Қарағанды қаласының аумағын көркейту қағидасы
Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық Кодексіне (Ерекше бөлім), «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексіне, «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 4 желтоқсандағы Заңымен, «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шілдедегі Заңымен, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңымен, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 13 желтоқсандағы №1313 қаулысымен бекітілген «Жаңа объектілер салуға және қолда бар объектілерді өзгертуге рұқсат беретін рәсімдерді өткізу ережесін бекіту туралы», «Жол шаруашылығын құқықтық қамтамасыз етуді іске асыру туралы» ҚР Үкіметінің 1998 жылғы №845 қаулысына сәйкес әзірленіп дайындалды.
1. Жалпы ережелер
Негізгі ұғымдар және қызметті анықтау
Уәкілетті орган – Қарағанды қаласын көркейтуге байланысты қатынастарды реттеу саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының негізінде уәкілеттікті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар.
Көркейту – адамның қолайлы, жайлы және қауіпсіз өмір сүру ортасын қамтамасыз ететін элементтер мен жұмыстардың кешені. Осы жұмыс кешені келесі негізгі бағыттар бойынша көркейту объектілері мен элементтерін жөндеу және қорғау, пайдалану, күтіп ұстау және ұйымдастыруды қарастырады:
-
инженерлік көркейту – адамдардың еңбек қызметі (мекендеу), өмір сүруінің (тұрмыс), материалдық құндылықтардың сақталуының, сондай-ақ технологиялық жабдықтар мен өндірістік процестерді инженерлік қамтамасыз етудің нормативтік немесе жайлы жағдайларын жасайтын және (немесе) қамтамасыз ететін инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін ұйымдастыру, күтіп ұстау, пайдалану, жөндеу бойынша жұмыстардың кешені;
-
сыртқы-эстетикалық көркейту – үй маңындағы аумақтарды және қаланың сыртқы келбетін құрайтын басқа да объектілерді (қасбет, шатыр, балкон және басқалары) санитарлық көркейту, көгалдандыру, жарықтандыру, көркейту. Осы қызмет қаланың келбетін тиісті эстетикалық түрге келтіру мақсатында жүзеге асырылады.
Бекітілген аумақ – Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілетін тұйық шекара iшiнде бөлiнген жер бөлiгiнің жер учаскесі.
Инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар – инженерлік жабдық, байланыс, көлік коммуникациялары мен құрылымдары, сондай-ақ қаланың қызметі мен дамуын тұрақты қамтамасыз ететін, тұрғындарға әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық қызмет көрсететін объектілер кешені.
Жерге қатысты жұмыстар – аумақты қазу, тас төсеу және қайта жабумен байланысты жұмыстар.
Бөлінген аумақ – жергілікті атқарушы органның қаулысына сәйкес, жер пайдаланушыға өзіне тиесілі объектілердің құрылысы (пайдалану) үшін меншікке немесе пайдалануға берілген жер учаскесі.
Санитарлық аймақтың паспорты – санитарлық жағдай үшін бекітілген жеке және (немесе) заңды тұлға және осы паспортта көрсетілген тұлға жауапты болып табылатын көше учаскесінің шекараларын белгілейтін құжат.
Салынбаған аумақ – жобалаудың негізгі нормаларын қолдануды шектейтін, жерүсті және жерасты құрылыс түрлері жоқ аумақ.
Санитарлық тазалау – қалдықтарды жинау, жинау, залалсыздандыру, қайта өңдеу және көму жүйесі.
Қатты-тұрмыстық қалдықтар – пәтерлерді ағымдағы жөндеуден шыққан қалдықтарды, жергілікті жылыту жүйесіндегі жылыту қондырғыларындағы қалдықтарды, аула маңындағы аумақтардан және тротуарлардан жиналған қалдықтарды, үй тұрмысындағы ірі заттарды, құрылыстық қоқыстарды қосқанда, тұрғын және көпшілік ғимараттарда пайда болатын тұрмыстық қоқыстар.
Қалдықтар - өндіріс және тұтыну барысында пайда болған шикізат, материалдар, жартылай өңделген өнімдер, басқа бұйымдар немесе өнімдердің қалдықтары, сондай-ақ өзінің тұтынушылық қасиеттерін жойған тауарлар (өнімдер).
Сұйық тұрмыстық қалдықтар – канализацияланбаған үй-жайлардың қалдықтары.
Қалдықтарды жинау – белгіленген шоғырлану орындарынан пайда болу көзінен қалдықтарды қабылдау бойынша кәсіпорындардың қызметі.
Қалдықтарды шығару (жою) – белгілі бір орындарға (қалдықтарды тиеу пункті, қалдықтарды өңдеу заводы, полигондар) қалдықтарды тасымалдау.
Қалдықтарды көму – қоршаған табиғат ортасына зиянды заттар түсуінің алдын алу мақсатында, белгілі бір орындарда (полигон) одан әрі пайдалануға келмейтін қалдықтарды оқшаулау.
Полигон – жергілікті атқарушы органның қаулысымен анықталған, қалдықтарды жинауға және көмуге арналған, жалпы қолданыстағы арнайы орын.
Инженерлік жүйелер мен құрылыстар – қала аумағынан жерүсті суын жинау және бұру, қала тұрғындары мен кәсіпорындарының қажеттіліктеріне кешенді қызмет көрсету үшін арналған қаланы инженерлік көркейтудің маңызды элементтері.
Қоғамдық орындар – ортақ пайдаланыстағы демалу аймақтары (бақтар, жағажайлар, гүлзарлар), алаңдар, қоғамдық көліктердің аялдамалары.
Көше – даңғыл жол бөлігі, тротуарлар, жасыл көшеттер, жерасты және жерүсті инженерлік желілері орналастырылған қалалық аумақ.
Көпшілік баратын объектілер – кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, әлеуметтік мәдени тұрмыстық, сауда, демалыс объектілері.
Сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпарат құралдары – Қарағанды қаласының аумағында орналасқан ғимараттар, құрылыстар, объектілер немесе жер учаскелерінің бағыныстылығы немесе меншік нысанына тәуелсіз және Қарағанды қаласының аумағында көрнекі қабылдауға арналған жарнамалық және ақпараттық хабарландырулардың түрлі тұрақты тасымалдаушылары, атап айтқанда: билбордтар, баннерлер, брандмауэрлер, шатырлық қондырғылар, панно, қалқандық қондырғылар, электрондық табло, экрандар, кронштейндер, маркиздер, тартпалар, жарнамалық плакаттар, палаткалар, қолшатырлар және тағы басқалары.
2.Жалпы талаптар
1. Заңды және жеке тұлғалар жол жамылғысы, тротуарлар, көгал және басқа объектілердің, көркейту элементтерінің және инженерлік құрылыстардың бүлінуіне байланысты жұмыстарды уәкілетті орган берген жазбаша рұқсат қағазы (ордер) болған жағдайда ғана іске асырады.
2. Көлік жолдарын пайдаланушылар келісім жасайды:
1) уәкілетті органмен, жол полициясы бөлімдерімен және төтенше жағдай бойынша басқармамен:
жарылғыш, радиоактивті және қатты әсер ететін улы заттар тасымалдауға, ірі көлемді және (немесе) ауыр салмақты көліктік тасымалдарға;
автомобиль жолдарын байланыс және электр тасымалдау арналарымен, жүйелерімен, газ, су құбырлары және темір жолдарымен және басқа да инженерлік және байланыс желілерімен қиылысуына;
автомобиль жолдарымен бір деңгейде қиылысу кезіндегі қосымша жолдарды төсеу немесе теміржолдарының төмендеуі және жоғарлауына;
теміржол өткелдерін орнату, қайта жөндеу, жөндеу және жоюға;
автомобиль жолдарын бақылау аймағында және бұру жолағында киосктер, павильондар немесе басқа құрылыстар орнатуға;
автомобиль жолдарын бұру жолағында жол ақпаратына қатысы жоқ, транспаранттар, жарнама, плакаттарды орнатуға;
автомобиль жолдарын бақылау аймағында және бұру жолағында сыртқы жарықтандыру тіректерін орнатуға;
жолдарда көпшілік және спорттық шараларды өткізуге;
аялдама пунктерінің орнату және ортақ пайдаланудағыжолаушылардың көлік құралдары қозғалысы маршруттарын ашуға;
жүктерді тиеу және тасу үшін алаң және жолдардан келуді орнатуға;
автомобиль жолдарында жаяу жолаушылар және көлік құралдарының қозғалысына бөгет болатын түрлі жұмыстарды жасауға;
2) уәкілетті органмен:
жолдарды бақылау аймағында және бұру жолағы шегінде карьерлерді өңдеу, декоративті көшеттер, ескерткіштер, ғимараттар салуға;
автомобиль жолдарын бұру жолағында көшеттерді отырғызу және жоюға.
3. Жерге қатысты жұмыстар өндірісіне келісім тәртібі:
1) жолдар, жерасты құрылыстарын салуға, жөндеуге және қайта жаңартуға байланысты жерге қатысты жұмыстарға уәкілетті орган, автомобиль жолдарын баланста ұстаушы, жол полициясы органы, инженерлік желілердің меншік иелерінің жерге қатысты жұмыстар өндірісіне келісімі болған жағдайда рұқсат етіледі.
2) уәкілетті орган, автомобиль жолдарын баланста ұстаушы, жол полициясы органы, инженерлік желілердің меншік иелерімен келісу кезінде жерге қатысты жұмыстарды жүргізетін ұйымдардың ұсынуы қажет:
Белгілі тәртіпте өңделген және бекітілген бас жоспардың көшірмесін немесе жобалық құжаттарды;
Жерге қатысты жұмыстар өндірісінің күнтізбе кестесі;
Жолдың бүлінген элементтерін қалпына келтіру туралы міндеттеме.
4. Шұғыл апатты-қалпына келтіру жұмыстары осы Қағидалардың 3 тармағында бекітілген тәртіп бойынша 72 сағаттың ішінде рұқсат беруді рәсімдеумен, осы жол басқаруында болып табылатын уәкілетті орган өкілінің қатысуымен орындалуы керек.
5. Жұмыс өндіруші жұмыс басталғанға дейін орындауға міндетті:
1) жұмыс жүргізілетін қауіпті аймақ шекарасында белгіленген үлгіде ескерту белгілері мен қажетті қоршауларды орнатуға;
2) жүргіншілер жүретін жерлерге өткелдер орнату және қазылған учаскелерді түнгі уақытта жарықтандыруды қамтамасыз етуге;
3) нөсерлік канализациялардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға;
4) механизмдер жұмыс істейтін аймақтарда жасыл көшеттер болған жағдайда, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қатты қалқандармен қоршауға;
5) өтпе жолдар мен қозғалыс жолдарын жабу қажет болған жағдайда, айналма жолдарды дайындау және тиісті белгілер арқылы айналма жолдарды анық көрсетуге;
6) жұмыс өндірісі қолданыстағы нормалар мен ережелерге, сондай-ақ ордерде көрсетілген талаптарға сәйкес жүргізіледі;
7) құрылыс материалдарын сақтау жел ұшырмайтын және тозаңдануды болдырмайтын шаралар сақтала отырып жүргізіледі. Жұмыс барысында одан әрі пайдалануға жарамсыз материалдар өндіріс процесінде тасып шығарылады. Жасыл көшеттер, жер асты құрылымдарының құдық қақпақтарына, суағар торларға, лотоктарға және тағы басқалар құрылыс материалдары және топырақты үйіп тастауға жол берілмейді. Аталған құрылыс элементтерін қорғау үшін люктер мен құдықтарға баруға мүмкіндікті қамтамасыз ететін ағаш қалқандар және қоршаулар қолданылуы тиіс.
6. Санитарлық аймақтың паспорттары санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарымен ресімделеді және аудандық жергілікті атқарушы органдардың келісімімен бекітіледі. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қызметтерінің мақсатына және меншік нысандарына тәуелсіз орналасу немесе қызметтерін жүзеге асыру орындарына санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарынан санитарлық аймақ паспорттарын ресімдеуге және санитарлық аймақ паспортына сәйкес аумаққа тазарту жұмыстарын жүргізуге міндетті.
7. Қоршаған ортаның қанағаттанарлықсыз жағдайын ескере отырып, Қарағанды қаласын көркейту мақсатында меншіктің барлық нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарға, жеке тұлғаларға:
1) аумаққа құрылыс салудан бос және көпшілік қолданыстағы басқа да орындар, көшенің жолаушылар және жүргіншілер жүретін жол бөлігін қоқыстың кез-келген түрлерімен (плакаттар, жарнамалар, үндеухаттар) және басқа да көрнекі ақпарат объектілерімен ластауға, қоқыстарды, тұрмыстық қалдықтарды, лайлар мен басқа да қалдықтарды, құрылыс қалдықтарын, сондай-ақ қар мен мұзды арнайы бөлінген орындардан басқа, нөсер қабылдағыштардың торлары мен қақпақтарына, канализациялық, су құбыры және жылу жүйелерінің байқау құдықтарына, фонтандарға, су қоймаларына, өзендерге, көгалдарға, жасыл көшеттерге, алаңдарға, гүлзарларға, автожолдардың жүру бөлігіне, қоғамдық көліктерді тосатын аялдамаларға тастауға және үйіп жинауға;
2) аулалар, гүлзарлар, бақтар және басқа да қоғамдық пайдалану орындарындағы жабдықтарды сындыруға;
3) хабарландыру, жарнама және баспа үгіт-насихат өнімдерін (плакаттар, жарнамалар, үндеухаттар) және басқа да көрнекі ақпарат объектілерін үйлердің қасбеттеріне, ғимараттар мен құрылыстарға, суағар құбырларға, жарықтандыру тіректеріне, инженерлік желілер және коммуникациялар құрылыстарына және жергілікті атқарушы орган осы мақсаттар үшін бөлмеген басқа да орындарға және (немесе) тиісті объектінің меншік иесінің келісімінсіз ілуге;
4) қоқыс төгетін құбырларда, контейнерлерде, тұрғын үй құрылысы аудандарында қоқыстарды өртеуге, қоқыс төгетін құбырларға құрылыс материалдарын, металл қалдықтарын тастауға рұқсат етілмейді;
5) осы нормаларды бұзған жағдайда айыпты тұлғалар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 387 бабына сәйкес жауапқа тартылады;
6) адамдар көпшілік баратын объектілердің, кәсіпорындардың, мекемелер және қаланың тұрғын үй қорының маңында Қазақстан Республикасының Санитарлық нормалары және ережелері 3.01-01-2002* «Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық қоныстарды жоспарлау және құрылыс салу» сәйкес, есептік қажеттілікке байланысты жеңіл автомобильдерді уақытша сақтау орындарын қарастыру қажет.
3. Көлік жүйесі
8. Көлік құралдарымен тасымалданатын көшелерді ластайтын, төгілетін және басқа да жүктер көшелердің ластануына жол бермес үшін ұқыпты түрде жабылуы тиіс.
9. Күтпеген жағдайлар (өрт, төтенше, апатты жағдайлар), стихиялық апаттар туындаған кезде апатты жұмыс өндірісі орнында сақталатын материалдары мен басқа да мүліктері бар меншік нысанына тәуелсіз заңды және жеке тұлғалар уәкілетті органның бірінші талабы бойынша өз күштерімен осы учаскені босатуға міндетті.
10. Егер қазған кезде жобада жоқ жер асты коммуникациялары табылатын болса, жұмысты жүргізуші ол туралы жол органдарына және осы коммуникациялар қарайтын мекемеге хабарлауға міндетті.
11. Жұмыс өндірісі орындарында ақпараттық қалқандар орнатылуға тиіс (объектінің, кәсіпорынның атауы).
12. Жол берілмейді:
1) қала көшелерінде шынжыр табан көліктермен жүруге;
2) белгіленбеген орындарға қоқыс түсіруге;
3) көлік құралдарынан темекі қалдықтарын, қағаз және басқа да қоқыстарды лақтыруға;
4) белгіленбеген орындарда автомашиналарды жууға;
5) аула ішіне өрт сөндіру автомобильдерінің жүруіне бөгет болатын кедергілерді орнатуға.
13. Автобус және троллейбус маршруттарының соңғы аялдамаларындағы тұру-бұрылу алаңдарын тазалауды маңындағы көшелердің жол бөлігін тазалауды жүзеге асыратын кәсіпорындар жүргізеді (кесте бойынша).
14. Жол жабынын қоқыс, лас, қардан үздіксіз технологиялық тазалауды қамтамасыз ету үшін көпшілік баратын объектілерге тікелей жақын орындардағы қаланың магистральді көшелерінің бойында күн сайын 23.00 сағаттан 7.00 сағатқа дейін автокөлік құралдарын орналастыруға жол берілмейді; тыйым қажетті жол белгілерін орнатумен белгіленеді.
15. Магистральдар, көшелер және жолдардың жол жабындарын, осьтік және резервтік жолақтарды, жиектас бөлігін сыпыру уәкілетті орган бекіткен кестеге сәйкес жол жабынын алдын ала дымқылдандырумен жүзеге асырылады.
16. Жолдардың жүру бөлігі ластанудың барлық түрлерінен толық тазалануы тиіс. Реттеу сызықтарымен белгіленген осьтік және резервтік жолақтар құм және түрлі ұсақ қоқыстардан тұрақты түрде тазаланып тұруы қажет.
17. Көшелер мен жолдардың жүру бөлігіне шығатын жолдардың жағасы ірі көлемді және басқа да қоқыстардан тазалауы қажет.
4. Тротуарларды тазалау
18. Көше және жол бойында орналасқан немесе жол бөлігінен көгалдармен бөлінген және тұрғын ғимараттардан, аула аумақтарынан, мекемелерден, кәсіпорындардан, сауда және қызмет көрсету объектілерінен тікелей шығу орны жоқ тротуарларды, сондай-ақ су жағасы қоршауларының маңындағы тротурарларды тазалауды жол бөлігін тазалау және күтіп ұстауды жүзеге асыратын кәсіпорындар жүргізеді.
19. Көпірлердегі, өтпежолдардағы тротуарларды, сондай-ақ инженерлік құрылыстар мен баспалдақтардың маңындағы тротурарларды (өтпежолдарды) тазалауды осы инженерлік құрылыстардың иелері – кәсіпорындар жүргізеді.
20. Көшенің жол жүру бөлігінен және жолдардан көгалдармен бөлінген және тұрғын ғимараттардың кіреберісінен, аула аумақтарынан тікелей шығу орны, аулалар, мекемелер, кәсіпорындардың кіреберістерінен шығу орны, сауда және қызмет көрсету объектілерінен шығу орындары бар тротуарлар бойынша тазалау жұмыстары Қарағанды қаласы аудандары әкімдерінің аумақтарды бекіту актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
21. Көше және жол бойында орналасқан басқа да тротуарлар бойынша тазалау жұмыстарын жол бөлігін күтіп ұстауға жауапты кәсіпорындар жүргізеді.
22. Тротуарлар топырақ-құмнан, түрлі қоқыстардан толық тазалануы қажет.
-
Аялдама және отырғызу алаңшаларын тазалау
23. Қалалық жолаушылар көлігінің аялдама алаңшаларын тазалауды жол бөлігін тазалауды жүзеге асыратын кәсіпорындар жүргізеді. Отырғызу алаңшаларын тазалау бойынша жұмыстардың шекаралары сұлбалық карталарда белгіленеді. Аялдама алаңшалары топырақ-құмнан, түрлі қоқыстардан толық тазалануы қажет.
24. Қоғамдық жолаушылар көлігінің аялдама алаңшаларындағы жолаушылар павильондарын және оның маңындағы аумақтарды тазалау және жууды олардың иелері жүзеге асырады.
6. Жерасты және жерүсті инженерлік коммуникацияларының жүйесі
25. Инженерлік коммуникацияларға иеліктері бар заңды және жеке тұлғалар қала көркеюінің бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін инженерлік жүйелер мен құрылыстардың техникалық жағдайын үнемі қадағалауға міндетті, атап айтқанда:
1) аумақты су басуына жол бермеу;
2) люктардың қақпақтары, құдықтардың жабындары қатты жабын деңгейінде болуы және дұрыс жағдайда болуы үшін бөлінген және қорғау аймақтарының санитарлық жағдайын бақылау;
3) монтаж, қайтадан құм төгу және пайдалану тәртібін сақтамау салдарынан бұзылуы мүмкін жерасты желілерінің үстіндегі қатты немесе топырақ жабындарының жағдайын қадағалау.
26. Жоғарғы және жерасты суын бұруға арналған арналарды, құдықтарды, құбырлар мен дренаждарды тазалау мен жинау, нөсерлік канализациялардың коллекторлары мен жаңбырқабылдағыш құдықтарды тазалау қажеттілігіне қарай, жаз мезгілінде төрт реттен кем емес, ал қыс мезгілінде бір реттен кем емес жүргізіледі.
7. Сыртқы жарықтандыру және фонтандарды күтіп ұстау
27. Аумақты жарықтандыру сыртқы жарықтандыру қондырғылары арқылы қамтамасыз етіледі. Сыртқы жарықтандыру қондырғыларына:
1) электрмен жабдықтау құрылғылары, таратушы желілер;
2) электр желілерін қорғау және жерлендіру қондырғысы;
3) кронштейндер, тростық аспа тіректері жатады.
28. Қолайлы қол жету мүмкіндігі жағдайында ғимараттардың қабырғаларына ілінген шамдармен тар жолдар, тротуарлар және алаңшаларды жарықтандыруға рұқсат етіледі.
29. Сыртқы жарықтандыру қондырғыларына қызмет көрсету және күтіп ұстау келесі шараларды қамтиды:
1) лампаларды ауыстыру және шамдардағы істен шыққан шашыратқыштарды ауыстыру, шамдарды тазалау, жарық түсіру деңгейін өлшеуді қоса есептегенде, ондағы сандық және сапалық көрсеткіштер берілген параметрге сәйкес келуімен сыртқы жарықтандыру қондырғыларын техникалық дұрыс жағдайда ұстау;
-
Шамдарды жөндеу кезінде неғұрлым сапалы, қазіргі заман талабына сай және тиімді жарықтандыру лампаларын пайдалану қажет.
-
Сыртқы жарықтандыру қондырғыларының жағдайы және шамдардың жану пайызын анықтау үшін екі жұмада бір рет бақылаулы тексеріс жүргізіледі, сыртқы жарықтандыру қондырғыларының жағдайы бойынша акт құрылады. Шамдардың жану пайызы 95 пайыздан кем болмауы керек.
31. Көшелер, жолдар, алаңдар, су жағалары және басқа да жарықтандырылатын объектілерге сыртқы жарықтандыруды қосу Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылығы уәкілетті органы бекіткен кесте бойынша оның 10 люкске дейін көтерілуі кезіндегі кешкі уақытта табиғи жарықтану деңгейінің төмендеуі кезінде жүргізіледі.
32. Құрамында сынабы бар істен шыққан газразрядты лампалар – ДРЛ, ДРИ, ДНАТ, люминесценттік лампалар осы мақсаттар үшін бөлінген үй-жайларда сақталуы және оларды қайта өңдеу үшін арнайы кәсіпорындарға шығарылуы қажет. Лампалардың көрсетілген түрлерін қалалық полигонға шығаруға жол берілмейді.
33. Қисайған жарықтандыру тіректері және электрлендірілген көліктердің байланыс желілерін шығаруды тірек иесі негізгі магистральдарда шапшаң түрде; басқа аумақтарда, сондай-ақ бөлшектелетін тіректер бойынша тәулік ішінде жүзеге асырады.
34. Фонтандардың жағдайы және пайдаланылуы үшін жауапкершілік пайдаланушы ұйымға жүктеледі.
8. Оңашаланған аумақтары бар объектілерді тазалау
35. Оңашаланған аумақтары бар объектілерде (базарлар, жағажайлар, бақтар, емдеу-сауықтыру мекемелері) санитарлық қызметтің келісімінсіз санитарлық қондырғылардың құрылысын салуға немесе қайта жабдықтауға, қалдықтарды жинауды жүзеге асыруға, автокөліктерді жууға, осы мақсаттар үшін бөлінбеген жерлерге ыдыстарды және ағаштарды сақтауға жол берілмейді. Қоғамдық орындардағы аумақтарды жинау (ортақ пайдаланудағы демалыс орындары) неғұрлым аз өту кезеңінде (түнгі кезде, таңертең) жүзеге асырылады.
36. Аумақтарды жазғы тазалауға көшелердің жол бөліктері мен тротуарларды сыпыру, суару, жуу жатады. Жолдардың жүру бөліктері, алаңдар, көшелер және инженерлік құрылыстар түнгі уақытта жуылады.
37. Түскен жапырақтар көшелердің жол бөліктері мен тротуарларға жел ұшырып әкетуі мүмкін немесе көгалдарды жауып тастауы мүмкін орындарда уақтылы жиналуы қажет. Жапырақтарды тұрғын құрылыс аумақтарында, гүлзарлар мен бақтарда өртеуге рұқсат етілмейді.
38. Қысқы тазалау тұрақты (қар жауған кезеңдердің аралықтарында) және мерзімдік (қар жауған кезде және одан кейін) болып екі түрге бөлінеді.
39. Қар-мұз құрылымдарын тазалау үшін тұз араласқан құм (немесе басқа хлоридты құм) қолданылады. Құм төгу жоғары қарқынды қозғалысы бар көшелерден және ең алғашқы кезекте неғұрлым апат қаупін туғызатын орындардан: төмен түсу орындары, жоғары көтерілу орындары, көпірлердің, өтпежолдардың және инженерлік құрылыстардың жол бөліктері, қауіпті бұрылыстар, қоғамдық көлік аялдамалары, жол қиылыстары, жаяу адамдардың өту жолдары және оларға апаратын жолдардан басталады.
40. Жасыл көшетті аумақтарға мұз, қар және тағы басқалар үйінділерінің орнын ауыстыруға, апаруға, үйіп жинауға жол берілмейді.
41. Көшелердің жол бөліктерін, алаңдар, көпірлер, жол қиылыстары, жоғары көтерілу орындары және төмен түсу орындарына механизмдік құм себуді өндірістік жұмыстар құқығын конкурста жеңіп шыққан ұйымдар мен кәсіпорындар жүзеге асырады.
42. Жер учаскелерінің иелері және жер пайдаланушылар санитарлық аумақтарда қар және мұздарды ойып жинауға, тайғақ жерлерге инертті материалдар себуді өздігінше немесе шарт бойынша кәсіпорындар арқылы жүзеге асыруға міндетті.
43. Шатырларды қардан тазалау және карниз, шатырлар және су ағатын құбырлардағы қар үйіндісін жою жүйелі түрде ғимараттар мен құрылыстар иелерінің күштері және қаражаттары арқылы сақтық шаралары міндетті түрде қадағалана отырып, жүзеге асырылуы тиіс.
44. Өтетін жерлер, өткелдерді бөгеуге, көшеттері бар көгалдарға қар, сыпырынды және мұз жинауға жол берілмейді. Қар, сыпырынды және мұз полигондарға шығарылады.
9. Базарлар
45. Базарлардың аумағында (оның ішінде шаруашылық алаңдар, кіреберіс жолдар, өткелдер) нөсер және еріген судың ағып кетуін қамтамасыз ететін көлбеуі бар қатты жабын (асфальт, жұмыртас) төселуі керек. Ауданы 0,2 гектар болатын базарларға, ерекшелік ретінде, міндетті түрде кем дегенде қалыңдығы 3 см құм себе отырып, тапталып тегістелген топырақ қабатының болуына жол беріледі.
46. Базардың аумағында канализация және су құбыры болуы керек.
47. Шаруашылық алаңдар «Азық-түліктің базарларды жайластыру, күтіп ұстау және пайдалануға қойылатын санитарлық-гигиеналық талаптар» Қазақстан Республикасының №4.01.063.02 санитарлық нормалар мен қағидалардың талаптарын ескере отырып, сауда орындарынан 30 метр қашықтықта орналасуы тиіс.
48. Базардың техникалық қызметкерлері базар жабылғаннан кейін аумақтың негізгі тазарту жұмыстарын жүргізуі қажет. Күндіз қалдықтар жиналатын жерлерге санитарлық тазалау және тазарту жұмыстары жүргізілуі керек.
49. Жылдың жылы маусымында базардың қатты жабынды аумағын міндетті түрде сыпырумен қоса күн сайын жуып отыру керек.
50. Ұсақ бөлшек саудалық уақытша сауда нүктелері объектілерін (павильондарды) орналастыру қолданыстағы нормалар мен ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
51. Сәулеттік және түске байланысты шешімдер сәулет және қала құрылысы органдарымен келісіледі. Ұсақ бөлшек саудалық объектілерді жөндеу және бояу уәкілетті органмен келісілген сыртқы түр және түске байланысты шешімнің сақталуын ескере отырып, олардың иелерінің есебінен жүргізілуі қажет.
52. Объектілерге және ұсақ бөлшек саудалық кешендерге көліктік қызмет көрсету маңындағы магистральдар мен жаяу адамдар жүретін бағыттардағы көлік және жаяу адамдардың қозғалыс қауіпсіздігіне бөгет жасамауы керек. Тауар жеткізуді жүзеге асыратын автокөліктің тұрағы, сауда нүктелеріне тауар әкелу тек қана Қарағанды қаласы аудандарының жол полициясы басқармаларымен келісілген подъездерден жүзеге асырылады. Осы мақсаттар үшін тротуарлар, жаяу адамдар жүретін жолдарды және көгалдарды пайдалануға жол берілмейді.
53. Шағын базарлар және саудаға арналған басқа да уақытша алаңдардың аумақтары қоршалған болуы керек, нөсер және еріген судың ағып кетуін қамтамасыз ететін қатты жабын төселуі қажет, киосктер, бастырмалар, сөрелер, контейнер алаңшалары, урналар, қоғамдық тұрақты және мобильді дәретханалар, кешкі жарықтандырудың болуы қажет. Базар аумақтарының тура жанында Қарағанды қаласы аудандарының жол полициясы басқармаларының келісімі бойынша автокөліктер үшін тұрақтар орналастыру қажет.
54. Ұсақ бөлшек саудалық құрылыстардың иелері аумақты тазалау және қоқыс шығару үшін осы қызмет түрлерін ұсынатын ұйымдармен шарт жасауы немесе өз күштерімен орындауы қажет.
55. Киосктер, павильондар және басқа да сауда объектілерінің арасындағы өрт қауіпсіздігі кеңістіктеріне материалдар, жабдықтар, ыдыстар және қалдықтарды үйіп тастауға; киосктердің шатырларына ыдыстарды жинауға жол берілмейді.
10.Бақтар
56. Ауыспалы қоқыс жинағыштар орнату үшін бөлінген учаскелері бар шаруашылық аймақ демалушылардың көп жиналатын орындарға (би алаңдары, эстрада, фонтандар, басты аллеялар) 50 метрден жақын орналаспауы керек.
57. Урналардың санын анықтау кезінде бақ ауданының 800 шаршы метріне бір урна есебін негізге алу қажет. Басты аллеяларда урналардың арасындағы қашықтық 10 метрден алыс болмауы керек.
11. Табиғи су қоймалары
58. Жағжайларда медициналық пунктер, құтқару станциялары, тамақтану сауда пунктері, киім ауыстыруға арналған кабиналар, дәретханалар, қоқыс жинағыштар орналастырылады. Ауыз суға арналған шағын фонтандар болса, су «Орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелеріндегі судың сапасына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» Қазақстан Республикасының №3.02.002-04 санитарлық нормалар мен қағидаларының талаптарына сәйкес болуы керек.
59. Урналарды жасыл көшеттер жолағынан 3-5 метр қашықтықта және су көзінен кем дегенде 10 метр қашықтықта орналастыру қажет. Урналар жағажай ауданының 1600 шаршы метріне бір урна есебін негізге ала отырып орналастырылуы қажет. Орнатылған урналардың ара қашықтығы 40 метрден аспауы тиіс.
60. Жағажайлардың аумақтарында бір орынға 75 адам есебінен қоғамдық дәретханалар орнатылуы қажет. Қоғамдық дәретханалардың суға шомылатын жерлерге дейінгі ара қашықтығы кем дегенде 50 метр және 200 метрден артық болмауы керек.
61. Ашық және жабық түрдегі киім ілетін орындар, киім шешуге арналған павильондар, гардеробтар зарарсыздандыратын ертінділерді қолдана отырып, күн сайын жуылуы керек. Жағажайлардың аумағында күнделікті тазалау жүргізу қажет. Арнайы механизмдер болған жағдайда, аптасына кем дегенде бір рет құмды жағажайларда жиналған қалдықтарды жойып, құмның беткі қабатын механикалық қопсыту қажет. Қопсытылғаннан кейін құм тегістелуі қажет.
62. Суға түсуге арналған орындарда машина, кір жууға, жануарларды серуендетуге жол берілмейді.
63. Қысқы маусым аяқталған соң, су қоймаларының жағалық аймақтары қоқыстардан, стихиялы үйінділерден тазалануы, су бассейнінің санитарлық жағдайын қалпында ұстау бойынша шаралар жүргізілуі қажет.
12. Қатты қалдықтарды жинау, шығару және залалсыздандыру
64. Тұрғын үйлерден, сауда және қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарынан, мәдениет кәсіпорындарынан, қоғамдық және басқа да ұйымдардан қатты қалдықтарды шығару жоспарлы-жүйелі жинау жүйесі бойынша кәсіпорындармен жасалған шарт арқылы жүргізіледі.
65. Тұрғын үйлердің аумағында қоқыстар мен қалдықтарды жинау үшін контейнерлер орналастыруды үй иелерімен жасалған шарт бойынша кәсіпорындар жүзеге асырады. Кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары санитарлық қызметтер және өртке қарсы қызметтердің келісімі бойынша контейнерлерді орнатуды жүзеге асырады. Аула ішіндегі дәретханалар, контейнерлік алаңшалар бойынша белгіленген кеңістіктерді сақтау мүмкіндігі жоқ құрылыс салынған аудандарда осы арақашықтық аудандық сәулетші, тұрғын үй – пайдалану ұйымы, Мемсанэпидқадағалау аумақтық органы маманының қатысуымен құрылған комиссия арқылы белгіленеді.
66. Қоқыс жинау алаңшалары тұрғындар үшін неғұрлым қолайлы жағдай құруды ескере отырып, топырақ пен ауаның ластануын болдырмау, эстетикалық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету үшін тұрғын құрылыс арасында орналастырылады. Алаңшалардың асфальт жабыны болуы тиіс және ғимараттарға қолайлы кіреберіс және арнайы көліктің келуіне қолайлы өту жолы қамтамасыз етіле отырып орналасуы керек.
67. Қалдықтардың шығарылуын уәкілетті органдар бақылайды.
68. Аумағында (бөлінген, бекітілген, аулаішілік) контейнер алаңшалары орналасқан кәсіпорындар, ұйымдар, басқа да шаруашылық субъектілері келесі талаптарды орындауы қажет:
1) контейнер алаңшалары, олардың кіреберістері және өту жолдарының қатты жабыны болуы тиіс;
2) контейнер алаңшалары маңындағы аумақтарға қоқыс шашылуын болдырмас үшін тұтас қоршаумен қоршалуы тиіс;
3) контейнер алаңшаларын және оның маңындағы аумақты тиісті санитарлық күтіп ұстауды қамтамасыз ету;
4) қатты тұрмыстық қалдықтар, ірі көлемді қоқыс, сыпырынды шығару үшін уақтылы шарт жасау;
5) контейнерлерде тұрмыстық қалдықтарды өртеуге жол бермеу;
6) қысқы мезгілде – мамандандырылған автокөліктің жұмыс жасауы және тұрғындардың пайдалануына қолайлы жағдай жасау мақсатында контейнер алаңшаларына кіреберістер және өту жолдарын қар және мұздан тазалау қажет.
69. Контейнер алаңшаларының және контейнерлердің иелері:
контейнерлерді уақтылы жөндеу және одан әрі пайдалануға жарамсыз контейнерлерді ауыстыру;
қоқыс қабылдау камералары, алаңшалар және жинағыштардың (контейнерлер) орналасу орнын, сондай-ақ қалдық жинағыштарды үнемі жуу, зарарсыздандыру және шыбындардың таралуына қарсы залалсыздандыру бойынша шаралар қабылдау қажет.
13. Құрылыстарды бұзу және бөлшектеу
70. Ескі және тозған құрылыстардан аумақты тазалау бойынша жұмыстарға осы объектілерге және құрылыстарға құжаттарды қолданыстағы заңнамаға сәйкес заңды түрде ресімдеген соң кірісуге болады.
71. Бұзу және бөлшектеу технологиясы «Құрылыстағы еңбек және қауіпсіздік техникасын қорғау» Қазақстан Республикасының №А.3.2.5-96 құрылыс нормалары мен қағидаларының талаптарына қатаң сәйкестікте қызметшілер мен жұмысшылар еңбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет.
72. Құрылысты бөлшектеген соң немесе бұзған соң құрылыс қалдықтары (қоқыс) қаланың қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығары ды, ал уч1187;делуі тиіс.
14. Иеліктегі үйді тазалау және күтіп ұстау
73. Иеліктегі үй аумағында көлік үшін қолайты өту жолдары бар контейнерлер орнату үшін арнайы алаңшалар бөлінуі керек. Алаңша ашық болуы, су өткізбейтін жабыны болуы керек және мүмкіндігінше жасыл көшеттермен қоршалған болуы керек.
74. Аулалық қоқыс жинағыштардың саны мен көлемін «Қала құрылысы. Қалалық және селолық қоныстарды жоспарлау және құрылысын салу» Қазақстан Республикасының 3.01-01-2002 талаптарына сәйкес анықтау ұсынылады.
75. Камера, қоқыс құбыры, қоқыс жинағыштар және камерадан қалдықтарды тиеу орны маңындағы аумақты, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды және қоқысты (контейнерлер) уақытша сақтауға арналған алаңшаларды күтіп ұстау үшін жауапкершілік меншік иесіне, кондоминиум объектісін басқару органына немесе иелігінде үй немесе ғимарат бар ұйым, кәсіпорынға жүктеледі. Контейнер алаңшасы бөлінген аумақтан тыс жерде орналасқан жағдайда, контейнер алаңшасын күтіп ұстауға жауапкершілік қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды жүзеге асыратын ұйымдар, кәсіпорындарға жүктеледі.
76. Кондоминиум объектісін басқару органдарына, жеке үйлердің иелеріне үйге және үй аумақтарына кіреберіс жолдарды тазалау жүктеледі.
15. Шағын сәулет нысандарын күтіп ұстау
77. Тұрғын құрылыс аумақтары, қоғамдық аймақтар, скверлер, көшелер, бақтар, демалыс алаңшалары шағын сәулет нысандарымен – беседка, көлеңкелі бастырма, гүлзарлар, сәкілер, урналар, фонтандар, балалар ойынына, ересектердің демалысына арналған құрылғылар, газет стендтері, қоршаулар, телефон будкалары (бастырмалар), автокөлікті күту павильондарымен жабдықталады.
78. Шағын сәулет нысандары тұрақты немесе мобильді болуы мүмкін; олардың саны және орналастырылуы аумақтарды көркейту жобаларымен анықталады.
79. Қоғамдық құрылыс аумақтары, алаңдар, көшелер, скверлер және бақтар, жағажайдар үшін шағын сәулет нысандары дербес жобалар бойынша әзірленеді.
80. Құрылыс салынатын учаске шегінде жаңа құрылыс кезінде шағын сәулет нысандарын жобалау, дайындау және орналастыруды тапсырыс беруші бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырады.
81. Шағын сәулет нысандарының конструктивті шешімдері олардың тұрақтылығын, пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет.
82. Заңды және жеке тұлғалар - шағын сәулет нысандарының иелері өз есебінен оларды ауыстыру, жөндеу және бояуға міндетті.
16. Құрылыс алаңдарын және учаскелерін күтіп ұстау
83. Құрылыс қызметі (жаңа құрылыс, қайта жаңарту, жөндеу, бар құрылыстарды бұзу) басталғанға дейін бөлінген учаскеде құрылыс салушы (жөндеу, қайта жаңарту кезінде объектінің иесі) құрылысты ұйымдастыру жобасы, құрылыстың бас жоспарына сәйкес жұмыс учаскелерін, құрылыс алаңын жайластыруды жүзеге асырады;
объектілерді кейіннен қайта өңдеу (бұзу) бойынша жұмыстарды жүргізу кезінде – бұзу бойынша қажетті техникалық шешімдерге сәйкес немесе ғимарат немесе құрылысты бұзу жобасына сәйкес жүзеге асырады.
84. Құрылыс алаңын (бұзу учаскесін) жайластыру үшін құрылыс салушы, объект иесі уәкілетті органнан дайындық жұмыстарын жүргізуге келісім алады.
Объектілерді бұзуға келісім алу үшін құрылыс салушы уәкілетті органға осы учаскені бөлу туралы шешімді, бұзу бойынша техникалық шешім немесе бұзу жобасын, құрылыстық қоқыстар, қалдықтарды шығару, қайта өңдеу бойынша шешімдерді (шарттар), бұзылатын объектілерден инженерлік желілердің ажыратылғандығы туралы растау қағазын, тиісті мемлекетік органдардың (сәулет, тұрғын үй, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары, аудан әкімінің аппараты және басқа да органдар- келісімдері бойынша) келісімдерді ұсынуы қажет.
Құрылыс алаңын (бұзу учаскесін) келесі міндетті шарттарды сақтай отырып, тиісті нормалар мен қағидалар талаптарына сәйкес жайластыру қажет:
1) құрылыс алаңы бүкіл көлемі бойынша бөтен тұлғалардың кіруін және маңайындағы аумаққа қоқыстардың шығарылуын болдырмайтын тұтас қоршаумен қоршалуы қажет;
адамдар көп өтетін орындарда қоршауды тұтас қорғаныс қалқасымен жабдықтау қажет;
2) қоршауды профильденген металл парақтардан немесе қоршауға арналған темір бетон панельдерден әзірлеу қажет;
3) қоршау құрылымдарын нық бекіту және көлденең және тік бағыттарда түзету, бояу, сыртқы түрі ұқыпты болуы үшін: ластанудан тазалау, жуу, ойықтары, бүлінген учаскелері, бөгде хабарландырулар мен жазулардың болмауы қажет;
4) қоршау биіктігі жер рельефі деңгейінен кем дегенде үш метр болуы, төменгі жағында саңылау болмауы қажет;
бар құрылыстарға кішігірім жапсаржайлар немесе жеке шығу орындары құрылысын салу кезінде биіктігі екі метр қоршау орнатуға рұқсат етіледі;
5) құрылыс алаңынан қақпа немесе шлагбаум орнатып, екінші деңгейлі көшелерге шығу жолдары санының неғұрлым аз болуы көзделеді;
6) кіреберіс жолдарда ақпараттық тақта орнатылады;
7) жарықтандыру қоршаудың барлық периметрінде болуы қажет, адамдар көп өтетін орындарда жарықтандыруды екі жаққа да барлық периметр бойынша орнату қажет;
8) алаң ішілік жолдар және құрылыс алаңдарына кіреберіс жолдар жайластырылуы және құрылыстың бас жоспарына сәйкес жабын төселуі қажет, олардың асфальттанған қалалық жолдарға шектесуін қамтамасыз ету қажет;
9) шығу жолдарында көлік құралдарының дөңгелектерін жуу (тазалау) пунктері жабдықталады;
10) құрылыс алаңында аумақты тазалық пен тәртіпте ұстау, жерүсті және жерасты суын бұруды ұйымдастыру, қала көркеюіне және жақын маңдағы құрылыстарға жағымсыз әсер етуге жол бермеу бойынша іс-шаралар қарастырылады;
құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін контейнерлер, бункер-жинақтаушылар орнату және қоқыстың уақтылы шығарылуын ұйымдастыру қажет;
құрылыс алаңының (бұзу учаскесінің) маңындағы аумақты тиесілі жағдайда күтіп ұстау және жүйелі түрде тазалап отыру қажет;
11) құрылыс алаңының шегінен құрылыс материалдары, қоқыс (синтетикалық үлдірлер, жапқыштар, жоңқалар, үгінділер, қаптама материалдары және басқа) шығарылуын болдырмау бойынша шаралар қарастыру қажет;
12) объект қабаттарынан жабық лотоктар мен бункер-жинақтаушыларды қолданбай, қалдықтар мен қоқыстарды лақтыруға рұқсат етілмейді;
13) ғимараттар, құрылыстардың қасбеттерінде жұмыс жасаған кезде тордан жасалған, осы мақсаттарға арналған және өз сапасы бойынша декоративтік, беріктік және өртке қарсы талаптарға сәйкес келетін торлы қоршаудың болуын қарастыру қажет;
14) тордан жасалған қоршау ғимараттың қасбеті бойынша немесе орнатылған ағаштардың құрылымдарына осы мақсаттарға арнайы әзірленген бекіткіштерге ілінеді; тор тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тартылады және барлық жазықтық бойынша бекітіледі; тордың қисаюына және салбырауына жол берілмейді;
15) қажеттілігіне қарай тротуарлар, жаяу адамдар жүретін галереялар, төсемдер, айналма және уақытша жолдарды жайластыру және оларды дұрыс жағдайда күтіп ұстау қамтамасыз етіледі;
16) бұзу учаскелерінде құрылысты бөлшектеуді тек алаңды әзірлеу бойынша шаралар орындалған соң ғана бастау қажет;
17) ғимарат элементтерінің тосын қирауын болдырмау мақсатында, бөлшектеуді жоғарғы құрылымдардан бастау қажет.
85. Барлық материалдар және топырақ қоршалған аумақта ғана орналасады;
шығарылған топырақ (құнарлы топырақты есепке алмағанда), бұзу қалдықтары, қоқыстар дереу қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығарылады, топырақ Қазыбек би атындағы аудан және Октябрь ауданы әкімдерінің келісімі бойынша басқа да учаскелерге шығарылуы мүмкін;
қоршалған аумақтан тыс жерлерде материалдар, қоқыстарды жинау, құрылыс техникасын және механизмдерін орналастыру, көлік тұрағы және көлікке жүк тиеуге рұқсат етілмейді.
86. Тиесілі полигондарға тұрмыстық және құрылыс қоқыстарын, қар және мұзды уақтылы шығаруды ұйымдастыру үшін құрылыс салушы немесе мердігер құрылыс алаңын жайластыруға келісім алу кезінде осы жұмыс түрлеріне лицензиялары бар мамандандырылған кәсіпорындармен шарт жасасады.
87. Құрылыс салушы құрылыстық және тұрмыстық қоқысты уақтылы шығаруды қамтамасыз етеді.
88. Құрылыс (бұзу) аяқталғаннан кейін құрылыс салушы құрылыс алаңының маңындағы аумақтың, сондай-ақ уақытша жүру жолы, жаяу адамдардың өтуі, уақытша құрылыстар, материалдарды сақтау, инженерлік жүйелерді салу және басқа да мұқтаждықтар үшін пайдаланылған аумақтарының бүлінген көркею жұмыстарын қалпына келтіруі қажет.
17. Сыртқы – эстетикалық көркейту
89. Ғимараттар және құрылыстар осы объектілердің қасбеттерін және олардың жекелеген элементтерін (балкондар, лоджиялар, су құбырлары және басқалары) қалпына келтіру, жөндеу және бояу бойынша уақтылы жұмыс өндірісімен қамтамасыз етілуі қажет, сондай-ақ қасбеттерде орналасқан ақпараттық кестелер, ескерткіш тақталарды тазалықта және дұрыс жағдайда күтіп ұстау қажет.
90. Ғимараттардың қасбеттерін және конструктивті элементтерін өз еркімен қата жабдықтауға жол берілмейді.
91. Шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында ғимараттар, құрылымдар және құрылыстарға иелік ететін жеке және заңды тұлғалар қала құрылыстық және жобалық құжаттама, қала құрылыстық нормативтер мен ережелер, экологиялық, санитарлық, өрт қауіпсіздігі және басқа да арнайы нормаларға сәйкес, ғимараттар, құрылымдар мен құрылыстар және жер учаскелеріндегі басқа да жылжымайтын мүлік объектілерін сәйкесінше күтіп ұстау бойынша, соның ішінде оларға тиесілі ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін, шатырларын өз қаражаттары немесе қатыстырылған қаражаттар есебінен қалпына келтіру және жөндеу бойынша жұмыстарды жүргізуі қажет.
92. Тұрғын емес немесе тұрғын ғимараттарда заңды және жеке тұлғалардың меншігінде, заңды тұлғалардың шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында жекелеген тұрғын емес үй-жайлары болған жағдайда, осы тұлғалар орналасқан аудандарына пропорционалды түрде аталған ғимараттардың қасбеттерін, шатырларын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына үлестік қатысуы қажет. Ғимарат немесе құрылыстың қасбетін жоспарлы тұтас жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде оған үлестік қатысатын тұлғалар орналасқан аудандарына пропорционалды көлемде осы мақсаттарға бағытталатын қаражаттарын біріктірулері мүмкін.
93. Ғимараттар, үй-жайлар және құрылыстарды жалға алушыларға жалға алу шартының талаптарына сәйкес ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін жөндеу, қалпына келтіру және қайта жаңарту бойынша міндеттемелер жүктеледі.
94. Сәулет, тарих немесе мәдениет ескерткіштері болып табылатын ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін жөндеу, қалпына келтіру және қайта жаңарту Қазақстан Республикасының құқықтық актілерімен белгіленген нормативтер мен қағидаларға сәйкес, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану бойынша уәкілетті органдар және сәулет және қала құрылысы уәкілетті органымен келісім бойынша қорғау міндеттемелеріне сәйкес жүргізіледі.
95. Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылығы уәкілетті органы жергілікті атқарушы органдармен бекітілген жыл сайын қабылданатын бюджеттік бағдарламаның негізінде ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша іс-шараларды жүзеге асырады.
96. Ғимараттардың қасбеттерін бояу Қарағанды қаласының сәулет және қала құрылысы органдары беретін колерлік паспорттар бойынша ғана жүргізілуі мүмкін.
97. Жол берілмейді: алдын ала сәулет бөлшектерін қалпына келтірусіз ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттерін бояуға; декоративті түсті терразит және тас тектес сылақпен сыланған, табиғи немесе жасанды таспен қапталған қасбеттерді бояуға.
18. Сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпараттарды орналастыру
98. Сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпараттарды орналастыру Қарағанды қаласының аумағындағы көрнекі қабылдауға көзделген және адамдардың беймәлім тобына арналған жарнамалық және басқа да ақпараттарды тарату үшін ұсынылатын және (немесе) қолданылатын плакаттар, стендтер, жарық таблолары, билбордтар, транспаранттар, афишалар және басқа да жарнама орналастырудың стационарлық объектілері түрінде жүзеге асырылады.
99. Сыртқы (көрнекі) жарнама және жарнамалық ақпараттарды орналастыру уәкілетті органның келісімі бойынша жүргізіледі.
100. Барлық сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпарат құралдары белгіленген тәртіп бойынша тіркелуге жатады.
101. Сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпарат объектілерінің қалалық тізімі жарнамалық орындар, олардың иелері, жарнама таратушылар туралы мәліметтер және оларға тиесілі сыртқы (көрнекі) жарнама құралдарын тіркеу және есепке алу үшін бекітілген форма болып табылады.
102. Келісуші ұйымдар анықталған жарнамалық объект Паспорты ресімделгеннен кейін сыртқы (көрнекі) жарнама орналастыруға рұқсат беріледі. Келісім белгілі бір орынға орналастыру мүмкіндігін анықтау мақсатында жасалады, сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпарат құралдары, түрі және негізгі сипаттамалары Паспортта көрсетіледі.
103. Жарнамалық объектінің паспортын уәкілетті орган береді. Жарнамалық объектінің паспортын беру кезінде уәкілетті орган белгілі бір орында сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпарат құралдарын орналастыру мүмкіндігі есепке алынады және келісуші ұйымдар анықталады.
104. Сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпарат құралдарының орналастырылуы және пайдаланылуы қаланың табиғи кешеніне зиян келтіруі мүмкін орындарда орналастырылмауы тиіс.
105. Сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпарат құралдары ақпараттық хабарлама немесе жарнамамен (коммерциялық, әлеуметтік) тұрақты түрде қамтамасыз етілуі қажет.
106. Құрылыс және бөлшек (көшедегі) сауда объектілерінің (жазғы кафелер, көрмелер, құрылыс алаңшаларын қоршау) уақытша қоршауларындағы сыртқы (көрнекі) жарнама құралдары осы объектілердің көркем безендірілуін қамтамасыз етуі қажет.
107. Сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпарат құралдары жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарымен және арнайы сигналдармен сыртқы түрі, бейнесі, дыбыстық әсері бойынша ұқсас болмауы, олардың көрінуін нашарлатпауы, қозғалыс қауіпсіздігін төмендетпеуі, жаяу адамдардың өтуіне кедергі келтірмеуі, жол пайдаланушылардың көздеріне шағылыспауы, қалыпты есту қабілеті бар адамдар еститіндей жол бөлігінің шегінде естілетін дыбыстар шығармауы, жолда жаяу адамдардың, көлік құралдарының, жануарлардың, басқа да заттардың болуы әсерін жасамауы тиіс. Қоршаған ортаны қорғау талаптарын бұзбауы, осы үлгідегі құрылымдарға қойылатын ережелер, стандарттар, техникалық нормалардың талаптарына сәйкес келуі тиіс.
108. Өз еркімен орнатылған сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпарат құралдары Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген негіз және тәртіп бойынша жарнама беруші, жарнама таратушының күшімен немесе уәкілетті орган қатыстырған мердігердің күшімен, кейіннен шегініс тәртібі бойынша құрылым иесі, жарнама беруші, жарнама таратушыдан мердігердің шығындарының орнын толтыру арқылы бөлшектелуі тиіс.
109. Жобадан ауытқу немесе тіркеу шарты-келісім талаптарын тиесілі орындамағаны үшін құрылым иесі, жарнама беруші, жарнама таратушыға оларды жою бойынша ұсыныстар жасалады және қайтадан тексеріс тағайындалып, одан кейін сараптамалық қорытынды беріледі. Құрылым иесі, жарнама беруші, жарнама таратушының анықталған кемшіліктерді жою бойынша мүмкіндігінің немесе тілегінің болмауы кезінде сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпарат объектісін бөлшектеу туралы ұсыныс жасалады. Ұсыныстар орындалмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген негіз және тәртіп бойынша жарнама беруші, жарнама таратушының күшімен немесе уәкілетті орган қатыстырған мердігердің күшімен, кейіннен шегініс тәртібі бойынша құрылым иесі, жарнама беруші, жарнама таратушыдан мердігердің шығындарының орнын толтыру арқылы сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпарат объектісі бөлшектеледі.
19. Қағидаларды бұзғандығы үшін жауапкершілік
110. Осы Қағидаларды бұзғандығы үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көрсетілген санкциялар қолданылады.
111. Осы Қағидалардың орындалуын бақылауды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, бақылаушы және уәкілетті органдар әрқайсыны өз құзіреті шегінде жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |