Көлік-логистика орталықтарын жайластыру және техникалық жарақтандыру жөніндегі үлгілік талаптар



Дата13.06.2016
өлшемі109.75 Kb.
#131216


Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушысының

2015 жылғы «___» ________

№ бұйрығымен

бекітілген



Көлік-логистика орталықтарын жайластыру және техникалық жарақтандыру жөніндегі үлгілік талаптар



  1. Жалпы ережелер




  1. Осы Көлік-логистика орталықтарын жайластыру және техникалық жарақтандыру жөніндегі үлгілік талаптар (бұдан әрі - Үлгілік талаптар) «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Заңының 15-2-бабына сәйкес әзірленді және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасау, Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін ұлғайту, сауданы дамыту, логистикалық және кедендік операциялардың жүргізілуін жеделдету мақсатында көлік-логистика орталықтарын жобалау, салу (реконструкциялау) және жайластыру кезінде есепке алу үшін арналған.

  2. Көлік-логистика орталығы (бұдан әрі - КЛО) бұл құрылыстар орналастырылған арнайы бөлінген учаскені қамтитын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кедендік және өзге де операцияларды қоса алғанда, тасымалдаумен қатар жүргізілетін, жүктермен және көлік құралдарымен жасалатын дайындау, бөлу және қорытындылау технологиялық операцияларын орындауға, оның ішінде қарап-тексеруге арналған көлік инфрақұрылымы объектісі.

  3. Осы Үлгілік талаптар көлік-логистика қызметін жүзеге асыратын немесе жүзеге асыруға ниеті бар нарық субъектілері, сондай-ақ кеден ісі, ветеринариялық-санитариялық бақылау және өсімдіктер карантині бойынша бақылау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдар мен ведомстволар үшін арналған.

  4. Осы Үлгілік талаптар КЛО техникалық жарақтандыру деңгейін, олардың жұмыс істеуін және Қазақстан Республикасындағы көлік-логистика қызметтерін көрсету сапасын арттыруға бағытталған.

  5. КЛО көліктік жүк ағынының қарқындылығына байланысты жұмыс режимі бар автомобиль жолдарына немесе әуежайларға немесе теңіз және өзен порттарына немесе теміржол станцияларына жақын маңда құру қажет.

  6. Қызмет түрі бойынша КЛО мынадай түрлері белгіленеді:

  1. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тасымалданатын тасымалдауларға, жүкті өңдеуге қызмет көрсету және уақытша сақтау орындарында тауарларды орналастыру, кедендік және өзге операцияларды атқару бойынша қызмет көрсету үшін арналған халықаралық КЛО:

ішкі КЛО клиенттердің орналасу жері бойынша Қазақстан Республикасының аумағында салынады;

шекара маңындағы КЛО өткізу пункттерінде немесе Кеден одағының кедендік шекарасындағы қазақстандық учаскеде өткізу пункттерінің аумағына бөлінбей жақын құрылады;



  1. өңірлік КЛО Қазақстан Республикасының аумағында салынады және Кеден одағының кедендік шекарасының шеңберіндегі тасымалдаумен қатар жүргізілетін, жүктермен және көлік құралдарымен жасалатын дайындау, бөлу және қорытындылау технологиялық операцияларын орындауға арналған.

  1. КЛО мынадай аймақтарды қамтиды:

  1. терминалды – тиеу-түсіру операцияларын өткізу үшін арналған аймақ;

  2. қоймалық – қоймалық үй-жайлар, объектілер және құрылғылар орналасқан аймақ;

  3. әкімшілік – КЛО әкімшілігі орналасатын әкімшілік үй-жайларының кешені орналасатын аймақ.

Халықаралық КЛО Қазақстан Республикасының Заңнамасына сәйкес кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсатында кеден бекеті немесе кедендік операцияларды өткізу орны құрылатын кедендік бақылау аймағы көзделген.

  1. КЛО аумағының алаңы, сондай-ақ осы Үлгілік талаптардың 11-тармағында көрсетілген аймақтар жобалау сатысында көлік саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.



  1. Өңірлік КЛО жайластыру бойынша талаптар




  1. КЛО алаңы жүк ағынына байланысты кемінде 10 га, қажеттілік болған жағдайда КЛО жалпы ауданынан кемінде 20% кеңейту мүмкіндігі болуы тиіс. КЛО алаңы мынадай талаптарға сай келуі тиіс:

  1. қойма аймағы КЛО жалпы алаңының кемінде 40%;

  2. тұрақ үшін алаң КЛО жалпы алаңының кемінде 15%;

  3. терминалды алаң КЛО жалпы алаңының кемінде 15%;

  4. контейнерлік алаң КЛО жалпы алаңының кемінде 15% құрауы тиіс.

  1. Пайдалы қазбалары бар алаңдарда КЛО жобалауға және салуға, жер асты құрылыстары жатқан орындарда орналастыруға рұқсат берілмейді. Айрықша жағдайларда бұларға жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органның рұқсаты бойынша жол берiледi.

  2. КЛО аумағында және оларға кіретін және шығатын кірме жолдарда көлденең таңбалауды, тік жол белгілерін, бағдаршамдарды және басқа нұсқамаларды пайдалану арқылы қозғалысты тиімді басқару қамтамасыз етіледі. КЛО аумағында қозғалыс қауіпсіздігін және бақылауды қамтамасыз ету мақсатында арнайы кедергілер, тосқауылдар және басқа да құрылғылар құрылады. Осы жүйе автокөлік құралдарының КЛО шегінен тыс санкциясыз кету мүмкіндігінің жолын кесуге арналған.

  3. Жол коммуникациялық жүйе КЛО даму перспективасын және көлік құралдарының қозғалыс бағыттарын өзгерту мүмкіндігін ескере отырып, қарбалас сағатта көлік құралдарының ең көп санын өткізу қабілетін есепке ала отырып салынады.

  4. КЛО аумағындағы көлік құралдары үшін өту жолдары бөгетсіз маневр жасауы және тиеу-түсіру пункттеріне кірме жолды қамтамасыз етеді.

  5. Жүк машиналар қозғалысының бақылау белдеуінің ені – 3,5 метр.

  6. Ірі габариттік, ауыр салмақты және арнайы жүктердің өткізілуін қамтамасыз ету үшін ені әрбір бағыт үшін 4,5 метр болуы тиіс қозғалыстың жеке белдеуін қамтуы қажет.

  7. Қозғалыстың белдеу саны көліктік жүк ағынының жиілігіне байланысты анықталады.

  8. КЛО әкімшілік ғимараттарында байланыстың сервер бөлмелері, тамақтану мен тынығуға арналған үй-жайлар, сондай-ақ санитариялық тораптар (ер адамдар/әйелдер) орналастыру үшін үй-жайлар қарастырылады.

  9. КЛО аумағында автокөлік тұрағы үшін күзетілетін алаң қарастырылады.

  10. КЛО қызмет көрсету объектілері де (тамақтану пункттері, банктік терминалдар, валюта айырбастау пункттері, пошта және басқа ұйымдар) орналасуы мүмкін.

  11. Барлық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету, сондай-ақ КЛО аумағында орналасқан ғимараттар мен құрылыстарды күтіп-ұстау жауапкершілігі КЛО әкімшілігіне жүктеледі.



  1. Өнірлік КЛО техникалық жабдықталуына қойылатын талаптар




  1. Өңірлік КЛО техникалық жабдықталуы мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:

1) бір немесе бірнеше жер үсті көлік жолдарының болуы;

2) аумаққа көлік құралдарының кіруі мен аумақтан шығуын бақылайтын автоматтандырылған бақылау жүйесінің болуы;

3) тауарлар мен көлік құралдарын автоматты түрде есептеу жүйесінің болуы;

4) әртүрлі типтегі телевизиялық жүйелерді қолданумен құрылады және деректерді сақтай отырып, нақты уақыт режимінде объектілеріне (аумақтарына) бақылауды жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз ететін, тәулік бойы қызмет ететін, КЛО-да соңғы күнтізбелік отыз күн ішінде орын алған оқиғалар туралы бейне ақпаратты қарау мүмкіндігі бар, жүйе телекамералары ғимаратта, алаңдарында, сондай-ақ КЛО аумағының периметрі бойынша орналастырылған, бөлігі көрсетіліп немесе жасырын орнатылатын телевизиялық бейнебақылау жүйесі; 

5) орналастырылатын тауарлар мен көлік құралдарының сипатына сәйкес сертификатталған таразы құрылғыларының болуы;

6) қоймалық аймақтың болуы (тікбұрыш пішінде болуы жөн);

7) өртті жоюды және адамдарды қауіпсіз жерге көшіруді (ұйғарынды өрт қатерін есепке алып) ұйымдастыру мақсатында өрт туралы хабарландыру жүйелерін және өрт сөндіру қондырғыларын қосу үшін қажет уақытта өрт туралы хабарландырудың белгіленген түрінде жөндеу, беру, өртті автоматты түрде анықтауды қамтамасыз ететін өрт дабылын орнатудың жиынтығынан тұратын өрт автоматика және өрт сөндіру және объектілерде жинастырылған және жалпы өрт бекетінен бақыланатын өрт туралы адамдарды хабарландыру жүйесі;

8) жүкті өңдеу бойынша қазіргі заманғы көліктік-қойма операциялары мен тиеу-түсіру жұмыстарын механизациялау құралдарының болуы;

9) автоматты телефон станциялары, коммутаторлары (қызметтік үй-жайлардың санына байланысты) негізінде құрылған ішкі телефон байланысы жүйесі;

10) барлық орынжайларда және құрылыстарда орнатылған құрылғылардың қажет санын қосуға мүмкіндік беретін стационарлық аппаратураларды қолдану мен күзет дабылының жүйесі;

11) инженерлік желілер мен коммуникация жүйесімен біріктірілген, бірлесіп қолданылатын күзеттің техникалық құралдарын қолдана отырып жабдықталған және аумаққа рұқсатсыз кіріп кетуді (кіріп кетуге әрекет етуді) анықтауға, ақпаратты берілген түрінде оператор пультіне жинауға, өңдеу мен ұсынуға арналған күзет, кіруді бақылау және күзет дабыл беру инженерлік құралдары жүйесі;

12) ғимараттарды, үй-жайларды, құрылыстарды, жабдықтарды техникалық бақылау құралдарын электрмен жабдықтау жүйесін авариялық ажырату кезінде электрмен қоректендіруді қамтамасыз етуге арналған және электрмен қоректендірудің балама көздерінің көмегімен құрылған, бұл ретте КЛО электр энергиясын үздіксіз берумен қамтамасыз етілген резервтік электрмен қоректендіру жүйесі.





  1. Халықаралық КЛО жайластыруға қойылатын талаптар




  1. Халықаралық КЛО-да сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына қолайлы жағдай жасау мақсатында бір әкімшілік ғимаратта кедендік және өзге де операцияларды орындау, қажетті рұқсат беру құжаттарын беру үшін кеден ісі, ветеринариялық-санитариялық бақылау мен өсімдіктер карантині бойынша бақылау, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдар мен ведомстволарға және өзге де ұйымдар орналастырылатын ресімдеудің операциялық залы мен қызметтік үй-жайларды орналастыру қажет. Үй-жайлардың саны мен олардың алаңдары әрбір қызмет үшін жобалау сатысында сәйкес уәкілетті органдармен келісіледі.

  2. Халықаралық КЛО-да тәулік бойы қызмет ететін жасанды жарық пен соңғы күнтізбелік отыз күн ішінде болған оқиғалар туралы бейнеақпаратты қарауға мүмкіндік беретін рұқсат мүмкіндігі 1920х1080 пиксель болатын бейнебақылау құралдарымен жабдықталған тауарларды тексеру, оның ішінде көлік құралдарын жан-жақты тексеру, орындарын қарастыру қажет.

  3. Бөгде тұлғалардың кедендік бақылау орындарына өтуін болдырмау мақсатында кедендік бақылау аймақтары қоршаумен жабдықталады. Бұл ретте, тексеру алаңдарында, кіретін және шығатын жерлерде, көлік құралдарын қайта тиеу орындарында максималды қарқындылықпен жарық пен бейнебақылау көзделеді.

  4. КЛО жобалау және салу кезеңдерінде іске асырылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының кедендік бақылаудың режимдік аймақтары туралы талаптарының сақталуымен қызмет көрсету объектілері (тамақтану пункттері, бакт терминалдары, валюта айырбастау пункттері, пошта және өзге ұйымдар) орналастырылады.

  5. КЛО әкімшілігі кеден ісі, ветеринариялық-санитариялық бақылау және өсімдіктер карантині бойынша бақылау, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органды және ведомстволарды кедендік және бақылаудың басқа түрлерін жүзеге асыру үшін өтеусіз негізде қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз етеді және коммуналдық қызмет, байланыс арналары бойынша шығыстарды төлейді.

  6. Теміржол жолдары бар халықаралық КЛО-да:

1) толассыз түрде жобаланған, техникалық жарамды бір немесе бірнеше көліктің кірме жолдары бар КЛО-ның жолдық дамуымен;

2) жоспарланған жүк тасымалдау көлемін ескере отырып өткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін КЛО кірме жолдарының жанасу станциялары мен КЛО аумағындағы алаңішілік теміржолдардың, сондай-ақ қазіргі заманғы тиеу-түсіру жұмыстарының механизациялау құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс.



  1. Теңіз және өзен жолдары бар халықаралық КЛО әкімшілігі:

  1. бөгетсіз маневр жасау мен тиеу-түсіру пункттеріне кіруін;

  2. Қазақстан Республикасының теңізде жүзу және ішкі су көлігі саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етеді.

  1. Халықаралық КЛО осы Үлгілік талаптардың 9-18, 20-тармақтарында көрсетілген талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.

  2. Халықаралық шекара маңындағы КЛО-да өткізу пунктінен КЛО-ға дейінгі аумақта қоршау, бейнебақылау мен жарықтандыру және шығу мен кіру көлік ағындарын бөлу қарастырылады. Халықаралық шекара маңындағы КЛО аумағының орналасуы кеден ісі саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.

  1. Халықаралық КЛО техникалық жабдықтандыруға қойылатын талаптар




  1. Жобалау кезеңінде көлік құралдарын және тауарларды өткізуді ұйымдастырудың технологиялық схемасын, өткізу қабілетін (қозғалыстың, көлік құралдарының тәуліктегі, сағаттағы қарқындылығы) көлік ағынының кіру және шығу жолдарына бөлінуін, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарын қарау (қарап тексеру) орнының аумағын және санын ескере отырып, кеден ісі саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша мынадай жүйелермен қамтамасыз етіледі:

  1. кеден ісі саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен ықпалдасудың техникалық мүмкіндіктері бар, автоматты режимде көлік құралдарының салмақтық параметрлерін анықтауға мүмкіндік беретін автокөлік құралдарының салмақтық параметрлерін автоматты түрде анықтау жүйесі;

  2. кеден ісі саласындағы уәкілетті органның және жоғары тұрған басқару органдарымен өзара іс-қимылын және үздіксіз тұрақты байланысын қамтамасыз ететін кемінде 8Мбит/сек өткізу қабілеті бар телекоммуникациялық инфрақұрылымды қоса алғанда байланыс жүйесі;

  3. кеден ісі саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен ықпалдасудың техникалық мүмкіндіктері бар көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін оқуды, сақтауды, мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің дерекқорын жүргізуді қамтамасыз ететін автокөлік құралдарын электрондық есепке алу жүйелері.

  1. Халықаралық КЛО осы Үлгілік талаптардың 21-тармағының 1), 3), 4) 6-12) тармақшаларында көрсетілген талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.



  1. КЛО аумағындағы қоймалық үй-жайлар




  1. КЛО аумағында орналасқан қоймалық үй-жайлардың жобалануы мен құрылысы Қазақстан Республикасы заңнамасының құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес болуы тиіс.

  2. Өңірлік КЛО қоймалық үй-жайлары мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:

  1. тікбұрышты пішінде болуы жөн бір қабатты қоймалық ғимарат;

  2. шаңға қарсы жамылғысы бар, 5т/ш.м. кем емес жүктемесі бар, жер деңгейінен 1,20 м. деңгейінде орналасқан тегіс бетонды еден;

  3. төбенің биіктігі 8 метрден бастап;

  4. реттелетін температуралық режим;

  5. өрт дабылы мен автоматты өрт сөндіру жүйесінің болуы;

  6. тиеу-түсіру алаңдары бар автоматты қақпалардың жеткілікті санының болуы;

  7. желдету жүйесі;

  8. көліктен түсіру үшін пандус;

  9. үлкен жүкті автомобильдердің тұруы мен маневр жасауы үшін алаңдардың болуы;

  10. қойманың жанындағы қосалқы үй-жайлардың болуы (дәретхана, душ, қосымша үй-жайлар, персоналға шешінетін жерлер).

  1. Халықаралық КЛО қоймалық үй-жайлары мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:

  1. тікбұрыш пішінде болуы жөн колоннасыз немесе колонналар арасы кемінде 12 м және аралықтары кемінде 24 м құрайтын заманауи бір қабатты қоймалық ғимарат;

  2. шаңға қарсы жамылғысы бар, 5т/ш.м. кем емес жүктемесі бар, жер деңгейінен 1,20 м. деңгейінде орналасқан тегіс бетонды еден;

  3. көп деңгейлі (6-7 ярус) стеллаж жабдықты орнатуға мүмкіндік беретін төбелердің биіктігі 13 метрден кем емес;

  4. реттелетін температуралық режим;

  5. өрт дабылы жүйесінің және өрт сөндірудің автоматты жүйесінің болуы;

  6. желдету жүйесінің болуы;

  7. биіктігі реттелетін (500 ш.м-ге 1-ден кем емес) тиеу-түсіру алаңдары бар автоматты қақпалардың жеткілікті санының болуы;

  8. үлкен жүкті көліктердің және жеңіл автомобильдердің тұруы үшін алаңдардың болуы;

  9. үлкен жүкті көліктердің маневр жасауы үшін алаңдардың болуы;

  10. қойманың жанындағы қосалқы үй-жайлардың болуы (дәретхана, душ, қосымша үй-жайлар, персоналға шешінетін жерлер).

  1. Халықаралық КЛО-да Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының талаптарына сәйкес уақытша сақтау қоймаларын қарастыру қажет.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет