М. Аллаберген тарих тудырған тұлғалар


Елім деп өткен бір бейне (Смағұл Садуақасов)



бет9/11
Дата25.02.2016
өлшемі1.1 Mb.
#20420
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

1.18 Елім деп өткен бір бейне (Смағұл Садуақасов)

Тарихта аты қалған,еліне еңбегі сіңген елеулі, көрнекті қайраткер Смағұл Садуақасов 1900 жылы дүниеге келіп, 1933 жылы қайтыс болады, осы аз ғана ғұмырының өзінде ол артына көптеген өшпес мұра қалдырып, қоғамның саяси қайраткері, журналист ретінде көптеген игі істер атқарады. Бір өкініштісі,ұзақ жылдар бойына С.Садуақасов «алашордашыл»,»ұлтшыл»деп қараланып,оған тарихтан лайықты бағасы берілмей келді, кейінгі жас ұрпақ оның қызметін, кім екендігін білмей келді десе де болады.

Смағұлдың мемлекеттік және қоғамдық қызметі туралы кеңес дәуіріндегі көзқараспен біржақты баға берілуінің салдарынан,оның әдеби мұралары да жан-жақты, жөнді зерттелмеді. Сөйтіп,тотаритарлық жүйе саясатының әсерімнен оның қазақ жастарының тұңғыш ұйымы «Бірлік» пен оның бағытын жалғастырған «Жас азаматтағы», «Алашорданың» облыстық комитетін құрудағы еңбектері көлеңкеде қалып келді,оның үстіне Сібір төңкеріс комитетіндегі (1920), Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросындағы (1920), Қазақ Автономиялы Республикасының Жастар Одағындағы (1920), Қазақ ОАК-індегі (1920—1921), Бүкілресейлік ОАК-індегі /1920-1921/, Семей губерниялық төңкеріс комитетіндегі (1921), Қазақ ОАК-нің Түркістан Автономиялы республикасындағы өкілдігіндегі (1921), Қазақ Автономиялы Республикасы жоспарлау комиссиясындағы (1923-1924), Халық ағарту комиссариатындағы (1925-1927) жауапты да жетекші қызметтері де дұрыс бағаланбай келді.

Ол жайлы ғылыми, әдеби еңбектер де жоқтың қасы. А. Байтұрсынұлы, Т. Шонайұлы, Б. Кенжебайұлылар С. Садуақасовты сыншы,жазушы, публицист ретіндегі еңбектерін шығарма-мақалаларында жоғары бағалап жатса, Ғ. Тоғжанов, С. Мұқанов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Ә. Тәжібаев, т.б. еңбектерінде ол өлгеннен кейін,тіпті көзі тірісінде-ақ «ұлтшыл-байшыл әдебиетші» деп сынайды.

С. Садуақасов жайлы қайта құру кезеңінде ғана ашық айтылып,оның қызметі мен еңбектерінің әділ бағасы беріле бастады.Осы орайда баспасөз бетінде Б. Қойшыбаевтың «Қайраткер Садуақасов», «Тұңғыштар тұғырынан орын алған», М.Қойгелдиевтің «Сәдуақастың Смағұлы» секілді басқа да көптеген мақалалары мен зерттеу еңбектері жарық көрді. С. Садуақасов туралы көп деректер жинап, жете зерттеп,осы атпен кітап шығарған Д. Қамзабекұлының да еңбегі зор.

С. Садуақасовтың журналист, сыншы, редактор (бірнеше газеттің редакторы болған) ретінде көптеген әдеби-жазба мұралар қалғаны белгілі, бірақ олары әлі түгел жинақталып біткен жоқ. Негізінен оның шығармаларының басылған хронологиялық уақыты 1918-1928 жылдар аралығы деп есептейді. Өйткені, қолымызда оның осы жылдар көлемінде жазылған мақалалары ғана сақталған. Бұған қарап,бұл жылдарға дейін,немесе кейін С.Садуақасов түк жазбады деген ой түюге болмайды.Себебі,ол 1916 жылдан-ақ өзінің азаматтық пайым, эстетикалық түсінігін қалыптастырып алғашқы шығармаларын «Балапанда» ұштап жаза бастаған. Сол сияқты Мәскеуде болған 1928-1932 жылдары да Смағұлдың түк жазбай қоюы мүмкін емес.

Сонымен оның шығармашылық жолына зер салып қарап өтелік. 1916 жылы ол Омбы ауыл шаруашылық училищесіне оқуға түседі. Осы жылдан бастап ол көкейіндегісін қағазға түсіріп,жазу-сызумен әуестене бастайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей оның қаламын ұштаған Омбыдағы қазақ жастары құрған «Бірлік» мәдени-ағарту ұйымының «Балапан» журналы болатын.

С. Садуақасов кейін «Жастарға жаңа жол» мақаласында ұйымның мақсаты «қазақ халқын мәдени Һәм әдеби жағынан ілгері жылжытып қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу Һәм ұлтшылдықты сақтау», – деп жазады. Ал бірде-бір нөмірі қолда сақталмаған журнал бетінде жас алаштардың көркем шығармалары басылып тұрғанын айтады.

Ал 1918 жылы «Бірлік» ұйымының мүшелері бағытынан жаңылып,дағдарысқа ұшырғанда С. Садуақасов, Қ. Кемеңгеров сияқты өрімтал жастар көптеген қазақ жастарының басын қосып «Жас азамат» ұйымын құрады. Ұйымның «алтын идеалы,әулие – мақсұты, негізгі жолы ұлт бостандығы, ұлт теңдігі» деп береді. Сұмағұл сондай-ақ «Жас азамат»газетіне де мақалалар жариялап тұрады. 1919 жылы Омбыдағы «Илитросибирь» кооперативтер бірлестігі одағында нұсқаушы болып жұмыс істей жүріп, осы ұйымның органы саналатын «Трудовая Сибирь» журналына орыс тілінде мақала, зерттеулер жазды.1920 жылы Сібір РКСМ-ы бюросының қазақ-татар секциясына жұмысқа алынып, қазақ тілінде Омбы қаласында шығатын «Еңбекші жастар» газетінде редакторлық етеді. Сол 1920 жылы Омбыда шығатын «Кедей сөзі» газетінің жауапты шығарушысы болады.Қазақ Автономиясын жариялаған жалпы қазақ кеңестерінің 1 сьезі (1920, қазанның 11-12) күндері «Ұшқын» газетінің ғылым және шаруашылық бөлімін басқарады. «Ұшқын» сьезден кейін «Еңбекші қазақ»деген атпен шыға бастағанда жауапты шығарушысы болады. Қазақ Автономиялы Республикасы құрылысымен мемлекеттік саяси баспа жанынан құрылған саяси және көркем әдебиеттерді сұрыптайтын комиссияға А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, Х. Болғанбаев, Ж. Аймауытов сынды азаматтармен бірге С. Садуақасұлы да кіреді. 1922 жылы жастардың «Өртең газетін шығаруға белсене араласады.

1923 жылы «Жас қазақ» журналының шығарушылар алқасының құрамына енеді де, 1924-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» журналының жауапты шығарушысы болады. 1925 – 1926 жылдары «Еңбекші қазақ» газетіне редакторлық етеді.

Байқап отырғанымыздай С. Садуақасовтың баспасөз тарихындағы алатын орны ерекше.Ол тіпті бірнеше қызметтерді қатар да атқара білген. Журналистік қызметінің өзі сан алуан. Мәселен,үкімет 1925 жылдың 15-19 сәуір аралығындағы сьезде «Еңбекші қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы Смағұлға театр құру ісімен айналысуды да тапсырды. Сондықтан оның шығармашылығында театр,оның жай-күйі, жаңа спектакльдер жайлы да сындар, мақалалар мол кездеседі.

Өткір ашық мәселелерді жазуына байланысты С. Садуақасовтың қоғамдық қызметтерінде де тұрақтылық болмаған.Осыған орай, 1927 жылы ол халық ағарту комиссары қызметінен «қызыл тілінің» арқасында түсіп қалып, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институттына ректор болып орналасады. Бірақ 1928 жылғы «О национальностях и националах» - деген мақаласынан кейін бұл қызметтен де шығып қалады.

Ақыры саяси қуғын-сүргіннен бас сауғалап Москваға барады да, сондағы теміржол құрылысы институттына түсіп оқиды. С. Садуақасовтың мақалалары-саясат, шаруашылық, ел ісі, мәдениет, әдебиет, өнер, тарих секілді түрлі тақырыптарды қамтыды. Көркем әңгімелері де басылып тұрды. Сол жылдары оның «Кооперация және қазақ шаруасы», «Салмақбайдың ауылында қалайша кооперация ашылды?» /Көркем туынды/, «Ұлт театры туралы», «Қазақстандағы халық ағарту мәселелері» атты үлкенді-кішілі кітаптары жарық көрді. Сонымен бірге ол «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырының орысша нұсқасына және қазақтың талантты жазушыларының (Жүсіпбек, Мұхтар, Бейімбет) орыс тіліне аударылған бір топ шығармаларына алғы сөз жазып, бастыртты. Сондай-ақ саясаттан Республикадан қуылып Москваны паналаған жылдары ғасыр басындағы қазақ халін, 1916 жылғы оқиғаны, төңкерістің алды-артындағы жағдайды арқау еткен романын жазды. Өкінішке орай ол романның қол жазбасы бар болғанымен түгел емес.

Оның экономика, ауыл шаруашылығының білгір маманы болғандығын айғақтайтын еңбектері де баршылық. Кооперация жайындағы көлемді еңбектерімен қоса 1920 жылы «Жұмыскер қара халықтарының ұйым дүкендерінің Ережесі» атты көлемді құжат жазғаны әлі де көпке белгісіз. 1926 жылы қазақ жерін аудандандыру ісін басқаруды өкімет Садуақасовқа маман ретінде арнайы тапсырғандығы белгілі, сол жылдары жазған «Основные проблемы,возникновение при районировании Киргизии», «Итоги проделанной работы о областной земельной политики», «Орта Азия өміріндегі жаңа дәуір» және т.б. еңбектері Смағұлдың маман экономист екендігін айғақтайды.

Қаламы ұшқыр Смағұл өмірінде де зерделі, парасаттылығымен бірге, қайырымды да бола білген. Сол кездегі әлеуметтік қайшылықтар ат төбеліндей интеллигенцияны ырық етіп,бір-бірімен қырқыстырып қойды. Сондықтан да Садуақасовтан басқа бағытта,басқа арнада болған кейбір белгілі ақын-жазушылардың шығармаларында ол қараланып көрсетілді. Мысалы, С. Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуінде» С. Садуақасовтың еңбектерін мүлдем ескермей, елеусіз етіп қараса, С. Мұқанов «Өмір мектебі» кітабында ол жайлы көп мәліметтер келтірген. Мүмкін қалам ықпалы болар,Сабит Смағұл жайында «Бөкейханов құйыршығы» деген сияқты сөздер айтады. Сондай-ақ оның өзіне жұмыс бермей қудалағанын жазады. «Еңбекші қазақ» газетіне тілші боп келген мені Сәдуақасов шақырып алды да : «Сен мені жақсы білесің»-деді, есіңде болсын,бұл газетке мен редактор болып тұрғанда сенің ешбір шығармаң басылмайды».

С. Мұқановқа саясат жөнінен қырын қарағанымен С. Садуақасов шын мәнінде дарынды, жас тілшілерді газетіне қызметке тартып, облыстардан шақырып алып жағдай жасап отырады. Мысалы,1925 жылы Қостанайдағы «Ауыл» газетінің редакторы Б. Майлинді Орынборға «Еңбекші қазақ» газетіне шақырып алып,өзіне орынбасарлыққа тағайындайды «...оған С. Садуақасұлы көңілін көбірек бөліп,газетке өлең, фельетон, әңгімелерін тоғыта басып отырды. Онымен де қанағаттанбай, Бейімбетке өлеңдер жинағын жасатты да,өзі оған кіріспе сөз жазып, Ақмешіт баспаханасында тез бастыру үшін әдейі жіберді. Бұған дейін Бейімбеттің ешбір шығармасы кітап болып басылған жоқ-та»деп жазады С. Мұқанов.

«Өмір мектебінде» осылай қараланып жазылса да,шын мәнінде С. Садуақасовтың сол кезде-ақ ел арасында беделі күшті болғанын байқаймыз,оның жолын қолдаушылар да көп болды,оларға «Сәдуақасовшылар» деген айдар тағылды.

Жоғарыда аталған С. Мұқановтың кітабында С. Садуақасов Голощекин жолдасқа жағынып,оң қолы болды.Өзінің партиялас ауыз жаласқан досы Ғ. Тоғжановты ұстап берді деген пікір бар. Мұның да негізсіз екені айқын : Өйткені Смағұл «саяси қылмыскер саналып Москваға кеткенен кейін 1929 жылы Ярославский дегенге хат жазып Смағұлды «партиялық жазасын өтеу үшін Алматыға жіберуді сұрайды», бірақ бұл жолы Садуақасов оның «құрығынан» құтылып кетеді. Смағұлдың кездейсоқ қазаға ұшырауында да қастандық жатқан жоқ па деген сұрақ туады.

Әдеби - сын еңбектері : Оның бізге белгілі алғашқы еңбегі 1919 жылы «Трудовая Сибирь» журналының 1-санында жарияланды.Зерттеу «Киргизская литература /историка критический очерк/ деп аталды. Бар болғаны 2 жыл училищелік білімі бар Смағұл әдебиеттің көптеген мәселесін жете,терең талдайды. «Сал-серілерді европалық орта ғасырлық рыцарлармен салыстыруға болады», «қазақша жазба әдебиет XIX ғасырдың екінші жартысынан басталды», «Қазақ ақындарының ішінде өлеңнің жоғары деңгейдегі көркемдігі жөнінен Абайға пара – пар ешкім жоқ. Ендігі жерде талайларды Абайдың пәлсапалық өлеңдерінің мысы басқандықтан, олар үндерін шығара алмай қалды», - дегендей түрлі құнды пікірлер айтады.

20-жылдар басында қазақ зиялы, әдебиет сүйер қауымы «Алқа» атты таза шығармашылық ұйым құрмақ болды. Оның жобасын жасауға Садуақасов белсене араласты.

Бағдарлама «Табалдырық», «Әдебиетіміз», «Бұл күнге шейінгі төңкеріс пен әдебиетіміз», «Әдебиет не нәрсе?», «Әдебиеттің жалпы заңы», «Марксшылдық пән» әдебиет». «Не жазуға?» – деген бөлімдерден тұрды. Мақсат – дүрбелең шақтағы қазақ әдебиетінің рухын, өзіндік дамуын сақтау болатын.

Бұдан кейін де Смағұл «Бейімбеттің өлеңдері», «Қазақстандағы баспасөздің міндеті», «Әдебиет мәселесі», «Көркем әдебиетті саралау», «Әдебиеттерді қалай сынау керек?» - деген мақалалар жазған. Сындарлы сыншының өзі сын жайында «Сыншыларымыздың көбі ақындардың затын емес, атын сынап жүр. Сын – мидың жануы. Сын ойларды тосып, адамның пікірін қайрап отырады. Сынсыз жазылған сөз қайралмаған пышақ сықылды» - деп ой тастайды. Осы саладағы оның нағыз бірегей туындысы – «Әдебиет әңгімелері» болатын. Сондай-ақ оның Қ. Кемеңгеровтың «Қазақ тарихынан», Ж. Сұлтанбековтың «Бұрынғы һәм қазіргі жер саясаты» кітаптарына жазылған «Қазақ тарихынан» және «Керекті кітап» аталатын сындары белгілі.

«Жас Қазақстан» жинағына енген М. Әуезовтың «Қорғансыздың күні», Ж. Айтмаутовтың «Бәтіш» («Қартқожа» романынан), «Мұқаш» («Ақбілектен»), Б. Майлиннің «Күмбезі», «Күлпаш» әңгімелерін тәржімелеп, жатық шығарады.

Қазақтың мемлекеттік театрын ашқан С. Сәдуақасовтың сыни еңбектерінің бірі шоғыры – спектакльдерге жасалған шолу. Ол Қ. Кемеңгеровтың спектаклі жайында «Алтын сақина» ойыны туралы, М. Әуезовтің «Бәйбіше, тоқтал», «Қарагөз» (мақала аттары да осылай) спектакльдерді жайында сыни шолу жасап, қойылымның авторлық кемшіліктеріне,сахналық олқылықтарына жеке тоқталады. «Біздің пьесаларды психологиялық жағынан өңдеу жетіспейді» - деген пікір айтады.

Көркем шығармалары : С. Сәдуақасовтың көптеген шығармалары бізге әлі толық жетпегені белгілі. Жалпы қазіргі бар көркем шығармалары – үш әңгіме, екі повесть, бір роман. Жазушы Ескендір Ысмағұловтан табылған дерекке қарағанда Смағұл орыс тілінде бір роман жазып, оны М. Горькийге көрсеткен. Дегенмен ол роман жайы да белгісіз.

Сонымен Садуақасовтың туындылары – «Салмақбайдың ауылында қалайша кооперация ашылды?», «Күлпаш», «Салмақбай – Сағындық» сынды роман-повестері, «Өртең, Салмақбай – Махамбет», «Аптаномия» сынды әңгімелері. Әрбір туынды түрлі тақырыпты, алуан ойды қозғайды. Айтқандай, кейін М. Әуезовтың архивінен жазушының бұрын беймәлім болып келген. «Сәрсенбек» романы табылады. Бұл 1916 жылғы қазақ төңкерісін сипаттаған қазақ топырағындағы тұңғыш шығарма еді.

1922 жылы шыққан «Cалмақбай, Махамбет» әңгімесінде төңкерілістен кейінгі қарама-қарсы көзқарастары сөз болса, «Аптономияда» - автономия алу қарсаңындағы қазақ даласының жай-күйі сөз етіледі. Әңгіме нанымды, көркем шыққан. Смағұл автономия жайын халыққа түсіндіру үшін бас кейіпкер Жарқынбектің ауызымен : «Аптономияның мағынасы – отау. Біз – орыстың кіндік үкіметі – үлкен үйден енші алған отауымыз. Отау үй-ішінің аспаптары, қонағасы үлкен үйден бөлек болады», - дейді. Бұл оның ойы да еді.

«Өртең» әңгімесі лирикалық сипатта жазылды. Мұндағы суреттердің өртеңді көргені – ертеңгі сенгені. Өртең оның – оптимистік көзқарасы.

Көсемсөздік мұрасы : С. Сәдуақасов өзі редактор болған жылдары қазақ көсемсөзінің өркендеуіне көп көңіл бөліп, жағдай жасап отырған. Оның көсемсөздік мұралары өте мол және әр алуан тақырыпты қамтиды.

Негізінен тақырыптарын төрт топқа бөліп қарастыруға болады : 1) қоғам, әлеумет, саяси мәселелер жөнінде (баяндамалары); 2) оқу-ағарту ісі туралы мақалалары (баяндамалары); 3) театр өнері жайындағы мақалалары; 4) танымдық, ғылыми-көпшілік еңбектері.

Алғашқы топқа оның «Өмір үшін күресу», «Бірлік» қазақ тұтынушыларын қоғамы одағы, «Есілкөл ауданындағы қазақ кооперациясы», «Қазақтың кооперация басылымы туралы», «Азық түлік мәселесі», «Жұмыскер халықтың ұйым дүкендерінің Ережесі» және т.б. мақалалары жатады. Бұларда сол кездегі әлеуметтік тұрмыс, сауда т.б. түрлері қырларынан суреттелген.

Бұлардан басқа «В. Ленин», «Октябрь төңкерісі һәм қазақ еңбекшілері», «Ескеретін уақыт жетті!», «Түркістан жастары», «Көтеріл жастар», «Ауылдағы жастар туралы», «Сібірдегі қазақтар туралы», «Дінмұхамед Әділов», сол сияқты орыс тіліндегі «Советская власть и киргизы», «К отмене «калыма» у киргизов» мақалалары танымдық, қоғамдық-саяси тақырыптарды қамтыған.

Ғылым-білім мәселелері жөнінде «Біздің мақсұттарымыз», «Шындығында ескеретін мәселе», «Халық ағарту мәселелері», «Оқу ісінің кемшіліктері, оларға қарсы шаралар», «Биылғы жылғы оқу маусымында», «Жаңа жұртшылық негізі – ғылым» мақалаларын жазған. Ол оқырмандарына : «Ғылымды үйренуге кірісу керек. Өзіміз үйреніп, жалпыны ағарту керек» дегендей тұжырымдар жасайды.

Театр жайында Смағұл жоғарыда айтылған туындыларынан басқа «Ұлт театры туралы», «Баянды еңбек күтеміз», «Алғашқы тәжірибелер», «Мәдениет тәрбиесі», «Ұлт театрына бір жол» т.б. еңбектер жазады.

С. Смағұловтың шығармашылығын айтқанда, өзгелерден ерекшеленіп, ескеріп қарайтын еңбегі – А. Байтұрсынов жайындағы баяндамасы. Ол 1923 жылы Орынбордағы Ахметтің 50 жылдық меретойында жасалған-ды. Смағұл осы меретойды өткізуде басшылық етті. Өкінішке орай, баяндаманың толық тексі табылмай отыр. Дегенмен ол жайында көптеген деректер бар. С. Мұқановтың «Өмір мектебінде» бұл салтанатты кеш жайында, кей жерлері дүдәмал болса да сипаттап кетеді. Ахаң жайындағы баяндамасы оның ұстазына деген кіршіксіз көңілін, қос азаматтың арасындағы сыйластықты көрсетеді.
1.19 Болашақ үшін күрескен (Тұрар Рысқұлов)

Тұрар Рысқұловтың еңбектеріндегі назар аударатын, рухани мұра ретінде қабылдап, қызыға оқитын туындыларының бір саласы — оның тарихи және әлеумегтік – экономикалық мәселелерге байланысты қалам тартқан публицистикалық еңбектері дер едік. Ал, Тұрар публицистикасының ерекшеліктері қандай деген сауал туындаса оған ең алдымен ол қай мәселе туралы жазбасын сол тақырыпты терең зерттеп, меңгере білген деп жауап қайтарамыз. Ол өз заманының тарихшысы, экономисі, этнографы, әдебиетшісі және қоғам танушысы да бола білген жан. Т. Рысқұловтың ең басты қасиеттерінің бірі — ол еңбектерінің басым көпшілігінде өзінің тәжірибе жүзіндегі нақты істерін теория жүзінде де тұжырымдай білген. Оның бір ғана Түркістан – Сібір теміржол құрылысына байланысты жазған : «Турксиб», «Жаңа кезеңдегі коммунальды шаруашылық», «СССР халық шаруашылығында Турксибтің алар орны», «Ұлттық республикалар мен облыстағы өндірістік кооперацияның алар орны» атты мақалалары осыны дәлелдейді. Сонымен, Тұрардың публицистикасындағы мен мұндалап тұратын терең оптимизмнің сыры неде болып шықты? Бұл сұраққа жауап беру үшін оның барлық публицистикасын сөз ету шартты емес. Өйткені, оның жазған әр еңбегінен – ақ зерделі публицист қаламының айшықты ізі айқын аңғарылып тұрады.



Мәселен, Т. Рысқұлов өзінің : «О формиронании казахской нации и казахском пролетариате», «Из прошлого казахской национальной интеллигенции», «Соврсменный Казахстан», «Из истории революционной борьбы в Казахстане», «Восстание в Средней Азии в 1916 г. Киргизстан» атты монографиялық еңбектерінде қазақ, халқының тарихын ғылыми негізде тұжырымдап берген. Айталық ол «Из прошлого казахской националыной интеллигенции» атты еңбегінде : «В последнее время многие люди начали писать историю революции в Туркестане. Только остается приветствовать очень актуалыюе это начинание людей занимаюшихся литературой», — дей отырып 1921—1922 жылдары орталық басылымдарда жұмыс істеген Н. Борисовтың «Октябрь революциясы» деген мақаласын талдау барысында : «Тов. Борисов, видимо незнаком с историей революции в Туркестане, и когда писал статью пользовался исключительно чужими сочинениями на эту тему» дей келіп, «Перед нами стоит исключительно важные и ответственные задачи. Вопрос о том, какую политику нужно проводить в Средней Азии — это очень важный вопрос для всей Федеративной республики в целом. Безответсвенное рассуждение недопустимо в таком вопросе» деп жазды. Өстіп, жалқыдан жалпыға көшу арқылы сыншы қайдағы бір Н. Борисовтың Түркістандағы революция тарихын «қаламының ыңғайына қарай» бұрып алу тәсілін теріске шығарып, жалпы көкейкесті проблеманы қозғайды.

Мұның астарында автордың «Орта Азия халықтарының, оның ішіндегі Қазақстанның ұлттық мүдделерін, нәзік психологиялық моменттерімен (мүмкіншіліктерімен) санаспайынша ешбір саясаттың жеңіске жетуі мүмкін емес» деген пікірі бар.

Келесі бір публицистің өзіндік көзқарасын білдіретін «Тоғжановқа жауап» ретінде жазған мақаласында : «По истории среднеазиатских народов, в том числе казахов, неподносится как история борьбы отдельных ханов между собой, не освещается роль массы, не дается анализы по социально – экономическим причинам отдельных исторических событий», — деп турасын айтады. Рысқұловтың бұл көзқарасы — дәл бүгінгі таңдағы хал ахуалмен ұштасып жатқанын ешкім жоққа шығара алмаса керек.

Мәселен, 1986 жылдың желтоқсаны. Алаңға шыққан жастарды нашақор, экстремистер деп бүкіл халық болашағына күйе жақты. Тіпті, ол аз дегендей Орталықтың көзжұмбайлықпен қабылдаған сорақы қаулысы отқа май құйып, жалақорлық өртін өршіте түсті... Алайда шындық өлмейді екен. Өмір толқыны әр соққан сайын ақ – қарасын ажыратып, талай шындықтың бетін ашып жатыр. Әлі де талай құпия жария болары сөзсіз.

Тұрар Рысқұловтың «Қазақтың ұлттық интеллигенциясының өткенінен» атты келесі бір еңбегі (мақаласы) Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтың ұлттық интеллигенциясының қалыптасуы кезеңдерін, оның бағыттарын теориялық тұрғыдан талдап беруге арналған. Бұл туындыдан 1905 жылғы бірінші орыс төңкерісіне дейін – ақ қазақ зиялылары арасындағы екі толқынды байқауға болады. Біріншісі — Шоқан, Ыбырай, Қази (Шоқанның інісі), екіншісі — татар, башқұрт медреселерінде білім алып, қазақтың ұлттық мәдениетін Шығыс халқымен ұштастырушылары. Автор еңбегінде соңғы топтың әсерімен қазақ тілінде түрлі бағыттағы кітаптардың да жарық көре бастағанын сөз етеді де, жалпы 1913— 1916 жылдар қазақтың ұлттық интеллигенциясының кең өріс ашып, кемеліне келген кезең болды. Сондықтан ақпан төңкерісінен кейін олардың бірқатары «Алаш» партиясының маңына топтасты деп қорытындылайды. Т. Рысқұловтың 1926 жылдың сәуір – мамыр айларында республикалық «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болғандығы тарихтан мәлім. Тұрардың журналистік мұрасы нақ осы жылдармен ұштасып жатыр. Қысқа ғана мерзім аралығында «Қазақ ұлты мен қазақ пролетариатының қалыптасуы туралы», «Баспасөздің міндеттері», «Қазақ – қырғыздардың 1916 жылғы көтерілісі» сияқты маңызды еңбектерін жазғанын ескерсек, оның редакторлық лауазыммен шектеліп қалмағанын байқау қиын емес.

Алдымен «Баспасөздің міндеттері туралы» мақаласы жайында сөз қозғар болсақ, онда автор қазақ баспасөзінің өткеніне, бүгініне ой жүгіртіп, басты міндетіне тоқтала келіп «Баспасөзіміздің, осы уақытқа дейінгі және қазіргі жағдайы қай деңгейде? Мен бұл сұраққа ұзақ тоқталмаймын. Қысқаша айтқанда Қазақ баспасөзі өзінің бастауын Октябрь революңиясынан кейін ғана алды. Ал оған дейін қазақ баспасөзі болған жоқ», — деп бір – ақ қайырады. Дәл осыны халықтың Тұрары, Шығыс халықтарының өткенін қорғай білген, болашағы үшін шырылдаған Тұрар айтты дегенге сенгіміз келмейді – ақ. Бірақ — дерек осы. Алайда, осы мәселеге орай біраз оқиғаларды сараптай қарасақ, баяндама оқылған уақыт — Тұрардың «Орталықтың» айдауына біршама көндігіп қалған кезіне сәйкес келеді. Болмаса кешегі, ҮІ ғасырдағы солтүстігі – орыс жері, батысы — Византия, шығысы — Үндістанға дейінгі алқапты алып жатқан Түркі қағанатының өсіп - өркендеген мәдениетін, Орхон – Енисей жазба ескерткіштеріндегі түркі таңбаларын, және аяғы 1917 жылға дейін де қазақ даласында газет, журнал, кітап басылып тұрғанын Тұрар білмеді дейсіз бе? Осы баяндама оқылғаннан кейін бір айдан соң оның «Казахская национальная печать зарождается в связи с 1907 г., закрывшихся вскоре с выходом двухнедельного журнала «Айқап» дегенін қайда қоямыз. Оны айтасыз, төңкеріске дейін қазақ зиялылары саяси «Алаш» партиясына топтасып, оның басты органы «Қазақ» газеті туралы да ғылыми теориямен тұжырымдалған мақала Тұрар қаламынан туындаған жоқ па? Бірақ «Саясат — теңіз, адам — желкенді қайық» дегендей бәлкім, сол кездегі заман ағымын да ұмытпауымыз керек шығар.

Ең құндысы бұл мақала қысқа – қысқа тақырыпшаларға бөлінген; әрқайсысының көтерген жүгі көкейкесті проблемаларды қамтыған. Мысалы, газет тілі туралы ойын автор «Наши газеты еще не выработали такого языка, который был бы понятен главным образом низовым массам в ауле. Все наши газеты еще издаются применительно к городским читателям», — дей келіп, алдағы уақытта газеттің техникасымен қатар оның стилі де ауыл тұрғындарына түсінікті болуы тиіс деп тұжырымдайды.

Т. Рысқұлов бұл мақаласының келесі тарауын ұлтаралық қатынастарға арнап «Баспасөздің кезекті міндеттері» деп атаған. Онда автор : «В этом вопросе наша партия усматривает возможность двух уклонов : уклон в сторону великого русского шовинизма и уклон в сторону местного национализма» деп алысты болжаған. Тұрардың бұл пікірі — сонау жиырмасыншы жылдың мінбесінен емес, қазіргі уақытта айтылғандай әсер қалдырады. Әңгіме арқауы болып отырған мақалада публицист -саясатшының өзіндік үнін, алымдылығын, көрегендігін танытатын тақырыптарының бірі — «Баспасөзге көзқарас» бөлімі. Публицистің назарына іліккен ең елеулі жайттардың бірі — Қазақстанның партия – кеңес активтерінің төл баспасөзіне немқұрайдылығы. Мұнда автор : «Печать — дело коллективное, и только при поддержке нартийно советской общественности и широких трудящихся масс, при поддержке ваших передовых работников можно достигнуть должную высоту», — дей келіп партиялық салада қызмет істейтін лауазымды басшылардың өзі қазақ газеттерін жаздырып алмайтындығын қынжыла баяндайды.

Одан әрі «Газеттің өсіп - өркендеуі оқырманына байланысты емес пе? Неге оқымайсың деп сұрай қалсақ бір – ақ жауап алдыңнан шығады» : «Сапасы нашар, мазмұны тартымсыз». Осыдан келіп олар өз қажетін орыс газеттерінен немесе «Правдадан» табады. Әрине, оны міндетті түрде оқу керек, бірақ туған халқының тыныс – тіршілігімен таныс болып отыру бұл да міндетің» деп қазіргі жағдаймен үндесіп жатқан проблемаларды ортаға салады, ойын «Көп болып қолға алсақ қана төл баспасөзіміздің хал – жағдайы алға жылжи алады», — деп қорытады.

Баспасөздің бүгінгі, ертеңгі проблемаларына алаңдай отырып, соны шешудің нақты жолдарын ұсыну — Тұрардың бұл туындысының ең өзекті арқауы. Енді Тұрардың «Орта Азиядағы 1916 жылғы көтеріліс» мақаласына келелік. Мұны да біз тарихи әдебиетте 1916 жылғы ұлт – аэаттық көтерілісті ғылыми түрде тұжырымдап берген тұңғыш еңбек ретінде бағалауға тиіспіз. 1927 жылы ғылыми баспасөз беттерінде Орта Азия және Қазақстандағы көтерілістер барысы жөнінде дискуссия туындаған тұста бұрынғы пікірлерін «1916 жылғы Орта Азиядағы көшпенділер көтерілісі» атты кітабында байыта түсті.

Сол дискуссиялардың бірінде Мәскеулік журналист М. Миницкий Рысқұловтың көзқарасын сынай отырып; «Мұнда тек көтерілістің ұлттық сәттері ғана көрсетіліп, таптық мәні естен шығарылған», – деп айыптады. Оған жауап ретінде Рысқұлов көп кешіктірмей баспасөз бетінде өз көзқарасын бұрынғыдан да айқындай түсетін «Тағы да Түркістандағы 1916 жылғы күрестің маңызы туралы» деген еңбегін бастырды.

Мұнымен қатар Т. Рысқұлов әрбір тарихи оқиғаларға байланысты өзінің жеке көзқарасын білдіргенімен, осы мәселелерді түрлі қырынан алып, жан –жақты байытып отырған. Оның тек бір ғана 1916 жылғы ұлт – азаттық, көтерілісі жөнінде алты еңбек жазуы осыны дәделдейді. 1935 жылы республикалық «Казахстанская правда» газетінің үшінші нөмірінде Тұрардың «Странички из истории революционной борьбы» деп аталатын мақаласы жарияланған. Ол бұл еңбегінде отарлық жүйенің сырын ашып көрсетіп, көтеріліс қарсаңындағы тап күресінің шиеленісуі себептерін нақты ғылыми теориялық тұрғыдан дәлелдеп берді.

«Көтеріліс барысында Қазақстандағы таптық күрестің құрылымы тамаша айқындалды. Қазақ байлары және буржуазиялық бағыттағы ұлттық зиялылары көтеріліс барысында патша үкіметі жағына шығып, солардың сойылын соқты. Менышевиктік және ісерлік топта болып, отарлық жүйенің буына піскен әкімдер көтерілісті болдырмаудың барлық шараларын жасады. Бірақ езілген қазақ жұмысшыларының назары көтерілісшілер жағында болды. Жұмысшы табы өзінің таптық жауымен мүдделес досының ара жігін ажыратып алды. 1916 жылғы көтеріліс Октябрь революциясына қазақ пролетариатын әзірледі», — деп жазды автор.

Мұнда Т. Рысқұлов публицист ғана емес, көтеріліс барысынан ой түйіп, тұжырымдай білетін тарихшы ретінде де көрінген. Ол тек өз еңбектеріне ғана емес, өз тұсында жарияланған тарихи дүниелерге де сын көзбен қарап түрлі оппортунистік көзқарастарға қарымды тойтарыс беріп отырған. Бұл тұрғыдан алғанда Тұрарды жалаң публицист ғана емес, Орта Азия тарихындағы алғашқы зерттеуші, ғалым ретінде де тануымыз керек. Оның бұл саладағы ең ірі шығармасы «Орта Азиядағы азамат соғысының маңызын бұрмалаушылыққа қарсы», деп аталады. Бұл еңбегін ол «Құмдағы соғыс» деген тақырыппен жарияланған азамат соғысы жайлы естеліктер жинағындағы материалдарды талдай отырып, Ф. Колесов деген автордың «Бұхарадағы көтеріліс» атты мақаласы туралы : «Өз естелігінде Ф. Колесов Түркістан азамат соғысы кезінде бүкіл әлемнен қол үзіп қалды, жарты жыл бойы РСФСР – ден нақты дерек ала алмай өз бетімен әрекет етті», — деп жазған. Оның бұл көзқарасы шындық емес. Түркістан мен Кеңес өкіметі орталығы арасында үш рет байланыстың үзіліп қалғаны рас, бірақ мүлде емес. Бұл уақытта Ташкент радиостансасы жұмыс істеп тұрды», — деп алдағы уақытта әрбір еңбекті нақты тексеруден өткізу қажеттігін, қандай да болса Орта Азия және Қазақстан тарихын бұрмалаушылармен қатаң күресу қажеттігін ескертеді. Осы арада «Тұрар Рысқұловтың ғылыми-публицистикалық жұмыстарын Париж түбіндегі орыс эмиграциясы ішінде өмір сүріп жатқан Мұстафа Шоқаевтың үнемі қадағалап отырғанын ескерте кеткеніміз орынды сияқты, Өйткені, ол Рысқұловты Сталинің «фавориті» деп атаумен қатар, өз шығармаларында үнемі оған жүгініп отырған. Ал, Тұрардың шетелдегі өзінің қандас оппонентінің, еңбектерін қалай қабылдағаны әзірге біз үшін жұмбақ. Қайтқенмен, оның ұлттық интеллигенцияның қалыптасу тарихын, оның патшалыққа қарсы күресін төңкерістен кейінгі әрекеттерін айқын ажырата білумен бірге, идеологиялық күрес дегеніміз — қайткен күнде де бұрынғы зиялыларды көкіректен итере беру керек деген сөз емес деп жиі қайталауы көп нәрседен хабар бергендей.

Сөйтіп, қорыта айтар болсақ, Т. Рысқұлов тек ел басшысы, қоғам қайраткері ғана емес, сонымен қатар төл халқының болашағы үшін талмай күрескен тарихшы, публицист те екен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет