ӘДЕБИ БАЙЛАНЫС — белгілі бір ұлт әдебиетінің басқа да әлем халықтары әдебиетімен қарым-қатынасы. Әдебиет әлеміндегі рухани алмасулар — көркемдік дамудың, әдеби процестің өзіндік заңдылығы. Бүтіндей алғанда, Әдеби байланыстың әлем әдебиеті тарихында алатын орны зор. Ұлттық әдебиеттердің даму деңгейі сол кезеңдегі Әдеби байланыстың да бағыты мен көркемдік рөлін анықтайды. Оның түрлері мен жолдары көп және бұл процесте аударманың алатын орны өзгеше.
Аударманың ұлттық сөз өнеріне қандайлық табиғи кірігіп кетуі мүмкін екендігін зерттеуші көп уақыт Асан Қайғы толғауы делініп келген өлеңнің (“Таза, мінсіз асыл тас”) ХІХ ғасырдағы орыс ақыны Юлия Жадовскаядан Ахмет Байтұрсынов жасаған аударма болып табылатынын [1] мысалға келтіре отырып дәлелдейді. Мұның өзі аударманың керемет мүмкіндігіне де нақты айғақ.
Аударма – уақытқа тәуелді өнер. Ешкім де барлық замандарға бірдей жарай беретін аударма жасай алмауы мүмкін. Сондықтан да әр дәуір өз аудармасын талап етеді делінеді. Аудармашы өз тіліндегі оқырман үшін жазады.
Әдебиетте көп нәрсе шартты. Өлшемдер өзгермелі. Талғам туралы таласпайды. Өнерге нөмір жүрмейді. Әйтсе де, сөз ұстаған ұлылардың қайсысы әлем әдебиетіне көбірек ықпал жасады, оның адамзат өркениетіндегі алар орны қандай дегенде алдымен айтылатын бір өлшем бар: ол – шығармаларының қанша тілге аударылғандығы. Тәржіменің саны талантқа ең әділ таразы бола бермейтіні рас. Әсіресе, қазіргі заманда өз шығармасын аудартуға алдымен пысықайлардың қолы жететіні де рас. Сонда да бұл көрсеткішпен санаспау мүмкін емес. Әдебиеттің әйгілі шығармаларының шет тілдердегі таралымы түпнұсқа тіліндегісін кейде он орап кететіні көп жайды аңғарта алады.
Тәржіме теориясына байланысты өз шешімін күткен мәселелер әлі де баршылық. Бүкіл әлемде осы тақырыпты жан-жағынан қаузаған мыңдаған мақалалар, жүздеген монографиялар жарық көре тұра, әлі күнге ортақ терминологияға тоқтам жасалмай отыр. Ю.Оболенская “аударма” және “аударма үдерісі” секілді түйінді ұғымдардың өзінің басы ашылмағанын жазады [2, 5 б.]. Тәржіме – әдебиет аясынан да, жалпы мәдениет аясынан да шығып кететін күрделі құбылыс. Зерттеуде аударма әр қырынан – лингвистикалық (психолингвистикалық), әдеби-тарихи, мәдениеттанушылық, философиялық-эстетикалық, ақпараттық, текстологиялық немесе семиотикалық тұрғыдан – қарастырылады.
Мәдениеттердің үнқатысуы аудармасыз жүзеге аспайтыны әр аударма түпнұсқаның жаңа байыптамасы болатындықтан ғана емес, мәселе әр аударма түпмәтінге жаңа өлшем алып келетіндігінде. М.Бахтин былай деген: “Өзге мәдениет басқа мәдениеттің көзімен қараған кезде ғана өзін толығырақ, тереңірек таныта алады... Бір мағына екінші, басқа мағынамен бетпе-бет келгенде өзінің терең сырын ашады: олардың арасында сол мәдениеттердің томаға-тұйықтығы мен біржақтылығын еңсеретін үнқатысу басталғандай болады” [3, 334-335 б.]. Толыққанды ұлттық әдебиеттің толыққанды аударма әдебиетінсіз кемеліне келмейтіні сондықтан.
Төл әдебиетіміздің өзіндік ерекшелігін ескере келіп, ауызша тарап жеткен көркем сөз мұраларымызды әдебиетіміздің тарихына жатқызамыз. Сондықтан ауызша жеткен аудармаларды аударма тарихына жатқызудың жайын ойластыру керек болады. “Әртүрлі тілдерде сөйлейтін халықтардың арасындағы алғашқы байланыс ауызша болғанына күмән жоқ. Тегінде, аударма ұзақ уақыт бойы қағазға түспей келсе керек. Бізде ауызша аударма кезеңінен қалған ешқандай белгі жоқ. Алайда, тарихи мәліметтер, сондай-ақ халықтар арасындағы әрқилы байланыстардың есте жоқ ерте замандардан келе жатқанын пайымдау ауызша аударма жазу шыққанға дейін болған деп болжауға мүмкіндік береді”. Біздің, ауызша әдебиетпен ауызданып өскен халықтың, бүкіл тарихы ауызша жеткен халықтың күні кешегі ауызша аудармаларын неге назардан шығаруға тиіспіз? Соның бірі – Абайдың ауызша аудармашылығы. Темірғали Нұртазиннің “Жер жүзі мәдениетін елге шашудың бір саласы ретінде Абай бұрынғы ертегі, қиссаның орнына сюжетті романдарды әңгіме етіп айтып береді, төңірегіндегі ақын-әншілер арқылы халыққа жаяды. “Шахнама”, “Рүстем-Дастан”, “Үш мушкетер”, “Жиырма жыл өткен соң”, т.б. Абай аузынан таралып, қырық елдің қиырына жайылып кеткен” [4] деген пікірі ғылыми айналымға қайта қосатындай құнды пікір.
Әр халықтың жазба әдебиетінің қалыптасуы оның аударма әдебиетін де қатар қалыптастыра бастайды. Бұл әдебиет әуелде төлтума шығармашылықпен қойындасып, араласып кетеді, жазба мәдениеті бұрынырақ орныққан алыптардың тақырыптық сарындарына, оқиғалық желілеріне арқа сүйеп, дамиды. Әуелгі бетте төлтума мен телтуманың ара-жігі ажыратылмай жүрсе, төл әдебиет кемеліне келген сайын аударылған шығармалар отау үйдей бөліне береді де, енді оның өзінің дәстүрлері қалыптаса бастайды.
Қазақ әдеби аудармасында әлемдік тәржіме өнеріндегі әдіс-тәсілдердің барлығы дерлік кездесетіні назар аударарлық. Солардың арасында бұрыннан бары – бейімдей аудару (адаптация). Оның мәнісін Мұхаметжан Сералиннің “Айқапта” басылған “Рүстем-Зорапқа” түсініктемесінен тәп-тәуір тануға болады: “Қадірменді оқушыларымыздың алдына салып отырған мына “Рүстем-Зорап” қиссасы фарсы тілінде жазылған атақты “Шахнама” деген кітаптың бір саласы. Рюккерт деген немістің бір шайыры “Рүстем-Зорап” қиссасын “Шахнама” деп алып, бір жағы тәжірибе, бір жағы ұйқастыру секілді қылып немісше жазған... Соны орыс шайыры Жуковский 1846-1847 жылдары өлең қылып, арттырып, кемітіп, қалыбына лайықты етіп (астын сызған біз – С.А.) істеп шығарған. Мен оны шамамның келгенінше қазақ тіліне Жуковскийдің шығарған қалыбынан дым алыстатпай аударуға тырыстым” [5, 212 б.].
Еліктеуді толыққанды, дербес әдеби жанр ретінде тану керек, жекелеген шумақтарда кездесетін сіңіру мен тікелей реминисценцияның аударма ретінде қаралуы жөнсіз. Мағжан Жұмабаевтың Феттен жасаған аудармасы ретінде қаралып жүрген (“Жүрек мас”) өлеңі шындығында орыс ақынының әсерімен, еліктеу түрінде жазылған төл туынды.
Поэзия аудармасына қойылар талаптарды айтқанда алдымен ауызға алынатыны сөзбе-сөзділіктен қашу, жолма-жолдылықтан қашу, шығармашылық еркіндікке құлаш ұру сияқты болып келеді. Бірақ, осы айтылғаннан өлең аудармасында сөзбе-сөздік дәлдік, жолма-жолдық көркемдік болуы мүмкін емес деген ой шыға ма? Шықпайды. Бәрі де таланттың қолында. Шын талант өзге біреу сірестіріп қоятын сөзбе-сөзділіктің өзін сырлы сұлулыққа суара алады, шын талант өзге біреу жабыстырып қоятын жолма-жолдылықтың өзін жарасымды жымдастырып жібереді. Бұл орайда Ғали Орманов аударған Пушкиннің “Қысқы жол” өлеңі нақты мысал бола алады.
Сквозь волнистые туманы
Толқынға ұқсас тұманнан
Пробирается луна,
Ай ақырын шығады;
На печальные поляны
Төңірекке мұңайған
Льет печально свет она.
Мұңды сәуле құяды.
По дороге зимней, скучной
Қысқы жолда жабырқау
Тройка борзая бежит,
Келеді аттар бұлдырап;
Колокольчик однозвучный
Жалғыз үнмен қоңырау
Утомительно гремит
Қажытады сылдырап.
Адамды түсіну қандай қиын болса, оның жазғанын түсіну одан да қиын. Иржи Левыйдың: “Дұрыстап оқу – жұмыстың жартысын жасап тастау” [6, 119 б.] деген сөзі бар. Аударылатын мәтіндегі өмір болмысын дұрыс әрі терең түсіну – аудармашыға қойылар басты талап.
Аудармадағы ағаттықтардың, қателіктердің, кемшіліктердің әр кезеңдегі сипаты әр түрлі. Тәржімешінің когнитивті тәжірибесінің жетіспеуінен жіберілетін кемшіліктің бірі – тастап кету. Семантикалық деңгейдегі қателіктер өзгеру, ауысулардың, яғни трансформацияның дәл ұғынылмауынан орын алады. Олақтық, салақтықтан кететін қателіктерге де тиісінше көңіл бөлінді.
Өлең аудармасының өнері дегеніміз бір тұста ұтып, бір тұста ұтылып жүріп барып шығармашылық жеңіске жету. Әр жол сайын дөп табамын, әр жол сайын дәл түсемін деген адам дәл сол жолдарда тауып кеткендей болып көрінгенімен, шығарманы тұтастай алып қарағанда өлеңдік өзегінен айырылып қалып жатады. Белгілі бір дәрежеде “құрбандықтарға” саналы түрде бармайынша, шын мәніндегі көркем аудармаға қол жеткізу қиын. Ол үшін аудармашы өзі қолға алған шығармадағы тастап кетуге, алмастыруға болатын тұстарды бар жан-жүрегімен, бар ақыл-ойымен, бүкіл болмыс-бітімімен сезінуге тиіс. Ең бастысы – нақпа-нақ білуге тиіс. Түйсікке сене беру, шабытқа арқа сүйей беру түптің түбінде бір опындырмай қоймайтыны сөзсіз. Абзалы, аудармашының ақын ғана емес, тарихшы, этнограф, тілші, сыншы, мәдениеттанушы болып жатқаны керек. Аудармашылық өнер мен ғылымның арасында тұруға тиіс дейтініміз де сондықтан.
Реалиялар аудармаларына да назар салынған. Ең алдымен түпнұсқаның рухын дәл табу, негізгі айтар ойын дәл аңдау, басты бейнелерін дәл жеткізу шарт. Қалғаны – екінші қатардағы нәрселер. Тіпті бір қарағанда реалия сияқты көрінетін сөздердің, атаулардың өзі шындап келгенде өлең өрнегін айшықты ете түсуге, дыбыс үндестігін күшейту арқылы әсерді арттыруға қызмет етіп қана тұрғанын көреміз.
Диссертацияда рецепция проблемасына да тиісінше көңіл бөлінген. Бір қоғамның басқа елде немесе басқа дәуірде пайда болған әлеуметтік және мәдени формаларды қабыл алуы әдеби ауыс-түйістен алдымен көрінеді. Көркем мәтінді қабыл алушы, пайымдаушы ретінде аудармашының өзі субъективті тұлға екені талассыз. Әрі тәржімеші мен автордың дүниетанымында да өзгешелік болатындығы сөзсіз. Оның үстіне қабыл алушы (реципиент) – коммуникативтік актінің қатысушысы ретінде оқырманның өзі де субъективті тұлға.
Зерттеуде аударылған мәтіннің қабыл алынуында оқырман менталитетін, тіл заңдылықтарын ескерудің қандайлық үлкен орын алатыны айтылады. Қазақ тілінде орыс тіліндегідей род жоқтығына байланысты туындайтын проблемалардың өзі бірқыдыру. Мысалы, Абайдың Лермонтовтан аударған “Жартас” өлеңіндегі суреттелген жай қазақ оқырманын орыс оқырманындай толқыта қоймайды. Себебі, біз жартасты, яғни мужской родтағы “утес-ті” ер кісінің метафорасы, ал женский родтағы “тучка-ны” жас қыздың метафорасы ретінде соншалықты табиғи қабыл алмаймыз. Мұндай ойлау жүйесі бізге тән емес. Тегінде, ұлттық ойлау жүйесінен шалғай тұрған шығармалар аудармаға көнбейтін болуы да мүмкін.
Аудармадағы ағаттықтардың типологиясы екшеледі. Тіларалық омонимдер, идиомаларды берудегі қиындықтарды айтпағанда, отызыншы-қырқыншы жылдарға дейін мәтіннің мәнін дәл ұқпаудың өзі жиі кездесіп тұрды.
“Абайдың Пушкин романынан жасаған нұсқасының жанрлық табиғаты жөнінде қазақ әдебиеттануында едәуір материал қордаланып үлгерді. Абай жасаған асыл нұсқаның белгілі бір анықтаманың аясына сыя қалмайтыны, қатқан қалыпқа дәл түсе қоймайтыны – ақын ұлылығының тағы бір айғағы. Шериаздан Елеукеновтің: “Хаттарда” аударма атаулының бар түрі кездеседі. Дәлме-дәл яки бара-бар, еркін тәржіма және сарындастық тәржімаға қатысты шамалы еліктеу, дербес шығармаға тән қасиеттер түгел ұшырасады” [6, 247 б.] деуі сондықтан. Қалай болғанда да Абай Пушкиннен атымен аударма жасамаған деудің реті келе қоймайды. Абайдың Пушкиннен сөздің бүгінгі мағынасындағы аударма жасамағандығы – басы ашық жай. Абай өзінің “Евгений Онегинін” туындатқан. Қалай туындатқан? Біздің пікірімізше, Абай өзінің “Евгений Онегинін” негізінен алғанда аудармалық лирика [7] тәсілімен туындатқан. Түпнұсқаға шығармашылық еркіндікпен қараған, кейіпкерлер болмысына өз байыптамасын жасаған, туындының табиғатын қазақ реципиентінің қабыл алуына лайықтап келтірген.
Абайдың “Евгений Онегиннен” аудармаларында ақынның сөз сәйкестігінің де, бейне баламалылығының да, уәзін, екпін, ұйқас, интонация барабарлығының да үздік үлгісін жасағандығына мына жолдарды орысша-қазақшасымен текшелеп қойып шыққанда да көз жетеді.
Но так и быть. Судьбу мою
Не болса да өзімді
Отныне я тебе вручаю
Тапсырдым сізге налынып
Перед тобою слезы лью
Толтырып жасқа көзімді
Твоей защиты умоляю
Есірке деймін жалынып
Абайдағы нақтылық, сәйкестік назар аударарлық. “Кто ты, мой ангел ли хранитель” – “Шыныңды айт, кімсің тербеткен, Иембісің сақтаушы?”. “Ангел-хранитель” ұғымын дәл осылайша жатық жеткізу церковнославянизмдер табиғатын тамыршыдай тап басып танудың жемісі. “Или коварный искуситель” – “Әлде азғырып әуре еткен, Жаумысың теуіп таптаушы”. “Искушение” ұғымын “ азғырып әуре ету” деп алған Абай “коварный” сөзінен сол “искусительдің” тұлғаны “теуіп таптайтын” сұмдығын сезіндіреді. “Мои сомнения разреши” – “Шеш көңілімнің жұмбағын”, “Быть может это все пустое” – “Әлде бәрі алданыс”. Эквивалентті дейсіз бе, эквиритмді дейсіз бе, адекватты дейсіз бе, дәлме-дәл дейсіз бе, жолма-жол дейсіз бе, тіпті сөзбе-сөз дейсіз бе – жалпы, аударма теориясындағы талаптардың бәріне бірдей жауап бере алатын шумақтар. Ал енді “Обман неопытной души…” деген жолдан “Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс” деп шығаруға тіпті айтар сөз жоқ.
Абайдың алыптығы Лермонтовтан аудармаларынан тіпті бөлекше көрінеді. Ақын атамыз қазақ поэзия тәржімесінің шыңға шыққан шедеврлерін тап осы Лермонтовтың өлеңдерін аудару арқылы жасаған болатын. “Қараңғы түнде тау қалғып” – аудармадағы көркемдіктің, бейнеліліктің, әуезділіктің, дәлдіктің эталоны. Лермонтовтағы “тау шыңдарын” “тауға” түсіріп, асқақтаған шыңы жоқ Шыңғыс тауына келтіріп, “аңғарды” жазық “далаға” ауыстырып, Қарауылдың айналасына айналдырып жіберген данышпандығының арқасында Гете картинасы қазақ жеріне көшкен де қойған. Тегінде, Абайға Пушкиннен гөрі Лермонтов жақынырақ болған деп айтудың реті бар. Абай өз жанының қажетін Лермонтовтан көбірек тапқандай. Мұның өзі оның Лермонтов өлеңдерінің денін таза аударма күйінде шығаруынан, ал Пушкинге келгенде еркіндікке дес беріп, өз бетінше пайымдама жасауға, кейіпкерлердің мінез бітімін, кісілік болмысын өз қалауынша өзгертуге бейімдігінен де көрінеді. Пушкинге Абай жарыса сөйлесе, Лермонтовқа қосыла сөйлейді. Қазақ поэзиясы көркемдік нақтылық, бейне дәлдігі сипаттарына ие болғаны үшін Абай аудармаларына да қарыздар.
Ұлттық мәдениеттердің бетбұрысты белестерінде аударманың алар орны арта түседі. Қазақ қауымы үшін осындай белес – Абай дәуірі. Академик Сейіт Қасқабасов дәуірге, қоғамға сәйкес белгілі бір жанрлар актуальды сипат алып, басым түсіп жататынын айта келіп, “Мысалы, ХҮ-ХVІІІ ғасырларда қазақ қоғамы мен тарихы үшін елді қорғау, жауға тойтарыс беру аса маңызды саналды”, “Сол сияқты ХІХ-ХХ ғасырларда ақындар айтысы, лирикалық жанрлар шыға бастады. Олардың басты функциясы – эстетикалық болды, бірақ басқа сипаттарын да жоғалтқан жоқ” [8, 20 б.] деп көрсетеді. Яғни, сол тұста сыртқы жаудан тыншу тапқан қазақ елі өз ішіне үңілуге, адамның жанына бойлауға, сезім жайын ойлауға мүмкіндік алған еді. Абай аудармалары қазақ тілінің ғажап мүмкіндігін көрсетіп берді. Абай өз өнегесімен қазақ әдебиетінің іргесін жоғарырақ түріп, түндігін толығырақ аша алды: мұнан былай ұлттық сөз өнерімізге сырттан самал да көбірек есетін, төбеден күн нұры да көбірек түсетін болды.
“Нәзира – аударманың өзгеше тәсілі” деп аталған төртінші тараушада тарихшылдық ұстанымына негізделген салғастырмалы-типологиялық көзқарас қай елдің де әдебиетіндегі тәржіме жәдігерліктерінің идеялық-көркемдік және эстетикалық құндылығын анықтауға мүмкіндік беретіндігі, біз әдеби байланыстар жүйесінде ненің аударма, ненің нәзира екенін мүмкіндігінше басын ашып алуға ұмтылуға тиіс екендігіміз айтылады. Алдағы кезде қазақ әдебиетіндегі нәзира дәстүрі қазіргіден тереңірек зерттеледі деп сеніммен айтуға болады. Тәуелсіздік жылдарындағы бостан сана, дінге деген көзқарастың өзгеруі, сол арқылы бұрын жабық күйінде келген, әрі барғанда Академияның қолжазба қорында сақталған діни дастандардың, қиссалардың жариялануы ендігі жерде оларды ғылыми тұрғыдан қарастыруға мол мүмкіндік жасайды. “Бұл шығармалар Алтын Орда дәуірінде өзгеше өріс алған аударма-нәзиралық шығармаларға жатады. Белгілі ғалым Алма Қыраубайқызы Алтын Орда дәуіріндегі көркем әдебиеттің екі түрін атап көрсетіп, бірінші аударма-нәзиралық шығармаларға “Хұсрау-Шырын”, “Гүлстан”, “Қисса’с-үл Әнбия”, “Қисса Жүсіп”, “Нахж-үл Фарадис”, “Жұмжұма” кітабын жатқызса, екіншісі – тың тума әдебиет үлгісі деп “Мұхаббат-наманы” атайды” [7, 17 б.].
Нәзираның бойына тән белгінің бірі – оңайлату. Бүгінгі теорияның талабына салғанда, оңайлату (упрощение) жағымсыз жайға жатады. Автордың еркіне қол сұғылады, түпнұсқа қайта пайымдалады, сюжет, композиция өзгертіледі, стилистикалық құрылым жаңарады, т.б. Қазақ даласына тараған нәзиралық шығармаларға да осы белгілер тән. Ол кездегі басты мақсат бүгінгі тілмен айтқанда интеллектуалдық элитаның аз тобына лайықталған таза тәржіме жасаудан гөрі әлем әдебиетінің тың бояуларын, терең ойларын қалың бұқараға жеткізу еді. Бұл тұрғыдан нәзира дәстүрі өзінің тарихи уәзипасын орындады деп айта аламыз.
Төл әдебиетімізде нәзира дәстүрінде дүниеге келген шығармалардың үлкен бір саласы – прозалық туындыларды жыр тілімен сөйлету. Шынтуайтына келгенде, қазақ поэзия аудармасының өзіндік ерекшелігінің келісті көрінетін бір тұсы да осы. Бұл орайда зерттеуде Абайдың Лермонтов “Вадимін” өлеңмен аудару өнегесіне тиісінше көңіл бөлінеді. Прозаға өлеңдік нәзираның біздегі әдемі үлгісін Шәкәрім жасаған. Оның “Дубровский”, “Боран” шығармалары осындай.
Бізге дастанның жанр ретінде әуелде сырттан сіңгендігі мәлім. Ал осы сіңісуде аудармаға тән белгілер болған ба? Болған. “Дастандық шығармаларды ел ішінен жинап, айтушылардан жазып алып, өзінше жөндеп баспаға жіберіп отырған бастырушылардың басым көпшілігі өз аттарын міндетті түрде мәтінге қосып отырған. Өз еңбегін олар былай бағалаған: жырладым, жаздым, шығардым, қазақшаға аудардым, қазақша жырладым, нәсірден назым еттім, көшірдім, т.б.” [9, 26 б.].
Пушкин шығармаларының ішінде алғаш қазақша баспа бетін көргені ертегілер екені назар аудартады. 1899 жылы, Пушкиннің 100 жылдығына орай Қазандағы император баспаханасында “Балықшы мен балық туралы ертегі” басылғаны белгілі. Негізінен, қазақ өлең аудармасында Пушкин ертегілерін игеру мәселесі ойдағыдай шешілген жоқ. Олардың көпшілігі кәдімгі өлең үлгісіне, батырлар жырының сарынына түсіп кеткен. Пушкин өлеңдерінің қазақша өрімі де қазірше тұтастай алғанда көңіл көншітпейді. Ақын поэмаларындағы сиқырлы сөз сазы да қазақ ақындарына алдыртпай келе жатқан асу. Пушкин поэмаларында жекелеген тұстар, тұтас шумақтар қазақша жатық, табиғи шыққанымен, тұтастай алғанда, ақын жырына тән сырлы саздылық, төгілген тіл өрнегі, метафора байлығы әлі де айшықты ашылмай келе жатыр. Бір мәтіннің бірнеше рет тәржімеленуі әртүрлі мағынаны сан түрлі етіп жеткізу арқылы тілдің ішкі мол мүмкіндігін аша түсетіндігімен де пайдалы. Оның үстіне кейбір, аса күрделі шығармалардың аудармалары салған беттен сәтті бола қалуы мүмкін емес те екендігі тағы бар. Осы тұрғыдан қарағанда қазақ әдебиетінде “Евгений Онегин” романының аударылу эволюциясы – өте қызғылықты тақырып. Еңбекте Абайдың “Евгений Онегин” нұсқасынан бастап, ұлы романның Ілияс Жансүгіров (1937), Қуандық Шаңғытбаев (1949, 1985), Кәкімбек Салықов (2006) жасаған толық аудармалары жан-жақты зерттеледі. І.Жансүгіров аудармасының ерен еңбек, ауқымды жұмыс екендігі талас тудырмайды. Сонымен бірге қазақ жыры Құлагерінің дәл осы аударма барысында сол тұстағы әріпшілдік теориясының құрбаны болғаны да күмәнсіз. Аударманың кемістігі – “әр жолдың мағына тұспалын өз қалпында беретін” үлгіні ұстанамын деп жүріп көп жерде поэзиялық сұлулықтан ажырап қалатындығы.
“ Омар Һайям, Маяковский, Твардовский, Ахматова, Блок, Цветаева, Пастернак, Есенин, Мақтымқұлы, Шекспир, Байрон, Бернс, Шевченко шығармаларының қазақша аудармалары талданады. Қ.Аманжолов, Қ.Шаңғытбаев, Ғ.Орманов, І.Мәмбетов, Х.Ерғалиев, Ғ.Қайырбеков, М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, Ф.Оңғарсынова, Ұ.Есдәулет, Г.Салықбаева, Д.Қанатбаев, басқа да ақындардың аудармаларындағы жетістіктер мен кемістіктер ашылады. Олардың бір туындыны қайталай аударуы әрі шығармашылық жарыс, әрі түпнұсқаны пайымдау, бажайлау, түйсіну тұрғысындағы ізденістер. Әсіресе, Қ.Шаңғытбаевтың Омар Һайям мен Роберт Бернс туындыларын тәржімелеудегі қалам ұстаған адамның бәрін тәнті етерліктей татаусыз төгілген тілі, төлтуманың уәзіндік, ырғақтық, бунақтық, ұйқастық өрнектерін соншалықты жатық жеткізуі нақты көрсетіледі. Сонымен қатар бірқатар классиктердің қазақшасында қарабайырлық кездесетіндігінің себептері түсіндіріледі.
Тарауда тәржіме тарихына қысқаша шолу жасау арқылы әлемдік аударма өнеріне тән эволюциялық бел-белестердің бәрін ұлттық аударма өнері де басып өткені дәлелденді. Қазақтың өлең аудармасында оңайлатып әңгімелеу де, қысқартып аудару да, өлеңді қарасөзбен аудару да, қарасөзді өлеңмен аудару да, сарын қосу да, сарындастыра жырлау да, қайта баяндау да, ұлттық бейімдеу де, еліктеу де, нәзира да, еркін аударма да, дәл аударма да, сөзбесөз аударма да, саймасай аударма да, барабар аударма да – бәрі-бәрі де бой көрсеткен. Ағартушылық уәзипаны көздеген таныстыру тұрғысындағы аударма да, идеологиялық мүддеден туындаған “тапсырыстық” аударма да бар бізде. Сонымен бірге, қазақ аудармасының өзіндік ерекшеліктері де жеткілікті.
Поэзия аудармасына идеологиялық ұстанымдардың салқыны аз тимеген. Қазақшаға аударылуы тіпті де міндет емес шығармалардың аударылып, аударылуға тиісті, қажетті дүниелердің қолға алынбай қала берген кездері де баршылық.
Өлең жүйелері мен просодиялардың сан түрлі болып келетіні қашанда белгілі. Олардың негізінде жатқан фонетикалық принциптер де алуан-алуан. Қанша жерден өлең өнері дамиды, өлең жүйесі өзгереді дегенде де, оның тілдің төл табиғатынан туындаған ішкі заңдылықтары бар. Ол заңдылықтарды бұзу арқылы ұлттық өлеңге жаңалық енгізу мүмкін емес. Жаңалық енгізе алғандардың бәрі де тілдің өз бойында бұғып жатқан, бұған дейінгі ақындар байқамаған, аңдай алмаған қасиеттерін байқағандар, аңдағандар. Мысалы, орыс өлеңіне силлабикалық жүйені қалайда енгізуге ұмтылған ақындар аз болған жоқ. Сонда да айналып келгенде силлабо-тоникалық және тоникалық жүйе орнығып қала берді.
Сөзді көбейтіп, өлең өлшемін өзгертіп алу, сөйтіп жүргенде жырдың өзіне тән мақамынан айырылып қалу – қазақ аудармасының әлі күнге арылып болмаған ауруы. Ырғақты Ахмет Байтұрсынов қолмен қойғандай етіп әдемі түсіндіреді: “өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы” [10, 192 б.]. Ырғақ ерекшелігі – әдебиеттің ұлттық ерекшелігі. Өлең музыкасы дәл сол ырғақты ұстаудан басталады. Поэзияның жаны – ырғақ. Жай сөздің өзін прозаға айналдыратын құдіреттің аты – ырғақ. Ішкі ырғақсыз қарасөздің де күні қараң. “Өлеңді оқу, тыңдау, түсіну, өлеңге тұшыну, толқу, тебірену – бәрі ырғаққа байланысты, Сөз өнерінің өзге түрінен өлеңнің басты өзгешілігі де ырғақта жатыр”, дейді академик Зейнолла Қабдолов [11, 264 б.]. Ырғағының өзгешелігіне, атап айтқанда – екпінінің қозғаусыз қала беретіні мен инверсиясының қиындығына байланысты өзге тілдегі ырғақтарды қайталап жеткізуге шамасы келе бермейтін өлең құрылыстары да бар. Ырғақ табиғаты күрделі-ақ. Сәл артық кетсе өлең басқа интонацияға түседі. Басқа интонация – басқа әсер.
Қазақ оқырманы үшін ұйқастың орны бөлекше. Бұл арада ұйқастың өлең сөздің әуезділігін арттыруға әсерін, қазақ поэзиясының ұйқасқа аса бай екенін, тіпті күні бүгінге дейін ұйқаспайтын өлеңді өлең деп ұға қоймайтынымызды айтып жату артық шығар. Жалпы, флективті тілдерде ашық буындар көбірек болады да, ұйқас жатықтау шығады.Ұйқас түрінің ырғақты айқындайтын сипатын қатты ескермей болмайды. Алайда, ұйқастың өзі туындының табиғатына сай таңдалуы керек.
Аударылған туындылардағы фразеологизмдер арқылы да тіл байып отыратынын дәйім ескерген жөн. Әрине, ана тіліміздің табиғатына жат ұғымдардың, қазақы фразеологизмнің болмысына үйлеспейтін орамдардың жөні бөлек. Біз әдетте орыс тілінен аударма әсерін Абай тәржімелерінен ғана іздеп жатамыз. “Абай өлеңдерінде кездесетін кептерше сүйінісу (“ворковать как голубки”), салқын тарту (“постывать”), тактісіне билеу (“отбивать такт”), бір сағаттан бір сағат (“от часу на час”) деген тіркестер де қазақ тілі үшін жаңа: олар орыс тілінен калькалау (сөзбе-сөз аудару) жолымен жасалғандар. Бір ғажабы – бұлардың бәрі тек аударма үстінде емес (олар да бар), Абайдың төл өлеңдерінде де қолданылған! Айталық, салқын тарту деген тіркес Абайда: Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі Саған салқын тартқандай, сен бір кәрі – деген өлең жолдарында кездессе, бұл жолдар Лермонтовтың: Пускай теперь прекрасный свет Тебе постыл – ты слеп, ты сед – деген жолдарының аудармасы. Кептерше сүйінісу (Абай жинақтарының барлық басылымдарында сүйеніскен деп жазылып жүр, біздіңше, сүйініскен болуы керек, оны Абай орысша ворковать дегеннің аудармасы етіп алған) деген тіркес те аударма өлеңінде кездеседі, ал қалғандары (мүйіз шығу, тактісіне билеу, бір сағаттан бір сағат) Абайдың төл өлеңдерінде. Бұл – Абайдың орыс тілінің көркемдік дүниесін творчестволықпен игергендігінің белгісі” [12, 503 б.]. Ақынның аударма өлеңдеріндегі жас бұлт, кәрі жартас, тентек өмір, салқын өмір, қараңғы өмір, өткен күннің улары, көңілдің ауыр жүгі деген тіркестер — жаңа фразалар.
Абай – перифраздың да шебері. Оған да әсер еткен – аударма. Әсіресе, Лермонтовтан аударылған өлеңдерде ақын перифраздың неше түрін көрсетеді. Қараңғы көңіл, көңілдің жүгі, улы сусын, жанға түскен жара, жалтаңдаған жас жүрек, жүйрік уақыт, үміттің нұры, еркелі қол, асау өмір, тентек өмір, жабырқаңқы сөз, тәтті үн, нәпсінің сынған қайғысы, асау той, тентек жиын... осылай кете береді. “Бұлардың барлығы дерлік орыс тілінің өзінде перифраз ретінде қолданылған образдар болса, Абай оларды қазақ тіліне өте әдемі аударып, перифрастық тіркестердің қазақша баламасын ұсынады. Әрине, Абай орыстың поэтикалық тілінің канондық (заңға айналған) сөздігін, орыс тіліндегі образдар жүйесін теория жүзінде зерттеп таныған жоқ, бірақ оның ақындық таланты мен қазақтың көркем сөз мәдениетін жақсы білуі Лермонтовтың көркем қазынасын дәл, дұрыс аударуға мүмкіндік берген” [12, 496 б.].
Интонация, интерпретация мәселелері нақты мысалдармен айтылады. Интонацияны табу үшін түпнұсқаның өлең өлшемін сақтау тіпті де шарт емес. Ең бастысы – оның ырғақтық-интонациялық бейне құралдарына сәйкес келетіндей өлшемдер ұстай алу.
Анна Ахматованың 1942 жылы Ленинград құрсауы кезінде жазылған “Қайсарлық” атты өлеңін Қадыр Мырзалиев аударған.
Парасат-ой не боларын сезген-ді,
Пайдамызға басамыз біз безбенді.
Қабағыңнан қар жауатын күн туды,
Қара тастай қатып қалар кез келді.
Қаусап қала, қаусап пана, қаусап бақ,
Қара ормансыз, шаңырақсыз қалсақ та.
Орыс сөзі, сені сақтап қалармыз,
Өлмеспіз біз бас сауғалап, жан сақтап.
Мөлдір тілді қоя алмаспыз қан қылып,
Ақылды әулет айтып жүрер ән қылып.
Мәңгілік!
Айшықты аударма. Әсіресе:
Свободным и чистым тебя пронесем,
И внукам дадим, и от плена спасем.
Навеки!
– деп түйінделетін тұсын тамаша шығарма. Көңілге келетіні бір-ақ нәрсе – түпнұсқаға тым адалдық. Аудармашы интерпретациясының жетіспеуі. Осындағы “орыс сөзі” деген тіркестің орнына “ана тілі” деп алынса ғой. Қазақшаға аударған соң қазақ оқырманының қамын да ойламай болмайды: солай еткенде мемлекеттік тіл мүддесі деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүрген осы жылдарда ел басына күн туған шақта қаладан да, панадан да, бақтан да, қара орманнан да, шаңырақтан да бұрын орыс сөзін алдымен ойлаған ұлы ақынның қастерлі жыры қазақтың жүрегіне мына күйінен де жақындай түсер еді. Түптеп келгенде, Ахматова да “русское слово” ұғымын “ана тілі” деген тұрғыда қолданып тұр.
ҚОРЫТЫНДЫ
Аударма – әрбір ұлттық мәдениеттің ажырағысыз бөлігі.
“Тарихи қысқа мерзімде қазақ әдебиеті өзінің озық үлгілері арқылы Европа классикалық әдебиетінің өресіне жетті” [13, 250 б.]. Бұл істе әдеби аударманың өзіндік орны бар. Фольклор, ауызша әдебиет дәстүрі қаншама бай дегенмен, роман сияқты күрделі жанрлардың жалғыз ғана арқауына айнала алмас еді. “Аударманың сапасы сол елдегі төл әдебиеттің сапасына сай келеді. Көш бастайтын төл әдебиеттің соңына еріп, аударма әдебиеті жедел жүреді. Кейде аударма әдебиет те төл әдебиеттің өсіп-өркендеуіне көмек беріп отырады” [14, 147 б.]. Нақты мысал атасақ, орыс әдебиетіне де көптеген жанрлар аударма арқылы ауысқанын айта аламыз. Жуковскийдің Шиллерден жасаған аудармалары болмағанда орыс тарихи балладасы қашан дүниеге келері белгісіз еді. Орыста көпке дейін роман болмағаны мәлім. Кейін романдарды аудару, басқасын былай қойғанда, тілді байытатынына жұрттың бәрінің де көзі жеткен. Мысалы, В.Тредиаковский қазір о баста орыста болмаған-ау деп шамалау ойымызға да келмейтін біраз сөзді (бесполезность, беспристрастность, благодарность, независимость, снисходительность, сущность, целность, т.б.) алдымен аударма кітаптарында қолданған [15, 19 б.], солардың көбі кәдімгі калька әдісімен жасалған. Сөйтіп, біздің “тәуелсіздік” деген сөзіміздің арғы тегі де тәржімеден тараған болып шығады.
Кейінгі отыз шақты жылдың ішінде аударма қарқынының біршама бәсеңдеуіне аударманың миссиясы жөнінде қате түсініктердің де әсері болды. Аударма тіл білмейтіндерге арнап жасалатын кез артта қалды.
Бір тілден екінші тілге көркем аударма жасауға бола ма? Болмайды деген төңіректе тұтас теория тұрғызған авторлар да аз емес. Бағзыдағы талай трактатта халық рухы өзге тілде жеткізілмейді, ал шабыт қайталанбайды деген ойлар айтылады. Аударма өнер туындысындағы пішін мен мазмұнның бірлігін бұзады, бұл бірлік – тұтас ұғым, ол жарылған жерде өнер жойылады дескен бұрынғылар. Біздің бәріміз бір планетада – Жер атты планетада өмір сүреміз, мұндағы болмыс адамзатқа түгел ортақ, демек оны танып-білу әдістерінде де ортақ жайлар көп болуға тиіс. Әрбір тұтас әдеби туынды, яғни идеялардың, сезімдердің, образдар мен стильдік ерекшеліктердің бүкіл жиынтығы басқа тілдегі ойлау жүйесімен талдап-түсінуге және жеткізуге көнеді.
Аударманың құдіреті өлі тілдерді тірілтуінен-ақ танылып тұр. Көне еврей, көне грек, латын, ескі славян, ескі орыс тілдерінен жасалған аудармалар арқылы қаншама мәдени мұра адамзат игілігіне айналғаны жақсы мәлім. Тәржімешілер болмаса олардың бәріне де санаулы полиглоттардың, тіл мамандарының ғана қолы жетер еді.
Өнердің қай түріне де сынның әсер-ықпалы үлкен. Аударма да солай. Соңғы сексен-тоқсан жылдың ішінде бой көрсеткен қазақ аударма сыны осы уақыт аралығында тәржіме өнерінің қалыптасуына хал-қадерінше көмек көрсете білді. Еңбекте ретті жерінде аударма сынына байланысты ойлар да ортаға салынып отырылды. Бұл тұрғыда қазірше жетістіктен гөрі кемістік көбірек. Сөз бен сөзді, жол мен жолды, тіпті шумақ пен шумақты емес, өлең мен өлеңді салыстыру керек. Сонда ғана аудармашы жырдың мақамдық құрылымын сақтай алды ма, идеясын аша алды ма, пішіндік ерекшеліктерін қалпына келтіре алды ма деген сауалдарға жауап табуға болады. Өкінішке орай, осы арада қазақ әдеби сыны талай тұста қазақтың поэзия аудармасына кедергі жасағанын ашық айтуға тура келеді. Аударма туралы сөз қозғайтын адамдардың талайы түпнұсқадағы сөзді санамалап, тіркесті түгендеп кететіні, ал жиырмасыншы, отызыншы жылдарда кейде таза шығармашылық тұрғыдағы сәтсіздіктерге саяси сипат беріп, сөзбе-сөз, сірескен аударма жасауға итермелеуге себепкер болғаны да рас.
Қазақ поэзия аудармасына тән елеулі кемшіліктің бірі – барлық аудармашылардың дерлік осы іспен шығармашылығының негізгі арнасы, өмірлік кәсібі ретінде айналыспағандығы, аударманы жаңбыр-жаңбырдың арасында жасау белең алғандығы. Көркем аударма саласында көрнекті із қалдырған суреткерлердің қай-қайсысын алсақ та, осы іске жылдар бойы бар күш-жігерін жұмсағанын, жүйелі айналысқанын, көлемді дүниелерге құлаш ұрғанын көреміз. Аудармашылық – жалғыз шабытпен шалып түсетін, тек алымдылықпен алып түсетін шаруа емес. Тәржіменің машығын алмайынша, аударма техникасын емін-еркін меңгермейінше, көркем сөзді алақанында ойнататын зергерлікке қол жеткізбейінше аударма асуы алдырмайды.
Талантты шығарманы өзге тілде өз деңгейінде қайта туындатудың басты шарты – оқи білу... Талантты тәржімеші тек талантты оқырманнан шықпақ. Бұл ойды талантты қаламгер тек талантты оқырманнан шығады деп кесіп айтсақ, мұнымызбен таласуға да болар, арғы-бергідегі әлем әдебиетінен, өзіміздің төл сөз өнерімізден оқуға онша зауқы соқпаған, сонда да табиғат берген дарынымен талай шаруа тындырған дара дарындарды атауға да болар, шығармашылық дегеннің өзі кей-кейде сырын адам біліп болмайтын тылсым дүние екені мәлім, бірақ, көп оқымай, көп тоқымай аудармада асқар асулар алған адамды атау қиын. Әсіресе, өлең аудармасында ақындық қанатты қиял мен салқын ақылға салған парасатты пайым астасып жатуы шарт. Мұның өзі бір жағынан, аударманың шынайылығын шытынатып жіберетін шектен шыққан шабытшылдықтан сақтаса, екінші жағынан, көркемдікпен қоңсы қонбайтын қарадүрсін дәлме-дәлдіктен сақтап тұрады. Аударматану қанша жерден жетістікке жетсе де, поэзия тәржімесі субъективизмнен ада-күде арылмайтындығы, тіпті арылмауға тиістігі талассыз. Сол субъективизм, түпнұсқадан кез келген алшақтаушылық объективті тұрғыдан өзін-өзі ақтап тұруы керек, олардың бәрі де аудармашы-ақынның қалауынан емес, екі тілдің арасындағы, екі мәдениеттің арасындағы, кейде тіпті екі өркениеттің арасындағы айырмашылықтардан табиғи туындауы қажет.
“Евгений Онегиннің” халықтық нұсқалары — қай жағынан алып қарағанда да ғажап құбылыс. Халқымыздың жақсы десе жайылып түсетін жомарт жанын да, жаңалық атаулыны жатсынбайтын жүрегін де, өнер иесіне өзгеше құрметі мен өлең-жырға ыстық ілтипатын да, ең бастысы – қажет деп тапқан тұсында ұлттық менталитетін ішінара өзгертуге қабілеттілігін де осы “Евгений Онегиннің” халықтық нұсқалары анық айғақтай алады. Қазақтың жан дүниесі нағыз евразиялық санаға бейімдігін кемел көрсететін нақты мысалдың бірі де міне осы.
Аударма өнерінің тілді байытуын тек тәржімеленген туындылардың мәтінен ғана іздей беруге болмайды. Аударманың әсер-ықпалы бәрінен бұрын семантикадан таралады. Мысалы, қазақта күңгірт деген сөз баяғыдан бар, көңіл деген сөз де баяғыдан бар, бірақ күңгірт көңіл тіркесін алдымен Абай қолданған, алдымен аудармада қолданған. Осындай жолмен келген фразеологизмдер, перифраздар, метафоралар, т.б. көркемдік құралдар аз емес.
Тәржіме арқылы өлең құрылысының өзгеріске түсуі де қызғылықты тақырыптардың бірі. Шығарманың уәзінін сақтау – поэзия аудармашысының шын шеберлігін көрсететін басты белгілердің қатарында қарастырылуға тиіс. Тәржіменің қазақ өлеңінің ұйқас жүйесіне ықпалы жан-жақты сөз етілді. Абай аудармалары арқылы алғаш рет көрінген шалыс ұйқастың қазақтың төл ұйқасына айналып кеткені жақсы мәлім.
Қазақстан Республикасында үш тілділік тұғырнамасы мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілген, ел халқының үш тілді – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар игеруі адамзат жасаған білім мен мәдениет қазынасына еркін қол жеткізудің, ұлт ретінде шынығып-шираудың, Отанымыздың әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылуының бір шарты деп қарастырылып отырған бүгінгі таңда аударма – шын мәнінде жас мемлекетіміздің жаңа ғасыр сынақтарына лайықты төтеп беруінің бір тетігі.
Елдің бәсекеге қабілеттілігінің бір шарты – тілдің бәсекеге қабілеттілігі. Өркениетті дүниенің додасына өз тілімен өмір сүре алатын ұлт қана қаймықпай түсе алады. Тілдің бәсекеге қабілеттілігінің нақты көрінісі – мына дүниедегі барша құбылысты айқын айта алатындығы. Әсіресе, жаһан жырының жауһарларын жарқырата жеткізе білетіндігі. Демек, қазақ поэзия аудармасының уақыттың ұлы сынына түсер шағы әлі алда.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. А., 1994, 31-бет.
2. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. А., 1986, 212-бет.
3. Сейітжанов Қ. Алтын Орда дәуірі түркі классикалық поэзиясының көркемдік ерекшеліктері және қазақ әдебиетімен дәстүр сабақтастығы (“Мұхаббат-нама”, “Хұсрау-Шырын” поэмалары негізінде). Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. Астана, 2003, 17-бет.
4. Қасқабасов С., Әзібаева Б. Бабалар сөзі. 1 том. Астана,2004, 26-бет.
5. Скосырев П. Наследство и поиски. М., 1961, 285-286 беттер.
6. Маяковский В.В. Собр. соч. т. 10, 274-бет.
7. Мастерство перевода – 1962.М., 1963, 131-бет.
8. Слуцкий Б. Кому переводить? Иностранная литература. 1972, ¹2.
9. Мырза Әли Қ. Таңдамалы туындыларының көп томдығы. 13-том. А., 2005, 329-330-беттер.
10. Байтұрсынов А. Шығармалары. А., 1989, 192-бет.
11. Қабдолов З. Сөз өнері. А.,1976, 264-бет.
12. Сыздық Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. А., 2004, 503-бет.
13. Мағауин М. Ғасырлар бедері. А., 1991, 250-бет.
14. Талжанов С. Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері. А., 1975, 147-бет.
15. Нұртазин Т. Абай және орыстың классикалық әдебиеті. Майдан. 1945, ¹ 2.
Жоспары:
І. Кіріспе бөлім
ІІ. Негізгі бөлім
2.1. Абай аудармалары
2.2. “Нәзира – аударманың өзгеше тәсілі”
ІІІ. Қорытынды
ІV. Пайдаланған әдебиеттер тізімі
Достарыңызбен бөлісу: |