Бақылау сұрақтары:
Сақтардың өмір салты, мифологиясы мен көркем өнері
Сақтардың мәдениеті дәуірінде халықтың негізгі кәсібі
Сақ дәуірінде адам қоғамның өндіргіш күштері
Ерте темір дәуіріндегі «скифтік үштік» материалдық мәдениеті
Сақтардың ат әбзелдері
Сақтардың қару-жарақтары
Сақтардың алтыннан түйін түю, қола құйма әдістері
Сақтардың «аң бейнелі» стилі
"Алтын адамның" киім композициясы
№ 4. Лекция сабағының тақырыбы: Ежелгі Египет өнері
Жоспары: 1. Мысыр мәдениеті
2. Пирамидалар дәуірі
Мақсаты: Студенттерді Мысыр мәдениеті, Пирамидалар дәуірі
Мәтіні (қысқаша): Әлем өнерін сөз еткенде Мысырдың ғажайып өнері баасқа аймақтардағы мәдени ескерткіштерге қарағанда өзіндік сипатымен, көнелігімен ерекшеленеді. Мысыр жерінде өнер ошақтары, түрлі кешендер мен қорымдар жақсы сақталған.
Мысыр мәдениеті мен өнерінің бізге жеткен алғашқы белгілері шамамен б.з.д. 4 мың жылдықтарда пайда болды. Алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, құл иеленуші мемлекеттер біртіндеп өмірге келе бастады. Б.з.б. төртінші мың жылдықтың екінші жартысында қазіргі Мысыр жерінде осындай екі құл иеленуші мемлекет ірге көтерді. Олар: оңтүстік және солтүстік патшалығы деп аталады. Б.э.б. 3 мыңыншы жылдары солтүстік патшалығы ұзақ жылғы соғыстан кейін оңтүстікке бағынып, тұтас Мысыр мемлекетін құрды. Осы кезеңде мәдениет пен өнер біраз дамыды. Тасқа ойылып қашалып жасалынатын бедерлеу өнері барынша өріс алды. Суретшілер заманындағы қоғамдық құрылысты, соғыс қимылдарын патша жорықтарын қайрақ тастарға бейнелеп түсіріп отырды. Бір жағынан тарихи жылнама белгі болып табылатын, екіншіден өнердің озық ескерткіші саналатын бедерлеме суреті бар тақта тастың бірі- Нармер тақтасы. Бұл өнер ескерткіші сол дәуірде болған белгілі тарихи кезеңді тамаша ашып көрсетеді. Тақтада солтүстік патшалығын тізе бүктірген Нармер патшаның әскери жорығын, жеңісін айшықты бейнелермен шебер бере білген. Әсіресе мүсіншінің тақтадағы құрылымдық шешімі, тақта бетін ұтымды пайдалануы көрген адамды баурап алады. Бұл тарихи өнер көзі көне Мысыр өнерінің ең бір айтулы ескерткіші болып табылады.
Осыдан кейінгі кезеңдерде де Мысыр патшалығы нығайып, перғауындар билігі барынша аса түсті. Бар байлықты қолдарына жинаған патшалар әулеті Мысырда ірі-ірі қалалар, ауқымды сәулет кешен-ғибадатханалар салуды қолға алды. Мұндай мәдени өзгерістер әсіресе перғауын Жосердің тұсында кең етек алды. Сол кездегі Мысыр патшалығының орталығы, әлемдегі ең көне қаланың бірі- Мемфис гүлденіп өркендеді. Сол замандағы өркендеген мәдениет пен өнердің жемісі ретінде Жосер пирамидасы салынды. Жосер пирамидасы Мысыр классикалық сәулет өнерінің алғашқы қарлығашы болып табылады. Бұл бір жағынан сәулет өнерінде үлкен бетбұрыс әкеліп, тың инженерлік жүйенің пайда болуына жол ашты. Егер бұрын Мысыр сәулет кешендері бір қабатты мастабалардан (кірпіштен қаланған жайдақ үйлер) тұратын болса, бұл пирамида жеті мастабадан тұратын зәулім сәулет кешенін құрады, сондықтан да оны баспалдақты пирамида деп атады. Пирамиданың биіктігі 70 метрге дейін жетті. Мұндай алып құрылыстың Мысырда етек жаюы діни нанымға да көп байланысты еді.
Жосер сәулет кешенінен бастау алған «пирамидалар дәуірі» б.з.д. ХХ-ҮІІ ғасырда өзінің шарықтау шегіне жетті. Пирамидалардың ішіндегі ең ғаламаты, атақтысы Хуфу-Хеопс және Хафра, Менкаура тұрғызылды. Ніл жағасындағы Гиза жазығында орналасқан осы үш пирамиданы Гиза пирамидалар қорымы деп атайды. Пирамидалар қорымындағы ең атақтысы- Хуфу-Хеопс ғибадатхана сәулет кешені. Оны Мысыр перғауыны Хеопс салдырған. Пирамиданы салдыру үшін Ніл дариясынан Гиза жазығына дейін он жыл бойы жол төселген. Содан мыңдаған құлдардың қисапсыз ауыр еңбегінің арқасында құрылысты 20 жыл бойы салғызған. Пирамиданың аумақтылығы мен зәулімділігі сондай-оған әлі күнге дейін тең келер тас құрылыс болмай отыр. Оның биіктігі-147 метр де, қырларының көлбеулігі-235 метрге жетеді. Ғаламат, тек тас кесектерден өрілген сәулет ескерткіші бес мың жыл бойы әлі мызғымай, сол күйі сақталып, асқақ тұр. Осынау алып құрылысқа басшылық жасаған сәулетші Хемиун болды.
Мысыр елі кейінгі ғасырларда да дүниежүзілік мәдениет пен өнерге өлмес мұралар қалдырды. Сондай сәулет өнерінің бірі- б.э.д. ХХ-ХІІІ ғасырларда салынған Қарнақ ғибадатханасы. Ғибадатхана құрылысын сол кездегі ел басқарған ұлы перғауын Аменхотеп-ІІІ салдырды. Патша сәулетшілерден бұл ғибадатхананың ешбір құрылысқа теңдессіз, өзгеше болуын талап етті. Ғибадатхананың негізгі сарай бөлмесінің ұзындығы 103 метр, ал ені 53 метр болып, 140 бағаналардан тұрғызылған.
Мысыр тарихында қай дәуірде болмасын ондағы сәулет ғимараттары мен мүсін өнері бірге дамып отырған. Гиза пирамидаларын оның қорғаушысы сияқты айбынды да асқақ Хефрен сфинкісіз, Қарнақ, Луксор храм-ғибадатханаларын алдындағы құдай бейнелі сфинкстер мен түрлі перғауындар мүсінінсіз елестету ешбір мүмкін емес. Олар бірін-бірі толықтырып, жарасым тауып тұр.
Мүсін өнерінің ішінде өзінің көнелігімен де, асқақ та ауқымдылығымен де Хефрен сфинксі ерекше көзге түседі. Денесі арыстан бейнесінде сомдалып, бас жағы перғауын Хефрен кейпін елестететін алып ескерткіш негізі табиғи гранит тастан қашалып жасалған. Осынау Хефрен мүсінінен бастау алған Мысырдың монументальды ескерткіш белгілері жан-жақты дамып, жайдақ бедерлеме өнерде болсын, керегелік роспистік өнерде болсын, өзінің канондық ерекшелік өлшемдерін қатаң сақтап отырды. Әсіресе бедерлеме, келбеттік өнер туындыларында бейнелеу ағымы ерекше жетістіктерге жетті. Оны б.з.д. үшінші мыңжылдықта жасалған сәулетші Хесирдің бейнесі.
Египет пирамидалары
Сол кезеңдегі немесе одан кейінгі замандардағы Мысыр өнеріне тән нәрсе, әсіресе адам кейпін кескіндегенде кеудесі мен көзін алдынан, ал басы мен аяқтарын қырынан көргендегідей бейнелеуінде. Осы әдіс-тәсіл қаншама ғасырлар бойы өзгермей, Мысырдың өзіндік әдістемелік бейнелеу мектебін қалыптастырды. Бұл бейнелеу тәсілінің өміршеңдігі сондай бірнеше ғасырлар бойы жан-жаққа тарап, әр ел өнерінің даму тарихына игі ықпалын тигізіп отырды. Осындай өміршең өнердің ықпалды табы ежелгі Шумер, Аккад, Егей мәдениетінен байқауға болады.
Ежелгі мысыр тарихы мынадай кезеңдерден тұрады:
Династиялыққа дейінгі кезең (б.з.д. IV мыңжылдық)
Ежелгі патшалық кезеңі (б.з.д. ХХХ-ХХIII ғасырлар)
Орта патшалық кезеңі (б.з.д. ХХII-ХVIII ғасырлар)
Жаңа патшалық кезеңі (б.з.д. ХVII- ХI ғасырлар)
Кешеуіл уақыт кезеңі (б.з.д. ХI ғасыр-332 жылдары)
Мысыр тарихында, ежелгі дәуірден кейін (ежелгі патшалықтан кейін) өнердің бір өркендеген уақыты орта патшалық тұсында болды. Осыған дейінгі замандарда перғауындардың құдайдай дәуірлеген билігі әлсіреп, Мысыр патшалығы бірнеше биліктерге бөлініп, ыдырап кетті.
Жаңадан өкімет басына келген патшалар өздерінің астанасы Фивте және оның маңайында өткен перғауындардың жолын қуып, ірі ғибадатханалар мен кесенелер тұрғыза бастады. Солардың ішіндегі ең елеулісі Гиза пирамидаларынан кейінгі аты-шулы сәулет ғимараты-перғауын Ментухотеп І-нің басына тұрғызылған ғибадатхана болды. Бұл ғибадатхана Ніл дариясының батыс жағында Дейр-әл Бахир баурайында салынды. Ғибадатхана өнер тарихында өзінің ерекшелігімен, сәулеттік тың әдіспен тұрғызылуымен сол замандағы құнды ғимарат болды. Ғибадатхананың біраз бөлігі жартастан қашалынып тұрғызылды және де ең алғаш бағаналар тізбегі осында пайдаланылды. Бұрындары бағаналар тек жартылай керегемен бірге жансарластырылып, сәндік үшін қолданылса, мұнда ғибадатхананың негізгі сәулет бөлшегі ретінде пайдаланылған. Бағаналар тізбегінің үстінде маңдайша орнатылған. Негізінен ғибадатхана екі қабаттан тұрады. Бірінші қабаттағы маңдайшаның ортасынан екінші қабатқа шығатын көтерме жол салынған. Екінші қабатта да бағаналар тізбегі маңдайшамен жалғасқан. Осы екінші қабаттағы залдың ортасында тас кесектерден тұрғызылған пирамида орналасқан. Бұл пирамиданың тағаны (фундаменті) етіп кәдімгі табиғи тау шатқалының жартасы алынған, пирамида сол «тас түбірге» орнатылған. Ғибадатхананың атын шығаратындай бірнеше ерекшеліктері бар; оның біріншісі- ескі Мысыр патшалығы тұсындағы сәулет әдісі мен кейінгі патшалық тұсындағы сәулет әдісінің жымдасып, жарасым тауып тұрғызылуында. Екіншісі – ғибадатхананы табиғатпен байланыстыра салып, жоғары үйлесімділік сәйкестігіне қол жеткізуі. Осынау атақты, аты аңызға айналған ғибадатхананы сол дәуірдің ірі сәулетшісі- Иртисен жобалап салдырған.
Достарыңызбен бөлісу: |