Ұсталардың ұлы жолы
Байқағанымыздай, бұрынғы сақтарға да, кейінгі түркілерге де, бүгінгі қазақ халқына да металлургия етене таныс болған. Әрине, металл өңдеу жалпы халықтың емес, жеке ұсталардың еңбегінің арқасында гүлденгені, дамығаны ақиқат. Сондықтан халқымыз ұсталық өнерді барынша қастерлеп, ұсталарды ерекше сыйлаған. Кезінде ұсталардың кәсібімен бақсылар шұғылданған деседі. Бақсы дегенде қазіргі кездегі асай-мүсейін асынып, жын шақырып ойын салатын, ауру емдеп нәпақасын табатын емкөс диуананы елестетсеңіз – қателескеніңіз. Ерте кездегі бақсыларды елдің ұйытқысы, халықтың қамқоршысы, рухани көсемі, ақылман абызы деп түсінгеніңіз дұрыс. Демек ұсталық өнердің ежелден бері сакралдық қыры болғаны, бабаларымыздың оны жай кәсіп деп емес, керісінше, қасиет тұтқаны байқалады. Яғни, ұсталардың қоғамдық ортадағы беделінің тым жоғары болғаны анық.
Ислам діні келгенге дейін ұсталық өнер тәңірлік өнер ретінде ұлықталып, оның бір тылсым күшпен астасып жатқанына барлығы кәміл сенгені рас. Кейіндеп ислам діні келіп, бұрынғы құндылықтар алмасса да, ұсталардың беделі кеміген жоқ. Енді ұсталық өнер ислами түсінікпен астасып, жаңа мазмұнға ие болды. Осылайша бақсы-ұсталар көмескіленіп, «ұстаның пірі – Дәуід пайғамбар» болып шыға келді. Иә, қасиетті Құранда аты аталған, Жаратқаннан илләһи төрт кітаптың бірі – Забур түскен, жындар мен адамдардың, жан-жануарлардың, қысқасы, бар әлемнің падишасы болған Ұлы Сүлейменнің әкесі – Дәуід пайғамбар осы. Аңыздарға сүйенсек, Дәуід пайғамбарға ұсталық өнер қонып, халыққа алғаш темір соғуды үйреткен екен деседі. Дәуідтің бір ерекшелігі – қып-қызыл болып жарқырап тұрған ыстық темірді жалаңаш қолмен ұстай береді екен. Осылайша күніне алпыс адамға сауыт-сайман, қару-жарақ соғатын көрінеді. Еңбегіне артық ақы алмайтын имандылығы да бар екен. Кейін өзіне шәкірт тәрбиелейді. Шәкірті де ұстазынан кем соқпайтын үздік ұста болады. Бұған да темірді жалаңаш қолмен соға беретін қасиет дарыпты. Дәуіт өлерінде шәкіртіне екі өсиет қалдырады. Біріншісі, ешқашан еңбегіне үстеме ақы алмауды, екіншісі, иттен де үйренуді тапсырыпты. Бірақ шәкірті өз нәпсісін тежей алмай, біреуден үстеме ақы алғаны үшін темірді жалаңаш қолмен ұстайтын қасиетінен айырылыпты. Темірді ұстай алмай, ұстай алмаған соң бұйым жасай алмай, тоқырауға ұшырайды. Күндердің күнінде сүйек мүжіп жатқан итке көзі түседі. Сүйекті алдыңғы екі аяғымен қысып алып мүжіп жатқан итті көрген шәкірт ұстазының екінші өсиетінің мәнін сонда ғана түсініп, ыстық темірді ұстайтын қышқашты ойлап тапқан екен. Содан бастап ешкім қызған темірді қолмен ұстай алмаса да, қысқаштың арқасында ұсталық өнер бізге жетіпті дейді көне әпсана.
Бүгінде тізгінді техникаға берсе де, төс пен балғаны серік етіп бабалардың жолына адалдық танытып келе жатқан ұсталар аз емес. Олардың қатарында талай шәкірт тәрбиелеп, есімі ел есінен өшпей келе жатқан Дәркембай Шоқпарұлы, ағайынды Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген Құлмановтар бар.
Достарыңызбен бөлісу: |