3. Мемлекеттің саяси тарихы.
Мемлекеттің негізін қалаушы Сатұқ Боғра хан өлген соң, ел ішінде саяси бытыраңқылық басталады. Билікті 955 ж. ханның баласы Мұса алады. Ол өзінің ықпалын күшейту үшін 960 ж. ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялайды. Мемлекеттің орталығы Қашқар қаласы болды. Алайда Сатұқ Боғра ханның екінші баласы Сүлеймен-ілік Баласағұнда билік жүргізді. Аз уақыттан соң Мұса қаза болған соң, орнына Әли Арслан (960-990) хан болды. Міне, осы кезден бастап Сатұқ Боғра ханның екі баласы – Хасан Боғра хан мен Әли Арсланның ұрпақтары арасында билік алма-кезек ауысып отырды.
Дегенмен Қарахан мемлекеті өз ішіндегі билік үшін болып жатқан таласқа қарамастан, көрші мемлекеттердің әлсіздіктерін пайдаланып қалуға тырысты. Орта Азиядағы Самани әулетінің билігі Х ғ. екінші жартысында өз ішіндегі әлеуметтік қайшылықтардан әлсіреген еді. Бұл жағдайды дер кезінде пайдалана білген Хасан Боғра-хан Исфиджабты еш қарсылықсыз басып алады. Көп кешікпей Самани әулетінің астанасы Бұхараны және Самархан қалаларын да жаулап алады. Х ғ. аяғында Қарахандардың Орта Азиядағы жорығы қайта басталады. Хасан Боғра-ханның баласы Жүсіп 992 ж. Хотанды басып алса, Әли Арсланның баласы Насыр ибн Әли 996 ж. Мауереннахрға жорыққа аттанады. Бұл жорықтан қорыққан Самани билеушісі ғазнауилерді көмекке шақырған. Алайда ғазнауилер қарахандармен бітім жасасып қойған. Ол бітім бойынша, ғазнауилер қарахандардың бүкіл Сырдария бойына билігін мойындаған болатын. Наыр ибн Әли бұл жетістіктерге қанағаттана қойған жоқ. Ол 999 ж. Бұхараны басып алып, Мауараннахрды біржолата бағындырады.
Қарахан мемлекетінің негізі үлесті жүйеде қаланып, Шығыс және Батыс – екі иеліктен (хандықтан) тұрды: 1. Шығыс хандық Жетісу аймағы мен Шығыс Түркістан жерін алып жатты. Орталығы Баласағұн қаласына жақын жатқан Орда (оны Қара Орда немесе Құз Орда деп те атаған), кейін Қашқар болды. 2. Батыс хандық Мауараннахрды биледі. Орталығы алғаш Үзкент, кейін Самархан қаласы болды. Дәстүр бойынша Шығыс хандығы негізгі бөлігі саналды. Сондықтан оның ханы ұлы хан болып есептелді.
Қарахандықтардың ішкі алауыздығын Салжұқ сұлтаны Мәлік шах пайдаланып, 1089 ж. ол Самарханды, одан соң Бұхараны басып алады. ХІІ ғ. 30 жж. шығыстан қарақытайлар басып кіреді.Олар 1141 ж. Қатуан шайқасында салжұқтар мен қарахандар әскерін ойсырата жеңеді. Осылайша екі хандықтың да билігі қарақытайлар қолына көшеді. Бірақ қарақытайлар қарахандардың ішкі ісіне араласпады, тек алым-салық алып тұрды. Қарахан мемлекеті 1210-1212 жж. батыстан хорезмдіктердің, ал шығыстан наймандардың шабуылынан біржолата құлайды.
Бақылау сұрақтары
1. Қарахандар мемлекетінің құрылуы. Сатұқ Боғра хан.
2. Қарахандар мемлекетінің этникалық құрамы.
3. Қарахандықтар мемлекетінде басты рол атқарған тайпалар.
4. Қарахан билеушілері шыққан тайпалар, олардың тотемдері.
5. Қарахандардың жоғарғы билеушісі, оның билігінің сипаты.
6. Тегіндер, ілік хандар, бектер, нөкерлер.
7. Уәзірлер қызметі.
8. Қарахандықтар мемлекетіндегі «иқта» институты. Иқтаның мәні.
9. Вақфтық жерлер, оның ерекшеліктері.
10. Қарахандықтар мемлекетіндегі музари немесе барзигар.
11. Қарахандар мемлекетіндегі коммендацияның (қамқорлық) мәні.
12. Қарахан мемлекетінде ислам дінінің мемлекеттік дін болып жариялануы.
13. Қарахандардың Саманилер мемлекетін жаулап алуы.
14. Қарахандар мемлекетінің екіге бөлінуі.
15. Қарахандардың Батыс хандығының аумағы.
16. Қарахандардың Шығыс хандығының аумағы.
17. Қатуан шайқасы: Қарахандардың екі хандығының да билігінің қарақытайлар қолына өтуі.
18. Қарахандар мемлекетінің құлауы.
№ 10 лекция.
Тақырыбы:
Наймандар, Керейттер, Жалайырлар.
Жоспары:
1. Наймандар.
2. Керейіттер.
3. Жалайырлар.
Лекция мақсаты: Студенттерге Наймандар, Керейіттер және Жалайырлар, олардың шығу тегі, мемлекеттілігі, қоғамды құрылысы, саяси тарихы туралы түсіндіру.
Лекция мәтіні
1. Наймандар
ҮІІІ ғ. жазба деректерде сегіз тайпа бірлестігі Орхон өзені мен Алтай тауы аралығында өмір сүрген. Монғолша «найман» сөзі «сегіз» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан монғолдар оларды «найман» деп атап кеткен. Ал кейбір деректерде Монғолияда Секиз деген өзен бар, сол өзен бойында тұратын тайпаларды монғолдар «найман» деп атады ма деген ой айтылады.
Найман мемлекетінің аты шыға бастаған кезі – ХІІ ғ. екінші жартысы. Орталығы Орхон өзені бойындағы Балықты қаласы. Мемлекет найман ханы Наркеш Дайын кезінде (1160-1203 жж.) дами бастайды. Егін шаруашылығы дамып, отырықшы қалалық өмір салты орын алады. Ханның інісі Инанч-Білге өзінің қабілеттілігімен көзге түседі. Халықты өз төңірегіне топтастыра білген ол елді өнерге, күнкөріс-тіршілікке баулып, бейбіт өмір салтын таратады. Сондықтан халық оған Білге хан деген атақ береді. Осы ханның білімділігінің арқасында наймандар қарақытайлардың үстемдігінен құтылған. Хан наймандар одағының басын қосып, Найман мемлекетін күшейтеді.
Алайда Найман мемлекетінің бейбіт дамуы ұзаққа созылмаған. Білге хан дүниеден қайтқаннан кейін, оның екі ұлы Бұйрық хан мен Даян хандар арасында билік үшін талас басталады. Хандық екіге бөлінеді. Наймандардың әлсіреуін аңдып жүрген монғол ханы Шыңғыс хан керейттер ханы Тоғырыл ханмен бірге наймандарға шабуыл жасап, Бұйрық ханды жеңеді. Хан Енисей қырғыздарына қарай қашады.
Енді Шыңғыс ханның күшейіп келе жатқанынан қорыққан қырғыз, меркіт, найман, т.б. тайпалар 1201 ж. құрылтайға жиналады. Оны ұйымдастырушылардың бірі Бұйрық хан болды. Соғақ суаты деген жерде осы тайпалардың одақтас қолы Шыңғыс хан мен Тоғырыл хан әскеріне қарсы шайқасты. Бұл шайқаста одақтастар ойсырай жеңілді. Бұйрық хан Алтайдың оңтүстігіне жылжиды. Шыңғыс хан әскері оны қолға түсіріп жазалайды. Даян Көксу Сәуірік бастаған әскерін Тоғырыл ханға қарсы аттандырады. Мұны естіген монғол ханы 1204 ж. Даян ханға қарсы жорыққа шығып, оны біржола жеңеді. Даян ханның баласы Күшлік Жетісуға қашып кетеді.
2. Керейіттер
Тайпаның аты Керлин (Керулен) өзенінің бойында қоныстанғандықтан, керілер (керілендіктер) деп аталған. Жазба деректерде бұл тайпалар Орхон, Керулен, Селенгі, Аргун өзендерінің бойында тұрған. Керейттер батысында наймандармен көршілес отырған ұйғырлармен де тығыз қарым-қатынаста болған.
«Монғолдың құпия шежіресі» кітабындағы деректерге қарағанда, ХІ ғ. аяғы – ХІІ ғ. басында Керейттер хандығы мен жаңадан құрылған монғол хандығы арасында жақсы қатынас орнаған. Екі хандық одақтаса отырып меркіт, найман, т.б. тайпаларға шабуыл жасаған.
Керейттер мемлекетінің орталығы қазіргі Улан Батор қаласы жанындағы Хантәңірі тауының шығыс жағындағы Битөбе деген жерде болған. Монғол тарихшыларының айтуынша, Улан Батор қаласының орналасқан жері керейіт ханы Тоғырылдың жайлауы болған. ХІ ғ. екінші жартысында Керейт хандығының құрамына керей, жыркиы, қоңқай, сақай, тутау, албат, тунхай, қыркун атты сегіз аймақ кірген.
Керейт мемлекетінің шарықтау шегі – Х-ХІ ғғ. аралығы, Маркус пен оның баласы Құршақұз хандар кезі. Құршақұз хан билігінің алғашқы кезінде татарлардан жеңіліп, баласы Тоғырыл мен шешесі Илма ханым тұтқынға түседі. Осы кезде керейттің екінші бір тайпа көсемі, Құршақұз ханның күйеу баласы Сарық хандықты қолына алып, билік жүргізеді. Ол керейттердің шет аймақта отырған Хажар ханынан көмек сұрап,татарларды жеңіп, Құршақұз ханды баласымен тұтқыннан босаттырып алады. Одан соң Тоғырыл хан ел билеген.
Монғолдың шежірелеріндегі деректерге қарағанда, керейттер мен монғолдардың арғы аталары өзара бейбіт қарым-қатынаста болған. Алайда керейттер билеушісі Тоғырыл мен Шыңғыс хан арасындағы достық қатынас ұзаққа созылмаған. 1202 ж. бұлар өзара жауласып, Шыңғыс хан керейттерді жаулап алады. Керейттердің қалған жұрты әр тайпаның құрамына қосылса, бір бөлігі Қазақстанның шығысына келіп орналасып, қазақ халқының қалыптасуына өз үлесін қосты.
3. Жалайырлар.
Бұл тайпаның өз алдына жеке мемлекеттік дәрежеде өмір сүргендіктері жайлы мағлұматтар араб, парсы жазба деректерінде кездеспейді. Тек монғол шежірелеріндегі кейбір деректерде ғана жалайырлар туралы сөз болады. Онда жалайыр тайпасының монғол жеріндегі Селенгі, Хилок өзендерінің бойында және Орхон өзенінің жоғарғы ағысында, Қарақорым таулы қыраттарында өмір сүргендігі айтылады.
Жоғарыда көрсетілген шежірелерде Шыңғыс ханның жалайыр тайпасының ішіндегі ең жақын адамы атақты ақын, шешен, әрі батыр Мұқылай болған. Хан өзіне көрсеткен адал қызметі үшін оған «күй үн чінсан тәйжі» деген атақ беріп, сол қанаттың түменін (әскерін) басқартқан.
Шежірелерде жалайыр Жамұқа Шыңғыс ханның бірде анда болып, серттескен ең жақын досы ретінде, бірде оның жансызы есебінде, бірде қас жауы ретінде көрінеді. Деректерге қарағанда, Жамұқа 1201 ж. Аргун өзені бойында құрылтай шақырып, өзін «гурхан» деп жариялап, таққа отырған. Бұл жағдайды естіген Шыңғыс хан Тоғырыл ханмен одақ құрып, Жамұқаны жеңіп, жалайырларды қол астына қаратқан.
Тарихшы Әбілғазы ханның «Түрік шежіресінде» жалайырларды Шыңғыс ханның қолға түсірген тұтқындары есебінде көрсетеді.Олар өздерінің адал қызметтері арқылы монғолдарға сіңісіп кеткен. Қазақтың орта ғасыр тарихшыларының бірі Қадырғали Жалайыри Шыңғыс заманында Сартақ ноян болғанын айтады. «Оның ұлы – Жалайыр Саба. Оның ұрпағы – Жалайыр Тебре бек. Оның ұрпағы – Айтөле бек. Ол атақты адам болған. Ұрұс ханның сол қолын басқарған.Ол Алаш мыңы үш сан қанат түменін басқаруынан жалғасып келе жатқан дәстүр болуы да ықтимал.
Ал тарақ таңбалы аталуы қазақ халқының құрамына кірген кезі. Бұл тайпаның өкілдері бүкіл Орта Азия жеріндегі түрік тілдес халықтардың құрамына кірген. Қазақ халқының құрамына кірген жалайырлар Жетісу аймағында орналасқан.
Бақылау сұрақтар
1. Наймандардың шығу тегі және этникалық құрамы.
2. «Найман» сөзінің шығуы.
3. Найман мемлекетінің аумағы және астанасы.
4. Наркеш Дайын билігі кезіндегі (1160-1203 жж.) Найман мемлекеті.
5. Инанч-Білге хан билігі кезіндегі Найман мемлекеті.
6. Бұйрық хан мен Даян хандар арасындағы билік үшін таластар, оның салдары.
7. Соғақ суатындағы шайқас. Одақтастардың жеңілуі.
8. Шыңғыс ханның Найман мемлекетін біржолата талқандауы.
9. Жетісудағы Күшлік хан мемлекетінің құрылуы, оның тағдыры.
10. «Керей» сөзінің шығуы.
11. Керейлердің шығу тегі және этникалық құрамы.
12. Керейлер мен монғолдардың ХІ-ХІІ ғғ. қарым-қатынастары.
13. Керей мемлекетінің аумағы мен астаналары.
14. Керей мемлекетінің шарықтау шегі.
15. Құршақұз хан билігі кезіндегі Керейлер мемлекеті.
16. Тоғырыл хан мен Шыңғыс хан арасындағы достықтың бұзылуы.
17. Шыңғыс ханның Керейлер мемлекетін талқандауы.
18. Жалайырлардың этникалық шығу тегі.
19. Жалайырлардың мекендеген аумағы.
20. Жалайыр Мұқылай батыр.
21. Шыңғыс хан мен Жамұқаның қарым-қатынасы.
22. Қадырғали Жалайыри жалайырлар туралы.
23. Наймандар, Керейлер, Жалайырлардың қоғамдық құрылысы.
№ 11 лекция.
Тақырыбы:
Қарақытайлар мемлекеті.
Жоспары:
1. Қарақытайлардың этникалық тегі және олардың Жетісуға қоныс аударуы.
2. Қоғамдық құрылысы.
3. Сыртқы саяси жағдайы.
Лекция мақсаты: Студенттерге қарақытайлардың этникалық тегі, олардың Жетісуға қоныс аударуы, Қарақытай мемлекетінің құрылуы, оның қоғамдық құрылысы және сыртқы саяси жағдайы туралы түсіндіру.
Лекция мәтіні
1. Қарақытайлардың этникалық тегі және олардың Жетісуға қоныс аударуы.
Қытай деректері бойынша, қарақытайлар – Орталық Азиядағы (Монғолия), Солтүсті Қытай, Маньчжурия мен Уссури өлкесін мекендеген қидан тайпалары. Қидандардың Х ғ. батысқа қарай жылжыған бір бөлігі мұсылман деректерінде қарақытайлар деп айтылады. Бұл тайпалардың этникалық тегі мен тілі туралы пайымдаулар әр түрлі. Кейбір пікірлерде қарақытайлар тұңғыс-монғол тілдес тайпа делінсе, ал екінші бір араб, парсы деректеріне жүгінсек, олардың түрік тілдес бөлігі де болғандығы аңғарылады.
924 ж. Алтайдан Тынық мұхитқа дейін алып жатқан қидандардың Ляо империясы 1125 ж. құлағаннан кейін, Елұй Даши бастаған 40 мың түтін қидандар Жетісу жеріне келіп қоныстанады. Қарақытайлар біртіндеп жергілікті тайпалармен байланыстарын күшейтіп, Жетісудың ішіне қарай ене береді. Елұй Даши қарахандардың әлсіреуін пайдаланып, 1125 ж. өзінің әскерлерін Жетісудың орталық аудандарына қарай кіргізеді. Баласағұн қаласын басып алады. Оған жақын жерде өздерінің орталығы етіп Ғұз ордасын құрады. Енді олар өздерінің билігін тек Жетісуға ғана емес, қазақ жерінің бүкіл оңтүстік аймағына жүргізеді.
2. Қоғамдық құрылысы.
Бұл мемлекеттің қоғамдық құрылысы Қарахан мемлекетінің қоғамдық құрылысынан әлдеқайда төмен болды. Мемлекеттік басқару жүйесі жетілмеген ел еді. Сондықтан да қарақытайлар Қарахан мемлекетінің ел басқару жүйесіне тимеді. Хандық басқару құрылысын сол қалпында қалдырды. Ханның мұрагерлігі сақталды.
Қарақытайларда мұрагерліктің өзіндік ерекшелігі болған. Тек ер адамдар ғана емес, әйел адамдар да мұрагер бола алған. Егер елбасы гурхан немесе хан қаза болса, оның орнын басатын ер адамдар болмаса, әйелі не қарындасы гурхан болып сайланған. Тек әйел жағының тегі хан тұқымынан болуы міндетті еді. Мәселен, Елұй Даши 1143 ж. қаза болған соң, билік оның әйелі Табуянға тиген. Ал жеті жылдан кейін басқаруды ер жеткен Иле алады. 1155 ж. Иле қаза болған соң, Елұй Дашидің қызы Бұсұған ел билеген.
3. Сыртқы саяси жағдайы.
Сонымен Жетісу аймағында құрылған Қарақытай мемлекеті енді Қарахан мемлекетінің Орта Азиядағы иеліктерін жаулап алуды көздейді. 1137 ж. Ходжент маңында Қарахан әскеріне ойсырата соққы береді. Бұл жеңілістен кейін қарахандықтар салжұқтармен бірлесе отырып, қарақытайларға қарсы шабуылға дайындалады. Шайқас 1141 ж. Самарқан қаласына жақын Қатуан даласында болған. Қарақытайлар бұл жолы да жеңіске жетіп, Бұхара қаласына басып кіреді. Бүкіл Мауараннахрдың орталық бөлігін басып алады. Қарахандар енді олардың вассалы болып, алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болған.
Қарақытайлар Хорезмге жорық жасап, оны да жаулап алады. Хорехмшах жылына 3000 алтын динар төлеп тұруға мәжбүр болады. Сонымен олар батысында Амударияның төменгі ағысын толығымен бағындырады. Ал шығыста Гансу жеріндегі ұйғырларды да өзіне тәуелді етеді. Оңтүстікте Балх пен Хотан жерлері де қарақытайларға тәуелді болған. Солтүстік-шығысы наймандармен шекаралас жатты.
Алайда 1171-1172 жж. қарақытайлардың Хорезм жеріне қайтадан жорыққа шығуына тура келді. Себебі шахтың келісім бойынша төлеуге тиісті алтын динардан бас тартуы еді. Осы кезде Хорезм шахы Әл-Арслан қаза болып, оның балаларының арасында билік үшін талас туады. Қарақытайлардың көмегімен Текеш ел билігін өз қолына алады.
Қарақытайлар Хорезм шахымен келісім жасай отырып, 1198-1204 жж. Ауғанстан жеріндегі гурид тайпаларымен соғысады. Бірақ Текештен кейінгі Хорезм шахы Мұхаммед Самархан сұлтанымен келісіге келіп, қарақытайларға қарсы шығады. Өздерін жақтаушылардан айрылған қарақытайлар гурид тайпаларымен соғыста ауыр жеңіліске ұшырайды. Ал 1208 ж. қарақытайлар шығыста наймандардан жеңіледі. 1210 ж. Хорезм шахы қарақытайларға қарсы шығады. Сөйтіп, екі жақтан шабуылға ұшыраған қарақытай өкіметі 1212 ж. құлайды.
Бақылау сұрақтары
1. Қидандар, олардың этникалық шығу тегі.
2. Қидандардың мекендеген аумағы.
3. Қидандардың Ляо мемлекетінің құлауы және олардың батысқа көшуі.
4. Қарақытайлар мемлекетінің құрылуы. Елұй Даши.
5. Қарақытайлардың билеушілерінің титулы.
6. Қарақытайлар мемлекетінің қоғамдық құрылысының ерекшеліктері.
7. Қарақытайлардың Ходжент түбінде Қарахан әскерлерін жеңуі.
8. Қатуан шайқасы. Қарақытайлардың Қарахан-селжұқтардың біріккен әскерлерін талқандауы.
9. Қарақытайлардың Хорезмге ықпалы.
10. Қарақытайлардың Ауғанстандағы гурид тайпаларынан жеңілуі.
11. Жетісуда найман ханы Күшліктің билікке келуі.
12. Қарақытайлар мемлекетінің құлауы.
№ 12 лекция.
Тақырыбы:
Қыпшақ хандығы (ХІ-ХІІІ ғ. басы)
Жоспары:
1. Қыпшақтардың қоныстанған жерлері және этникалық құрамы.
2. Қоғамдық құрылысы.
3. Қыпшақ хандығының саяси жағдайы.
Лекция мақсаты: Студенттерге Қыпшақтардың қоныстанған жерлері, этникалық құрамы, қоғамдық құрылысы және Қыпшақ хандығының саяси жағдайы туралы түсіндіру.
Лекция мәтіні
1. Қыпшақтардың қоныстанған жерлері және этникалық құрамы.
Қыпшақтар туралы айтқанда, біз, міндетті түрде қимақ тайпаларын еске аламыз. Өйткені бұл тайпалардың тарихы бір-бірімен тығыз байланысты. Сыртқы жауларының соққысынан құлаған Қимақ қағанатының жері ХІ ғ. жаңа құрылған Қыпшақ хандығының қолына толығымен көшеді. Ол жерлер шығыста Алтай мен Ертістен басталып, батысында Еділ мен Оңтүстік Оралға дейінгі, солтүстігінде Құланды даласынан, оңтүстігінде Балқаш көлі мен Жоңғар Алатауына дейінгі кең-байтақ аймақты алып жатты.
Қыпшақ хандығы күшейе бастаған кезінде оңтүстік жағындағы шекарасын кеңейтіп, Сырдарияның орта және төменгі бөлігін, Арал мен Каспий өңірі далаларын өздеріне қаратқан. Қыпшақ шонжарлары Сыр бойындағы қалалардың билеушілеріне айналған.
Қыпшақтар Есіл мен Тобыл, Нұра, Елек пен Сарысу өңірінде көшіп-қонып жүрген. Олар Маңғыстау мен Үстіртте қыстап, жаз айларында Жем, Сағыз, Ойыл, Қобда, Жайық өзендерінің аңғарларын жайлаған. Араб деректеріне қарағанда, қыпшақтардың тарихи қалыптасқан көшу бағыттары болған.
Сонымен, Алтайдан Еділге дейінгі аралықтың «Қыпшақтар даласы» (Дешті Қыпшақ) деп аталуының өзі бұл кең-байтақ аймақтың қыпшақтардың атамекені екндігін толығымен растайды.
Қыпшақтар этникалық құрамы VІІ-VІІІ ғасырларда құрыла бастаған. Жалпы қыпшақтардың этникалық құрамы екі бөліктен тұрған. Бірінші - қыпшақтардың батыс бірлестігі, бұлардың тайпалық құрамы он бір тайпадан тұрады: елбөрілі, тоқсоба, йетиоба, дурут,т.б. Екінші - қыпшақтардың шығыс бірлестігі, бұлардың тайпалық құрамы он алты тайпадан тұрған. Олардың сегізі негізгі тайпалар, ал қалған сегізі ұсақ тайпалық бөлімшелер. Тайпалардың ішінде ең беделдісі - бөрілер болған. Бұл елбөрілер болып та айтылады. Қыпшақ хандары осы тайпадан шығып отырған. Тайпаның бөрілер аталуы қасқырға табынуды көрсетеді. Ал мұндай салт ердегі түрік тайпаларынан бері қарай белгілі. Тоқсоба да «тоғыз тайпалы» деген ұғымды білдіретін беделді тайпалардың қаратарына жатқан. «Дурут» - төрт тайпа, «йетоба» - жеті тайпа дегенді білдіріп, олардың біріккен тайпалар екендігін аңғартады.
Жалпы Қыпшақ бірлестігіне түрік тілдес қимақ, оғыз, қуман, ежелгі башқұрт тайпалары да енген. ХІІ ғ. бастап қыпшақтар Арал маңына билік жүргізген кезде олардың құрамында қаңлылар, қарлұқтар мен жікілдер де болған.
Сонымен қыпшақтардың этникалық құрамына кірген тайпалардан қыпшақ халқы қалыптаса бастады. Бұл тайпалардан тіл, наным-сенім, қоғамдық құрылыстары, шаруашылықты жүргізу жағы бір-біріне ұқсас болды. Әрине тіл жағынан кейбір жергілікті диалектілер сақталған. Бірақ ол бірыңғай қыпшақ халқы болып қалыптасуға кедергі болмаған. Оны Плано Карпинидің «қаңлылар қыпшақша сөйлейді екен» дегені толық дәлелдейді. Тайпалар бірлестігінің ішінде мұндай жақындасу жағдайлары тығыз жүріп жатты. Сондықтан да Дешті Қыпшақта (Қыпшақтар даласында) қыпшақ халқының қалыптасуы заңды құбылыс еді. Бірақ монғол шапқыншылығы бұған үлкен нұқсан келтірді. Сөйтіп, Қазақстанда бірыңғай халық болып қалыптасу құбылысы ХV ғасырға дейін кешеуілдеді.
2. Қоғамдық құрылысы.
Қыпшақ хандығының қоғамдық құрылысы тікелей Қимақ қағанатының қоғамдық құрылысының жалғасы болды. Бұл хандық та да билік әкеден - балаға мұрагерлікпен беріліп отырды. Мұндағы бір ерекшелік, хан тағына елбөрілі тайпасының белгілі өкілдері ғана сайланып отырған. Сондықтан да тарихшы Жүзжани бұл хандар әулетінің тайпасы деп атаған.
Хандық биліктің орталығы «орда» деп аталды. Ордада хандық өкіметті билеушілер тұрды. Әскери басқару жүйесі бұрыннан қалыптасып келе жатқан дәстүр бойынша оң және сол қанат болып бөлінді. Күші және беделі басым оң қанаттың ордасы Жайық өзені бойындағы Сарайшық қаласының орнында болса, ал сол қанаттың орталығы Сырдария бойындағы Сығанақ қаласында орналасты. Әскери басқару жүйесінің екі қанатқа бөлінуі оң қанаттың батыстағы, сол қанаттың шығыстағы билікті мызғытпай ұстап отыруы үшін жасалған еді.
Қыпшақ хандығының әлеуметтік-экономикалық тегі таптық құрылыс болды. Ақсүйек-шонжарларға хандар, оның туған-туыстары, тархандар, басқақтар, бектер, байлар және ру-тайпа көсемдері жатты. Ал қарапайым бұқара халық малы жоқ кедейлерден тұрды. Кедейлердің ішінде жер өңдеумен айналысатын жатақтары да болды. Қыпшақ қоғамында құлдар да еңбек етті. Мұндай басыбайлы құлдыққа малы жоқ кедейлер, қолға түскен тұтқындар түсіп отырған. Феодал-шонжарлардың баю жолындағы біршама табысы тұтқындарды Орта Азияның базарына сатудан түсетін еді.
Қыпшақ хандығында құлдықтың болғандығын Махмуд Қашқаридің қыпшақ тілінде құлды «яланкуг» деп атағандығынан анық байқауға болады.
3. Қыпшақ хандығының саяси жағдайы.
ХІ ғ. бастап Қазақстанның Жетісудан басқа жерлерінің барлығына қыпшақтар ие болды. Хандықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының нығаюы жерін кеңейтуді талап етті. Әсіресе қыпшақтарға Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларға, Орта Азияның базарына, Орыс елінің оңтүстік далалы аудандарына шығу қажет болды. Алайда бұл жерлерге шығу оңай емес еді. Өйткені арада оғыздар мемлекетінің билігі жүріп тұрған. Х ғ. аяғы - ХІ ғ. басында Оғыз хандығының жағдайы нашарлай бастайды. Бұл жағдайды Қыпшақ хандығы дер кезінде пайдаланып, оғыздарға солтүстік және солттүстік-шығыстан басып кіреді. Сөйтіп қыпшақтар өздерінің шекарасын Сырдарияның орта ағысынан Арал теңізіне дейін кеңейтеді.
Сонымен қыпшақтар оғыздарды жеңгеннен кейін Еділ өзеніне дейінгі жерлерді иеленеді. Оңтүстік орыс далаларын, Кавказ, Қырым жерлерін алып, шекараларын Жонға дейін ұлғайтады. Ресей жерлеріне барып орналасқан қыпшақтар орыс деректерінде «половецтер» (далалықтар) деп, ал Дунай бойына барып жайғасқан қыпшақтарды венгрлер «кундар» немесе «командар» деп атаған.
Қыпшақтар Хорезм елімен де қатынасты жақсартуға әрекет жасайды. Алайда Хорезм шахы қыпшақтардың күшеюінен және олардың өз шекараларына жақындауынан қауіптене бастаған болатын. Сондықтан да шах әр түрлі саяси қулықтар жасауға тырысады. Ондай әрекеттерге кезінде Хорезм шахының мұрагері Атсыз да барған болатын. Бұлардың арасындағы саяси жағдай да өте тұрақсыз болды. Хорезм шахы кез-келген мүмкіндікті өз пайдасына шешуге тырысып отырды.
Кейбір жазба деректерге қарағанда, Атсыз қыпшақтардың қол астындағы оғыздардың жеріне бірнеше рет шабуыл да жасаған. 1133 ж. қыпшақтар жеңіліп те қалған. Бірақ Хорезм мемлекеті ешбір нәтижелі жеңіске жете алмаған. Дегенмен осы жеңілістен кейін қыпшақтар екіге бөлініп, әлсірей бастаған. Ашық майданда жеңіске жете алмайтындықтарын білген хорезмдіктер енді қыпшақтардың ішкі қайшылықтарын пайдалануды көздеді. Мәселен, қыпшақтардың ақсүйек-шонжарларын өз жақтарына қызметке тартып, сый-сияпат жасап, олардың арасынан әскери топтар құрып, өздеріне қарсы қоюға тырысқан. Қыпшақтардың арасына ислам дінін таратумен де айналысады. Сөйтіп, олардың ішіне іріткі салып, қыпшақтарды өздеріне тәуелді етуге әрекет жасайды.
Хорезм билеушілері Текеш пен Мұхаммед бұрын іске аспаған істерді іске асыруға әрекет етеді. Олар қыпшақ ханы Қадыр-Буке хан мен оның жиені Алып-Деректің арасындағы билік үшін таласты пайдаланып, Сығанақ қаласын басып алуды ойластырады. Текеш өз ойын іске асыру үшін 1195 ж. Сығанақта басқарып отырған Қадыр-Буке ханға қарсы жорыққа аттанады. Бұл жорықта Текеш Отырарды билеп отырған Алып-Деректің әскерін өз жағына шығарып, қаланы жаулап алады.
Ал ХІІІ ғ. басында Сыр бойындағы қалалар үшін Хорезм шахы Мұхаммед пен Қыпшақ хандығының арасында бірнеше шайқастар болып өтеді. Бұл шайқастарда қыпшақтар өз ішіндегі алауыздықтың кесірінен жеңіліп, солтүстікке қарай шегінеді. Бірақ олардың арасындағы жауласушылық мұнымен бітпейді. Отырар, Сығанақ, Арал теңізінің аумағы бұл екі ел үшін ұзақ жылдар бойына қақтығыс көзіне айналады. Билік үшін бәсеке тек монғолдар екі елді де жаулап алғаннан кейін ғана біржола тынады.
Қыпшақ хандығы құлағанымен, оның халқы мүлде жойылып кеткен жоқ. Олар өздерінің тарихи дамуын жалғастырумен болды. Ақыр соңында олар қазақ халқының басты этникалық құрамының біріне айналды.
Бақылау сұрақтары
-
Қыпшақтардың этникалық шығу тегі.
-
Қыпшақтар туралы араб-парсы деректері.
-
Қыпшақтар туралы орыс деректері.
-
Қыпшақтар туралы Еуропа деректері.
-
Қыпшақ хандығының құрылуы.
-
Қыпшақтардың оғыздарды Арал, Каспий бойынан ығыстыруы.
-
Қыпшақтардың орыстармен және еуропа халықтарымен қатынасы.
-
Қыпшақ тайпаларының қоныстары.
-
Дешті- Қыпшақтың аумағы.
-
Шығыс Қыпшақ бірлестігі.
-
Батыс Қыпшақ бірлестігі.
-
Қыпшақтардың этникалық құрамы.
-
Қыпшақтардың қоғамдық құрылысы.
-
Қыпшақ хандығының оң қанаты.
-
Қыпшақ хандығының сол қанаты.
-
Қыпшақ хандығының әлеуметтік-экономикалық тегі.
-
Қыпшақтардың Хорезммен қарым-қатынасы.
-
Сыр бойындағы қалалар үшін Хорезм шахы Мұхаммед пен Қыпшақ хандығының арасындағы шайқастар және оның салдары.
-
Қыпшақ хандығының құлауы.
-
Қыпшақтардың қазақ халқының қалыптасуындағы орны.
№ 13 лекция.
Тақырыбы:
ІХ ғ. екінші жартысы – ХІІІ ғ. басындағы Қазақстан мәдениеті.
Жоспары:
1. Қалалық мәдениеттің дамуы.
2. Сәулет өнері. Тарихи-мәдени ескерткіштер.
3. Дін және мәдениет. Исламның күшеюі.
4. Ғылымның дамуы.
Лекция мақсаты: Студенттерге ІХ ғ. екінші жартысы – ХІІІ ғ. басындағы Қазақстан мәдениеті, атап айтқанда, қалалық мәдениеттің дамуы, сәулет өнері, тарихи-мәдени ескерткіштер, дін және мәдениет, исламның күшеюі және ғылымның дамуы туралы таныстыру.
Лекция мәтіні
1. Қалалық мәдениеттің дамуы.
Археологиялық зерттеулерде ерте орта ғасырларға (ҮІ-ІХ ғғ.) қарағанда, орта ғасырдың дамыған кезінде (Х-ХІІ ғғ.) отырықшылық мәдениет өркендеп, қалалар саны көбейген. Егер бұрын Оңтүстік Қазақстанда 30 қаланың орны белгілі болса, ал кейінгі кездегі зерттеулер бойынша, олардың саны 37 қалаға жеткен. Жазба деректерде алғашқы кезеңде 6 қала ғана аталса, соңғы кезде 33-ке жетті.
Қалалар санының өсуі Шығыстың экономикалық, мәдени байланыстар жүйесіне қатысуына байланысты қалалар маңызының артқандығын көрсетеді. Екіншіден, қала маңында жартылай көшпелі мал өсірушілердің отырықшылана бастауы қала санының өсуіне әсерін тигізген.
Оңтүстік Қазақстанда қалалардың топтаса орналасқан жерлері – Арыс өзенінің Сырдарияға қосылатын тұсындағы сағалары. Арыстың орта ағысында орталығы Осбаникет қаласы болған Кенже аймағы құрылса, ал өзеннің Сырдарияға құяр жерінде орталығы Отырар қаласы болған Фараб аймағы орын тепкен. Ал Шауғар (Йасы) аймағында Қарнақ, Қарашық, Шур (Сури), Шағылжан қалалары болған. Сырдың орта ағысында Сығанақ, Жанкент, Ашнас, Жент, Баршынкент қалалары белгілі. Қаратаудың терістігінде Балаж бен Берукет қалалары өмір сүрген.
Қалалық отырықшылық мәдениеттің тағы бір қанат жайған жері – Жетісу аймағы. Әсіресе оңтүстік-батыс Жетісудың орталығы Таразда қала мәдениеті өркендеген. Бұл аймақтан 36 қала жұрты табылды. Солтүстік-шығыс Жетісудан (орталығы Лабан, Алматы, Талхир қалалары) 70 қала жұрты ашылған. Қалалар тек сан жағынан ғана емес, көлемі, экономикалық жағынан да өсіп отырған.
Х-ХІІ ғғ. қалалар дамуының өзіне тән бір ерекшелігі – бұл кезде отырықшы мәдениеттің дамуы Қазақстанның орталық және шығыс аймақтарына қарай жайыла бастауы. Мәселен, Ұлытау етегіндегі Басқамыр, Аяққамыр немесе Кеңгір өзені бойындағы Сарайлы, Торайлы қалаларының өмір сүруі қалалық мәдениеттің дамуын көрсетеді.
2. Сәулет өнері. Тарихи-мәдени ескерткіштер.
Х-ХІІ ғғ. сәулетті ірі құрылыстар салына бастаған. Мұндай құрылыс жүйелерінің салынуына Қазақстанда ислам дінінің нығая бастауы себеп болды. Сәулетті құрылыс жүйелерінің сыртқы көрініс стилі Орта Азия мен Қазақстанда бірдей болды. Әсіресе діни кешендер салу ісі ерекше дамыды. Бұл кездегі ғимараттарға мешіттерді, кесенелерді, мазарларды, моншаларды жатқызуға болады.
Мешіт – мұсылман дінінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері орындалатын қасиетті ғимарат. Мешіт, мұнара салдыру билік басындағылардың ислам дініне адалдығының нышанын білдірген. Х ғ. араб-парсы деректерінде Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймағындағы қалаларда мешіттердің болғандығы айтылады. Олардың кейбіреулері осы күнге дейін сақталған. Мысалы, бір кезде ірі мешіт болған Боран мұнарасы – осының айғағы.
Өзінің алғашқы құрылыс жүйелерін сақтаған ескерткіштер – Бабаджа-қатын мен Айша-бибі кесенелері. Олар Тараз қаласының батыс жағында, 18 км жерде орналасқан. Бабаджа-қатын кесенесі – күйдірілген кірпіштен шаршылап салынған порталдары бар әсем күмбезді ғимарат. Төрт жағында – қабырғаларының ішкі және сыртқы беттерінде сүйірлеу аркалы қуыстары бар. Есігі шығыс жағында. Кесене шатырлы күмбезбен жабылған. Кесене шамамен Х-ХІ ғғ. салынған. Осы кесененің жанында жартылай сақталған Айша-бибі кесенесі орналасқан. Кесененің күмбезі құлаған. Кесененің сыртқы қабырғалары түгелдей оюлы террокот кірпіштермен қапталған. Кесененің ішінде күйдірілген кірпішпен сатылап қаланған шағын құлыптас сақталған. Бұл кесене Х-ХІІ ғғ. салынған деп саналады. Көрсетілген мерзімнен бір ғасыр бұрын Отырар қаласының аймағында Арыстанбаб кесенесі де салынған.
Орта ғасырдың дамыған кезінде архитектуралық сәнділігі ерекше көзге түсетіні монша құрылысы болып табылады. Отырар қаласына жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде ХІ-ХІІ ғғ. жататын екі шығыс моншасы табылған. Тараз қаласынан да екі монша аршылған. Осы іспеттес шығыс моншасы қазіргі Түркістан қаласында ХХ ғ. 60 жж. дейін жұмыс істеген. Монша Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жанында. Ол қазір мұражайға айналдырылған.
3. Дін және мәдениет. Исламның күшеюі.
Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңіріндегі қалаларға жүргізілген зерттеу жұмыстарына қарағанда, қала тұрғындарының арасында әр түрлі діни наным-сенімдердің болғандығы байқалады. Мысалы, Сырдария бойындағы ортағасырлық қалалардан қақпақ тұтқасы қошқар мүйізіне, құс айдарына ұқсас жасалған қыш құмыралар табылды. Жазба деректерге қарағанда, Сыр аймағында қойға табыну салты өріс алғандығы аңғарылады. Мұндай бейнелер зороастралық фарнға байланысты туған. Фарн түрлі халықтарда соңғы кезге дейін береке-байлық, бақыт, денсаулық, қаскөй күштерден үй ішін қорғаушы ролін атқарып келгені мәлім. Ал оғыздар мен түрікмендерде қойға табыну кең таралған. Ортағасырлық қалаларда отқа табыну әдеті де кең таралды.
Ғылыми зерттеулерге қарағанда, ертедегі діни наным дәстүрлері Жетісу аймағында кең таралған. Бұл жерде исламның таралуына қарамастан, зороастризм, христиан, буддизм сияқты діндердің салт-дәстүрлері де сақталған.
Ислам діні Орта Азия мен Қазақстанға арабтардың жаулап алуынан бастап ене бастады. Араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслим 709 ж. Бұхараны соғыссыз алады, 714 ж. Шашты басып алып, Исфиджабқа жорық жасайды. Насыр ибн Сейяр 737-748 жж. Орта Азияның бірқатар аймақтары мен Қазақстанның оңтүстігіне басып кіреді. 751 ж. Атлах түбіндегі ұрыста қарлұқтар арабтармен бірлесіп, қытайларды жеңіп шығады.
Х-ХІ ғғ. қала мәдениетінің дамуында ислам маңызды рол атқарды. Х ғ. басында Қарахандар әулетінің негізін салушы Сатұқ Боғра хан ислам дінін қабылдады. Ал оның баласы Мұса хан 960 ж. исламды Қарахандар мемлекетінің мемлекеттік діні деп жариялады. Араб саяхатшысы Әл-Макдиси Х ғ. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың қалаларында мешіттердің көптеп салына бастағаны туралы жазады.
4. Ғылымның дамуы.
Оңтүстік Қазақстанда Х ғ. бастап ислам діні кең түрде тарай бастайды. Сайрам, Отырар, Түркістан т.б. қалаларда діни медреселер салынып, ғылым-білімге кең жол ашылады. Әдеби және ғылыми шығармалар араб тілінде жазылады.
Шығыстың аса көрнекті ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) Фараб аймағына қарайтын Отырар қаласында туған. Осы қалада алғаш қыпшақ тілінде білім алған. Араб тілін Исфахан, Бағдат, Дамаск (Шам) қалаларында игерген. Философ, музыкант, математик ғалым – дүниеге көзқарасы жағынан өз заманының озық ойлы адамы болды. Дүние жүзінде Аристотель сынды ғұлама ғалымдардың бірі ретінде танылды. Өз еңбектерінде адам дүниені және оның мәнін өзінің сезім мүшелері мен ақыл-ойы арқылы таниды деп түсіндірді. Әл-Фарабидің логика мен медицина, ғарышнама мен анатомия, философия, заң ғылымы сияқты ғылым салаларына қосқан жаңалықтары әлемге әйгілі.
Ғұлама дүниеге келген Фараб өлкесінен ондаған Фарабилердің еңбектері мен есімдері белгілі болып отыр. Олардың ішінен ХІІ ғ. өмір сүрген Исхақ әл-Фараби, Жауһари әл-Фараби, Ахмад әл-Фараби сияқты ғалымдар бар.
Жүсіп Баласағұни (1021-1075). Ғұлама Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласында туған. Толық аты Жүсіп Хас Хажип Баласағұни. Ол өзінің атақты «Құтағду білік» («Құт негізі – білік») атты еңбегімен белгілі. Бұл еңбек алғаш рет түрік тілінде жазылған. «Құтағду білікте» түрік тілдес халықтардың тарихы мен қоғамдық-саяси өмірі, әдет-ғұрып, наным-сенімдері туралы мағлұматтар көптеп кездеседі.
Жүсіп Баласағұнидің бұл еңбегінде ғылымның философия, астрономия, алгебра т.б. салаларына да тоқталуы оның жан-жақты білімді адам болғандығын көрсетеді. Кітапта халық ауыз әдебиетінің үлгілері мол пайдаланылған. Аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер көп кездеседі. Мысалы, қазақтардың «Сөздің көркі – мақал», «Жастығымда бейнет бер, қартайғанда дәулет бер» деген мақал-мәтелдерінің арғы төркіні тым тереңде жатқандығынан дерек береді.
Махмұд Қашқаридің (1030-1090) шын аты Махмұд Хусейн ибн Мұхаммед Қашқари. Әкесі Қашқар қаласында туған. Махмұт алғаш Қашқар қаласында, кейіннен Орта Азия мен Иранның ірі қалаларында білім алады. Араб тілін жетік білген ғұлама ғалым саналы ғұмырын өзінің туған халқының тілін зерттеуге арнаған. Махмұд Қашқаридің үш кітаптан тұратын «Түрік тілдерінің сөздігі» («Диуани лұғат ат-Түрік») атты мәңгі өшпес мұра қалдырды. Бұл кітап - түрік дәуірінде өмір сүрген түрік тайпалары сөздерінің жиынтығы. Оның айтуы бойынша бұл еңбекті жазудан бұрын ол бүкіл түріктердің елі мен жерін түгел аралап шыққан. Атақты орыс ғалымы Н.А. Кононов Махмұд Қашқаридің бұл кітапты жазудағы басты мақсаты түрік тілінің мәртебесін көтеріп, оның араб тілінен ешбір кем түспейтінін дәлелдеу болды дейді. Ал екінші бір түрік тілінің маманы Н.А. Баскаков Махмұд Қашқари өзінің бұл еңбегін жазуда түрік тілдерін өзара салыстыра зерттеушілердің көшбасшысы болды деген пікірді айтады. Ғұлама өз еңбегінде түрік тілдес тайпалардың тілін ғана зерттеп қойған жоқ. Бұл кітаптан бүгінгі ғалымдар сол кездегі түріктердің мекендеген жерлерінің аты-жөні, олардың тарихы, этнографиясы, ауыз әдебиеті жайлы көптеген мағлұматтар алады. Сондықтан өзінің деректілігі жағынан бұл ешбір баға жетпес еңбек болып табылады.
Қожа Ахмет Йассауи (1103-1167) Сайрам қаласында туған. Әкесі Ибрахим атақты ғұлама адам болған. Шешесі – Мұса шайқының қызы Айша (бір деректерде Қарашаш). Ахмет жастайынан шешесінен, жеті жаста әкесінен жетім қалған. Ол өзінің әпкесі Гаухар Шахназдың қолында өседі. Алғаш әкесінен оқып, сауатын ашып, кейінірек ислам дінінің шариғат қағидаларын үйренген. Бала кезінен Йасы (қазіргі Түркістан) қаласын мекен етеді. Кейін осы қаланың атымен Ахмет Йассауи атанады. Бұхара қаласында Юсуф Хамаданиден діни білім алып, Йасыға оралады. Мұнда ол сопылық ілімнің насихатшысына айналады. Арыстан бабты пір тұтады.
Қожа Ахмет Йассауиден қалған мұра оның «Даналық кітабы» - «Диуани хикмет» болып табылады. Кітап түрік тілінде араб әліпбиімен жазылған. Бұл еңбекте адамды даналыққа, адалдыққа, кішіпейілділікке, имандылыққа шақырады. Аллаға адал болуға баулиды, дін жолында таза болуға үгіттейді. Ақын өз заманының билік иелерін қатты сынға алады.
Бақылау сұрақтары
1. ІХ-ХІІ ғғ. Оңтүстік Қазақстан қалалары.
2. ІХ-ХІІ ғғ. Оңтүстік-батыс Жетісудың қалалары.
3. ІХ-ХІІ ғғ. Солтүстік-шығыс Жетісудың қалалары.
4. Қала құрылысындағы өзгерістердің себептері.
5. Мешіттердің пайда болуы.
6. Ортағасырлық Қазақстан қалаларындағы Шығыс моншалары.
7. ІХ-ХІІ ғғ. тұрғын үйлер.
8. ІХ-ХІІ ғғ. қолөнер. Ұсталық, зергерлік кәсіптер.
9. ІХ-ХІІ ғғ. сауданың дамуы. Ақша айналымы.
10. ІХ-ХІІ ғғ. шаруашылықтың дамуы.
11. ІХ-ХІІ ғғ. сәндік қолданбалы өнер.
12. ІХ-ХІІ ғғ. архитектуралық құрылыс жүйелері.
13. Бабаджа қатун кесенесі.
14. Айша Бибі кесенесі.
15. Қарахан кесенесі.
16. Ислам дініне дейінгі діни нанымдар.
17. Исламның күшеюі.
18. Ислам дінінің мәдениеттің дамуына тигізген әсері.
19. Ғылым мен білімнің дамуы.
20. Әбу Насыр әл-Фараби.
21. Әбу Райхан Бируни.
22. Тіл білімінің дамуы.
23. Жүсіп Баласағұни.
24. Махмұт Қашқари.
25. Ахмет Йүгінеки
26. Қожа Ахмет Йассауи.
27. Сүлеймен Бақырғани.
№ 14 лекция.
Тақырыбы:
Қазақстан монғол шапқыншылығы тұсында.
Жоспары:
-
Шыңғысхан басқарған моңғол мемлекеттінің құрылуы мен нығаюы.
-
Шыңғысханның Орта Азия мен Қазақстан аумағын жаулап алуы. Ұлыстардың құрылуы (1219-1224 жж.)
Лекция мақсаты: Студенттерге Манғол мемлекетінің құрылуының тарихи жағдайын және Шыңғысханның Қазақстан аумағындағы жаулау саясатын көрсетіп түсіндіру.
Лекция мәтіні
1.Шыңғысхан басқарған моңғол мемлекеттінің құрылуы мен нығаюы.
Монғол және түрік тайпалары арасындағы үздіксіз соғыстар нәтижесінде ХІІ ғ. соңы мен ХІІІ ғ. басында Монғол мемлекеті пайда болды. Қазіргі Монғолияның жерінде ХІІІ ғ. басында Керей, Найман, Жалайыр хандықтарының шекарасына іргелес жатқан монғол тайпалары бірде тату, бірде араз өмір сүрген. «Монғолдың құпия шежіресінде» Керей мен монғол тайпаларының арасында жақсы қарым-қатынас орнағандығы айтылады. Бұл қатынас әсіресе, керей ханы Торының келешек Монғол қағаны Шыңғысты тәрбиелеуге көп еңбек сіңіргенінен айқын көрінеді.
Монғол империясының шаңырағын көтерген Шыңғыс хан (шын аты Темүжін) 1155 жылы (кей деректе 1162 жылы) Монғолияның Кендітау аймағындағы Онон өзенінің жағасындағы Болдоң деген жерде монғолдың қият-бөржигин тайпасының көсемі Есугей баһадүрдің отбасында туған.Темүжін 9 жасқа келгенде әкесі татарлар қолынан қаза табады.
20 жылға созылған күрес нәтижесінде 1206 жылы Онон өзенінің жағасында өткен жалпы моңғол құрылтайы Темучинді ең жоғары билеуші етіп сайлап, Шыңғысхан деген атақ берді.
Монғол мемлекетін Шыңғыс хан жеке басқарды. Жанында жаза білетін және басқа елдердің тілін түсінетін уәзірлері болды. Ол империяны 95 түмен әкімшілік билікке бөлді. Әр түменде 10 мыңнан адам болды. Түмендер аймаққа бөлінді. Әрбір мыңдық он жүздіктен, жүздіктер ондықтардан тұрды. Әскери басқару жағынан Монғолия аумағы мен халқы үш әкери-әкімшілік аймаққа бөлінді: 1. Оң қанат (Барұңғар); 2. Сол қанат (Жоңғар); 3. Орталық қанат (Кул).
Шыңғыс хан әскер ішінен таңдаулы, ең сенімді бір түменін империяның басқару жүйесін қорғауға қойса, оның ішінде тағы бір ең таңдаулы мыңдықты өз жеке басын қорғайтын жасауыл ( монғолша «кешіктен») етіп алды. Мемлекеттің басты заңы «Жасақ» (Яса) деп аталды. «Жасақ» бойынша өкімет билігінің жоғарғы органы құрылтай болды. Ол жылына бір рет жазда шақырылды. Онда басты мәселе – алда болатын соғыстың жоспары талқыланды.
2. Шыңғысханның Орта Азия мен Қазақстан аумағын жаулап алуы. Ұлыстардың құрылуы. (1219-1224 жж.)
Шыңғыс хан керей, найман хандықтары сияқты Монғол жеріндегі түркі тілдес халықтарды қол астына қаратқан соң, көрші елдерді жаулап ала бастайды. 1207-1208 жж. үлкен ұлы Жошы Енисей қырғыздары мен Сібір халықтарын басып алады. 1207-1209 жж. Шыңғыс хан Таңғұт хандығын, Тұрфанды, Шығыс Түркістандағы ұйғырларды бағындырады. 1211-1215 жж. Солтүстік Қытайды астанасы Пекинмен қоса басып алды. Солтүстік Қытайды жеңген Шыңғысханның алдында Орталық Азияның ең қуатты мемлекеттерінің бірі - Хорезмшақ иелігі тұрды. 1218 ж. екі мемлекет аралығындағы дипломатиялық келісімге қарамастан, сол жылы Отырардағы сауда керуенін Қайыр ханның қырып тастауын сылтау етіп, 1219 ж. қыркүйекте Шыңғысхан соғыс ашты. 150 мың әскерден құралған үлкен қол Ертістен Сырдарияға қарай қаптайды. Шағатай мен Үгедей бастаған түмендер Отырарды қоршауға алады. Жошы бастаған әскерлер Сырдың Төменгі ағысындағы қалаларды алуға аттанады. Шыңғыстың туыстары бастаған үшінші топ Сырдың жоғарғы ағысындағы қалаларды алуға, ал Шыңғыс ханның өзі мен кіші ұлы Төле Самарқан, Бұхара қалаларын алуға аттанады.
Оңтүстік Қазақстанның қалалары монғолдарға қарсы ерлікпен қарсыласты. Отырар қаласы алты ай бойы берілмеді. Тек Хорезмшах көмекке жіберген Қараша хажиб монғолдарға беріліп, қақпаны ашқаннан кейін ғана жеңіліске ұшыраған. Сығанақ қаласы 7 күн бойы, Ашнас қаласы 15 күндей берілмеген. Алайда жергілікті халықтар ерлікпен күрескеніне қарамастан монғолдар 1219-1220 жж. Сыр бойы қалаларын түгелімен жаулап алады. Жергілікті халықтың қарсылығын басу үшін Шыңғысхан жаппай қырып-жою, зорлық-зомбылық әдістерін қолданды. Отырардың билеушісі Қайырхан 80 мың әскермен қаланы бес ай бойы қорғап, қақпа ашылған соң монғолдар қаланы тағы бір ай бойы тонап, жермен-жексен етті. Жеті күн берілмеген Сығанақтың халқы түгел қырылды. Жент, Баршынент, Үзгенд қалаларыда жаппай тонауға ұшырады. 1219-1224 жж. аралығында Қазақстан мен Орта Азия иеліктерін түгелімен жаулап алды.
Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін төрт ұлына енші етіп үлестірді. Қазақстан жері оның үш баласының қол астына қарады. Бөліп берілген жерлер ұлыс деп аталды. Жошы ұлысына Ертіс өзенінен батысы Еуропа жерлеріне дейінгі ат тұяғы жететін жерлердің бәрі қарайтын болды. Орталығы бір деректе Ертісте, бір дерек бойынша Орталық Қазақстан жеріндегі Кеңгір өзенінің бойында болды. Шағатай ұлысына Жетісу жері, Оңтүстік Қазақстан, Мауереннахр және Қашқария жері тиді. Орталығы – Алмалық.. Үгедей ұлысына Батыс Монғолия мен Алтай, Тарбағатай, Ертістің жоғары ағысындағы жерлер қараған. Ол ұлы хан атанғаннан кейін Орхонда, Қарақорымда тұрған. Кіші ұлы Төле қара шаңырақ – Монғолияның өзін мұраға алған.
Шыңғысхан шапқыншылығы елге үлкен қайғы-қасірет әкелді. Өркениет деңгейіне жеткен қалалар, мәдениет ошақтары күйреді. Қазақстан тайпаларының этносаяси бірігу процесі шегеріліп, рухани жетістік монғолдардың артта қалған қарабайыр шаманистік жүйе қарамағында қалды. Мемлекет дамуындағы тиімді әкімшілік жүйесі әскери әкімшілік жүйесімен ауыстырылды. Қарахан кезеңіндегі әлемдік биікке көтерілген ғылыми дамудың тамыры қиылды. Діни тұрғыда білімнің дамуымен қоғамдық сапаны жаңа белеске көтерген ислам діні шаманизм бұғауына түсіп бұрмалануға ұшырады. Монғолдар енгізген шамандық діни салттардың жаңғырығы бүгінде өмір сүруде. Суландыру жүйесі дамыған жер шаруашылығы да монғол атының тұяғына тапталды.
Дегенмен, монғол шапқыншылығы қарсаңында әлеуметтік-экономикалық және мәдени жетістік қирап, күйрегеніне қарамастан, шапқыншылықтан кейінгі бой көтерген жаңа мемлекеттердің дамуына негіз қалады.
Бақылау сұрақтары
1. Манғол тайпалары жөніндегі жазба дерек мәліметтері, олардың түрлері.
2. Шыңғыс хан, оның ата-тегі, жастық өмірі.
3. Шыңғыс ханның Манғол мемлекетін құруы.
4. Манғол мемлекетінің саяси-әкімшілік құрылымы.
5. Монғолдардың алғашқы жаулап алу жорықтары.
6. Монғолдардың қазіргі қазақ даласына келуі: меркіттерді және найман ханы Күшлікті жазалау.
7. Шыңғыс хан мен Мұхаммед Хорезмшах арасында бейбіт сауда келісімінің жасалуы.
8. «Отырар опаты».
9. Оңтүстік Қазақстан қалаларының монғол шапқыншылығына қарсы ерлікпен күресуі.
10. Қаһарман Отырар қорғанысы.
11. Хорезм шах мемлекетін талқандау.
12. Қалқа шайқасы. Монғолдардың Дешті Қыпшақты бағындыруы.
13. Монғолдардың жаулап алған елдерді ұлыстарға бөлуі.
14. Монғол ұлыстарының территориясы, этникалық құрамы.
15. Қазақ жерлері монғол хандары құрған ұлыстар құрамында. Монғол езгісіне қарсы көтерілістер.
16. Қазақстанға монғол шапқыншылығының тигізген зардаптары.
№ 15 лекция.
Тақырыбы:
Алтын Орда. Саяси және мемлекеттік құрылымы.
Жоспары:
-
Алтын Орда мемлекетінің құрылуы.
-
Алтын Орданың саяси тарихы.
-
Алтын Орданың әлсіреуі және күйреуі.
-
Алтын Орданың қоғамдық құрылысы.
Лекция мақсаты: Студенттерге Алтын Орда мемлекетінің құрылуы, оның саяси тарихы, күшеюі, әлсіреуі мен күйреуі және Алтын Орда мемлекеті кезіндегі өнер, ғылым мен мәдениеттің жетістіктері туралы түсіндіру.
Лекция мәтіні
1. Алтын Орда мемлекетінің құрылуы
Монғол шапқыншылығынан соң Қазақстан аумағы Шыңғысханның үш ұлына бөлінген ұлыстар құрамына енді Жетісудың солтүстік бөлігі және төменгі Еділ бойына дейінгі жерді қоса бүкіл Шығыс Қыпшақ даласы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының үлесіне тиді. Екінші ұлы Шағатайға Жетісу аймағы және Маураннахр мен Шығыс Түркістан, үшінші ұлы Үгедейге Жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай жерлері бөлінген-ді. 1227 жылы Шыңғысханның қайтыс болуымен күшпен, зорлықтан құрылған империясының ордасы сөгіле бастады. Орхондағы орталық пен ұлан-ғайыр жердегі ұлыстардың шалғайлығы мен ұлыс билеушілердің мүддесі империяның ыдырап, жеке мемлекеттерге айналуына алып келді.
Жошының мирасқоры - Батый 1235 ж. империя астанасы – Қарақорымда өткен монғол ақсүйектерінің құрылтайында Еуропа елдеріне жасалатын жорық әскерлерінің бас қолбасшысы болып тағайындалып, 1236-1242 жж. жасалған жорықтың нәтижесінде Батыс Дешті-Қыпшақты, Еділ бұлғарларын, Орыс князьдіктерін, Польша, Венгрия, Чехия т.б. елдерді бағындырып, ұлыстың шекарасын Еділден батысқа жылжытып, енді Алтайдан Дунайға дейінгі жерлер ұлыс құрамына енеді. Осылайша 1242 ж. Алтын Орда мемлекетін құрады. XVI ғ. соңынан “Алтын Орда” болып құрылған мемлекет өз кезінде билеушілердің атымен Батый ұлысы, Берке ұлысы деп аталған мемлекет ұлыстың жүйеде құрылды. Орданың оң қанатында мемлекет орталығы орналасса, ал сол қанаты Жетісудың солтүстік шығыс бөлігі, Ертіс аймағы мен Ұлытаудан Қаратауға дейінгі жерлер, ағасы Орда Ежен басқаруына берілді. Ішкі ұлыстар өз кезегінде кіші ұлыстарға бөлініп басқарылды. Астанасы алдымен Сарай Батуде, кейінірек Сарай Беркеде орналасты.
2. Алтын Орданың саяси тарихы.
Берке ханның (1257-1263 жж.) тұсында империя орталығынан, Батый ханның кезіндегі қағаз жүзіндегі болса да тәуелділіктен толық дербестікке қол жеткізді. Шаманизмнен — бір құдайшылыққа — ислам дініне бет бұрып, мұсылман болған Берке тәуелсіз мемлекеттің ғылымды дамытуға күш салды. Монғолдардың іштей қарсылығына қарамастан Иран, Египеттен ғалымдарды алдырып, мемлекеттік басқару жүйесіне білімді адамдарды жинады. Беркенің кезінде Алтын Орда мен Египет сұлтаны Бейбарыс арасындағы байланыс күшейе түседі. Алтын Орданың саяси жағынан мемлекеттік беделінің көтерілуіне зор үлесін қосқан Тоқты хан (1290-1312 жж.) болды. Ол Иран, Кавказ елдерімен сауда байланыстарын жандандырып, Египет мәмлүктерімен тығыз байланыста болған. Алтын Орда мемлекеті Мұхаммед Өзбек ханның (1312-1342 жж.) және оның баласы Жәнібек ханның (1342-1357 жж.) билігі тұсында шарықтау шегіне көтерілді. Өзбек хан 1312 ж. ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялай отырып, экономика мен мәдениеттік дамуын саналы биікке көтерді. Сауда қатынастары Батыс Европа, Кіші Азия, Египет, Индия, Қытай мемлекеттерімен жүргізілді.
Алтын Орда мемлекетінің негізгі тіректі күші Қазақстанның жергілікті тайпаларынан тұрды. Монғол билеушілері нояндары аз уақыттың ішінде түріктеніп, кейін қазақ халқының құрамына енді. Қазақ мемлекетінің Алтын Орданың заңды мұрагері, жалғасы екендігін көрсетеді.
3. Алтын Орданың әлсіреуі және күйреуі.
Алтын Орда Жәнібек ханның өлімінен кейін ішкі алауыздыққа ұрынды. «Ұлы дүрбелең» кезеңі деп аталатын жиырма үш жылда (1357-1380 жж.) жиырмадан астам хандар бірін-бірі ауыстырды. Орданың батыс бөлігі бірнеше иеліктерге бөлінді. Осындай ішкі талас-тартыстан әлсіреген Алтын Орданың Мамай қолбасшылық еткен әскері 1380 ж. Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен жеңілді. Осы әлсіздікті пайдаланған Жошынвң екінші бір ұрпағы Тоқтамыс Әмір Темірдің көмегімен Алтын Орданың билігін өз қолына алған. Билігін нығайту үшін ол 1382 ж. Мәскеуге басып кіріп, қаланы өртеп жібереді.Мауереннахр мен Кавказ елдеріне жорық жасайды. Әмір Темір Тоқтамыстың өзіне жасаған опасыздығы үшін, Алтын Ордаға бірнеше рет шабуыл жасап, оны бас көтере алмастай етіп тұралатты. Одан соң Алтын Орданың беклербегі, маңғыт әмірі Едіге билікке араласып, іс жүзіндегі билеушілерге айналды. Едіге он бес жыл (1396-1411 жж.) билікті өз қолында ұстады.
Едігенің 1419 жылы билік үшін күресте қаза болуынан кейін орталық билік толық ыдырауға бет алды. XV ғ. ортасына қарай оның аумағында Астрахань, Қазан, Қырым, Сібір хандықтары, Ноғай Ордасы құрылды.
Жошы ұлысының негізгі ордасы болған Қыпшақ даласы Алтын Орданың тіректі күші болды. Орда ішіндегі алдын ұлыс болған Ақ Орда орталықтан бөлініп жеке мемлекетке айналды. Алтын Орданың да негізгі аумағы қазақ халқының атамекені — Ақ Орданың билігіне көшті.
4. Алтын Орданың қоғамдық құрылысы.
Шыңғыс хан ұрпақтары ұлыстарының басқару жүйелері бір-біріне ұқсас болды. Хандық өкімет хан ұрпақтарының иелігі болып табылды. Егер хан өлсе, не інісі, не баласы таққа отыратын. Алтын Орда хандары ислам дінін қабылдағаннан кейін, іс жүргізу жұмыстарын ұйғыр жазуымен жүргізген. Мұндай іс-қағаздарын жүргізушілерді «бітікшілер», яғни хатшылар деп атаған. Ұлыстың аумақтық бөліктерін билеушілер әмірлерге, мыңдықтар нояндарға, ал нояндар беклербекке бағынған. Ал азаматтық істерге уәзір билік жүргізген. Жалпы Алтын Ордада Жошы ұлысының мемлекеттік басқару жүйесі толығымен сақталған. Мемлекет ұлыстарға, ал ұлыстар ұсақ үлестерге бөлініп басқарылатын. Азаматтық басқару билігі түрік әулеттерінен шыққан «мәлік» деп аталатын жергілікті әкімдер арқылы жүзеге асырылған. Даруғалар салық жинаумен шұғылданды. Әскери істерді беклербек басқарды. Басқақтар да маңызды роль атқарды. Олар басқару қызметін атқарумен қатар, жергілікті халыққа әскери бақылау жүргізді, кейбір жерлерде салық жинаумен де айналысты.
Бақылау сұрақтары
1. Батыйдың Бұлғар, Орыс, Солтүстік Кавказ елдерін бағындыруы. Шығыс Европаға шабуылы.
2. Алтын Орданың құрылуы.
3. Алтын Орданың территориясы және астаналары.
4. Алтын Орда құрамындағы халықтардың этникалық және басқа ерекшеліктері.
5. Алтын Орданың Монғол империясынан оқшаулануы.
6. Берке хан тұсындағы Алтын Орда.
7. Берке хан мен Бейбарыс сұлтан арасындағы байланыстар.
8. Мөңке Темір хан тұсындағы Алтын Орда.
9. Тоқты хан тұсындағы Алтын Орда.
10. Алтын Орданың күшеюі. Өзбек хан.
11. Жәнібек хан тұсындағы Алтын Орда.
12. XIV ғ. 60-70 жж. «дүрбелең кезеңі».
13. Куликово шайқасы.
14. Тоқтамыс ханның Алтын Орда билігіне келуі.
15. Тоқтамыс хан мен Әмір Темір әскерлері арасындағы шайқастар.
16. Алтын Орданың ыдырау жолына түсуі. Қазан, Қырым, Аштархан, Әбілхайыр хандықтарының, Ноғай Ордасының бөлініп шығуы.
17. Алтын Орданың саяси құрылымы.
18. Алтын Ордадағы хандық билік. Басқару жүйесі. Мұрагерлік жол.
19. Алтын Орда әскерінің құрылымы.
20. Алтын Орданың қоғамдық құрылымы.
21. Алтын Орда халықтарының шаруашылығы, оның түрлері, діні, тілі, мәдениеті.
№ 16 лекция.
Тақырыбы:
Ақ Орда мемлекеті.
Жоспары:
-
Ақ Орда мемлекетінің құрылуы.
-
Ақ Орданың саяси тарихы.
-
Ақ Орданың этникалық құрамы және қоғамдық құрылысы.
Лекция мақсаты: Ақ Орда мемлекетінің құрылуы, Ақ Орданың саяси тарихы және
Ақ Орданың этникалық құрамы мен қоғамдық құрылысы туралы студенттерге түсіндіру.
Лекция мәтіні
-
Ақ Орда мемлекетінің құрылуы.
Достарыңызбен бөлісу: |