« Құрметті Қорған!
Хатыңызға кеш жауап беріп отырғаныма кешірім сұраймын, демалыста болдым. Сіз Аманкелдіні өлтіргендердің бірі Міржақып Дулатов еді,-деп оның есімінің ақталуына қарсы шығасыз. Шынында Алашорданың Амангелдіні өлтіргені рас. Бұл оқиға 1919 жылдың майының 18-нен 19-на қараған түні болды. Ал 1919 ж. апрель айында, одан қалды декабрь айында Алашорда қозғалысына қатысушыларға амнистия /кешірім/ жарияланды. Сол кешірім бойынша совет платформасын қабылдағандардың бірі М.Дулатов. Қадірменді Қорған Өзіңіз ойлап көріңізші атақты Куприн ақ гвардияшылар қатарында болды, Парижге жер ауып совет өкіметіне лағнет айтты, ал совет өкіметі болса оны кешіріп барлық еңбектерін жариялады. Ал, біз неге қазақтың ат төбеліндей интеллигенциясының баршасына лағнет керек, олардың баршасы Алашорда қозғалысына қатысты десе болады.
Міржақып Дулатовтың кінәсі де аз емес, оны біз Қазақстан тарихында айтамыз, сонымен қатар, оның тұңғыш роман жазғанын, патшаның отаршылдық саясатына қарсы шыққанын, кезінде Амангелдіні жоқтап мақала жазғанын айтуға парыздармыз. Адам бұл дүниеге келеді, кетеді, бірақ оның орны халық қазынасына берген мұрасымен есептелсе керек. Осы тұста Мержақыптың «Оян қазағы» дер кезінде Сәкенді де, Сәбитті де, Бейімбетті де оятқаны хақ. Оның есімі отаршылдықтың саясатына қарсы күрескен қауымның аузында болды десек қателеспеген болармыз. Өмірінің екінші сәтінде ол баррикаданың арғы бетінде Совет өкіметіне қарсы күресті. Ал күресте оқ атылады, қылыш шабылады, қан төгіледі, біз оның бұл кездегі істеген қылмысын ақтап алудан аулақпыз. Мержақыптың Алашорданың соғыс советін басқарғаны рас, ол Советтің Амангелдіні өлімге кескені рас. Мержақыптың сол Советтің мүшесінің бірі есебінде кінәлі екені де рас, бірақ шешім ауызша қабылданған, жазба дерек жоқ, ендеше Мержақыпты ешкім қолынан ұстап ала алмайды, тек жанама дәлелдермен айыптай алады. Сондықтан да Орталық Комитеттің шешімінде де Амангелдінің өліміне Мержақыптың қатысы туралы үзілді-кесілді дәлел жоқтығы айтылған. Қорыта айтқанда Міржақыптың өмірі үш кезеңнен тұрады.
1-ші кезеңі - Отаршылдыққа қарсы күрескен бостандықты аңсаған елдің өкілі.
2-ші кезеңі - Алашорда қозғалысына қатысып, қолына қару алып, Совет өкіметіне қарсы күресуі.
3-ші кезеңі - кешірім алып, кінәсін ақтауға тырысу, еліне халқына қызмет етуге талаптанған жылдары. Біз Міржақыптың өмірінің 2-ші кезеңін айыптай отырып, өмірінің қалған екі кезеңдегі пайдалы істерін, халыққа берген мұрасын көрсетуге қарыздармыз. Бұл өскен, елдің белгісі, оның азаматтық төл ісі болса керек. Біз М.Дулатовтың жеке өміріне міне осылай диалектикалық тұрғыдан қарауға міндеттіміз. Есіңізде бар шығар Ленин Плехановтың 5-6 жылдық өмірін айлап бөледі, оның большевик болғанын, меньшевик болганын, «ярый меньшевик», тағы басқа жойымпаз болғанын ойлап анықтаған, бізде Дулатовтың өміріне солай қарауға міндеттіміз. Маркстік-лениндік ғылыми-методология өмірдің жақсылығын, жамандығын, ащысын, тұщысын бірдей қарауға міндеттейді. Өлең сөздің бір сөзін алып тастауға болмайды.
Сәлеммен Манаш Қозыбаев
12 қазан, 1989 жыл.»
Иә, ол азаматтық соғыс жылдарының оқиғасы. Оның өзге соғыстан көрі қасіретті және әділетсіз, сондай-ақ кешірілмейтін кекке толы болатыны да сол.
Өкініштісі, «халықтық кек» мұнымен де аяқталмаған. «Қыпшақтың ханы» Әбдіғапар Жанбосыновты «өз қанын сатқаны үшін» қандастары ұстап беріп, атылған. Ал Омар Алмасовты кеңестен баспаналап жүрген кезінде А.Байтұрсыновтың ауылы «Ақкөлде» ата кегін қуған азамат ... аңдып жүріп атқан. Бұған Кейкінің Санкт-Петербургтегі Кунст-камераның Ақ теңіз жағалауындағы бассүйектер қоймасында жатқан Кейкі батырдың біз көрген бас сүйегін қосыңыз. 1922 жылы Ж.Аймауытов аштарға көмек ретінде 8 000 бас мал жиып, Торғайдағы аштыққа ұшырағандарға бөліп береді. Ол үшін арнайы комиссия құрылады. Сол кезде тағы да «қыпшақ –арғын майданы» басталып: «Алашорданың» мүшесі Аймауытов малды алашордашылардың туысына бөліп берді деп, екінші жақтағылар Ә.Жагелдиннің туысына бөліп берді деп сотқа арызданады. Трегеу ісі төрт жылға созылады. Малды айдап келгендердің еңбекақасы мен ішер тамағына бөлінген 9 қара мал Ж.Аймауытовтың мойнына мінеді. Айыбы: олардан қолхат алып, мөр бастырып, куәландырылмағандығы. Тура осындай «қайтарылған немесе қайтарылмаған кектер» жоғарыда біз атаған қазақ аудандарында әлі де орын алып отыр. Мен көзім көрмесе, өз құлағым естімесе, құжатты көрмесем, мұндай обал сөзге бармас ем. Сондай сәттердегі сырқыраған сай сүйегімнің шаншуы әлі басылған жоқ. Ертеңгі күннің есінде жүретін ескертуім бұл.
....?......?........?
Ал Әліби Жанкелдиннің тергеу еомиссиясының қорытындысы бойынша Аманкелдінің өліміне Мұзафар Қасымов, Әбдіғапар хан Жанбосынов (қыпшақты көтермегені үшін) жауапты деп табылып, атылған. Бірақ ешқайсысы да Аманкелдіні туралап атқан адамды білмейді. М.Денисов айтқан деректерді: сол үйден Таранның сыртқа атып шыққанын, оның өзінің Аманкелдінің қасында қалғанын, ертеңінде ғана комиссардың өлтірілгенін естігені «ескерілмейді».
Біздің ойымызша бар кілтипан осы арада. Балтық жағалуындағы ұлттық мәселені тез әрі большевиктік жолмен шешу мақсатында Лениннің «революция мүддесі үшін» қызыл әскерлерді бір түнде латыш атқыштарына қырғызып салғанын, ал ертеңінде «мұны істеген ұлтшылдар» деп жариялап, сол күні-ақ бар келісімді бұзып, олардың бірін қалдырмай көзін жойғаны еске оралады. Мұндай арандатудың шебері Каширин сол кезде де төтенше бөлімнің бастығы болатын. Турал сол күндері «Алашорда» қайраткерлеріне кешірім жасау туралы декрет дайындалып жатқан. Қалайда оның алдын орап, Имановты құрбандыққа шалу арқылы алашордашыларды бір түнде қырып тастап, «революциялық жүкті жеңілдетіп», «түсініспестік болды» деу мақсатымен жүзеге асырылған құпия операция. Демек: Таран «көтерілісші» ғана емес, ол арандатушы тұлға. Жасырын келіп Имановты өлтіруге Кашириннен, ол Сталиннен, ол ма ...ол Лениннен тапсырма алған. Әйтпесе, Таран кешкі апақ-сапақта неге жасырынып келеді? Сырттағылар аласапыран, айқай-шу шығарған. Соны пайдаланып Таран, не «эскадрон командирі», не Денисов бұйрықты орындаған. Олардың ескермегені – «Алашорда» әскерінің әлі де қарсылық көрсету мүмкіндігі сақталғаны, олардың да барлау жүйесінің жақсы жұмыс істейтіндігі. Тіпті дәл осылай болмаған күнде де Ивановтың мойындағанындай «қанқұйлы қылмыскерді» жалдауы да мүмкін. Енді ол «техникалық» мәселе. Мәселе – кеңес чекистерінің Колчактың «бес жүз қазақ интелигенциясын атып тастаса, қазақ даласы кесілген бас сияқты қолымызда бос қалады» деген «тапсырмасын» орындауға ұмтылуында. Бұл – біздің ғана жорамалымыз емес. Кеңес тұсында да құпия түрде талқыланған мәселе және ол талқылауға тікелей Сталиннің өзі араласқаны: «Имановты азамат соғысының батыры есебінде таныту қажет» деген сөзі құжаттармен дәлелденген шындық. Алайда бұған да жорамал деп қараруға негіз қалайтын, Торғайдағы «Алашорда» бөлімі Әсери кеңесінің соңғы майдан қимылдарынан мағлұмат беретін 1919 жылы 24 маусым күні Бас қолбасшы Колчакка жолдаған есепті мәліметінде мынадай мағлұмат бар:
«...Аталған уездердің өкілдері «Алашорданың» облыстық кеңесінен оларды кеңес өкіметінің талан-таражынан құтқаруды өтінді. Большевиктердің тонауы мен зорлығы туралы арыздарына қарағанда Торғай мен Ырғыз уездеріндегі большевиктердің ұзақ орнығуы оларды барлық мал басынан, мінетін аттан айыратыны анық болды. Сол қауіптің алдын алу үшін «Алашорданың» Торғай облыстық бөлімі өзінің жігіттерімен 1919 жылы ақпанда Торғай уезіне бет алды, жолай жігіттердің құрамын жаңа жасақтармен толықтырып, содан кейін Ырғызға жорық жасау көзделді. Көктемгі қызыл су жүріп жатқан қиын жағдайда жүздеген шақырымды азаппен басып өтті, қатарын жаңа жасақтармен толықтырды, сөйтіп сәуір айында «Алашорда» Торғай қаласын алды, әскери комиссарын тұтқындады, кейін атылды. Сөйтіп, Торғай уезіндегі кеңес өкіметі құлатылды, қалалық және жергілікті басқару құрылымы қалпына келтірілді, бұл арада адмирал Колчак бастатқан Бүкілроссиялық уақытша өкіметі жарияланды. Торғай қаласы алынған күннің ертеңінде, яғни, 20 сәуір күні Қостанайдан құрамында 400 адамы бар қызыл армия бөлімі келе жатыр, отрядтың бастығы Қостанай аткомының төрағасы Таран екен – деген хабар келіп түсті. Біздің барлаушылардың мәлімдеуінше: Торғайға бет алған отряд – Қостанай қаласы мен уезіндегі көтерілісшілер екен, Торғайды алып, Ырғыздағы Ақтөбе майданымен қосылмақ екен, отряд бастығы Тарандың түрмесінде жатқанда Қостанайдың переселендері босатып алыпты 21 сәуір күні «Алашорда» бөлімінің жігіттері Қостанайдан Торғайға келе жатқан Таранның отрядын Торғайдан 40 шақырмдай жерден күтіп алды. 22 сәуір күні барлық отряд мүшелер, жиыны 337 адам қарусыздандырылды, Таран бастатқан басшылары – 30 адам тұтқындалды, кейін атылды. Таранның қарусыздандырылған отряды Атбасарға жөнелтілді» – деп хабарлады. М.Дулатов пен М.Есполовтың көрсетіндісінде айтылғанындай, Колчактың қанқұйлы әскерінің бетін қайыру және қазақ даласын қырғынға ұшыратпай, одақтас деп жұмсақ қарауыт үшін болған оқиға өсіріліп жазылғаны байқалады. Әйтпесе, кеңес өкіметі жағына шыға отырып, А.Байтұрсыновты кепілдікке бере отырып, мұндай операцияны жүзеге асыру оның көсемі А.Байтұрсыновқа қаратыылған арандату болар еді. А.Кенжин 1922 жылы 16 қазан күні Өлкелік обкомның президиум мәжілісіндегі тексеруде: «Кенжин жолдас: отрядтың қарусыздандырылуы мен атылғаны туралы ештеңе білмеймін. Көтерілісшілердің отрядын қарусыздандырған жасақ бастығы Қасимов. Мен құрылтайда бөліініп кеткен топпен бірге «Алашорданы» іштен ыдыратуға барғамын. Сол үшін де Қаратілеуов екеумізді «Алашорданың» батыс бөлімі большевик есебінде заңнан тыс деп жариялады» – деп (сонда, 3 том, 1 кітап, 120-бет) түсінік берді.
Біз үшін А.Кенжин қай жақтың барлаушысы болса да бәрібір. Оның бұл жауабын амалсыздың жанталасы ретінде бағалаған дұрыс. Назар аударатыны – Имановты тұтқындаған Мұзафар Қасымов деп нақты көрсетіп отырғандығы. Ұзамай Қасымовтың өзі де дұшпандарының қолынан атылды. Иә, дүние есесі дүниеде кетпейді. Академик М.Қозыбаев айтқандай, ол – азаматтық соғыс. Ал соғыс құрбандықсыз болмайды. Сол сияқты кез-келген құрбандық та өз құнын ақтамайды. Алланың берген жанын Алланың өзі ғана ала алады.
Бұдан кейін тергеу ісіне Д.Әділевтың берген жауабы хатталған. Онда Ахметсафа Юсуфов пен Жүсіпбек Аймауытовтың, оған қоса Сұмағұл Садуақасовтың „өзі білетін өмір еп. қайраткер” ретінде шолу жасайды. Мұнда айтылған жайларға тергеу істерін талдау барысында нақты тоқталатын болғандықтан да бұл арада мазмұндап жатуды артық көрдік. Онда 1922-ші жылы ашаршылықа ұшыраған Торғай еліне Семей өңірінен мал. айдап барған Жүсіпбек Аймауытов пен Ахметсфа Юсуфовты жалған жаламен сотқа тартылғаны оқиға туралы баяндайды. Д. Әділев М.Есболовтың өміріне шолу жасап „саяси баға береді”. Қалған жайларды Есболовтан еп.ац еп. „тарихи шолу жасайды”. Сөзінің соңын: „Голощокинге қастандық жасау туралы ойымды Дулатовқа айттым. Ал Бөкейханов болса, Москвадағы, Орынбордағы террористердің батыл қимылдайтынын, қазақ қызметкерлерінің ондай әрекеттен қорқатынын бізге айтты. Маған Голощокинге қастандық жасау туралы ой сол кезде түсті” –деп „ағынан жарылады”.
ЕКІНШІ ТОПТЫҢ ЖАУАПТАРЫ
ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДОВ
1930 жылы 14 қыркүйек күні:
ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің Каз ССР бойынша өкілі Попов, 58/7 58/33 59/3 баптары бойынша айыпталған Мұхамеджан Тынышбаевтің үстінен қозғалған №2370 істі қарап шығып, осы істе тергелетін қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымының мүшесі ретінде 1883 жылы Гурьев округінің Қызылқоға ауданында туған, Алматы қаласының тұрғыны, ұлты қазақ, шаруадан шыққан, жоғары білімді, мамндығы дәрігер, КазГУ–дің профессоры, партияда жоқ, үйленген, қарамағында асырайтын 5 адамы бар, 1920 жылдан Қазақстанда тұру құқы шектелген, сотталмаған және тергеуде болмаған Халел Досмұхамедовті – астыртын ұйымға белсене қатысқаны үшін, өкімет пен партияның Қазақстанда жүргізген шаралары мен науқандарына бөгет жасау үшін жерге орналастыру, мәдени-ағарту мен оқу орындарындағы, баспасөз мекемелеріндегіқызметкерлерді өз ықпалдарында ұстағаны үшін, Орта Азиядағы басмашылар қозғалысына жетекшілік еткені үшін, сондай ұйымды Қазақстанда құруға ұмтылғаны үшін, көмек алу үшін шет елмен байланыс жасағаны үшін, соның ішінде капиталистік елдерден қару алуға ұмтылғаны үшін, сөйтіп ақырында кеңес өкіметін құлатып, оның орнына буржуазиялық –демократиялық мемлекет орнатпақ болғаны үшін ҚІК –нің 128 бабына сәйкес» Халел Досмұхамедовті, Шынәлі Мұсаевпен, Серікбай Ақаевпен бірге тұтқынға алу туралы қаулы шығарған.
Ерекше назар аударатыны – Әлихан Бөкейхановтың, Халел Досмұхамедовтің, Жаһанша Досмұхамедовтің, Иса Қашқынбаевтің, Кәрім Жәленовтің, Беркінғали Атшыбаевтің Қазақстанда тұруға құқы болмағандығы. Ал бұларға тағылған айыптың бастысының бірі «кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйым құру үшін Ташкентте бас қосты» деген айып. Сонда олар қайда өмір сүру керек? Не Троцкий сияқты шет елге эмиграцияға аударылуы керек, не қазақ тұрғыны көп Түркістанды таңдауы тиіс болды. Сонда оларға ауада асылып тұрып өмір сүру қажет пе еді?
1930 жылы 6 қараша күні айыпталушы Халел Досмұхамедовтен алынған тергеу жауаптарының хаттамасы
«1). Ташкенттегі қазақ зиялыларының контрреволюциялық ұйымы бізге дейін де болуы мүмкін. Оған біз қатысқан жоқпыз. Ал Жаһанша Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев қатысқан ұйым 22-жылы құрылды да 24-жылдың басына дейін жұмыс істеді.
2).Ұйымның құрылуына шығыс Бұқарадағы оқиғалар мен Заки Валидовтың, Әнуар пашаның келуі ықпал етті. Екінші жағдай: Мәскеудегі оқиғалар және Болғанбаев пен Әділевтің келуі итермеледі. Егерде қазақ коммунистері әлсіздік көрсетіп, еурпалықтардың алдында дәрменсіздік танытпаса, қазақтардың мүддесін қорғай білсе, мүмкін онда бұл ұйым құрылмайтын да еді. Сондықтан да мұндай үстемдік пен өктемдікке қарсы біліміміз бен күшімізді пайдаланып, ұйымдасқан түрде күресу үшін ұйым құру қажеттігі туды. Бұл тұрғыдан алғанда коммунистер де бізді қолдады. Ұйымның алғы шарттары осындай.
3).Сұраққа жауап: Ұйымның құрамында Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедов, Тынышпаев, Есполов, Әділев Дінмұхамед, Қашқынбаев Иса, Бірімжанов және Жәленов болды (Өзбектерден кім бар еді? –деген сұрақ жауапсыз қалған – Т.Ж).
4) Сұраққа жауап: Мен – Халел Досмұхамедов, Түркістан республикасының Оқу-ағарту халық комиссариятына қарасты ғылыми комиссияның төрағасы болып қызмет атқардым. Жаһаншаның қайда істегенін білмеймін, ол жалпы заңгер ғой. Тынышбаев пен Есполов Жер жөніндегі комиссариятта істеді. Жәленов Түркістан университетінің студенті, Қашқынбаев ординатор-ұйымдастырушы болды. Әділевтің не істегені маған белгісіз.
5) Ұйымға мүше ретінде орталыққа жақсы таныс, кепілдік бере алатындай зиялылар тартылды. Төралқасына бес адам сайланды. Әділев: еп.а өзіне жақсы таныс бір адамды тартуға ерікті болсын – деді. Бұл ұсыныс қазақтардың дәстүріне жат болғандықтан да қабылданбады. Біз коммунистерді іске тартпадық, оларға айтқамыз да жоқ. Негізгі міндетіміз – өзімізге етене таныс зиялыларды ұйымға тарту еді. Түркістандық зиялылардың ішінен Тынышбаевті ғана тарттық, одан басқа ешкімді танымайтынбыз. Біз оның өзімен қоса онымен рулас туыстары да біздің соңымыздан ереді деп үміттендік. Жалпы ауылдық жерлерде рулық белгі басты қызмет атқарады, бұл арада ол біздің ұйымға да өз септігін тигізеді деп ойладық.
6) Сұраққа жауап: ұйымның саяси және экономикалық бағдарламасына келетін болсақ, бізге – жалпыға ортақ сайлау құқығына негізделген Халықтық Ұлттық Демократиялық Республика керек деп есептедік. Мемлекеттік өкілетті заңды орган – Парламент болуы тиіс. Президенттік басқару мәселесі талқыланған жоқ. Ауыл шаруашылық мәселесіне келетін болсақ, онда міндетті түрде реформа жүргізілуі тиіс. Біз: жерге міндетті түрде мемлекеттік меншік орнауы тиіс, жерге жеке меншік жойылуы керек. Егерде жер билігі мемлекеттің қолыңда болса, онда байлар мен феодалдарды қысып ұстауға болады. Оның есесіне біз европалықтардың жерге қоныстануына қарсы болдық. Жерді ең алдымен еңбек шартымен жергілікті халыққа бөліп беру керек. Қашан қазақтар шаруашылыққа бейімделіп, жерді өзара толықтай игергеннен соң ғана қоныс аударушыларға тедімге рұқсат етуге қол жеткізуге болады. Мал шаруашылығы саласында қалыптасқан шаруашылық үрдісін сақтау, қуаң және жартылай қуаң жерлерді суландыру, су реформасын жүргізу, өнеркәсіпті дамыту мәселелері алға міндет етіп қойылды. Ұйымның бағдарламасын мен, Жаһанша Досмұхамедов және Тынышбаев жасады. Бағдарлама кімде сақталғаны есімде жоқ, Әділевте ме, жоқ, Жәленовте ме, білмеймін.
Ұйымның басты құрылымы екі жағдайды ескере отырып қарастырылды: бірінші, кеңес өкіметі құлаған жағдайда, екінші Әнуар паша жеңілген жағдайда не істеу керектігі басты назарға алынды. Бірінші жағдайда – кеңес өкіметі құлаған жағдайда Қазақстан демократиялық-федеративтік республика дәрежесінде Түркістанның негізгі бір құрылымы ретінде өмір сүреді. Ал екінші жағдайда: Қазақстан Түркістанның құрамына кірмейді, ССРО-ның құрамына дербес республика ретінде кіретін болады деп ұсыныс жасалды. Біз ол кезде сіздердің федерация туралы шешімдеріңізді білмейтін едік, ол кезде Түреістанды өзбек басшылар билеп-төстейтін, жобаны жасаған да солар болатын. Қазақтардың өзбектермен аралас тұратынына қарамастан, біз өзбектердің бұл ұсынысына мүлдем қарсы болдық. Өйткені біздің басты мақсатымыз – барлық қазақтың басын қосу болатын. Біз тіпті қытайдағы қазақтарды да қосып алудың жолын қарастырдық. Әрине, олар өздері мекендеп отырған териториясымен қазақтың құрамына кіру керек деп есептедік. Бұл жоспар сол қиял күйінде қалды, іс жүзінде еш нәрсе де атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгісіз. Жат жердегілердің жағдайы өте ауыр күйде, өмір сүру дәрежесі төмен, сондықтан да бірігуге қарсы бола қоймас деп ойладық.
Марсековтің Шығыс Түркістанға өтіп кеткенін естігемін, бірақ онымен ешқандай байланысым жоқ. 22-жылдары Шығыс Түркістандағы (жауапта Шығыс Қытайда деп жазылған, ал бұл өңір негізінде Қытайдың батыс өлкесі болып келеді –Т.Ж.) жағдайды талдап, ұсыныс жасау үшін онымен байланыс жасау ісі Тынышбаевқа тапсырылды. Ол Семей арқылы хабар салып, Орынбормен байланысуы тиіс еді. Бұл мәселенің қалай аяқталғаны дәл қазір есімде жоқ. Алайда бұл біздің басты мақсатымыздың бірі болатын.
7) Күрес тәсілі мынадай: біз, яғни, ұйым мүшелері кеңес өкіметінің барлық құрылымына қызметке кіріп, осы бағдарламаны жүзеге асыруға ықпал ету болатын. Соның ішінде сіздердің ірі орындарда отырған қызметкерлеріңіздің ара салмағына талдау жасап, есепке алу да (қанша адам, қайда, қандай дәрежеде жұмыс істейді дегендей) міндет етіп қойылды. Саяси бағдарламаның басты бір тармағы – ұлыдержавалық шовинизм мен патшалық қанаудың сарқыншағына қарсы күрес жолына арналды. Партияда жоқтар мен коммунистердің, соның ішінде ұлы державалық-шовинистік өктем саясатты ұстанатын барлық еуропалық коммунистердің іс-қимылдарына талдау жасап отыру ұсынылды. Ұлы державалық шовинизмге қарсы күресіп жүрген еуропалық коммунистермен етене байланыс жасап, олардың атқарған шараларына көмектесіп отыру, ұлттық коммунистермен де тығыз байланыс орнатып, солар арқылы сіздердің саяси, экономикалық бағдарламаларыңызға ықпал ету тактикасы алға қойылды. Интервенция мен шет ел державаларының әскери көмегіне сүйену мәселесі талқыланған жоқ.
8) Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастыру мәселесіне келетін болсақ, егерде Әнуар паша мен Заки Валидовтің әскері Ташкентке шабуыл жасаса, әрине, оларға көмектесуге тиісті болдық. Біздің жағдайымызда мұны (көтерілісті –Т.Ж.) жүзеге асыруды армандауға да болмайтын. Өйткені біздің бәріміз де сырттан келгендіктен де, жергілікті тұрғындармен байланысымыз жоқ еді және тұрғындар да ұлттық тегі жағынан құрама болатын. Сондықтан да жарытып ештеңе атқара алмадық.
9) Алдында айтқанымдай, Германияға оқуға кеткен студенттерге: олардың қолында біздің ұйымның мүшелік билеттері болуға тиісті еді әрі олар үкіметтің ұсынысымен оқуға жіберілгендерін айта жүруі керек – деп ескерттім. Оларға мен ешқандай тапсырма бергемін жоқ...Мүмкін Орынбордағы ұйым тапсырма берген шығар. Мұстафа Шоқаймен ешқандай байланысымыз болған емес. Ол біздің жақтасымыз болып есептеледі, алайда шын мәнінде ол біздің жақтасымыз болып табылмайды, өйткені ол ішкі күрестен шеттеп кетті.
10) Ұйымның тұрақты қаражат қоры болған емес. Қаражатты кім жинағанын есіме түсіре алмай тұрмын. Бірімжанов Бұқараға жүрер алдында ақша жинадық. Заки Валидовпен жолығуға барарда Әділевке де ұйым мүшелері өзара келісіп 25-30 сомнан қаражат жидық.
11) Басқа республикалардағы контрреволюциялық ұлтшыл ұйымдармен байланыс былай жүргізілді. Мысалы Орынбордағы ұйыммен бастапқыда Байтұрсынов арқылы хабарласып тұрдық. Бұл ұйым өзінің өкілі ретінде Байтасов пен Сәрсеновті ұсынып, барлық мәселені солармен кеңесіп шешуді тапсырды. Одан басқа нұсқау болған жоқ. Жаз айында мен, Тынышбаев және Жаһанша Досмұхамедов үшеуміз өзара ақылдастық. Менің білуімше Орынбордағы ұйым өзінің жұмысын ертерек бастаған сияқты. Олар өз істерін бізден дербес жүргізді. Түркістан майданындағы жағдайдың күрт құлдырап кетуіне байланысты біз де (Жаһанша Досмұхамедовті, Тынышбаевті және өзімді айтып отырмын) тыныш жатып, бассауғалауды дұрыс деп шештік. Жастардың арасында «Алаш» бағдарламасына іш тартатын ұйым бар деп естідім. Біз олардан мәселенің анық-қанығын біліп беріңдер деп тапсырма бердік, бірақ та Байтасов пен Әділев жүрексінді ме, ештеңе айтпады. Орынбор мен Ташкент ұйымдарының арасындағы байланысты Байтұрсынов арқылы жүргізеді, оған Әділев байланысшылық етеді десті. «Алашорданың» бағыт-бағдарындағы (жетекшілері Байтұрсынов пен Сәрсенов) ұйым жұмысын баяндайтын құжаттардың ешқайсысы да сақталмады. Орынбордан Қызылордаға келгенімде алашордашылардың ешқайсысымен сөйлескемін жоқ. Бұқара қаласында өзбектердің осындай ұйымы бар екенін, ол үкіметті Исымов Қаримен 23-жылы таныстым. Бірақ біздің ұйым олармен байланыс жасаған жоқ. Ол жадидтік бағытты ұстанады, үлкен әрекетке қабілеті жетпейтін. Әнуар паша мен Заки Валидовтің бағдарламалары қандай, не ойлағандары бар, нені мақсат етеді, қазақтармен қарым-қатынастары қандай, соны білу үшін Бұқараға Бірімжановты жібердік. Біз екі республиканың аражігінде тұрмыз, сондықтан да біздің мақсатымыз Қазақстан мен түркістандық қазақтарды біріктіру екенін білдірдік. Бірімжановтың Бұқарадан қайтып келгеннен кейінгі жауабы маған белгісіз. Кейін Әділевтің де басмашыларда болғанын естідім. Бірімжанов пен Әділевті Орынбор ұйымы 22-жылы жіберіпті. Екі республикадағы ұйымның өзара байланысы болған жоқ.
12) Менің және ұйым мүшелерінің айналысқан қызметіне келетін болсам, мен ғылыми баспаны басқардым. Соның ішінде қазақ тілінде көптеп кітап шығаруға ерекше көңіл бөлдім. Сонымен қатар Оқу-ағарту халық комиссариятында да қызмет атқардым. Тынышбаев Жер жөніндегі комиссариятта істеді, Қашқынбаев денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жұмыстарымен айналысты. Бірімжанов «Ақ жол» газетінде, ал Жәленов пен Әділев жастармен жұмыс істеді. Бұрын Түркістанда жарияланбаған оқулықтарды аударып бастық. Зоология, табиғаттану, анатомия, адам физиологиясы бойынша пәндік оқулықтар жарияланды. Қазір де сол оқулықтар басшылыққа алынып оқытылады. Олар кеңестік мектептердің бағдарламасы бойынша, эксперттердің пікір білдіруімен жарияланды. Ұлтшылдықтың ешқандай белгісі де жоқ. Сонымен қатар халық әдебиетінің үш томдық жинағын шығардым. Әрине, онда маркстік талдау жетіспейтін. Мен халық әдебиеті туралы бірнеше кітапты қарастырып шықтым. Үш оқулық орыс тілінде жазылды. Сыншылар: оқулықтарда ұлтшылдықтың салқыны бар. Ол ұлтшылдық көзқарсын оқулықтар арқылы студенттерге насихаттап, өз ойын өткізіп жіберуге тырысты – десті. Алайда оған менің мүмкіндігім болған жоқ және бақылау да күшті болатын. Менің Ташкенттегі мәдениет саласына араласқан кезімде 25 атаудан астам кітап қазақ тілінде жарық көрді. Мен кеткеннен кейін бір кітап та шыққан жоқ. Бұл кітаптардың барлығын да ұлтшылдар жазған, солар аударған. Бұл оқулықтарда біздің бағдарламамыздың қазақ халқына қатысты негізгі мәселелері (тұрғылықты халықтардың саны, жер және басқа да мәселелер туралы) түсіндірілді.
Жер мәселесі туралы нақты ешнәрсе айта алмаймын. Бұл мәселемен мүлдем таныс емеспін. Ал жастармен Жәленов пен Әділев тікелей жұмыс істеді. Олардың нақты міндеттері болды. 25-жылға дейін комсомол ұйымы құрылғанша жұмыс істеді...
Достарыңызбен бөлісу: |