты,
Көшеге шығып, далаға кетіп шайқасты.
Қабырға дір-дір, далада гүр-гүр, армансыз,
Бір-бірін сынап, батырлар әбден байқасты.
Шайқасты олар бәйгіге намыс тігіліп...
Тізесі Көмеш кетеді бір кез бүгіліп...
Күл Көмеш сонда ауыздықтапты ашуын,
Қызуын қанның, шектепті батыр тасуын.
Елкелді сонда сөйледі, сөйлегенде бүй деді...
Жалғыз ғып сені жаратты десе нанамыз,
Патшайым Нинсун, Тәңірі текті анаңыз.
Жоғары едің кіндікті жанның бәрінен,
Тәңірің Эллиль патша етті, біздің панамыз.
Күл Көмеш сонда сұрайды...
«Көздерің неге мөлдірей толып тұр жасқа,
Өзіңді неге қинайсың сонша құр босқа?»
Елкелді жауап қатады...
Қапамын досым, жарасар қылық осы ма?
Күшімді жұмсар іс таппай жүрмін босына!
Күл Көмеш сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді...
...Ливан атты, жырақта тау бар деседі,
Самырсын орман, сол тауды жапқан, өседі.
Орманды жауыз Сұмбаба мекен етеді.
Тимесін елге сұмдық пен қулық кеселі.
Екеулеп біздер құрталық көзін жауыздың...
Тазартам жерді – ендігі осы әңгіме,
Ендігі ерлік, жырланар осы ән міне!
Пиғылын кісі, жүрегін адам ағартам!
Атымды солай қалдырмақ болдым мәңгіге!..
Елкелді сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді...
Орманды қорғар – Тәңірі-Вэрі емес пе?
Көз ілмес күзет, Хумбаба күшті егесте.
Шамаштың өзі дем берген оған, ал Алда
Орманын қорғап, Хумбаба қамын жемес пе?
Адамның оған сезімін қорқу басқартқан,
Қаһарлы – даусы, дауылға сұмдық астасқан.
Сөзі – өрт оның, ал демі – өлім, жұт елге,
Сумбаба сұмнан талай ер қорқып бас тартқан.
Жол да жоқ жетер, күтіп тұр өлім барғанға,
Жоғалтар адам қасиет-еркін орманда,
Сумбаба – тажал, сезімді қорқу басқарған,
Самырсын орман айналған сұмдық қорғанға.
Күл Көмеш сонда сөйлейді...
Ойлашы, досым, құдірет қандай Көктегі?
Тәңірлер Көкті мәңгілік мекен еткелі –
Ғұмыры адам – қамшының ғана сабындай,
Өмірі – опа, еңбегі – зая кеткені...
Өлім не, досым, қорқасың содан несіне?
Жинашы қайрат, ерегес, қайта, өшіге!
Жол салып алда отырам өзім, сен болсаң:
«Қорықпа дей бер!», түсірші соны есіме.
Ат қалсын артта: «Батылы барды бір іске,
Сұмбаба сұммен Күл Көмеш түскен күреске!»...
...Бір бала келсе өмірге өзім пішінді,
Сұраса сенен білгісі келіп, ішіңді:
«Тындырды нені әкешім менің десе ол?»
Айтарсың сонда тындырған менің ісімді...
Үшінші бет
Батасын беріп ақсақал жолға шығарып,
Айтуға ақыл, құмар ғой әсте бұ халық:
«Күшіңе сенбе, досыңа сенші, жігерге,
Сабырлы бол да, ұрымтал сәтті жіберме.
Жол басшы болса – міндеті жолдас құтқару,
Бас дайын болсын, сақтауға досын, тігерге.
Елкелді алда жүретін болсын әрдайым,
Біледі батыр самырсын орман жайғдайын.
Ұрыста болған, соғысты көрген жауынгер,
Патшасын сақтап, жасасын оның хал-жайын.
Болуды қорған, сақтауды жанын мойныңа ал!
Кездессе жыра патшаңды көтер, қолыңа ал!
Елбасын саған тапсырдық батыр Елкелді,
Орал да аман, қымбаты елдің болып ал!»...
Төртінші бет
Күл Көмеш патша Елкелдіге...
Жалғыздық жаман, жұртыңның жаты боларсың,
Шыға алмай шыңға, өкініп жолда қаларсың.
Бріксе саусақ , бітірер талай ісі бар,
Күшіктің екі арыстан сынды пысы бар.
Елкелдінің Күл Көмешке жауабы...
«Орманға барсақ денеден соңғы күш кетер,
Жансыз боп аяқ, қол ұйып, беттен түс кетер...
Күл Көмеш патша Елкелдіге...
Досым-ай, біздер, өмірде әлі тіріміз,
Арқасы достық әрқашан біздер іріміз!
Таулардан талай аспап па едік бірігіп,
Қорқамыз неден орманға бастап жүріңіз!
Үйрендің соғыс, өнерге биік жеткенсің,
Қалайша өзің қорқақ боп кенет кеткенсің?
Ойлама өлім, күнжіттің майын жақпап па ең,
Жер жарып даусың, жауыңды басқа тепкенсің!
Айтқалы саған бір сөзді көптен жүр едім,
Тартпасын жансыз, қауіптен қорқып білегің.
Жүректе шайқас тұтанса оты арман жоқ,
«Тәңірі соғыс» – сенен, мен соны, тіледім!
Ұмытсаң қауіп, сүресің өмір әуелден,
Сескенбес сенсің, шығар деп кенет жау алдан.
Аттандық жолға, ел үшін жанды пида ғып,
Жүрерміз шалқып, құтқарсақ елді зауалдан!..
...Мыңдаған жылдар сақтар-ау бізді ардақтап...
Бесінші бет
Соғылды дабыл, басталды соғыс жандасқан,
Күл Көмеш қолға алады сонда алдаспан.
Суырды қыннан қылышын, нағыз, наркескен,
Соғады дәлдеп желкеден, әлсіз жер дескен.
Елкелді досы кеудеден тосын ұрады,
Жауына тиді үш рет оның құралы.
Сұмбаба жаудың тигізді жерге жамбасын,
Денеден асау жан кетіп жауы сұлады.
Екі өлшем жерге самырсын шуы жетіпті,
Сұмбаба жауыз өмірден солай өтіпті.
Екі дос сөйтіп Ливан жерін тазартты,
Сирия елі бостандық алды, азатты.
Тыншыды басы таулардың биік мұз басқан,
Тыншыды орман, тыншыды тіпті күзгі аспан.
Таудан да, орман Сұмбаба отын сөндірді,
Жастантып жерді, қас жауын жеті көндірді.
Жеті еді талант қанжардың салмақ есебі,
Дәл сегіз талант болыпты жүгі деседі...
Ануннак сыры ашылды, солай табылды,
Самырсын орман кесілді, тамыр шабылды...
Энкиду сонда сөйлейді...
Орманын отап, тәубеге жауды келтірдік,
Етеді енді бейбіт күн кешіп, ел тірлік.
Шамешке арнап садақа шарап ішелік,
Тағынып қару қайтадан жолға түселік.
Елге де арнап еңбектің терін төгелік.
Евфратқа жетіп самырсын ағаш егелік...
Алтыншы бет
Күл Көмеш алғаш алады сол күн тынысын...
Тазартты тәнін, тазарды қару-жарағы,
Шаштарын баптап, бұрымын өрді, тарады.
Сән шапан киіп, тағынып белбеу шығады,
Патшадай жайнап, жан-жаққа жарқын қарады.
Иштардың көзі сұлуға сұқты, қырағы,
Батырға Көмеш алтын-зер тұзақ құрады:
«Толысқан тәннің жеңсігін маған сыйлашы,
Күйеуім бол! – деп, кетіпті Иштар шыдамы.
Тартайын сыйға күмістеп көркем күймені,
Жегейін бұқа мүйізі маржан үйдегі.
Ордама кірсең самырсын исі аңқыған,
Бір ғана талап – жаныңдай көріп сүй мені.
Ізіңді сүйер, табалдырығым да, тағым да,
Ниетті болшы, көкірек соғып қағынба.
Мансаптан – Тәңір, байлықтан – алтын қашпассың...
Тағдырың солай, сорың ба, әлде бағың ба!?..
Қажетін білем дүие, мүлік, малдың да,
Атағын ердің шығарар солар ханның да.
Далаң мен қалаң сыйлығын саған жіберіп
Билер мен бектер тізесін бүгер алдыңда.
Есегің озар, қалады жолда арғымақ,
Ат арбаң құс боп биіктен, жардан қарғымақ.
Егіздеп қойың, үш еннен ешкің лақтап,
Жатады естіп Күл Көмеш даңқын бар құлақ»...
Күл Көмеш сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді...
Тәңірі Иштар – қайтесің мені ер етіп,
Ордасын Тәңір, қайтесің маған төр етіп...
Үстіңе көйлек, денеңе күнжіт берейін,
Аңның да етін, жемісін дала терейін.
Құмар көп саған, жарылғап бәрін солардың,
Тәңірдей, патша құрмет етіп көрейін.
Құйайын арнап патшаға лайық шарапты,
Жинайын саған мүлікті қымбат, жарақты.
Әйел ғып бірақ мен сені, тіпті, алмаймын,
Сайқалдық атың көкке де жерге тарапты.
Есіксің кілтсіз, кез-келген кіріп тоқтайтын,
Сарайың – қауіп, адамға адал жақпайтын.
Суыған пешсің, тамызық тілеп тұратын,
Дарақы пілсің, жабуын өзі таптайтын.
Тәңірі емес аяқсың, ауру бақайсың,
Жауына жұртын құл етіп берер ноқайсың.
Есікте күңнің мойнына салған құндыздай,
Әдемі тіккен, аяқты қысар шоқайсың...
Көп болған саған еркектер құмар, қырындар,
Күйеуді қандай бағалап едің бұрындар?
Сайқалдық құрдың, берейін санап, тыңдасаң,
Таусылмас сенің бір жылға жетер жырың бар...
Бұ сөзді естіп долылық қысты Иштарды,
Өзегін өртеп барады тәнге құштарды.
Көгіне ұшты, әкеге жылап жалынды,
Ануға Тәңір, ағызып жасын тіс жарды.
Иштардың әкесіне шағынып жатқаны...
Күл Көмеш мені масқара етті, масқара!
Бұл сөзді әке алмаймын айта басқаға!
Естіртіп айтты кінам мен күнәларымды,
Өзің де мені кемітпе, сөкпе, жасқама!
Тәңірі Ану қызына сонда айтады...
«Әуелі өзің батырды мазақ еткенсің,
Дөрекі мінез шегіне шыдам жеткенсің.
Күл Көмеш сенің санаса қылықтарыңды,
Ұятсыз едің, шамадан шығып кеткенсің!»...
Иштар әкесі Ануға Өгіз жасап бер деп жалынады...
Әкетай маған жасап бер Өгіз, айбатты,
Өлтірсін оны, үйінде Өгіз қайратты.
Көнбесең егер, мен өзім бәрін істеймін,
Ойлай бер онда тіріні Иштар жайратты!
Тамухтан бері, Ұрыққа дейін жол салам,
Қуанар Көмеш жеріңде бір жан қалса аман!
Ұйқыдан мәңгі оянар барлық мүрделер...
Түскенде жерге – жалмауыз, жебір түрге енер...
Адамды жейді, таусады түгел тірісін,
Қалады есте бітірген менің бір ісім...
Тәңірі Ану сөзінен қыздың шошынып,
Сұрапыл Өгіз береді жасап қызына...
Сұмдықты естіп қыз ойын іске асырды...
Өгізді көктен Иштар қыз жерге түсірді...
Өгіздің Ұрық жерін талқандап жатқаны...
Алмақшы Иштар Көмешке кеткен есесін...
Талқандап жатыр Ұрықтың Өгіз көшесін...
Евфрат суын жұтқанда жеті, құрғатты...
Тұяғы тиген қалдырмас аман бір затты...
Бірінші демі қазыпты апан айлапат...
Ұрықтың оған құлады бір жүз адамы...
Екінші дем де қазады апан айлапат...
Ұрықтың оған құлады жүз, жүз адамы...
Үшінші демін құсық қып шашты батырға...
Елкелді батыр Өгізге тура атылды...
Елкелді батыр мүйізге бірден жармасты...
Сұрапыл Өгіз бұлқынып, сілкіп жандасты...
Құйрығы дырау, соққылап жатыр батырды,
Өгіз де емес перідей, нағыз, албасты...
Елкелді сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді...
Жаратқан жоқ қой Тәңірі бізді қорлыққа,
Досым-ау қалай, бір Өгіз бізді қор ғып па?
Қауіпті емес өзі де, күші Өгіздің,
Көнбелік мына жіберген Иштар зорлыққа!
Алалық жұлып жүрегін Өгіз өлтіріп
Сәтіне істі ерлікпен тағы келтіріп.
Өгізге шығып, жеңісті тойлап, тұрам мен,
Мүйізге құям күнжінің майын толтырып!
Жүрегін Өгіз қоярмыз Шамаш алдына,
Екеуміз солай сәтіне істі келтіріп!
Сен ұста мықтап құйрықтың жуан түбінен,
Қозғалып көрсін, ол Өгіз сосын, қарасын.
Мүйізден ұстап, мен болсам дәлдеп қанжармен,
Соғармын осал желке мен мойын арасын.
Елкелді батыр Өгізді жетіп қайырды,
Құйрығын бұрап көрсетті Көмеш зайырды.
Осал жер осы, деді де салды Елкелді,
Қанжармен басты мойыннан бөліп, айырды.
Өлтіріп Өгіз жүрегін жұлып алады,
Алдына Шамаш апарып оны салады.
Құрмет етіп Шамашқа олар кетеді,
Жеңіске тасып батырлар бағы, талабы.
Бауырлар отыр, оңаша енді дем алып...
Тәңірі Иштар қорғанға Ұрық шығады,
Мәнісін істің сол кезде барып ұғады.
«Өлтіріп Өгіз, масқара еттің мені сен,
Басыңа, Көмеш, қаралы күндер туады!».
Елкелді батыр Иштардың сөзін естиді,
Қысады ашу, ал сосын барып ес жиды.
Суырып Өгіз «қамшысын» алып жіберді...
Сескенбей батыр Иштардың тура бетіне.
«Қолыма түссең Өгіздей сені етер ем,
Қолыма түссең басар ем таңба, етіңе».
Жинады Иштар жезөкше, сайқал қыздарын,
«Қамшыға Өгіз» бәріне жылау айтқызып...
Күл Көмеш барлық шеберді жиып алдырды,
Мүйізі Өгіз шебердің бәрін таң қылды.
Отыздай мысқал, аспан түс көктас орнатты...
Екі елі мүйіз, жиектеп, әсем торлатты...
Алты өлшем маймен күнжіттің, зәру, толтырып,
Тәңірім сен деп Лугальбендеге сыйлапты.
Мүйізді баптап төріне үйдің іледі,
Евфратқа барып жуады қолын, білегін...
Көшеде келе жатырған екеу солар ма?..
Қаланың халқы сүйсініп қапты оларға...
Күл Көмеш сонда халқынан Ұрық сұрайды:
Көрікті батыр кім екен батыр ішінде?
Батырдың мәрті қайсысы батыр ішінде?
Қорғанды Ұрақ ерлері жауап қатады...
Көрікті батыр Күл Көмеш болар, ерекше!
Елкелді батыр батырлар мәрті, ерекше!
Бұл жауап бірақ қуанта алмай батырды...
Өгізін Тәңір қатерлі сәтте қуған – біз...
Арманға бірақ жетпейтін болып туғанбыз...
Күл Көмеш елін шақырып мейрам өткізді...
Тарады жұрты, тарқады қызық той енді...
Тіледі тыныс, шаршаған қажып бой енді...
Ұйқыға кеттті батырлар аспан астында,
Елкелді ғажап түс көріп жатып оянды...
Елкелді батыр түсінен жаман шошынды...
Жетінші бет
Елкелді айтты, Күл Көмеш тыңда, түс көрдім...
Елкелді айтты, Күл Көмеш тыңда, түс көрдім!
Түс көрдім бүгін, түсімде жаман іс көрдім!
Эллил мен Ану, Шамаштар отыр кеңесіп,
Тағдырын шешіп алдағы болар істердің!
Эллилге айтты ойларын Ану негізгі:
Сұмбаба өлді... Мерт етті неге Өгізді?
Отады орман... Құрыды тауда самырсын...
Өлімге бұйыр Елкелді-Көмеш егізді!..
Эллилдің сонда Ануға мынау жауабы:
Елкелді өлсін, Күл Көмеш сүрсін өмірін.
Шамаш Тәңірдің араға түсіп жатқаны...
Сұмбаба менен Өгізді олар өлтірсе,
Жазығы неде, өзіңіз солай жазыпсыз?
Елкелді қалай тартады жаза жазықсыз?
Шамашқа Еллиль айтады сонда не дедің?:
«Адамға жолдас, дос болып жүрген сен едің!»
Елкелді солай досына жатты шағынып...
Көзінен Көмеш ыстық жас жатты ағылып...
Бауырым, інім сүйіктім дейді Күл Көмеш! ...
Күл Көмеш жасы ағады жылжып тоқтамай...
Қалайша өмір сүре алам сені ақтамай?
Қонғанды ерлік, өзіңмен ғана бақ маған!
Қалайша олар сені емес мені ақтаған?
Жүріп ек біздер алмақ боп әлем түзетіп,
Сыбағам менің қалу ма мола күзетіп.
Жанымнан артық ініні жоқтап, өтем бе,
Сүрем бе өмір жүректі ыстық мұз етіп?
Елкелді сонда Көмешке былай тіл қатты...
Дос едік біздер, Эллилге бірге баралық,
«Жазығым не деп?» Тәңірден тура сұралық.
Аттанды олар Тәңірдің Эллиль үйіне...
Елкелді көріп есігін Тәңір сезеді,
Эллилге оны сыйлаған бұрын өзі еді.
Сол есік өзі, қолымен шауып жасаған,
Болғанды ұмыт, айтылмай қалған сөз еді.
Елкелді тағы сөйлейді...
Қырсықтың бәрі есіктен осы басталған...
Болыпты кезім ескерту алған, жасқалған...
Елкелді батыр есікке көзін тастады,
Есікпен және сөйлесе тағы бастады:
Жай ғана ағаш далада өскен сен едің,
Бұйрығы Тәңір өмірге келген мен едім!
Бойыңда сенің ой да жоқ, ақыл, сезім де,
Қалайша ағаш адаммен мендей тең едің?
Эллилия Тәңір риза бізге болсын деп,
Көркі де, сәні ордасы Тәңір оңсын деп,
Он сегіз құлаш самырсын едің бір кезде,
Қайрадым балта қинамай сені жонсын деп!
Ашу мен жабу, сиқырлы есік, бір ғалам,
Оюлап, сәндеп, Ниппурда сені сырлағам.
Бар еді қандай кемшілік, қылмыс, не мінім?
Білсем ғой құның – өзімнің мына өмірім?
Ағызсам етті сал етіп суға, немесе,
Жаңқалап өртеп күліңді шашып, көмірін.
Ану мен Иштар Эллилге соны қызғанып,
Ақиқат жолын, өздері Тәңір, бұзды анық.
Өзімнің өнер, еңбегім құртып өзімді,
Жазықты болып отырмыз енді біз налып.
Болашақ патша жасаса сені қайтер ед?
Тәңірлер оған не кінә тағып, айтар ед?
Атымды менің өшірсін, жазсын өз атын...
Самырсын емес дұрыс па ед кесу жай терек?
Елкелді зарын естіді сонда Күл Көмеш,
Жылайды сонда, сөйлейді сонда Күл Көмеш:
Тәңірің саған сыйлады өмір, ойды да,
Сөйлетіп сені ақылды сөзбен қойды да.
Сен қалай досым, ойладың қауіп, кенеттен,
Сол түске бола, жан досым менің, мойыма.
Жақсы ғой түсің, қорқыныш көптеу болса да,
Көресің түсті басыңа бақыт қонса да.
Уайым ету еншісі ол бір тірліктің,
Бір түске бола батырым неге жүн жықтың.
Табынып алып, жалынып алып сұралық,
Тәңірден сұрап кешірім алам, жүр мықтым.
Еттік қой еңбек Тәңірлер бізді тастамас,
Шашайын алтын жолына оның жасқамас.
Бұлардың сөзін естіді Шамаш көктегі...
Естіген сөзін... Ал зары бірақ жетпеді...
Тек қана Шамаш Көмешке тоқтау айтады:
«Тәңірлер сөзін ешқашан қайтып алмайды,
Шашылма босқа, өмірі адам өтпелі...
Тағдыры адам, әу баста солай, өледі...
Өлімнің қаупі кенеттен басқа төнеді...»
Елкелді батыр жатқанда жалғыз, бір түнде,
Ауру боп тәнге дерті де оның енеді.
Тағдыры адам – күн сайын ғұмыр кемірген...
Басына түспей, сезе ме адам, не білген...
Елкелді жаны, тәні де сезді сұмдықты,
Жаралы жүрек, қайғыға еріп, егілген.
Жегідей жеген, ашады сырын, досына;
Тыңдашы досым өмірден өту осы ма?
Тағы да көрдім бір түсті тура өңімдей,
Қайғыға тағы бастады қайғы қосыла.
Күркіреп аспан, жер жатыр қорқып, дірілдеп,
Дегендей қырам, қалмайсың тірі бірің деп.
Ортада тұрмын, аспан мен жердің арасы,
Секілді ем өлік, өлгендер қалай тірілмек?
Түр-түсі суық бір кісі бүркіт секілді,
Тырнақпен бүрді басымды, терім, кекілді.
Тұяғы бүркіт, қанаты қыран – самұрық,
Қан жауып кетті аяулы менің бетімді.
Шашымнан сілкіп, барады қысып құшағы,
Еркімді алды, арқансыз мені тұсады.
Ұрып ем менде, тұрғаны мұрты қисаймай,
Өгізідей қуат, қыл бұрау сала қысады.
Соғады мені, соғады тағы, қағынды,
Жалындым саған құтқар деп мені, жалындым.
Не болған саған, ақырын күтіп тұрдың тек,
Дүлейден қорқып, күреспей оған бағындың.
Тигізді қолын, айналдым кенет торғайға,
Батырды мендей о жерде солай қорлай ма?
Құс етіп мені құрдымға қара кіргізді,
Мықтылар өлсе о жақта солай сорлай ма?
Ол жерге кірген із бар да, жол жоқ шығатын,
Ешкім жоқ көрген, ой керек бұны ұғатын.
Жарықсыз мекен, әлемді түгел сыйғызған,
Ас-сусыз мекен, денеге ас боп жұғатын.
Киім жоқ онда, шетінен бәрі қанатты,
Соңғы рет со күн ақырғы маған таң атты.
Мүрденің күлі, тозаңы күнә, құлыпты,
Көрімнен менің – алмадым байқай жәннәтты.
Кіргізген жері – жарықсыз, шаң мен күл кілең,
Тозаңға бәрі айналған мүрде мүлгіген.
Жұп-жуас бәрі, тірлікте алтын тақтылар,
Дейтіндер өзін өмірдің көркі, дүлдүлі ем.
Тәңірлер төрде – ет пенен майды тартады,
Наны да керім, бетінде оттың сар табы.
Әкеліп жатыр: сусынды, балды, барлығын,
Төрт елі қазы, жаяны, тағы қартаны.
Сыйқыршы жанның, сәуегей жұрттың тұрағы,
Бұл үйде тағы отырды сыйқыр қырағы.
Эрешки Тәңір, Сумукан, Этан Тәңірлер,
Қыздар жүр хатшы, орындап олар сұрағын.
Саз кітап қолда, тағдыры сонда халықтың...
Көрді де мені деді ол жатпай налып тым:
«Жеңіпті өлім ғажап-ай, мына, алыпты»...
«Бөлісіп едік тірлікте арман, күшімді,
Есте ұста мені, ұмытпа менің ісімді.
Сол түстер менің жоқ етті қайрат, еркімді,
Ғұмырым менің келте боп міне пішілді.
Елкелді жатыр, дертті боп, аурып төсекте,
Бірінші күні, екінші күні... есепте.
Үшінші және төртінші тағы бесінші,
Зулайды күндер, күн ұзақ, қанша, десек те.
Алты мен жеті, сегіз бен тоғыз, оныншы,
Елкелді әл жоқ, ұлғайды дерті, төсекте.
Он бір күн қиды Тәңірлер оған, он екі,
Мезгіл де жетті, ақыры, Көкте өлшенген,
Жан ашып оған уайым-қайғы жесекте.
Соңғы рет батыр төсектен басын көтерді...
Соңғы сөз болды жалғаннан мынау өтерде:
Қайырым қылар бәріне адам бірі едің,
Ұмытты қалай досыңды мендей жүрегің?
Ұрықта досым, болып ең өзің тірегім,
Жабайы жаннан адам боп, солай түледім...
Сенімен Мен де, патша да бай да теңесер,
Депті ғой бабаң – «өзекті жанға бір өлім»...
Достарыңызбен бөлісу: |