12 Лекция. Әлеуметтік страфикация және ұтқырлық
1. Теңсіздік құрылымы. Әлеуметтік таптар.
2. Теңсіздік жөніндегі теориялық көзқарастар
3. Әлеуметтік қозғалыстарға теориялық көзқарастар .
1. Стратификация қарапайым теңсіздік ұғымынан ерекше, өйткені ол тұлғаның жеке қасиеттеріне емес, оның әлеуметтік санаттағы мүшелігіне негізделеді. Әдетте теңсіз бағаларды ақтайтын нормалар мен құндылықтар қамтылады.
Стратификациялық жүйелердің екі түрі бар. Касталық жүйелерде сіздің әлеуметтік деңгейіңіз толығымен ата-анаңыздың мәртебесіне байланысты. Таптық жүйелерде әлеуметтік деңгейіңіз толығымен біліміңіз бен кәсіптік білігіңізге байланысты болады. Сондықтан атаанаңыздан жоғары немесе төмен деңгейге болуыңыз мүмкін.
Маркстың пайымдауынша, стратификацияның бір ғана маңызды өлшемі бар – ол таптық қатынастар өлшемі. Вебер екі қосымша өлшемді ұсынған, ал әлеуметтану ғалымдарының көбі қазір стратификацияның үш бағытына сүйенеді: тап, мәртебе және билік.
Кедейлік шегіндегі топтар деп шаруашылығы бар және кедейліктің ресми деңгейінен екі есеге дейін жоғары табыс табатындарды айтады. Көптеген зерттеушінің пікірінше, «кедейлік шегіндегілер» шын мәнінде «кедейлер» деп есептелуі тиіс. Өйткені екі топ үшін де лайықты деңгейде өмір сүру қиынға соғады. Алайда кедейлік шегіндегі адамдардың жағдайы кедейлік деңгейінен де төмен табысқа өмір сүретіндерден өзгеше. Жоқшылықты бастан кешкен кедейлермен салыстырғанда жағдайы кедейлікке жақын тұлғалар әдетте жақсы мектебі бар қауіпсіз (бірақ жақын маңдағы кедей аудандардан қауіп төнетін) аудандарда өмір сүреді. Жұмысшы табына өнеркәсіптегі «көк жағалы» жұмысшылар мен олардың отбасылары жатады. Олар – фабрикаларда, зауыттарда және сұлулық салондарында жұмыс істейтін ерлер мен әйелдер. Арасында жүк машиналарын жүргізетін, хатшы ретінде жұмыс істейтін, үй салатын және қызмет көрсету саласында еңбек ететін қызметкерлер де бар. Олардың еңбекақысы кейде өте жақсы әрі жеңілдіктер алатын болса да, жұмысшы табы болып қала береді. Орта топтағы көпшіліктің жоғары білімі немесе орта кәсіптік білімі болғанымен, еңбекақысы жұмысшы тап өкілдерінің ақысынан төмен болуы мүмкін. Орта тап мүшелерінің табысы жоғары немесе төмен болғанына қарамастан, олар жұмыс орнының қауіпсіздігіне баса назар аударады және жұмысшы табына қарағанда қызметте өсуге мүмкіндіктері көбірек болады. Жоғарғы тап екі топтан тұрады. Біріншісі – отбасыларының табысы мен мәртебесі ұрпақтанұрпаққа беріліп келген адамдар. Екінші топ миллиондаған немесе миллиардтаған доллар табысының кем дегенде бір бөлігін өз еңбегімен (мұраға емес) тапқан адамдардан тұрады.
Стратификация – әлеуметтік мәртебелерді шектеулі ресурстарға қолжетімділік тұрғысынан анықтайтын теңсіздіктің институттық құрылымы.
Бедел – бір адамға немесе топқа ерекше әлеуметтік ізет-құрмет білдіру, мәртебе деп те аталады.
Билік – басқалардың қалауына қарамастан, оларға ықпал ету немесе үстемдік көрсету арқылы өз еркін жүзеге асыру.
Әлеуметтік мобильділік – адамның әлеуметтік таптағы орнының жоғары немесе төмен ауысуы.
Буржуазия – жұмыс жасауға қажетті құралдар мен материалдарды, яғни өндіріс құралжабдықтарын иеленген тап.
2. Құрылымдық-функциялық теория бойынша, теңсіздік – адамдарды әлеуметтік позицияға жіктеудің қажетті және әділетті тәсілі. Конфликтология теорияшылары теңсіздік шектеулі ресурстар үшін туындаған шиеленістерден пайда болады деп санайды. Себебі билік басындағылар өз үстемдігін сақтау үшін және пайдасын көру үшін түрлі іс-әрекеттерге барады. Символдық интеракционизм теориясы өздігінен орындалатын істер туралы болжам арқылы әлеуметтік мәртебенің нығайтылуына баса назар аударады. Адамдарды мәртебеге жіктеу макро және микро процестерді қамтиды. Еңбек нарығы макродеңгейде белгілі бір мәртебеге деген сұранысты қалыптастыру арқылы әлеуметтік сатыларға негізделеді. Ал микродеңгейде мәртебеге жету процесі, негізінен, жанама мәртебеге сүйенеді. Теңсіздік деңгейі жоғары болғанына қарамастан, кез келген қоғамдағы адамдардың көпшілігі теңсіздік құрылымын табиғи қалыптасқан немесе әділ деп қабылдайды. Идеология – әлеуметтік, саяси, экономикалық немесе мәдени ұстанымды қолдап, маңызын арттыратын кез келген идеялар мен көзқарастар жүйесі. Әрбір стратификациялық жүйеге елдегі әлеуметтік құрылымды тиімді ететін және оны адамдардың қабылдауына бағытталған идеология бар.
Жаһандық теңсіздік – бүгінгі әлемде танылған шындық. Орташа дамыған және дамуы төмен елдердің өркендеуі арқылы теңсіздіктің деңгейін төмендету – барлық елдерге ортақ проблема. Даму – барынша «батыстандыру» емес. Бұл – өнімділікті арттыру және өмір сүру деңгейін көтеру.
Дүниежүзіндегі мемлекеттерді бай, әртараптандырылған, тәуелсіз, жоғары дамыған іргелі елдер, орташа дамыған шеткері елдер және дамуы төмен елдер деп бөлуге болады. Адами даму индексі және гендерлік даму индексі жалпы өмір сапасын бағалау үшін сауаттылық пен білім сапасының, өмір сүру ұзақтығы мен экономикалық өнімділіктің көрсеткіштерін қолданады. Сонымен қатар гендерлік теңсіздікке ықпал ететін өмір сүру сапасы да зерттеледі.
Модернизация теориясының әлеуметтік өзгеріс жөніндегі функциялық пайымдауы нашар дамыған елдер жоғары дамыған елдердің технологияларын және әлеуметтік институттарын қабылдау арқылы индустриялануға серпінді қадам жасайтынын дәлелдейді. Әлемдік жүйелер теориясындағы конфликт көзқарасы әлемді біртұтас экономикалық жүйе ретінде қарастырады. Негізгі қоғамдар болып танылатын индустрияланған белгілі елдер аз дамыған перифериялық қоғамдардың есебінен әлемдік ресурстарды басқарады.
Даму – қоғамның еңбек өнімділігін жетілдіру және өмір сүру сапасын жоғарылату процесі яғни, өмір жасының ұзаруы, жақсы тамақтану, сапалы білім, жақсы тұрғын үй және тұтыну тауарларының көпшілігіне қолжетімділік.
Қарқынды дамыған елдер – елеулі экономикасымен және саяси тәуелсіздігімен белгілі, бай мемлекеттер.
Орташа дамыған елдер – қарқынды дамыған елдерден гөрі деңгейі әлдеқайда төмен, бірақ дамуы төмен елдерге қарағанда жағдайы жақсы мемлекеттер.
Дамуы төмен елдер – кедейлігімен және саяси әлсіздігімен белгілі, көптеген даму көрсеткіштері төмен деңгейдегі елдер.
Трансұлттық корпорациялар – халықаралық деңгейдегі тауарлар өндіретін және сататын аса ірі корпорациялар.
Іргелі елдер – экономикалық тұрғыда әртараптандырылған және сыртқы бақылаудан тәуелсіз, бай, қуатты елдер.
Шеткері елдер – салалық экономикасын өзі басқаруға мүмкіндігі жеткіліксіз, кедей және әлсіз елдер.
Табыс – белгілі бір уақыт аралығында алынатын ақша көлемі.
Табыс теңсіздігі – белгілі бір ел ішіндегі табыс көлемінің айырмашылығы.
Идеология – әлеуметтік құрылымды жетілдіруді көздейтін нормалар мен құндылықтар жүйесі.
3. Ұжымдық мінез-құлық пен әлеуметтік қозғалыстар өзара байланысты болғанымен әртүрлі қызмет атқарады. Ұжымдық мінез-құлық жоспарланбаған әрі тосын, ал әлеуметтік қозғалыс ұйымдастырылған, мақсатты және ұзақмерзімді болып келеді. Салыстырмалы депривация теориясына сәйкес, адамдар қолында бары мен ойдағы үміті арасындағы зор айырмашылықты сезінген кезде әлеуметтік қозғалыстар пайда болады. Ойдағы үміт басқа топтармен және басқа кезеңдермен салыстырудан туады. Ресурстарды жұмылдыру теориясы адамдар әлеуметтік өзгерістер жасауға қажетті ресурстарды біріктіре алса, әлеуметтік қозғалыстар пайда болады деп пайымдайды.
Саяси процестер теориясы саяси мүмкіндіктер мен ресурстардың қолжетімділігін қарастырады және сәтті қозғалыстар өзгерістердің қажеттігі мен мүмкіндігін қатысушыларға сезіндіруі керектігін мойындай отырып, ресурстарды жұмылдыру теориясына сүйенеді. Әртүрлі мақсаттарға қол жеткізу үшін сәтті қозғалыстарға жан-жақты ұйымдар қажет.
Сондай-ақ ол барлық қажетті ресурстарды жұмылдыруға қабілетті болуы тиіс. Жаңа мүшелерді тарту үшін ұйым өз идеологиясын адамдарды күрделі мәселеге сендіре алатындай етіп қалыптастыруы қажет. Мәселеге қатысты қабылданатын шешім әрі лайықты, әрі тиімді болатынына сендіру қажет. Ал жекелеген адамдардың мүдделері, құндылықтары мен сенімі қозғалыстың ұстанымымен үйлесетініне иландыруы керек. Алайда идеологияға қарамастан, негізінен, қозғалыстың мүшелерімен әлеуметтік байланысы бар және қарсыластарға қатысы жоқ адамдар көбірек тартылады. Сонымен қатар сәтті қозғалыстарға БАҚ назарын аударатын инновациялық әдістер қажет.
Кері қозғалыстар – өзге әлеуметтік қозғалыстар насихаттайтын өзгерістерге қарсы тұруға немесе мүлде болдырмауға тырысатын әлеуметтік қозғалыстар. Егер бастапқы қозғалыс азғантай болсын табысқа қол жеткізсе, кері қозғалыс дами түседі. Егер кейбір адамдар бастапқы қозғалыста қол жеткізген өзгерістер салдарынан әлеуметтік жағдайы мен құндылықтарына қауіп төніп тұрғанын сезсе де және қарсы бағыттың әлеуетті мүшелері олардың мықты одақтастары боларына сенсе де, кері қозғалыстың дамуына мүмкіндік бар.
Қоршаған ортаны қорғау қозғалысы мемлекеттік саясатқа ықпал етуге тырыса отырып, сот арқылы қарсылық білдіруден бастап астыртын іріткі салуға дейінгі түрлі әдістерді қолданады. Қозғалыс жетістіктерінің өсу себептерінің бірі – қозғалыс аясындағы ұйымдардың көп түрлілігі.
Достарыңызбен бөлісу: |