Көкпекті ауылдық округ әкімінің 2013 жылғы есебі
2013 жыл еліміз үшін табысты жыл болып, қоғамның әр саласында көптеген жаңалықтар мен өзгерістер орын алды.
Ең басты және негізгісі жыл бойы қоғамның әр өкілі Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы –қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауын жүзеге асыру мақсатында еңбек етті.
Көкпекті ауылдық округінің әкім аппараты да басқа мемлекеттік мекемелермен, шаруа қожалықтары, шағын бизнес өкілдері және басқа да құрылымдармен бірлесе отырып, стратегияда жүктелген міндеттерді іске асыру жоспарын құрды.
Жоспарға сәйкес үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Қоғамның әр саласының өкілдерімен түрлі тақырыптарда жыл бойы 40 аса кездесулер болды. Оның ішінде жастармен -6, шаруа қожалықтарымен-7, кәсіпкерлермен-5 кездесу өткізілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау тетіктерімен таныстыру мақсатында аудандық және облыстық деңгейде бірнеше кездесулер ұйымдастырылған болатын.
Құрметті ауыл тұрғындары! Алдарыңызда 2013 жылы есеп беру кезіндегі, сонымен қатар басқа да кездесулерде қойылған сұрақтар мен шешуін табуды қажет ететін проблемалардың негізгілері тізілген. Есеп беру барысында осылардың қайсысы шешімін тапқанын, ал егер шешілмесе себебі неден болғанын көретін боласыздар.
Қысқаша статистикаға назар аударайық.
Округ бойынша үйлер саны-1149, отбасылар саны-1201, халық саны-4154. Мүгедектер-70, зейнеткерлер-465, соғыс ардагерлері-2, жастар саны-1089, жоғарғы оқу орындарының студенттері-84, колледж студенттері-166.
Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік жағдай: экономикалық белсенді тұрғындардың саны-2542, жұмыспен қамтылғаны-1970, оның ішінде өз тарапынан жұмыс істейтіндер-522 адам. Жұмыссыздық 2% құрайды. Өткен жылы- 1%. Себебі, өкінішке орай кремень шығаратын «Силициум Казахстан» зауытында жұмыс істейтін округтің 48 тұрғыны қысқартылып қалды. Жыл бойы 27 адам жұмысқа орналастырылды. 6 адам электрик мамандығы бойынша курстан өтті, шаштараз ашу үшін бір адамға 80 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді.
Адрестік әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны-13, яғни 74 адам. Мемлекеттік балалар жәрдемақысын алатын 30 отбасы, 132 адам. Тұрғын үй көмегін 10 отбасы алады. Аз қамтылған отбасы саны-32, яғни 60 адам, көп балалы отбасылар саны-64. Кедейшілік деңгейі-1,2. Жыл бойы аталған категориялардағы адамдарға демеушілер тарапынан материалдық көмек көрсетіліп отырды. Ол туралы жоғарыда айтып өтемін.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын орындау. Бағдарламаның 1-бағыты бойынша 2 адам «В,С» категориялары бойынша курстан өтті. 2-бағыт бойынша Көкпекті ауылының тұрғыны Исатаева Зауре 3 млн теңге кредит алып монша салып жатыр, Сарытобе ауылының тұрғыны Қалиева Бақыт 3 млн теңгені ауыл шаруашылығын дамытуға бағыттады. Екеуі де кәсіпкерлік негіздері бойынша курстан өтіп, сертификат алды. Жұмыспен қамту бағытында алда жоспарлы түрде жұмыс жалғастырылады.
«Балапан » және «Білім саласын дамыту» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру. Округ бойынша 2 орта және 1 негізгі мектеп жұмыс атқарады. Мектептерде кадр мәселесі шешілген, қазандықтар толық режимде істеп тұр. Температуралық талап сақталады. Көкпекті және Байқадам орта мектептерінде орталықтандырылған су құбыры жұмыс істейді.
Округ бойынша 3 пен 6 жас аралығында мектепке дейінгі оқу- тәрбиемен жалпы 87 бала қамтылған. Ол 90 пайызды құрайды.Тәрбиешілер мен оқу-тәрбие үрдісіне қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Мәдени-ағарту ошақтарынан округте 1 клуб, 2 кітапхана бар, оның бірі Көкпекті ауылындағы модельдік кітапхана, екіншісі Байқадам ауылындағы клубта орналасқан.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы. Көкпекті ауылында дәрігерлік амбулатория жалдамалы ғимаратта орналасқан, арнайы автокөлігі бар, жалпы 8 адам қызмет етеді. Сарытөбе мен Байқадам ауылдарында фельдшерлік пункттер жұмыс істейді.
Округ бойынша шағын кәсіпкерлер саны-21. Яғни округте шиномонтаж, токарлық цех, шаштараз, дәріхана,пельмен цехы және 17 дүкен орналасқан. Дүкен иелерімен азық-түлік бағасын өсірмеу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл бағытта Сарытөбе ауылында нанның және кейбір азық-түліктердің бағасының өсуіне байланысты 3 дүкен иесі аудандық комиссияға шақырылған болатын. Бүгінде жағдай қалыпты. Сонымен қатар атап өту керек. Дүкен иелерімен бірлесе отырып түрлі әлеуметтік іс-шаралар атқарылады. Сол үшін алғысымызды білдіреміз.
«Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыты». Шаруа қожалықтарының саны -32. Оның ішінде 12 шаруа қожалығы толық жұмыс істеп жатыр. Қалған шаруа қожалықтарының тізімі облыстық территориалдық жер инспекциясына жіберілді. Игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтып алу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Шаруа қожалықтарының жер көлемі 16 308,2 га. Мал басы: қара мал-679, қой мен ешкі -283, шошқа-85, жылқы-77 бас. Жалпы алғанда өткен жылмен салыстырғанда 4,5 % өсу байқалады.
Жеке меншікте қара малдың басы 2551, қой мен ешкі -4565, шошқа-273, құс-3637, жылқы-237 бас. Жалпы алғанда өткен жылмен салыстырғанда 3,5 % өсу байқалады.
Шаруа қожалықтары мен жекеменшік мал және құс басын көбейту бағытында біраз жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ әлі де ойдағыдай нәтижеге қол жеткен жоқ.
Биылғы жылы 2 шаруашылық мемлекеттік қолдау арқылы асыл тұқымды қара мал алуды жоспарлап отыр.
Мал басын өсіруге ниетті азаматтар бар. Бірақ ең басты проблема , ол жер тапшылығы.
Ауыз сумен қамту, электр қуатымен қамтамасыз ету, телефон және пошта байланысы.
Көкпекті ауылында «Ауызсу» бағдарламасы бойынша 2008 жылы 15 шақырым су құбыры жөнделді, 672 үйге су тартылған. Байқадам ауылында «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 2011 жылы 8 шақырым су құбыры тартылды, колонка саны-32. Центральная көшесінің оң жағына су тартылмаған. 2013 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Көкпекті, Байқадам ауылдарының су құбыры «БОТАҚАРА СУ ҚОЖАЛЫҒЫ» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне тапсырылды. Екі ауылда осы мекеменің жауапты қызметкерлері бекітілген. Бүгінде қиындық электр қуатымен біркелкі қамтамасыз етуде болып тұр.
Көкпекті ауылының 9 көшесінде жарықтандыратын 62 қондырғы орнатылған. 2013 жылы Байқадам ауылының Торговая көшесіне 10 жарық қондырғысы орнатылды. 15 қаңтарда қосылады. Сонымен қатар Северная , Центральная көшелеріне, Сарытөбе ауылына және Водительская, Заречная, Луговая көшелеріне жарық тарту үшін жобалар әзірленді.
Телефон және интернет байланысын «Қазақтелеком» жүзеге асырады.
Бүгінгі күнде Көкпекті және Байықадам ауылдарында 20 жуық үй салынып жатыр. Белсенділік жылдан-жылға артып келе жатыр. Сондықтан аулдың өсу жоспарын жасау келешекте өте қажет болады.
Мемлекеттік қызмет көрсету және құжаттамалық қамтамасыз ету. Жыл бойы берілген ветеринариялық анықтамалар саны-421, ветеринариялық құжаттар-860, шығыс құжаттардың саны-574.
2013 жылғы бюджетті игеру және «Аймақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру.
2013 жылғы бюджет қаржыландыру жоспары бойынша 21389,0 мың теңгені құрады. «Аймақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 3463,0 мың теңге. Оның 520,0 мың теңгесі Сарытөбе ауылында жолға, 2225,0 мың теңге Көкпекті ауылының Садовая көшесіне ағымды жөндеу жасау үшін, 718,0 мың теңге Байқадам ауылына жарық тарту үшін бөлінді. Жалпы 5 көше жоспарланған болатын, нәтижесінде 15 көше ағымдағы жөндеуден өтті және тегістелді.
Мәдени -бұқаралық іс-шараларды өткізу барысы.
Бұл бағытты ерекше атап өту керек. Себебі біз жыл бойы әрбір мәдени іс-шараны халықтың басын біріктіруге, елге деген сүйіспеншілікті бекіту үшін, Елбасының саясатын тарату мақсатында терең мағынамен ұйымдастырып, өткізуге тырыстық. Көкпекті ауылында мәдени ошақ болмағанымен білім мекемелері, ақсақалдар алқасы, жастар қауымы мен кәсіпкерлер бірлесе ұйымдастырып, ақылдаса отырып өткізгеннен кейін ортақ мақсатқа жеттік деп ойлаймын. Баршаңызға алғыс білдіремін!
Байқадам ауылында өткізілген Наурыз мейрамында алғашқы рет үш ауылдың басы қосылып, айтыс, толғау өнерін тамашаладық. Округтің дамуына көп еңбек сіңірген 50 аса адам құрмет грамоталарымен марапатталды.
9-мамыр мен балаларды қорғау күні және Астана күндерінде мерекелік концерт ұйымдастырылып , соғыс және тыл ардагерлеріне, балаларға сый-сияпат жасалды.
30 тамыз-Конституция күні Білім күніне орай «Мектепке жол» акциясы өткізілді. Жалпы 100 аса бала қамтылып, 240 мыңнан аса қаржы тартылды. Демеушілерге рахмет айтамыз!
1-желтоқсан Президент күні Көкпекті ауылында алғашқы рет ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Ет, жұмыртқа, көкөністер мен балық өнімдері арзан бағамен сатылып, қайырымдылық акциясы өтті. Ауыл тұрғындарына Елбасының құрметіне дастархан жайылып, шай бауырсақ тартылды. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы қатарына жаңа мүшелер қабылданды.
Ерекше және қасиетті мерекенің бірі -16 желтоқсан-Тәуелсіздік күні. Сол күні ауылда авто шеру өткізілді. Оның мақсаты адамдарды селт еткізіп, мерекелік көңіл-күй сыйлау болатын. Бұл акцияны өткізуге ауыл жастары ат салысты.
Салтанатты жиында ауылдың бүгінгі дамуына үлес қосып жүрген азаматтар алғыс хаттармен марапатталды. Ақсақалдар рухани тазалық пен бірлікке шақырса, бірі спортқа баулып, жас ұрпақтың дені сау болуына үлес қосуда, ал енді бірі ауылдың таза болуына көмектесіп жүргендер.
Биылғы жылы алғашқы рет ауыл балалары үшін әкім аппараты ғимаратының алдына жаңа жылдық шырша орнатылды. 25 желтоқсан күні шырша жанында аз қамтылған отбасының балаларына арналған мерекелік кеш өткізілді. Барлық балаға тәтті сыйлық табысталды.
Сонымен қатар биылғы жылы аудандық көркемөнерпаздар сайысында 2 гран-при, 2 үшінші орынға ие болып 30 округ арасында алдынғы қатардан көріндік. Аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен басқа ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту курсы өткізілді. Курс жалғастырылады деп жоспарлануда.
Жыл бойы өткізілген мерекелік іс-шаралар барысында 75 адам алғыс хатпен марапатталды. Олардың қатарында кәсіпкерлер, мұғалімдер, еңбек ардагерлері, жастар, мемлекеттік қызметкерлер, демеушілер бар.
Аз қамтылған отбасылардың балаларына, мүгедек балаларға, қарияларға жыл бойы жасалған сыйлықтар мен көмектің жалпы құны 800 мың теңгеден асты. Бұл жоғарыда аталған демеушілердің қосқан үлесі.
Өткізілген мәдени, саяси іс-шаралар аудандық «Бұқар жырау жаршысы» газетінде үнемі жарияланып отырды. Бұл өзімізді дәріптеу немесе мадақтау үшін керек емес. Бұл ауыл азаматтарының бойында өзімізге деген сенімділік орнату үшін, ауылдың дамуына барша тұрғындар үлес қосу керектігі туралы ой салу үшін жасалуда.
Ағымдағы жылы бекітілген бюджет негізінде қаржылық операциялар жасалынады.
-Демеушілермен тығыз жұмыс жасау көзделеді.
-Северная, Центральная, Луговая, Заречная, Водительская көшелерін , Сарытөбе ауылын жарықтандыру жоспарда бар.
-«Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында наубайхана салу және моншаның құрылысын аяқтау.
-Демеушілердің көмегімен Луговая көшесінде ойын алаңын ашу .
-Сонымен қатар ауылда қоғамдық тамақтану орнын ашу
-Бала-бақша ғимаратын мемлекет тарапынан сатып алу
-Көшелерге аялдама орнату
-Сарытөбе ауылында клуб ашу жоспарланып отыр.
-Ақсақалдар кеңесімен бірлесе отырып Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындық жасау
Бұл жоспарлардың орындалуы қаржы мөлшеріне, жауапты адамдардың белсенділігі мен іске деген қызығушылығына, іскерлігіне және қажырлы еңбегіне қатысты екені белгілі.
Міне, бір жыл ішінде осы жерде отырған көптеген адамдардан қолдау сезіндім, бірлесе жұмыс атқардық. Қолдан келгенше жасалған жұмыс бар. Сонымен қатар шешілмей тұрған мәселелер де жеткілікті. Жұмыс барысында кемшіліктер мен қателіктер де орын алып жатты. Ең бастысы алда ауылдың көркейетініне сенімдімін. Тек шыдамдылық танытып, қолдан келетін істі бірлесіп, ұжымдасып атқаруға шақырамын.
Назарларыңызға рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |