Мағжан мен Абай сабақтастығы
Торина Мереке Бекбаевна,
№73 негізгі орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Мағжан – қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының бірі әрі бірегейі. Ол артына өшпес рухани мол мұра,өзіне өлмес мәңгілік ескерткіш қалдырып кеткен ірі ақын. Жарты ғасырдан аса Мағжан есімін де, шығармаларын да атай алмай келген халқы көп жылдардан кейін ақын шығармашылығын дәріптеуде.
Мағжанның туып өскен жері – Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Булаев ауданы. Әкесі Бекен – көзі ашық, өжет,қайратты, парасатты адам. Мағжан төрт жасында мектеп есігін ашады, хат таниды. Қолына түскен қисса-дастандарды оқи бастайды. Ақын Шығыс әдебиеті даналары Фирдоуси, Сағди, Ғафиз, Омар Хаям дастандарын түпнұсқадан оқып-үйренеді. Мағжан ана тілінің мол байлығын бойына барынша сіңірген, орыс тілін де жетік білген. Соның арқасында ол Пушкин, Лермонтов, Горкий, Байрон, Гете тағы да басқа орыс, батыс ақын-жазушыларының шығармаларымен танысып, олардың таңдаулы туындыларын ана тілімізге аударып, халқымыздың игілігіне айналдырған.
Мағжанның барлық өмірі – поэзиясында. Ақын ел ішіндегі әлеуметтік, қоғамдық өмірге белсене араласады. Соларға ақындық үн қосып отырады. Мағжан өлеңдері негізінен халқының, ел – жұртының тағдырына бағытталған.Мағжан – лирик ақын, сыршыл ақын. Ақын поэзиясының ең қомақты жағы осы лирикалары. Олары романтикалық асқақ сезіммен өрілген. Жан тербетеді, адамды нәзік сұлу сезімдерге бөлейді. Ақын лирикасының тақырыптары сан алуан: туған жер, ата мекен, халық тағдыры, ар – адамгершілік, шынайы махаббат, т.б [1,34].
Бүгінгі таңда Мағжан шығармашылығы арқылы жастар тәрбиесін қолға алып, оқушылардың бойына ақында бар адамгершілік қасиеттер мен патриоттық сезімді оята аламыз. Бүгінгі таңда ақынға өз заманының сыншылары әділ көзбен қарап, баға бергенін көреміз. Солардың бірі Ж.Аймауытов «Мағжанның ақындығы туралы» атты мақаласында: «Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей «тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін» үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма - бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбіңі көрініп тұрады», - деп өте әділ бағасын берген. Сонымен қатар қазақты әлем жұртшылығына танытқан Абай мұрасын зерттеуші ғалым, талантты жазушы М.Әуезовтің де Мағжан жайындағы ойы ерекше: «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайда...
Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін... Мағжан - культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімділігі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай... Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз - Мағжанның сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін», - дейді. Расында да Мағжанның ақындығы қазақ әдебиеті тарихында шоқтығы биіктеп оқшау тұр. Ол бұрынғы әдеби дәстүрді сағалай беруден сақтанды, өзі басып өткен ізді де қайтып шиырламауға тырысты. Және әлем әдебиеті жаңалықтарына көз тіге отырып, өзіне тосын көрінген символизм ағымын әдеби айналымға алғашқылардың бірі болып енгізді. Сонысына қарамастан Мағжан да, өзге Алаш зиялылары да, «түркішіл» ақындар да дәріптелмеді, аяққа тапталды, солақай саясат құрбаны болды [2,51].
Абай мен Мағжан сабақтастығы жайында М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтың айтқан пікірлері, зерттеу мақалалары ерекше құнды дерек ретінде қарастырылады. Себебі халық ақындарынан Мағжанның аса қадір тұтқаны – Мұрат, Махамбет, Абайлар еді. Піріндей табынатыны, әрине, Абай – әдебиетіміздің бас тұлғасы. Мағжан әсіресе ақындық ілкі қадамдарында Абайға еліктеп көп өлең жазған. Қазақ әдебиеті Мағжан тұсында жаңа белеске көтерілді. Мұны, әрине, өзгешеліктер арқылы байқаймыз:
1.Дәуір өзгершіліктері. Абай мен Мағжан, бірі – дүниенің астын төңкерім, өмірге реалды көзқараспен қараса, бірі көңіл күймен, сезіммен қарады.
2. Әдеби байланыстағы өзгерістер. Абай реалистік орыс әдебиетінің алтын дәуіріндегі ақын, жазушыларынан үлгі алса, Мағжан Цветаевалардың күміс ғасырындағы әдебиеттен сабақ алды.
3. Әдеби ортаның пайда болуы.
Абай мен Мағжан әдебиетке тұтас бір ататекті (род) жанрды алып келді. Абай мен Мағжан туған елінің қамын ойлаған ойлардың ұшығына ілініп, ел қамы үшін қам жеген алып тұлғалар ретінде тарихта қалды. Мағжан идеялы – оқыған қазақ. Асыл сөз иесін айрықша құрметтей білген. Абай мен Мағжан поэзиясында қазақ жүрегінің небір тылсым сырлары жатыр. Абай – ұстаз, Мағжан – шәкірт. Шәкірт ұстазына ұқсайды деген де тұжырымдар заманында айтылып жатты. Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтың «Абайдан соңғы ақындар» атты мақаласында бұл мәселеге ерекше тоқталған. Мағжан Жұмабаевтың әдебиетімізге әкелген ірі жаңалықтарының бірі - символизм ағымы.
Атақты «Сұлушаш» поэмасының авторы Сәбит Мұқанов та Мағжан Жұмабаевқа «Мағжанның ақындығы да, кісілігі де ерекше бөлек еді. Ақындық өміріне, біліміне келсек, алаштың ең күшті адамының бірі, тіпті ең дарындысы, күштісі Мағжан болатын. Бірі – біздің осы күнгі Мұхтар Әуезов» деп алаш ақындарының арасында шоқтығы биік, сөзі өтімді, дәрежесі жоғары Мағжан екендігін жазады. Ал, ақын Ғалымжан Ибрагимов «Мағжан Жұмабаев – Абай мен қазіргі қазақ поэзиясының арасындағы поэтикалық көпір» деп әділ бағасын берген. Себебі, Абай тілімен айтар болсақ «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» ұтымды орамдар дәл осы Мағжан шығармашылығында кездеседі [3,29].
Ақын Еркеш Ибрагимов:
Ақын болу дегенің – теңіздейін тебірену,
Ақын болу дегенің – анадайын емірену.
Ақын болу дегенің – арыңа бір шық тұрмау,
Ақын болу дегенің – жүректерді тұтқындау, -
деген өлең жолдарында ақындықтың жүгінің ауыр екендігін, бұл жүкті барлық адам оңай көтеріп өтпейтіндігін байқатады. Ақын Мағжан Жұмабаев болса ақындықтың осы жүгін арқалап, қалың қазақ жұртшылығына Абайдың ізін жалғаушы, дарынды талант иесі ретінде қазақ әдебиеті тарихынан өз орнын алды деп қорытындылаймыз.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
-
Әлкебаева Д. Мағжан поэзиясының тілі. - Алматы
-
Әуезов М. Қазақ әдебиеті, 2004ж, 23 желтоқсан.
-
Әлімбаев М. Толқыннан толқын туады. Алматы, 2011.
Достарыңызбен бөлісу: |