УДК 894.342
МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ КЕСТЕЛІ ӨЛЕҢ ӨРНЕГІ
А.М.Мұратбек, Ж.Қ. Боранбаева
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана
Профессор Шериаздан Елеукеновтің: «Әдебиет идеясы өмірден туындайды. Идеяны жеткізетін тіл. Ол суреткердің дүниетанымына сәйкес құйылады, саяси, философиялық, эстетикалық тұрғысына қарай өріледі. Тілі ғана пайдалы, басқасының мәні жоқ деуге келмейді. Әдебиеттің бір ғана таптың меншіктеуіне көне бермейтіні көркем идеяның тек саяси көзқарастан туындамайтындығында болса керек»,[1.б.5]-деген ойы поэзия әлемінде айрықша із қалдырған өзіндік үлкен өнер, өрнек тудырған, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін кейінгіге аманат еткен Мағжан Жұмабаев шығармаларын талдауға мұрындық болғандай.
«Мағжан өз тегін де, өз жерін де ардақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын ардақтауға ұмтылған, өлең сөзді асыл маржандай терген, сұлу жырымен оқырман жүрегін баураған, ал өзі болса, өне бойы қапаста, қайғы мен қасіретте өмір кешіп, ақырында мүлт кеткен, өзі айтатындай, соры арылмаған халқының зарлы перзенті», [2.б.135].
Сөз құдіретінің сырын ашып, өз өлеңдерінде көркемдегіш құралдарды орынды да, ұтымды пайдаланып, сөз саптау шеберлігін танытқан ақын «Әрбір ірі жазушының шеберлігінің өзгешелігі көбіне-көп оның шығармасынан көрінеді». «Көркемдік дегеніміз әрбір сөздің орынды қолданылуының ғана емес, өте қажеттілікпен, зәрулікпен қолданудың белгісі және сөз дегенің мүмкін болғанша аз жұмсалуы керек»,[1.б.65]-деген небір ғалымдардың ойын дәлелдегендей.
Мағжанның шығармаларындағы айқындауыш бейнелі сөздерге көз жүгіртсек суреткердің идеясынан туып, сөз арқылы берілген не бір ойдың көрінісін аңғарасыз. Сөздердің реңін кіргізіп, ажарлап, көркемдік жасап үйлесімге келтіруінің өзі бірнеше түрлі тәсілдер арқылы берілгендігінің куәгері боласыз. Әсіресе көркем шығармада қолданылатын көркемдегіш құралдың бірі, заттың не құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын бейнелі сөз– эпитетті пайдаланудағы шеберлігі оқырман көңілін еріксіз баурап әкетеді. Эпитетсіз тіпті айтарыңды анықтау, суреттеп отырған нәрсеңді нақтылау мүмкін емес екендігін төмендегі жолдар арқылы мойындатады.
Сібірдегі қаратүнек кезінде жазылған «Бостандық» атты өлеңі арқылы осынау дәуірдегі қатыгез ақиқат сырын ашына суреттеген ақын:
...Көк есігі ашылды,
Жұмақ нұры шашылды.
Келді ұшып бостандық
Ғарыш нұрлы жүзі бар,
Кәусар жібек сөзі бар,
Әдемі, алмас ақ қанат,[3.б.75]-деп көрсетіп, алайда «Жұмақтан қуылған адамзат» шамалы рахат, қызықтың өзін артық санайтындығын аңғартса. Халықтың асыға күткен таңын, бостандығын:«Ғарыш нұрлы жүзді», «Кәусар жібек сөзді», «Әдемі, алмас ақ қанат» бостандық деп бірнеше тізбектелген эпитеттер арқылы ойын нақтылай түскендігін байқатады.
Ал, енді бірде:
Қыбырлаған қоңыздар,
Қорсылдаған доңыздар
Көктен келген қонаққа
Тілін, қолын тигізді.
«Сасық сайтан» дегізді
Жауыздық тағы өрледі
Ізгі елшісі жұмақтың
Қасиетті қонақтың
Ақ қанаты кірледі,[3.б.76]-деген ақын жер бетіндегі күйкі, арамза пенделерді «қыбырлаған қоңыздар» мен «қорсылдаған доңыздарға» балап, олардың өңбейтін жаман пиғылды іс- әрекетіне «жұмақтың» «ізгі елшісі» - бостандық кінәлі ме?-деген сауалдарды қоя отырып, азаттық ұғымы терең аллегориялық әрі философиялық мағынаға көшеді. Оқырман назарын бостандық «жұмақтың өзі емес, «ізгі де болса елшісі» ғана екеніне аудартады. Екі аяқтылардың арасындағы имансыздардан қорлық сөз естіп, «ақ қанаты кірлеген», «ізгі періште» - бостандық қайта ұшуға даяр тұрғандығын ашып көрсетеді.
«Елім» деп еңіреп, әділеттік жолда жалынды жырын жалау еткені үшін тарихтың «ақтаңдақ» бетінен орын алған сөз шеберінің өрелі ойының терең иірімдерінен тамаша суретті сөздер өріледі. «Түркістан», «Ескі Түркістан», «Орал», «Көкшетау» атты өлеңдері арқылы сүйікті оқырмандарын елін, жерін сүюге баулиды. Туған ұлтын, халқын сүюі түбі бір туысқан жұртты туысқан тартумен сабақтас құбылыс болғанын «Тұранның бір бауырында», «Қырғыз, қазаққа», «Еділде», «Алатау» атты жырларынан аңғартады.
Оның ақ нөсердей төгілген жыр жолдарында өзіндік өмір өлшемдері, түйінді, тұғырлы таным дүниесі кестелі өрнекпен нақтыланып, даралық сипатқа ие болып тұрады.
«Көкшетау» өлеңінде:
Аспанменен тірескен
Тәңіріменен тілдескен
Көкшетауым біп-биік
Қою қара көк бұлт
Жайнап, ойнап, құлпырып
Көкшетауды тұр сүйіп,[3.б.159]-делінген жолдардың бүлікке шақырған, ел бірлігіне қас көңіл емес, шығыс, қазақ тарихына тән биік белестерді еске алу, бұқараны рухани азаттыққа үндеу рухымен төркіндес ниетінен туғандығын айтса. «Аспанменен тірескен Көкшетау», «Тәңіріменен тілдескен Көкшетау», «Қою қара көк бұлт» деген айқындаулар өлең өрісін кеңейтуде ерекше қызмет атқарып тұрғандығын көрсетеді. Өз мысалдарында бұрыннан айтылып келе жатқан эпитеттерді қайталамай өзінше ізденіп, жаңаша мазмұнда айқындаудың әр түрін жырларында шеберлікпен орынды қолданғандығын, олар арқылы адамның көркем образын жасағандығын байқатады. Ақынның қиыннан қиыстырып қолданып отырған айқындаулары өзі жырға қосып отырған объектіні, өмір құбылыстарын бейнелі оймен бере білу жағынан басқа суреткерлерден ерекшеленеді.
Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби тілге үстеме мағына беріп, шығармашылық мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі – теңеуді өз шығармасында талғампаздықпен пайдалана білген ақын «Еділде» атты өлеңінде:
Бүктеліп жатқан бел,
Сүтке тойған марқадай
Бұйра қою қарағай,
Белге біткен шалқалай.
Су жеп қойған жұмыр тас
Түйір-түйір малтадай,
Арнада өзен қылықты
Қылмыңдаған қалқатай,[3.б.235]-деп келтіріп, халық тілінде қалыптасқан, кейде балаларға қаратылып, кейде «тойған қозыдай томпиып отырсың ғой» деп үлкен адамдарға да қаратып айтылатын «Сүтке тойған қозыдай» деген теңеуді қолданудағы шеберлігін танытса, қазақтың ұлттық тағамының бірі құрт болса, сол құрттың езілмейтін малта түрі су ағысымен екшелген жұмырланған тасқа баланатындығын аңғартады. Табиғаттың манаурап жатқан бейнесін суреттеу үшін қолданған «марқадай» теңеуі өзінің тапқырлығының жемісі екендігін көрсетеді. Ал, өзеннің арнасынан асып, бұлықсып ағуын, жігіт алдында әртүрлі ерке қылықтар көрсеткен қыздың мінезіне балап, оқырманына өзеннің ағысын қыздың «қылмыңдаған» әрекетімен ойша салыстыру мүмкіншілігін береді.
«... Жазушы заттың не құбылыстың ерекше белгілерін атап көрсетпей –ақ оны басқа затпен, құбылыспен салыстыру арқылы шығармасының мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдардың бірі - теңеу», [4.б.227]-дегендегі академик Зейнолла Қабдоловтың сөзін еріксіз еске түсіреді.
"Адам тағдырын тәрбие шешеді, тәрбие құралы-сөз",[5.б.2]-деп заманымыздың белгілі ақыны Олжас Сүлейменов айтқанындай жастарды тәрбиелеуде сөздің құдіретті күшін пайдаланудың маңызы зор екендігін сезінген ақын өнегелі, өрелі асыл сөздерін кейінгі ұрпаққа сыйлайды.
Егемен еліміздің ертеңгі қызметін атқарар лайықты тұлға - ол жастар екенін ескеріп, «Мен жастарға сенемін» өлеңінде елдің қалыптасуына жастардан үлкен үміт күтіп, аманат сенім артатындығын ағартады.
Арыстандай айбатты ,
Жолбарыстай қайратты
Қырандай күшті қанатты
Мен жастарға сенемін
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға
Мен жастарға сенемін, [3.б.35]-деген Мағжан жастардың ерік- жігерін, күш- қайратын «аң патшасы арыстанға», «қайратты жолбарысқа», «ақиық қыран құсқа» балайды. Өзінің шығармасында қолданыс тапқан теңеулердің сан түрлі болып келетіндегін
«Алатау» өлеңіндегі:
Көп жылдар желдей заулап есті ме екен,
Алатау өсті ме екен, өшті ме екен?!
Қияның қыранындай қайсар елдің
Басынан күңгірт көшті ме екен?
Шыңдары арысымен араласқан,
Тәңірі тақ қылғандай тарғыл тастан
Күңіреніп қоңыраулы қара нардай
Қап-қара қорғасындай бұлты басқан,[3.б.209]-деген жолдарда кездесетін дай-жұрнағы арқылы жасалған «желдей», «қияның қыранындай», «қап-қара қорғасындай», «қара нардай» эпитетті теңеулер арқылы көрсетеді. Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі теңеуді ақын өз шығармаларында шеберлікпен қолданып заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей ақ, басқа заттармен, құбылыстармен салыстыра бейнелегендігін байқатады.
Академик З. Ахметовтың «Жасалу қалпына қарай теңеулердің сан түрлі болып келетіні байқалады. Бірде теңеу екі нәрсені тұтас алып салыстыру арқылы жасалса, енді бірде айтылып отырған нәрсенің бір сипатын, белгісін, түсін, дыбыс үнін, тағы басқадай жеке ерекшелігін өзге нәрсемен салыстырып, бейнелеу негізінде туады. Сонымен қатар бір нәрсені басқа нәрсемен қимыл қозғалысындағы ұқсастықты тірек етіп салыстыру жолымен жасалған теңеулер де жиі кездеседі», - дегендегі ойын нақтылайды.
Ақынның қай шығармасын алсақ та сөйлеу өнеріміздің барлық саласынан бой көрсететін, сөз мәнін өңдендіріп, ажарландырып мазмұнын тереңдететін жалпы тілдік категория, сөзді астарлай қолдана білуінің шеберлігін танимыз.
Мәселен: Өмір – дала, ақын – бала қаңғырған,
Жан сусынын көз жасымнан қандырған
Ақын – бөбек, өмір – көбік, тылсым- ды,
Ойнап, арбап, бөбекті естен тандырған, [3.б.198]-дейтін шумақпен басталып, аяқталатын «Берниязға» атты өлеңінде бұрын өзіне қатысты қолданылатын метафора жаңаша түлеп, асыл махаббат жолында құрбан болатын жалын жастың елден оқшау бітімін даралауға қызмет ететіндігін. «Ақын – бала», «ақын – бөбек» деп балаға, бөбекке балайтындығын көрсетсе.
«Өткен күн» атты өлеңіндегі:
Өткенді ойлап қайғырма.
Әр кәмалға бір зауал
Ежелден болмақ емес пе?
Ескіше тұрып егеспе
Заман – түлкі, тазы бол,
Базарма дүкен құр енді. [3.б.39]-деген жолдар арқылы ауыстыруды ұтымды пайдалана білгендігін аңғартады. Заманды түлкімен жай ғана салыстырып қоймай, заман қу болса және де заманның ағымы тез болса, сен одан да тез бол ,- деген ақылын айтады. «Заманың түлкі болса,Тазы болып шал», - деген қазақ мақалын еске салады.
Ғалым Қажым Жұмалиевтің «Қазақ әдебиеті мәселелері және Абай поэзиясының тілі» атты еңбегінде айтылған: «Метафора тіл табиғатында терең тамыр жайған сөйлеу өнеріміздің барлық саласынан бой көрсететін жалпы тілдік категория, сөзді астарлай қолдану» дегендегі пікірін мойындатады.
Мағжан Жұмабаев өз шығармашылығында қайталаудың небір түрлерін жан-жақты, әрі өте әсемдікпен пайдаланылған.
«Пайғамбар» өлеңінде:
Қап-қара түн. Шегір көзді жындар жүр.
Қап-қара түн. Қайғы мен қан ойнап тұр
Қайғы менен қара қанға тұншығып,
Түн баласы ауыр ойлар ойлап тұр.
Қап-қара түн. Уақыт ауыр күтеді,
Ой артынан ойлар келіп күтеді
Түн баласы көр көзінен жас төгіп,
Күншығыстан бір пайғамбар күтеді.[3.б.14]-дегендегі ол, дыбыс үндестігіне негізделген туындыдағы әдепкі қайталаулар арқылы өлеңнің әсемдігін, әсерлілігімен қатар, өлеңнің композициялық құрылысын ерекшелеп оқырман көңілін баулыса.
«От» өлеңіндегі:
Өзім – күнмін, өзім – от,
Сөзім – қысық, көзім де – от.
Өзіме-өзім табынам
Жерде жалғыз тәңірі – от
Оттан басқа тәңірі жоқ. [3.б.12]-деп кезекті қайталаулар арқылы сөз екпінін әрбір ой ағымының аяқ жағындағы «от» деген сөзге түсіріп, оттың жалыны - ақын жүрегіндегі шабыттың екпіні екендігін түсіндіреді.
«Әйел» өлеңінде:
Жерде жалғыз зарығып,
Жұмағын көкте сағынып,
Жылады баспай өксігін
Жасты көріп жаратқан. [3.б.133]-деп қазақтың халық поэзиясындағы аллитерация мен ассонанс сияқты дыбыс бірлестігін ұтымды пайдаланғандығын танытса.
«Ой» өлеңінде:
Ой деген у – ауызға алсаң қандырар.
Ой деген у – жанды есінен тандырар
Ой деген у – ішсең мас боласың
Ой деген у – ішесің де соласың [3.б.183]-деген жолдардан аллитерация мен ассонанс тәсілін пайдалану арқылы өлеңнің мазмұны мен мәнін келтіріп тұрғандығын, керемет дыбыс әуезділігін жасағандығын көрсетеді.
Ал, «Жел» атты өлеңінде:
Жел – тым тентек бір бала,
Жан сүйгені – сар дала
Дамыл алмай жүгірер,
Ерні өтірік қыбырлап,
Сыр айтқан боп сыбырлап,
Кейде өгіз боп өкірер.
Желге ешнәрсе тең келмес,
Тау да жолын бөгемес,
Сақ-сақ күліп секірер.
Жүйрік желім кім сотқар.
Біреу бетін жапса егер
Әдейі бетке түкірер. [3.б.148]-деп, кейіптеу тәсілі арқылы жансыз «жел» бейнесін жанды, тірі адамға айналдырып, бірде ерке балаша «дамыл алмай жүгіртіп», «ернін өтірік қыбырлатып», «сыр айтқан болып сыбырлатып», бірде «сақ-сақ күлдіріп», «жорғалай басып жүгіртіп»қояды. Яғни, ақын беймаза желді құдды тірі кісідей құбылтып, оған қызық-қызық қылықтар жасату арқылы өзі суреттеп отырған шындыққа тағы бір тың шырай береді, шынайы сыр дарытады.
Қорыта келгенде, Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясында жарқын жырларымен от шашып, өшпес із қалдырған тұлға. Көркем сөзбен көрікті өлеңдерді әдебиетіміздің әлеміне сыйлаған ерек жан.
ХХ ғасыр алып тұлғаларының шығармашылық тағдырын зерттеуші, академик Рымғали Нұрғалидың сөзімен айтсақ: «Мағжан поэзиясы мәңгі өлмес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу- маржаны махаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық стихиясының сан алуан тылсым, жұмбақ күйлерін шерткен, терең ақындық шабыттан толқып туған, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген, ішкі мазмұны мен түр кестесі жымдаса ұласқан, ықшам, жинақы, жұп-жұмыр жауһар дүние»,[5.б.93].
Пайдаланылған әдебиеттер
-
Боранбаева Ж. Қ. Сөз зергері Мағжанның әдемі өрген өрнегі,. Астана, 2004
-
Қанарбаева Б. Жырымен жұртын оятқан,. Алматы, 1998
-
Жұмабаев М. Батыр Баян,. Астана: «Елорда», 1998
-
Қабдолов З. Сөз өнері Алматы, 1976
5. Қазақ тілі мен әдебиеті. №3, А., 1995
-
Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры,. Астана: «Күлтегін», 2002
Регистрационная форма
1. Ф.И.О. : Мұратбек Алтынай Мұратбекқызы
2. Ученая степень, ученое звание: нет
3. Организация (учреждение), должность: ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
4. Адрес: 010008, г. Астана, пр-т Абылай хана 6/5, кв. 5
5. Контактный телефон: 8-3172- 342105
6. E-mail: sboranba@mail.ru
7. Факс: нет
8. Название доклада: МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ КЕСТЕЛІ ӨЛЕҢ ӨРНЕГІ
9. Секция: Филология: казахская литература
10. Необходимые технические средства: нет
11. Необходимость бронирование номера в гостинице: нет
Я намереваюсь:
Выступить с докладом на заседании секции.
1. Ф.И.О. : Боранбаева Жамал Калиевна
2. Ученая степень, ученое звание: кандидат филологических наук, доцент
3. Организация (учреждение), должность: ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
4. Адрес: 010008, г. Астана, пр-т Абылай хана 6/5, кв. 5
5. Контактный телефон: 8-3172- 342105
6. E-mail: sboranba@mail.ru
7. Факс: нет
8. Название доклада: МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ КЕСТЕЛІ ӨЛЕҢ ӨРНЕГІ
9. Секция: Филология: казахская литература
10. Необходимые технические средства: нет
11. Необходимость бронирование номера в гостинице: нет
Я намереваюсь:
Выступить с докладом на заседании секции.
Достарыңызбен бөлісу: |