Мазм ұ н ы кіріспе І тарау



бет1/4
Дата23.02.2016
өлшемі0.81 Mb.
#10501
  1   2   3   4


М А З М Ұ Н Ы
Кіріспе……………………………………………… 2-5
І тарау
Ноғай ордасының құрылуы және ішкі

саяси жағдайы……………………………………… 6-24


ІІ тарау
Ноғай Ордасының халықаралық жағдайы және

сыртқы саясаты…………………………………… 25-38


ІІІ тарау

Ноғай Ордасының әлеуметтік-экономикалық

жағдайы және мәдениеті………………………… 39-52

Қорытынды……………………………………… 53-54

Пайдаланған әдебиеттер тізімі………………… 55-57


К І Р І С П Е
Тақырыптың өзектілгі. Еділдің төменгі ағысы, Оңтүстік Орал тауы, Батыс Қазақстан территориясында қалыптасқан Ноғай Ордасы ХҮ–ХҮІ ғасырларда Еуразиядағы жетекші саяси күштердің біріне айналды. Оның күш-қуатының кемеліне келген кезі ХҮІ ғасырдың екінші ширегіне тура келеді, одан кейінгі кезеңде мемлекеттің құлдырауы басталып, ақыр соңында ыдырап бітті.

Халқының санының көп болуы, соған сәйкес орасан зор атты әскер ұстауы, билеушілерінің дипломатиялық шеберлігі, трансконтинентальдық сауда жолдарына бақылау жүргізуі және басқа да факторлар Еділ-Жайық арасындағы Орданы соңғы ортағасырлық халықаралық қатынастардың маңызды буынына айналдырды. Оның билеуші билерімен Мәскеу мен Бақшасарайда отырған монархтар санасты. Қазан, Астрахань және Сібір хандары Ноғай Ордасына көп жағдайда саяси кіріптарлықта болды. Қазақ хандығы Алтын Орда ыдыраған соң пайда болған көптеген мемлекеттердің арасында Ноғай Ордасымен бірге саяси аренаға шыққаннан кейін, онымен шекаралас болғандықтан да ішкі, сыртқы саясатында ноғай мәселесімен үнемі бетпе-бет келіп отырды.

Қазақ хандығының тарихы Ноғай Ордасының тарихымен тығыз байланыста қарастыруды қажет етеді. Этникалық тегі ортақ, мәдени-шаруашылық типі бір, даму деңгейі қатар болған екі мемлекеттің кейінгі тағдыры екі бөлек болып қалыптасты. Ыдыраған Ноғай Ордасының құрамындағы тайпалар қазақ этносының қалыптасуына ықпал жасады. Осы тұрғыдан алғанда тарих қойнауына жұтылып кеткен Ноғай Ордасының мұрагері ретінде оның тарихын белгілі деңгейде өз тарихымыз ретінде қарастырудың қажеттілігі туып отыр. Тақырыбымыздың өзектілігін осындай зәрулікпен анықтасақ керек.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеті тақырыптың осындай өзектіліген туындайды. Ноғай Ордасының тарихы Отандық тарихта осы кезге дейін арнайы қарастырылмағандықтан, оның көптеген мәселелері әлі күнге дейін беймәлім қалып келеді. Оның есесіне шетелдік тарихнамада, соның ішінде Ресей тарих ғылымында бұл мәселе біршама терең және жан-жақты зерттелу үстінде. Міне, осы зерттеулер барысында ғылыми айналымға шығарылған орасан зор деректік материалдар негізінде Ноғай Ордасының тарихын Қазақ хандығы тарихына қатыстылығы аспектісінде қарастыру – дипломдық жұмыстың басты міндеті болмақ.

Жұмыстың басты мақсаты ретінде Ноғай Ордасының тарихындағы мәселелердің Қазақ хандығына қатыстылығын айқындау, сол кездегі тарихи құбылыстар мен қоғамдық даму заңдылықтардың осы екі мемлекетке жасаған ықпалы мен әсерін, олардың салдарын салыстыру болмақ. Өйткені осы екі елдің тарихындағы бетбұрысты, сындарлы оқиғалардың себеп-салдарлы байланысын айқындау арқылы олардың жаңғырығы ретінде бүгінгі күнгі қоғамдық құбылыстардың мәнін түсінуге мүмкіндік аламыз.



Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ноғай Ордасы тарихнамасы бойынша орасан зор материалдар жинақталған. Бұл ғылыми әдебиеттерді – негізгі және басты деректер ретінде Ресейлік тарихнаманы қарастырамыз – бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады.

Бірінші кезең әдебиеті ХҮІІІ–ХІХ ғасырлар аралығын қамтиды. Ресей тарихындағы ең алғашқы ноғайлық сюжет М.М.Шербатовтың “История россиской от древнейших времен” (1770–1791 жылдары жарық көрді) еңбегінде Мәскеудің сыртқы саясатының субъектісі ретінде баяндалды. Ноғай-орыс қатынастары Н.М.Карамзиннің “История государства Российского” (1816–1829) атты он екі томдық еңбегінде біршама кеңінен ашылды. Ол өзінің беделі арқылы ноғай атауының моңғол әскербасы Ноғайдан тарағандығы жөніндегі версияны орнықтырды. Әйтсе де бұл версия бірде-бір ортағасырлық мәтіндерден, бірде-бір фольклорлық еңбектен өз тиянағын таба алған жоқ.

Ноғайтануға қосылған үлестің бірі С.М.Соловьевтің “История России с древнейших времен” (1851–1879) еңбегі болды. Оның еңбегінде ноғай-орыс қатынастарына қатысты көптеген архивтік құжаттар ғылыми айналымға шығарылып, тың тұжырымдар жасауға негіз қалады.

Осындай еңбектер орыс тарихшылары Ф.Миллер, Н.Э.Фишер, Г.И.Перетяткович, В.Д.Смирновтардың авторлығымен жарық көрді.

Осындай кәсіпқой тарихшылардың еңбектерімен бірге ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде ұлттық ағартушылар – солардың арасында Шәкәрім Құдайбердіұлы да бар – тарихи тақырыпта еңбектер жазды.Олардың еңбектерінің қазіргі уақытта ғылыми құндылығы жоқ, олар Еділбойы мен Қазақстанның ұлттық тарихнамасының белгілі бір кезеңінің ескерткіштері ғана.

Тек жекелеген Ш.Уәлиханов сияқты ғалымдар ғана империяның ғылыми элитасының ортасына кіре алды. Оның еңбегінде Ноғайлы жұрты туралы деректер эпикалық ескерткіштер мысалында кәсіпқойлық деңгейде ғылыми айналымға ұсынылды.

Екінші кезең 1920–1930 жылдарды қамтиды және Ноғай халқынан шыққан белгілі тарихшы М.Г.Сафаргалиевтің есімімен тығыз байланысты. Бұл кезеңде орталық ғылыми мекемелер В.В.Бартольд, А.Н.Самойлович және олардың шәкірттері еңбегімен түрік халықтарының тарихын зерттеуді қолға алды. Ноғайтанудың сол кездегі өзекті мәселелері Е.И.Чернышеваның 1925 жылы “Вестник научного общества татароведения” (Казань) журналында жарияланған мақалада кеңінен қамтылды.

Ноғайтануға тікелей арналған еңбек М.С.Сафаргалиевтің “Ногайская Орда в середине ХҮІ века” (1938) деп аталатын кандидаттық диссертациясы болды. Жалпы Магомет Гарифович Сафаргалиев көшпелі ноғай империясын монографиялық тұрғыда зерттеген дүние жүзіндегі бірден бір ғалым ретінде атап өтуге лайық. Оның іргелі еңбектері Ноғай Ордасының тұтас тарихын қалпына келтіруде ғылыми жанкешті еңбектің үлгісі бола алады.

Ноғайтанудың үшінші кезеңі 1940–1960 жылдарды қамтиды және бұл кезеңнің жетістіктері мен бағындырған биіктері А.А.Новосельскийдің есімімен байланыстырылды. Оның “Борьба Московского государства с татарами в первой половине ХҮІІ века” (1948) еңбегі жарық көрді. Оның бұл еңбегі Ноғай Ордасының ХҮІ–ХҮІІІ ғасырлардағы тарихы толық қамтылды және архив құжаттарын сөйлету арқылы сол дәуірдің халықаралық қатынастарын жан-жақты ашып бере алды.

Ноғай тарихын зерттеудегі келесі кезең 1970 жылдардың үлесіне тиесілі және бұл кезеңдегі басты еңбектер В.М.Жирмунский мен Е.А.Поноженконың есімдерімен байланысты.

М.Жирмунскийдің қаламынан “Тюркский героический эпос”, “Эпические сказания о ногайских богатырях в свете исторических источников” деп аталатын іргелі еңбектер дүниеге келді. Е.А.Поноженконың “Общественно-политический строй Ногайский Орды в ХҮ – середине ХҮІ в” деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясы да осы саладағы зерттеулердің ең негізгісі болды.

Ноғайтануға байланысты Ресейдің автономиялық республикалары мен одақтас республикаларда жүргізілген зерттеулер де маңызды. Ноғай Ордасының орасан зор территорияны алып жатуы және көптеген елдермен шекаралас болуы оның тарихына сол елдерде де қызығушылық танытуға негіз болады. Дегенмен түрік республикаларының тарих ғылымы саяси басшылық тарапынан ауыр соққыға алынып, бас көтерместей сыналды. Бастапқы кезде, 1929–31 жылдары пантүркизммен айыпталып, өлкетанушылық жұмыстар талқандалды. Ал, 1944 ж. ВКП (б) Татар обкомы Алтын Орданы дәріптегені, “Едіге” жырын мадақтағандығы үшін идеологиялық қыспаққа алынды. Қырым татарларын депортациялап, ендігі кезекте осы ноқтаны Қазан татарларына да қолдануды жоспарластырған саяси басшылықтың осындай дөрекі, қатал әрекеттерінен ұлт ғалымдары ортағасырлық тарихты зерттеуден қол үзуге мәжбүр болды.

Көшпелі өзбек мемлекеті және Ноғай Ордасы қазіргі Қазақстанның территориясында өмір сүргендіктен де қазақ тарихшылары ноғай мәселесін басқалардан да көп және тереңірек зерттеуді қажет еді. Өкінішке орай Отандық тарихнамада Ноғай мәселесі Қазақстан тарихында қосалқы тақырып деңгейінде ғана зерттеліп келді. Бұл тақырып бойынша Қазақстанда орындалған А.И.Исиннің “Взаимоотношения между Казахским Ханством и Ногайской Орды в ХҮІ в.” (198) деген еңбегін ғана атауға болады. Ол еңбекте Ноғай Ордасының шығыс бағыттағы сыртқы саясаты мәселесі толық ашылды.

Шетелдік тарихнамада ұзақ уақыт бойы Ноғай Ордасының тарихы назардан қалып келген. Кейінгі кездері ғана шетелдік тарихшылар ноғайтануға қызығушылық танытуда.

Қорыта айтқанда, тарихшылардың бірнеше буыны тарихи деректердің негізінде ортағасырлық көшпелі империялардың бірі – Ноғай Ордасының тарихын қалпына келтіре алды.

І Т А Р А У
НОҒАЙ ОРДАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ

ІШКІ САЯСИ ЖАҒДАЙЫ
Ноғай ордасы құрылуының тарихнамасындағы ең басты және шатысқан мәселелердің бірі – моңғол-маңғыттар мен кейінгі кезеңдегі түрік-маңғыттардың тарихи байланысы. “Маңғыт” (моңғолдық нұсқада “маңғұт” түрінде) сөзі ХҮ–ХҮІІ ғасырларда ноғайлардың синонимі ретінде жиі қолданылды, өйткені Ноғай ордасының басқарушылары маңғыт тайпасынан шыққан еді. Орта ғасырлардағы дереккөздерден моңғолдың “маңғұт” этнонимі бастапқы кезде Дешті-Қыпшаққа қалай еніп, жергілікті көшпелілер оны қандай жолдармен иемденгендігін тануға болады.

ХІІ ғасырда моңғолдық маңғұт тайпасы Онон өзенін жайлаған боржігіндер мен Амурдың орта ағысын мекендеген тұңғұс тайпаларының арасын мекендеген [34, 184]. Бұл аймақ Қытайдың Хэйлунцзян провинциясына сәйкес келеді. “Моңғолдың құпия шежіресі” бойынша, мағұттар моңғолдардың түп атасы Алан-гааның бесінші ұрпағы Наган-бахадұрдан тарайды. Ал Рашид-ад-Дин Алан-гааның жетінші ұрпағы Джексу (жақсы) маңғұттардың түп атасы деп атайды [34,184].

Бұл тайпа Шыңғысханның атасы мен әкесі Бартан-бахадұр және Есугей-бахадұрдың ұлысының құрамына енген. Есугейдің қайтыс болуымен олардың бір бөлігі билеушілерін тастап көшіп кетті де, маңғұттардың қалған бөлігін Қойылдар (Куилдар) ноян басқарды. Бұл топ Шыңғысханның бүкіл моңғолдық тақ үшін күресінде оған адал қызмет етті. Қойылдар ноянның шайқастарда көрсеткен ерлігіне риза болған хан онымен анда болды. Содан да болуы керек, маңғұттар басшысы Шыңғысханнан өзі өлген жағдайда балаларына көз қырын салуды өтінеді. Ноян қайтыс болғанда Шыңғысхан андасының өтінішін орындап, оның ұрпақтары пайдасына ерекше “жетімдер салығын” тағайындайды [34, 184-185]. Кейіннен Қойылдардың ұлы Солтүстік Қытаймен соғыста маңғұт мыңдығын басқарған.

Шыңғысхан тұсында кейіннен Үгедей сарайында екінші бір маңғұт Дохолху ұландар мыңдығы – торғауыттарды басқарған. Ал Шыңғысханның сеніміне ие болған Жадай ноян ол өлген соң Төленің ставкасында болып, маңызды қызмет атқарды. Бұрынғы бөлініп көшкен маңғыттар Шыңғысхан тұсында талқандалып, қалғандары Жадай ноянның қарамағына берілді [35, 264–278]. Бұл деректерден шығатын қорытынды маңғұттардың Шыңғысхан империясының бастауында тұрғандығын, оның қалыптасуында маңызды роль атқарғандығын аңғарамыз.

Жоғарыда аталған ресми хроника маңғұттардың Дешті-Қыпшаққа қоныстанып, Маңғыт жұртын құрағандығы туралы ешқандай деректер келтірмейді. Шыңғысханның үлкен ұлдары Жошы мен Шағатай ұлыстарына берген тайпалар тізімінде кейіннен осы екі ұлыс арасындағы бөліністерде де маңғұт тайпасы аталмайды [21, 207–208]. Сондықтан да Л.Н.Гумилевтің маңғұттарды Жошы ордасына алдын-ала, асығыстықпен қосып қоя салуы деректік дәлелді керек етеді деп есептейміз [11, 535, 586]. Сол сияқты Шыңғысханның бұл тайпаны өзінің қарамағындағы басы байлы тайпа ретінде Каспий немесе Мауараннахрға жібергендігі туралы болжам да ғылыми дәлелді қажет етеді. Орта Азия жерінде маңғыттарға қатысты топонимдер кездеседі, бірақ бұл дерек ХҮ–ХҮІ ғасырларда түрік-маңғұттардың миграциясына байланысты деп білеміз. Біз сөз ететін маңғыттар мен моңғол-маңғұттар арасында әлдеқалай байланыстардың болуын жоққа шығармаймыз. Әйтсе де оларды бір-бірінен бөлек дербес этностар ретінде қарастырамыз [14, 229].

Маңғұттардың негізгі бөлігі Моңғолияда қалды немесе Қытай жерінде соғыс жүргізді. Мағұттар моңғол империясының сол қанатына қатысты болғандықтан да олардың Дешті-Қыпшаққа қарай қозғалуы негізсіз болатын. Империяның сол қанаты моңғол жері мен Қытайдың солтүстігіне иелік жасайтын. Солай дей тұрғанмен Жошы ұлысының түріктілді халқы арасында “маңғыт” этнонимінің кездесуінен моңғолдардың маңғұт тайпасының жекелеген топтарының Моңғолия, Забайкалье және Манчжуриядан батысқа қоныс аударғандығын аңғарамыз. Дәл осы ХІІІ–ХҮ ғасырларда Қазақстан халқы “моңғолдық-еуропалық нәсілдің” оңтүстіксібірлік антропологиялық типін құрайтын моңғолдық кейпіне енген еді [4, 88, 88].

Жошы және Шағатай ұлыстарында моңғол жаулаушыларының жаппай түркіленуге түскенін тарихшылар әлдеқашан дәлелдеген. Сондай ассимиляциялану процесінен аз ғана маңғұт тайпасы да сырт қалған жоқ. Олар Шығыс қыпшақтардың тілі мен мәдениетін қабылдап, солардың арасына сіңіп кетті. Маңғұттарға бөлінген жұртты (көшіп-қону кеңістігі) бұрыннан мекендеп келе жатқан қыпшақ тайпалары далалық дәстүрге сай олардың этникалық атауын қабылдаған [16, 93]. Біздің ойымызша, ХІҮ ғасырдың алғашқы жартысында түрік-маңғыт-оғыз, қарлұқ, алтайлық, қырғыз және т.б. халықтар болғанымен моңғолдардың түріктену процесіндегі басты рольді ең саны көп қыпшақтар атқарды. Ноғай тілінің түрік тілдерінің қыпшақ тобына жататындығы да көп жайды аңғартады және жоғарыдағы тұжырымдарды қуаттай түседі.

Бұндай этникалық трансформация моңғол-қоңыраттардың жұртындағы қыпшақтарға да тән болды: олар түрік-қоңыраттарға айналды. Осы сияқты трансформацияны керейлер, наймандар т.б. тайпалар да бастан өткерді [45, 53]. Бұл пікірлер ғылыми әдебиетте толық қолдау таба қойған жоқ. Қазіргі қазақ жүздерінің құрамындағы ірі тайпалардың шығу тегін моңғолдарға апарып тіреу – басы ашық мәселе. Өйткені ол тайпалардың көпшілігі Түрік қағанаты құрамында да кездеседі. Демек, олардың қайсы негізі басым: түркілік пе, әлде моңғолдық па? Бұл мәселе біздің зерттеу тақырыбымыздан тыс болғандықтан одан әрі тереңдеудің қажеті болмас. Сондықтан маңғыт-ноғай мәселесіне оралайық.

Ноғайлардың арғы бабаларының Жайық бойын мекендегенге дейін бастапқы кезде қай жерлерден шыққандығы туралы мәліметтер шашыраңқы болса да кездеседі. Ноғайлардың өздері ежелгі тарихын былай баяндайды. 1863 жылы А.О.Рудаковский жариялаған қарноғай (солтүстік дағыстандық) аңызы бойынша, ноғайлар Бұхара, Хиуа, Үргеніш төңірегінде Шыңғысханның басшылығымен көшіп-қонып жүрген. Кейін оларды Бодрултай, Боргултай аталатын қалмақ хандары басқарып, шеттете бастаған. Сол себептен де ноғайлар өзбек ханның басшылығымен Алатаулы-Қырғыз аңғарына көшіп кеткен, одан әрі Мұса би басқарған Ака-Ока көліне барлық мал-мүлкімен көшіп кеткен [45, 53].

Бұл аңыздық нұсқа бойынша бірнеше тарихи шындыққа көз жеткіземіз. Біріншіден, көші-қон уақыты Шыңғысханнан (ХІІІ ғ.) Мұса биге (ХҮ ғ. екінші жартысы) дейінгі кезеңді қамтыған. Екіншіден, көші-қонның маршруты белгілі болады, ол – Мауараннахр–Хорезм–Алатау таулары арқылы өткен. Маңғыттардың Орта Азияда болғандығы туралы аңыздың жаңғырығын қырғыздың “Манас” эпосынан кездестіреміз. Қырғыз ақындарындағы “алтын ғасыр” кейде “ноғайлы кезеңі” деп те аталады [7, 388].

Ноғай аңыздарының бірінде олардың бабаларының Мауараннахрдан Еділге көшуін ислам дінін уағыздаушы Баба Тукластың (Баба Түкті Шашты Әзиз) есіміне байланыстырады. Ол Өзбек ханның (1312–1342 жж.) тұсында Алтын Ордада болған [48, 106–107].

Фольклорлық мәліметтерге жүгінер болсақ, ноғайлардың бабалары бастапқы кезде Алтын Ордада емес, Шағатай ұлысында өмір сүрген. Осы деректерді негізге алар болсақ, олардың атын ХІІІ–ХІҮ ғ. алғашқы жартысындағы Жошы ұлысына тәуелді тайпалардың арасынан іздеу мағынасыздық болар еді. Мауараннахрдан қазақ даласына көшіп келген қыпшақ-маңғыттар Жошының балалары Орда Ежен мен Шайбан әулетінің иелігіне тап болады. Осы әулеттің аса ірі қайраткері, қазақ фольклорында Әз Жәнібек деп дәріптелетін Өзбек хан ұлы Жәнібектің кезінде бір рудың (ноғай тілінде “ел” мағынасында қолданылған) бір ұлыстан екіншісіне өтуіне жол берілмеген. Халқының құрамын, көші-қон аймағын, салық жүйесін және жасақшылар жинау тәртібін өзгертпеу үшін осындай қатаң талап сақталған. Жәнібек ханның өлімінен соң (1357 ж.) бұл тәртіп өзгеріп, халықтардың кең көлемдегі көші-қоны орын алған.

Бұндай көші-қонның себебін нақты жазба деректер болмағандықтан тек болжамдауға болады. Қалай дегенмен де халықтың бұлайша жаппай көшуі әлдебір қарсыластан немесе жаудан қашып, бой тасалау емес еді. Бұл көшудің себебін әлсіреп, ыдырай бастаған Шағатай ұлысының құрамындағы қыпшақ тайпаларының, соның ішінде маңғыттардың да жаңа жер іздеуімен түсіндіруге болады. Бұл көшіп-қонудың күш-қуатын реттеуге ұмтылған жергілікті ақсүйектер оны Көк Ордадан тыс жерлерге бағыттай алды. Осылайша 1360 жылдары Жошы ұлысының сол қанатындағы тайпалар Еділге қарай қозғалды.

Қырым уәлаяты бұл кезде осы аттас түбекті ғана емес, сонымен бірге Днепрдің құярлығы мен Донның құярлығы арасындағы даланы да қамтыды. Бұл аймаққа көшіп-қонуға маңғыттардың да қатысқандығы туралы фольклорлық деректер кездеседі. Башқұрт аңыздарының бірінде Қырым ноғайлардың отаны деп суреттеледі. Ноғайдың этникалық жырларындағы батырлар Қырымда әрекет жасайды. Ал қазақтың “Ер Тарғын” жырында Тарғынның “Қырық сан қырым” халқынан шыққандығы айтылады.

Тоқтамыстың 1380 жылы Мамайды талқандауы Мамайға қарасты елдердің (рулардың) бытырап кетуіне алып келді. Бір кездері Мамайға еріп Қырымға барған маңғыттар алыс жерлерден баспана іздеуге мәжбүр болды.

Қырымнан көшкен маңғыттардың алғашқы және уақытша қонысы Кубань жағалауы болса керек. Оған дәлел, Мордва фольклорында, губан (кубандық) сөзі ноғайлық мағынасында қолданылады [47; 87, 104]. Осы сөзді башқұрттың халықтық шежірелері де қуаттайды, олардың куәлік етуі бойынша ХҮІ ғасырдың ортасында Қазанды орыстар жаулап алғанда Башкирияда тұратын көптеген ноғайлар аталарының мекені болған Кубань жеріне көшіп кеткен [45, 60].

Мағыт-ноғайлар көшінің келесі бір бағыты Терек өзенінің аңғары болды. 1524 жылы Түркияға барған орыс елшілігінің құрамындағы М.Тверинтинов Мәскеуге былай деп хабарлаған. “Мамайдың мырзалары Астраханьнан ноғайлардың Терек өзеніндегі ескі қонысына көшіп, Хвалын (Каспий) теңізіне қарай ауды” [45, 603]. Бұл бізге жеткен жазба деректің мәліметі. Осы мәліметті ноғай эпостарынан да кездестіруге болады.

ХІҮ–ХҮ ғасырларда болашақ Маңғыт жұртының негізін қалаушылардың Алдыңғы Кавказда болғандығы осы аймақтағы, Еділ бойы мен Орал бойынан аршылған көшпелілердің жерлеу кешендерінің мәліметтерімен де дәлелденіп отыр. Алтын Орданың соңғы кезіндегі маңғыт елінің Кавказ жеріне таралуы Кіші Ноғай Ордасы (Қазы ұлысы) мемлекеттік бірлестігінің пайда болуымен тығыз байланысты аталады.

ХІҮ ғасырдың соңы Жошы ұлысы Темірдің шапқыншылығымен ерекшеленеді. 1391 ж. жорықта ол Орталық және Батыс Қазақстанды көктей өтіп, Жайықтан асып Еділдің сол жағалауын тонауға салды. 1395 жылы оның әскері Әзірбайжан арқылы Солтүстік Кавказды жаулап алды. Терек өзені жағалауында Тоқтамыс толық талқандалды. Содан кейін Темір Еділ-Дон арасы мен Төменгі Еділ бойын қансыратып кетті. Осы екі жойқын шайқастың арасындағы кезеңді көптеген тарихшылар Ноғай Ордасының құрылуымен байланыстырады. Бұл кезең маңғыттар көшбасшысы Едігенің есімімен тығыз байланысты еді.

Маңғыттардың Жайыққа көшуі. Едігенің тарих сахнасына шығуы. Бұл тарихи тұлғаның шығу тегі туралы деректер құпияларға толы. Тіпті оның есімінің этимологиясы да нақты мазмұн ала алмай келеді. Халық аңыздары (мысалы, “Едіге” дастаны) оның шығуын “етік” (ноғайларда – “идуг, итук”) сөзімен байланыстырады. Өйткені болашақ беклер бектің өкіл әкесі оны нәресте кезінде етікке салып әкеліпті. Ал академик Әлкей Марғұлан Едіге атауы оның қара халықтың арасынан шыққандығын айғақтайтын “Етек би” деген сөзден шыққан деп есептейді.

Ғылыми әдебиетте Едіге атауының мәнін түсіндіруге ұмтылған басқа да нұсқалар кездеседі. Фольклорлық нұсқалар да көптеп кездеседі. Біз солардың арасынан мәнді дегендерді ғана бөліп атадық. Бұл мәселе арнайы тақырыпта кеңірек талдау нысаны бола алар еді.

Ендігі мәселе Едігенің қандай тайпадан шыққандығы жөнінде. Дереккөздерде бұл мәселе әртүрлі нұсқада берілген. Оның өмірбаянын ыждаһаттаылықпен жазған авторлардың бірі Ибн Арабшах “оның тайпасы қоңырат деп аталды” [15, 54] деп жазса, Джаннаби “оның шыққан тегі өзбек” [33, 86] деп жазғанда ХҮ ғасырда Дешті-Қыпшақтың халқы өзбек деп аталғандығын негізге алса керек. Қазіргі кезде орныққан және көпшілік мойындаған нұсқа Едігенің маңғыттан шыққандығы туралы тұжырым. Ол туралы ноғай халқының шежірелері мен “Едіге” дастанында осы тұжырымды бекіте түсетін деректер мол. Әбілғазы “Түрік шежіресінде” бектің ақ-маңғыт тайпасынан шыққандығын айтады. Хиуалық тарихшының ақ-маңғыт дегені ноғай елінің маңғыттарының арасында кездеспейді. Демек, бұл деректі маңғыт – мағынасында бір жақты қабылдауымыз керек сияқты.

Едігенің шыққан тегі мәселесі аса күрделі. 1927 ж. В.В.Бартольд осы мәселеге қатысты деректерді талдауға арнайы мақала арнады. Онда бұрынғы деректерге ешқандай жаңалық қоспағанымен ол Едігенің әкесі Балтышақ деген тұжырымды нықтай түседі. Парсы дереккөздері Балтышақ (Балыншақ, Балылмек нұсқаларында да кездеседі) беклербектің (амир-ал умара) сол қанат ханы Орыс ұлы Темір-Мәліктің тұсында өмір сүргендігін жазады. Темір-мәлікті 1378 жылы Тоқтамыс талқандаған болатын. Тоқтамыс Балтышақты өзіне қызмет жасауға, бірақ ол қызметтен бас тартқан соң оны жазалауға бұйрық береді [27, 95]. Натензи өз еңбегінде Едігенің әкесі Балтышақ екендігін ашық жазады. Ал ХҮІІ ғасырдағы Османлы тарихшысы Мунаджжимбаши Едіге әкесінің атын Аланджақ немесе Алдыжақ [9, 31] нұсқасында қолданады, бұл атау, әрине, “Балтышақтың” түрленген нұсқасы екендігі көрініп тұр.

Бұларға керісінше эпикалық дәстүрді негізге алған Әбілғазы, Йазди, Қадырәлі бек Едігенің тегін мүлдем басқаша баяндайды. Олардың айтуы бойынша оның әкесі Құтлы-Қия мұсылман дінін уағыздаушы Баба-Тукластың баласы Термеден тарайды. Баба-Туклас өз кезегінде Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы әділ халиф Әбу Бәкірден тарайды. Бұл аңызды дереккөзі ретінде талдаудан үш түрлі мәселеге көзіміз жетеді. Біріншіден – Алтын Орда ханы Өзбектің ислам дінін қабылдауындағы Баба-Тукластың ерекше роль атқарғандығы. Екіншіден, татар тарихнамалық дәстүріндегі Баба-Тукластың тарихи тұлғасына жартылай мифтік әсірелеудің орын алуы. Үшіншіден, Едігенің генеалогиясын Әбу Бәкірге дейін, одан әрі Адам Атаға дейін тарататын ауызша дәстүр. Осындай аңыздық құрылымдардан өзге Едігенің ақсүйектер сословиесіне жататындығы туралы деректер кездеспейді. Оның әулеттік титулы да айтылмайды. Оның есесіне башқұрт шежірелерінде Едігенің қара халықтың арасынан шыққандығына баса мән беріледі.

Тарихи дереккөздерде Едігенің аты алғаш рет 1376 жылдан бастап аталады, осы жылы Тоқтамыс Алтын Ордадағы билігі үшін күресіне көмекке Темірді шақырған еді. Осы кезге дейін Едіге сол қанат (Көк Орда) ханы Орыстың сарайында қызметте еді, одан ендігі жерде Тоқтамысқа өтеді. Оның осы кезге дейінгі шығыс даласындағы өмірі туралы ешқандай дерек жоқ. Едігенің Орыс ханнан ажырасуының себебі олардың арасындағы келіспеушіліктен болуы мүмкін деп болжам жасауға болады. Бұндай келіспеушілікте күш тең болмаған соң Едіге Орыс ханды тастап, Бұхарадағы Темірдің қолында тұрған Тоқтамысқа барған және Орыс ханның әскери жоспарын жайып салған [18, 335].

Жылнама деректерде Едігенің Тоқтамыс пен Темірдің Орыс хан ұрпағымен (ханның өзі 1376 ж. қайтыс болған) арадағы соғыстарда қатысқандығы туралы мәліметтер кездеспейді. Тоқтамыс қарамағына келген Едігеге ерекше сеніммен қараған. Содан да болуы керек, ол “сол қанаттағы әмірлердің біріне”, “сол қанат басшыларының бірі және басқару ісіне ықпал жасайтын кеңесшілердің біріне айналды” [33, 86]. Бұл деректер Едігенің жоғарғы әскербасшы – беклер бек қызметіне тағайындалғандығын аңғартады.

1380 жылдардың соңында Алтын Орда сарайының оң қанатында да маңғыттардың ықпалы арта түскендігі байқалады. Олар тақ төңірегіндегі Әли Бек бастаған бариндік және қоңыраттық бектерді ығыстырып, Тоқтамысты Темірге қарсы айдап сала бастады [18, 386]. Маңғыттардың Жошы ұлысының оң қанатында да белсенді әрекетіне көшуін Тоқтамыс ханның да маңғыттар сияқты шығыс далалықтардан шыққандығымен түсіндіруге болады.

Тоқтамыс тағының жанында Едігемен бірге оның бауыры Иса да болды. Оны кейбір дереккөздері Едігенің ағасы деп есептесе, “Едіге” дастанында Иса би Едігенің әкесінің бауыры, Едігенің аталығы (тәрбиешісі) болған. Бұл екі бауыр бариндік-қоңыраттық топтың ықпалын жою үшін күрескендер еді [39, 145]. Иса Тоқтамысты қандай қиын кезде де жалғыз тастамай, оның қасынан табылған. Тіпті 1387–1395 жылдары қаһарлы мауараннахрлық жаулаушының тұсында да оның қасынан кетпеген. Ал Едіге, керісінше, 1389 жылы өз патронын екінші рет ауыстырады. Бұл жолы ол Мауараннахрға Тоқтамыстың қарсыласы ретінде барады.

Едіге 1391 жылы Темірдің Алтын Ордаға жасаған жорығында оған еріп жүреді. Оның бұл жорыққа қатысуы әртүрлі айтылады, бір деректерде ол жай ғана қолбасшы болса, ендігі бір деректерде олАлтын Ордаға қарсы әскери әрекеттің белсенді қолдаушысы болған [18, 436].

Бұл жерде Әмір темір мен Едігенің арақатынасы күрделі саяси комбинацияға ұқсап кететіндігі бірден көзге шалынады. Ол Темір сарайында үлкен сенімге ие болғандықтан оның алдағы әскери қамалдары туралы біліп отарды. Темір Иракқа жорыққа дайындалуына байланысты Шығыс Дешті-Қыпшаққа жорық жасауды мүлдем ойламаған. Мауараннахр әскерінің қолы жетпейтіндей өз тайпаластарының арасына барған Едіге батыс Қазақстан даласында буынын бекітіп, бойын тіктеп, Маңғыт жұртының іргетасын қалауға мүмкіндік алды.

Осы жерде маңғыттардың Еділ өзенін екі рет кесіп өткені туралы деректерге кездесеміз. Бірінші рет Орта Азиядан Қазақстан арқылы Қырым уәлаятына, екінші рет – ол жақтан Солтүстік Кавказ арқылы Батыс Қазақстанға. Соңғы көші-қон туралы деректер Ноғай Ордасының құрамынан ХҮІ ғасырдың соңы ХҮІІ ғасырдың ортасында бөлінген қарақалпақтардың фольклорында сақталған. Т.А.Жданко 1945 жылы қарақалпақтардың бессары және бексиық тайпаларының шежіресін жазып алған. Онда қарақалпақтардың арғы атасы бір кездері Қырымды жайлап, Еділден, Жайықтан өтіп, Түркістанға қоныс тепкендігі айтылды [13, 128].

Батыс Қазақстан даласын жайлаған Едіге мен Темір Құтлығқа бағынған ел шағатайлықтардың 1395–1396 жылдардағы жойқын шабуылынан аман қалды. Ол Маңғыт елінен 1391 жылдан хабар үзіп алған Темір 1396 жылы Едігені ынтымақтасуға шақырып, хат жолдайды. Едіге саяси жағдайды салмақтай келе ол ұсыныстан бас тартады. Бұл оның іргетасын қалаған Маңғыт жұртының тәуелсіз мемлекеттік құрылымға айналғандығын танытатын еді.

ХІҮ ғасырдың соңында Жошы Ұлысының аумағында кем дегенде төрт тәуелсіз иелік құрылған еді. Сарайда Темір тағайындаған Құйыршық отырды; Еділдің құярлығы мен Хажы-тарханда Темір-Құтлығ билік жүргізді; талқандалған Тоқтамыс Қырымды паналады; Жайықтың сол жақ бетіне өз маңғыттарымен Едіге орнықты [39, 174–176].

Ноғай Ордасының негізгі аумағы Еділ мен Жайықтың арасындағы далада, оның орталығы Еділдің төменгі бойында немесе Сарайшық (Жайық бойында) аудандарында болатын. Шығысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауы бойында көшіп жүрді. Олардың көшіп жүретін жерлері солтүстік-шығысында Батыс Сібір ойпатына дейін, солтүстік-батысында Қазан қаласына дейін, оңтүстік-батысында Арал өңірі мен каспий өңірінің солтүстігіне дейін жететін, ал кейде олар Маңғыстау мен Хорезмге барып жүретін [23, 159].

ХҮ ғасырдың ортасында ноғайлар кей кезде Сырдарияның орта ағысына дейін жетіп, Сырдарияның бекініс-қамалдарын жаулап алды. 1446 жылы маңғыт Уақас би Өзгент қаласына билік етті.

Шын мәнінде Ноғай (Маңғыт) ордасының негізін қалаған Едіге болып саналады. Ол туралы өмірбаяндық деректерді көптеген шығыс авторларынан кездестіреміз. Олар: Му‘ин ад-дин Натанзи, Әбдірраззақ Самарқанди, ибн Арабшах, Әбілғазы, Қадыр әлі Жалайри. Солардың деректерінде ХІҮ ғасырдың соңында саяси аренаға шығып, Алтын Орданың уақытша билеушісі болған Едіге би 15 жыл бойына (1396–1411) шын мәнінде Алтын Ордадағы бүкіл билікті өз уысында ұстады. Ол басқарған “маңғыт жұрты” Алтын Ордадан бөлектенген елеулі феодалдық иеліктердің бірі болды. “Едіге ордасында екі жүз мыңнан астам тұрақты атты әскер ұстады” деген деректер оның әскери қуатын айқындайды. Өз қолымен қойған хандар арқылы Алтын Орданың билігіне араласып, Едіге “беклер бек” дәрежесімен көрші ұлыстарға орасан зор ықпал жасай алды.

Ноғайлардың тарихи жады да маңғыт жұртының (Ноғай Ордасының) пайда болуын Едігеден бастайды. Ортағасырлық тарихи дереккөздері де ноғайлардың дербес саяси құрылым ретінде қалыптасуын Едігеден бастайды [22, 44]. Әбілғазы Маңғыт жұртының құрылуын биліктің Бату әулетінен маңғыт әулетіне ауысуы деп түсіндіреді.

Едігенің бүлікке келуінің хронологиялық шегі ретінде 1391 жылы оның сол қанаттағы тайпаларға қоныс аудару (Темір шабуылынан бой тасалау үшін) туралы бұйрық беруі алынады. Осы оқиға тіпті ресми сипат алып та кетті. 1991 жылдың күзінде Дағыстанның Ноғай ауданында “Ноғай Ордасының 600” жылдығы ретінде атап өтілді [15, 72].

Қазіргі заманғы бірқатар зерттеушілер Едігенің Темірден қол үзіп Маңғыт жұртын Алтын Орда ықпалынан бөліп әкетуін шын мәнінде осы оқиғамен байланыстырады [11, 693].

Ал шындығында, мәселенің түйіні неде? – деген сұраққа жауап іздер болсақ, онда Ноғай Ордасының дербес саяси құрылым болуының тамыры тереңде екендігіне көзіміз жете түседі. Шығыс қыпшақтарының солармен бірге маңғыттардың да Алтын Орда құрамында Жайық–Жем аралығында автономды құрылым ретінде көшіп-қонып жүрді. Едіге бұл құрылымды құрған жоқ, ол оған дейін де өмір сүрген. Едіге бұл жерде тек билеуші маңғыт әулетінің негізін қалаған. Мәселеге осы тұрғыдан келер болсақ онда Жошы ұлысындағы бұл автономды бірлестіктің ертерек пайда болғандығына көзіміз жетеді. Қалай дегенмен де сапалық жаңа деңгейге көтерілген жаңа саяси құрылымда бидің беделінің үлкендігі және маңғыттардың көп санды болуы олардың Маңғыт жұрты деп аталған мемлекетке ұйытқы болуына негіз қалады.

Жаңадан құрылған Маңғыт жұртының қуаты мен ұйымдық мығымдығы Дешті-Қыпшақ бойынша шашырап кеткен маңғыттар үшін паналайтын сенімді отанға айналды. Оның жарқын мысалы ретінде жоғарыда аты аталған Иса биді айтуға болады. Тоқтамыстың беклербегі Еділдің оң жағалауына өтіп, інісі Едігенің бағынысында болды. Ол 1409–1411 жылдары Едіге тағайындаған Полат ханның тұсында өзінің жоғары дәрежесін сақтап қалды. Әбдіразақ Самарқандидің баяндауында Едіге мен Иса “Дешті-Қыпшақ пен өзбектер елінің билеушілері” ретінде аталады [37, 139]. Маңғыттар басшысы 1398 және 1400 жылдары Әмір Темірге ынтымақтастық туралы ұсыныс жасаған болса, кейін 1409 жылдары Шахрух б. Темірге арнайы елшілік жібереді, бір жылдан соң өзі Мауараннахрға келіп, Шахрухтың дәргейіне бас ұрады [37; 152, 157]. Едігенің Мауараннахрмен қарым-қатынасты жақсартуы Жошы ұлысы ғана емес, Темір ұрпақтарының шекарасына жақындай түскен Маңғыт жұртының иелігін де оңтүстіктен болатын шабуылдың қаупінен арылту мақсатынан туындаған деп айтуға болады. Бұл кездегі Маңғыт жұртының көшіп-қонған негізгі территориясы Жайықтың шығыс беті болып есептеледі.

Едіге қуыршақ хандарды көтеруге және өзі олардың жанында беклербек лауазымында болуға құмартқан және ол ойын үнемі іске асырып отырған. Оның осы қызметтегі еңбегі тарихи әдебиеттерде жан-жақты қарастырылған, содан да оған көп тоқталудың қажеті болмас. Бізді қызықтыратын мәселе, оның ноғайлардың болашағына жасаған ықпалы қандай болды дегенге тіреледі. Қарақалпақтың “Едіге” дастанында Әмір Темір Алтын Орданы талқандап, өз еліне қайтқан соң Тоқтамыстың әлсірегенін пайдаланған Едіге оған ықпал аймағын бөлісу туралы өзінің шартын қояды. Оның мазмұны мынаған саяды; Еділдің бір жағындағы (бұл жерде сол жағалауын айтып отыр) қоныстанбаған жерлерден бас тартып, оларды менің билігіме бер; одан бөлек, маған келіп қосылғандандан жетім-жесір және кедейлермен бірдей алым-салық талап етпе. Хан бұған келісіп, шартқа қол қояды. Оны Едіге өзімен ала кетеді. Еділдің сол жағалауында салық төлемеуге болатындығын естіген соғыстан шаршаған халық беклербектің қоластына қарай ағылады, қысқа мерзімде Тоқтамыстың қол астындағы бодандары алты есеге қысқарып кетеді [4, 137]. Осылайша Едігенің билігіндегі Маңғыт жұрты Алтын Орда құрамында теперіш көрген, өкпелеген немесе билеушілермен жауыққан тайпалардың ағылып келуінің нәтижесінде көпсанды, қуатты мемлекеттік бірлестігіне айналды.

Сірә, Тоқтамыс Едігеге тархандық билік (салық төлемеу жөніндегі мағынасында) сыйлауы арқылы оны өз ықпалынан шығарып алған болса керек. Бұл оқиға шамасы 1396 немесе 1397 жылдары болуы мүмкін. Дәл осы кезде Едіге өзіне төтенше жеңілдіктер алуға қол жеткізген, оның билігі Жошы ұлысының шығыс аймағына түгел тараған. Содан да ол Мауараннахрмен достық қатынастар орнатуға ұмтылады. Осындай билігін пайдаланып ол өзіне тиесілі аймақтағы халықтың санын арттыруға тырысады. Оның бұл әрекетін жас балаларды шетке құлдыққа сатуға тиым салуынан аңғарамыз. Бұл әрекеттің салдары Сирия мен Египеттегі құл базарларында бірден байқалған. Едігенің бұл жарлығы орда құрамындағы тайпалардың оған шынымен берілуіне және сол арқылы әскери қуатын арттыруға мүмкіндік берді.

Дегенмен осындай азды-көпті нәтижелермен бірге Едігенің балаларды құлдыққа сатуға тиым салуы оның саяси қарсыластары болған Алтын Орда хандары мен олардың тірегі – қала халқын экономикалық жағынан әлсіретуге де бағытталған еді. Өйткені құл саудасы бұл кезде экономикалық емес табыстың ең негізгі кірістерінің бірі болды да, билеушілер мен қала тұрғындарының негізгі кәсіптерінің біріне айналған болатын.

Едіге билігінің бастапқы кезінде-ақ Маңғыт жұртының шекарасы батысқа қарай жылжып, Еділ жағалауына дейін жеткен. Исмаил 1580 жылы “Менің бабамның жұрты үш өзеннің бойында еді, олар: Еділ бойы, Жайық бойы және Жем бойы” [29, д 95, л. 167] деп жазды., Сірә, сол кездің өзінде Маңғыт ордасының оң, сол болып географиялық тұрғыда бөлінуі басталған болуы керек. Өйткені осы кезде Едіге ұлы Нұраддин оң және батыс қанатқа билік жүргізсе, шығыс аймаққа орналасқан сол қанатқа беклербектің өзі билік жасаған.

Маңғыт жұртына қарайтын аймақтың кеңдігі және бодандардың молдығы Жошы ұлысы ақсүйектерінің арасындағы Едігенің биік мәртебесін қамтамасыз етті. Мемлекетте және сарай төңірегінде маңғыттар ықпалының күшеюі билік басындағы әулеттің өз қатарынан маңғыт елі басшыларына да орын беруге мәжбүр етті. Бұл жерде некелік дипломатия орныққандығын аңғарамыз. Едіге Тоқтамыстың қызын (немесе қарындасын) әйелдікке алды, одан Нұраддин туылды [6, 269]. Кейінгі кезде өз қызын болашақ хан Темір б. Темір Құтлығқа ұзатты.

Ендігі мәселенің бірі Едігенің ресми дәрежесіне байланысты туындайды. Едіге кім? Әмір ме, бек пе? Оны 1391 жылы Темір-Құтлығ берген дәрежесімен беклербек дәрежесінде (бек, би, ұлығ бек, ұлы би нұсқаларында) атау орныққан. Қадыр Әли бек Хажы-Тарханды Темір Құтлығ пен Едіге бірлесіп,” бірі хан, бірі бек” болып басқарды дейді [20, 159]. Ал Натанзидің айтуы бойынша, Тоқтамысты талқандаған соң Темір “сұлтандықты Темір-Құтлығқа, әмірлікті Едігеге” берді [27, 98].

“Едіге” жырында оның беклер бек лауазымын Тоқтамыстан немесе Темірден алғандығы айтылады. Сірә, алғашқы нұсқа дұрыс болар, өйткені Еділсырты жеріне тархандық билік берген Тоқтамыстың Едігеге беклербектік лауазымды қоса беруі әбден мүмкін. Ал екінші нұсқадағы Әмір Темірдің Алтын Орда ішінде билікті үлестіруге өкілеттігі болмаған, оның үстіне Темір заманының тарихшылары да бұл жөнінде ешқандай дерек келтірмейді.

Ал шығыс авторлары Едіге өкілеттігінің көлемі туралы баға бергенде бірауыздылық танытады. Ол “Дешті, Сарай және Қырымның шынайы билеушісі болды” [37, 139]. Сол сияқты “князьдардың арасында тек Едіге ғана әдетте хандарды тағайындайды және босатып тастай алады” деген де деректер айтылады. Тіпті ол туралы әңгімелерге құлақ құрышы қанған неміс тарихшысы Иоан Шильтбергер оның қызметін “Корольдерді жасаушы” деп бағалаған [45, 79]. Ал М.Г.Сафаргалиев араб тарихшылары оны “патша” (малик) деп атаған дейді [39, 227].

Орыс жылнамашылары Едігенің жоғарғы әмір титулын “ұлы князь” деп атайды. Бұл жолма-жол аударғанда ұлығ бек, ұлы би деген ұғымды береді.

Осы тұрғыдан қарастырғанда Едіге сол кездегі москвалық және литвалық мемлекет билеушілермен бір дәрежеде болған. Бұл дәреже ол мемлекеттердің басшыларымен теңдікті қамтамасыз етті.

Шындығында бұл қарым-қатынастар барынша күрделі еді. Беклербек лауазымындағы Едігенің беделі мен күш-қуатының артқаны соншалықты ол Алтын Орда көшпелі ақсүйектерінің патриархы санала бастады. Христиандық алым-салық төлеушілердің басшыларын өзімен тең санау ендігі жерде оған лайықсыз көрінді. Орыс князьдарымен қарым-қатынаста өзін асқақ ұстаған тәкаппар Едіге 1399 жылы Ворскле шайқасы кезіндегі келіссөзде литва билеушісі Витовтке өзін әке ретінде мойындатады және жыл сайын алым төлеп тұруға мәжбүр етеді. Бұл жерде Едігенің жасының үлкендігі де алға тартылады. Осындай жағдайлардан болар, мүмкін оның даналығын бөліп көрсеткісі келуі, орыс жылнамаларында “Қарт Едіге” деген теңеу орын алады.

Ал Едігенің Темір және оның ұрпақтары Әбу Бәкір б. Мираншах пен Шахрух арасындағы қатынастары мүлдем бөлек. Ол өзін Шахрухтың алдында “құл және қызметші” деп атаса, кейін оның баласы Мұхаммед-Жөкеге қызын ұзатады [37, 157].

Сол сияқты Едіге шет ел билеушілерімен дербес қарым-қатынас жасаған. Бұл оның Маңғыт жұрты тәуелсіздігінің пайдасына емес, Алтын Орданың билеушісі ретіндегі ерекшелігін танытатын. Тархандық жеңілдікке және әлсіз хандардың билігінен тәуелсіз болғандығына қарамастан маңғыттар жайлаған аймақ формальды түрде Жошы Ұлысына кіріп, оның сол қанаты (Көк Орданың) құрамында болды.

Осындай билікті уысына ұзақ уақыт ұстап тұру мүмкін болмады. Өзі қойған хандардың бірімен ұрсысып қалған Едіге Хорезм жерінде, шығыс далаларында (Арал маңы) қаңғып жүргенде 1419 ж. Тоқтамыстың баласы Қадыр-Берді ханның шабуылына ұшырап, Сарайшық төңірегінде қайтыс болды [45, 81]. Едігенің қайтыс болуы жөніндегі деректер де ала-құлалығымен ерекшеленеді. Мысалы, Ибн Арабшах оның қаза тапқан жері Сырдария өзені бойындағы қала десе, И.Б.Грекова ол жерді Қырымда деп есептейді. Ал Қадыр Әли бектің дерегінде беклербекке шабуыл жасаған әскерді Қадыр Берді Қырымнан алдырып еді, дейді [20, 158]. Осы деректің негізі бар сияқты. Өйткені оны өлтіруге Үлкен Ноғай Ордасы төңірегінде ешкімнің жүрегі дауаламас еді. Едіге өлгенімен оның құдіретті болмысы ХҮ–ХҮІ ғасырларда татар хандықтарының құрылуында маңғыттардың ерекше статусының қалыптасуына негіз болды.

Дешті Қыпшақ көшпелілерінің жадында Едігенің аты жақсы сақталып қалды. Аңыз бойынша оның денесі Орталық Қазақстанның Ұлытау жотасындағы Едіге тауында жерленген. Оның басына тастан биік оба тұрғызылып, құрметіне құрбандық шалынған . Бастапқы кезде оның тұлғасы даналық пен мәрттіктің белгісі ретінде әспеттеліп, оның айтты деген сөздері өлең-жырлармен қатар айтылды. Кейін бұл бейне қасиетті тұлғаға айналдырылды, қазақ халқының арасында оның бейнесі ұлттық мақтанышқа айналды, өйткені олар өздерінің мемлекеттілігінің бастауын Едігемен байланыстырады.

Едіге және Нұр ад-дин. Едіге беклербек қызметінде жүріп, Алтын Орданың барлық мемлекеттік істерін басқарды. Соның ішінде Маңғыт жұртын басқаруды тек өзінің ұлдарына ғана сеніп тапсырған. Әртүрлі деректерде оның ең жақын сенімді адамы ретінде Нұр-ад-диннің есімі аталады.”Едіге” дастанының кейбір нұсқаларында Нұр-ад-дин әкесі өлгеннен кейін бірден таққа отырған. Біздің халықтың арасында тараған Едіге жырында Қадырбердінің Жошы хан тағына отырғанын естіген әкелі-балалы екеуі бірдей күйіктен өледі.

Ал ғылыми әдебиеттерде керісінше, Нұр-ад-диннің 1426–1440 жылдары билік құрғандығы айтылады [17, 182]. Әйтсе де ешқандай сілтемесіз келтірілген бұл деректерге сене қою қиын. Ортағасырлық авторлар Едіге өлген соң Маңғыт жұртының билігі оның балалары Мансұр мен Қазыға өткендігін жазды. Демек, Нұр-ад-диннің билігі әкесі тірі кезімен шектелген болса керек. Өйткені Едігенің жасы ұлғайған шағында Нұр-ад-димен жанжалдасқандығы айтылды.

Бұл жанжалдың неден шыққандығы жөнінде дерек “Едіге” жырының татар нұсқасында жақсы сақталған. Онда 1400 жылы Шәдібекті хан сайлайды, соған орай туындаған жанжалға байланысты Нұр-ад-динді қуып жібереді. Содан барып ол “қазақлық” жасап, Сығанақ пен Хажы Тархан арасында көшіп жүреді. Ал келесі бір деректе осыған қарама-қарсы деректер келтіріледі. Едіге 1410 ж. Полат ханды орнынан алып, өз ұлдарының, соның ішінде Нұр-ад-диннің де келісімінен тыс Темірді хан сайлайды. Осыған ренжіген Нұр-ад-дин әкесіне қарсы соғыс ашады. Жанжалды қанды қырғынға ұластырмау үшін Едіге Хорезм жеріне кетеді. Бұндай шешімге жаны күйзелген Нұр-ад-дин әкесінің қайтып оралуын талап етеді [45, 83]. Орыс жылнамаларында да Едігенің Ордадан кетуі Темірдің хан тағына отыруынан кейін екендігін жазады.

Ноғай фольклорында Нұр-ад-диннің дербес билік құруы, яғни Қадыр Бердімен бірге билік құруының 1412–1419 жж. Екендігі жөнінде дерек сақталған. Ноғай аңыздарының айтуы бойынша Кадыр Берді мен Нұр-ад-дин арасында ұзаққа созылған соғыс болады да, соңында екеуі келісімге келеді. Нәтижесінде Нұр-ад-дин Тоқтамыстың баласын Алтын Орданың бірден бір ханы ретінде мойындап, өзі ханның адал қолбасшысы болып қалатындығына сендіреді.

Едіге Тоқтамыстан Еділдің шығысындағы халықтан салық алмауды талап етеді. Ол жерлерде маңғыттар өмір сүретін. Кейін Еділ мен Жайық арасының билігі Нұр-ад-динге өтеді. Ол осы жерлерде Темір-Құтлығ кезінде қырық мың алтын салық жинаған [45, 84]. Нұр-ад-дин бұндай артықшылығын әкесі Хорезмге кеткен 1410 жылдан кейінгі уақытта да сақтап қалған. Оның үстіне дағыстандық ноғайлардың арасындағы “Едіге”жыры нұсқасында Нұр-ад-динге Қадыр Берді “Терек пен сулак өзендері суландыратын жерлерді жекеменшікке бергендігі” айтылады.

Нұр-ад-диннің қазасы туралы деректер де әртүрлі. Бір дереккөздерінде оны іш аурудан қайтыс болды десе, енді бірінде батырларға лайық өлім – шайқастан қайтқанда ескі жарасы ашылып кетіп, қан кетуден қайтыс болды делінеді. Оның денесі Еділ өзені жағасына, жүрегі “жаны шыққан жерге” жерленді деген де деректер айтылады. Қадыр Әли бектің дерегі бойынша Нұр-ад-дин 1419 жылы Жайық бойындағы шайқаста әкесінен бұрын қайтыс болған. Осы мәліметті бірден-бір ақылға қонымды дерек ретінде қарастыру орныққан қазіргі ғылыми әдебиетте.



Маңғыт елінің статусы. Едігенің қазасынан кейінгі кезде оның балалары Жошы ұлысындағы маңғыт билігінің ықпалын сақтап қалды және беклер бек лауазымын өздеріне басыбайлы иемденді. Олардың қызмет баспалдағындағы бұндай сәтті, нәтижелі табыстары – олардың алдындағы ұлы тұлғаның ықпалынан болса керек. Әйтсе де маңғыт көсемдерінің өзге тайпалар арасында беделінің биік болуы – нақты саяси жағдайлармен және Едігенің соңында қалдырған саяси мұрасымен де тығыз байланысты болды. Қалай дегенде де Дешті-Қыпшақтағы жүздеген тайпалардың арасында тек маңғыттар ғана артықшылық жағдайға қол жеткізе алды.

Тарихи деректерде Маңғыттардан қай қанатқа жататындығы туралы дерек жоқ. Ал Шыңғысханның Маңғұттардың серіктері көште шығыс (сол) қанатында болса, шайқаста әскердің сол қанатында болатын; империя құрылған кезде маңғұттардың “мыңдығы”оның сол қанатын иемденді. Жошы ұлысында да маңғыттар мемлекеттің оңтүстік-шығысында, яғни сол қанатта болды. Едігенің өзі де “Тоқтамыс ханның сол қанатындағы әмірлердің бірі еді” [15, 54]. Оның Темірдің жорығынан бой тасалап көшіп кету туралы бұйрығы да осы сол қанат тайпаларына арналған еді. Бұхар және Қасым хандығында да маңғыт игі-жақсылары тақтың сол қанатынан орын алған [20, 168].

Әдетте сол қанат құрметті болып есептелгенімен, ол өзінен-өзі ешқандай артықшылық бере қоймайтын. Маңғыттар да өзге елдер алдында бастапқы кезде ешқандай артықшылықтар иемденген жоқ. Тіпті олардың шежіресінде де ешқандай ақсүйектік бастаулар жоқ. Кейбір деректерде маңғыттарды зорлықшыл, бүлікшіл тайпа ретінде халықтардың жек көретіндігі жазылады.

Дегенмен қазақ халқының арасында Едіге ұрпақтары “ақ сүйек” ретінде дәріптеледі. Ол кезде бұл артықшылық Шығыс әулетіне жақындығына байланысты берілетін. Едіге әулетінің оларға қатысы болмағандықтан бұл әлеуметтік аңыздың себебін басқадан іздеу керек сияқты. Қазақ аңыздарындағы ақсүйектік негіз Едігенің бабасының Баба-Туклас екендігінен туындайды.

Маңғыт-Ноғай билерінің арғы тегін қасиетті әулие Қожа Ахмет Баба Тукластан (Баба Түкті Шашты Әзиз) таратуы оларға ерекше статус берді. Бұл дәстүрдің негізі Нұр-ад-диннің Тоқтамысты өлтіруінен басталады. Қайтыс болған хан Шыңғыс ұрпағы еді, оны өлтіріп бізді билемекші Нұр-ад-дин “бұл тайпадан емес” деп наразы бола бастағанда Нұр-ад-дин “Мен туған кезімнен бастап Құдайдың бірлігіне сендім. Құдай қайда жүрсем де менің жолымды оңғарды. Мен қасиетті кітаптарды көп оқыдым. Менің Шыңғысхан тұқымынан емес екендігім мені ешқандай да мазаламайды. Өйткені мен даңқты түрік батыры Қожа Ахмет Баба Тукластың тайпасынанмын” [45, 86] деп жар салды. Ал Баба Туклас Әбу Бәкір халифтың ұрпағы, Алтын Ордада ХҮ ғасырда қоғамда беделді тұлға саналатын. Ноғай Ордасында бұл концепция ресми саналып, мырзалар өздерінің тегін Мұхаммед пайғамбар дәуірінен, алғашқы халифтерден бастап тарататын болды. Билікке қолы жеткен Едіге осы билікті және Жошы ұрпақтарының үстінен жүргізетін билігін негіздеуі қажет болды. Ақсүйектер әулетіне жатпайтын болғандықтан беклербек олардың алдындағы өзінің артықшылығын басқа жақтан іздей бастады. Сол үшін де оған өзінің тегін мың жыл бұрынғы халифтен тарату Шыңғысханмен туыс болуды дәлелдеуден оңай еді. Әйтсе де бүкілхалықтық мойындау үшін өзін бірінші халифтың ұрпағымын деп жариялау жеткіліксіз еді. Ол үшін біріншіден, Әбу Бәкірді Алтын Орда халқы үшін маңызды тұлғаға айналдыру, екіншіден, генеалогиялық аңызды халықты беклербектің төңірегіне топтастыратын қару ретінде пайдалану. Осы мақсаттар үшін қыпшақ тұрғындар арасында мұсылмандандыру процесі белсенді жүргізілді, Едіге өз билігіндегі иеліктерде бұны барынша қатты қолға алды.

Маңғыт көсемінің гегемондығын нығайтудың бір құралы оның бейнесін өлең-жырға қосу болды. Едіге қайтыс болған алғашқы жылдардың өзінде оның тұлғасы мен өмірбаяны туралы өлең-жырлар пайда болды. Маңғыт-ноғай билері әулетінің негізін қалаған Едігені өлең-жырға қосқан идеологиялық күш ендігі кезекте оның ұрпағын да дәріптеуге көшті. Қырымның қырық батыры туралы айтулы эпикалық жыр осы кезде дүниеге келді. Бұл күнде “Қырымның қырық батыры” деп аталатын осынау тамаша жыр-дастанның толық нұсқасы тек қазақ тілінде ғана сақталғандығын атап көрсетуге болады.

Зерттеу жұмысына деректік материал болғандықтан сәл шегініс жасап, “Қырымның қырық батыры” эпосының қалай жазып алғандығына тоқталсақ болады.

1942 жылы СССР ҒА Қазақ филиалының президиумы төрағасының орынбасары Қ.Сәтбаевтың Республика Үкіметі алдында мәселе қоюымен әйгілі эпос халық жыршысы Мұрын Сеңгірбайұлынан алынды. Ол осы жырды Қазақстан, Өзбекстан, Қарақалпақ жерлерімен бірге Каспий сырты Қаратеңіздің оңтүстік жағалауын мекендеген халықтар арасында жырлаған Демек, бұл жырды ол жерлерді мекендеген халықтардың аудармасыз түсінгендігі көп жайды аңғартса керек. Енді осы жырдың құрылымына тоқталайық. Мұрын жыраудан жазып алынған жырда Баба Түкті Шашты Әзизге бөлек жыр арналады. Одан әрі “Парпария” батыр, “Оның ұлы Құттықия батыр[, “Оның ұлы Едіге батыр”, “Оның ұлы Нұрадын батыр”, “Оның ұлы Мұса батыр” болып жалғаса береді. Бұл жырлардың атауының өзінен біз осы кезге дейін тақырыбымызда сөз етілген тарихи тұлғаларды танимыз. Әйтсе де олардың жырдағы бейнесі мен жазба деректердегі тарихи тұлғасы арасында біршама алшақтық болуы мүмкін. Әйтсе де бұл батырлық эпостың негізгі концепциясы Ноғай Ордасының негізділігі мен ынтымақтастығы, бірлігі идеясына негізделгендігін аңғарамыз.

Қорыта айтқанда, маңғыт ақсүйектерінің Алтын Орда билеушілерімен үнемі қатынаста болуы олардың хан сайлауында артықшылық құқықтарын сақтауына, орнықтыруына мүмкіндік берді.

Едіге ұрпақтарының ыдыраған Алтын Ордадағы ролі олардың осы артықшылығын пайдалануына кең мүмкіндік жасады. Орыс және шығыстық зерттеушілер Едігенің ұлдарының санын ондап есептейді. “Қазан жылнамасы” “отыз қатыннан жетпіс ұлы” бар десе, Румянцев мұражайының қолжазбасында “тоғыз қатыннан отыз ұл” болды дейді. Ибн Арабшах “жиырмаға жуық ұлдары болды және олардың бәрі қуатты билеушілер еді” [15, 63] дейді. Оның дерегінің қараноғайлық дастанда Едігенің өз аузымен айтылатын “он сегіз мырзам – балам бар” деген дерегімен сәйкес келетінін көреміз. Әйтсе де орыс жылнамашылары Едігенің тұңғышы Нұр-ад-дин екендігін бір ауыздан қуаттайды. Әйтсе де оның ұлдарының саны ол дереккөздерінде оннан аспайды.

Жошы ұлысындағы маңғыт жұртының іргесін бекітіп, олардың көпсанды қыпшақ тайпалары арасындағы артықшылығын бекітуде Едігенің ролі аса зор болғанымен, ол осы қол жеткен жетістіктерін өзінің ұлдарына мұраға қалдыруды ойлаған. Бұл ниет кейін оның ұрпағының арасында билік дәстүрінің қалыптасуына алып келді. Маңғыт жұртынан шыққан қолбасшылар мен игі-жақсыларды б. Мұса, Ертістің сол жағасы Тобылға дейін Дәулет шейх б. Ибрагим биледі.

Маңғыт жұрты ХҮ ғасырдың алғашқы ширегінде осы хандардың арасындағы қақтығыстарға тартылған жоқ. Осылайша 1420 жылдары Маңғыт жұрты дербес саяси бірлік ретінде нығая басталы.

ХҮғасырдың басында билік басына келген Әбілқайыр хан көпсанды маңғыт жұртымен санасып, олармен бейбіт қатынастар орнатуға тырысты. Әбілқайыр мен маңғыт жұртының ара қатынасында Едіге ұрпағынан алдыңғы орынға шыққан Уақас бінұр ад-дин болды. Ол 1428 жылы Чимга-Тура қаласында Әбілқайырды таққа отырғызуға қатысқан. Қадыр Әли бек Уақас Әбілқайырды “бір ыдыстан ас ішіп еді” [20, 157] деп жазса, мұсылман жылнамашылары оның басты еңбегі ретінде өз билеушісіне “Сайын ханның тағын екі рет жаулап алып берді” деп жазады. Бұл жердегі Сайын хан Бату ханның көшпелілер арасындағы эпикалық атауы. Осы жеңістерден соң мешіттерде Әбілқайырдың атына құтба оқылып, оның атымен теңге соғыла бастаған. Уақастың осындай шынайы берілгендігіне құрмет ретінде оған Сырдария бойындағы Өзгент қаласы сыйға беріледі [3, 202].

Әбілқайыр маңғыт жұртынан алған әйелінен екі ұлы болды. Ол өзіне тартып, қанша құрметтегенімен маңғыт жұрты Әбілқайырдың көшпелі өзбек мемлекетіне сіңіп кеткен жоқ. Бұл кездегі маңғыттардың саяси тәуелсіздікке ұмтылуы Үлкен Ордаға қарсы күрестен көрінді.

Маңғыт жұртының Өзбек хандығының құрамынан шығуы 1440 жылдары өлтірілген Уақас бидің балаларының Әбілқайырға бағынудан бас тартуымен басталады. Осы оқиғалар туралы дереккөздері Маңғыт жұртының яғни Ноғай Ордасының негізін қалаған Мұса б. Уақасты жиі атайды. Әбілқайырдың қырық жылғы билігі Өзбек мемлекетін нығайта түскенімен оның орнына хан тағына отырған Шейх Хайдар б.Әбілқайырға ұлыс билеушілерінің ешқайсы бағынғысы келмеді. Оған тек Үлкен Орда ханы Ахмед б. Күшүк-Мұхаммед қана жақтас болды. Әйтсе де бұл одақ та оған көмектесе алмады. Шейх Хайдарды Сібір ұлысының ханы Ибақ өлтірді. Хансыз қалған беклербек Мұса ендігі кезекте Шыңғыс ұрпағы арасынан өзіне хан іздеді.

Мұса үшін бұндай кандидатура іздеу саяси шырғалаңдар арасында оңайға түскен жоқ. Ол бастапқы кезде Әбілқайырмен қарсылас болып 1465 жылы Шу өзені жағасындағы Қозыбасыда Қазақ Ордасын құрған Барақ ұлы Жәнібекті таңдады. Әбілқайыр өлген соң Жәнібек пен Керей Солтүстікке оралды. Қазан хандығының билігі Керейге өтті. Жәнібек кіші хан тізбегінде оларды “Едіге ұрығы маңғыт” деп ерекше бөліп атайтын болған. Демек, бір ғасыр уақыт ішінде (Едіге өлгеннен соңғы) оның ұрпағы өз алдына үлкен билеушілер әулетіне айналғандығына көзіміз жетеді.

Осы әулеттің өз ішінде билік те мұрагерлік дәстүрді сақтай отырып берілетін болған. Көшпелі өмір салты бойынша тұңғыш ұл негізгі мұрагер болып саналады да одан кейінгілерде ондай құқық болмайды. Түркілік көшпелі дәстүрді қатаң сақтаған Жошы Ұлысында туыстық байланыстың жеті атаға дейін сақталуы, қыз алысуға сегізінші атадан кейін ғана рұқсат беру сияқты салт-дәстүрлер Едіге ұрпағының оларды тағдыр тәлкегі қайда жұмсаса да туыс болып, ынтымағын сақтауына негіз болды. Жошы ұлысы территориясындағы жошылық хандардың төңірегінде өздерінің даңқты бабасы Едігені үлгі тұтқан маңғыт билеушілерінің тобы болды. Бөлек мемлекеттік құрылымда болса да оларды өздерінің маңғыт жұртынан шыққандығы біріктіріп отыратын еді. Бұл жағдайдан олардың әрқайсысы бір хандықты билеген бірнеше “билеуші тайпалардан” құралғандығы туралы түсінік қалыптасуы керек. Қалай дегенмен де ел біреу, ұрық (бұл жерде ру мағынасында) біреу. 1419 жылы Едіге өліп, қара жамылған Маңғыт жұрты Жошы сұлтандары мен оғландарының арасында есебін тауып “Заманың қасқыр болса, түлкі боп шал” деген принциппен өмір сүруге мәжбүр болды. Сол кезде қалыптасқан саяси жағдайларға байланысты “Едіге ұрығы маңғыттар” өздерін беклербек қызметінде көргісі келетін билеушілерді оңай тауып алатын. Бұл жерде халықаралық ықпалдар да, сарай ішілік төңкерістер де, хандықтың өз ішіндегі саяси теке-тірестер де кәдеге жарап жатты.

Ендігі мәселе Еділ мен Жайық арасындағы тікелей маңғыт жұртына қараған аймақ жөнінде. ХҮ ғасырдың бас кезінде Жайық даласы алтынордалық хан шайбанилік Полатқа тиесілі болатын. Оны 1411 жылы Сарайдан қуып, Тоқтамыстың баласы Жалал ад-дин өлтірген болатын. Шайбанилік билеушілер маңғыт жерінде көшіп жүрді. Соған қарағанда бұл кезде маңғыт жұрты хандықтың сол қанатын құраған, өздері тәуелсіздігін толық алмаған еді. Осыған байланысты Көк Орданың батыс иелігі Шыңғыс ұрпақтары мен маңғыттардың қосарлы билігінде болған деп тұжырым жасауға болады [45, 95].

Дешті-Қыпшақ жеріндегі ұлыстар Жошының ұлы Шибанның ұрпақтарының билігінде болды: Сарысу – Ембі арасын Жұмадық б. Суфи, Тобыл-Есіл арасын Махмудқожа б. Қағанбек, Атбасардың сол жағалауы, Есілдің оң жағалайы арасын Мұстафа хан болып, хандықтың батыс қанатын басқарып, маңғыттар мекендеген Жайық бойындағы Сарайшықты өзіне резиденция етті. Жәнібектің 1473–74 жылдары қайтыс болуына байланысты Маңғыт жұрты осы әулеттің күшеюін қаламағандықтан Бұрындық пен Қасым ханға бағынғысы келмеді. Батыс Қазақстан жері Қасым ханның қарауына өткенімен Мұса және оның үзеңгілестері өздеріне лайық билеуші таңдауды жалғастыра берді.

Ендігі таңдау Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шейбаниге түсті. Бұл таңдауға оның Мұсаның қызына ғашық болуы да көмегін тигізген болуы керек. Жәнібектің өлімінен соң Мұса мырза Сығанақтағы Шейбаниді өз ордасына шақыртады. Бұндай әрекеттен сатқындық ниетті аңғарған Бұрындық 50 мың әскермен Мұсаның жұртына басып кіреді. Бұл жағдай Шейбанидің осы жолы Мұса қолынан хандық титул алуына кедергі жасайды.

1481 жылы Үлкен Орданың талқандалуы маңғыттарға олардың Еділ бойындағы иеліктерін өздеріне қаратуына мүмкіндік берді. Міне, осы кезде Мұса дербес билеуші болып толық қалыптаса бастады. Жаңа территорияларды иемдену Мұсаға Қазақ хандығымен тікелей шекаралас болып, сол арқылы Москва князьдығымен байланыс орнатуына мүмкіндік жасады. Бұл жағдай Ноғай Ордасының қысқа мерзімде Халықаралық деңгейде танылуына жол ашты. Осы кездегі жылнамаларда халық және аймақ ретінде Ноғай ұғымы орныға бастайды. ХҮ ғасырдың соңында Еділ мен Жайық арасында осы жерде өсіп-өнген үшінші немесе төртінші ұрпақ өмір сүріп жатты. Еділ сыртындағы “қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған” жерге Маңғыт билері Қазы мен Уақас иелігіндегі көшпелі тайпалар көптеп көшіп келуі және олардың біршама саяси, экономикалық жағдайы тұрақты қоғамда өмір сүруі жаңа этностың алғашқы кезде политном кейін этноним ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді.

Ноғай Ордасының негізін қалаған Мұсаның қайтыс болған уақыты жөнінде деректер сақталмаған. Тарихшылар бұл датаны 1502 жыл деп есептейді [39, 82]. Оның қайтыс болуымен Ноғай Ордасы тарихының жаңа кезеңі басталды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет