КӨркемдік шындық ЖӘне тарихи тұЛҒА



бет4/5
Дата25.02.2016
өлшемі407 Kb.
#21626
1   2   3   4   5

Т.Жұртбаев: – Жаңа Кенесарының қозғалысына қатысқан өзге ұлттардың өкілдері туралы айтылды. «Қаһар» романында Иосиф Гербруттың образы жақсы сомдалған. Е.Бекмахановтың дерегіне сүйенсек, Кенесарының қолында жүзге тарта орыс, поляк, татар, башқұрт ұлтының өкілдері болған. Тіпті, әскерден қашқан Белешов, Малкин, Губин, Иванов сияқты солдаттарды бауырына тартып, қазақ қыздарына үйлендірген. Кенесарының жасағының ішінде жүрген патшаның тыңшысы Аюшин: «Кенесары Малкинді дәулетті қалыңдыққа үйлендірді, оны елу басы сайлап, қарамағына қырық жасақ берді, қазір ол орданың күзетбасшысы... Сондай-ақ башқұрт есаулы Хусни бар, ал Кишин онда... палуандығымен көзге түсті де, Кенесары оған Батырмұрат деген ат берді» – деп сыбыс жасады. Кенесарының жеке өз хатшысы шашын тықырлап алдырған орыс офицері екен. Ал енді тікелей Қоқан ханы мен Кенесарының арасындағы қайшылыққа тоқталсақ.

Ж.Қасымбаев:—Жиі көтеріліп жүрген, жауабын күткен мәселелердің бірі осы — Кенесарының Қоқан феодалдарымен, қырғыз манаптарымен қырқыстары. Тіпті кейбір сауалдарда: егер Кенесары Қоқанмён тіреспесе, қырғыздың жеріне басып кіріп, бейбіт жатқан көршінің тыныштығын алмаса, мақсатына жетер ме еді немесе Шәміл сияқты патшаның жазалаушы отрядына мойынсұнса, жеке басы, семьясы аман қалар ма еді – деп ой тастайды. Бұл мәселені бір жақты талдау оқырмандарға нақты жауап бермейтіндігі түсінікті. «Қаһарда» да Кенесарының жорықтары, әлбетте, Қоқан бектерімен, қырғыздармен байланыстырыла сипатталады. Қазақ жеріндегі Хиуа феодалдарының озбырлықтары, көтерілістің қарқыны мен салдарларына әсері романда өз орнын таппаған сияқты.

XIX ғасырдың 20-шы жылдарында Мұхаммед-Рахым кезіндегі Хиуа – Сырдың Арал теңізіне құятын өңірінен Ауғанстанға дейін созылып жатқан феодалдық ірі мемлекет болды. Зеңбірек, мылтықпен қаруланған Хиуа қарулы күштері Сырдың теменгі ағысында көшіп жүрген қазақтар үшін зор қауіп еді. 1812, 1816, 1820 жылдары Мухаммед-Рахым осы ауданда орын тепкен қазақтарды талқандап, мыңдаған, әйел, балаларды, малды айдап әкетті. Хиуа ханы Аллақұл кезінде Хиуа феодалдарының озбырлығы бұрынғыдан да үдей түсті. Кенесары мен Хиуа хандығы арасындағы қайшылықтар романда бұлыңғыр сипатталған. Автордың басты көздеген мақсаттарының бірі – қазақтар мен Қоқан хандығы арасындағы байланыстар. «Қоқан, Хиуа хандықтар қорқау қасқыр тәрізді. Жан кетіп өлексеге айналсаң, өлексеңді де талай береді» – дейді автор бұл көршілес Орта Азиялық иеліктердің қазақтарға зомбылығын сипаттай келе. Алайда шындықтан ауытқымағымыз келсе, қазақтар мен Хиуа, Қоқан арасындағы қатынастарды осындай түнек сияқты көрсету дұрыс болар ма еді. Ташкент, Әндіжан және де басқа өзбектердің қоныстары қазақ, қырғыздармен сауда, өзара тиімді де, дәстүрлі сауда байланыстарының орталығы болғандығын ұмытпаған жөн.



Ғ.Ахмедов:Ал, енді Кененің қырғызға тиісуінің ешбір жөні жоқ еді. Бәлкім ол кезде Қоқанға қараған қырғыз елін шауып, Қоқанды мұқатпақ ойында болды ма, кім білсін. Негізгісі, қырғыздардың өзіне қосылмағаны себеп болған ғой. Қалай болғанда да Кенесарының түбіне осы қырғыз жорығы жетіп тынды.

Кененің маңында оңай олжа тапқысы келген бұзықтар да аз болмағанға ұқсайды. Оның Баубек құлы да нағыз бас кесер бұзық болған көрінеді. Шоқан сол Баубекті кейін ақсақалдар соты соттаған деп жазады.

Кенесарының өлімі жайында бір инабатты адамнан естігенімді айта кетейін, мұны жұрт естімеген болар. «Ескі достар» деген кітабымда бір әңгіменің ішінде бұл жай туралы айтып едім, ол кітап аз тиражбен шыққандықтан көпшілікке беймәлім.

Кенесарыны қырғыздар тірілей қолға түсіріп, біраз ұстағаннан кейін, ақылдаса келе: «Бұл – жай кісі емес, қатар отырған туыс елдің ханы ғой. Әскерін жеңдік, енді өзін босатып еліне қайтарайық» – деген тоқтамға келеді. Сонсоң Кенені шақырып алып, осы шешімдерін естіртеді. Сол әңгіменің үстіне Наурызбайды өлтірген қырғыздың батыры басына Науанның қанды телпегін шекесіне сала киіп, Кененің жанына мысқылдай күле қарап, отыра кетеді. Ызасына шыдамаған Кене сол жерде жатқан бір кездікті ала сала, әлгі батырды жарып тастайды,

Кейін Кенесарының бас сүйегін біреулер Горчаковқа әкеліп беріпті деген хабарды бірнеше жерден кездестіргенім бар, бірақ анық-қанығы белгісіз. Ондай қауесет хабар шейх Шәмілдің найыбы атақты Қажымұрат жайында да бар, оны Л.Н.Толстой өзінің повесінде жазған ғой.

Кенесарының қырғызға шабуыл жасауын қай тұрғыдан қарағанда да ақтауға болмайтынын жоғарыда айттым.



Т.Жұртбаев:Сіздердің айтып отырған уәждеріңіз дұрыс. Бұл қазіргі тарихи көзқарас тұрғысынан сұрыпталып, сүзгіден өткен пікір ғой. Дегенмен де, Кенесарының дәл сол кездегі жанталасқан тағдырын еске алайықшы. Мен осы арада сіздермен сәл келісіңкіремейтін жайым боп тұр. Кенесарының жеңілуін тек қырғызбен екі ортадағы қақтығыстың салдары: ол агрессиялық сыпат алды – деп бағалау әлі де пайымдаудың жеткіліксіздігін танытады. Шындығына көшсек, ол үш армияның қыспағында қалды. Және Кекіліктаудағы шешуші күш – империяның жасағы мен қару-жарағы болды. Кенесарыны аранға қақпайлап әкеп құлатқан зауал да — отаршылдық пиғылдан туған және тек соның мүддесін көздеген самодержавияның аяр саясатының жемісі деп ойлаймын. Сіздер: бұлай айту үшін дәлелің бар ма? – дейсіздер ғой. Бар. Әрине, патша әскерінің формасын киген солдаттар Кекіліктаудағы соғысқа қатыспаған. Бірақ, олар басына шалма тартып, үстіне шапан киюге онша қорланбаған. Балқаш көлінің маңында генерал Вишневскийдің дивизиясы тұрды. Ұлытауда бекініс салынды. Атаман Лебедевтің қарамағындағы бес жүз казак атты отряды Кенесарының ізін аңдып, оны өкшелей қудалады. Ал дәл сол шайқастың тұсында бұл отряд жөнінде еш сыбыс білінбейді де, Кенесары жеңілген соң оның басын Омбыға алып баруға аттанған Қалығұлды жол бойы қыр қазақтарынан күзетумен болады. Демек, бұл жүздік Кекіліктаудағы шайқас кезінде аса құпия тапсырманы орындаған. Патша отаршылдары Қоқанның кұшбегімен де, қырғыздың манабы Орманмен, Жантаймен де жеке-жеке жасырын келісім жүргізген. Бұл туралы деректер бар, Кенесары Орманға жазған хатында: «Мені Алатаудың бауырына қоныстануға жібер. Бірігіп патшаға қарсы одақ құрайық, елдігімізді сақтайық» – деп уәделесті, кейін бұл уәдеден неге айныды?

Иә, Кенесарының Қоқан кұшбегінде ата кегі бар еді. Әкесі Қасымды, ағасы Саржанды және тағы басқа да он беске жуық туыс-туғандарын өлтіріп, олардың денесін базардағы дар ағаштарына іліп қойды. Мәделі хан өлгенмен де, оның тұқымы тақта отырды. Қырқыншы жылдары Кенесары Қоқан, Хиуаға қарсы жорыққа аттанғанда генерал Перовский бұған қарсы болды. Неге? Қайта ол Ресейдің өзіне жеңілдік әкелмес пе еді? Себебі: Хиуа хандығы мен патшаның арасында жасырын уағдаластық бар еді. Келісімді сауда керуендері арқылы жүргізіп отырды, Бірнеше орыс дипломаттары басына шалма тартып Хиуаға барып қайтты. Ал Қоқан датқасы Әулиеатаны жаулап алған соң Ұлытаудың түбінде тұрған орыс армиясының жасаулы жасағынан сескеніп, Кенесарыға теріс қарады. Егер Кенесары қырғызбен жақсы боп, бірігіп кетсе – өзі тақтан айырылам деп қорықты. Сондықтан Әлішер де Горчаковпен жасырын келісім жүргізіп, қырғыздарды аранға жықты. Дөнентай манап генерал Вишневскиймен тұрақты байланыс жасады. Оның үстіне Ұлы жүз қазақтары патшаның бодандығын қабылдады. Ақырында, ашынған Кенесары үш жақпен де соғысуға мәжбүр болды. Ол қырғыздар мен Пішпек күшбегі әскерлерінің орыс каруымен жарақтанғанын және олардың ішінде тұрақты армияның әскери кеңесшілерінің болғанын білуі де мүмкін. Ал патша саясатына тамырлас үш халықтың бір-бірімен жауласуы өте тиімді еді. Болашақ жауларын әлсіретіп алып, күші біткенде шеңгеліне іле салғысы келді. Ең басты міндет – олардың басын қоспау болатын. Бұл мақсатына жетті. Николай I-нің Азия саясатын жүргізіп отыратын кеңесшісі Нессельрод: «...біздің түпкі мақсатымыз — ұлы жүзді саудамен алдарқата тұрып, Батыс Қытай мен Орта Азияға емін-еркін жол ашу болып табылады», – деді. Сондықтан да бұл мақсатына қырғыз халқын бодан етпей толық жете алмайтын. Мен қырғыз бен Қоқан әскерінің ішінде патша армиясының жазалау отрядтарының, тым құрығанда арнайы жасақтың болғанының айғағы ретінде мына деректерге жүгінемін, Орынбор Шекаралық комиссиясының есебі: «Сібір қазақтарын басқаратын шекара бастығы қырғыздардың биі Борамбай және Кичкене Пірназаровтарға: «бүлікшілерді жерлеріңе жібермеңдер, егер қисыны келсе Кенесарының өзін ауылымен қосып құртып жіберіңдер, өз ойларыңды есаул Нюхаловқа хабарлаңдар, ол қол астындағы орыс әскерінің күшімен сендерге барлық көмекті көрсетеді»», – деп хат жазды. Тағы қырғыздардың бұл шешімді құптағаны туралы татар Мухаммед Тагиров хабар әкелді. Яғни, Есаул Нюхаловтың әскері қырғыз жасақтарына қосылғаны ғой. Бұл хабарды өзбек жансызы Якуб та растайды. Ол: «Мен осы үш өлкені аралағанымда қырғыздардың ең әлуетті билері мен манаптары Борамбай мен Кичкене Пірназаровтар Омбыдағы генерал-губернатор Капцевичтің қабылдауында болып, Кенесарыға қарсы шығып, оны өлтіруге уәде бергенін естідім», –дейді. Демек Орман, Жантай – Кенесары арасындағы мәмілені бұздырып, Саурық батырды өлтіріп, Кенесарының ауылына шабуыл жасап, қырғынды бастауға себепкер болған осы Пірназаровтар екені көрініп тұр емес пе. Ал оларға мұны істеттіріп отырған, әскер, кеңесші қару-жарақ берген – Омбының генерал-губернаторы. Бұдан басқа Абакумовтың, Қарбышевтың жазалау отрядтары Дөнентай манаптың қарамағына берілді. Нюхалов: «Мен олардың ең беделді билері бұғы – Борамбай Бекмұратов пен Әжібай Сералинге, сарбағыш – Орман Ниязбековке және солты – Жанғараш Есхожинге хат жолдап, Кенесарыны орыс мемлекетінің және өздерінің ортақ жауы ретінде құртуға шакырдым», – деп мәлімдеді.

Ал көтеріліс әбден қызыл қан боп жанышталған соң генерал-губернатор Гасфорт Сыртқы істер министрлігінің іс басқарушысы Л.Г.Сенявинге Орман манап жөнінде: «Егер де бұл адамның ерекше еңбегі мен көмегі болмағанда Кенесарының көзін жою мүмкін емес еді, онда бұл іс насырға шауып, басқа арнамен дамуы мүмкін еді», – деп мінездеме берді. Қалай болған күнде де біз тарихи шындықты ұмытып кетпеуіміз керек. Кекіліктаудағы қырғынды ешкім де қостамайды. Бірақ өз халқын арандатқан Орман, Борамбай, Жанғараш сияқты манаптардың да осы қасіретке тікелей қатысы бар екенін ескеруіміз керек. Ақиқатты ашық айта отырып, бағалауға тиіспіз. Майдалап, мәймөңкелегенмен біз тарихқа да, өз халқымызға да қиянат жасаймыз. Бауырлас халықтардың өзара қырқысуын мен де қостамаймын. Кенесарының қателігі де сонда деп ойлаймын. Оның осы кездегі жан-дүние арпалысы М.Әуезовтің «Хан Кенесінде» барынша шынайы жеткізілген.



М.Әбсәметов: – Сіз дұрыс айтып отырсыз, оған менің де қосар дәлелдерім бар. Көптеген тарихшылар Кенесары мен қырғыз манаптарының ара қатынасын айта келіп, патша үкіметіне қарсы ондаған жылға созылған күрес кезінде әскері әбден әлсіреп, өз мекені – Сарыарқадан айырылған Кенесарының сол кездегі шама-мүмкіндіктерін ескермей, қырғыз жерін басып алмақ болды деп түжырым жасайды. Ал, шындығында Кенесарының басты мақсаты Қытайға өтіп, Ғүбайдулла хан байланыс жасап тұрған император Даогуанға арқа сүйеу еді. Кенесары өлісімен ақ патша үкіметінің Ғұбайдуллаға бостандық беруі жайдан жай болмаса керек. Архив материалдары Кенесарыны түтқындау алдын ала жасалған жоспар бойынша жүзеге асқанын дәлелдейді.

Патша үкіметі қырғыз манаптары мен Жетісудағы кейбір қазақ сұлтандарымен алдын ала астыртын келісім жүргізеді, кейін Кенесары өлгеннен соң оларға Баты Сібір генерал-губернаторы Горчаков үлкен сыйлықтар тартады.

Әлихан Бөкейханов 1923 жылы Ташкентте жарыққа шыққан «Материалы к истории Кенесары Касымова» атты кітабында Қалығұл Әлібековтің сөзіне сүйене отырып, Кенесары Қасымұлының соңғы күндерін сипаттайды. Қалығұл Әлібеков Кенесарыны өлтіруге қатысқан адамдардың бірі. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, Кенесары қырғыз бен қазақтың арасындағы араздық үшін өлтірілгені байқалмайды. Бұл кітапта Кенесарының қырғыздарға істеген жауыздығы турасында нақты айғақтар жоқ, бұндай өсекті патша өкіметінен сатқындығы үшін күміс медаль алғандар өздерінің қанды істерін жасыру үшін әдейі таратып отырған.

Кенесары тек Қытайға қарай бұзып өтуге ұмтылды, оның алдына патша үкіметімен астыртын байланысқан қырғыз манаптары мен қазақ сұлтандары кесе-көлденең тұрды, ал шындығында, оның қырғыз халқына қарсы жаулық ниеті болмаған еді. Қырғыздың батырлары қазақ даласындағы көтеріліске белсене араласқан, Кенесарыға серік болған қырғыз батырларының ұрпақтары күні бүгінде Қарағанды және Жезқазған облыстарында тұрады.

Отаршылдыққа қарсы қозғалыстың трагедиясын түсініп, кетерілістің жеңілу себептерін дұрыс айқындау үшін жаңа архивтік материалдарға иек артқан терең зерттеу жүргізу қажет деп санаймын.

Ғ.Ахмедов: – Кенесарының жеке өз басына келсек, оның патша өкіметіне қарсы күресінің түпкі мақсаты өзі хан болып, баяғы хан заманын орнату болғанымен, Россия империясының экспансиясына қарсы күресін, ел қорғау, елдің тәуелсіздігін сақтау жолындағы әрекетін, сөз жоқ, ұлт-азаттығы жолындағы күрес деп бағалау керек. Осы ретте Қайыпқали сұлтанның, Сырымның, Исатай, Махамбеттің, Жоламан, Жанқожа, Есет, Бекеттің қозғалыстарының бәрінің сабағы бір, патшаның зорлығына қарсы: елдің тәуелсіздігі үшін біріне-бірі жалғасқан ұлт-азаттығы қозғалысы деп қарау керек. Бұл жөнінде бұрынғы қазақ зиялыларының әрекеттері жайында ілгеріде бір мақаламда жазғанмын, оны қайталап жатудың қажеті жоқ.

Кенесары жайындағы марқұм Ілияс Есенберлиннің романы әдебиетіміздегі кесек туынды. Сол кездегі жағдайларда мұндай шығарма жазуының өзі үлкен ерлік. Қазіргі кезде жазса, ол, әриие, басқаша жазған да болар еді, бірақ оған жете алмай кетті. Сол кездегі жағдайға байланысты ма, әлде денсаулығына байланысты болды ма екен, әйтеуір шығармасында асығыстықтың ізі байқалады,

Аяғы кешегі он алтыншы жылғы уақиғалармен бітетін осы халық қозғалысын көре тұра, қазақ елі Руссияға өз еркімен қосылды деудің не жөні бар?

Р.Бердібаев:— Ғалеке, сіздің бұл пікіріңізбен келіспеймін. Себебі, кешегі қысаң шақта «даулы» тақырыпқа бару қандай қаламгерден де саналы батылдықты керек ететін. Жазушы I.Есенберлин аса жемісті еңбек етіп, артына мол мұра қалдырған туысы белек қаламгеріміз. Оның әрбір шығармасында күрделі тақырыптар, қызықты қаһармандар көрініс береді. Уақыт алға тартқан ділгір мәселелерді дер кезінде көтеру, қатып-семіп қалған догмаларға құл болып қалмай, жаңа ойларға, жемісті өрістерге қадам қою – оның суреткерлік үлкен ерекшелігі болатын. Жазушының мол мұрасын қадір тұтқанның өзінде де, солардың ішінде ерекшелеп көрсететін туындылар бар. Олар: «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогиялары. Тарихи тақырыпты шығармаларға тосқауыл жасағысы келген намыссыз, түйсіксіз кейбір безбүйрек жандардың залалды әрекеттеріне қарамастан, бұл күнде I.Есенберлин бастап кеткен дәстүр кең айдынға айналып отыр. Қазіргі белгілі жазушыларымыз тарихи романшылық дәстүрін жалғастырып, тереңдетіп келе жатыр.

I.Есенберлин шығармаларының мәні мен нәрі өз бағасын жоймақ емес. Әсіресе, оның «Қаһар» романы XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің айтулы үлгілерінің бірі болып қалғаны кәміл. «Қаһар» женінде мен «Қазақ тарихи романы». «Кәусар бұлақ» деген кітаптарым мен басқа кейбір мақалаларымда жазғанмын. Сол еңбектерде «Қаһардың» қазақ тарихи романшылығында үздік жетістік екенін, онда, қазақтың қалың бұқарасының патшалық зорлыққа қарсы күресі шыншыл көрсетілгенін, романда Кенесарының көп қырлы тартымды бейнесі жасалғанын, оның әрекеттері барлық қайшылығымен суреттелгенін атап өткен едім. Сөз реті келгенде айта кетейік: романға мұндай ұнамды бағалар бүкілодақтық әдеби сында да айтылған. Сол жайларды қайталап жатпай, бұл арада «Қаһар» романының қазақ әдебиетінің ғана емес, жалпы қоғамдық ойдың серпілуіне жасаған қызметін баса көрсетуіміз шарт.

Ең алдымен, I.ЕсенберлиннІң «жабық» тақырыпқа қалам тартып, азаматтық тегеурінділіктің үлгісін салғанын атап өту керек. Басталған істі жалғап әкетуге әркім-ақ бара беруі мүмкін. Бірақ қалыптасып қалған темір қорғандай шепті бұзып өту де кез келгеннің қолынан келмейді. Кенесары туралы роман жазуы қаламгердің даңқын бірден ел арасына кең жайды. Міне, осының өзі оның кейбір қаламгер әріптестерінің ішін күйдіріп, зығырданын қайнатты. I.Есенберлиннің әрбір тарихи шығармасы көптеген кедергілерді жеңу, шыдамдылықпен үздіксіз еңбек ету арқылы жарық көрді. Соның арқасында жазушы нағыз суреткер үшін айтуға болмайтын құпиялар, қиындық жоқ екенін дәлелдеді. Бұл оның ең бірінші және басты ғибыраты десе болады.

Екіншіден, I.Есенберлин тарихтың небір шытырман құбылыстарын диалектикалық бірлікте суреттеу мүмкін екенін танытты. Оның романдарында қаһармандар ұнамды сипаттарымен де, қайшылықтарымен де біртұтас тұлға ретінде көрініс береді. Жазушы романдарында бұрын қазақ әдебиетінің әлемінде көрінбеген қаншама тың бейнелер жасалған. Олардың қатарында хандар да, қараша да, ақын да, жырау да, батыр да, шешен де орын алған. Бұрын әдебиетімізде біріңғай қара бояумен ғана суреттелетін үстем тап өкілдерінің де жанды, тартымды тұлғасын суреткер мүсіндей білді.

Үшіншіден, осы аталған тарихи романдардың жанрлық бітімі мүлде тың екенін көреміз. I.Есенберлин өзінің шығармаларында халық аңыздарын, шежірелерді, жазба фактілермен қатар шебер пайдаланып отырды. Соның нәтижесінде әлемніи, ешбір әдебиетінде кездесе қоймаған «аңыз-роман» деп айтарлықтай жаңа жанр қосты. Ал «Көшпенділер» трилогиясы арқылы қазақ әдибиетінде роман-хроника жанрын қалыптастырғаны әдеби сынымызда атап өтілді.

Төртіншіден, жазушы қаламынан шыққан тарихи шығармаларда халықтар арасындағы ежелден келе жатқан тарихи тамырластық пен ынтымақтастықтың да түбірлері шындыққа сәйкес көрсетіліп отырады. Оның шығармаларында отарлаушы, қанқұйлы патша жендеттері мен қарапайым орыс халқының арасында жер мен көктей айырмашылық бар екені, ал әрбір халықтың еңбекші қауымының мүддесі бір жерден шыға алатыны әділ ескертілген.

Ақырында «Қаһар» романының тамаша бір қырын еске салғымыз келеді. Бұл роман өткен тарихтың қайшылықты, күрделі тұстарынан мүлде жылысып кеткен зерттеуші-тарихшыларға да күшті ой салады. Тарих ғылымының міндеті – әкімшілдік-әміршілдік аппараттың айтқанынан көз жазбай, қия баспай, тек бас шұлғып отыру ғана емес екенін, ғылым мүддесі құбылыстардың объективтік заңдылықтарын ашу болып табылатынын «Қаһар» романы өз тарапынан мықты дәлелдеп берді... Бұл мәселеде тарихшылардан жазушылар ілгері озып кеткенін мойындау керек болады.

I.Есенберлин өзінің ойлаған ойларын, жинаған фактілёрін, қалыптасқан концепциясын «Қаһар» романында толық жүзеге асыра алды ма, жоқ па деген сұрауға қазір жауап айту қиын. Кезінде қасаң ережелерді пір тұтқан редактордан да, баспа басшыларынан да, жасырын рецензенттерден де, өзіне қарсы топтан шыққан арызқойлардан да қысым, тежеу көрген жазушының қанша бейнет шеккенін, зәбір көргенін, нала болғанын санап айтып шығуға Бұл арада мүмкіндік жоқ. Бізге анық нәрсе сол: I.Есенберлиннің ажалын тездетуге көптеген жасанды қырсықтар да себеп болды. Ол өз алдына жеке тақырып.

Бұл арада таза ғылымдық мәні бар бірер мәселені ортаға салуды жөн көрдік. I.Есенберлиннің тарихи трилогиялары, соның ішінде «Қаһар» романы баспадан шыққанда көптеген сөз, сөйлем қателіктері орын алған. Олар әр басылым сайын қайталанып келеді. Тіпті алғашқы басылымда бар кейбір пікірлердің кейіннен түсіп қалғаны кездеседі. Бұл кінәрат кімнен екені белгісіз. Сол үшін алдағы кезде жазушы басылымдарын әзірлегенде түпнұсқа қолжазбаны да салыстырып пайдалану парыз. Мұны айтып отырған себебіміз: осындай қысқартылған текстер орысша аударылғанда көптеген нәрінен айырылып, қауқарсыз болып шығатынын ескерту еді. Жалпы бізде шығарма текстологиясына өте салақ қарайтындық айықпаған дертіміздің бір түрі ғой.

Белгілі бір идеяларды айту үшін соның өз адамы тууы керек – деген сөз бар. Қазақ тарихының бүгінге дейін мүлде көмескі жатқан беттерін өзінің «Көшпенділер» және «Алтын орда» трилогиялары арқылы жарқыратып ашқан I.Есенберлин еңбегі – өшпейтін еңбек. Ол өзінің творчестволық қуатын толық сарқып жарыққа шығарды деп те айта алмаймыз. Сонда да болса, оның кейде жекелеп, кейде тобыр болып келіп қастандық жасаған қарсыластарының қиянатына төтеп беріп, арпалысып жүріп, осыншама мұра қалдырғанына қайран қаламыз. Оны мұншама жігерлілікке, табандылыққа, қайсарлыққа жебеген туған халқының алдындағы азаматтық борышын терең сезінуі еді.



Ж.Қасымбаев: Әрине, Рахаңның «Қаһар» романын әдеби тұрғыдан талдауы орынды. Дегенмен, бізге қойылы отырған сауалдың бірі – Кенесары қозғалысының сыр-сыпаты ғой. Қазіргі пайдаланып отырған деректеріміз және осы проблеманың біздің күндеріміздегі зерттелу барысы он жылға дерлік созылған көтерілістің сыр-сыпатын толық ашуға, оның жеңілу себептерін терең көрсетуге мүмкіндік бермейді. Қолымыздағы мәліметтерге сүйеніп, осы мәселенің басын ашуға тырысайық. «Қаһарды» оқығанда көтерілістің жеңілу себебі қазақ феодалдарының арасындағы кикілжің деген ой қалыптасуы мүмкін. Иә, Рүстем төре мен Сыпатай Әлібековтың Майтөбе түбінде опасыздық жасап, манап орман Ниязбеков жағына шығуы, Кенесары сарбаздарының моральдық рухына да, әскердің қарсыласу күшіне де ізін қалдырмай қоймайды. Сұлтандардың бір бөлігі: Арыстан, Ахмет Жантөриндер, Қоңырқұлжа Құдаймендин, Тұрлыбек Шыңғысов – көтерілістің басында-ақ патша жағына шықты. 1844 жылы 21 июньде Кенесарының басты күшінің Жантөрин әскерін талқандап, бір шайқаста 44 сұлтанды өлтіруі Россия жағын берік ұстаған феодалдардың Кенесарыға деген өшпенділігін күшейтті, Кенесарының өзінің соңынан ермеген ауылдарды аяусыздықпен ойрандауы тыныштықты көксеген қазақ руларының көтерілістен алшақ тұруына әсер етті; Қоқанмен, қырғызбен, өзінің ел ішіндегі қарсыластарымен он жыл толастамаған қанды күрес елді титықтатты, ал Кенесарының соғыс шығынын жабуы үшін жинаған салығы көтерілісті қолдаған ауылдардың өз ішінде қобалжу туғызды; Қазақстанның ең маңызды аудандары Россияның құрамына кіріп үлгерген жағдайда Кенесарының басты мақсаты – Қазақстан шеңберінде біртұтас феодалдық мемлекет ққру мүмкін емес еді. Анталаған Қытай, Қоқан, Хиуа, Қырғыз феодалдары (Россияны айтпағанда) бір орталыққа бағынған қазақ хандығының құрылуына мейлінше қарсылық көрсетті.

Т.Жұртбаев: – Әрине, Кенесары қозғалысының барлық мәселелерін түгел қамту бір әңгіменің көтере алатын жүгі емес. Дегенмен, осы «қилы заман» кезеңіндегі оқиғаларға баға беру барысында: «Россияға қараған аз ұлттардың тарихы – Россияның белінбейтін тарихы. Сондықтан да Кенесары сияқты қарақшыларды тек қана жазғыру керек. Ол ұлтшылдықты оятады»,– деген пікірлер анда-санда қылаң береді. Егер бұл пікір бұдан біраз уақыт бұрын айтылса, уәж білдірмес те едік. Бірақ дәл қазір қойылуы орынсыз сияқты. Осыдан келіп: Кенесары қозғалысы – ұлт-азаттық көтеріліс пе, жоқ, реакциялық қозғалыс па? Шәмілдің көтерілісінен мұның не айырмашылығы бар? Қазақстанның Россияға қосылуы – тарихи қажеттілік пе? Егер өз еркімен қосылса, онда неге осыншама қарсылыққа тап болды?», – деген сұрақтар туады. Менің ойымша, бұл сауалдарға жауап бермесек, әңгімеміздің толық болмайтыны және оның түжырымдалмай қалатыны анық сияқты. Бұған тарихшылар қалай қарар екен?

Ж. Қасымбаев: – 1989 жылы республикалық телевидения арқылы «Уақыт және тарихи шындық» деген тақырып бойынша өткізілген хабарда, тіпті студент жастар мен интеллигенция өкілдерінің сауалдары бір нүктеге түйілді. Кенесары қозғалысы шын мәнінде ұлт-азаттық па? Кавказдағы Шәмілден айырмашылығы неде? Кенесары, Шәміл, Қазақстан мен Кавказ. XIX ғасырдың бірінші жартысында Петербург сарайын талай дірілдеткен осы екі қозғалыстың арасында ортақ белгілер бар ма, қай жағынан салыстырып өтуге болар еді? 1850 жылы 25 августа Гуниб аулында семьясымен, нөкерлерімен патша жазалаушы отрядының басшысы князь А.И.Баратынскийге беріліп, күресті тоқтатуға мәжбүр болған қаһарлы имам былай деген: «Сардар! Осы таулар мен таулықтардың абыройын қорғаймын деп, жиырма бес жыл соғыстым. Менің он тоғыз жарам сыздайды, бірақ ешқашан да жазылмайды» (Расул Гамзатов. Мой Дагестан. Махачкала 1985, с. 280). Заманымыздың атақты ақыны Р.Гамзатов өзінің әкесінде Шәмілдің бір хатының сақталғанын айтып, оның мазмұнын келтіреді. «Менің таулықтарым! Өздеріңнің жалаң, жабайы жартастарыңды сүйіңдер. Олар сендерге көп байлық әкелген жоқ, алайда бұл жалаң тауларсыз жер сендердің жерлеріңе ұқсамайды, жерсіз, жарлы таулықтарға бостандық жоқ. Күресіңдер ол үшін, сақтаңдар оны. Сендердің қылыштарыңның шыңылы, менің бейіттегі ұйқымды тәтті қылар» (Бұл да сонда. 28-бет). Аударма өзіміздікі (Ж.Қ.). Ондаған жылдар бойы зерттеулер мен оқулықтарда Шәмілді ағылшындардың агенті, өз халқынан ажыраған, ат төбеліндей ауқатты таулықтарды Россияға қарсы қойған бүлікші деп сипаттағаны есімізде. Мектепте оқытылатын ССРО халықтарының тарихында Р.Гамзатов қазір өз халқының перзенті деп бағалаған адамды құбыжық қып көрсетпеуші ме еді? Жоғарыдағы келтірілген мәліметтер Шәмілдің Кенесары сияқты өз жерінің бостандығы үшін күрескенін көрстетеді. «Россияға қараған кіші елдер тарихы – Россияның бөлінбейтін тарихы. Сондықтан: «Кенесары сияқты қарақшыларды тек қана жазғыру керек. Ол ұлтшылдықты оятады», – деген көзқарасқа қалай қарайсыз деген сауалға келсек, бұл мәселені жоғарыда біршама қарастырып та өткен сияқтымыз. Проблеманы басқаша жағынан алып қарасақ, кейінгі кезге дейін патша үкіметінің ұлттарды езу, жаншу, ғасырлар бойына жайлаған қоныстарынан күш пайдаланып ығыстыру саясатын ашып көрсету қиын еді. Жасанды идеологиялық жүйеге сай келмеген тарихы, әдеби шығармалардың авторларының тағдыры кеше ғана болған оқиға сияқты көз алдымызда. Тарихи оқиғаларды, әсіресе, бұқараның әр түрлі сипаттағы қозғалыстарын қарастыру терең объективтілікке негізделген сенімді деректерге сүйенгені дұрыс. Кенесарының қозғалысы Шәмілдің көтерілісі сияқты патшаның отаршылдық саясатына қарсы бағытталды. Ұлттарды езу саясатын айыптауды, жан-жақты әшкерелеуді «ұлтшылдықтың» көрінісі деп елді қорқытатын болсақ, қара түнек орнатып, азаттық ойды жаныштаған Россия патшаларын ақтағанымыз болмай ма?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет