Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті
ф.ғ.к., доцент Т.А.Сулейменов
Лекция курсы
Шымкент-2010 ж.
1-лекция
Мәдениет контекстіндегі философиялық шығармашылықтың тарихи типтері
Философия мәнін түсіндірмелеудің негізгі типтері. Дүниеге қатынас және дүниетаным ұғымдары. Дүниетаным және дүниенің жалпы мәденилік суреті. Дүниетаным және фплософия. Философия пайда болуының тарихи-әлеуметтік детерминанттары. Мәдениет дүниесіндегі философияның қатынасы мен тағайыны. Философия адам құштарлығының әр түрлі төрт саласының - ғылым, поэзия, дін, логика - негіздемесі ретінде. Философия және мифология. Философия және дін. Философия және өнер. Философия және ғылым. Философия және саясат.
Философия термині көне грек тілінен аударғанда даналыққа құштарлық, ал көне үнді тілінен аударғанда ақиқатты көру деген мағынаны береді.
«Философ» сөзін ең алғаш рет интеллектуалды білімге ұмтылып, дұрыс өмір сүруге тырысқан адамдарды оқшаулау мақсатында көне грек математигі мен философы Пифагор қолданған.
Философия терминін түсіндіріп, оны ерекше ғылымның түрі ретінде негіздеген Платон.
Көне дүниеде философия деп аталған білім ғылымдардың алғашқы негіздері, практикалық байқаумен, қорытындылармен қатар адамдардың әлем туралы адам тіршілігінің мәні мен мақсаты, өзі туралы мәліметтерді біріктірді.
Философияның қалыптасуы әлем туралы білімдер мен адамдардың өмірлік тәжірибесінің үйлесімділігін іздестіретін ерекше рухани ұстанымның пайда болуын паш етті.
Философия даналыққа апаратын жол, яғни даналық философиядан да жоғары, оған философияның көмегімен көтерілуге болады.
Даналық дегеніміз - әр нәрсенің шегін білу, байыбына бару, себебін түсіну, асықпай, аптықпай шешім қабылдау, яғни ол – адамның интеллектуалдық мүмкіндігінің шыңы, адам армандайтын рухани биіктік.
Алғашқы философиялық теориялар өзінің мағынасы жағынан синкретті, яғни жиынтық білім болды. Өйткені, оның құрамында әлем мен адам туралы барлық білімдер сонымен қатар, математиканың, тарихтың, астрономияның, механиканың, медицинаның, этиканың, эстетиканың бастаулары орын алды. Антикалық философияның кез келген өкілінің әмбебап ойшыл, энциклопедиялық ғалым болғандығы жай ғана кездейсоқтық болмаса керек.
2000-нан астам жыл тарихында философияның пәні ұдайы өзгеріп, дамып отырды. Бірақ оның болмысында жылдар, ғасырлар өтсе де өзгермейтін тұрақты, тек оған ғана тән ерекшеліктері болды. Философияның іргелі сұрақтары дүниетаным мәселелерімен тығыз байланысты.
Дүниетаным немесе дүниеге көзқарас, адамның сыртқы дүние қоршаған ортаға, өзіне - өзінің, басқаларға қарым – қатынасы туралы мәліметтердің жиынтығы. Сонымен қатар, ол адамның бағыт бағдарын, сенімі мен идеалдарын, принциптерін, ұмтылыстарын білдіреді.
Дүниетаным адамның өзі және қоршаған орта туралы білімдерімен ғана шектелмейді. Өйткені, ол дүниенің бейнесі ғана емес, ең алдымен, дүниеге деген қатынас. Адам дүниеге бейжай немқұрайдылықпен немесе қызығушылықпен қарайды, оны не ізгілік, не зұлымдық тұрғысынан бағалайды. Осы қатынастар төңірегінде сыртқы материалдық әлем мен ішкі рухани дүние туралы түсініктер жинақталып, тиянақталынады. Сөйтіп, әлем, табиғат, адам, олардың бірлігі мен адамның дүниедегі орны, болмыс пен болашақ туралы түсініктер қалыптаса бастайды. Дүниетаным - өзін өзі, айналадағы ортаны өзгертетін адамның практикалық іс - әрекетінің тірегі.
Кез келген пенде, жеке адам, ойшыл дүниетанымның субъектісі бола алады. Өйткені әр адамның өзіндік тәжірибесі мен білімдері бар, ол әр нәрсені өзінше қабылдайды, түйсінеді, түсінеді. Қоғамдағы үлкен топтардың да өзіне тән дүниетанымы бар. Ол осы тапқа, топқа тән ортақ белгілерді, бағалау мен идеалдарды біріктіреді. Біз оны тарихи, этнографиялық деректерден, көркем әдебиеттен айқын көреміз.
Дүниетаным – құрылымы жағынан күрделі жүйе. Оның бастапқы және өзекті элементі – білім. Ол қарапайым және ғылыми болып бөлінеді. Білім – керемет күш, оның көмегімен белгісіз құбылысты ашып, игеруге болады. Бұл процесс тереңдеген сайын дүниетаным да екшеленіп, жүйеленіп, тұрақтылық сипатқа ие болады. Білім адамның көкірегіне еніп, санасына ұялап, оның өмір тәжірибесінің елегінен өтіп барып, сенімге айналады. Сенім дегеніміз – дүниеге көзқарастың түп қазығы, бағыттаушысы, адамның өз позициясына, тоқыған ойына, істеген ісіне деген беріктігі. Сенімі берік адамның көзқарасы, дүниетанымы нақты, ісі қонымды, бағыты қашан да айқын.
Адам сенімсіз өмір сүре алмайды. Тек сенім арқылы адам өзінің кім екенін және жарық дүниеде не үшін өмір сүретінін біле алады. Адамның алдына қойған мақсатының айқын болуы, дүниетанымның өмірімен байланыстылығы берік сенімнен туады. Сенім мен дүниетаным қатарласып жүрсе ғана адам санасы нұрлана түседі. Сенімі күшті адамның өмірі де мықты, мәнді, мағыналы болады. Берік сенім жоқ жерде тыңғылықты дүниетаным да, тұрақты мінез-құлық та болмайды. Сенімі қалыптаспаған адамның шындықтың жай-жапсарын дұрыстап айыруға, өмірден өз орнын дұрыс табуға шамасы жете бермейді.
Сенім дегеніміз адамның білімдеріне, айналадағы қоршаған ортадағы іс - әрекеттерінің дұрыстығына деген батылдығын білдіреді. Адамда өзіне - өзінің терең сенімі болуы – оның әлеуметтік өсуінің дәрежесін көрсетеді. Наным – адамның қиялдағы шындықтың болатынына сенім білдіретін ерекше жағдайы психологиялық ұстанымы.
Адамның дүниетанымы оның білімі мен сенімнің бірлігі. Ол әйтеуір бір қуанышты оқиғаны немесе нәтижені білдіретін үмітсіз болмайды. Үміт – адамды болашаққа жетелейді, өмірге деген сенімді одан әрі арттырып, оған ғашық етеді. Үміт – белгілі бір істің, ойдың жүзеге асуына білдірілген сенім, дәме. Адам үмітпен өмір сүреді. Үміт бар жерде өмір де бар. Ол – адам өміріндегі ең маңызды адамгершілік тірегі.
Дүниетанымның құрылымдық жүйесіне адамның негізгі принциптері мен рухани құндылықтары да кіреді.
Дүниетаным дегеніміз – дүниені түйсіну, түсіну арқылы адамның өзіне өзінің, сыртқы дүниеге қарым – қатынасын анықтаудың өзегі, күре тамыры.
Дүниетаным ғылыми, ғылыми емес, прогрессивті немесе реакциялық, оптимистік немесе пессимистік болуы мүмкін. Сонымен қатар, әрбір тарихи дәуірде осы заманның сарынына сәйкес дүниетанымның ерекше типі болады. Мысалы, көне дүниеде мифологиялық, орта ғасырларда діни, ал Жаңа дәуірде адамдардың табиғи құқықтары туралы идеяға сүйенетін, ғылымға бағытталған заңды дүниетаным қалыптасты.
Өзінің мағынасы жағынан дүниетаным әр уақытта көп жақты. Сондықтан оның бірнеше маңызды қабаттарын, аспектілерін ерекше бөліп көрсетуге болады. Ғылыми дүниетанымда табиғат, әлем, оның құрылымы және өмір сүру заңдылықтары туралы мәліметтер ерекше роль атқарады. Дүниетанымның экономикалық қыры адамдардың еңбек етуі мен техника, сауда, ақша, яғни қоғамның экономикалық болмысының барлық қатынастарын білдіреді. Әлеуметтік – саяси, аспект – бұл қоғамның саяси өмірі, үлкен әлеуметтік топтардың өзара қарым – қатынасы туралы мәліметтерді қамтиды. Бұдан басқа адамгершілік, эстетикалық, құқықтық, тарихи, экологиялық, тағы да басқа аспектілері бар.
Жалпы, дүниетаным адамның тану функциясын орындайды. Бұл оның мәнінен туындайтын негізгі ролі. Сөйтіп, дүниетанымның әр түрлі түрі, қыры, типі бар.
Мифологоиялық дүниетанымның негізі – қиял, ойдан шығару. Г.Гегель миф дегеніміз – адам ақылының әлем алдындағы әлсіздігінің көрінісі деп жазған. Мифология ауқымды әрі жан – жақты құбылыс, ол әлем халықтарына түгел қатысты адамзат санасының өте ерекше қабаты.
Миф - алғашқы қауым адамына тән ойлаудың бірінші, бөлінбеген формасы. Азамзаттың мифтері әлемнің қалыптасуы мен дамуы табиғи құбылыстардың мәні, адамның тағдыры, өмірі, өлімі, іс - әрекеті, табыстары, адамгершілік, этикалық ұғымдар тәрізді аса маңызды сұрақтарды қамтыды.
Мәселен, көне грек мифологиясында, әлем хаостан пайда болды делінген. Сонан соң жер, күн мен түн, әр түрлі құдайлар пайда болған. Мифология адамзаттың «балалық» дәуірінің дүниетанымы болып табылады, ол сол кездегі адамдардың дүниеге эмоциональді – бейнелеу көзқарасын білдіреді.
Діни дүниетаным құдыретті күшке, яғни құдайға сеніп, соған табынуға құрылған. Діннің дүниетанымдық принципі негізінде адам мен дүниенің жаратылуы туралы наным жатыр.
Ғылыми дүниетанымның негізін адамның өзі және сыртқы әлем туралы білімдерінің жиынтығы құрайды. Ол үшін ешқандай керемет жоқ, тек қана танылмаған құбылыстар бар. Алғашқы қарапайым ғылыми білімдер антикалық дәуірде пайда болған, алайда жүйелі ғылым XVII ғасырдан бастап қана қалыптаса бастады, ол адамзаттың (ойлау) даму тарихына ерекше әсер етті.
Ғылым, ең алдымен, ұғымдық дүниетаным болып табылады. Қарапайым дүниетаным адамдардың өзі және қоршаған дүние туралы күнделікті іс - әрекетінде пайда болып тұратын жекелеген білімдеріне негізделеді. Ол әркімнің жеке өмірлік тәжірибесінде көрініс табады. Қарапайым дүниетаным халық даналығына сүйенеді.
Философия ерекше дүниетаным және адамның рухани іс - әрекетінің көрнекті саласы ретінде аталған дүниетаным түрлерінің өзара қабысуының нәтижесінде қалыптасты. Бірақ ол олардан жоғары дәрежеге көтерілді, сонымен бірге, алғашқы бастауы, қайнар көзі ретінде олармен байланысын жоғалтқан жоқ.
Философия адамның дүниені тану тәжірибесін жинақтау, әлемнің біртұтас теориялық үлгісін жасау, әлемге қарым – қатынасты білдіру қажеттігінен туындаған ерекше феномен.
Дүниетаным мен философияның өзара қарым – қатынасы қалай өрбіп отырады?
Біріншіден, дүниетаным аясына адамның айналадағы қоршаған ортаға танымдық қарым – қатынасының барлық тәжірибесі кіреді. Ал философия дүние құрылымының жалпы принциптері мен маңызды белгілерін зерттейді. Ол танымдық маңызы бар барлық сұрақтарға жауап іздейді. Өзінің мүмкіндігіне сүйеніп, тек жалпы дүниетанымдық маңызы бар сұрақтарға жауап беруге тырысады. Осындай сұрақтың қатарына «әлем дегеніміз не?», «адам дегеніміз не?» деген сұрақтар жатады. Ал «жарықтың жылдамдығы қандай?», «судың құрылымы қандай?» деген жеке сұрақтарға физика, химия сияқты ғылымдар жауап береді.
Екіншіден, философияның ықпалымен дүниетаным ретке келіп, жинақталу мен теориялықтың жоғары сатысына көтеріледі. Сонымен қатар, ғылым тарихында болған ірі жетістіктер әлем туралы философиялық көзқарастардың өзгеріске ұшырауына әкеледі. Н.Коперниктің, Ч.Дарвиннің, А.Эйнштейннің ғылыми жаңалықтары әлемнің философиялық үлгісіне әсер еткен жетістіктер болып табылады.
Үшіншіден, өзінің мағынасы жағынан терең, ауқымды дүниетаным философиялық көзқарастардың пайда болуына мүмкіндік жасайды.
Төртіншіден, философия дүниетанымның сипаты мен бағытын анықтайды. Мысалы, Қайта өркендеу дәуірінің философиясы антропоцентристік болды, өйткені бұл ғасырларда адам мәселесі алдыңғы қатарға шықты.
Бесіншіден, дүниетаным мен философияны адам мәселесін әртүрлі тұрғыдан шешу қажеттігі және оның табиғаты мен болмысы туралы әртүрлі білімдерді біріктіреді, олар әртүрлі таным көздерінен алынады.
Философия жалпы және абстрактілі білім. Ол шындық қалай зерттеліп жатқандығына ерекше мән береді, оны барлық ғылымдардың негізі немесе ғылымның өзіндік санасы деуге болады. Көптеген өмірлік мәні бар сұрақтарға философия жауап береді.
2-лекция
Философия мәдениет жүйесінде
Философия және философ. Мағынаға және еркіндікке толысқан адамның өмірлік стратегиясьш қалыптастырудағы рухты көтеретін ақиқаттар мен идеалдардың маңыздылығы. Философия қатаң рационалдықтың идеалы ретінде.
Философиялық ой кешу типтері. Философиялық бағыттар мен жүйелерlің көп түрлілігі. Философияның мәдени-тарихи сипаты. Философия формаларының этномәдени ерекшеліктері.
Гректің әмбебап философы Аристотель шығармаларында «бірінші философия» деген сөз негізгі, іргелі ғылымның синонимі ретінде қолданылған. Философия тарих көшінің өне бойында әлем мен адам туралы ең күрделі сұрақтарға жауап іздейтін ғылым ретінде қарастырылды.
Әрине, бұл жай ғана кездейсоқтық емес, өйткені философиялық ойлау бастапқы кезінен бастап – ақ адамзаттың танымдық тәжірибесін жинақтай отырып, адам, оның төңірегіндегі барлық күрделі мәселелерге жауап іздеуге тырысты.
Сондықтан, көптеген философтардың кең өресі, жоғарғы эрудициясы мен ойлау мәдениеті болған.
Философияның пайда болуының негізгі себебі – танымның жеке түрлерінің (математика, астрономия тағы басқалары) адам мен әлем туралы біртұтас – білім жүйесін жасай алмауы. Оның шығуына ертедегі қоғамда дін мен мифологияға қарама – қарсы рационалдық таным жүйесінің қажеттігін түсіну де әсер етті.
Рационалдық таным аясында «Әлем дегеніміз не?», «Оның бастапқы негізі неде?», «Әлем шекті ме, шексіз бе?», «Адам дегеніміз не?», «Ақиқат дегеніміз не?» сынды сұрақтар қалыптасты.
Философияның қалыптасуына антикалық қоғамда оны өзінің негізгі дүниетанымдық әрекеті ретінде таңдаған арнайы әлеуметтік топтың пісіп – жетілуі де ықпал етті.
«Әлем дегеніміз не?» деген сауал – философияның негізгі сұрағы болып табылады. Ол адамның өзі мен қоршаған ортаға қарым – қатынасының жалпы, тұрақты, біртұтас негіздерін білуге тырысқан табиғи қажеттілігінен заңды туындайды. Философияның негізгі сұрағы – шын мәнінде әлемнің түпкі негіздері мен жүйелік құрылымы, ондағы адамның орны туралы сұрақ болып табылады.
Бұл мәселе жалпы адам өмірінің бастауы, өйткені адам өзі ес жинап, дамып, қатая бастағаннан бері өзінің айналасына қарым – қатынасының мағынасын, мәнін білуге талпыныс жасады.
Осы іргелі сұраққа жауап іздеу барысында екі философиялық ағым қалыптасты. В.И.Лениннің айтуы бойынша, философиялық материализм («Демокрит бағыты») мен философиялық идеализм («Платон бағыты»). Олардың көптеген тарихи формалары болды.
Философия адамның әлем мен өзінің мәнін іздей бастаған уақытта – ақ қалыптаса бастайды. Сондықтан да, философия әлемнің – жалпы теориясы және ондағы адамды теорялық тұрғыдан пайымдау.
Философияны тек әлем ғана қызықтырып қоймаған, ондағы адам, оның мәні, өмір сүру заңдылықтары да оның назарынан тыс қалмаған. Өйткені, адам осы әлемде өмірге келеді, оның аясында қуанады, қайғырады, таным процесінің дәмін татиды, өледі. Философия - өзінің мәні мен мағынасы тұрғысынан адами сипатқа ие болған ғылыми сала. Өйткені, ешбір басқа әлем мен таным формасы «Әлем - Адам» күрделі байланысының барлық байлығы мен мүмкіндігін жан – жақты ашып көрсете алмайды.
Философия - әлем туралы және ондағы адамның орны туралы жалпы ілім. Ол адам мен әлем байланысын қарастыра отырып, әлемді танудың, оны өзгертудің жалпы заңдылықтарын зерттейді.
Философияның пәні басқа ғылымдардан ерекше. Өйткені, философия дегеніміз - өте терең теориялық білім. Оның құрамында онтология, гносеология, даму теориясы, антропология, әлеуметтік философия сияқты өте күрделі салалар бар.
Философияның даму тарихында одан эстетика, этика, психология, саясаттану жеке пәндер болып бөлініп шықты.
Философия пәнінің ерекшелігінен философиялық білімдердің негізгі белгілері туындайды:
-
ол жалпы, теориялық сипаттағы білім;
-
басқа ғылымға негіз бола алатын іргелі ұғымдар мен идеяларды, ұстанымдарды біріктіретін білім;
-
жеке философтардың тұлғалық қасиеттерінің ықпалын бейнелейтін субъективті білім;
-
белгілі тарихи уақыттың объективті білімдері мен ұстанымдарының жиынтығы;
-
танымның нысанын ғана емес, тану тетігін де қарастырады;
-
ой тек нысанға ғана емес, өзіне де бағыттала алатындықтан, рефлексивті сипаты бар;
-
бұрынғы философтардың ұстанымына сүйенеді.
Кез - келген пән қажетті ақпаратты бере отырып, әлемнің салыстырмалы әмбебап үлгісін көрсетеді. Ал философия ойлаудың болмысқа қатынасының түпкі тамырын, негіздерін зерттейтін болғандықтан, ол қоршаған ортада нақты ішкі жағынан біртұтас, жалпы көзқарасты қалыптастырады.
Философия – жүйеленген дүниетаным. Тарихта әлеуметтік өмірді, дәстүрлі көзқарастарды, басты нанымдарды күрделі, түпкілікті өзгерістерге ұшырап отыратын ірі идеялық қозғалыстар кең көлемдегі діни – мистикалық, жаңарту ағымдары көп болған.
Қазіргі уақытта мұндай процестердің кең орын алғандығы соншалық, оның ерекше қарқыны туралы атап айтуға тура келеді. Бұл философияның қоғамдық маңызын жоғарылатады, өйткені белгілі бір дүниетанымға негізделмеген қоғамдық белсенділік өте қауіпті. Жеке адамның еркімен дүниетанымның өзгертушілік күші іске асып, қоғамдық мақсаттың орындалуы мүмкін емес.
Адам, оның еркіндігі мен көзқарасы қоғамдық дамудың қайнар көзі. Әлем бүгін үлкен әлеуметті, техникалық және мәдени өзгерістердің алдында тұр. Техника мүмкіндіктерінің тереңдеп, өмірдің барлық саласына еркін енуі үлкен өзгерістер әкелуде.
Философия адам өмірінің мәні мен адам белсенділігінің мақсатын түсінуге көмектеседі.
Әр адам өзі үшін қандай қиындықтар маңызды екенін өзі таңдайды. Дегенмен, көптеген рухани абсолюттер барлық адамдарға бірдей және ұқсас. Философия тарихында әр түрлі жағдайларда және орындарда көтерілген құндылықтар «теңдік», «еркіндік», «еңбек», «әділеттілік», «өмір сүйгіштік» т.б. жалпы адамзаттың рухани құндылықтары қатарына жатады.
Адам әр уақытта заттар мен құбылыстардың түпкі мәніне бойлауға тырысады. Әсіресе, бұл балаларға тән қасиет. Өйткені, олар мынау не, неліктен деген сұрақты өте жиі қояды. Мысалы: неге жаңбыр жауады, қар түседі?
Дүние күрделенген сайын философияның қоғамдағы маңызы арта береді, оның бірнеше себептері бар:
-
әлемнің ірі жетістіктері философиялық тұрғыдан түсіндіру мен бағалауды қажет етеді;
-
қазіргі өркениетте орын алып отырған діни өрлеу философияға, оның дүниетанымдық мүмкіндігіне тағы да көңіл аударып, оны кеңінен пайдалануға мүмкіндік ашуда. Өйткені, әр түрлі діни көзқарастар мен ізденістер өзара сұхбаттасып, ұшырасу процесінде бұрын онша мән беріле қоймаған тосын жағдайлар туғызып, философиялық талдауға кең өріс бере бастады;
-
антропологиялық өрлеу, яғни адамды, оның мәні мен табиғатын философиялық тұрғыдан анықтау алдыңғы қатарға шығып отырған маңызды мәселе.
Философия қоғамда өте маңызды функцияларды орындайды. Олардыңғ негізгілері мыналар:
-
дүниетанымдық – адамның әлем туралы жалпы білімдерін қалыптастыруы;
-
онтологиялық – табиғи және әлеуметтік болмыстың негізгі принциптерін анықтауы;
-
гносеологиялық – қоғамның, адамның, табиғаттың іргелі заңдылықтарын тану процесін түсіндіруі;
-
методологиялық – адамның танымдық және практикалық іс - әрекетінің жалпы принциптері мен методтарын өңдеуі;
-
гуманистік – адамның азаматтығы мен қадір, қасиетін, еркіндігін мойындауды негіздеу;
құндылықтың – моральдық – адамгершілік құндылықтарды жасауы және негіздеуі.
3-лекция
Мәдениет контекстіндегі философиялық ой кешудің тарихи типтері
Көне үнділік мәдениетіндегі діннің мәртебесі және оның философия қалыптасуы мен дамуына әсері. Үнділік философия қарсаңындағы (Ведалар дәстүрі) негізгі дүниетанымдық идеялар. Упанишадалардағы дүниетанымдық ізденістер дүниеден аскеттік қашқақтаудың формасы ретінде. Қайта түрленудің мәңгілік циклынан құрылудың жолдарына деген ізденістер.
Шығыс ойының өзіндік ерекшелігі. Ойлаудың кармалық стилі философияның моральдық және метафизикалық өлшемінің формасы ретінде. Карма, реинкариация және касталар жүйесі туралы ілім Үнді философиясының негіздемесі ретінде.
Буддизм және оның Ведалық дүниетаным мен ритуалдық практикаға қатынасы. Буддизм Упанишадаларды сыни қайта түсіну ретінде. Буддизмнің іргелі идеялары. Күш қолданбаудың буддистік стратегиясы, оның Шығыс адамының тарихи тағдырына әсері. Шығыс адамының дүниеге қатынасының қалыптасуына, рухани құндылықтарды таңдауына, өмір салты мен дінінің қатынасына буддизмнің дүниетанымдық әсері. Күш қолданбаудың буддистік стратегиясы, оның Шығыс адамының тарихи тағдырына әсері.
1.Ведалық дәуір біздің дәуірімізге дейінгі XV-VII ғасырларды қамтиды. Ведалық әдебиеттің төрт түрін көрсетуге болады: самхиттер – гимндер жинағы; брахмандар – ведалық текстерге түсініктеме және ритуалдарды баяндау; араньяктар («орман кітаптары» орман кезіп, өмір сүретін дервиштерге арналған жинақ); упанишадтар – жартылай поэтикалық, жартылай философиялық трактаттар.
2.Эпикалық дәуір. Біздің дәуірімізден бұрынғы VI ғасыр мен біздің дәуірімізге дейінгі II ғасырлардың аралығын қамтиды. Осы тарихи уақытта ірі поэмалар Рамаяна мен Махабхарата дүниеге келген. Бұл дәуірдегі философияның дамуын үш сатыға бөлуге болады:
А) Ведалардың беделін мойындамайтын мектептер – джайнизм, буддизм және чарвака – локаята материалистік мектебі, б.э.д. VI ғ.
Б) Бхагавадгита мен кейінгі упанишадтарды теологиялық тұрғыдан реконструкциялау б.з.б. V – IV ғ.
В) Веданың беделін мойындайтын және оған сүйенетін мектептер – санкхья, йога, миманса, веданта, ньяя, вайшешика, біздің заманымызға дейінгі III және біздің заманымызға дейінгі II ғасыр аралығында дамыған.
Бұл мектептерле классикалық үнді философиясының жүйелері қалыптаса бастады.
3.Философиялық сутралар және оған түсініктемелер дәуірі. Осы уақытқа дейінгі жиналған материалдарды қысқарту және жинақтау уақыты болды.
Сутралар қысқа әрі нұсқа текстер болғандықтан оларды қосымша түсіндіру қажет болды.
Үнді философиясының дәстүрінде бәрі мойындайтын және пайдаланатын іргелі ұғымдар бар. Ең алдымен, бұл карма ұғымы. Карма – жазмыш заңдылығы, тағдыр адамға істеген әрекетінің табиғатына қарай несібе сыйлайды. Егер адам өзінің эгоистік пиғылдағы әрекетінен тазарып, тек жоғары құндылықтарға ұмтылып отырса, онда ол карманың кәріне ұшырамайды. Карма ұғымы сансара туралы іліммен тікелей байланысты.
Сансара дегеніміз – жанның жай таппай жиһан кезуі, бір денеден екінші денеге ұдайы ауысып отыруы туралы ілім.
Қайтадан туу қатары үзіліп, сансарадан азат болуды мокша деп атайды.
Ведалар – бұл магиялық дұғалар мен салтанатты әуендердің, қасиетті әндер мен құрбан шалу формаларының жиынтығы.
Олардың ең маңыздысы және ең алғашқысы – Ригведа. Ригведаның гимндерінде атақты құдайларды мадақтап, көтеріңкі әдемі түрде олардың іс - әрекетін жариялау, туысқандық байланыстары мен ұлы потенциясын, негізгі функциясын айқындау бар.
Екінші веда, Самаведа, негізінен Ригведаның гимндерін қайталайтын самхит.
Үшінші – Яджурведа, әртүрлі мектептерге лайық самхиттердің бірнеше варианттарын ұсынады.
Атхарваведа – төртінші және соңғы самхит.
Ведалық әдебиет ұзақ уақытта және алғашқы мемлекеттің қалыптасуының қиыншылықтары жағдайында пісіп – жетілген. Көшпенді, мал бағатын арийлердің алғашқы тайпалары бірте – бірте өзгеріске ұшырап, жіктелген таптарға айналып, дамыған жер өңдеуші, сауда, қолөнері бар қоғам қалыптасты. Мұнда негізгі сословие пайда болды.
Брахмандар – дінбасылары мен монахтар.
Кшатрийлер - әскерлер мен бұрынғы тайпа көсемдері, вайшилер жер өңдеушілер, қолөнершілер және саудагерлер.
Шудралар – тікелей өндірушілер.
Ведалық текстер көзқарастар мен идеялардың бірыңғай жүйесі емес.
Ведалық дін – бұл күрделі, бірте – бірте дамитын діни – мифологиялық көзқарастар мен оған сәйкес рәсімдер мен культтік ырымдардың жиынтығы. «Ригведада» арийлердің жауларын жоятын найзағай құдайы Митра маңызды орын алады. От құдайы – Агни, Күн құдайы – Сурья.
Кейбір ведалық гимндерде қоршаған ортаның жекеленген процестері мен заттарын біріктіретін жалпы принциптерді іздестіруді көреміз. Бұл – бәрін біріктіретін бәрінен жоғары тұратын әмбебап ғарыштық тәртіп принципі.
Ведалық культтің негізі - өз міндеттерін бұлжытпай орындап отыруын сұрап, құдайға жалбарынып, құрбан шалып отыру.
Брахманизм діни философиялық көзқарастар мен рәсімдік – культтік практика ретінде ведалық әдебиеттің тікелей мұрагері болып табылады. Онда әлемнің пайда болуы мен дамуы туралы пікірлер бар. Кейбір жерлерінде әлемнің түпкі субстанциясы су деген пікір де кездеседі.
Брахмандар дегеніміз - ең алдымен, ведалық рәсімдерді орындауға бағытталған практикалық нұсқаулар.
Брахман – абыздар төрт негізгі принципті есепке алуға міндетті: шыққан тегі бархмандық болуы және соған лайықты өмір сүруі, білім алуы және білімділігімен көзге түсуі бірден – бір қажеттілік. Олар адамдарға көмектесіп, солар үшін құрбан шалуы тиіс.
Мұның өзі брахмандардың қоғамдағы орнын ерекше дәрежеге көтерді, оларға тиісе алмады, мүлкіне қол сұқпады. Абыз – брахмандар өзінің осы беделін әрдайым нығайтуға тырысты.
Упанишадтар ведалық әдебиетті аяқтайды.
«Упа-ни шад» термині ұстаздың жанында отыру дегенді білдіреді, ұстазға өте жақын отырып, оның аузынан шыққан әрбір сөзге құлақ түріп, оның мағынасын түсінуге тырысты.
Алғашқы упанишадтар өмірден баз кешіп, ойға шомылған аскеттердің көмегімен жасалған. Брахман өзінің дамуында төрт кезеңнен өтеді: бала кезінде ол ұстазының үйінде ведаларды оқып үйренеді, отбасының қожайыны ретінде түсініктемелерді басшылыққа алады; толыққан шағында араньяктармен танысады, өмірінің соңында өмір қызықтарынан бас тартып кезбеге айналған упанишада даналығына назар аударады.
Аскеттер болмыс пен адамның іргелі сұрақтарына жауап іздестіреді. Ең алдымен, өмір мен өлім, әлемнің құрылымы мен космология, адам мен ғарыш, адам мен құдай қарым – қатынасы туралы мәселелерге жауап іздестіреді. Өмірдің иесі кім? Су ма, тамақпа, от па, жылу ма?
Упанишадтарда ұйқы мәселесіне қатты көңіл бөлінген.Өмірдің мәңгі айналымы туралы идея бар. Адам өлгенде оның рухани және материалдық бастаулары бір – бірінен бөлінеді. Рухани бастау аса маңызды. Ол қайтадан туындауы мүмкін. Сөйтіп, Индияда қайтадан туындаудың шексіз қатары туралы концепция қалыптасты.
Бұл концепцияның мәнісі - өлім, бұл жайбырақаттанудың немесе тынышталудың ақыры емес. Ол шексіздіктің жай ғана үзілісі, содан кейін жаңа өмір басталады, яғни бір кезде тәннен ажыраған жаны жаңа түрге енеді.
Қарма идеясы жақсылық пен жамандық мәселесін жеткілікті түсіндіріп, шешіп отырды. Бәрі өзіңе байланысты, өзінің әрекеттеріннің, істеріннің табиғатына байланысты. Жаман әрекеттерің үшін міндетті түрде жауап бересің.
Упанишад идеалы – Брахманды тану, онымен бірігу, рахаттану. Брахман – бұл жоғары абсолютті реалдылық, жоғарғы күш.
Брахман – жоғары рухани бірлік, яғни әлемнің рухани түп негізі абсолют.
Әркімнің жеке жаны – Атман. Атман – индивидуалды рухани мәнді бейнелейтін ұғым.
Достарыңызбен бөлісу: |