Конфуций философиясындағы кемелденген адам



Дата03.07.2016
өлшемі54 Kb.
Конфуций философиясындағы кемелденген адам
Құдайбергенова Н.Ж.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты (Алматы. қ)

Сапарғалиева Л.Ө

Ө.А.Жолдасбеков атындағы академияның аға оқытушысы

(Талдықорған. қ)

Қытай халқының сан ғасырлық тарихын, бай мәдениетін тану, ұлы өркениеттің құпиясын түсіну, қытай философиясының негізін салған ұлы ойшылдар Кун Цзы, Лао Цзы, Мо Цзы көзқарастарымен танысудан басталады. Себебі осы ойшылдар фәлсафасы Қытай қоғамының мәдениетіне, психологиясына ықпал етіп, құндылықтар жүйесін қалыптастырды.

Ежелгі Қытай тарихында адамның мінез-құлқы, өмірлік мәні, оның қоғам мен мемелекетте алатын орны жайлы көзқарастары бір-бірінен өзгеше әртүрлі философиялық ілімдер болды. Қытайдың ежелгі философиясының негізгі ерекешелігі өзінің басты мәселесі ретінде табиғатты емес адам, қоғам, мемлекет мәселесін қарастыруы. Олар жан-жақты жетілген, ең әділетті принциптер қалыптастыруға талпынды десек болады.

Н.А.Бердяев жазғандай: «Адам Құдайға сеніп өмір сүруге немесе идеалды үлгі тұтып, табынуға, сеніп өмір сүруге бейімделген» [1, 217б.]. Қытай ұлты үшін Конфуцийшілдік дәстүр қалыптастырған «Цзюнь цзы» (парасатты ер) осындай әлеуметтік-моральдық идеал деңгейіне көтерілді.

Енді кемелденген адам (цзюнь-цзы) категориясына кеңірек тоқталсақ. Кемелденген адам деңгейіне қалай жетуге болады, оған қандай моральдық-этикалық принциптер тән? Бұл сауалдарға жауап беру үшін «Лунь юй» трактатында келтірілген тұжырымдарға үңіле отырып, жетілген адамның моральдық артықшылықтарын талдауымыз керек.

Конфуцийдің пікірінше жоғары моральды цзюнь-цзыға екі қасиет тән: адамгершілік және парыз сезімі.

Конфуций жэнь ұғымын «Чжун юн» жинағына да енгізіп, оны адам болмысына тән негізгі қасиеттердің бірі ретінде түсіндірген. Мэн-цзы жэнь ұғымына сана(жүрек) ретінде түсініктеме берген, сондықтан жэнь қасиетіне ие адам барлық адамдарды жақсы көре алады деген пікір айтқан. Мэн-цзы мемлекетті басқарудың ең қолайлы принципі ретінде «жэнь чжэнь» - «ізгі саясат» ұғымын енгізген. Мэн-цзының пікірінше, әділетті билікке тек әр адамды кемелдендіру арқылы жетуге болады. Егер билеуші халық қалауына сай қызмет етсе, оны көк тәңірі де қолдайды. Билікті адам табиғатына сүйене отырып жүргізу қажет, ал адам табиғатынан ізгілікті және әділетті. Кемелдену жолы - бұл адамның ізгілік, аяушылық, мейірімділік, адамгершілік сияқты табиғи этикалық қасиеттерін жетілдіру. Мэн-цзы былай деп жазған: «Адам табиғатының ізгілікке ұмтылуы, судың төменге қарай бағытталып ағуы тәрізді». Яғни, Мэн-цзы әлеуметтік пен табиғилықты теңдестірген, адамның этикалық қасиеттері – бұл табиғи қажеттілік. Конфуцийшілдік мектептің келесі бір әйгілі ойшылы Сюнь-цзы өзгеше көзқараста болған. «Сюнь-цзы» трактатының жиырма үшінші «Адамның мейірімсіз табиғаты туралы» бөлімінде адам пайдакүнем болып дүниеге келеді деп айтылған. «Сол себепті адамға тәрбие және заңдар арқылы әсер ету керек, оны рәсімдер мен қағидаларды орындауға және өз міндетін орындауға мәжбүрлеу керек, тек сол кезде көнгіштік пайда болып, адам мәдениетті болып, тәртіп орнайды». Сюнь-цзы Мэн-цзының адам табиғатының ізгілігі туралы идеясын сынға алған: рәсімдер мен парыз сезімін тәрбиелеудің қажеті не? Олар адамның табиғи қасиеттерінен емес, ойшылдар мен заң шығарушылардың қызметі нәтижесінде пайда болған. Адам табиғатынан мейірімсіз болғандықтан, үнемі ізгілікке ұмтылады. Парасатсыз адам кемелдікке қол жеткізе алады, бірақ оған ұмтылмайды, кемелдену үшін моральдық тұрғыдан қызмет атқару керек. Сонымен, Сюнь-цзы жалпы адамзат мәселесіне толғанған көрнекті философ болған. Сюнь-цзы құбылыстардың табиғи түрде пайда болуы туралы айтқан: «Инь және янь күштері өзгерістер туындата алады», «Осы күштердің үйлесімдігі арқылы, құбылыстар пайда болады олар тіршілік ету үшін және жетілу үшін барлық қажет нәрселерді (көктен) алады. Адам болып жатқанды (іште) көрмейді, ол тек шыққан нәтижелерді көреді, сондықтан оны рухтан пайда болған дейді... [2, 384б.]

Хань дәуірінің ойшылы Дун Чжуншу үшін жэнь «махаббат» дегенді білдірген. Дун Чжуншу конфуцийшілдікті инь және янь ілімімен, у-син алғашқы бес элемент туралы іліммен байланыстырған. Сезімдер – мейірімсіздіктің қайнар көзі – бұл адам табиғатының бір бөлігі; тәрбиенің нәтижесінде ол ізгі және толыққанды болады. Адамдар билеуші тәрбиелеу керек, осы арқылы ол көктің әмірін орындайды (бұл жерде Дун Чжуншу Мэн-цзыға қарсы келеді) [3, 522с. ] .

«Луньюй» трактатында жэнь туралы не айтылған деген сауал туындайды. Бұл термин трактатта жүзге жуық рет қайталанады. «Ұстаз айтты – тек адамгершілігі бар адамдарды жақсы көре алады (біреуді) және адамдарды (біреуді) жек көре алады»[«Лунь ю»IV,3]. Конфуций адамгершіліктің мәнін келесідей тұжырымдаған: «Өз-өзіңді жеңіп (сөздер мен істеріңде) Қағидаларға оралу – бұл нағыз адамгершілік. Егер күндердің бір күні өз-өзіңді жеңіп (сөздер мен ісіңде), қағидаларға оралсаң, аспан асты мемлекетінде сені адамгершілікті деп атайды» [«Лунь юй» XII,1].

Кун Цзы адамгершілік (рақымдылық) адамға табиғатынан тән жасырын қабілет деп тұжырымдады. Ол әр адамның ішінде сақталып,өздігінен пайда болады. Тек оны шығаруға күш жұмсау керек. Ғұлама бұл паймыдауларын келесідей тұжырымдаған: «Адамдар бір күн бойы барлық күш-жігерін адамгершілкке жұмсай алам ма? Мен бұл үшін күш-жігері жетіспейтін адамдарды көрген жоқпын. Мүмкін осындай адамдар бар шығар, бірақ мен оларды кездестірген жоқпын» [«Лунь юй»IV,6]. Бірақ осы тұжырымдамасында ғұлама қарама-қайшы ойды да келтіреді: «Мен адамгершілікті жақсы көретіндерді көрген емеспін және рақымсыздықты жек көретіндерді де көрген жоқпын» [«Лунь юй»IV,6]. Бірақ осы қарама-қайшы екі тұжырымдаманы, адамгершілік жалпы адамзатқа тән жасырын қабілет деген түсінік негізінде сәйкестендіруге болады. Адамгершілікке жету үшін бір маңызды әрекетті жүзеге асыру керек: барлық адамдарға тән «парыз бен үлкен ағайындарға деген ізет-құрмен» сезімі негізінде «өз-өзін жеңу керек» - кэ цзи. Бірақ бұл әрекет кез-келгеннің қолынан келмейді, себебі ол үшін адам өз бойынан барлық өзімшілдікті аластату керек. Демек, адамға қоғамға араласу үшін екі әрекетті жүзеге асыру қажет. Бұл – өз-өзін жеңе білу және ішікі үйлесімділкке жету.

Қазіргі кезде жэнь ұғымы Қытай қоғамында «адамгершілік» деген мағынасында қолданылады. Бірақ зерттеушлір ұзақ жылдар бойы осы ұғымның түсіндірмесі төңірегінде зерттеулер жүргізген. Батыстық зерттеушілер бұл ұғымның күшті полисемиясына байланысты, оны орынды түсіндіру мүмкін емес деді. Әлемдегі ең ірі Конфуций зерттеушілердің бірі Фэн Юлань адамгершілікті екі бөлікке бөлуді ұсынды – этикалық және психологиялық [3].

А.С.Мартынов Ф.Юлань ойын жетілдіріп, жэнь категориясының әртүрлі аспектілерінің төмендегідей жіктемесін ұсынды:

психологиялық: а)ішкі; б)сыртқы; әлеуметтік: а)ішкі; б)сыртқы; саяси: а)ішкі; б)сыртқы.

Психологиялық аспект өз-өзін жеңуден (кэ цзи) – ішкі пайдакүнемдікті жеңуден басталады. «Ішкі пайдакүнемдікті жеңбей, өз-өзіңді кемелдендіру саласында табысқа жету мүмкін емес; пайдакүнемдік болғанда, тіпті қағидаларды ұстану бос формалдыққа айналады, бұл ұстаздың мына пайымдауын туындатқан: «Рәсім, рәсім деп айтқанда, тек яшма және жібек әкелуді айта ма? Музыка, музыка деп айтқанда, қоңыраулар мен барабандар туралы ғана айта ма? [«Лунь юй», XVII,11]. Өз пайдакүнемдігін жеңгеннен кейін адам психологиялық деңгейде толық ішкі тыныштыққа жетеді, бұл конфуцийлік ілімдегі адамгершілік пен тыныштықтың тығыз байланысын түсіндіреді. Кэ цзи негізінде пайда болған тыныштық(сабырлық) әлеуметтік деңгейде адамның өзгелерге өзімен тең көзқараста болуынан көрініс табады. Тек өз пайдакүнемдігін жеңген адам ғана(адамгершіліктің психологиялық аспектісі), өзі сияқтылармен қарым-қатынасында қағидаларды адамгершілік мазмұнымен толтыра алады, сол арқылы әлемге қағидаларды қатаң сақтау арқылы адамгершіліктің әлеуметтік аспектісін көрсете алады. Егер осындай жан-жақты кемелденген, ішкі пайдакүнемдікті жеңген, өзгелермен қарым-қатынасын тиісті қағидалар негізінде қалыптастырған адам(адамгершіліктің әлеуметтік аспектісі) мемлекеттік қызметке қол жеткізе алса, халықты көркейтіп, бүкіл аспан асты мемлекеті үшін тартылыс нүктесіне айналады (адамгершіліктің саяси аспектісі)» [4, 110-111бб.].

Сонымен, кемелденген адам (цзюнь-цзы) басқаларға үлгі болу үшін жэнь принципін ұстану керек. Яғни ол адамгершілікті, рақымды, адал, шыншыл, мемлекет істеріне адал, қағидаларды сақтаушы болу қажет.

Кемелденген адамды қалыптастыратын келесі бір моральдық принцип – вэнь принципі. Вэнь – бұл адамның оқу, үйрену нәтижесінде қол жеткізетіні.

«Ұстаз айтты: - Жас бүлдіршіндер үйде ата-аналарын құрметтеуі тиіс, түзде – үлкендерді сыйлауы, іс-әрекетте – сақ болуы, сөзінде – әділ, адамдарды шексіз сүюі, сүйтіп адамгершілікке жақындай түсуі абзал-ақ. Егер парыздарын осылайша орындағандардың ынта-ықласы басылмаса, оны вэнь-мәдениетті оқуға жұмсауы қажет» [5, т.1,295б.].

Сонымен бірге Кун Цзы вэнь принципіне біржақты берілуден сақтандырған. Егер адамда чжи(адамның өзіндік қасиеттері) басым болғанда, жабайылық (е) қалыптасады, ал вэнь басым болғанда тек ғалымдық (ши) қалыптасады [6, 416бб.]. Кун Цзы барлық күш-жігерін вэнь принципін меңгеруге жұмсаған адамға қарапайым адамдар арасында өмір сүру қиын болатынын және қалыпты қоғам тек оқымыстылардан құрала алмайтынын түсінген. Оның ойынша, адам өз бойында табиғи қасиеттер мен жинаған білімін үйлестіре білу керек. Бірақ, бұл кез-келген адамның қолынан келмейді: Адамның табиғи қасиеттері мен қол жекізген мәдениеттілігі үйлескенде, цзюнь-цзы қалыптасады.

Көптеген зерттеушілер кемелденген адам цзюнь цзыны сипаттауда вэнь және жэнь принциптерімен шектеледі. Бірақ, жетілген адамның моральдық-этикалық бейнесін қалыптастырғанда хэ принципін ескермеуге болмайды. Кун Цзы туғанға дейін жүз жыл бұрын пайда болған «хэ» принципі елдің саяси мәдениетінің даму процессінде барған сайын айқын құрылымдық роль ойнай бастады. «Хэ» ұғымы б.з.д. VIII-VIIғ.ғ. қалыптасқан табиғаттың объективті заңдылығы ретінде қалыптасқан қарам-қайшылықтардың күресі түсінігінен шыққан еді. Сол кезде тараған космогониялық көзқарастар бойынша екі полярлы бастама(инь және ян) өзара қарым-қатынасқа түсіп, бес элемент пайда болады: жер, су, от, ағаш, металл. Олардың ары қарай өзара байланыстары нәтижесінде бүкіл тірі табиғат пайда болды. Бірліктің өмір сүруінің негізгі шарты ретінде қарастырылған екі бастамалардың күресі идеясы қоғамға және саясатқа көшкен еді. «Хэ»термині алғашқыда қақтығыс арқылы, екі жақты мүдде мен көзқарастарды өзара анықтау арқылы жететін бірлік деген мағына береді [7,150б.]. Кун Цзы цзюнь-цзы және сяо жэнь айырмашылықтарын анықтаушы фактор ретінде, хэ принципін атап өткен. «Ұстаз айтты: - Парасатты ер бірлікке тіл алушылық (тун) арқылы емес, әртүрлі пікір (хэ) арқылы жетуді көздейді. Кішкентай адам бірлікке әртүрлі пікір арқылы емес, тіл алғыштық арқылы жетуді көздейді» [«Лунь юй»,XIII, 20].

Чуньцю кезеңінде хэ және тун ұғымдары үшін ортақ нәрсе «бірлікке жету» идеясы болды, алайда олар оған жетуді әр түрлі тұрғыдан қарастырды. Чуньцю кезеңінің саяси мәдениетінің сөздік қорында «хэ» ұғымы полярлы күштердің қақтығыстары арқылы бірлесу символын білдірсе, «тун» ұғымы жоғарғы биліктен келетін біржақты күшпен бірігу дегенді білдірген [7, 151б.].

Кун Цзы бұл іліммен теория жүзінде де, тәжірбие жүзінде де таныс болған. Сондықтан хэ принципінің өз іліміне алып келер мүмкіндіктерін жақсы түсінген. Бұл принципті өзі құрған мемлкет және қоғам үлгісіне үнемі әрекет етуші фактор ретінде енгізу олардың тұрақты қызмет етуі мен ары қарай дамуының сенімді кепілі бола алған. Өзінің ілімінің негізі және мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастар сипатын анықтаушы цзюнь-цзы концепциясы болғандықтан, Конфуций «хэ принципін» «жетілген адам» қалыптасуының негізгі құнды критерийіне айналдыруды жөн көрді. Хэ принципі жетілген адамға жаңа қасиеттер берді: ойлау дербестігі, белсенділік, екінші жақтың ойын ескере отырып, мәселелердің шешімін табу қабілеті [7, 152б.].

Хэ және Тун ұғымдарын бастапқы мағынасында қолдана отырып, Конфуций олардың болашақ тағдырына айтарлықтай өзгерістер енгізген. Бұл прициптерді «парасатты ер» мен «кішкентай адам» образдарымен құндылықтар критерийлері ретінде байланыстыра отырып, хэ жэне тун одан да жоғары деңгейге көтеріп, оларға жалпылама сипат берген [4, 56б.].

Кемелденген адамды сипаттайтын тағы бір принцип –дэ. Бұл ұғымды ізгілік деп аударуға болады. Кун Цзының пікірі бойынша цзюнь цзы мен сяо жэньның ізгілігі әртүрлі, бір-біріне қарама-қарсы болады. «Бекзат ердің(цзюнь цзы) ізгілігі - жел сияқты, қарапайым адамның(сяо жэнь) ізгілігі – шөп сияқты; жел қалай соқса шөп солай жығылады» [8, 172б.].

Конфуций білім алуда тегіне қарай ешкімге шек қоймаған. «Білім алуда шығу тегі бойынша айырмашылықтар болуы мүмкін емес». Ол адамдарды білімге құштарлығы бойынша сипаттаған: «Ең жоғарғы – туғаннан білімге иесі; одан кейінгісі –оқу барысында білім жинағандар; одан кейнгілер- оқуды қиындыққа ұшырағаннан кейін бастағандар.

Кун Цзы ғылым мен білімге аса көңіл бөлген және білімге құштарлықты қолдаған. Сонымен қатар, ғұлама бір салада үлкен жетістіктерге жеткен адамдарды ерекше құрметтеген. Ол өзін «тәжірбиелі диқаншымен» немесе «тәжірбиелі бағбанмен» салыстыра алмайтынын айтқан. Ұстаз еңбек этикасына деген құрметті қалыптастырды – бұл конфуциандық мәдени аймақ халықтарының барлығына тән.

Кун Цзы ұсынған қоғам үлгісіне тән өте маңызды категориялардың бірі – ли (қағидалар, этикет, рәсім). Ғұлама: «жэнь» адамгершіліктің мазмұны, ал «ли» - оны жүзеге асырудың жолы деп түсіндірген. Қоғамда бір ұрпақтан екінші ұрпаққа көшетін мұраны, игілікті сақтау, оның мән-маңызын жете білу, Конфуцийше айтқанда, отбасында болсын, мемлекет көлемінде болсын әдеп-ғұрыпты, салт-дәстүрді құрметтеу арқылы да жүзеге асыруға болады [9, 18б.]. Ли категориясының маңыздылығы туралы А.Сағиқызы былай деген: «Конфуцийшілдіктің ресми идеологияға айналуымен, жэнь адамгершілік екінші орынға ығыстырылып, бірініші орынға рәсім, ли шықты. Басқа элементтердің ішінен парыз бөліне бастады. Ли –цзида жазылғандай «Рәсім және парыз» - адам бастауының ұлылары» [10, 13-14б. ]

Кун Цзы ли ұғымы мен жэнь ұғымын тығыз байланыстырған. «Өз-өзіңді жеңіп, Қағидаларға оралу [сөздер мен әрекеттерде] – бұл нағыз адамгершілік» [«Луньюй»,XII, I].

Әуелде, Қытайды XX ғасырға дейін «рәсім мен музыка мемлекеті» деп атаған, себебі бұл мемлекеттің мәдениеті рәсім – «ли» ұғымына негізделген. Неоконфуциандық «Он үш канонның» құрамына «Чжоу ли» («Чжоу дәуірінің рәсімдер»), «И ли» («Сыпайылық пен рәсім»), «Ли цзи» («Сыпайылық жөнінде триптих»). Ли категориясы «адамгершілік», «әділдік», «ізгілік» сияқты ұғымдармен бір қатарға тұрып, әмбебап әлеуметтік, этикалық, діни және мәдени ұстанымдар идеясын білдіре бастады. «Шу цзин» және «Ши цзин» ежелгі жазба ескерткіштерінде ли иероглифі саяси кикілжіңдерді жеңуге көмектесетін рәсімдерді, әлемнің біртұтастығын, сонымен қатар абыздардың халықпен қарым-қатынасының үлгілерін білдірген. Ал Кун Цзы ли ұғымын теориялық тұрғыдан сараптап, оны әлеуеметтік қатынастардың және әр адамның жүріс-тұрысының жалпы сипаттамасына айналдырды [11].

Ли категориясының «этика» және «рәсім» деп екі түрлі талқылануы Кун Цзының екі негізгі ізбасарлары және конфуцийшілдікте бір-біріне қарама-қайшы екі ағымның негізін салушылар Мэн-цзы мен Сюн-цзығы бұл ұғымға әртүрлі анықтама беруге негіз болды: адамның ішкі моральдық қасиеті және адамға жүктелетін әлеуметтік құбылыс. Адам «табиғатының» (син) ізгілігі туралы идеяға негізделе отырып, Мэн-цзы бұл факторды «ли бастамасы» деп атаған, ал «ли» категориясының өзін адамға тән «ізгілікті және байқампаз жүрек» деп анықтаған. [12, 278б.]

Дегенмен, ли халықтың өмірін, мемлекеттің құрылымын қамтыған, сонымен қатар оның рухани және моральдық бейнесіне әсер тұғырнама болып табылады. Бұл ілімге тұғырнамалық сипат беру үшін Кун Цзы әдеп-ғұрыптар мен рәсімдердің үлкен топтамасын құрастырды. Қазақстандық философ М.З.Изотов былай деп жазған: «Конфуциандық ли категориясы туралы айтсақ, бұл жерде моральдық құраушылар мен табиғи заңдылықтар біртұтас болып қалған. Ең маңызды Көк тәңіріне қызмет ету, Дао жолын ұстану болып есептелінген. Жолды ұстану – бұл адамдар үшін әлемнің құрылымын емес, бұл әлемде қалай дұрыс өмір сүру керектігін ойлау. Дао өмірге мән беріп, тәртіп орнатады» [12, 162б.].

Кун Цзының пікірінше, рәсімдер Көк пен жердің байланысын көрсетеді, адамдар арасында тәртіп орнатады, олар жасанды сыртқы форма емес, адамға табиғатынан тән. Рәсімдер, ережелер туралы Луньюй шығармасында келесі пайымдаулар келтірілген: «Янь Юань адамсүйгіштік туралы сұрады. Ұстаз жауап берді: - Өз кемшілігіңді жеңіп, (сөздер мен мінез-құлқыңда) Ережелерден шықпасаң – адамсүйгіштік нышаны осында. Егер бірде өзіңді жеңіп, (сөздерің мен мінез-құлқыңда) Ережелерге оралсаң, сонда көк Аспан сені адамсүйгіштікті иемденуші деп атайды. Адамсүйгіштік адамның өзіне байланысты. Ол қалай өзгелерден тәуелді бола алады? Янь Юань тағы да өтінді: - Осыған қалай жетуге болатынын айтып берсеңіз. Ұстаз жауап берді: - Ережелерге сәйкес келмейтінге көңіл бөлмегін; Ережелерге үйлеспейтінді тыңдамағын; Ережелерді бұрмалайтынды айтпағын; Ережелермен үйлеспейтінді істемегін. Янь Юань жауап берді: - Мен аңғал болсам да, осы кеңестерге еруге дайынмын». ««Ережелер, Ережелер» деп тақылдағанда, тек яшма мен парчадан тарту ететін сыйлықтарды ғана ескере ме? «Музыка, музыка» дегенде, тек қоңырау мен дағыраны қағуды ғана ескере ме?» [12, 176б.].

Жоғарыда айтылғанды қорыта келсек, Кун Цзы адамның рухани, моральдық кемелденуіне терең мән берген. «Чжун-юн» трактатында былай делінген: «Парасатты ер өзін жетілдіруге ұмтылады», себебі «өзін жетілдіре алатын адам, өзгелерді қалай басқару керектігін біледі», «ал өзгелерді қалай басқару керектігін білетін адам, Аспан асты мен мемлекетті қалай басқару керек екендігін біледі» [13, 126-127б.].

Сонымен Кун Цзы дәстүрді ерекше құрметтеген және дәсүрге сүйенген, осы дәстүрге деген құрмет конфуцийшілдікке өмірлік күш берген. Дәстүрге сүйене отырып, ұлы ойшыл кемелденген адам образы цзюн цзы идеясын ұсынды және оны көркеюші қоғамның негізі ретінде бағалады. Бұндай қоғамның негізін не құрау керек деген сауал туындайды. Әрине, дәстүр, себебі дәстүрде ең үздік этикалық принциптер сақталған. Осы принципті жүзеге асырудағы алғашқы қадам білім және жан-жақты жетілу, кемелдену болды, себебі адам алған білімін қоғам игілігіне жарата білу керек.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


  1. Әлемдік философиялық мұра. Шығыс философиясы. - Алматы: Жазушы, 2009.-480б.

  2. Дун Чжуншу. Чунь цю фань-лу («Обильная роса на летописи «Чунь цю»») / Пер.А.С.Мартынова // Древнекитайская философия: Эпоха Хань.- М;1990.- 522с.

  3. Конфуцианское «Четверокнижие». (Сы шу)/ Пер.с кит. с коммент. Кобзев А.И., Лукьянов А.Е., Переломов Л.С., Попов П.С.- М.: Восточная литература, 2004.-431с.

  4. Древнекитайская философия. Собрание текстов в 2-х томах. Т.2. М., 1973.

  5. Переломов Л.С. Конфуций: «Лунь юй». Исслед., пер. с кит., коммент. М., 1998

  6. Переломов Л.С. Конфуцианство и современный стратегический курс КНР.- М.: Издательство ЛКИ, 2007.- 256с.

  7. Васильев Л.С. Культы, религии, традиции в Китае. 2-е изд.М.: «Восточная литература» РАН, 2000-384с.

  8. Васильев Л.С. Проблемы генезиса китайской мысли. М., Наука, 1989.

  9. Ши-цзин// Древнекитайская философия: в 2-х томах – М.: «Восточная литература», 2003.-Т.1- 1072с.

  10. Сагикызы А. Проблема гуманзима в философии Конфуция // Актуальные проблемы философии и политологии глазами молодых ученных / А.Сагикызы – Алматы: Компьютерно-издательский центр ИФиП МОН РК, 2007-265с.

  11. Попов П.С. Китайский философ Мэн-цзы./ Пер. с кит.: послесл. Л.С.Переломова.- Репринтное издание.-М.: Восточная литература РАН, 1998.-278с.

  12. Изотов М.З. Формирование единой мировой науки в контексте диалога кльтур Востока и Запада // Методология науки в контексте взаимодействия восточной и западной культур./ Изотов М.З. – Алматы: Ақыл кітабы, 1998.- 162с.

  13. Лукьянов А. Конфуцианский трактат «Чжун юн» / А.Лукьянов – М.: «Восточная литература», 2003-248с.


Резюме

В данной статье рассматривается концепция идеального человека в рамках конфуцианской философии. Дается краткий анализ основным этическим категориям и ценностям характеризующим идеального человека.


Summary

This article examines the concept of the ideal man in the Confucian philosophy. Brief analysis of the main categories of ethical values ​​and the ideal man.



Каталог: files
files -> Мазмұны мамандық бойынша түсу емтиханының мақсаттары мен міндеттері
files -> І бөлім. Кәсіпкерліктің мәні, мазмұны
files -> Програмаллау технологиясының көмегімен Internet дүкен құру
files -> Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты «Сот кабинеті»
files -> Интернет арқылы сот ісі бойынша ақпаратты қалай алуға болады?
files -> 6М070600 –«Геология және пайдалы қазба кенорындарын барлау» 1 «Пайдалы қазба кенорындарын іздеу және барлау»
files -> Оқулық. қамсыздандыру: Жұмыс дәптері
files -> «2-разрядты спортшы, 3-разрядты спортшы, 1-жасөспірімдік-разрядты спортшы, 2-жасөспірімдік-разрядты спортшы, 3-жасөспірімдік-разрядты спортшы спорттық разрядтарын және біліктiлiгi жоғары деңгейдегi екiншi санатты жаттықтырушы
files -> Регламенті Негізгі ұғымдар Осы «Спорт құрылыстарына санаттар беру»
files -> Спорттық разрядтар мен санаттар беру: спорт шеберлігіне үміткер, бірінші спорттық разряд, біліктілігі жоғары және орта деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы, біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты нұсқаушы-спортшы


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет