Мағжан: «кінәні жүрекке қОЙ,Қойма мағАН»



Дата25.02.2016
өлшемі302.44 Kb.
#20155
Мағжан: «КІНӘНІ ЖҮРЕККЕ ҚОЙ,ҚОЙМА МАҒАН»
Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай, ф.ғ.к.М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры,Петропавл қаласы

Мағжан ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 1912 жылы «Шолпан» деген атпен жарық көргені мәлім. Татарстан мемлекеттік мұрағатының 420-қорында сол кездегі Қазандағы баспаханалардан қазақ және татар тілдерінде басылып шыққан кітаптарға байланысты цензура құжаттары сақталған. Олардың ішінде, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеушілер үшін құнды деректер беретін материалдардың кейбіреулері мынадай:

Ғалиолла Ғалымжановтың «Есіл жұртым» (1912), Арыстан Берікқалиұлының «Ағын» (1912), Ғ.Жәнібековтің «Балалар бәдуамы» (1912), Мұхамет-Сәлім Кәшімовтің «Насихат қазақия» (1908), Абдулла Мұштақтың (Ғұмар Қарашұлының лақап аты. – З.Т.) «Қарлығаш», Ишанғалиұлы Бисен Албаншырақтың «Әдебиет өрнегі» (1910), Бекмұхамед Хұсаиновтың «Құтыбхана чурнағы» (Кітапхана бұрышы) (1910), Әділкәрім Мәзитовтің «Қазақ шәкірттеріне ғадия» (1910) деген Қазандағы «Ағайынды Каримовтар» баспахана-сынан шыққан кітаптары, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп шығармаларының мазмұны жөніндегі цензура қағаздары жатыр.

Қазан университетінің профессоры, Ресей ішкі істер министрлігінің жансызы Н.Катанов бастаған аудармашы топ қазақ тілінде шыққан әрбір кітаптағы шығармалардың астарына сығалай қарап, өкімет билігіне, орыс мемлекетінің отаршылдық саясатына қарсы-ау деген пікірлер іздеген. Әрине, іздеген соң...тапқан.

Әрбір өлеңнен кесек-кесек үзінділер алып, олардың астарындағы ойларды ашып, тіпті асқындырып дейікші, орысшаға аударған. Бұл арада мына бір жағдайды ескерте кетейік. Қазандағы жергілікті «әдебиетші мамандар» өздерінің тапқан «қылмыстарын» Петрборға, Ішкі істер министрлігіне тікелей жолдап отырған. Дәлірек айтсақ, нағыз саяси тыңшылық қызмет атқарған. Ішкі істер министрлігінің баспасөз басқармасы Қазандағы жандарм орындарына сол аудармаларды жіберіп, тиісті кітаптарды таратпау және автор-ларын саяси сенімсіз адамдар ретінде қуғындау туралы нұсқау беріп отырған.

Ал, енді Мағжанның «Шолпанына» байланысты не тапты екен? Соны көрейік. Алдын ала айтып қояйын, цензор (профессор Н.Катанов.-З.Т.) – қазақшасы мықты, сөз қадірін білетін, астарлы ойларды да аңғарымпаз маман. Ақындықтан да құралақан емес. Күдікті-ау деген жолдар мен шумақтарды ұғынықты етіп, жолма-жол орысшаға аударып бере алған. Жақша ішіне кейбір сөздердің астарлы мағынасын да ашып көрсеткен.

Мысалы, Мағжанның 1912 жинағындағы «Жатыр...» деген өлеңінің:


Кең жері күннен-күнге құрып жатыр,

Сұр жылан қанын-сөлін сорып жатыр...,


деген екі жол орысшаға былай аударылған:
Широкая земля (казака) что ни день, гибнет

А черная змея всю кровь его (казака) сосет.

Немесе,
Кешегі шешек жарған қазақ гүлі

Сарғайып, бір су тимей солып жатыр.

Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр.

Күн сайын артқа қарай кетіп жатыр .


Орысшасы:
Вчера был цветок – казак во цвете,

А теперь он без воды пожелтел.

Так, маленький казак погибает:

Все время назад, назад шагает,

Не чувствуя, что он так умирает.
«Сорлы қазақ» деп аталатын екінші өлеңнен үкімет саясатына қарсы үгіт салқыны бар-ау деп цензордан үзіп алған шумақтары мыналар:
Сорлы қазақ жаны алқымға тығылып,

Қара күн кеп, тіккен туы жығылып,

Алға баспай, барлық ісі кер кетіп,

Нәр тата алмай, күшсіз, әлсіз бүгіліп,


Оқу-білім жақындатпай, жолатпай,

Қырын қарап, қазақ ісін ұнатпай,

Пыр-пыр ұйықтап сорлы қазақ тек жатыр,

Қанды көзбен екі көзін шылатпай...

Байғұс қазақ бас көтеріп тұрар ма?

Көңілі түсіп, білімге мойын бұрар ма?

Күні туып, оңынан – Күн, солдан – Ай,

Оқуменен жайнатып дүкен құрар ма?

Осы шумақтар да орысшаға жолма-жол аударылып тіркеліпті. (Орысшасы қазіргі қазаққа тансық емес қой, келтірмей-ақ қояйық).

Ал енді, бір ғажабы, осынау өлең жолдарында азуын айға білеген Ресей империясына қауіп төндірер қандай қатер бар? Ақынның бар жазығы – туған елінің жаңа экономикалық, қоғамдық қатынастарға бейімделуін тілегені, оқу-білімге үндегені.

Бірақ, «тырнақ астынан кір» іздегендер, әйтеуір сақтық жасап: «қазақтың жаны алқымға тығылды», «қара күн келді», «тіккен туы жығылды», «барлық ісі кері кетті», «басын көтере алар ма?» деген сөздерден қайдағы бір қаскөйлік ниет таныған. Қазақ халқын әкімшілік билеуші Ресейдің патшалық жүйесіне қарсы қарулы көтеріліске шақыру деп түсінген. «Қорыққан бұрын жұдырықтайды», дегенге сайып, кімнің де аузын ашырмасқа бет алған.

Он тоғыз жастағы бозбаласына дейін тәуелсіздік аңсап, зарлап тұрғанда, қазақтың өзгелерінен де жат қимыл-әрекет көреді. Мұндай арыстан жүректі ұлдары бар ел күндердің күнінде отаршылдық бұғауын быт-шыт етіп талқандап, теңдік, тәуелсіздік туын көтереді, деп сезген. Сезген де сезіктенген.


Жер кетті, жаның кетті, қам жемедің,

Құл болдың қара табан енді малсыз...

Қарағым, арыстаным, қайратты ерім,

Тұрдың ба қару қылмай, құр амалсыз?


деп шырқыраған жас ақынның жан дауысы қалың қазақты оятып, тарих төрінен өз ұлтына орын іздеуге бастағандық еді. Мұны тыңшылар, обалы қанша, жақсы байқаған. Ақынның саяси көзқарасы мемлекеттік құрылысқа теріс деген тұжырымға келген. Оның құдіретті жырларынан сескенген.

Міржақыптың «Оян, қазағын» бесігінде тұншықтырмақ болып, сан түрлі қиянат жолын іздеген отаршыл билік мына өлеңдері үшін Мағжанды да нысанаға алған. Оның «Шолпанының» таралуына тыйым салынып, автордың соңына әкімшілік тарапынан жанды-жансыз бақылау қойылған.

Айта кету керек, М.Дулатов «Оян, қазақты» Петропавлда мұғалім болып жүргенде жазып бітірді. Дәл осы кезде оның шәкірттерінің арасында Мағжан Жұмабаев есімді бозбала бар еді. Демек, «Оян, қазақтың» әрбір өлеңін Мағжан әуелден-ақ білген, жалынды күресткер ағасының жүрегін жарып шыққан тәуелсіздік ұранына оранған арманына еліктеген.

Мағжанның рухани ұстазы, ақындық жолда әліппе танытқан ардақты ағасы, өлеңдерін жинақ түрінде дайындап шығаруға көмектескен Міржақып Дулатов екенін осы күнгі мағжантанушылар ашып айта қоймайды. Бәлкім, жете білмейтін болса керек. Оның есесіне, Уфа қаласының Ғали медресесінде сабақ берген татар ақыны Ғалымжан Ибрагимов Мағжанды ақындыққа баулып, кітап шығаруға кеңес беріпті-міс, деген сөздер кітаптан кітапқа көшіп жүр. Мұның мәнісі – Ибрагимов кеңес заманында классик танылған, ал біздің Міржақып – жау аталып келді. Осылайша, зерттеушілер Мағжанды көтеру үшін, оны классикке апарып теліді...

Сәбит Мұқанов: «...Мағжанның ақындығын қозғауға екінші себеп – Міржақып болуы керек», дегенді не пиғылмен айтса да, негізсіз емес. Және осы пікірдің дәлелі ретінде Мағжан Міржақып ағасының түрмеге қамалуына, түрмеден босанып шығуына байланысты бірнеше өлеңдер жазды. Кейін, Кеңес дәуірінде де «Оян, қазақтың» авторына жағылған күйе, оның шәкіртіне де кінә болып тағылған.

Міне, Мағжанның Ресей үкіметіне саяси сенімсіз ретінде танылуы осы кезден, яғни Міржақыппен қатар жүрген 1909-1912 жылдардан басталады.

Қош... содан кейін он жыл өтті. Орыс патшасы тағынан құлады, аумалы-төкпелі замандар өтті. Кеңес өкіметі орнады, большевиктер билік басына келді. Бұрынғы ескі тәртіптің бәрі теріске шығарылып, тарих күресініне итерілді, жаңа заман туған. Сөйтсек... әлі туған жоқ екен. Отаршылдар қашан да кекшіл болады. Аталарының кегін кейінгі ұрпақтары алады. Оны көп жыл архив ақтарғанда талай көріп, көзіміз жеткен. Сонау Екатерина патшаның империялық заманында басталған тыңшылық, қудалау, жа-залау тәртібі сол күйінде, кеңес заманында одан әрі жалғасқанына қазақ тарихында мысал көп.

Иә, патша заманындағы қуғындау, жасырын тексеру, «пиғылы бөлектерге» бақылау қою, оңтайы келсе, жойып жіберу жүйесі кеңес үкіметінде, күні кешеге дейін сол күйі сақталды. Бұл - жалғыз саяси партия басқарған заңсыз билікті ұстап тұру үшін жария түрде қолданылған мемлекеттік саясат еді. Оны жалғыз Сталинге жабудың өзі – кейінгілер шығарған үлкен айла, өкінішке қарай әлі солай.

Патша жандармериясының құпия қағаздарын большевик чекистер түгел басып қалды. Қаймағын бұзбай, сол күйі жаңа, социалистік қоғам жағдайында өз қажетіне пайдаланды. Бұрын бақылауда болғандарға кеңес заманында да күзет қойылды. «Не шықса – солардан шы-ғады», деген белгілі пиғыл...

1922 жылы Мағжан өлеңдерінің жинағын атақты ақын Бернияз Күлеев құрастырып, алғысөз жазып Қазанда басып шығарды. 1923 жылы белгілі қаламгер және қоғам қай-раткері Сұлтанбек Қожановтың алғысөзімен Мағжан ақынның үшінші кітабы Ташкентте басылып шықты. Ал, осы жинақтың тағдыры Мағжан басына қара бұлттың ерте-ақ үйірілгенін көрсетеді.

Солтүстік Қазақстан облыстық архивінде мынадай құжат сақталған. Орыс тіліндегі түпнұсқасы қазақшалағанда, мазмұны мынадай:



«Өте-мөте құпия. Ақмола губерниялық Литосына (кеңестік баспасөз цензу-расының бүркеме атауы.-З.Т.).

Қолда бар деректерге қарағанда Ақмола губерниясында Мағжан Жұмабаевтың қазақ тіліндегі өлеңдер жинағы таратылған. Басылым Түркістан мемлекеттік баспасынан 23 жылы шыққан, Түрклито рұқсатының № 29.

Осы кітапты айналымнан алып, жиналған даналарын арнайы нұсқау берілгенше сақтап қойыңыздар. 21-наурыз 1925 жыл».

Қызылжардағы Лито (цензура) бастығы мынадай бұрыштама қойған.

«Иванов жолдасқа: тез орындаңыз, алдымен Қазпедтехникумнан, ауыл шаруа-шылық мектебінен және кітапханадан, сонан соң Тілеулиннен, алыңыз.

21. ІІІ. (қолы)».

Хат соңында тапсырманың орындалғаны жөнінде: «Сообщено в Кирлито в докладе за март. 17. ІҮ. Иванов, губинспектор по печати и зрелищ», деген жазу бар.

Қатынас қағаздың басында «циркулярно» деп жазылғанына қарағанда, мұндай нұсқаудың тек Ақмола губерниясына ғана емес, Қазақстанның барлық аймақтарына жібе-рілгені деп білуіміз керек.

Ақын шығармашылығына жасалған бұл қастандық Қазақстандағы Алаш қайраткерлерін қуғындаудың бір көрінісі ретінде, 1924 жылы Мәскеуде Мағжанға құрылған «әдеби соттың» дүрбелеңімен тікелей байланысты еді (бұл жөнінде әңгіме бөлек).

Ал, енді Тілеулин деп отырғанымыз, Алашорданың белсенді мүшесі, мамандығы адам дәрігері, Солтүстік Қазақстанда денсаулық сақтау, халық ағарту, ісін ұйымдас-тырушы, публицист, ағартушы, ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен көрнекті қайраткер. Кезінде Мәскеуде Мағжан дайындаған «Табалдырық» бағдарламасының жобасы Ленинградтағы М.Әуезовке, Орынбордағы Ж.Аймауытовқа, Ташкенттегі А.Байтұрсыновқа, Семейдегі С.Торайғыровқа және Қызылжардағы осы Жұмағалиға жіберілген болатын.

Бұдан Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер жинағын тұтқындау үшін қауіпсіздік орган-дары неге Тілеулиннен іздейді? деген сауалдың жауабы табылады. Екіншіден, Жұмағали Тілеулин Алашорданың көрнекті қайраткері М.Дулатовтың жақын досы, 1911 жылы Жақаң абақтыға қамаларда өз басын қатерге тігіп, «Оян, қазақтың» 1000 данасы үйіне сақтап қалған болатын. Бұл тарихи фактіні кейін, Міржақып Дулатов өзі айғақтап берді, «Қазақ» газетіне жазған бір ашық хатында атап 1917 жылы көрсетті.

Мағжан ақын өз кітабының халыққа таратылмай, осылайша тұтқындалғанын білді ме? Білсе – Тілеулиннен білген шығар...

Мағжанның басынан өткен тауқыметке толы қилы тағдырды ақынның өз сөзі ар-қылы сыпаттасақ былай болар еді:
Мен туғалы ағарып көп таң атты,

Қараңғылық жер бетін талай жапты.

Ес білгелі алыстым жүрекпенен,

Ырық бермеді, қаңғырды ол не тапты...

...Ақылға кеш айналдым, қараң күнім,

Бір күні құшағына алар өлім,

Қара жерді құшақтап мен жатармын,

Сол кезде не деп мені сынар елім?
деп алады да Мағжан, өзінің ұрпақтарына, бүгінгі бізге мынадай аманат қалдырған еді:
Қазақ елі, бірауыз сөзім саған:

Болғайсың сыншы болсаң, әділ сыншы,

Кінәні жүрекке қой, қойма, маған!
Міне Мағжанды танудың, оның шығармашылығын сынаудың оңай еместігі осы сөздерде жатыр. Өле-өлгенінше «Мағжан поэзияның зеңгір көкпен, тәңір Пайғамбармен мәңгілікпен тілдескен заңғар шынындай болып, таза ақындықты сақтады. Бір тақырып-тың, бір кезеңнің, бір халықтың, тіпті бір таптың жыршысы болып кетпей, уақыттар желі құлата алмайтын алтын діңгек, әлемдік, планетарлық әуез-сарындармен тамырлас өлмес туындылар берген, ұлттық ақын, ғажайып суреткер болып қала берді»1.

Ақын мұрасын ақтарып-теңкеріп отырған күнде Мағжан ақындығының қалай қалыптасқанына көз жүгіртіп, ой топшылауға болады. Ол – ақын болып туған еді, ақын болып өлді.

Мағжанның бақыты ма, соры ма, оның жарық көрген шығармаларының әр қайсысы-ақ оқырман назарынан тыс қалған жоқ. Оқырман дегенде мен оның өлеңдерінен сән іздеген, ән іздеген, рухани нәр алған, осындай отандасы бар екеніне қуанған ақ жүрек адал оқырманды да; ақынның табиғи дарынын көре алмаған күншілді, әр өлеңнің астарынан қылмыс іздеген тыңшы, тіміскі «бөлтіріктерді» де айтып тұрмын.

Тағдырдың жазуы осылай болған, жас ақынның тұңғыш жинағынан бастап, 1912 бері Мағжанның әрбір өлеңі, әрбір жинағы елеусіз қалмаған екен. Мағжанның бағы да осы, соры да осы. Тарихта әр сөзі ескерусіз қалмаған, досын сүйіндіріп, дұшпанын күйіндірген мұндай ақындар сирек.

Мағжантанудың ұзақ көшінің басында алаш көсемі Әлихан Бөкейхан тұрғанын айту парыз. Ол жер бетінде қазақ деген халық барын, бұл халықтың тәуелсіз болып, өз тағдырына өзі елік жасауға құқы бар екендігін көрсете келіп, соның дәлелі ретінде Абай, Шәкерім, Ахмет, Міржақып сияқты ұлы тұлғалардың қатарында Мағжанды да атап, оның:
Таң, күн деген жер жаны,

Бұл екеуісіз жоқ сәні,

Оқу-білім ер жаны,

Жараспас ерге құр жаны...

деген сөздерін келтіріп, «Осындай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған бес миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады», деп тебіренеді. Бұл сөздерді Әлекең– 1913 жылы жазған.

Қазақ тарихында, әдебиеті мен мәдениетінің тарихында «Қазақ» газетінің орны ерекше. Мұхтар Әуезов айтқандай: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын». Міне, осы газетке Мағжанның өзінің көп өлеңдерін жариялаған, баспасөз арқылы халқына қызмет еткен.

Мағжанның шығармашылық өмірбаянының да толық, шын ғылыми тұрғыда жасалатын күні де алыс емес шығар. Мысалы, сонда қазір «Мен жастарға сенемін» деген тақырыппен көпке тараған өсиет-өлеңнің 1918 жылы осы Қызылжарда шығып тұрған, қазақтың жастар баспасөзінің тұңғышы «Жас азамат» газетінің бірінші санында, бірінші бетте басылғанын да айтамыз Халықтың келешегі үшін күресетін, оның алдағы тағды-рының қандай болмағын айқындайтын көзі ашық, жаны таза, саналы жастар екендігін бұл басылым әуелден-ақ жария етті. Мағжан Жұмабаевтың «Жастарға!» деген өлеңі сол замандағы қазақ жастарының ел-жұрт алдындағы тарихи міндетін көрсетіп берген бағдарлама десе болғандай. Өлеңнің беташары ретінде Мағжан мынадай сөздер жазыпты:

«Жастар! Алда жүрген, Алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өрнек алыңдар. Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар. Күнді – түн, жақынды – жат, пайданы – зиян деп жүрген, толық саяси хұқықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірген елді ойлаңдар!» дейді де өзінің «Жастарға!» деген өлеңін басқан. Бұл өлеңнің кейбір шумақтарын келтірейік:


Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін!..


... «Алаш» - айбынды ұраны,

Қасиетті құраны.

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемін!


Тау суындай гүрілдер,

Айбынды Алаш елім дер.

Алтын Арқа жерім дер

Мен жастарға сенемін!..


...Мен сенемін жастарға!

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда!

Мен жастарға сенемін!


Смағұл Садуақасов айтып, ел аузында қанатты сөзге айналған: «Мағжан – қазақ жастары ой-санасының әміршісі» деген бағаның түп-тамыры, бәлкім, осы бір отты-жалынды өлең де жатқан шығар.

Үлкен тебіреніспен, жан толқынының қуатынан туған бұл жолдар қазір де, бұдан былай да «Мен қазақ ұланымын!» деген әрбір жастың жүрегіне жол тауып, буырқанған құлшыныс туғызарына сөз жоқ. Әнұран, шақыру, дабыл сипатында қайта-қайта «Мен жастарға сенемін!» деп келіп отыратын тегеруінді шумақтар көкірегінде сәл ғана шоғы бар жас сананы жалындататын арыны күшті көрік еді.

Мағжан өмірінің аса бір шиеленісті кезеңі 1922 жылы-ақ басталды. Ұлты жоқ тексіз, «әлемдік пролетарлық революция» деген адамның ойына сыймас қиялды күйттеген қайдағы бір жалаң аяқ пролетариаттың диктатурасы туралы сандыраққа сенген тобырдың идеологиясының аясына сыймайтын Мағжандай алып ой иесіне ұлтшылдық деген қара таңба басылды. Мен мағжантанушылардың назарын мынаған аударғым келеді.

Қай жерде, қай өлеңінде, қай жинағында Мағжан социализмге, кеңес құрылысына, большевиктік партияға қарсы ашық шығыпты? Халықты, тіпті өз оқырмандарын дейікші, совет үкіметіне қарсы қалай үгіттепті? Мысалы, мына мен ондай үгітті Мағжанның өлеңдерінен таба алмадым. Ал, әркім өзі жеткен деңгейде, арамдық ойлап, қастық пиғылмен сығалай қарап, көрсе, бәлкім «тауып қалар». Бірақ, ол тапқаны қылмысты жа-уапқа тартуға, жазғанын бастыруға тыйым салуға негіз бола қояр ма екен? Бұл туралы Мағжанның өз сөзі мынау:


«Жау» деген – жаудың жаласы,

Әділ болсаң, өмірімді

Ақтарып әділ қарашы.
Отыз жыл өмір бойында,

Жазғанымды жайып сап,

Екі жар ғып санашы2
Мағжанның жазығы – жаңа ғасырдың көк жиегінен зор ақындық қуатпен жарқ етіп көрінуі еді. Мағжан тұрғанда, оның өлеңі ел құлағында жүргенде ақынмын деп, өлең жазамын деп айту әркімге оңай болмаған. Бұл ақынның мысы өзге өлеңшілерді басып кетті, өнердің төресі өлең өлкесіне Мағжанды таптап қана өтуге болатын еді, ақындықтың дәрежесін Мағжаннан асыру керек еді. Ол қиын міндет, бәлкім мүмкін де емес. Демек, Мағжан тірі тұрғанда «терезеден қараймын, қарындашты жалаймындардың» бағы жанбайтын еді. Олар, Мағжанның мүрдесін басып қана, оның өлі денесін итеріп тастап қана орнын иелену мүмкін еді. Әйтпесе, Кеңес билігі тұсында Мағжан саяси күресті машық еткен емес, ешкіммен айтысқан жоқ, тартысқан жоқ.

Патша заманындағы отаршыл үкімет 19 жастағы Мағжанның өз халқын теңдікке, азаттыққа үндеген дауысынан қорықса, кеңес үкіметі аты көпке танымал, «Қазақ жаста-рының ой санасының әміршісі» (С.Сәдуақасовтың сөзі.-З.Т.) Мағжанның үндемеуінен, «жасасындап» жар салмауынан сескенді.

Ол ұлтшыл еді. Мағжан да, алаштың басқа да көсемдері өздерінің ұлтшыл екендігін жасырған жоқ. Тіпті, Ахмет Байтұрсынов айтқандай: «Құл болған халықтан туып, құлдықтың қорлық-зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілдету, ауруын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес». Әлбетте, көзі жаңа ашылып келе жатқан қазақ зиялылары, солардың ішінде, мысалы, Мағжан Жұмабайұлы «пролетариат диктатурасын» аяқ-қолын көтеріп қолдауы керек пе еді? Құлдықтан жаңа босаған қазақ халқының мұңын жоқтауы керек пе еді? Бүгінгі жас ұрпаққа біз осыны ашып түсіндіруіміз керек.

Мағжантанудың күрделі проблемаларының бір арнасы Мағжанның өз кезіндегі басқа ақындармен, қайраткерлермен қатынасы. Бұл мәселенің шешілмеген жағдайлары әлі де көп. Өздеріңіз сезіп те отырсыздар, Мағжан мен Сәкен, Мағжан мен Сәбит, Мағжан және оның жас ізбасарлары (Қасым, Әбділдә, Қалижан т.б.) арасындағы қатынастарды бүгінгі жастар өз бетінше шеше алмайды. Уақыт өтеді, ұрпақ алмасады. Ал, біздің арымыз таза болу үшін, жастарға ақиқатын айтып кететін кез осы деп есептеймін.

1989 жылдан бергі қарай, сол шыққан үлкен жинаққа Әбділдә Тәжібаев алғысөз жазып, өз замандастары атынан тарих алдындағы кінәсін мойындағаннан бері Мағжан туралы бірқатар шаруа жазылып, басылды. «Мағжанға әркімнің-ақ бар таласы». Бұл заңды да. Мағжан туралы білгенін, естігенін өз дәрежесі, қарым-қабілеті деңгейінде әркім жазып жатыр. Бұдан бы-лай да осылай бола бере ме? Мағжантанудың ғылыми деңгейін тереңдетіп, өрісін кеңей-тетін уақыт келді. Құр тамсанып, таңданып, мақтай бергеннен, бұрын қалыптасып қалған жалған ұғымдарды қайталай бергеннен Мағжанның атына да, ғылымға да пайда жоқ.

Мағжан өз халқының ел болып, еркін дамуын аңсады. Оның шығармаларының сара тақырыбы – қазақ ұлтының мүддесі, жырлағаны – қазақ мұңы. Ол бұл тақырыпты жырлап қана қойған жоқ, бүкіл дарыны мен өнерін салып сол тәуелсіздік үшін күресті. Туған халқының бостандыққа шығу жолын көрсетеді. Сол үшін мерт болды. «Оян, қазақ!» деп жар салған ұстазы Міржақып Дулатовқа үн қосты.

Ал, билікті Кеңес өкіметі алып, Қазақстан автономиялы республика дәрежесінде отау тіккенде: «Алаш елінің бостандығы ешбір уақыт алаш мырзасының яки бірлі жарым жолдастың бостандығы емес. Бостандық елдікі! Автономия елдікі! Автономия жолында малды, басты құрбан қылдым»,- деп қазақ оқығандарының қайсының болса да айтуға хақысы жоқ... «Аязды күні айналған, Бұлтты күні толғанған, Құрығын найзадай таянған, Қу толағай жастанған» Ер қазақтың автономиясы, бұл!»3,-деп сонау 1921 жылдың қаңтарында жар салған Мағжан болатын. Міне, осыны айтуымыз керек бүгінгі ұрпаққа.

1920 жылы жазған «Жан сөзі» Мағжан әкесінен қарғыс алған соң, қаражат бермей қойған соң туған деген мүлде қате пікір, бәлкім, білместік. Бұл – ақынның өз тағдырына, өзінің алау жүрегіне деген нала сезімі. Өлеңді оқыған адам бұл жолдардың Мағжанның әкесі Бекмұхаметке ешқандай қатысы жоқ екенін көреді.

«Мұғалімдер семинариясын алтын медальмен бітірді» деп ойдан шығармаса да, Мағжанның беделі биік. Ондай медаль болмаған. Осындай ойдан шығарылған қисынсыз сөздер мағжантануға пайда әкелмейтінін бірнеше тұстан көреміз.

«Өмірбаянды» жазушылар «Алашорда» атты партия құрылып», деп сипай қамшылағанда «Алаш» партиясының, тәуелсіз «Алашорда» үкіметінің тарихи орнын көргісі келмейді. «Алашорданы» отаршыл шовинистер мен большевик жазғыштар көргісі келмесе де, тарих ақтап шықты. «Алашорда» - біздің ардағымыз. Мағжандар – біздің рухани көсеміміз. Бүгінгі тәуелсіздік сол Алашорда идеясының жемісі.

Және де Алашорда сияқты қасиетті ұғымды дәлелдеу үшін авторлар Сәкен Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешуіне» сілтеме жасап, қатты қателескен. «Алашордаға» сай-ланғандар: «...Мағжан Жұмабайұлы – оқыған жігіт, Бөкейханұлдарының ертегісіне нанып жүрген кедей баласы» деген үзіндіні Мағжан өмірбаянын жазушылар қандай мақсатпен алса да, Алаш көсемдерінің аруағы алдында кешірілмес күнә жасаған. «Тар жол, тайғақ кешудің» беттерінде Алаш көсемдеріне жабылған жала және оның зардаптары қандай болғанын кейінгі ұрпақ біледі. Енді сол кітаптың үзіндісі арқылы қазақтың ұлтшыл Мағжанын да туған еліне қазір де жат етіп көрсеткісі келгендер не ойлады екен?

Мағжанды «Бостандық туы» газетіне редактор еткісі келгендерді де түсіну қиын. Рас, бұл газетті, тіпті оның алғашқы нұсқасы «Кедей сөзін» де Мағжан өз қолымен құрды. Қазақ халқын тапқа бөле-жармау керектігін насихаттап, көптеген мақалалар жазды. Ал, партиялық газеттің редакторы коммунист болуы керектігін, бесіктегі бала да біледі. Рас, түрмеде отырғанда «редактор болдым» деп өзінің жазғаны бар. Бірақ, ол «бір шарапаты тиер ме екен?» деген тұрғыда, тергеушілерді сендіру мақсатында шарасыздықтан жазылған. Редактор болмаса да Мағжан деген атының өзі қазақ халқына жетіп жатыр ғой.

1922 жылы Мағжан Ташкентке бас сауғалап, пана іздеп барды. Алаш қайраткер-лерінің арасына сіңді. «Ташкенттегі кезін – ақын ретіндегі ең өнімді жылдар дегенде», Ш.Елеукенов жазғандай «1922-93 жылдар Мағжан үшін Болдино күзіндей жемісті болды» дегенде, қан жұтып, қайғырып, қуғын көріп жүрген Мағжан тағдырын түсіне білмегендік. Ол шабыты шалқып, көңілі көтеріліп қалам тербеген жоқ. Асықты. Берерін беріп кетуге ұмтылды. Аз күн еркіндіктің мезгілі ұзақ емесін білді. Бәз біреулер жазып жүргендей Мәскеуге де оны Луначарский шақырған жоқ. Қазақтың кең даласына симай, «Сайында саяқ құрлы пана таппай» кетіп қалуға мәжбүр болды. Онда Әлекең (Ә.Бөкейханов) бар еді. Оқуды сылтауратып, бой тасалаған Мағжанның жағдайын түсіну керек еді ғой.

Бірақ, өз қандастары оған Мәскеуде де тыныш таптырмады. 1924 жылы 24-қараша күні «әдеби сын» дегенді ұйымдастырып, жазықсыз жанды «итке талатқандай» етті. Соның нәтижесінде 1925 жылы Мағжан кітаптары да тұтқындалды. Қызылжарда, мысалы, Ж.Тілеулиннің үйі де тінтілді. Міне, Мағжанның көргендері осы еді.

«Мәскеуде аударма жұмыстарымен көп шұғылданды» дегенде ақынды аударма-шылық таланты тасып, немесе саяси шабыты асып бара жатпағанын. Ол жан сақтау үшін, қаламақы табу үшін «Шығыс» баспасының жоспарындағы шығармаларды алып, аударды.

1927 жылы елге оралу себебі де, Қазақстандағы коммунистердің түртпегі мен өсегінің салдары еді. Оны Мәскеуге тұрғызбады десек, шындық осы болады.

Міне, 1989 жылғы жинақтың соңына қосылған «Өмірбаянның» қасақана бұрмалан-ған жағдайы осындай4. Осы қателік күні бүгінге дейін түзетілген жоқ.

Мағжантанудың жуан ортасында Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов, Қошмұхаммет Кемеңгеров, Нәзір Төреқұлов, Ғаббас Тоқжанов, әрине, Сәбит Мұқанов тұр. Осы тізімнің өзі-ақ, аталған адамдардың қазақ тарихынан, қазақ әдебиетінен, ұлттық ақыл-ойдың тарихынан алатын орнына қарап-ақ Мағжанның бейнесіне, ақындығына деген ықыластың және қарсылықтың қаншалықты күшті болғанын шамалауға болады.

Бұл арада Сәбит Мұқановтың Мағжан ақынның жеке басы, қайраткерлігі, ақындығы туралы айтқандарын, жазғандарын тарихи тұрғыда әділ бағалайтын уақыт жетті. Оны кезінде коммунистік идеологияның жаршысы, тапшыл күрескер болды, сол себепті солақай социологиялық сынға ұрынды, т.с.с. деп жауырды жаба тоқып, ақтап келдік. Тіпті, Мағжанға көмектеспек болғаны үшін жапа шеккен, немесе «Ақындығы жағынан Мағжан Абайдан артық» деп айтқан, әділ бағасын берген сыншы ретінде көрсетпек болдық...

Біздің айтарымыз, екі қайраткердің арасына араағайындықтың, жеңгетайлықтың керегі жоқ. Сәбит Мұқановтың өзін оқиық, өзін сөйлетейік. Егер, 1920-1930 жылдарда асыра, әсіре айтқанынан қайтыпты десек,кейінгі 1958-1963 жылдары қайталап, нығарлап жазған «Есею жылдарын» оқиық. Мағжан ақталған 1960 жылы «Жұлдыз» журналының 8-санында: «Үміт Балқашевқа хат» деген үлкен мақала басылған. Сонда бәрі ашып айтылған. Мемлекет заңымен ақталғаннан кейін Мағжанға 30 жыл бойы неге қолымыз жетпеді, деген сұрақтың жауабын содан табамыз.

Ал, Мағжанды ақтап алуға бел шешіп кіріскен адал ниетті азаматтар кезінде аз болмаған. Олар ҚазМУ-дың профессорлары Бейсенбай Кенжебаев, Хайролла Махмудов, Темірғали Нұртазин болатын. Бірақ, олар жеңіске жете алмады. Мағжан шығармаларын орыс тіліне аударып, орыс тілді оқырмандардың пікірі арқылы табиғи түрде ақтап алуға ұмтылған Ілияс Омаров, Иван Шухов, Ахмет Жұбанов, Тахауи Ақтанов, Әнуар Әлімжа-нов, Александр Жовтис сияқты жүрегі адал, Мағжан ақынның сияқты асылдың қадірін түсінген азаматтардың есімін ұмытпау керек.

Мағжанның күнәдән пәк есімін өз халқына қайтару үшін беделін салған, билік орындарына хат жазып, дәлелдеген башқұрт азаматы Сәйфи Құдаш. Ал, «Әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалатын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деген Мұхтар Әуезов, Мағжанды Европаның әлем таныған ақындарымен қатар қойып, оның «...культурасын, әшекейін сүйген» Мұхтар Әуезовтің де өз басын әрең сақтап, тапшыл, қаратабан сыншылардан қорғалап: Мағжан «революцияның алғашқы жылдарында пан-тюркистік, ұлтшылдық саналарды дамыта түсіп Шыңғыс ханның, Ақсақ Темірдің, Кенесарының аттарын да әйгілеп айта бергісі болған» дегенін түсінейік.

Ғабит Мүсірепов: «...байшыл-ұлтшыл ақындар насихаттаған сарындама – социалдық романтизм емес. Ол сарындаманың жемісі Мағжанның «Батыр Баяны», «Ертегісі», «Түркістаны», «Жүсіп ханы» болатын. Сарындаманы ұсынған ұлтшылдар сарындай-сарындай аруаққа, жынға, құдайға жалынатын мистикаға келген. Бұлардың бәрі қазақтың ескі хандық дәуірін үгіттеп, қазақты баяғы таз қалпына шақырған, ұлтшыл-байшылдар-дың саяси сарыны болып шыққан»,-деп 1932 жылғы баяндамасында айтты да, кейінде осынау жетесіз желіні одан әрі тарқатпай, тізгін тартуға азаматтығы жетті.

Есімізде болсын, Мағжан Сәкенмен, Ілияспен, Бейімбетпен бірге сонау 1960 жылы-ақ ақталған болатын. Үш арысқа көрсетілген ғажайып құрметтің Мағжанға ұшығы да тиген жоқ. Мағжанның есімі де аталған жоқ. Дәл қазір кімнің кім екенін тарих өзі тергеп, екшеп, шындығын шығарып жатыр. Ал, мағжантанушылардың өз сыры өз ішінде. Бұлай бола беруі мүмкін емес.

Мағжанның шығармашылық өмірбаянындағы үлкен түйткіл оның 1922 жылдың күзінде Қызылжардан кетіп қалып, Ташкенттен бір-ақ шығуы. Мағжанның бұл кетуі оның бүкіл шығармашылығының, кейінгі бүкіл өмірі күйреуінің басы еді. Қазіргі әдебиеттерде:

а) Әкесі Бекен Мағжанға Қызылжар қаласының ауқатты тұрғыны Қуанышбаев Дәулидің Жәмилә атты қызын айттырады. (Сонда 29 жастағы атақты ақын, басы бос, өзі көркем, орыс-қазақшаға бірдей, білімді Мағжан сияқты азаматқа әкесі қалыңдық іздеп пе?).

ә) Мағжан қалыңдығына бармапты, өзінен бірнеше жас үлкен Зылиқа деген жесір әйелмен бет ауған жаққа кетіп қалыпты. Кейбіреулер ойдан ұйқастырып, оны Челябі қаласының мейманханасынан табады.

б) Марқұм Хамза Абдуллиннің жазуына қарап, Мағжан 1919 жылы «Кедей сөзі» газетінің редакторы болды... 1922 жылы Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың шақыруы бойынша Ташкентке келіп, онда қазақ-қырғыз оқу-ағарту институтына аға мұғалім болды... 1923 жылы Кеңес наркомы А.Луначарскийдің шақыруымен Мәскеуге келіп, онда Шығыс коммунистік университетінде сабақ берді, деп жүргендер баршылық...

Иә, Мағжанның ұлы сүрең, үлкен қуғынға ұшырауы, пролетариат диктатурасының қанды қолынан қаза тапқанға дейінгі қайғылы өмірі осылай басталған.

Мағжан Петропавлдан, Қазақстаннан неге кетті? Бұл сұраққа жауап беру үшін сол 1921-1922 жылдардағы Қазақстанның қоғамдық-саяси, қажетті десеңіз, құқықтық жағдайын егжей-тегжейлі тексеріп шығу керек. Өйткені, Мағжан сияқты көрнекті тұлғаның тағдыры, қызметі, шығармашылығы өзін қоршаған ортаның жағдайымен сабақтас, тамырлас болатын.

Қазақ республикасының құрылуын Мағжан қуана қарсы алды. Колчак үкіметі күшпен таратқан Алашорданың қайраткерлері кеңестік жүйенің аясында да өз халқының игілігіне қызмет етуге бел байласты. Олар жаңа құрылыстың саяси бағытының қандай екеніне қарамастан, қазақ халқын отарлық езгіден құтқарып, ел қатарына қосуға жан сала ат салысты. Бірақ, өзінің қазағы, өзінің Отаны оны сыртқа тепті, басын жойып тынды...

«Хош,Қызылжар,туған жер!»
Мағжан ақын Кеңес өкіметі келгеннен бастап, жаңа биліктің қазақ халқына шарапаты тиеді, өз билігін өзіне береді деген үмітпен құлшына қызмет етті. Омбыда Сибревком жанындағы мұсылмандар бөлімінде қазақ бөлімшесін басқарды. Татарша шығатын «Азад Сібір» газетінің баспахана жабдықтарын пайдаланып, «Кедей сөзі» газетін шығаруға алғашқы күннен бастап қатысты. 1921 жылғы мамырдың басында Қазақстанның солтүстік аймағы жаңа құрылған Қазақ автономиясының құрамына еніп, Петропавл қаласы Ақмола губерниясының орталығы болуына байланысты губревкомының, кейін губерниялық атқару комитетінің төрағасы Әбдірахман Әйтиевтің арнайы шақыруымен редакцияның бүкіл жабдығын арқалап, Омбыдан шығармашылық қызметкерлерін соңынан ертіп, Қазақстанға, республика құрамына алғаш кіргізілген Қызылжарға келді. Кеңес құрылысын нығайтуға, қазақ жұртшылығына жаңа тәртіпті түсіндіруге жан-тәнін сала кірісті. Аз уақыттың ішінде ғана Қызылжарға қазақ зиялылары жиналып, өз қолына тиді-ау деп есептеген автономияның билігін қаз тұрғыза бастады.

Осындай аумалы-төкпелі уақытпен қабаттаса, Кеңес өкіметінің шалағай азық-түлік саясатының салдарынан өлкеге келген аштыққа қарсы шараларға Мағжан комиссия төрағасының орынбасары ретінде тікелей қатысты. Мәскеудегі үкіметтің озбыр қимыл-әрекетіне байланысты малынан айырылған қазақ ауылдарын аралап, аш-арықтарға көмек ұйымдастырды. Осылайша, мемлекеттік қызметтің жуан ортасында, еш қалтқысыз адал ниетпен күш-жігер жұмсаған ұлы ақын – азамат бір-ақ күнде, 1922 жылдың күзінде Петропавлдан жылыстап шығып кетуге мәжбүр болды. Туған халқының басының амандығына, аңсаған бостандығына арнаған перзенттік борышын ақтай алмай, жеке басын сақтауға ғана шамасы келді...

Сонымен, Мағжан Петропавлдан, Қазақстаннан қашан, неге кетті? Бұл сұраққа жауап беру үшін сол 1921-1922 жылдардағы Қазақстанның қоғамдық-саяси, қажет десеңіз, құқықтық жағдайын егжей-тегжейлі тексеріп шығу керек. Өйткені, Мағжан сияқты көрнекті тұлғаның тағдыры, қызметі, шығармашылығы өзін қоршаған ортаның жағдайымен сабақтас, тамырлас болатын.

Мағжан және бір топ қазақ оқығандары Омбыдан Петропавлға, губревком төрағасы Әбдірахман Әйтиевтің шақыруымен 1921 жылғы мамырдың 5-нен кейін ғана келді. (Осы фактінің өзі-ақ Мағжанның Сіздерге мәлім өмірбаянындағы бірден-бірге көшіп жүрген негізсіз мәліметтерді жоққа шығарады). «Бостандық туы» газетін шығаруға белсене қатысады. 1922 жылығы 12-сәуірде «Бостандық туы» газетінде Мағжанның қазақ оқыған-дарына хаты жарияланды. Онда: «Жас қазақ республикасының барлық шаруашылығын қолына алып... елге қамқор оқығандар билік төріне шығуы керек... Көксегені – бақ, күйттегені – дәреже, сән-салтанат, мақтану, өзінің өзгеден үстем екендігін көрсететін» [1] 5оқығандар емес. «Оқыған адамдарда ең бірінші қасиетті сипат сол – оларда дүниеге қараған белгілі көзқарас болады, нық бекіген мақсаты болады, айнымайтын бір идея меншіктейді». Бұл да Мағжанның сөздері.

Газет бетінде сол кезеңнің ақиқат шындығы боямасыз көрсетіліп, қазаққа түсін-дірілді. «Қазақ төңкерісті өзі жасаған жоқ. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейінгі үш жылда да теңдікке қолы жетпеген... Отаршылдықтың жарасы әлі жазылмаған» жағдай еді. Мұндай жағдайда Мағжанның «Қазан төңкерісінің нәтижелерін қазақтың мойнына қамытша кигізе салуға болмайды» деген тұжырымы дұрыс еді.

1922 жылдың көктемінде «газеттегі қызметінен босап, губерниялық атқару комитетіне қызметке ауысады». Бұл ауысудың да тегін еместігін, Мағжанға газетте істеуге сенімсіздік білдірілгенін байқау қиын емес.

1922 жылғы көктемде Орынборда үлкен әңгіме болып жатты. Оның жуан ортасында КазЦИК-тің саяси хатшысы Мұхтар Әуезов еді. Ол «Қазақстан қазақсыз қалады», аштарға көмек көрсету шараларында қырдағы қазақтар үшін ештеңе жасалмай жатыр деп дабыл қақты. 1922 жылғы 21-ақпандағы Бүкілқазақтық екінші партия конференциясында аш-тарға көмек туралы баяндама жасаған КазЦИК төрағасы Сейтқали Меңдешевтің айтқан-дарын қатты сынап, М.Әуезов қазақ арасына үкімет тарапынан қазақ қызметкерлерінен өкілдер жіберу қажеттігін, жер-жердегі арнайы комиссиялардың құрамына беделді қазақ қызметкерлерін енгізу қажеттігін айтты. Сол үшін ұлтшыл деген атақ иеленді.

Сол күндердегі жағдайды танып-білу үшін баспасөз дерегіне жүгінейік. Петропавл қаласында шығып тұрған, губерниялық «Мир труда» газетінің бетінде 1922 жылдың маусым айында Мағжан «Сарыарқадағы аштық» деген тақырыппен көлемді мақала бастырды. Автор қазақ даласын жайлаған аштық туралы және қазақтың табиғи бітім болмысы төзімді екендігі, аштан қырылып жатса да тұяқ серіппейтін момындығы туралы айтады. «Қазіргі қазақ даласы Екатерина заманындағы Сарыарқа емес, сүрленген жылқы еті тау-тау болып, сары қымыз дария болып ағып жатқан жоқ... Сарыарқаның күйзелген күйін көрейік, күңіренген үнін тыңдайық» деп келеді. Осы арқылы Мағжан орыс тілді оқырманға, билік басындағы лауазым иелеріне өз халқының жағдайын түсіндіріп береді.

1922 жылғы күзде губернияда кеңестер сайлауы өтетін болды. Көзі ашық, көкірегі ояу Мағжан бұл науқанның қазақ ауылдарына жақсылық әкелуін тіледі. Тіледі де, сайлаудың мәнісін түсіндіріп, «Бостандық туы» газетіне «Сайлау» деген мақала бастырды. Онда қазақ даласында қазір ревком деп аталатын әскери билік орнағанын, бұл биліктің құрамына ешкім сайламаған, жоғарыдан тағайындалған өкілдер кіргенін, демек, олар жергілікті халықтың мұң-мұқтажын білмейтіндігін көрсетті. Енді «15 августан қалдырмай губерниялық ревком таратылып, болыстық, ояздық һәм губерниелік исполкомдер құрылмақ болды. Екінші түрлі айтқанда – губерниямыздың барлық ісі жоғарыдан белгіленіп, уақытша отырған адамдардың қолынан алынып, елдің өзі білетін, өзі сенетін, өзі сайлаған адамдардың қолына тапсырылмақ...» деп жазды. Осылайша, жаңа саясаттан бейхабар отандастарын сайлауға белсене қатысуға, билік құрамына елдің жаны білетін, аузы дуалы, беделді, іскер де адал азаматтарды сайлауға шақырды. Атап айту керек, бұл мақала өзі қолымен қалыптастырған губерниялық баспасөздегі Мағжанның ең соңғы қолтаңбасы.

Ертеңінде-ақ орыс тілінде шығатын губерниялық «Мир труда» газетінің 1922 жылғы 8-тамыздағы санында губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сабыр Шәріповтің (бүркеншік аты - Рибас) «Қазақ болыстарындағы кеңестер сайлауы» (К выборам Советов в киргизских волостях) деген мақаласы басылды. Тақырыбынан-ақ, көрініп тұрғандай орыс болыстарынан қазақ болыстарын жеке бөліп алып, ұлтты кемсіткенін былай қойғанда, бұл нағыз байбалам еді.

«Рибастың» ұраны кеңестер құрамына лайықты адамдар сайлау қажет деген сияқты көрінгенімен, басты тезисі «жергілікті билік орындарына бұрынғы алашордашылар сайланып кетпесін» деп, жай жатқан елден жау іздеді. Атап айтқанда, газеттің кімдерді мезгеп, автордың кімдерге нұсқап отырғаны ертеңінде, 9-тамыздағы газетте жарияланған «Алашордашыларға Кеңес ұйымдарында орын жоқ!» деген екінші мақаласынан көрінеді. Үзінді мынау:

«Қазақ интеллигенциясының көсемдері, буржуйлар мен кулактардың ұлдары, жалдаптары Жұмабаев, Тілеулин, Мұқышев, Сейітовтер, Итбаев, Тұрлыбаев, Жанайдаров, Нұралин кезінде Бөкейхановтың, Байтұрсынов пен Дулатовтың батасын алып, соңынан еріп, Колчак тұсында жауапты қызметтер атқарды. Кеңес өкіметі бұл интеллигенттердің біреуін де жазалаған жоқ, оларға жауапты қызметтер берді. Бірақ олар жұмысқа бөгет жасап қана келеді. Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізеді. Олар Петропавлда бірнеше боль-шевикті атып өлтірді... Біз еңбекші-кедейлер атына мынаны мәлімдейміз: алдағы кеңестер сайлауында бұрынғы алашордашыларға, әсіресе олардың көсемдеріне бірде-бір дауыс берілмесін… Біздің жолымыз олардан бөлек. Оларға дауыс бергендер – еңбекшілердің, кеңес өкіметінің жауы саналады. Жетті!

Олар қазірде кеңес үкіметінің жұмысына қарсылық жасап, қастандығын қойған жоқ.».

Мұндай негізсіз, ауыр айыптаудан кейін не болатыны түсінікті еді.

«Рибас» газеттің кейінгі сандарында Шарипов Сабир деген атын ашық жазып, қол қойып, «Қазақстанның шығысындағы революциялық қозғалыстар тарихынан» деген ұзақ жазбаларын бастырды. Оқып отырсаңыз «Тар жол, тайғақ кешудің» орысша нұсқасы сияқты әсер қалдырады. Мұнда да «Тұрлыбаев, Итбаев, Жұмабаев, Сейітовтер, Жанай-даров, Мұқышев… алашорда көсемдері болғаны, олардың қазан төңкерісінен бұрын-ақ «кеңес үкіметіне (?) қарсы болғаны» айтылады. Өтірікте шек болмайды екен-ау.

«1913-1915 жылдары мен Атбасар уезіндегі Жарқайың болысында тұрдым,- деп жазады Шарипов.- Сол кездің өзінде-ақ, Бөкейхановтың, Дулатовтың іс-әрекеттеріне куә болғанмын». Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін есімі қазақ жазушыларының қатарынан көрініп жүрген большевиктің Мағжанды қуғындауды тікелей бастағанын көріп отырмыз.

Ескерте кетейік, бұл мақала шыққан кезде Мағжан Қызылжарда жоқ еді. Губ-помгол комиссиясы төрағасының орынбасары ретінде Көкшетау уезінде аштыққа ұшы-раған қазақ ауылдарын аралап, іссапармен жүрген. Келсе, алдында жаңағы айтылған жала жабылып, баспасөзде әйгіленіп кеткен...

Содан Мағжан қызметіне қайтып келген жоқ. Мынадай жан ауыртатын масқара жалған жаладан кейін халқыма қызмет етемін деп жүрегі жанып жүрген азаматтың көңіл-күйін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Қайдағы әділдік, қайдағы қызмет!?

Арман-тілегі тас-талқан болған Мағжанның Қызылжардан кетуден басқа несі қалып еді?

Мынаны қараңыз: сол 1922 жылғы 18-тамызда РКП(б) Ақмола губерниялық партия комитетінің президиумы губерния орталығын Қызылжардан Көкшетауға көшіру туралы қаулы алады. «Еуропалық коммунист» жолдастардың бұл әрекеті Петропавлды Қазақ Республикасының құрамынан шығарып, Ресейге қалдырмақ ниетінен туған. Және де бұл ұсынысқа қарсы тұра алатын білікті қазақ қызметкерлері ығыстырылған. Көкшетау атты шағын қалада губерниялық мекемелерді жайғастыратын жағдай болмағандықтан, бұл шешім іске аспай қалды.

Бұл арада Орынбордағы Қазақстан Үкіметі басында отырған алаш азаматтарының да бұл шешімге қарсы болғанын көрсетеміз.

Қазақ қызметкерлерінен жау іздеп жатқанда, «жығылған үстіне жұдырықтың» кері келіп, дәл сол аймақта аштық шырқау шегіне жетті. Қызылжардан Орынбор мен Мәскеуге мынадай жеделхат кетті:

«5-қыркүйек, 1922 ж. Орынбор. РКП (б) обком хатшысына, көшірмесі Мәскеуге.

...Тек Петропавлда ғана 28 мыңдай адамның мәйіті жерленді».

Міне, Мағжанның Петропавлдан, Қазақстаннан осындай жағдайда жылыстап кетіп еді. Кетпегенде не істейді? Жұмағали Тілеулин бастаған азаматтар қамауға алынды. Оларға «Есіл көтерілісіне» қатысты деген айып тағылды. Тіпті, мына бір жағдайды атап айтайын: «Петропавл уезіндегі қазақ жастары 1921-22 жылдары совет үкіметіне қарсы «ЖАТ» (жаңа төң-керісшілер) атаулы ұйым құрғаны туралы қазіргі Ұлттық қауіпсіздік мекемесінде мағлұмат сақталған. Жұмағали Тілеулин бастаған қазақ оқығандары осы ұйымға басшылық еткен, деген айып тағылған.

Қазақстанда саяси жағдай қиындап, басқасын былай қойғанда, қазақтан шыққан шолақ белсенділер маза бермеген соң, қазақтың көп қайраткерлері сол кездегі Түркістан республикасының астанасы Ташкентке барып бас сауғалауға мәжбүр болды. Сол жерден, Түркістан республикасы тағайындаған стипендия тізіміне ілігіп, арнайы квота бойынша Мұхтар Әуезов Ленинградқа, Мағжан Жұмабаев Мәскеуге... оқуға кетті. Қазіргі кейбір зерттеушілер жазып жүргендей оны Мәскеуге ешқандай Луначарский құрметтеп шақы-рып алған жоқ.

Қазақ интеллегенттерінің М.Әуезов бастаған бір тобына алғаш рет «ұлтшыл» деген қара таңба осы 1922 жылы, дәлірек айтқанда, Орынборда өткен 2-ші облыстық партия конференциясында басылған еді. «Ұлтшылдықты отаршылдық туғызып отыр» деген тарихи шындыққа негізделген тұжырым да осы жиында ашық айтылды.

Осы конференцияға қатысып едім деген жазушы С.Мұқанов, қазақ зиялыларының амалсыз Ташкентке жылыстауы жөнінде 1960 жылы былай деп жазыпты:

«Қазақ автономиялы республикасында таяқ жеген, алашордашылардың бір тобы (көпшілігі), сол кезде «Түркістан» аталатын республикаға барды да, ондағы басқару ісінде жүрген бояма коммунистердің жәрдемімен оқу, баспасөз орындарына қызметке кірді. Мәселен: Халел Досмұхаметов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалар. Бұлар – Алашорданың ірі қайраткерлері. Алашордашы жастардың да біразы Түркістан орталығы – Ташкентте болып, бір жағынан оқу оқыды, екінші жағынан идеологиялық майданда алашордашылдық қызметтерін жүргізіп жатты. Мәселен, Қошке Кемеңгеров, Даниал Исхақов, Ғабдолла Байтасов тағы басқалары. Алашордашылардың «ескілерінің» де, жастарының да, ұлтшылдық бағытта жазылған шығармаларына, сол кезде Ташкентте шығатын «Ақ жол» газеті, «Шолпан», «Сана» журналдары кең орын берді. Осы баспа-сөздердің бетінде советке қарсы шығармалары үздіксіз жарияланған Мағжан Жұмабаев біраздан кейін тіпті еркінсіп алды да:
Кене мен Абылайдың жолын қумай,

Жапанда жайылудың мәні қалай?- деп қазақты Россияға қарсы құралды көтеріліске шақырды».6

Ал, енді бүгінгі құрметті оқушым, осындай ашық жаладан кейін Мұхтар мен Мағжандар оттан-соттан қалайша аман қала алады? Оларға жабылған жала «ұлтшылдық» болса, сол ұлтшылдық дегеннің не екенін білмей тұрып, қалайша үкім шығаруға болады?

Оның мәнісі қазақ ұлтының басына Қазан төңкерісі туғызған ауыртпалық, одан кейін аумалы-төкпелі замандағы қайғылы халі, тіпті, кеңестік автономия жағдайында да, өзін-өзі билей алмауы «ұлтшылдықтың» тууына себеп болды. Отаршылдық жүйенің сақталып қана қоймай, бұрынғыдан да жанға батар қиянатынан туған әділетсіздікке қарсы күресті тек қана ұлтшылдар бастау керек еді. Іс жүзінде солай болды да. Қазақ ұлтшылдары өздерін ұлтшыл емеспіз деп жалған сөйлеп, жасырынбады. Ұлт мүддесін қорғаудың жалғыз жолы ұлтшылдық болғаны, мұның объективті құбылыс сол кезде де, қазір де тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Ал, «ортақшылмыз» немесе қазақ ұлтына тап күресімен ғана күн туғызамыз деп даурығушылардың бағыты, бері қойғанда, білместік болатын. «Ортақшыл қазақ коммунистері» де қазақ ұлтының ең әуелі отарлық езгідегі ұлт екенін білді. Демек, шын мәнінде ұлт ретінде азаттық алу үшін, алдымен өз тағдырының тізгінін өз қолына алуы керек еді. Бірақ, «тарысы пісіп тұрған» жаңа биліктің «тауығы» болып қалуға ұмтылған білімсіз, дүмбілез, жасанды коммунистер мен «ортақшылдар» жеме-жемге келгенде өз ұлтының мүддесін жалған бақ пен жайлы таққа айырбастап, сатып кетті. Мұндай сатқындықтың зардабы 70 жыл бойы жалғаса берді, қазақ ұлты құрып кете жаздады.

1917 жылдан бастап, ХХ ғасырдың өне бойында қазақ халқы, оның көзі ашық, көкірегі ояу ұлдары мен қыздары қанды қырғынға ұшырап, қуғын-сүргін, қорлық пен мазақ, зәбір-жапа көрсе, соның көбіне сол «ортақшыл қазақ коммунистері» жазық-ты екенін баламыздың баласына айтып кету – біздің парызымыз.

Ал, осынау қасіреттің бәрін басқа қандай да бір басқа ұлттан, мысалы, тек қана орыс ұлтынан, большевиктік биліктен, социалистік идеяның салдарынан көру де – қараңғылық болар еді.

Ең соңғы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне ұласқан ұлтшылдық қозғалыстың қанат жая алмауы, қазақ халқының ешбір өлшемге сыймайтын трагедиясына айналғанын тарихтан ешкім сызып тастай алмайды. Бәрі жазылған, тасқа басылған, сақтаулы. Бұрмалауға болар, бұл деректерді жойып жіберу ешкімнің қолынан келмес.

Сонау 1927 жылдың өзінде-ақ, қазақтың ардақты ұлдары Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов жазып кеткендей: «...қазақтың ұлтшылдығы – үстемдікті, басқаны бағындыруды көксеген, шегіне жеткен озбыр ұлтшылдық емес, алдымен бас қорғауға, жансауға қылуға, жете алса, теңдік алуға талпынған тіленші ұлтшылдық» еді7]. Қазақ ұлтшылдары басқа ешкімге жамандық ойлаған жоқ, олжасына таласып, пайда іздеген жоқ. Іздегені – тек қана қазақтың амандығы.

Мұны айтып отырған себебіміз, бұл оқиғалар Мағжанның жеке басының тағдырын қалай өзгертіп жіберсе, шығармашылығына да сондай өшпес таңба қалдырды. Ұлы ақынның жүрегіне қан болып қатты. Өмірінің соңында, қуғын-сүргін көріп, өз замандастарының, қандас-қаламдастырының қорлығына ұшыраған Мағжан, сондықтан да, қазағына: жазықты болсам, «Кінәні жүрекке қой, қойма маған!»,- деп жар салды. 1924 жылы елден шыққан белсенділер Мәскеудегі ақынға тиыштық бермей, мүйіздей берген соң, газет бетінде еліне хат жолдап, бұл жақта қалмаймын, ешқайда кетпеймін, тек қана:

Қазақ елі, бірауыз сөзім саған:

Болғайсың сыншы болсаң, әділ сыншы

Кінәні жүрекке қой, қойма маған! – деген болатын.

Ақыры Мағжанның тағдыры елге келген соң, бұрынғыдан да асқынып, оның жыр-қобызы қирады, жарық дүниенің игілігі бұйырмады...

-------------------------


  1. Нұрғали Р. Әуезов және Алаш. Алматы, 1997, 105-бет

  2. Жұмабаев Мағжан. Шығармалары. 2-том, Алматы, 2004, 173-бет

  3. Тайшыбай З., Ахметжанова Т. Баспасөз тарихы. Петропавл, 2003, 42-бет.

  4. Жұмабаев Мағжан. Шығармалары. Алматы, 1989, 175-бет.

  5. «Бостандық туы» газеті, 1922, 12-сәуір

  6. Мұқанов С. Таңдамалы шығармалары. 10-том, А,1976,511-бет

  7. «Еңбекші қазақ» газеті. 1927, 8-9 тамыз.

М. Қозыбаев атындағы

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік

университетінің профессоры: З. Тайшыбай





1 Нұрғали Р. Әуезов және Алаш. Алматы, 1997, 105-бет

2 Жұмабаев Мағжан. Шығармалары. 2-том, Алматы, 2004, 173-бет

3 Тайшыбай З., Ахметжанова Т. Баспасөз тарихы. Петропавл, 2003, 42-бет.

4 Жұмабаев Мағжан. Шығармалары. Алматы, 1989, 175-бет.

5


6


7






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет