“Ұлы хан – халық жадында»
(Тәрбие сағаты.)
Мақсаты: а) Отаншылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеу.
ә) Адамгершілікке, адамдарға деген мейрімділікке тәрбиелеу.
б) Абылай хан, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр туралы, үш жүздің билері: Төле би, Қазбек би, Әйтеке би туралы әдебиеттерді оқу арқылы бабаларымыздың ерлігін бағалай біліуге тәрбиелеу, сол арқылы еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру.
Көренкілігі: Абылай ханның үлкен суреті, үш бидің және халық батырлары Бөгенбай, Науырызбай, т.б. суреттері.
Барысы: Құрманғазының "Көбек шашқан" ойнап тұр.
1- жүргізуші: Қайырлы күн, қымбатты кешіміздің қонақтары!
2 - жүргізуші: Армысыздар, құрметті көрермендер!
Бүгінгі кешіміз сол қазақ халқының тағдыры талауға түскен кезде елін-жерін жаудан қорғап, азат еткен, қазақтың қазақ болып қалуында зор рөлі болған бабаларымыз, қазақ халқының ханы Абылай жайында болмақ.
1- жүргізуші: Ендеше бүгінгі кешімізге арнайы мектеп оқушылары дайындаған Абылай ханның өмірінен үзінді тамашалаңыздар.
Көрініс 1
(Төрде Төле би, қасында 1-2 ақсақал. Есіктен үсті басы алба-жұлба, шашы сабалақ-сабалақ, бірақ көзі отты, сөзі өткір бір бала кіреді)
Сабалақ: Асалаумағалейкум, биеке!, - деп сәлем беріп, анадай жерге отырады, астына биіктеу етіп шапанын бүктеп қояды, өзі қыран бүркітке ұқсайды.
Төле би сынай қарап: Қай баласың, аты-жөнің,
Барма еді әке-шешең, аға, інің?
Адам болсаң — хан текті, құста — сұңқар,
Байқасам, келіседі соған түрің.
Құс болсаң, ақ сұңқардың балапаны,
Адам болсаң қазақтың нағыз ханы.
Шырағым, Төремісің, Қарамысың,
Жөніңді бастан аяқ айтшы қане?
Сабалақ: Атым да, жөнім де жоқ бір баламын,
Дәм айдап тентіреген бейшарамын.
Әке-шешем, ел-жұртым, туғаным жоқ,
Атымды сіз қойсаңыз құп аламын.
Төле риза болып: Ендеше, "Сабалақ" болсын сенің атың,
Сөзің пысық, жауабың берген батыл.
Қой жайсын, байқармыз одан әрі,
Сынақтан өтіп жатса мұның затын, - деп, Сабалақтың мойына қоржын іліп, қолына таяқ ұстатып, шығарып салады.
Төле би: Артынан бақыландар баланың бұл,
Келбеті ақсұңқарға ұқсап ол тұр.
Түбінде сыннан өтіп білінер бұл,
Тұқымы екендігі асыл тектің - деп шығып кетеді.
2-жүргізуші: Сөйтіп Әбілмансұр Төле бидің қойын, жылқысын бақты, түйешісі болды. 18 жасында Төле бидің Сабалақ аталған түйешісі көп қолмен қалмаққа қарсы аттанады. Бөгенбай 80 жасында қалмақтың батырымен жекпе-жекке шықпақшы болады. Әбілмансұр Бөгенбайдан рұқсат сұрап қарсы шығады. Осы ұрыста қалмақтарды ойсырата жеңеді. Осы жеңістен соң "Абылай" аталады.
Көрініс 2
Ойраттар: Жекпе жек! Жекпе жек! (ұрандап айқайлайды)
Бөгенбай алдыға шығады, сонда Әбілмәмбет оны тоқтатып
Әбілмәмбет сұлтан: Жоқ! Сені жібере алмаймын. Бөгенбай оққа ұшса белгілі гой. Басшысыз әскердің соғыста жеңіп шығу екіталай, қазақтар мұндай тәуекелге бара алмайды. Не істеу керек?
Әбілмансұр:
– Мен шығамын! Осыған дейін ешкімге жөнімді айтпай жасырынып келгенім, көрінгенге бағынышты құл болғаным жетер! Осы жолы не ерлік көрсетіп, атымды шығарамын да, не болмаса жау найзасының ұшында мерт боламын.
Әбілмәмбет сұлтан: Ең болмаса өз атыңды айтшы...
Әбілмансұр: - Сабалақ!
Шаршы:
– Ей, қазақтар! Араларыңнан нағыз еркек табылмағаны ма? Мына жас баланы өлімге жіберіп тұрғандарың не масқара?!
Әбілмансұр:
– Егер мен ойратты жеңсем, осылармен соғыста қаза болған бабаларымның кегін алғаным. Егер өліп кетсем, біздің сарбаздар мен үшін кек алар.
Бөгенбай:
– Балам-ау, сен әлі жассың ғой… Қалмақ батырына өз теңін шығарайық та! – деген өтінгендей болып.
Әбілмансұр:
– Жоқ, сардар аға, осы жолы мені тоспаңызшы! Алла жазса, ноянның басын қағып алып, алдыңызға әкеп тастаймын!
Бөгенбай:
– Жолың болсын, балам. Жауды жайратып қайт!
(Ойраттар батырларының мына сөзіне еліріп, семсерлерін сартылдадып, гуілдесе жөнелді. Ал, Сабалақ ызаға булығып, тістене түсті)
Әбілмансұр:
– А бы ла а ай! А бы ла а ай!
(Екі батыр бір–біріне қарсы шабады. Біраз шайқасады. Шаршыны өлтіреді.)
Күй ойналып тұрады.
1- жүргізуші: Сабалақ "Абылай" деп ұран салды,
Найзаны майыстырған жұлып алды.
Құлаштай сарбестіге қамшы басып,
Ағындап шауып келіп, кезек алды.
Көз жетпей, сене алмай тұр көрген пенде,
Қалмақтың басы түсті әуел жерге,
Мұқыл терек секілді дене қалды,
Дулыға жерге түсіп, жарқ еткенде.
Әкеліп қасқа атты да ханға берді.
Кім сыйламай тұрады мұндай ерді.
Батырларды қасына ертіп алып,
Қалмаққа тобын жазбай, қайта кірді.
Көрініс 3
Сахнада хан тағында Әбілмәмбет отыр.
Әбілмәмбет: Шырағым неге шаптың Абылайлап?
Босады жүйкем қатты ағамды ойлап,
Әкең кім? Ел-жұртың кім, туғаның кім?
Жөнінді бастан аяқ айтшы жайлап.
Сабалақ: Жан аға, қазақ-қалмақ ерегесі,
Мұндайда ердің қозар делебесі.
Қысылған соң аузыма түсіп кетті,
Абылай — атам, мен оның немересі.
Шын атым — Әбілмансұр әкем қойған,
Өз әкем шабындыда басын жойған.
Сұрасаң, әкем аты — Уәли хан,
Дариға-ай, кез кеткен соң шығады ойдан.
Әбілмәмбет: Қарағым, анықсың ба Әбілмансұр?
Сағынып жүруші еді сүлдерім құр.
Бір баланың қалғанын естуші едім,
Әбілмансұр екенің түрінде тұр.
(Әбілмәмбет Әбілмансұрды құшақтап көріседі.)
Әбілмәмбет: Жамағат, тақ иесі осы емес пе?
Өздерің көрдіңдер ғой қылған ісін.
Халайық, әкесі еді мұның хандық,
Тәңірім жаратыпты артық жан ғып.
Мен дағы қартайып ем, еріншектен,
Шүкір енді, тағыңа ие болып өзің қалдың.
(Абылайды таққа отырғызады, халық үстіне шапан жауып, басына хан қалпағын кигізеді.)
1-жүргізуші: Абылай 1771 жылы хан сайланады,
Алыстан орыс, қытай ауыр салмақ.
Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ,
Артында ор, алдында кер, жан-жағы жау,
Дағдырған алаш енді қайда бармақ?
Қазақ елін бір арнаға бәрін жиды.
2-жүргізуші: Абылай отызға жетпей алғыр, жігерлі қайрат-қуатымен ел билігіне араласады. Абылай бірінші — ел билігі, екінші — қарулы күш болуы керектігін түсінді.
1-жүргізуші: Төле би, қаз дауысты Қазбек би, Бұқар жырау, оның ақ туын ұстаушылар — қаракерей Қабанбай батыр, қанжығалы Бөгенбай батыр, шапырашты Наурызбай батыр сияқты қолбасшылары болды.
Көрініс 4
Төрде басын ұстаған Абылай хан отыр, жанында Бұқар жырау.
Бұқар жырау: Уа, Абылай, төрт құбылаң сай, 70-ке тарта ұл-қызың бар, еліңді жаудан азат еттің, енді арманың не? Тыншитын кезің болды емес пе?
Абылай хан: Иә, иә, мені тыншытатындай не хал бар енді? Қазақтың арқасын тамға, аузын нанға жеткізгем жоқ. Елімнің бірлігін сақтар тірлікке жеткізбедім. Елімді екі бірдей айдаһардың ортасында қалдырып барамын.
Бұқар жырау: Уа Абылай, хан ием,
Асқар таудай алып ең.
Қазағым деп жанып ең,
Қазағым деп налып ең,
Өзіңді-өзің танып ең,
Намыс отын жағып ең.
Уа Абылай, хан ием,
Қорғаным ең, бағым ең..., — деп орнынан тұрып шығып кетеді.
Абылай орнынан тұрып: Уа, халқым, бірлігіңді сақта, жеріңді сақта, елдігіңді сақта, менің айтар өсиетім осы, — деп шығып кетеді.
1-жүргізуші: Абылай 1781 жылы мамырда 80 жасында дүниеден қайтты. Одан 30 ұлы қалды.
2-жүргізуші: Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас,
Ел үшін жанын қиып, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
1-жүргізуші: Ерлерді ұмытса да елі ұмытпас. Ел жұртының ойлайтын есендігін! Ерің болса - сол ханның, осы елдігің. Қымбат емес алтын тақ, Хан ордасы Қымбат бізге, Абылай көсемдігің.
Қорытынды:
Абылай бабаның аңсаған арманына да жеттік. Еліміз тәуелсіздік алды, басқа ұлыстармен теңесіп, көк туымызды желбіреттік. Біз бабалар өсиетін, аманатын ұмытқан жоқпыз. Олардың аруағына сиына отырып, істерін алға жалғастырып келеміз. Халқымыздың осындай біртуар ұлдарының бірі, тұңғыш президентіміз — Нұрсүлтан Әбішұлы Назарбаев. Президентіміз басқа ұлттармен достық қарым-қатынасын нығайтып, дүние жүзі қазақтарының басын қосып, құрылтай өткізді. Бұл аталар дәстүріне адалдықты, сыйластықты білдіреді.
Жүргізуші соңгы сөздерді оқып жатқанда қатысушы оқушылар сахнага түгел шыгады. Бір оқушы егемендік туралы өлең оқиды.
Достарыңызбен бөлісу: |