Мазмўны сабырова З.Ќ., Сатбекова А. А



бет11/21
Дата17.06.2016
өлшемі1.84 Mb.
#143249
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21

АУДАРМА ӨНЕРІ ТУРАЛЫ
Сапар Г.С. – аға оқытушы (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)
ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ тілінде тамаша, көркемдік дәрежесі жоғары аудармалардың пайда болуымен ерекшеленеді.Ұлттық аударма саласын қалыптастыру ісіне Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтар ат салысты.

1937 жылы дарынды аудармашылар ұсталып, сотталып, айдалып, атылып кетті. Ұлтшыл-алашордашылар ақын-жазушылардың отызыншы жылдардың өне бойындағы аудармаларын жариялауға рұқсат етілмеді. Мысалы, Ахмет Байтұрсынов мен Жүсіпбек Аймауытов аудармалары 1928 жылдан кейін қасақана аталмай келді. Осы аса көрнекті қайраткерлердің аудармалары ақталғаннан кейін 1989 жылдан бастап мерзімді баспасөз беттерінде жарық көре бастады.

Алғаш рет аударма жинақ бастыру ісін бастаушы болған А. Байтұрсынов, И.А.Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Сонымен қатар «Маса» жинағының алғашқы басылымына Пушкиннен аударылған «Ат», «Данышпан Олегтің ажалы» өлеңдері, «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш» ертегілері енгізілген.

Шәкәрімнің бізге белгілі аудармалары мыналар: А.С.Пушкиннен аударған «Дубровский әңгімесі», «Боран», Л.Толстойдан аударған «Асахардион Лаэли», «Пси-жи-ган-хан», «Ұждан», «Қолшатыр бұйрығы», «Үш сауал», «Криз патша» шығармалары.

Қазір Ж.Аймауытовтың аудармасымен басылған Гогольдің «Бақылаушы», А.С.Пушкиннің «Тас мейман», «Сараң сері», А.Дюманың «Дәмелі», Дж.Лондонның «Телегей теңіз», К.Берковичтің «Өрбике», С.Чуйковтың «Тау еліндегі оқиға» атты шығармалары табылып отыр. Олардан басқа В.Шекспирден, Г.Мопассаннан, Р.Тагордан, М.Горькийден аударған шығармаларын ол кезінде мерзімді баспасөзде жариялаған.

Мағжан Жұмабаев Гетенің «Орман патшасы» өлеңін, Гейненің «Күннің батуы», М.Лермонтовтың «Сарғайып келген егін толқынданса», «Тұтқын» өлеңдерін, А.Феттің өлеңін, М.Горькийдің «Сұңқар жыры», «Жұртын сүйген жүрек», «Ана», «Темірді жұмсартқан ана», «Хан мен ұлы» әңгімелерін, Вс.Ивановтың «Сай», «Темірбай», «Жолығу» әңгімелерін, Мамин-Сибиряктың «Ақбоз ат» әңгімесін қазақшалаған.

Жоғарыда аталған аудармаларды талдағанда аудармашылардың қолына түскенді емес, қазақ тұрмысына қажетті деген шығармаларды іріктеп, белгілі жүйемен тәржімалағанына көз жеткіземіз. Мысалы, Байтұрсынов әрбір мысал соңында өзіндік қорытынды ой түйеді. Аударманың қазақ ұғымына лайықты, оқырманға түсінікті болу жағын көздеген ақын әрбір аудармасының соңынан ойын, айтайын деген өсиетін өз жанынан қосып отырады. Крылов мысалдағы оқиғаларға өз көзқарасын білдірмей, жасырын ұстаса, А.Байтұрсынов міндетті түрде түйін жасайды, оқырманын мысалдан қорытынды шығаруға итермелейді. Ал Мағжан Жұмабаев Горькийдің «Сұңқар жырын» түгел аудармай, оның бас жағы мен аяқ жағы, татар шопаны Рагиммен таныстыратын тұстарын аудармай кеткен. Горькийдің «Старуха Изергиль» әңгімесінен Данкоға қатысты тұсын аударып, «Жұртын сүйген жүрек» деп атын өзгерткен.

Екі тілді терең білген әрі биік ақындық дарынға ие аудармашылар басқа халықтардың туындылары ішінен қазақ ұғымына, тыныс тіршілігіне сай, көркемдігі басым, ғибраты мол, ой-сананы оятар, үлгілі түрлерін, қазақ топырағында жиі кездесетін жайттарды көрсетуге қолайлы, халық ұғымына жеңіл, тартымдыларын екшеп-іріктеп алып аударған. Олар аудармаларында шығарманы механикалық түрде қайталамай, оған ұлттық рең бере төл туындыға айналдыруға тырысады. Айтылатын ойдың салмақтылығына, қазақ оқушыларының жанына жақын да түсінікті, сезімін оятарлық дәрежеде болуына баса назар аударған. Ақындар аудармаларында сюжет сақталғанмен, еркіндік басым, қазақ тұрмысына жақын идеялар, заман тынысын танытатын жаңа ойлар айтылады. Аудармашылардың туындылары да, ондағы сөздері де қарапайым, ұғымға жеңіл, үгіт-насихат, тәлім-тәрбие түрінде болып келеді. Олар барлық туындыларында негізінде бір проблеманы, ел өміріндегі саяси әлеуметтік проблеманы, оқу-ағарту мәселелерін сөз етеді. Терең оймен жазылған төл туындылары оқушыны жақсылыққа, имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, ақ ниеттілікке, өнер-білімге жетелейді. Аудармашылар аударып отырған туындының мазмұнын сақтай отыра, оны қазақ рухына, қазақ өміріне, түсінігіне сәйкестендіріп берген.

Әрқайсысы өзі тұтас бір әлем деп айтуға тұрарлық ақындар аудармаларының тағы бір ерекшелігі – олар мәселені таптық шеңберге ғана бағындырмай, адамгершілік, ізгілік тұрғыдан келеді. Мысалы, қай ақыннан аударғаны белгісіз А.Байтұрсыновтың «Нәбік аты» өлеңінің негізгі арқауы кедей мен бай арасындағы тартыстан басталып, соңғы түйінінде кедейдің ішінде де, байлардың арасында да адамгершілігі мол, аталы сөзге тоқтайтын адамдар бар екені айтылады.

Туған халқын ағартуға ұмтылған қазақтың озық интеллигенциясының өкілдері көркем аударма проблемасына ерекше ыждағаттылықпен қараған. Жүсіпбек Аймауытов «Аударма туралы» мақаласында аударудың принциптері туралы сөз қозғайды. Ол көркем әдебиетті аударғанда қарапайым адамға ұғымды ету мақсатын көздемей, мәдениетті жұрттың үлгісін, сөз қолданысын бар бояуымен, кестесімен бере білу қажеттігіне назар аударады.

Аударма өнері туралы Шәкәрім былай дейді: «Ақын-жазушы өзінің жазған тума шығармасына жауаптылықпен қару қажеттігі сөзсіз. Ал өте жауапты нәрсе – біреудің шығармасын аудару. Бұған өте шеберлік керек. Шығарманы аударушы адам сол шығарманың барлық мазмұнын түсінумен қатар, жазушының нәзік сезімін, шеберлігін, шығарманың қандай күйде, қандай рухта жазылғанын жақсы білу керек. Демек, аудармашы сол аударманың авторынан ой-санасы, сезімі төмен болса, онда аударма дәл болып шықпайды. Шығарма аударылғанда рухынан айырылып қалса, онда аудармашының жазушыға қиянат істегені болады» /Шәкәрім. Шығармалары. Алматы: Жазушы, 1988, 120 б./

Әдебиеттің көптеген жанрларында өнімді еңбек еткен Жүсіпбек Аймауытов көркем аударма жөнінен 20-жылдары әдебиетке араласқан қаламгерлердің қай-қайсысынан болсын озық тұр. Әдебиет сыншысы Смағұл Садуақасұлы Ж.Аймауытұлына «ол еуропалық жазушыларды еркін әрі жатық аударған», – деп кезінде лайықты баға берген екен («Молодой Казахстан» жинағы, Мәскеу, 1928, 7 бет). «Ревизорды» қазақшалаған Ж.Аймауытовтың ұлы Гогольдің шығармаларымен бірге оның актер шеберлігі мен режиссура жайындағы еңбектерімен таныстығы пьесаға жазған авторлық түсіндірмеден көрініп-ақ тұр. Ол болашақ қойылымның жекелеген сахналарымен бірге оның пластикалық шешімінің эскизін тайға танба басқандай сызып беріп отыр. Әр көріністің сахналық бейнелеу үлгісін, міндет-мақсатын, кейіпкерлердің қимыл-қозғалысын, бүгінгі тілмен айтқанда, мизансценаларына дейін анықтап берген.

Француз жазушы Фердинанд Дюшеннің «Тамилла» атты романын Ж.Аймауытов өңдеп, өзгертіп, өзінше керек емес деген жерлерін қысқартып аударған. Ол роман кейіпкері Тамилланы Дәмелі деп алып, оның басылуына «өзгертіп аударған» деп ескертеді.

Ахмет Байтұрсынов поэзиясының үлкен бір арнасы – оның аудармашылық өнері. А.Байтұрсыновтың «Қырық мысал» кітабы 1922 жылы қайта басылып жарық көрді. Мұнда басылған «Нәбік атты» өлеңі «Тәржіма» деп жазылғанымен, осы күнге дейін Тәржіма деген аты болмаса, төл шығармадай оқылады. М.Ю.Лермонтовтың «Мцыри», А.С.Пушкиннің «Балықшы мен балық», И.А.Крыловтың «Есек пен үкі» тәржімадан гөрі қазақ тілінде қайта жырлаған нәзира өлеңдер секілді. Бұл да 20-жылдар поэзиясы үшін А.Байтұрсынов бастап берген жаңа бір беталыс еді.

Бұл арада А.Байтұрсынов неге И.Крылов мысалдарын аударды екен деген сұрақ туады. Ол осы «Қырық мысал» жинағына жазған «Замандастарыма» деген өлеңінде:

Орыстың тәржіме еттім мысалдарын,

Әзірге қолдан келген осы барым.

Қанағат азға деген, жоққа сабыр,

Қомсынып, қоңырайма құрбыларым.

Бабы жоқ жұмыстағы мен бір арық,

Күн қайда үздік шығар топты жарып.

Ат тұрмас аяғында желі болса,

Дүсірлеп шапса біреу қиқу салып.

Бар болса сондай жүйрік қызар деймін,

Естілсе құлағына дүбір барып.

Әйтпесе арық шауып оңдыра ма,

Жүргенде қамыт басып, қажып-талып, – деп халқына басқа елдердің шығармаларындағы жақсылықтарды үлгі етіп алу керектігін айтқан. Тұспалдап, меңзей, ишарат арқылы сөйлеудің қазақ мінезіне үйлесімді екенін жақсы ұққан ақын осы еңбегі арқылы қазақтың зиялы азаматтарына қозғау салады.

Ақын аудармаларын талдау барысында А.Байтұрсыновтың өз мысалдарында ұлттық мақал-мәтелдерді пайдаланғаны анықталды. Мысалы, «Әлін білмеген әлек», «Халық айтса, қалып айтпайды», «Не ексең, соны орарсың», «Жазмыштап озмыш болмас», «Көз кетсе көзілдірік емі», «Ұялған тек тұрмайды», «Алланың адам басы добы», «Боларсың дұшпан түгіл досқа күлкі», «Аузыңды құрғақ қасық босқа қажар», «Сыйға - сый», «Садаға бастан құлақ», «Жақсылықты басыңа қыл, басыңнан асса, - деген, - досқа істеңіз» және т.с.с.

Байтұрсынов аудармаларында қазақ тұрмысына жат, сай емес есімдер қазақшаланған. А.Байтұрсынов орыс халқының Полкан, Барбос атты иттерін қазақтың Мойнақ, Жолдаяқ есімдерімен ауыстырды. Ал Васька, Степан, Демьян, Трофим, Клим қазақ өміріне бейімделіп, сахара тіршілігіне үйлестіріліп ақын аудармаларында Құрамыс, Көпбергенбай, Қисықбастарға айналған. Сонымен қатар мысалдардағы кейіпкерлер қазақи мінезімен, қазақ салтын сақтауымен, қазақша сөз саптауымен ерекшеленеді.

Мысалдың мазмұнын Крыловтан алады да, уытты қаруды өз халқының даналығынан, ана тілінің ішкі мүмкіндігінен іздестіреді және Крыловша дәл басып табады. Түпнұсқа мазмұнынан ауытқымай, соны өз сөзімен жеткізуге тырысқан ақын орысшасындағы көркемдік бөлшектерді түсіріп алмай, соншалықты ұқыпты беруге ұмтылған.

Крылов әр нақылын қысқалап қайырса, Байтұрсынов әр хикиясын тәптіштеп, егжей-тегжейлі баяндау машығын ұсынады.

Бірсыпыра мысалдарды аударғанда жалпы мазмұнын жадына түйіп алады да, соны оқиғалы қара өлеңге айналдырып, өз сөзімен баяндап береді. Нәтижесінде шығарманың негізгі өзегі өзгермесе де, көлемі өсіңкіреп отырады.

А. Байтұрсынов аудармаларының тағы бір ерекшелігі – Крыловта ғибратты сөз, мораль алдымен берілсе, А.Байтұрсыновта өлең соңында қорытындыланады.

ХХ ғасыр басында ұлттық аударма саласын қалыптастыру ісіне Шәкәрім Құдайбердиев те ат салысты. Шәкәрім аудармаларының ішіндегі ең елеулісі – «Дубровский әңгімесі». Шәкәрім Пушкиннің «Дубровский» хикаясын қазақ тіліне өлеңмен аударған. Біз бұл жерде «Дубровскийді» аударма деп отырғанмен, Шәкәрімнің өзі «аудардым» немесе «тәржімаладым» деген сөздерді қолданбайды. Бұл аударманың негізгі ерекшелігі – прозаны поэзиямен аудару. Повесть аудармасына 124 жолдан тұратын өз тарапынан берілген арнаулы ақын Пушкин шығармасын дәлме-дәл аударуды мұрат тұтпағанын, өз тұсындағы оқушы, тыңдаушы қауымының қабылдау дәрежесін ескергенін айтады. Аударманың еркін түрін қолданғанын автор «Жазбаймын дәл өзінше Пушкин сөзін» деп алдын-ала айтып алады. Қазақ ұғымына лайықталғанмен, Шәкәрім аудармасы повестің композициялық желісін толық сақтаған. Пушкин прозасын аудармашы қазақтың он бір буынды қара өлеңімен аударған. Аударманы талдау барысында ақын орыс сөздерімен қатар түпнұсқада кездеспейтін сөздер мен тіркестерді қолданғаны анықталды.

Шәкәрім Пушкиннің «Дубровский» повесін поэма етіп аударды (1924 ж.). Шәкәрімнің «Дубровский әңгімесін» аударма деп емес, тақырыпты қайта жырлау деп айтуға болады. «Аударманың бұл әдіс тәсілі бойынша аудармашы өзінен бұрын жасаған ақын шығармасының сюжет, фабуласын негізге ала отырып және ол шығарманы өз заманына, өз ортасына лайықтап қайта жырлайды», - дейді ғалымдар Қ.Алпысбаев пен Г.Қазыбек /Алпысбаев Қ., Қазыбек Г. Қазақ аудармасының теориясы мен тәжірибиесі. Алматы, 2001. 72 б./
ТҮЙІНДЕМЕ

В статье рассматриваются суждения об искусстве перевода, высказанные А.Байтурсыновым, Ж. Аймауытовым, Ш. Кудайбердиевым.


РЕЗЮМЕ

В статье рассматриваются суждения об искусстве перевода, высказанные А.Байтурсыновым, Ж.Аймауытовым, Ш.Кудайбердиевым.




ҚАЗАҚ ТАҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР БЕЙНЕСІ
Сарбасов Б.С. – ф.ғ.к., доцент м.а. (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)

Сарбасова И.С. – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі (ШҚО, Көкпекті ауданы, Көкжота орта мектебі)


Халқымыз жас ұрпақты оқытып – тәрбиелеу жайында небір сындарлы пікірлер айтқан. «Баланы сүйсең, тәрбиесін сүй», «Баланы мақтау жетілдірмейді, баптау жетілдіреді» – дейтін мақал-мәтелдер баланы құр «айналайын» дей бермей, оны адамгершілікке, имандылыққа, мәдениеттілікке баулуға ой тастайтын нақыл сөздер.

Қазақ тағылымының ұстанған негізгі бағыты – ата-бабалардың үлгі-өнегесі, ақыл-кеңесі, дүниеге шынайы көзқарасы, бостандыққа, еркіндікке, тәуелсіздік – дербестікке ұмтылысы. Бұл – алдан күткен арманы, ойға алған негізгі мақсаты. Тәрбие – ұрпақ үшін күрес құралы.

Қыз-келіншек, әйел-ана, әже-кейуана тағылымы өшпес із қалдырды. Ол – қазақ тілінің ана тілі деп аталуы. Мұндай жағдай қазақ әйелінің өзіндік қасиетін де, басқалардан айырмашылығын да танытады. Бұл – әйел қауымына көрсетілген зор құрмет! Әйелдер тек қана ерге ие емес, жерге де, елге де ие, олардың жасаған ісі, қалдырған ізі ақсақалдық мектептен ешбір кем емес, оның әманда тазалығына, жаңарып-жаңғыруына орасан жағдай жасады. Бұл тағылымды жоққа шығаруға немесе елемеуге болмайды!

М. Әуезов «Адамдық негізі – әйел» деген тұңғыш туындысын (1917 ж.) әйел тақырбына арнапты. Ғалым: «Адам баласы – тағы болып, еркегі хайуандық дәрежесінде жүргенде әйелден бала туып, ол балаларының бәрі де жастық, қорғансыздықтан анасының айналасына үйіріліп, үй ішінің бірлігін, одан туысқандық ұйымын адамшылыққа кіргізген – әйел» – депті /1/.

Ұлы ойшыл осы сөзімен әйел – қоғамның ұйытқысы екенін әйел еркіндікке жетпесе, адамшылық та күрмеулі болатынын қадап айтып, егер, қазақ, мешел болып қалмайын десең, бесігіңді түзе, әйелдің халін түзе! – деп сол тұстың да, қазіргі біздің заманымыздың да ең зәру идеясын ұсынып еді.

Қазақ елі ел болғалы, қазақ қазақ болғалы өмірбақи анасын сыйлап өткен. Ертеден келе жатан наным-сенімдердің түп тамыры да – ана. Аспанда Тәңірі, жерде Ұмай ана деп табынады қазақтар. Ұмай ана – Қамқоршы, жарылқаушы, демеуші, жанұя, отбасының пірі. Мұсылман дінінде бүкіл адамзаттың анасы деп, аналардың анасы деп Хауа ананы құрмет тұтады. Хауа ана – Адам атаның зайыбы. Мұхамед (с.ғ.с) пайғамбарымыз әйел затын аса биік бағалап: «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, тағы да анаңа, содан соң Отаныңа жақылық жаса», – деп өсиет айтып кеткен. Бүкіл түркі халықтарына ортақ «Құтты білікте» Жүсіп Баласағұн былай деп кеткен:



Әйел алмақ болсаң егер, қарарсың,

Жіті бағып таңдаулысын аларсың.

Жақсы болсын тегі, заты, ұрығы,

Пәк ұлтты болсын жанның тұнығы.

Дұрыс үйдің қызы ол, қол тимеген,

Сенен өзге еркек жүзін көрмеген.

Сені сүйіп басқа жанды білмеген,

Жаман, тексіз қылық істеп жүрмесін –

деген екен /2/. Қазақ әйелдері ерін, күйеуін бәрінен де биік санап, сыйлап өткен. Өйткені, ол – мал табарың, ол – айбат-қорғаның, ол – төбеңдегі – шаңырақ.

Осындай тәрбие, иман-адамгершілік, иба-көрегенділік, көрік-сымбат бар ма қазір? Бар әрине. Сырты сымбаттылар көп те, ибалы-имандылар аз. Себеп? Себебі, жат тәрбие, жат әдет-ғұрып, кірме қылық қазақ қоғамын өрмекшідей торлаған. «Қызға қырық үйден тыю» деген сөз бүгінде өз мәнін жоғалтып бара жатқан сияқты.

Қазақ тағылымының ортасы үй іші, аулы, руы, аймағы бүкіл атырабы. Осы ортаның бел ортасынан табылатын аналар мен әжейлер еді. Ана-әже-кейуаналардың қимыл-ісі, әрекеттері, ой-қиялы, бар арман тілегі, мақсат-үміттері, елжіреу-еміренулері келешек ұрпақ еді, сол ұрпақ жолында өлімге де басын байлайтын еді, адам төзбес қиындықтарды басынан кешіруге де даяр еді /3/.

Есімін мәңгіге қалдырған аналар қаншама! Олар сұлулықтың символы болды, оларды ерекше қастарлеген тұспалдар мен поэтикалық портреттер қаншама! Талай-талай ерлер сүйген қызының намысы үшін құрбан болмады ма?

Қазақ та ақын қыз да, ақылгөй де, батыр қыз да көп болған ғой. Білек күшімен, шешен тілімен, ақыл парасатымен үлгі болатын батыр қыздарымызға тоқтала кеткенді жөн көрдік:



Томирис – Тұран патшасы Афрасиябтың қызы. Патшайым болып ел басқарған батыр қыз.

Зарина – Сақ патшасының қыз. Ел тағдыры үшін өз махаббатын құрбан етеді. «Жеке басымның бақытын елімнің еркіндігіне айырбастай алмаймын. Махаббаттан да жоғары нәрсе бар, ол – менің елім», – дейді Зарина.

Бөрте ханым – Шыңғыс ханның әйелі. Қоңырат тайпасының қызы. Жат елдікке пенде болғанмен ұрпақ тәрбиесінде өз елінің ұлттық тағылымын меңгерте білген.

ГауһарҚабанбай батырдың жары, арғын – бәсентин Малайсары батырдың қарындасы.

Есенбике – Олжабай батырдың анасы, үйсін Қарасай батырдың қызы.

Назым – Қабанбай батырдың қызы. Айтолқын – Абылай ханның қызы. Бұл батыр қыздарымыз ұлттық намысты ту етіп, халық тағдыры үшін ерлермен бірге қан майданда ерлік көрсеткен батыл жандар.

Бопай – Кенесарының қарындасы, бес жүз сарбазды басқарып, Ресей отаршылдарына қарсы соғыста ерен ерлік көрсеткен батыр қыз.

Мамыр – Байқазы арғынның қызы. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» дастанындағы өжет қыз. Өз махаббаты үшін құрбан болған батыл қыз.

Еңлік – Қарабатыр-Ықан деген кісінің қызы. Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» дастанындағы батыл қыз. Нағыз махаббаттың мәңгі символы ретінде танылған өжет қыз.

Айбике – Бұланбай батырдың жары, барлаушы сарбаздардың басшысы болған қыз. Талай шайқастарда жауынгерлердің ұлттық рухын көтеріп, ерлікке шақырған батыр қыз.

Домалақ ана (Нүрила) – Бәйдібек бидің әйелі. Нүрила барлық адамдарға өте мейірімді, ақылды, әулие әйел болған. Домалақ ананың осындай қасиеттерін бүгінгі ұрпақ бойына сіңіріп өссе, онда келешегіміздің көкжиегі одан сайын кеңи түсер еді.

Қалампыр ана – Балуан Шолақтың анасы. Жазушы С.Мұқанов «Балуан Шолақ» романындағы аналар бейнесін қызықты етіп сомдаған. Өмірде өнегелі болған аналар бейнесі көркем өнерде жас ұрпаққа ғибрат берерліктей тәрбиелік маңызы зор.

Айша Қобыланқызы атақты Қожаберген жыраудың жары. Халқымыздың тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» кезең боп таңбалаған зұлмат замандағы қазақтың мұңы мен зарын, арманы мен аңсарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, дәуірдің дауылпазындай дабыл қағып, ерлік пен елдікке үндеген әйгілі «Елім-айдың» әнін шығарған батыл қыз.

Халықтың басына түскен осынау қайғылы оқиға Қожаберген жырауға «Елім-ай» дастанын жаздырса, оның зарлы әуенін Айша анамыз қарт Қаратаудың қанталапай болған өңірінде тұңғыш рет әуелетті. Ел анасы, халықтың ата жұртын аңсаған мұңлы әуені Айша анамыздың аузымен айтылып, осы өңірден қазақ жерін шарлап кетті. Қазақ нәрестесін бесік жырымен тербетсе, «Елім-ай» әнімен батырлыққа, намысқойлық пен бірлікке үндеді. «Елім-ай» әні орындалғанда сай сүйегі сырқырамайтын қазақ жоқ. Соны бозторғайдай шырылдай шырқап, артта қалған келесі ұрпаққа ел ұранындай етіп қалдырған Айша анамыздың есімі тәуелсіз елімізде мәңгі ұмытылмас бейне.

Елімізге қауіп төнген кешегі екінші дүниежүзілік соғыста «ер апаларының» ерліктерін жасаған қазақтың Мәншүк пен Әлиясы шығыс халықтарының мақтаны. Ел басына қиындық түскенде батыр қыздарымыздың ерлігі ерекшелене көзге түсетінін тарих та, өмір де дәлелдеп келеді.

Алашорда үкіметінің іргетасын қалауға өзіндік үлестерін қосқан әйелдер қауымынан А. Досжанова, Н. Құлжанова, Г. Асфендиярова, М. Шәпенова, Г. Тынышбаева, Е. Бөкейханова, М. Төгісова, Б. Байбосынова сияқты қазақтың күрескер әйелдерінің есімін үлкен құрметпен атап мақтан тұту – бүгінгі ұрпақ, әсіресе, қыз бала тәрбиесінде маңызы зор демекпіз.

Желтоқсан оқиғасының батыл қыздары Ләззат Асанова, Сәбира Мұқаметжанова сияқты ұлттық намысты берік ұстаған, ерлік пен елдікті ұран қылған ұлтжанды қыздарымыз қаншама!

Ақын-жазушылар – халық тағылымының, халық өнегесінің қайнар көзі, халық кеңесшісі, ой елегі, аспандағы қыраны, саңқылдаған сұңқарлары: Шолпан Иманбаева, Мәриям Хакімжанова, Күләш Ахметова, Марфуға Айтқожина, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереевалар сөз өнерінің зергерлері. Олар – сөз шеберлері, талант иелері, талапты, ынталы халық пікірін жөнге салып, соны заман талабына сай да, орайлы да, түсінікті болу үшін, тер төккен, ой еңбегінің тарланбоздары /4/.

Ақын-жазушыларымыз өзіндік қолтаңбасы бар, актриса-әртіс апайларымыз – туған халқымыздың көзі мен құлағы, ішкі сезімдерінің айнасы, дүниеге көзқарасы, тағылымы, әдемілігі. Олардың сөзлдері мен айтқандары – қазақ халқының тағылымы, намыс пен жігер – қайрат тағылымы.

Осыған орай, ұмытуға болмайтын халық ескертпесі есте жүрсе: «Қыздарымызға нәзіктік, сұлулық, ұяңдық, ибалық, сыпайылық, әдемілік, инабаттылық, өнерлілік, іскерлік, шеберлік, пәктік, сүйіспеншілік, рухани байлық, адалдық, қайрат-жігері бәрінен де ар тазалығы – осындай қасиеттермен қыздар зор тағылым иесі!»

М. Әуезовтің «Абай жолы» романында Зере, Ұлжан бастаған барлық келіндерін жинап: «Байлауын байладық. Енді түге, жат жиынның алдында жас балаларыңның жақсы талабын жер қылмаңдар. Өліге жасаған қызметтеріңнен бастарын кішіреймес. Араз-құраздарыңды ұмытыңдар... Балаларым мен келіндерім, сендер төбеңмен жүріңдер. Отымен кіріп, күлімен шық қонағының... Шалдықсаң да, қабақ шытпа. Қуанып, жарқырап жүріп, күтіңдер! – дейді елжіреп /5/.

Бұл келтірілген деректер бүкіл қазақ әйелінің қажыр-қайратын танытады. Үлкендерді тыңдауының өзі – тағылым қазақ қыздарының жөргегінен үйренген мәдениеті. Сол мәдениеті кейіннен қайратқа айналды! Қыз бала қай халықта болмасын әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің символы. Қыз абыройы – болашақ отбасының, босағаның беріктігіне қатысты мәселе. Қазақ халқы «Қыздың жолы жіңішке» деп, оның абырой сақтауын қатаң қадағалап отырған /6/. Қыз баланың абыройы оның ақыл-парасатына, инабаттылығына, махаббатты жоғары бағалауына, іске бейімділігіне, өнерпаздығына, білімдарлығына байланысты.

Әр ата-ана, туған-туысқан, бауыр өз қыздарының абыройлы болуына ерекше мән беріп, қадағалайды. Қыз абыройлы болу үшін оның мінез-құлқы ибалы, инабатты болу керек. «Қыз қылығымен жағады» деген мақал содан қалған.

Әрбір үйдің тірегі, жүрегі бола білген әйел қоғамда да осы сипатқа ие. Қазақ Ананы – нарға балаған. Кез келген ананың мақсаты ұрпағын ұлттық рухта тәрбиелеу. Ал мемлекетті қорғайтындар – ұлтын сүйген рухты ұлдар мен қыздар. Ана осы рухты сіңірумен де қоғамда басты орын алады. Жас ұрпақтың сана-сезімін ата-ана имандылық, инабаттылық арқылы тәрбиелейді. Жаман әдеттерге тосқауыл қоятын – дін мен ана тілі. Аналар осы екі құндылықты отбасында әрқашан баласының санасына сіңіріп айтуға міндетті.

ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Қоңырбаева С. Отбасы: бала мен ата-ана. – Алматы, 2006.

  2. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы, 1995.

  3. Баласағұн Ж. «Құтты білік». – Алматы, 1994.

  4. Тілеужанов Т. Халық тағылымы. – Алматы, 1996.

  5. Әуезов М. Абай жолы. – Алматы, 1996.

  6. Өмешұлы Ә. Шаңырақ шаттығы мен ләззаты. – Алматы, 1994.

ТҮЙІНДЕМЕ

Бұл мақалада қазақ тағылымындағы әйелдер бейнесі қарастырылады.

РЕЗЮМЕ

В этой статье рассматривается образ женщины в казахском мировозрении.


АБАЙДЫҢ ӘДЕБИ МҰРАСЫНДАҒЫ РУХАНИ ӘЛЕМ

Түгелбаева А.Н –оқытушы-магистр (Алматы қ-сы, ҚазмемқызПУ)


Қазақ халқының XIX ғасырдың аяғынан күні бүгінге дейінгі тарихында ұлы ақын, ағартушы, данышпан Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының алар орны ерекше. Халкымыздың талай-талай айтулы ақындарынан Абайдың жолы-жөні бөлек, парасат-пайымы кең, өресі өте биік. Оның әрбір сөзінің кең мағынаға толы екендігі дәлелденіп болғандай. Қайсы бір өлеңін оқысаңыз да, әсем сурет, бейнелі де, кестелі мағына-көріністі көресің. Түпсіз терең түңғиықтан ақырын-ақырын шымырлап, келе-келе тұла бойыңды тұтас билеп кететін бір тылсым, құпия сиқыры тағы бар.“Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің” деп атамыз қазақ айтқандай, бала Абайдың, жас Абайдың тәлім-тәрбие алып, үлгі-сөзін естіп өскен екі шешесі болған. Әңгіме-аңыздың көл-дариясы, аяулы әжесі – Зере де, екіншісі – өз туған анасы – Ұлжан. Әкесі Құнанбай өз заманының айтулы ел басқарған, аға сұлтаны болып, заманында азулы, қаталдығы мен әділдігі қатар, оңы мен солына бірдей, Аллаһтың ақ жолымен жүруді қолдап, мешіт ашқан. Қажылыққа барып, Меккеде тәкия (қонақ үй) салдырған.Абайдың өмір сүрген заманы да оңай болмаған, ескі заманның ыдырап, жаңа уақыт, жаңа дәуірдің бірте-бірте бет бұрған кезі еді. Орыс шаруаларының жер жыртуы, жаңаша оқу, сауда-саттық, алыс-жақын шет жерлермен түрлі мақсаттағы қарым-қатынас жасау дамып келе жатқан. Жаңа сипаттағы қиын бір кез туды, адам адамды түсінуден қалып бара жатты. Ел ішінде бұзық, ұры-қары, арыз көбейді. Ұлы ақынның өзі айтқандай, ел іші “алтыбақан алауыз” болатын. Абайды он жасқа келгенде әкесі Семей қаласыңдағы діни оқу орындарына, алғашқыда Ғабдулжаппар молдаға берген, кейінірек Ахмет, Риза деген молдаға тапсырған. Абай медреседе үш жыл оқиды.Ұлы ақын жас кезінде болыс та болды, ел де басқарды, есейе келе өлең жазумен, ойына келгенін ақ қағазға түсірумен айналысады. Абай бізді нәзік өлеңімен де, кесек-кесек пәлсапалық ой-пікірімен де, сұлу сазды әуендерімен де бірде қанаттандырса, бірде ойландырады. Абайдың ұлылығы мен кемеңгер данышпандығы да осы болса керек!

Абай жүрегін толғантқан сөз қасиеті – түптің түбінде ойшыл ақынның, жаратқан ие, дін ислам туралы толғаныстары ішкі ырғақ, оралымы қандай? Пәлсапалық исламиятты ақын қалай қабылдады? Жаратқан иені ақын танымы, ақынның ішкі әлемі құптады ма, әлде наразылық сезімін туғызды ма? Жауап іздеу арқылы біздер біраз жұмбақ, құпияның көрпесін көтереміз.Абай өз замандастарын да, кейінгі ұрпақ бізді де Аллаһ туралы жеңіл әңгімеден аулақ болуға шақырады.Абай тағылымындағы Аллаһ тағала – адами бейнеден гөрі алыста, көз жетпес көкжиекте ме, аспанда ма – беймәлім, күшпен ұшып жүретін, бәрін де көре білетін, сезе жүретін күн сәулесіндей таңғажайып құбылыс, құдіретті күш. /2, 12/ Адам бейнесінен қашықтап кеткен рухани тірек, дін исламдық ие секілді.Абай ұғымында ол ақылға сыймас шындық, сондықтан ақын Аллаһ пен Адам арасындағы жалғастырушы күш – махаббат деген.

Дененің барша қуаты,

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл суаты,

Махаббат қылса тәңірі үшін. /1, 86/

Аллаһтың растығын Абай махаббат арқылы дәлелдемек болып, «махаббатсыз дүние бос» дейтіні де сондықтан.Көп оқып ғылымға үңілген Абай он сегіз мың ғаламның патшасы бір Аллаһ екеніне шек-шүбә келтірмейді, қайта жалғыз жаратушының құдіретін жырлап та, қара сөзбен толғап та айтқан:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан оның төрті

Алланы танытуға сөзі айырмас...

Махаббатпен жаратқан адамзатты

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп /1, 58/

Және хақ жолы деп әділетті,– деп бар ықылас-пейілімен айтқанына қалтқысыз сенеміз. Әлем халықтарының әрқайсысы өзінше пір тұтатын төрт діни қасиетті кітаптың иелері – Мұса (Тәурат), Дәуіт (Зәбүр), Иса (Інжіл), Мұхаммед (Құран) екені – дау тудырмайтын шындық. Осы аталған төрт пайғамбар да Аллаһ жолында адал қызмет еткен абзал жандардан саналады.

Ал, соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жолы да, мәртебесі де бөлек, ерекше тұлға екені көпке мәлім. Өз заманындағы тұлғалардың бәрін де ақтарып-төңкеріп қараған, оларды талдап, талғап оқыған Абайдың бүкіл шығармасы Аллаһты бір, пайғамбарды хақ деп тануға арналған десек, ешбір қателеспейміз. Ақын өз балаларына айтқан өсиеттерінде Аллаһтың құдіретін жан-жақты баян етеді: “Бұл қиянатшылар – жарты адам, жарты молда, жарты мұсылман. Олардың адамдығының, кәмәләт таппағы – растықтың жолы. Қиянат – хакиқат пен растықтың дұш-паны. Ғылым – Аллаһтың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адалдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат – құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды,–...”. делінсе, халқымызда Абайға дейін ғылымды жан-жақты осылай түсіндірген оның түбін-тегін, бұлақ көзін ашқан, қалай үйрену керектігін, қайтсе білімнің тұрақтайтынын орынды көрсетіп берген мұндай еңбек болған емес.

Аллаһ тағала Абайдың көкірегіне ғылым нұрын бала жасынан құйғанға ұқсайды. Оқығанын хаттап, естігенін жаттап өскен (Абай) ғұлама “Құдайсыз қурай сынбайды” деген ата-бабамыздың ұлағатты сөзін жадында мықтап ұстап өскендіктен, жаратқанға беріле сыйынып, ел-жұртына сын көзбен қарапты. Халқының жақсылығы мен осал тұсын безбендеп, артықшылығы ешқайда кетпес, жетпей жатқан жағын баса айтайын деп, ел-жұртының кемістігін жіпке тізіп, санамалап айтуындай айтқан-ақ екен. Ұрсып та айтқан, құдіретті құдайды аузына ала отырып, қорқытып та көрген, елдің бойындағы “қыңыр-қисықтық” түзелмесіне көзі жеткен соң, осы халқым оқыса, адам болып кетер, дүниенің кілті, ғылымда деп жұртын өнер мен білім алуға шақырады /3, 13/.

Абай Аллаһты тану үшін ғылым білу керек, ілімі кем құдайды танымайды, құдайын танымаған өзін де танымайды дей келіп: “Құдай тағала дүниені кәмәлатты шеберлікпен жаратқан, һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан. “Адам баласына адам баласының бәрі дос”– деп жазады ақын өзінің 34-қара сөзінде. – Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюуың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей. Ақиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, машхарда сұралуың – бәрі бірдей. Екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қауіпің, екі дүниенің жақсылығына рахатың бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па? Бұл дүниеге бәрің де қонақ екенсің. Сондықтан біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің малы мен бағына күндестік, қызғаныш жасап, көз аларту дұрыс еместігін айтады. Қай ақын, жазушы болмасын, ауыз әдебиетінен үйренеді, Абай да ауыз әдебиеті үлгісімен өлең жазған, солардың бірі “Патша құдай сыйындым” деген туындысында:

Патша құдай сыйындым,

Тура баста өзіңе.

Жау жағадан алғанда,

Жан көрінбес көзіме.

Кеселді түйін шешілсе,

Керден мойын кесілсе,

Келмей кетпес кезіне.

О да — Құдай пендесі,

Түспей кетер деймісің,

Тәңірдің құрған тезіне?! /1, 99/

Дүниені дүрліктірер ғажап болмысты көз алдыңа көлденең тартып, қалай дәлме-дәл тап басқан?! Бұдан артық есі бар адамға еске салып, ескерудің қажеті бар ма?Бұдан “Ақылың болса – өз парызыңды, өз ғибадатыңды Аллаһтың алдына тартып бұлдаушы болма!”– деген тағылым-тұжырым шығады.

Абай өзінің өлең-жырлары мен ғибратты қара сөздері арқылы жақсылық пен жамандықты құдай жаратты, ал оларды істейтін құдай емес. Ауруды жаратқан құдай, бірақ ауыртқан құдай емес, байлық пен кедейлікті жаратқан құдай, бірақ бай қылған, кедей қылған құдай емес, осыларға нанып, сенсең, ұқсаң дұрыс болар деген. Әсіресе, құдай тағала құдіретін тілге тиек етуге білімнің білімі, ақылдың ақылы ғана теңдесе алатынына іштей табиғи түйсігімен сезінген. Сезінген сайын мағыналы да, күрделі ойлардың жетегіне жүгінген. Құран сүресі – кім көрінгеннің аузына алып, былдырлатып тарқата беретін бәдіктің бытпылдығы емес, қасиеттінің – қасиеттісі, тереңнің – тереңі деп бағалайды ақын.Әр нәрсенің түп негізі, болмыстың иесі – Жаратқан ие. Ал сол істің, сол мінездің, сол тағдыр талайының, сол сергелдеңнің себепшісі жұмыр басты пенденің өзі дегенге келтіреді. Себептен салдар тумайтыны, салдардан себептің туындайтыны өмір пәлсапасынан белгілі, оны күнделікті тұрмыс-тіршілікте өзіміз де көріп отырмыз.

Ойды ой қозғайды, сөзден пікір сабақталады. Ақын шығармалары арқылы “Жазмыштан озмыш жоқ” деген халық даналық-тұжырымын қолдай түскен ой-пікірді көреміз. Абай исламятқа жүрегімен ұйып, сеніп, жүгініп отырып, жыр төкті. Өз жүрегінің лүпілін шариғат, хақ жолының ғаламдық үніне қоса білуге ұмтылды. “Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (шетсіз, шексіз деген мағынада) болады,– дейді ақын 38-қара сөзінде. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ, сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол – таза мұсылман, толық адам делінеді. Көріп отырсыз ба, жаратқан иеміздің жолы шеті мен шегі жоқ, басталуы-беймәлім, аяқталуы – тағы жұмбақ, өзгеше бір әлем. Сол ғажайып өзгеше әлемнің есігін ашып, дәм-тұзын татып, тіршілік ләззатына бату, жар сүю, бала өсіру, шабытты көңіл-күйге бөлену адамзат баласына ғана бұйырған. Сонда Абай айтқан толық адам: шексіз, шетсіз дүниенің рахымын, шүкіршілігін жүрегімен сезіне жүргенді қалайды. Ұят пен аз сөзділіктің иманның екі түрі екендігін еске салады. “Жаратқан ие – сұлу, ол сұлулықты жақсы көреді. Жаратқан ие – кешірімшіл, кешірім жасағыш адамдарды өзіне жақын тұтады. Жаратқан ие пендесінің ниетіне, іс-әрекетіне қарап іш тартады. Әрбір адамның теріс жақтарын есепке алу-ықтияттылық. Пенденің сауап таразысына салатын жақсы мінезінен артық дүние, ісі жоқ. Сауап таразысына дәулетің де, атақ, абыройың да салмақ бола алмайды. Жақсы адамдар бұл дүниеде қайырлы істерді молырақ атқара алмағанына өкінсе, ал жаман адамдар таразы алдында жаманшылығынан қайтып тәуба қылмағандығына өкінеді”– дейді данышпан ақын. Міне, Абай аңсаған толық адам қалыбы, сипаты осындай болуы керек дейміз кейінгі ұрпақтарға.

Қазақ өлгенге бата оқып, тіріге салауат сұрағанда “иманын жолдас қылсын” дейді. Үлкендер хақтан күндіз-түні иман тілейді. Абайша айтсақ: “Әрбір ақылы бар кісіге иман –парыз, иманы бар кісіге ғибадат – парыз”. Абайша иман дегеніміз – Сіздің ішкі қалыбыңыздың сыртқы көрінісі – көлеңкесі: кісіні нұрландыратын, ісін оңға бұрып, мерейін үстем ететін, шүкіршілік, тағат, сабыр, нұрлы ақыл беретін қадыр-қасиет. Иманы жоқ кісі адамшылық қалыбын жояды. Дін исламяттың имансыз – шайтан деген қағидасы Абай өмірі мен өлеңінің өзегі болғанына бір ғасырдан астам уақыт өтті. “Шайтан деген – өзіңнің ойың. Ой иесі “шайтан” жүрегіңе неше түрлі ой салады”– деп данышпан тұп-тура, дәл ескерткен.

Абайдың ислам дінін, мәдениетін терең меңгерген жан екеңдігі соңында қалдырған бай мұрасы арқылы бүгінгі қазақ-мұсылман заманында, толық дәлелденіп отыр.

Өмір, дүние дегенің – ағып жатқан су екен,

Жүрген-тұрған жұмысың ойлап тұрсаң у екен,– деп, саналы пенденің басынан өтетін ғұмырына баға-байлам жасаған, данышпан ақынның асыл қасиетін байқаған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: “Абайдың адам көрмеген жанқиярлығы мен ерен құбылыс саналардай ерекшелігі – отаршыл кемсітушілік бар жерде болмай қоймайтын тайсалудың орнына – тайталасты, жиренудің орнына – үйренуді, жарамсақтанудың орнына – жарастықты, мансап қуған баққұмарлықтың орынына – білім қуған бәсекені сіңіріп, ұлтымыздың рухани қайсарлығын атымен, жаңа қасиеттерімен байытқандығы. Өйткені, халқына жаны шындап ашитын қайраткер орға жығатын емес, өрге бастайтын жол сілтейді”– десе, Президентіміздің Абайды елім деген азамат екендігін жан-жақты түсінгені деп білеміз.

Ұлы Абай бір Аллаһқа өзі сеніп қана қоймай, құдайға құлшылық етудің жолдарын да түсіндіріп, жазып кеткен. Жаратушы хақ адамзат баласын ерекше абзал етіп, басқа жанды-жансызды адамға қызмет ету үшін жаратқанын ғылыми жолмен дәлелдеп берген, шын мәнінде, Абай – хакім деуге болатын асыл да, айрықша жан.


ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Садықова Р.А. «Абай шығармаларының тілдік сипаты». – Алматы: Қайнар, 1991. –106 б.

  2. Арымбетов Д.Н. «Абай және философия». – Алматы: Олжас, 2003. – 28 б.

  3. Беймбетов М.А. «Әлемнің әдебиетіне өрнек қосқан....» . «Қазақ әдебиеті», 1995.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада Абайдың әдеби мұрасындағы рухани құнды дүниелер сипатталады. Абай өлеңдерінде насихатталатын ғылым мен білімнің ақиқаты, өмірлік пәлсапасы, даналығы мен өсиеті осы мақалада тереңінен қарастырылған.
РЕЗЮМЕ

В данной статье рассматривается литературное н духовное наследие Абая.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет