Ұлы дала тұЛҒалары – абылай хан мен бұҚар жырау жабай Нұрмақұлы Қалиев



Дата11.06.2016
өлшемі41 Kb.
#128779
«Абылай хан және қазақ мемлекеттілігінің стратегиялық мүдделері» тақырыбындағы Абылай ханның 300 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, 2013 жыл 23 мамыр
ҰЛЫ ДАЛА ТҰЛҒАЛАРЫ –

АБЫЛАЙ ХАН МЕН БҰҚАР ЖЫРАУ
Жабай Нұрмақұлы ҚАЛИЕВ,

Мемлекет тарихы институты

Деректану, тарихнама және

Отан тарихы бөлімінің бастығы, педагогика ғылымдарының кандидаты


Дербес мемлекет құру, қазақ халқының егеменді ел болуы – Абылай хан өмірінің түп қазығы болды. Қазақ тарихындағы Абылай хан құрған Қазақ хандығы бір орталықтандырылған мемлекеттік дәрежеге көтерілді.

Абылай хан сияқты дана саяси қайраткер азаттық қозғалысының көсемі, болашақты болжап, өз халқын егемендікке жеткізген тарих қаһармандары кешегі жеке басқа табыну, одан қалды әкімшіл-әміршіл жүйе, мифқа айналдырған идеология заманында тарих табалдырығында қалдырылды. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуінен бастап жаңа ойлау, толғану заманасы Абылайдай дананы өз халқына қайтарды, тарих төрінен орын беріп, оның беделін асқар шыңға көтерді.

Тарихта адамдардың бір де болса бірегейлері аққан құйрықты жұлдыздай аспан әлемін қақ жарып, «мен мұндамын», - деп жар салып өтеді. Мұндай жандар жаратылыс философиясының сырын ұғып, өмір тұтқасына дер кезінде жармасады, озбырлармен арбасады, тарихпенен сырласады да, өз халқымен мұндасады. Тек қана осылай олар өз есімін мәңгілік кітабына хаттайды, болашақ ұрпаққа үлгілі ісін, даналық сөзін, ғибратты өсиетін жаттатады.

Академик Манаш Қозыбаев тарихтағы Ұлы тұлғалар жайлы «...егер тарихта Аристотель мен әл-Фараби, Македонский мен Шыңғыс хан, әз Жәнібек хан мен Мұстафа Кемал Ата түрк, Абылай хан мен Петр I, әз Тәуке хан мен Галдан-Церен, Қаныш пен Ломоносов, Абай мен Пушкин, Шоқан мен Лермонтов, Мағжан мен Гете, Мұхтар мен Шекспир сияқты тұлғалар болмаса бұл жалған тарихта не сән, не мән болар еді? Егер әлем тарихында алып Гомерді, дала данасы Бұқарды өмір сүрмеді деп бір сәт ойлай қалсақ, өмір дариясы кемерінен түсіп, Хан Тәңірі бір құлаш шөккендей болар еді», - деп ғажап ойларын білдірген болатын.

Абылай хан – Бұқар жырау заманы, Мұхтар Әуезов айтқандай, «орыс патшалығына қарамай, бөлек хандық құрып, жеке өмір жүргіземіз деген талаптың мезгілі еді. Бұқар сонда үлкен қырағы саясаттың толғаушысы боп, әрбір сөзін ірі-ірі оқиғалардың, ірі мәселенің тұсында ғана айтады». Ендеше Бұқар жырау Абылайды, батырларды, Отан мүддесі, одан қалды халық санасын қалыптастыру қажеттілігінен дәріптеді. Бұқар жырау замана талабына сай өктемді мемлекеттік, бүкілхалықтық дәрежедегі рухани көсем, рухани өмірдің Абылайы ұлт-азаттық қозғалыстың ұйытқысы, жыршысы.

Бұқар жырау бірнеше ғасыр өктемді үні үстем болған жыраулар заманының ең биік шыңына көтерілді. Халық атынан сөйлеп күмбірлеген жыраудың Отан тағдыры, ұлт санасы, ел бірлігі бүкіл поэзиясының өзегі болды, халық жырауы атанды. Атақты Үмбетей жыраудың Бұқардың асында зиратының басында:

Өткіздің тоғыз ханды толғауменен,

Шештің талай түйінді болжауменен.

Іс болса қиын-қыстау сан сайыстың

Қылыш пен қызыл тілді қорғауменен, - деуі осыдан.

Бұқар жырау өзінен кейінгі ұрпаққа Абылайдың қасында болғандықтан ғана қымбат емес, Ұлы Даланың ғажайып перзенттерінің ұлттық санасын қалыптастыруға үлес қосып, бір өзі Дала академиясының ісін атқарған сайын даланың данасы есебінде қымбат.

Манаш Қозыбаев: «...Бұқар тек жырау емес. Біріншіден, ол сонау Сыпыра жыраудан бері қарай барша жыраулардың жолы киелі, сөзі иелі ту ұстары. Екіншіден, ол жыраулықты, көрегенділікті көріпкелділікпен ұштастырған ел данасы. Үшіншіден, болашаққа қырандай ғарыштан қараған, барша қазақты алаламай тұтас бір халық деп санаған, шалдыққанда Абылайға тірек болуға жаралған, аптыққанда қаһарлы Абылайдың өзін де жас баладай сабаған халық бабасы. Ол ханнан да қаһарлы, оның тірегі – халық, сыншысы – тарих. Төртіншіден, Бұқар жырау, Абылай хан тағдыры бір, игі мақсатқа – жүздік ұғымнан ұлттық санаға көтеріліп, тұтас иеменді мемлекеттік дәрежеге көтерілу мақсатына еңбек еткен, халықаралық дәрежеге көтерілген саяси қайраткер жандар», - деген екен.

Бұқар поэзиясының тынысы – ел өмірі, халық мүддесі. Абылай хан Бұқар жыраудың алдаспан жырлары арқылы халық тынысын тыңдады, өз саясатының деңгейін мемлекеттік дәрежеге көтеруге қарекет жасады. Бұқар жырау, қалың бұқара ел, Абылай хан міне осылай бір арнаға тоғысты.

Абылай-Бұқар заманасында қазақ елі қыспаққа түсті. Біздің мемлекетіміздің үлгі тұтарлық дипломатиясы қалыптасты. Сол кездегі көрші елдерге, оның ішіндегі Ресей, Қытай мемлекеттеріне деген тұрақты байсалды көзқарас, саясат, сан сарапқа салып шешілген ұлысаралық бейбіт өмір үлгісі өз маңызын бұл күнде де жойған жоқ.

Қазақ халқының біздің заманымызға жетуіне, талай тар жол, тайғақ кешуден өтуіне, оның мәдениеті мен әдебиеті, парасаты мен имандылығының дамуына зор үлес қосқан «Көмекей әулие» - Бұқар бабамен бүгінгі, келешек ұрпақтар мақтануы – тарихи заңды құбылыс.

Бұқар өз заманындағы ірі мемлекет қайраткері, сұңғыла дипломат, егесе егеудей ойып тастап, кестесінен кесіп шешім шығарушы әрі би, әрі жалынды жырау, Бұқар халықтың хан алдындағы өкілі, оның жоғын жоқтаушысы, Ұлы Даланың биі, халықтың маңдайына тарту еткен тағдырдың сыйы.

Бұқар жырау қазақ хандығының билiк пирамидасында аса бiр ерекше миссия атқарады. Ең қиын, түйiндi, түбегейлi iс шешiмi боларда ұлы шоғыр жырауға табынды. Бұқар данамын деп таспады, дана жырау барша қауымның бағы болды, түнекше жол сiлтер шамы болды. Ол халық бабасына, халық данасына айналды. Абылай хан, Бұқар жырау, барша билiкке қатысқан қауым ұлт тұтастығының бiрiккен мемлекетiнiң идеологиясын қалыптастырды. Ұлттық, халықтық ағынның жыршысы, ұйтқысы Бұқар жырау ұлт санасының қайнар бұлағының бастауы бола бiлдi. Дала идеологиясы дала көшпелiлер өркениетiнде басқадан өзгеше осылай сипатталды.

Бүгiнгi бiз айтып жүрген патриоттық сезiм кейiнгi ұрпаққа Бұқар жырының бесiгiмен тербелiп, жүрегiне осылай ұялаған. Дүние танымын, қоғамдық санасын арттырып, халықтың рухани талабына қызмет еткен. Ол кездегi алға қойылған мiндет пен саяси-әлеуметтiк талап қазақ деген ұлттық сананы рулық, жүздiк ұғымның шеңберiнен асырып, түбi бiр тұтас мемлекет дәрежесiне көтеру едi.

Бұқар жырау қазақ жұртын қабырғалы мемлекет қатарына қосуды арман еттi. Елiмнiң басын бiрiктiремiн деп талай қиянат қиыншылықты басынан кешiрдi, жарқ етiп сермеген жырлары ханды да, қараны да аямады, түйiндi ойлардың тұсауын кесiп, шеңберлi саясаттың тынысын кеңейтiп отырды.

Замана ұраншысы атанған Бұқар жырау Абылай ханның ақылман кеңесшiсi, қабырғалы биi болды. Қазақ қауымының бар тiлегi бiр арнаға тоғысқан шақта Абылай сияқты кемеңгер тұлғаның тарих сахнасына шығуы кездейсоқтық емес десек, дәл осы кезеңде Алаш жұртының өз рухын айғақтаған Бұқар жырау сияқты сөз дарқынының дабыл қағуы да табиғи занды құбылыс.



Қазақ халқы қанша жасаса, Абылай хан мен Бұқар жырау сияқты Ұлы Дала тұлғаларының есімдері сонша жасай бермек!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет