М. Х. Дулати орта ғасырлардағЫ Қазақ тарихының шежірешісі көшербаева А. Ж. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз



Дата24.02.2016
өлшемі30.08 Kb.
#13629
ӘОЖ 930.253:94(574)
М.Х. ДУЛАТИ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ ШЕЖІРЕШІСІ
Көшербаева А.Ж.

М.Х. Дулати атындағы ТарМУ, Тараз
Мұхаммед Хайдар Дулати өзі өмір сүрген қайта өркендеу дәуірінің терең ойшылы, мемлекет қайраткері, көреген тарихшысы. Ол 1499 жылы Ташкент қаласында дүниеге келіп, 1551 жылы Үндістан елінде Кашмир өлкесін басқарған кезінде қайтыс болған. ХҮІ ғасырдың атақты тарихшысы атанған Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» және «Жаһаннаме» атты екі еңбек жазып қалдырғаны мәлім. «Жаһаннаме» 1527-1528 жж. философиялық – көркемдік рубаяттармен жазылған шығарма. «Жаһаннамеде» адамгершілік, адалдық, құдіретке табынушылық мәселелері көтеріледі. Ал «Тарих-и Рашиди» тарихи-ғұмырнамалық еңбек. Ғалым бұл туындысын Кашмирде болған кезінде, яғни 1541-1546 жылдары жазған. Ғұламаның екі еңбегі де шығыс мәдениетінің шоқтығын биік көтерген, түрік елдерінің тарихын тарихта қалдырған қайталанбас туындылар. «Тарих-и Рашиди» екі дәптерден (бөлімнен) тұрады. Бірінші бөлімде Моғолстан және Қашғарда билік құрған Шағатай хандарының тарихы, олардан бірінші болып ислам дінін қабылдаған Тоғылық Темір ханнан бастап, 1533 жылы билікке отырған Әбдірашид хан тарихы жайында баяндалады. Екінші бөлім 1541-1542 жылдарда жазылған. Екінші бөлімде тарихи оқиғалар мен автордың өмірбаяны айтылады. Жалпы бұл еңбекте 1346-1546 жылдар аралығындағы Орталық Азия, Тибет, Ауғаныстан, Кашмир, Иран елдеріне қатысты көптеген тарихи оқиғалар баяндалады. Осы себептен де Орта Азия, Қазақстан, Шығыс Түркістан, Үнді, Иран, Тибет халықтарының тарихшылары, зерттеушілері «Тарих-и Рашиди» туындысына тоқталмай өтпейді. Оның ішінде Қазақ хандығының алғашқы жүз жылдық тарихы үшін Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегі негізгі дерек көздері болып табылады десек артық айтқандық емес. ХV-ХVІ ғасырлардағы Қазақ хандығының мынандай басты оқиғалары аталған еңбекте қамтылған:

  1. Қазақ хандығының құрылуы (ХV ғ. 40-50 жж. Дешті Қыпшақтың саяси жадайы, Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы Моғолстан жағдайы, Керей мен Жәнібек хандардың Шу бойында хандық құруы туралы);

  2. «Қазақ» сөзінің мағынасы туралы;

  3. ХVІ ғасырдың басындағы Қазақ хандығының ішкі саяси жағдайы және Қасым ханның билікке келуі туралы;

  4. Қасым ханның жеке басына және Қасым хан тұсындағы қазақ хандығына сипаттама;

  5. ХVІ ғ. 20-30жж. Қазақ хандығының әлсіреуі жайында;

  6. ХV ғ. қазақ-моғол, қазақ-өзбек қатынастары турасында.

«Тарих-и Рашидиде» Қазақ хандығына қатысты басқа да тың деректерге қол жеткізуге болады. Мысалы кітаптың 33-тарауында Қазақтар және қазақ сұлтандарының тіршілік ерекшеліктері туралы; Оларға қазақ атауының берілу себебі жайында және олардың істерінің салдары жайында былай әңгімеленеді:

«Әбілқайыр хан Дешті Қыпшаққа түгелдей билігін орнатқан кезде Жошы әулетінен шыққан кейбір тіміскішіл сұлтандар одан келер бір пәленің исін сезіп қалып, оны орнынан тайдырмақ болды. Керей хан, Жәнібек сұлтан сияқты кейбір сұлтандар мен басқалар аз ғана топпен Әбілқайыр ханнан қашып, Моғолстанға келді. Сол уақытта Моғолстан хандығын билеу кезегі Есенбұға ханға жеткен еді. Есенбұға хан оларды қатты құрметтеп, оларға Моғолстанның бір шетін бөліп берді. Олар осы жерден қауіпсіз жайлы қоныс тапты. Сөйтіп тыныш өмір сүріп жатты.

Әбілқайыр хан дүние салғаннан кейін өзбектердің ұлысында алауыздық пайда болды. Әркім мүмкіндіктеріне қарай қауіпсіз һәм дұрыс өмір сүру үшін Керей мен Жәнібек ханды паналады, олар осылай күшін нығайтты. Басында өстіп елден қашып, олардан бөлініп жырылып қалып, біраз уақыт тарығып әрі сергелдеңде болғандықтан оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап ат қазақтарға осылай танылды... »

Осылайша Мұхаммед Хайдар Дулати 33-тарауды қазақтарға арнайды. Мұнда ғалым ХV-ХVІ ғғ. Қазақ хандығының қысқаша саяси тарихын анық көрсетеді. Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлуінен 1537 жылға дейінгі аралықтағы тарихи оқиғалар баяндалады.



Мұхаммед Хайдар Дулати Қазақ хандығының құрылу барысына терең мән беріп сол кезеңдегі басқа да оқиғалармен байланыстыра баяндап отырған. Еңбекте ХҮ ғасырдың 40-50 жылдарындағы Дешті Қыпшақтағы Әбілқайыр хандығының, Мауреннахрдағы Темір әулеті билеушілерінің және олардың Моғолстан ханы Есен-Бұғамен саяси қарым-қатынасының айтылуы қазақ тарихы үшін маңызды мәлімет. Себебі Қазақ хандығының құрылыуының саяси алғышарттарын ашып көрсетуде нақты деректер болып саналады.
Әдебиет


  1. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. – А.:Тұран, 2003.

  2. Жеменей Ислам.Мұхаммед Хайдар Дулат.Тарихшы – қаламгер.- А.:Зерде,2007. Мұхамедов М.Б. Қазақстан тарихы. – А.:Қарасай,2007


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет