Сақ Қайрат Өмірбайұлы



Дата24.02.2016
өлшемі53.13 Kb.
#16747
Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры
СЕРАҒА
Тіршіліктің саналы иесінің ұзақ сонар тарихымен салыстырғанда жеке тұлға ғұмыры қамшының сабындай қып-қысқа. Бірақ оның рухани әлемі – мәңгілік.

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған, - дегенде хакім Абай осыны мегзеп айтқан болса керек.

Серағаның, Серік Әбдірайымұлының ұрпаққа аманат етіп қалдырған мол рухани мұрасын қайыра бір ой көзімен шомғанда осы ой санамызда сап ете қалғанын жасыра алмаймыз.

Сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі қаламынан туған ел тұтқасы – биік тұлғалар туралы туындылары қазақ көсемсөзінің құнды қазынасы болып публицистика тарихынан ойып тұрып орын аларына ешқандай күмәніміз жоқ. Атап айтқанда, Д.Қонаев, А.Асқаров, Н.Тілендиев, З.Қабдолов, Қ.Мұхамеджанов, Ө.Жолдасбеков, Т.Амандосов, Т.Қожакеев, С.Бердіқұлов, Т.Жанұзақов, Қ.Найманбаев, З.Нұрқаділов, О.Бөкей, С.Әшімбаев т.б. елдік – егемендік тарихымызда аттары алтын әріппен жазылатын алыптар туралы портретті очерктері мен сыр-сұхбаттары мезгілі өткеннен кейін қап-ай деп сан соғатын қазақтың бір кемтігін бүтіндеп, болашақ ұрпаққа аманат етілген құнды мұра десек, асыра сілтеп, ауа жайылғандық болмас.

Әсіресе, Серағаның қалың қазағы еркелетіп Димаш атап кеткен Дінмұхамед Қонаевтың атандай елу жыл ел ағасы болғанда халқына қалтқысыз қызмет еткен ерен еңбегін ұрпақ санасына сіңірудегі қайраткерлігі мен ізгілікпен көмкерілген қызметі – айрықша атап өтуді талап ететін шығармашылық өнегесі.

Серік Әбдірайымұлы – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты қос кітабын орысшадан қазақ тіліне аударған қаламы қарымды тәржімәші. Аударманың төте, балама және еркін түрлері болатының еске салсақ, осының ішіндегі ең күрделісі – еркін аударма. Өйткені мұнда аудармашы автордың шығармасын аударылатын тілдің төл туындысына айналдыруға міндеттеледі. Әр тілдің өзіндік тылсым табиғаты, сөз қолдану, сөйлем құрау әдіс-тәсілдері болатынын ескерсек, бұл әсте де оңай шаруа емес. Аталған қос кітапты оқып отырғанда олардың аударма екені еш байқалмайды. Құдды, о баста қағазға қазақша түсірілгендей, ешқандай кібіртіксіз, жеңіл әрі әсерлі оқылады. Қос кітаптың титул бетінде: «Орысшадан еркін аударма жасап, қазақша нұсқасын жазған Серік Әбдірайымұлы» деп жазылмаған болса, олардың аударма екенін оқырман білмес те еді. Ендеше аударма ерекше шеберлікпен орындалып, аса сәтті шыққан деген сөз. Осының өзі – үлкен өнер. Қаламгердің күндіз күлуден, түнде ұйқыдан қалып, жар құлағы жастыққа тимей, маңдай терін сорғалата еткен еңбегінің өтемі.

Көрнекті қалам қайраткерінің Алаш Димашының есімін ұрпақ жадында жаңғырту мақсатындағы ерен еңбегі осымен ғана шектелмейді. «Елу жыл ел ағасы» атты кітаптың шығуына да жанын жалау етіп, бастамашыл болып қана қоймай, бар жүгін арқалағаны ел жадында. Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті қызметінде жүріп те Алаштың арда ұлының есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында қыруар еңбек сіңіргеніне көпшілік куә. Тек сол қызметті су тегін, еңбек ақысыз, қоғамдық негізде атқарғанын екінінің бірі біле бермейді. Қаламгердің «Самғау» атты кітабына енген сұхбатта: «Сіз халықаралық Д.А.Қонаев қорының вице-президенті ретінде оның болашағын қалай елестетесіз? Айтқандай, мұнда жалақы алып қызмет істейсіз бе?» - деген сұраққа, Сераға мынадай жауап қайырады: «Қор 1993 жылы 6-ақпанында тұсаукесерін өткізді. Оған Димаш Ахметұлының өзі қатысып, қордың қоғам алдындағы, ел алдындағы міңдетін айқындап берген-ді. Басты мақсат–тәуелсіздігімізді нығайту жолында еліміздің экономикалық, әлеуметтік және мәдени өміріне барынша атсалысу. Облыстардағы, шет елдердегі Д.А.Қонаев қорлары дербес қоғамдық ұйым ретінде қалыптасқан, өз істерінде осы мақсатты басшылыққа алып келеді.Өзіме қатысты айтар болсам, қор құрылған күннен қоғамдық негізде қызмет атқарып келемін».

Табаны күректей 16 жыл жалақысыз қызмет атқару – екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес. Осы орайда, Серағаның осыншалықты шын көңілімен, шығарға жаны қалмай, Д.А. Қонаевтың рухын аспандатуға адал еңбек етуінің сыры неде деген сауал туындауы заңдылық. Ет жақын туғаны я Ел ағасы билікте болған кезіңде қамқорлығын көрген, не болмаса қол астында шапағатына бөленген жан болса, бір сәре. Оның бірі де емес. Сонда не? Біздіңше, оның сыры мынада. Бұл жөнінде Сераға «Самғау» атты кітабында жан сырын былай ақтарады: «Ар ойлап, дүниеге бой алдырмаған екі Адам болса, соның бірі – елі еркелетіп Димаш атаған, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Шүкір, шыққан тауы биік болды. Бір кісідей биіктің шыңына көтерілді. Бірақ, кісілігін ұлықтыққа жеңдірмеген және кім десеңіз, сонда да осынау абзал жанның есімі еріксіз еске түседі. Халықаралық Д.А.Қонаев қорының вице-президенті – осы кітап авторының әңгімесі де ізгілік жолды мұрат тұтып, өшпес ізін қалдырған текті кісінің екінің бірі біле бермейтін асыл қасиеттері хақында». Сөз ұғар оқырман осы үзіндіден-ақ қаламгердің Ел ағасы бойындағы екі қасиетті: арлылығы мен тектілігін пір тұтып, өзіне рухани ұстаз санағандықтан қысылтаяң шақта жанынан табылғанын пайымдаған болар.

Серағаның сонау 1986 жылы Горбачев пен Колбиннің солақай саясаты салдарынан үй қамақта жападан-жалғыз қалған Димаш Ахметұлы Қонаевтың қасынан табылуы–ұлт намысын жыртқан азаматтық болмысын айшықтайтын тұс. Сол бір қиямпұрыс кезең туралы кейіннен «Өтті дәурен осылай» атты естелік кітабында Д.Қонаев былай деп жазады: «Жалғанда жалғыздық жаман екен. Ертелі-кеш тыным болмайтын телефондар сап тыйылды. Күні кеше ғана құрдай жорғалап, алдыңнан қия өтпей, қисынсыз жерден қиялай келіп сәлем беруге құштар «әріптестерім», мені пір тұтып, ұстаз санаған қайран «шәкіртсымақтарым» біздің үйді айналып өтетінді шығарды. Тіпті базбіреулері аттанға ұран қосып, онсыз да лап еткелі тұрған шаланы үрлеуге асықты».

Әйгілі Желтоқсан көтерілісінен кейін әпербақан билік атой салған қазақ «ұлтшылдығына» қарсы күрес жалыны лаулап тұрған уақытта ақиқатқа араша түсудің өзі отпен ойнағанмен бірдей екенін бастан кешкен жан болмаса, сырт кісінің сезінуі қиын. Оңтүстік өңірінен басшылық қызметке тартылушылар қатары тым көбейіп кеткен деген сылтаумен «Өнер» баспасының бас редакторлығынан «қуғындалып», Орталық комитет жанындағы партия тарихы институтына аудармашы болып «жер аударылып» келген Сераға мұны жақсы түсінді. Түсіне тұрып, саналы түрде соған барды. Оны «Самғау» атты кітабында: «Отқа май құюшылар көбейді. Аз күнгі «абыройға» малданып, ардан аттап, аузына келгенді құсқан «ағайындарға» тоқтау айтар жан табыла қоймады. Ер басына күн туып, ел ішін алатайдай бүлдіріп, шырқын кетіре бастаған қысылтаяң шақта бәрімізге қара басымыздың амандығы қымбат боп шықты. Соны өзім айрықша құрмет тұтатын Нұрғиса Тілендиев ағама барып айтып едім, ұзақ үнсіз отырып:

– Сонда ойың не? - деп сұрады әңгіменің басын ашып алғысы келіп.

– Жығылғанды жұдырықтамас болар. Тым құрыса мына төбесінен жай түскендей есеңгіреген халқыңызға кешегі Елбасы ретінде Колбиннің қаралаған сөзіне Сіз не айтасыз? Ағы қайсы, қарасы қайсы? Неге қаралаушы сөйлейді де, айыпталушы жұмған аузын ашпайды? Соған журналистік намыс «Сен ай қарап жүрсің ба?» деп маза бермейді. Жолықтырыңызшы, - деп қолқа салдым», - деп есіне алады.

Сұхбат жанрының сардары Серағаның «Ақиқат айтылмай қалмайды» деген тақырыпта сол кезде үй қамақта отырған Д.Қонаевпен сыр-сұхбаты «Қазақ әдебиеті» газетіне осылай даярланғанын кейінгі ұрпақтың білгені дұрыс. Ел ағасына 108 сұрақ әзірлеп, оның үштен-бірінің жауабын қаз-қалпында ақ қағазға түсіріп, басылымға басуға апарған Серағаның да, нар тәуекелге басып, оны тоқтатпай жариялауға белді бекем буған газеттің сол тұстағы бас редакторы Оралхан Бөкейдің де ісі – көзсіз ерлікпен пара-пар, болашақ ұрпақ, әсіресе, жас журналистер үлгі тұтарлықтай өнеге.

Әрине, жазушы, журналист, публицист, аудармашы, баспагер, қайраткер, ұстаз, тәлімгер Серағаның сан қырлы талантын жан-жақты ашу, тарата талдау, бағасын беру, ғылыми тілде айтқанда, Серіктануға бойлап ену – болашақ еншісіндегі мәселе. Бұл жолы алдымызға ондай мақсат қойып отырғанымыз жоқ. Әз-ағаның бір ғана ерлігін еске алып, халқына қалтқысыз қызмет еткен азаматтық болмысын паш етуді парыз санадық.

Жаныңыз жәнатта, рухыңыз пейіште шалқысын, Алаштың арда ұлын ардақтаған, Сераға!


Жас қазақ , 24 қыркүйек 2010 жыл

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет