КӨРКЕМДІК ШЫНДЫҚ ЖӘНЕ ТАРИХИ ТҰЛҒА
Kaзipгі таңда Советтер Одағында болып жатқан қилы-қилы саяси және құрылымдық өзгерістер санамызға сіңіп қалған тұжырым-түсініктерді жаңғыртып, соны көзқарастарды қалыптастыруға негіз салып отыр. Сонау отызыншы жылдардың басында үстемдік құрған әкімшілік-өктемдік биліктің зардабы тек әлеуметтік-экономикалық салада ғана тығырыққаа тіреп қоймай, рухани өміріміздi де жұтаңдатып, «идеологиялық қырағылықты сақтау» деген сылтаумен халықтың өз тарихын өзінен жасырып, шындықды бүркемелеп келдік. Әсіре белсенділіктен туған бұл жалаң науқан көркемөнердің де дамуына көп кecipiн тигізді. Тақырыпқа шек қойылды. «Қиын кезеңдер» туралы жазылған шығармалар да өз бағасын ала алмай, бip жақты бағаланды. Марқұм Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романы да сондай өкiніштi күйге ұшыраған еді. Ондағы басты кейіпкер – Кенесары ханнын. образы әдеби сында жан-жақты талданған жоқ. Жалпылама түсінік беруден әрігe бармады. Ал бұл романда XIX ғасырдың бipiншi жартысындағы қазақ халқының арпалысқа, аласапыранға толы өмірі қалай суреттелді, Кенесары қозғалысының тууы мен оның трагедиясы неде, тарихи тұлға мен көркем образдың арасындагы байланыстар қандай, шығармадағы көркемдік шындық өмірлік шындыққа сай келе ме – деген сұрақтарға ешкім де табандап жауап бермеді. Бұл мәселені қозғау ол уақытта мүмкін де емес еді Біз сол олқылықты толтыру мақсатымен арнайы сұқбат ұйымдастырып. ондағы айтылған пікірлерд оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Әңгімеге Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымының докторы. Манаш ҚОЗЫБАЕВ, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшeci, әдебиетші Рахманқұл БЕРДІБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор Жанұзақ ҚАСЫМБАЕВ, тарихи тақырыпқа қалам тартып жүрген қарт жазушыларымыздың бipi Ғалым АХМЕДОВ, Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері Марат ӘБСӘМЕТОВ қатысты. Сұқбатты журналдың проза белімінің меңгерушісі, жазушы Тұрсын ЖҰРТБАЕВ жүргізді.
Т.Жұртбаев. – Кез-келген халықтың басынан кешкен не бip қиын тарихи, оқиғалардың өзі түптің-түбінде әйтеуір бір сарапқа салынып, санада сараланып, тиістi бағасын алары анық. Осы ретте, тарихшылар мен эдебиет зерттеушілерінің бас қосып, ортақ тіл табысып, мәмілеге келетін, пікip алысатын жайлары көп-ақ. Әcipece, бұл мәселе дәл қазіргi сәтте ерекше қажеттілікке ие боп, тарихшылардын да, әдебиетшілердің де мүдделі icінe айналған жайы бар. Соңғы жылдары қоғамымыздың даму бағыты - ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жаттанды ұғымдарымызды ұмыттырып, өткенімізге де, сол өткенді бейнелеген өнерімізге де мүлдем басқаша көзқараспен қарауымызды, мәдени мұрамызды басқаша бағалауымызды талап етіп отыр. Күні кеше мансұқтап, жер-жебіріне жете жамандаған, дүниенің барлық пәлесі сонда тұрғандай өршелене «әшкерелеген» рухани қазыналарымыз бен жеке тұлғаларымыз санатқа қосылды. Қаншама қиянаттардың беті ашылды. Алайда бүгiндepi «тоқырау дәуірі» деп тұқырта нұқып жүрген сол кездің өзінде еңсесін тік ұстап, айтар ойын ашық білдіруге ұмтылған азаматтар болды. Қайта құру мен жаңаша ойлаудың коллективті авторлары да солар. Соның қатарына жазушы Ілияс Есенберлин де жатады. Мен бүгінгі әңгіме арқауына айналғалы отырған «Kahap» романының жазылу тарихы туралы тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Алайда, неге дәл осы шығарманы таңдап алып отырмыз, coғaн тоқталайын.
Мәселе мынада: бiз көркем шығарманын қадір-қасиетін, көбіне, саяси-идеологиялық қалып талап еткен өлшемдермен бағалап келдік. Tiптi бір халықтың тарихының белді кезеңдерін сызып тастап, ұмыттыруға тырыстық. Ол туралы жазылған өнер туындысын көре тұра елемедік, қасақана қалтарыста қалдырдық.
Сондай шығармалардың бірі осы «Қаһар» еді. Бұл романның төңірегінде дау-дамай көп болғанымен, онын, көтерген тарихи-әлеуметтік мәселелері басты кейіпкер – Кенесары бастаған қозғалыстың шығу себептері сыни тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да талданбады. Тіпті, тарихшылар «көтеріліс» деген сөзден қашып, оны «қозғалыс» деген, мағынасы екі ұшты атаумен алмастырды. Ол қандай қозғалыс еді? Бұл сұраққа жауап әлі күнге дейін берілген жоқ.
Қашанда көркем шығармаға қойылатын талап біреу. Ол – көркемдік шындық. Алайда, «Қаһардағы» оқиға бүкіл қазақ халқының тағдырын қозғағандықтан да, оған немқұрайды қарай алмасақ керек. Әрине, романның жарық көргеніне жиырма жылдан асты. Бірақ сол кездегі әдеби процестің өресін, даму бағытын талдап, баға берудің маңызы зор. Сол «Қаһардағы» көтерілген көкейкесті мәселелерге бүгінгі көзқарасымыз қалай? Роман өзінің әлеуметтік мәнділігін жойды ма, жоқ, керісінше, бұрынғыдан гөрі де діттеген мүддемізді қозғап отыр ма? Біз бұл арада автордың өзі ести алмай кеткен жылы сөздердің орнын толтырайық деп отырғамыз жоқ. Қайта сондағы қамтылмаған ойларды, деректерді екшеп, оқырмандардын, назарын аударғымыз келді. Бұл әдебиетшілердің ғана емес, тарихшылардың да парызы. Өйткені тарихшылар, менің ойымша, өздерінің халық алдындағы қарызын әлі де өтей алмай жүрген сияқты. Себебі, осы «Қаһардың» басты кейіпкері Кенесарының өзінің жеке тұлғасы туралы нақты тұжырымды пікір қалыптасқан жоқ, Мұны жүзеге асырмай қазақ халқының тарихындағы ақтаңдақтардың жойылатынына сену қиын. Сонымен, Ілияс Есенберлин өзінің алдына қойған мақсатын орындап шыға алды ма, жоқ па? Жазушы тарихи шындықты жеткізе білді ме, әлде мұлт кеткен тұстары бар ма? Сіздер әр саланың маманысыздар. Сондықтан да біз осы сұрақтарға толықтай жауап аламыз ғой деп үміттенеміз. Әрине, жазушының барлық өмірлік шындықты қамтуы мүмкін емес, оған міндетті де емес. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Дегенмен де, Есенберлиннін, тәуекелге бел бууы өзін-өзі ақтады ма, жоқ па?
Ж.Қасымбаев: – Қайта құру мен жариялылық қоғамдық өмірдің мазмұнын, ұлттық сананы бұрын болмаған дәрежеде көтеріп қана қоймай, тарихымыздың күңгірт тартып өше бастаған беттеріне назар аударуға, жеке тарихи оқиғаларға объективті шынайы тұрғыдан баға беруге мүмкіндік туғызып отыр. Патшалық Россияның отарлық-ұлттық аймағына айналып, өзінің «қазақ» деген тарихи атынан айрылып, «бұратаналардың» қатарында «қырғыз-қайсақ» атанған халқымыздың тарихында болып өткен оқиғаларды, құбылыстарды идеологиялық қыспақтан шыға алмаған зерттеушілеріміз ашық сипаттауға батылдары жетпеді. Өз ойларын батыл айтқан Е.Бекмаханов сияқты талантты зерттеушілерге «ұлтшыл» деген жала жабылып, тағдырларына дақ түсті. Журналдың «Дөңгелек стол» басында көтеріп отырған мәселесі де – әлі күнге дейін нақты бағасын ала алмағаи, ақиқаты көпшілік оқырмандарға әлі де ашылмаған, Абылай ханның немересі, Қасым төренің ортаншы ұлы Кенесары бас болған он жылға жуық (1837-1846) кезеңді қамтыған көтеріліс.
Алдымен, осы тарихи оқиғаның зерттелуі мен әдеби шығармаларда сипатталу жағдайын қарастырсақ. Әрине, не тарихшы ғалымдар, не жазушыларымыз Кенесарының көтерілісіне әртүрлі, тіпті белгілі себептерге сай көңіл бөлмей келді десек, артық болмас еді. Сол кезде 32 жастағы Е.Бекмахановтың «Казахстан в 20-40-е годы XIX века» атты еңбегінде бұл қозғалыс тұңғыш рет жан-жақты сипатталса, 1949 жылы I.О.Омаров пен А.М.Панкратованың редакциясымен жарық көрген «История Казахской ССР. С древнейших времен до наших дней» деген еңбектің бірінші томында: «Сұлтан Кенесары Қасымовтың басшылығымен ұйымдасқан ұлт-азаттық көтеріліс өзінің қарқыны мен маңызы жағынан ең ірі қозғалыс болды», – деп, (275-бет) бұл көтеріліске анық баға беріледі. Белгілі романист I.Есенберлиннің 1969 жылғы жарық керген «Қаһары» жұртшылықты дүр сілкіндірген, кейбіреулердің шырт ұйқысын бұзған шығарма ретінде бірден көпшіліктің көзіне түсіп, көкейінен орын алды.
Кез-келген қозғалысты сипаттап мазмұнын ашу, оның басты кезеңдері мен оқиғаларына баға беру үшін, көтерілістің шығу себептерін анықтау керек. 50-ші жылдардың басындағы ғылыми интеллигенция арасында болған осы оқиға төңірегіндегі талас (таластан гөрі Е.Бекмахановты төмпештеу) көтерілістің себептерін ашумен, оған сипаттама берумен байланысты емес пе еді? «Қаһарды» үңіле оқығанда, осы қозғалыстың шығу себептерін, қырғыздар мен қазақтар арасындағы тартысты Кенесарының түсі арқылы бергеннің өзінде, жазушының тарихи шындықтан, негізінен, ауытқымағанын байқаймьіз. Ескере кететін жағдай – «Қаһар» тоқырау кезеңінің шыңына жақындаған кезінде, яғни 60-шы жылдардың екінші жартысында жарық көрді. Ол жылдары, партия анықтап берген «коммунизмге апаратын сара жолмен» қозғалғанымызбен, сөз дербестігі, ой бостандығы ойсырап тұрған кезде, XIX ғасырдың 20-40-шы жылдардағы қазақ өлкесінің тарихи тағдырында ерекше орын алған оқиға туралы шығарманы басқызу белгілі жазушы үшін де қауіпсіз болмағанын ескерсек деймін. Екінші жағынан қарағанда, тарихи романдардың идеологиялық қондырғыға әбден тәуелділігін, яғни, шығарманың жарыққа шыққаннан кейінгі шарпуы тиетін салдарларын ескерген жазушымыз бірқатар ойларын ашып айта алмай кетуі де заңды.
Р.Бердібаев: – Жақсы айттыңыз, Жанұзақ! Осыған қоса айтарым, қазақ тарихында әлі де болса басы ашылмаған, жеткілікті ғылыми талданбаған тақырыптар толып жатыр. Ол тақырыптарды айналып өтуге де, жасырып қоюға да болмайды. Халық санасынан соншалық терең орын алған Кенесары, Наурызбай басқарған халық қозғалысының тарихы да осындай тақырыптар қатарына қосылады. Ол қозғалыстың түп-тамырын, заңдылықтарын және оның қазақ халқының азаттық күрес тарихындағы орнын тарихшылар ашуға тиіс. Мен бұл арада осы оқиғаның көркем әдебиетте қаншалық көрініс тапқаны туралы ғана бірер пікір айтпақпын. Соның өзінде де
Кенесары қозғалысын суреттеуге арналған үлкенді-кішілі ондаған шығармалардың бір-екеуіне ғана, атап айтқанда, М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасына, I.Есенберлиннің «Қаһар» романына қысқаша кідіргім келеді. М.Әуезовтің «Хан Кене» деп аталатын пьесасы – 1934 жылы сахнада бір-ақ рет қойылып, одан кейін ұзақ жылдар бойында архив шаңына көміліп қалған шығарма. Бұл пьеса М.Әуезовтің 20 томдық шығармалар жинағының 14-томында 1983 жылы қайтадан басылып шықты. Алғаш сахнаға қойылған кезінен қырық жыл кейін жарық көрген бұл туындыны жұртшылық әлі де толық біле бермейді деп ойлаймыз. Өйткені, Қазақ баспасөз комитетінің, баспаның бұрынғы «әсіре сақ» басшыларының кесірінен бастапқы томдары 30000 данамен басылып келген М.Әуезов кітаптары осы 14-томға келгенде, күрт азайып, 10000-ақ тиражбен шықты. Бұл М.Әуезов шығармаларына саналы түрде жасалған қырсықтың ең соңғы көріністерінің бірі еді.
«Хан Кене» пьесасы өзінің көркемдік бітімі, шыншылдық қуаты жағынан ұлы суреткердің ең таңдаулы шығармаларының бірі деп бағалануға лайық. Жанрлық сипаты бойынша аталған туындыда трагедияның нышандары басым. Кенесарының азат қазақ хандығын орнатамын деп әрекет етуі, бірақ сол асқақ мақсатты жүзеге асыруға саяси, әлеуметтік жағдайлардың сәйкес келмеуі, сөз жоқ, трагедиялық халдер тудыратын негіз болып табылады.
Қарапайым халық өкілдері бұл оқиғаға бірде үмітпен, екінші тұста күдікпен қарағанын төмендегі екі диалогтан аңғаруға болғандай. Мәселен, қарапайым адамдардың бірі: «Садаға кетсін өзге төре... Олар елдің де, елдік ойлаған жалғыз-жарым жақсының да жауы емес пе? Солар енді аяғынан алмаса қайтеді?..» – десе, екінші бір кісі: «Ел сорлы ерлер-ау! Өйткені бұл ереуіл елдің өз тілегі ғой. Бірақ түбі сол мынаның артынан еремін деп шаң қауып қалмаса...» – дейді, (М.Әуезов. 20 томдың шығармалар жинағы. 14-том, 322-бет). Бұл сөздер Кенесары қозғалысына қатысқан адамдардың да, көлденең жұрттың да ойындағы тұжырымды анық білдіргендей.
Шығарманың орталық каһарманы – хан Кене үлкен ойдың, намыстың, парасаттың адамы болыл көрінеді. Сонымен қатар, оның алға қойған мақсатынан кері шегінбейтін тегеурінділігі де танылады. Ол бірде өзінің мүддесіне қиғаш келіп, қыңыр тартып жүрген қарсыласы Мұсаға қаһар шаша сөйлеген сөзінде көздеген мұратын былайша баяндайды: «Жау ісін істеп отырып, ерекше жауласуға да жарамайсың. Танасың... Арзаннан табылатын бақ іздейсің. Мен ол жолда серік бола алмаймын саған. Мен бақ пен шен іздесем, бүйтер ме едім? Патша ұлығына мен де барып жағынар едім. Сүйтсем және сендерден кем орын алар ма едім?! Жамантай, Қоңырқұлжа, Баймағамбет алған орынды алар едім-ау мен де, бірақ мен оны ойлап жүрмін бе? Қалың қазақ баласының қамалған көшіне септігім тиер ме деп жүрмін ғой. Езіліп бара жатқан елдің жоғын жоқтап... бүлінгені бүтінделер деп, бас қамын ұмытып жүргем жоқ па сол ел үшін. Сондағы сенген сүйенішім сенбісің? Сен өлтіруге де тұрмайсың, Бар, кете бер... Бірақ енді қайтып маған кездеспе» (Көрсетілген кітап. 333-бет).
Нағыз көркем әдебиет шығармалары алдын-ала белгіленген догмаларға, доктриналарға тәуелді болмайды. Көркемдік жинақтаудың сүйенетін түп қазығы – өмір және қаһарман шыңдығы. Осы тұрғыдан алып қарағанда, «Хан Кене» пьесасынан көптеген жартылай тарихи, жартылай публицистикалық мақалаларда кездеспеген ақиқаттар сездіріледі. Суреткер Кенесарының алдына құрылған тордың әлденеше қабат екенін, ол Жетісуға келместен көп бұрын қолы ұзын патша өкімшілігі оған қарсы жергілікті қазақ-қырғыз байлары мен манаптарын ширықтырып, қарсы бағыттап қойғанын талдап жатпайды. Олай ету көркем шығарма табиғатына келіспес те еді. Сол үшін қаламгер тартыс пен мінез ақиқатын ашуды ғана көздеп отырады. Кенесарының патшаның әскерлерімен және солардың сойылын соққан жергілікті әкімдермен ұзақ жылдарға созылған күресі нәтиже бермей, Арқадан Алатауға көшкенде, патшаның қысымына қарсы ақырғы шайқас салуға ниеттенгені, дос пен қас дегенді тек қана осы мақсат тұрғысынан сынға салғаны ақтық лебізі болып естіледі. «Менің Арқадан кеткендегі тұратыным – Алатау. Ірге көметін жерім – осы. Бұл таудың іші-тысын жайлаған ел не менімен дос болып бауырыма кіреді, не болмаса, қасым болып, қарсыма шығады» (339-бет) дейді ол. Кенесарының кесек мінезі, ірі тұлғасы бұл сөздерден анық көрінеді.
Кенесарының өжет өктемдігі, қайыспайтын қайсарлығы, бір жағынан, оның сирек қасиеті болса, екінші жағынан міні де болып саналады. Көп жылдық күрестен ашынды болғандығы соншалық, ол ендігі жерде «не жеңіс, не өлім» деген берік шешімге ғана тоқтайды. Бұл арада оның әулеттік менмендігі, қара халықты басыбайлы құлындай қарап дағдыланғаны істің әділ шешілуіне теріс әсерін тигізеді. Кенесары мінезінің төтелей «үкім» шығаруға келе бермейтін диалектикалық шытырманы да осында. Сонымен қатар, оның қазақ даласында тәуелсіздік туын көтеріп шыққаны, осы жолда өзін қауіп-қатерге, қиыншылыққа байлағаны халық көңілінің терең түкпірінен орын алатын құбылыс. Шындығында, Кенесары патша өкіметіне бағынып, онымен қосылып, туған халқын шабысса, көп лауазымға, мол сый-сияпатқа, жеке басының тыныштығы мен байлыққа бөленер еді. Бірақ ол осындай «оңай сыбағадан» саналы түрде бас тартады. Орындалуы қиын болса да, намыс пен тәуекел жолын таңдайды. Патша отаршылдары өзінің қарсыласы ретінде Кенесарыны қанша жамандағанымен, оның қайсарлығын мойындап та отырған, Орыс зерттеушілерінің бірі өзінің еңбегінде «Кенесары – қазақтың соңғы батыры» деп мадақ еткені де есімізде. Ал біздер, қазақ жұртшылығы, оған қандай баға беруіміз керек? Кенесары атына байланысты қайшылықты қаншама сөздер айтыла тұрса да, біз бір ақиқатты мойындамай тұра алмаймыз. Ол – Кенесары күресінің қазақ жерінде жүргендігі, оның ешқашан орыс елінің шекараларына басып кіріп, қалалары мен кенттеріне шабуыл жасамағандығы, қарапайым объективтік түсінікке жүгінсек, оның бұл тараптағы істерінің қазақтың қалың бұқарасының азаттық аңсарымен үндес келетінін мойындаймыз. Шұрайлы жерінен, өзен-көлінен, жақсы жайылымынан ажырап қалған қазақ халқының рухын көтеріп шыға алғандығы Кенесары қозғалысының басты сыпаты болып, түпкілікті мойындалар деп үміттенеміз,
Кенесары, Наурызбай бастаған қозғалыстың мән-жайын қалың жұртшылық арасына мағлұм еткен шығарма – жазушы I.Есенберлиннің «Қаһар» романы еді. 1969 жылы жарыққа шыққан бұл роман тарихи тақырыпқа жазылған туындылардың бірегейі болды. Оны оқушы қауым қазақ әдебиетінің ірі жаңалығы деп бағалады. Сонымен қатар «Қаһар» талғампаз әдебиетшілер арасында да зор даңққа ие болды. Шындығында, I.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, соның ішінде, әсіресе, «Қаһар романы үлкен азаматтық, суреткерлік туындысы болғаны ақиқат. Бүгінде жамиғаттың сүйіп оқитын қастерлі кітабының біріне айналған бұл романның алпысыншы жылдардың ішінде жарыққа шығуы ғажайыптың ісіндей, тосын жаңалықтай сезілген еді. Мұның мәнісін түсіну үшін сол кездегі және соның алдындағы ондаған жылдар ішіндегі ғылыми, әдеби ахуалды еске түсіруіміз ләзім.
М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы мансұқталған сонау 30-шы жылдардың бас кезінен бері қарай, еткендегі тарихи құбылыстарды объективті түрде бағалауға жол жабылған болатын. Тарихи фактілер жаттанды догмалар тұрғысынан қаралып, түрлі пікірталас еркіндігіне тыйым салынған еді. Қазақстан тарихында орын тепкен оқиғаларды талдауда бір ғана шарт үстем болып қалыптасты. Орыс патшаларының отаршылдық саясатына қарсы жүргізілген күрестің бәрі орыс халқына қарсылық деген қасаң, зорлық қисын бел алды. Осы тұрғыдан ұлт-азаттық көтерілістерінің «тағдыры» алдын ала шешіліп қойды. Кенесары қозғалысы да осындай үкімнің құрбандығына айналды. Совет еліндегі халықтардың тарихындағы барша құбылыстарды тек қана Россия мүддесі тұрғысынан қарап, әрбір елдің азаттық күрестерін бір ғана Россия тарихының қанжығасына байлап жіберу дағдысы Ұлы Отан соғысынан кейін асқындай түсті. Бүкіл совет еліндегі халықтардың тарихындағы тәуелсіздік үшін қозғалыстарды қайта қарау науқаны басталды. Баяғыдан бері тарихшылар бірауыздан прогресшіл деп бағалап келген, Кавказ халықтарының тарихында өшпес із қалдырған Шәміл бастаған қозғалыс ендігі жерде «жаман атқа» ұшырады, керітартпа, залалды әрекет делінді, тіпті аты жартылай аңызға айналып кеткен Едіге батыр туралы эпос та қараланып шыға келді... Кенесары, Наурызбай қозғалысы туралы мол тарихи деректерге сүйеніп, монография жазған талантты ғалым Е.Бекмаханов өзінің ғылыми концепциясы үшін орынсыз жазаланып, 25 жылға сотталды. Қазақтың атақты ғалымдары Қ.Жұмалиев пен Е.Ысмаиылов, сол кезде әдебиет босағасын жаңадан аттаған ақын Б.Ысқақов, тіпті ауылда жүрген төкпе ақын Н.Баймұратов ақылға сыйғысыз айыптауларға ұшырап, 25 жылдық үкімді арқалап, айдалып кете барды.
Ол кезде жазушының, ғалымның дүние құбылыстарына өз пікірі, дербес тұжырымы болуға тиісті дейтін әліппе шындық адыра қалған еді. Халқымыздың ұлы перзенттері М.Әуезов пен Қ.Сәтбаев қуғынға ұшырап, Москва ғалымдарының арасына барып, бас сауғалады. Ардақты азамат, ойлы, ірі қайраткер-ғалымдар Т.Тәжібаев пен Б.Кенжебаев та әсіре белсенділер мен жендет мінезді зиялысымақтардың зорлығына душар болды. Мұндай мысалдарды көп келтіруге болады. Сөйтіп, 30-ыншы жылдардың бастапқы кезінен 50-інші жылдардың орта тұсына дейінгі аралықта ұлттық тарих, әдебиет, мәдениет, тіл тағдыры жоғарыдан бұйырылған өктем озбырлықтың қыспағына түсті, мәдениетіміз ойсыраған олқылыққа душар болды. Революцияға дейін және одан кейін өмір кешкен қаншама ойшылдарымыз бен суреткерлеріміздің шығармасын оқу түгіл, атын атауға мүмкіндік берілмеді. Партиямыздың XX съезінен кейін жеке адамға табынушылық тұсында орын тепкен заңсыздықтар әшкереленсе де, бұрынғы жылдарда қасаң тартқан тәртіптердің тоңы жібіген жоқ. Әрбір халықтың өз тарихы, арманы мен үміті, тарихи қалыптасқан ерекшелігі есепке алынбай, барлық тілдер мен мәдениеттерді ортақтастыру саясаты жалғаса берді. Осы кезеңде еліміздегі ұсақ халықтардың біразының тілі жойылып кетті, автономиялық республикаларда жергілікті халықтардың тіліндегі мектептер жабылды, одақтас республикаларда ана тілінде жұмыс жүргізетін мектептердің өзі күрт қысқара бастады. Бұлай болуына елімізді басқарған «көсемдердің» тікелей қалыптастырған саясаты бірден-бір «теориялық» негіз болды. Егер Сталин коммунизмге жақындаған сайын тілдердің бәрі жойылып, түбінде бір-ақ тіл сақталып қалады деп сәуегейлік жасаса, Хрущев совет адамы орыс тілін неғұрлым меңгерсе, соғұрлым мұратына тезірек жетеді деп анық шовинистік бағытқа дем берді.
I.Есенберлиннің «Қаһар» романы жазылған тұста «жетілдік, гүлдендік» деп келетін даңғаза ұрандар мен шақырулардың көп айтылып жүргеніне қарамастан, ұлттық мәдениеттер, соның ішінде, қазақ тілінің беделі мен мәні тоқтаусыз құлдырап бара жатқан еді. Ал тарихшыларымыз болса, ежелгі дүние, орта ғасырлар шындығын зерттеуді жылы жауып қойып, көбінесе советтік дәуірдегі процестерді тексеруге біріңғай дағдыланған еді. Ол кезде Кенесары аты аталса, оған тек қана күйе жағып сөйлеуге кім де болса «ерікті» еді. Ал «Алашорда» туралы сөз қозғау қылмыспен бара-бар саналатын. Бүгінде халқымызға есімі мен еңбегі қайта оралған ұлы ойшылдарымыз бен суреткерлеріміз: Шәкерім, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов жайында сөйлеу түгіл, ойлау да мүмкін еместей көрінетін...
М. Әбсәметов: – Әңгіме Кенесарының жеке басы да туралы қозғалды ғой. Архивтен табылған бір тосын деректі осы арада келтіруді лайық көріп отырмын.
XIX ғасырдың екінші жартысында-ақ Кенесары есімі жыр аңыздарға арқау бола бастады. Халық көтерілісі басшысынын, даңқы бүкіл Россияға таралумен қатар, жер аударылған поляк революционерлері мен орыс декабристері арқылы Батыс Европаға да мәшһүр болды. Сол кездегі орыс тарихшылары Кенесарыны «қазақтың Шәмілі» деп атаған. Екі қуатты мемлекет – Англия мен Франция өз бақталасы патшалық Россияның көшпелілерді бағындыруын сырттай бақылап отырды. I Петрдің «қазақ даласы – Орта Азияға кірер қақпа» деуі де сол кездегі мемлекет саясатының отаршылдық ниетінен хабар берді.
Кенесары бастаған көтерілістің даңқы француздың ұлы жазушысы Жюль Верннің назарын аударған. Ол сол кездегі газет хабарламаларына және Адольф Янушкевичтің Парижде 1861 жылы басылған күнделіктеріне сүйене отырып «Михаил Строгов» атты кітап жазады.
Жюль Верн әрдайым өз бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен езгідегі халықтарға іштей тілектестік ниетпен қараған, бұған оның француз отаршылдарына қарсы көтерілгеи Алжир халқын қолдап отыруы дәлел. Осы көтерілістің бастаушысы Әмір Әбділқадырды Адольф Янушкевич өз күнделіктерінде Кенесарыға теңестірген еді.
«Михаил Строгов» романында Кенесары қазақтың үш жүзі мен Түркістан аймағының бір бөлігін патша самодержавиесіне қарсы күреске бастаған Феодархан атымен көрінеді. Романдағы басты кейіпкерлердің бірі – саяси көзқарасы үшін патша өкіметінің тарапынан қуғынға ұшырап, жер аударылған, кейін қазақтардың отаршылдыққа қарсы күресіне дем берушісі болған орыс офицері Иван Огарев. Романдағы тағы бір кейіпкер – Шәмілді ұстауға қатысқаны үшін Георгиев кресі медалін алған, патша үкіметінін, жансызы – Михаил Строгов. Патша үкіметі өздерінің отаршыл саясатының түп ниеттерін Огарев Кенесарыға айтып қояр деп қатты сескенетін Строговтың бұнда келген мақсаты – Огаревтің көзін құрту.
Кітапта берілген мәліметтерде патша үкіметіне бағынған қазақтардың саны шамамен екі миллион, ол ұлы, орта, кіші жүз болып бөлінетіні, ішіндегі ең үлкен, әрі бай ел – Ертіс пен Ақсақал көлінің (Арал теңізі?) арасында көшіп жүрген Орта жүз екені айтылады. Жюль Верн өз романында Кенесарының әскері Балқаштан өтіп, Семей аймағын азат еткенін, Семей мен Омбы аралығындағы қазақ бекінісін қалай тартып алғанын сипаттайды.
Жюль Верннің көркем туындысын оқи отырып, жазушының ойдан шығарылмаған нақты деректерге сүйеніп отырғанын аңғару қиын емес, орыс офицері И.Огаревтің образы туралы да осыны айтуға болар еді. Тұтқында болған барон Услар Кенесарының қарауында хатшы қызметін атқарушы орыс офицерін көргенін жазады, патшаның басқа жансыздарынан түскен мәліметтерде де осындай айғақ бар. Ол, шамасы, патшаға қарсы саяси көтеріліске қатысқаны үшін Кенесары ордасы орналасқан Көкшетау өлкесіне жер аударылған декабрист М. Муравьев-Апостол болса керек.
Қорыта айтқанда, Жюль Верннің «Михаил Строгов» романы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының орнын танып білуде қосымша материал ретінде мәні бар шығарма, кейін роман арнайы зерттеу объектісіне айналар деп ойлаймын.
Т. Жұртбаев: – Марат, сенің бұл деректерің шынында да тосын жаңалық екен. Ал енді мына жайға назар аударыңыздаршы. «Қаһар» романында да, «Хан Кене» пьесасында да Кенесарының жеке тұлғасы барынша толық бейнеленгенімен де, егер көркем шығарманың айтар идеясын тарихи тұрғыдан бағаласақ, ортақ мегзеуді аңғарамыз. Екі шығарма да көтерілістің алғашқы кезеңін прогрессивті тұрғыдан суреттейді де, соңғы жағында басты кейіпкердің бейнесін бұлдырлатып, оның мінезіндегі кемшіліктері көтерілістің жеңілуіне әкеліп соқты деген емеурін танытады. Мұндай тұжырымның жасалуы тегін емес. Өйткені, тарихшылардың берген бағасы бойынша, Кенесары көтерілісінің екінші жартысы «реакциялық сыпатта дамыған». Сонда, марксизм-ленинизм ілімінің Африкадағы, не Америкадағы отаршылдыққа қарсы күресті барынша қолдап, ал Россиядағы ұлттың қозғалыстарды жоққа шығаратыны қалай. Манаш аға, сіз мұны қалай түсіндіресіз?
Достарыңызбен бөлісу: |