Қалмақан халық жүрегінде
Жас талаптың ақындығының, азаматтығының қалыптасуына қазақ кеңес әдебиетінің ірге тасын қалаушы алыптар Бейімбет, Сәкен, Сәбит, Ілиястар көп ықпал жасады. Қалмақан солардан үйренді, ұстаз тұтты. Олар Қалмақан шығармашылығын жоғары бағалап, әр кез қамқор пікір айтып отырды, бағыт-бағдар сілтеді. Оның өлеңдерінің алғашқы жинағы «Жалын» деген атпен 1928 жылы басылып шықты. Сол кезеңде Сәбит Мұқанов былай деп жазды:
«Қалмақан оқуы төмен ақындардың ішіндегі өзіндік ерекшелігі бар ақын. Ол өте аз жазады. Және қысқа жазады. Бірақ сол қысқа, аз жазғанында ол ұзақ поэманың сөзін айтып тастайды. 1927 жылы ол «Үлгі» деген өлеңінде басқа ақындардың бәрінен бұрын колхозды алдан болжап тастады. «Еңбек» деген кішкене өлеңінде адам мен табиғат қатынасына дұрыс баға береді. Қарсақбай барып, қайтып келе жазған «Бұрғы» деген оншақты жол өлеңінде барлық тау-кеннің бар қасиетін тамаша көркем тілмен айтты. Осындай пікір ұшқырлығы, соны көркем түрде бере білушілік Қалмақанды өте күшті».
Қалмақан Әбдіқадыров азат еңбектің жаңғыртушылық құдіретін шабыттана жырлап, еңбек ақыны атанды. Оның шығармашылық жолының басы еліміздегі жаңа экономикалық саясат кезеңіне тура келді.
Қалмақан Әбдіқадыров шығармашысының тамаша қырлары жан-жақты танылып, көрнекті қаламгер ретінде көзге түскен, бағаланған кезі отызыншы жылдар. Бұл тұста ол поэзия, проза, әдебиет сыны, аударма саласына белсене араласты. Қазақ кеңес балалар әдебиетінің іргетасын қалауға белсене атсалысты. Сондықтан да республика жұртшылығы Қалмақанды көрнекті қаламгер деп танып, 1935 жылы оның шығармашылығының он жылдығын салтанатпен атап өтті. Қазақ кеңес әдебиетін өркендетуге қосқан үлесі үшін республика өкіметі Қ. Әбдіқадыровты «Қазақстанның ХV жылдығы» белгісімен марапаттады. Бұл сол кезде республиканың үлкен марапаты еді. Сол күндерде қазақ кеңес әдебиеті классиктерінің бірі Сәкен Сейфуллин былай деп жазды:
«Ұлы Қазан төңкерісі кедей, жалшы балаларын қатарға кіргізгендігіне ақын Қалмақан айқын мысал боларлық адам. Нашардың аз оқыған баласы төңкеріс күшімен әдебиет майданына шығып, он жылдың ішінде белгілі жазушыларымыздың қатарына кірді. Оның ақындық дарқандығы әдебиет майданына бірінші шыққанда-ақ көріне қалып еді. Және ол көрініс тек қарқынды аттың аяқ алысындай ғана емес, ұзаққа сілтейтін үдемпаз жүйріктің аяқ алысындай еді. Он жылдың ішінде ол талай нәрсе жазды, ұзақшыл екенін дәлелдеді».
Ол іздене, білімін көтере жүріп орыс кеңес әдебиетінен, оның ішінде Максим Горький, Демьян Бедный, Владимир Маяковскийден үйренді. Өзге елдің ақын-жазушыларының шығармаларын, соның ішінде әсіресе орыс қаламгерлерін үлгі етіп оқу, олардың сөз саптасын, тақырыпты игеру, кейіпкерлер сомдау шеберлігін қабылдау сол кезде жаңа өмірге белсене араласып жүрген ұлт жазушыларына тән үрдіс болатын. Бұл оның шығармаларының мазмұнын байытты, түр мен мәнер жағынан жаңа сапалық биікке көтерілуге игі ықпал етті. 1934 жылы ол пролетариат жазушыларының ұйытқысы Максим Горькийдің қолынан жазушылық билет алған қазақ қаламгерлерінің бірі еді. Оның өндіріс, колхоз өмірінен, мәдениет майданынан жазған өлеңдері дастандарға, әңгіме, повесть, публицистикалық очерктерге ұласты. Тақырып аясы кеңіді. Гүлденген ауыл, қаһарман қызыл армия, халықтар достығы жыр арқауына айналды. Тарихи, халықаралық тақырыптарға да қалам тартты.
Сеніменен ажарланған ауылым,
Жел қаңбақ боп жеңіл тартқан ауырым.
Май суыңды қосып жұтып күрілде,
Сайрандайық «Қоңыртөбе» бауырын.
Ал жібердім,парды бердім қимылда,
Түтін бұрқ-бұрқ, соқа жылт-жылт шыңылда.
Біріккен күш, бірлескен іс ұласып,
Төгілген нұр, жайнатты ой-қырымды.
1931 жылы жазылған «Трактор жыры» деген өлеңінің осы екі шумағының өзінен-ақ жаңа тұрмыс, адам өмірінің мән-мағынасының өзгеруі, санасының түлеуі, жаңашыл сипаты көрініп тұрған жоқ па?! Өлеңнің рухы – енді еңбек ауыр бейнет емес, ол – зейнет абырой, игіліктің көзі.
Ақынның алғашқы бесжылдықтар тұсында жазған өлеңдерімен қатар «Шахтер», «Май», «Гигант», «Гранат», «Күләсал», «Алатаудың қырандары» деген баллада және дастандары қазақ поэзиясын түр, тақырып, мазмұн жағынан байытқан туындылар деп қабылданды.
Қалмақанның жүрегі халқым, Отаным деп соққан жалынды патриот ақын. Оның азаматтық бұл қасиеті неміс-фашистері елімізге тұтқиылдан басып кірген ер сыналар сұрапыл жылдары айрықша көрінді. Ұлт әдебиетінің, мәдениетінің мәйегін сақтап қалу мақсатымен сол кезде Қазақстан жазушылар одағын басқарған Әбділда Тәжібаев тәуекелге бел буып, он тоғыз қаламгерді майданға алмауды сұрап И. Сталинге жеделхат жолдайды. Көшірмесін КСРО жазушылар одағының басшысы А. Фадеевке жібереді. Көп ұзамай көңілді күпті еткен рұқсат беріледі. Сол он тоғыздың ішінен Қалмақан қалтасында броны бола тұра, қан майдан жорыққа өз еркімен аттанып кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |