Мәдени өсiмдiктердiң шығу тегi. Мәдени өсiмдiктер жабайы өсiмдiктердiң түрлерiнен шыққан. Алғашқы адамдар өсiмдiктердiң жеуге келетiн жемiстерi мен тамырларын тауып қолданған



Дата22.06.2016
өлшемі103.5 Kb.
#153733
МӘДЕНИ ӨСIМДIКТЕРI

Мәдени өсiмдiктердiң шығу тегi. Мәдени өсiмдiктер жабайы өсiмдiктердiң түрлерiнен шыққан. Алғашқы адамдар өсiмдiктердiң жеуге келетiн жемiстерi мен тамырларын тауып қолданған. Жабайы өсiмдiктердi жинап алып, оларды өздерi тұрған жердiң айналасына егiп, өсiре бастаған. Адамадар топырақты қопсытқанда, арамшөптерiн өлтiргенде, суғарғанда өсiмдiктiң жақсы өсетiнiн бiлген. Олардың жемiстерiнiң, тұқымдарының, тамыржемiстерiнiң әрi үлкен, әрi дәмдi болып қалыптасатынын байқаған.

Мәдени өсiмдiктердiң көпшiлiгiнiң тарихы еретеден басталады, бiрақ олардың бiрқатары кейiнгi кезде себiле бастады. Мысалы, бидай бiздiң эрамызға дейiнгi VII мыңжылдықта, картоп, қызанақ (сурет), күнбағыс XVI ғасырда, ал қант қызлшасы XIX ғасырдың бас кезiнен өсiрiледi. Табиғи өсiмдiктердi мәденилендiру қазiр де жүрiп жатыр. Ғалымдар жабайы өсiмдiктердiң құндыларын зерттеп, ең жақсыларын таңдап алады.Оларды өсiрудiң агротехникасын жолға қояды. Өсiмдiктердi өсiрудiң тәжiрибесi ұрпақтан ұрпаққа берiлiп келедi. Адам қай кезде де өз қажетi үшiн, сапасы ең жоғары өсiмдiктердi таңдай бiлген.

Мәдени өсiмдiктердiң көпшiлiгiнiң көп өзгергенi сондай, олар өздерiнiң жабайы туыстарына мүлдем ұқсамайды. Сондықтан көп жағдайда мәдени өсiмдiктердiң шығу тегiн анықтау оңайға түспейдi.

Агрономия ғылымының дамуына байланысты адамның өсiмдiкке әсер ету қабiлетi өсiп келедi. Мәдени өсiмдiктердiң әр түрлi сорттары шығарылады. Сорт дегенiмiз- өзiне тән белгiлерi мен қасиеттерi бар бiртектес өсiмдiктердiң тобы. Егiн шаруашылығында дәндi дақылдар мен көкөнiстiк өсiмдiктер негiзiнен тұқымдары арқылы өндiрiледi. Бұл жағдайда сорттың белгiлерi мен қасиеттерi сақталып отырады.

Жемiс-жидек өсiмдiктерiн өсiру шаруашылығында сорт деп айқын байқалатын белгiлерi (бөрiкбасының пiшiнi, жемiсiнiң үлкендiгi, түсi, дәмi, т.б.) мен қасиеттерi (түсiмдiлiгi, ұзақ өмiр сүруi, суыққа төзiмдiлiгi, әртүрлi зиянкес жәндiктер мен ауруларға төзiмдiлiгi, т.б.) бар вегетативтiк жолмен көбейетiн өсiмдiктi айтады. Тұқымнан өсiрiлген жемiс- жидектi өсiмдiктер, аналық өсiмдiктiң қасиетiн қайталамайды. Сортты ұзақ жылдар бойы әр түрлi жағдайда өсiру (олардың көпшiлiгi жүздеген ылдар бойы өсiрiледi) жаңа белгiлер мен қасиеттердiң пайда болуына әкелiп соқтырады. Бiр сорттан оның бiрнеше түрi шығады. Егер өсiмдiктiң белгiлерi мен қасиеттерiнiң аналық өсiмдiктен айырмашылығы көп болса, жеке сорт ретiнде бөлiп шығарады.

Өсiмдiктiң сорттарын шығарудың жаңа жолдары мен тәсiлдерiн ойлап табумен селекция ғылымы (латынша «селекцио» - таңдау, сұрыптау) айналысады. Селекционерлер адамға қажеттi қасиеттерi мол (өнiмдiлiгi жоғары, ауруға көп шалдықпайтын, әр түрлi ортада өсуге бейiмделгiш) жаңа сорттарды шығарумен шұғылданады.

Селекционерлердiң жұмыстарының арқасында көптеген ауыл шаруашылық дақылдарының өнiмдiлiгiн бiршама арттырудың мүмкiндiгi туды. Мысалы, П.П. Лукьяненко шығарған (Безостая 1, Аврора, Кавказ); В.Н. Ремесло шығарған (Мироновская юбилейная, Мироновская 808, Ильичевка және басқалары) бидайдың сорттары өндiрiстiк мақсатта сепкеннiң өзiнде гектарына 50-70 центнерден өнiм бердi. Селекционер ғалым Н.Л. Удольская шығарған жаздық бидайдың Қазақстан – 126 сорты өндiрiстiк мақсатта сепкенде гектарына 54 центнерден өнiм берген. Суғармалы жерге негiздеген Қазақстан- 3 сорты гектарына 66, ал суғарылмайтын жерге шығарған Қазақстан- 4 сорты гектарына 38 центнерден өнiм бередi. Осы сорттардың себiлетiн жер көлемi миллиондаған гектарға жетедi. В.С. Пустовойт селекциясынан шыққан күнбағыс сортының тұқымшасында 57%- ке дейiн май болады. Жүгерiнiң түсiмдiлiгi жоғары сорттары суғармалы жерлерде гектарына 150 центнерден дән бередi.

Республиканың азық- түлiк өнiмдерiн арттыруға арналған бағдарламада селекциялық жұмыстарды бұрыңғыдан да күшейту мәселесi тұр. Сонымен бiрге ауыл шаруашылық дақылдарының жаңа сорттарын өндiрiске енгiзу мiндетi қойылып отыр. Бұл сорттар осы кездегi ауыл шаруашылығы сұранысына сай келуге тиiстi. Олар қолайсыз жағдайларға төзiмдi және сапасы мен өнiмдiлiгi жоғары болуы тиiс. Мысалы, күздiк бидайлардың өнiмдiлiгi гектарына 80-90, ал жаздық бидайлардың өнiмдiлiгi 45-60 центнерден төмен болмауы қажет.

Бiздiң республикамызда әр түрлi ғылыми - зерттеу институттары мен өсiмдiктердiң селекциялық орталықтары бар.

Барлық жаңа сорттар мiндеттi түрде мемлекеттiк сынақтан өтедi. Сынақтан табысты өткен, бұрын егiлiп жүрген сорттардан, артықшылығы байқалған сорттарды келешекте себуге рұқсат берiледi. Қазiргi кезде бұрыңғы колхоздар мен совхоздардың орнында шағын шаруа қожалықтары пайда болды. Осы шаруа қожалықтарының егiстiк алқаптарында, мәуелi бауларында 5000- нан астам өсiмдiктердiң аудандастырылған сорттары егiледi. Өндiрiске енгiзiлген сорттардың 500-ден астамынан астық өнiмдерi алынады. Сонымен бiрге 100- ден астам картоп, 30- дай күнбағыс, 750- дей көкөнiстiк және 15000- дай жемiс – жидектiк сорттарынан өнiм жиналады. Өндiрiстiң сұранысына сай келмейтiн сорттар, арнайы комиссияның шешiмiмен өндiрiстен алынып тасталынады.

ДӘНДI ДАҚЫЛДАР

Дәндi дақылдарға көптеген мәдени өсiмдiктер жатады. Оларды бiрнеше топқа бөледi: ұн алынатын, жармалар алынатын және бұршақты дақылдар деп бөледi. Ұн алынатын дақылдарға жұмсақ және қатты бидайдың (мягкая и твердая пшеница – Triticum vulgare, T. durum), кәдiмгi арпаның (ячмень обыкновенный – Hordeum vulgare) , егiстiк сұлының (овес посевной – Avena sativa) , қарабидайдың (рожь посевная – Secale cereale) күздiк және жаздық сорттары жатады. Бұлардың ұнынан нан пiсiредi жән макарондар жасалынады. Жармалар алынатын өсiмдiктерге ақ тары (просо посевное – Panicum miliaceum), италия итқонағы, чумиза (италянское просо – Setaria italica), кәдiмгi құмай (соргo обыкновенное - Sorghum vulgare), африка тарысы (пенциллярия - Pensillaria), екпе күрiш (Рис посевной – Oryza sativa) , жүгерi (кукуруза, маис - Zea mays) , егiстiк қарамық (гречиха посевная – Fagopyrum sagittatum) жатады. Бұлардың дәнiнен алынатын жарманы тiкелей тамаққа пайдаланады. Бұршақты дақылдарға егiстiк асбұршақ (горох поссевной – Pisum caticum), үрмебұршақ (фасоль обыкновенная – Phaseolus vulgaris), ас жасымық (чечевица пищевая – Lens culinaris), дала ноқаты (нут полевой – Cicer aretinum), мәдени қытайбұршақ (Соя культурная – Glycine hispida), қытай лобия (лобия китайская – Vigna sinensis) тағы басқалар жатады. Осы аталған дәндi дақылдардың барлығының тағамдық мәнi зор. Олардың бiрқатары аса құнды малазықтық өсiмдiктер. Бұлардың iшiнде тағамдық өсiмдiк ретiнде ең маңыздысына бидай жатады. Бидай – өте ертеде мәденилендiрiлген өсiмдiк. Оны адам баласы 10 мың жылдан аса уақыттан берi сеуiп келедi. Бидай дәндерi адамның алғашқы қоныстанған жерлерiн қазып, зерттегенде табылып жүрдi. Египет пирамидаларынан да қазiргi кездегi бидай дәндерiне ұқсас дәндер табылған.

Ауылшаруашылық өсiмдiктерiнiң iшiнде бидай аса маңызды дәндi дақыл ретiнде бiрiншi орында тұрады. Оны 40- тан астам елде себедi.

Ауыл шаруашылығының алдында тұрған басты мiндет, тез арада астық өнiмдерiн молайту болып табылады. Бидай өнiмдерi республикада өндiрiлетiн астықтың жартысынан көбiн құрайды. Себебi бидайдан сапалы нан пiсiрiледi, макарондар, жармалар, т.б. алынады. Соған байланысты бидайдың құнды сорттарын өнiмдiлiгi мен сапасын арттыруға көп көңiл бөлiнiп отыр. Сонымен бiрге, дәндi бастыру, қамбада сақтау кездерiнде, ысырапқа жол бермеу мәселесi де қолға алынуда.

Нан – бiздiң баға жетпес байлығымыз. Нан – диқандар қауымының, механизаторлардың, ауыл шаруашылық мамандарының, ғалымдардың ересен еңбегiнiң жемiсi.

Жер бетiнде бидайдың 20-дай түрi кездеседi, әрбiр түрдiң көптеген сорттары бар. Олардың өздерiне тән тұрақталған белгiлерi болады.

Бидайдың сабағы – сабан. Оның буындары мен буынаралықтары айқын көрiнедi. Бiр өсiмдiк 2-4 – тен 12-ге дейiн, кейде одан да көп сабақтар бередi.Бидай жапырақтары ұзын, жiңiшке таспа тәрiздi болып келедi және параллель жүйкеленедi. Сонымен бiрге жақсы жетiлген жапырақ қынапшасы болады. Гүлшоғыры- күрделi масақ, ол көптеген масақшалардан тұрады. Әрбiр масақтың осiнде екiден масақтық қабыршақтар орналасады. Осы қабыршақтардың қолтығында 2- ден 7-ден гүлдер жетiледi (41-сурет).

Бидай гүлiнiң құрылысы, астық тұқымдасына тән болып келедi: 2 гүл қабыршығы, 3 аталығы 1 аналығы болады. Аналығының сыртын түктер жауып тұрады, оның аузы қостелiмдi болып келедi, мойны болмайды. Әле толық ашылмаған бидай гүлдерiнде өзiн-өзi тозаңдаңдыру жүредi. Жемiсi - дән.

Ең маңыздылары қатты және жұмсақ бидайлар. Қатты бидайдың эндоспермi тығыз болады. Қатты бидайды ерте көктемде себедi. Ол топырақ және климат талғайды. Қатты бидай ауа райы жылы, жарығы мол, топырағы құнарлы Оңтүстiк және Оңтүстк шығыс аудандарда себiледi. Қатты бидайдың сортарын Қазақстанның солтүстiк аймақтарының астықты аудандарында көптеп себедi.

Қатты бидай эндоспермiнiң төрттен бiрiн ақуыз (белок) түзедi. Ақуыз (белок) - сапаның көрсеткiшi. Егер эндоспермдегi ақуыздың мөлшерi 14-15% жетсе, онда бұл дәннiң сапасының жоғары болғаны. Эндоспермнiң маңызды бөлiгiнiң бiрi желiмтек (клейковина). Желiмтектiң көп болуы нан пiсiргенде, әсiресе макарон дайындағанда аса қажет. Жоғары сортты ақ нанды және макарондарды қатты бидайдың дәндерiнен алады.

Жұмсақ бидайдың эндоспермi борпылдақ, ұнтақ тәрiздi келедi әрi ақуызға (белокка) онша бай болмайды. Жұмсақ бидай топырақ пен жылылықты таңдамайтындықтан барлық жерлерде кеңiнен таралған.

Қазақстанда күздiк және жаздық бидайлар себiледi. Жаздық бидайды ерте көктемде себедi, және сол жылы жазда одан өнiм алады. Күздiк бидайды күзде себедi, ал өнiмдi одан келесi жылы жазда жинайды.

Жабайы капуста және мәдени капустаның түрлерi . Көп ұзамай ол өскiн бередi де, қар астында қыстап шығады. Көктемде күздiк бидай өсуiн қайтадан жалғастырып жаздың аяғында пiсiп жетiлiп дән бередi. Әдетте күздiк бидайдың өнiмдiлiгi жаздық бидайға қарағанда бiршама жоғары болады (42 сурет). Күздiк бидай жаздық бидайға қарағанда ертерек пiседi және ораққа бұрынырақ iлiнедi.

Бидайдан мол өнiм алу үшiн, мiндеттi түрде оны өсiрудiң агротехникасын сақтау қажет. Ол үшiн алдымен жердi жақсылап айдап, соңынан тырмалап дайындайды. Содан соң топыраққа қажеттi мөлшерде органикалық және минералдық тыңайтқыштар бередi. Осыдан кейiн белгiленген уақытта, аудандастырлған сорттардың сапасы жоғары тұқымын себедi. Өсiп шыққан бидайға күтiм керек. Сондықтан жүйектердiң арасын қопсытып, тыңайтқыштар берiп, арамшөптерiн және зиянкес насекомдарын жойып отырады. Ылғалы жеткiлiксiз жерлердi суғарады.



КӨКӨНIС ДАҚЫЛДАРЫ

Қазақстанда көкөнiс дақылдарының 70-тей түрi себiледi. Оларға капуста (капуста - Brossica), картоп (картофель – Solanum tuberosum), қызанақ (томат съедобный – Lucopersicon esculentum), екпе қияр (огурец посевной – Cucumis sativus), пияз (лук репчатый – Allium cepa), сарымсақ (чеснок – Allium sativum), шалқан (репа – Brassica rapa), шалғам (редис – Raphanus sativus var. radicula), иiстi аскөк (укроп похучий – Anethum graveolens), кәдiмгi ақжелкен (петрушка обыкновенная – Petroselinum sativum) тағы басқалар жатады. Бұлардың iшiнде қолданылуы және маңыздылығы жағынан капуста мен картоп бiрiншi арында тұрады. Капуста осыдан 4 мың жылдан астам уақыт бұрын өсiрiле бастаған. Ол орамжапырақтар тұқымдасына жатады. Европалық елдерде, оның iшiнде славян елдерiнде капустаны IX ғасырдан бастап еге бастаған. Алғаш рет капустаны тұздап, ашытудың тәсiлдерiн де осы славяндар тапқан.

Капустаның мәдени сорттарының арғы тегi жабайы капуста болып табылады. Қазiргi уақытта ол Жерорта теңiзi жағалауында өседi. Бұл сабғы биiк, жапырағы дөңгелек қаудан (кочан) байламайтын, өсi онша үлкен болмайтын өсiмдiк. Көптеген ғасырлар бойы адам жабайы капустаны сеуiп жапырақтары үлкен өсiмдiктерден тұқым жинаған. Осылайша аса құнды көкөнiс дақылы капуста алынған.

Қазiргi уақытта капустаның көптеген мәдени түрлерiн өсiредi.

Ақ қауданды (кочанды) капустадан (капуста белокачанная – Brassica oleracea var. capitata) басқа, гүлдi капустаны (капуста цветная – Brassica oleraceae var. sabauda) отырғызады. Оның тығыз орналасқан, толық жетiлмеген, ақ түстi гүлшоғыры тамаққа пайдаланылады. Брюссель капустасы (капуста брюссельская – Brassica oleraceae var. gemmifera) қолтық бүршiктерiнен пайда болатын кiшкентай қаудандары (кочандары) үшiн отырғызады. Кольраби капустасын (Brassica oleracea var. gongiloides) тарнаға (брюква – Brassica napobrassica) немесе шалқанға (репа – Brassica rapa) ұқсас жуан етжендi сабағы үшiн отырғызады.

Ақ қауданды (кочанды) капуста- екi жылдық шөптесiн өсiмдiк. Бiрiншi жылы тұқымнан кiндiк тамыры мен қысқарған сaбақ өсiп шығады. Осы сабақтан дөңгелек орам жапырақтары бар қаудан (кочан) түзiледi, оның ортасында өзегi болады. Сабақтағы жапырақтардың арасында шағындау қолтық бүршiктерi мен бiр төбелiк бүршiк жетiледi.

Қауданның (кочанның) сыртқы жапырақтарының түсi жасыл болады. Осы жапырақтарда фотосинтез процесiнiң нәтижесiнде қант түзiледi. Ол соңынан суда ерiп, қауданның iшкi ақ жапырақтарына өтедi.

Қауданда органикалық заттар мол жиналу үшiн, капустаны жақсы тыңайтылған, ылғалы жеткiлiктi топыраққа отырғызады. Содан соң қазiргi кездегi агротехникаға сай күтедi.

Көшет алу мақсатында капуста дәндерiн көктемде көшетханада өсiредi. Содаң соң өскiндердi сиретiп, оларды күн жылығанға дейiн көшетханада қалдырады. Көктемгi суық ұратын уақыт өткеннен кейiн, көшеттердi ашық топыраққа отырғызады. Бұл кезге дейiн капустаның көшетiнде 3-4 нағыз жапырақтар пайда болады.

Капуста ылғалды көп қажет етедi. Күн ыстықта бiр түп капуста тәулiгiне бiр шелекке дейiн су сiңiрiп, оны буландырады. Сондықтан капустаны жиi суғарады, ал топырақтың ылғалын сақтау үшiн жүйектердiң арасын жиi қопсытады. Капустаны отырғызғаннан кейiн 10-15 күн өткен соң, қидың сұйық- тыңайтқышына суперфосфат қосып, топыраққа араластырады. Осыдан кейiн капуста айналасын ылғалды топырақпен төменгi жапырақтарына дейiн үйедi. Топырақтың ылғалы мол жоғары қабаттарындағы капуста сабақтарынан қосалқы тамырлар пайда болады. 2-3 аптадан кейiн топырақты қайталап қопсытып, өсiмдiктiң түбiн үйiп, тыңайтқыш бередi.

Ең үлкен және сапасы жоғары қаудандары бар капусталарды тұқым алу мақсатында қалдырады. Капустаны тамырымен, топырағымен қоса қазып алып көктемге дейiн арнайы қоймада сақтайды.

Екiншi жылы көктемде өсiмдiктi топыраққа қайтып отырғызады. Осы өсiмдiктiң қолтықтық және төбелiк бүршiктерiнен сабақтары, жапырақтары және гүлдерi пайда болады. Капустаның ақшыл сары түстi гүлдерi шашақ гүлшоғырын түзедi. Гүлдерiнiң құрылысы осы капуста гүлдiлерге жататын барлық өсiмдiктердiң гүлдерiнiң құрылысымен бiрдей. Күзде жемiстерi пiсiп жетiледi.Капуста жемiсi бұршаққын, оның iшiнде көптеген тұқымдары жетiледi.



КАРТОП МАҢЫЗДЫ КӨКӨНIСТIК, ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МАЛАЗЫҚТЫҚ ДАҚЫЛ

Европалықтар картопты 1565 жылға дейiн, яғни Испандықтар Оңтүстiк Америкаға барғанға дейiн бiлмеген. Америкадан әкелiнеген картоптар алғашқы кездерде сәндiк өсiмдiктер ретiнде отырғызылады. Олармен клумбаларды безендiрген. Тек XVII ғасырдың аяғында, Европа елдерiнде картопты жеуге келетiн түйнектерi үшiн отырғыза бастаған.

Ресейге картоп I Петр кезiнде әкелiнген. Алғашқыда шаруалар картопты қалай пайдалануды бiлмедi. Олар картоптың пiсiп жетiлмеген жасыл түстi улы жидектерiн тамаққа пайдаланғандықтан уланған адамдар кездескен. Осыған байланысты шаруалар картопты отырғызудан бас тартқан.

Қазiргi кезде картоп аса маңызды тамақтық, техникалық және малазықтық өсiмдiк болып табылады. Картоп түйнегiнен крахмал, спирт т.б. тамақ өнiмдерi алынады. Сонымен бiрге картопты мал бордақылағанда, жем орнына пайдаланады. Картоп маңызды тамақтық, техникалық және малазығықтық дақыл.

Картоптың шыққан жерлерi Чилидiң жағасы мен Перудiң таулары. Картоп таудың жоғары белдеулерiнiң салқынына төзiмдi келедi. Қазiргi кезде Перуандықтардың негiзгi азығы картоптың көптеген сорттары бар. Шаруашылықта қолданылуына, биологиялық ерекшелiктерiне қарай картопты мынадай төрт топқа бөледi: асханалық, зауыттық, малазықтық, жанжақты сорттар. Картоптың асханалық сорттарының түйнектерi дәмдi, тез пiсетiн және үгiтiлмейтiн болуы шарт. Асханалық сорттарға әдетте ерте пiсетiн және пiсетiн уақыты орташа болып келетiн картоптар жатады.

Зауыттық сорттарға түйнегiнде крахмалы көп (18 % кем болмайтын), жақсы ашитын, спирттi көп беретiн картоптар жатады. Зауыттық сорттарға әдетте кеш пiсетiн және ұзақ сақталатын картоптар жатады.

Малазықтық сорттарға түйнегiнде құрғақ заттары мен ақуызы (белогi) көп болатын, крахмалы аз дәмсiз картоптар жатады.

Жанжақты сорттарға түйнегiнiң сапасы жағынан асханалық және зауттық сорттардың ортасында болатын картоптар жатады. Бұларды тамаққа да, зауытқа да пайдалануға болады.

Жаз ортасында картоп гүлдейдi. Гүлшоғыры әдетте үлкен гүлдерден тұрады.

Гүлiнiң құрылысы барлық алқа тұқымдасына жататын өсiмдiктерге тән. Насекомдар картоп гүлдерiне көп қонбайды, өйткенi шырындығы жоқ, тозаңдары аз. Гүлдерi өздiгiнен тозаңданады. Күзге таман жемiстерi пiсiп жетiледi. Жасылдау- ақ түстi жидектер орман жаңғағынан сәл үлкендеу. Картоптың тұқымынан жаңа өсiмдiк өсiп шығады. Бiрiншi жылы топырақта кептердiң жұмыртқасынан үлкен болмайтын ұсақ түйнектерi жетiледi. Жаңа сорттар шығару мақсатында ғана картопты тұқымы арқылы көбейтедi. Әдетте картоп түйнектерi арқылы вегетативтiк жолмен көбейедi.

Картоп түйнектерi түрi өзгерген жер асты өркендер. Олардың сабақтарында көп мөлшерде крахмалдың артық қоры жиналады. Крахмал жапырақтың хлоропласттарында фотозинтез процесi нәтижесiнде түзiлетiн қанттан пайда болады. Картоп түйнегiнiң 75-80% су, 25% құрғақ заттар. Осы құрғақ заттардың 14-22% крахмал түзедi.

Картоп түйнегi витаминдерге бай, әсiресе витамин С көп болады. Картоп түйнегiнде капустаға, томатқа, сәбiзге, пиязға қарағанда витамин В, әлде қайда көп жиналады.Сонымен бiрге картоп түйнегiнде витамин А, В, В, Н, К және тағы басқалары болады.

Көлеңкелi жерлерге отырызылған картоптың түйнектерiнiң өнiмдiлiгi аз болады. Шығу тегi жағынан картоп қоңыржай климатты аймақтың өсiмдiгi. Ауа райы ашық, салқындау, жаңбыры жиi болғанымен, жерге түсетiн ылғалдың мөлшерi онша көп болмайтын жерлерде картоптың өнiмдiлiгi жоғары болады.

Картопты көктемде отырғызады. Отырғызуға картоптың орташа салмағы 60-80 гармм болатын түйнектерi таңдап алынады. Отырғызудың алдында картоп түйнектерiн 30-40 күн бойы жарығы мол, температурасы 12-16º С болатын бөлмеде өсiредi. Түйнектердi бұлай өсiру картоптың дамуын жеделдетедi және өнiмдiлiгiн арттырады. Түйнектердiң үстiндегi бүршiктерiнен жер бетi өркендерi пайда болады. Арам шөптерден тазартып, картопты түптеген соң, жаңа қосалқы тамырлары мен жер асты өркендерi – сталондары пайда болады.Осы сталондардың үстiнде күзде көптеген түйнектер жетiледi.



MАЙЛЫ ӨСIМДIКТЕР

Жабайы және мәдени өсiмдiктердiң бiрқатары майлы өсiмдiктер болып табылады. Оларға күнбағыс, қытайбұршақ, зығыр, қыша, майкене, мақта, кенепшөп, анис, тмин тағы басқалар жатады. Осы өсiмдiктерден тамаққа және техникалық мақсатқа пайдалануға жарайтын майлар алынады. Майлы өсiмдiктердiң ең маңыздысы күнбағыс. Ол «Күннiң гүлi» деген әсем атпен XVI ғасырдың басында Мексикадан Европаға әкелiнген. Көптеген жылдар бойы европалықтар оны сәндiк өсiмдiк ретiнде отырғызып келген. &

Ресейге күнбағыс XVIII ғасырда әкелiнген. Ол негiзiнен Украинада, Воронеж, Курск және Тамбов губернияларында өсiрiлген. Көп жылдар өткен соң ғана адамдар күнбағыс дәнiнiң шаруашылықтағы маңызын бiлген.

Күнбағыстан – аса маңызды май алады, оны негiзiнен далалы аймақтың қара топырақтарына себедi. Қазақстанда күнбағысты негiзiнен тау етегiндегi қара топыраққа себедi. Күнбағыс майын тамаққа, маргарин, лак, сабын жасауға пайдаланады, ұсақталған дәндерiнен халуа алынады. Майын сығып алғаннан кейiн қалған күнжарасы малға жем болады.

Күнбағыс – бiр жылдық биiк өсiмдiк. Жапырақтары үлкен және тұтас болып келедi. Оның сабағының жоғары жағында үлкен гүл шоғыры – себетi орналасады. Себетi төменгi жағынан орама жапырақшаларымен жабылады.

Күнбағыстың себетiнде 1000-ға дейiн гүл болады. Оларды түтiкше және жалған тiлше гүл деп екi топқа бөледi.

Түтiкше гүлдер себеттiң ортанғы бөлiгiн алып жатады. Олардың тостағаншасы екi түтiктен немесе жарғақшадан, күлтесi 5 сары түстi түтiкке бiрiккен желектерден тұрады. Осы бiрiккен желектердiң жоғарғы жағы 5 тiстi болып келедi. Түтiктiң ортасында 5 тозаңдықпен бiрiккен аталықтары және жоғарғы жағы екi телiмдi аналығы орналасады.

Себетiнiң шетiнде сары түстi жалған тiлше гүлдерi орналасады. Тiлшелерi бiрнеше желектердiң бiрiгiп кетуiнiң нәтижесiндi түзiлген. Бiрақ тiлше дербес желекке ұқсас. Бұл гүлдерде аталықтар да, аналықтар да болмайды. Жалған тiлше гүлдер түтiкше гүлдердiң аналықтарын тозаңдандыратын насекомдарды өздерiне елiктiредi. Аналықтың гүл түйiнiнде (жатыныда) жемiстерi (тұқымшалары) пайда болады.

Күнбағыстың жемiсi – тұқымша, оның тығыз жемiс қабы және майлы дәнi болады. Тұқымшаларынан май алынады.

Күнбағыс күн түсетiн, ашық жерлерде жақсы өседi. Оны көктемде топырақтың бетi 8 – 120С дейiн қызған кезде себедi. Күнбағыс ылғалды және қоректiк заттарды көп қажет етедi. Сондықтан жоғары өнiм алу үшiн топыраққа тыңайтқыш қосады. Күнбағыс қара топырақта жақсы өсiп, мол өнiм бередi. Күнбағысты күткенде топырақты қопсыту, минералды тыңайтқыштар беру және арам шөптердi отау қажет.



ЖЕМIС – ЖИДЕКТI ӨСIМДIКТЕР

Қазақстан жемiс – жидектi өсiмдiктерге бай. Олардың бiр қатары Республикамыздың солтүстiк облыстарының ормандарында, таулардың ортаңғы белдеулерiнде жабайы өседi. Қазақстанда жемiс – жидектi өсiмдiктер алқабының жер көлемi 113400 гектардан астам. Жемiс – жидектi дақылдар витаминге, көмiрсуға, минералды тұздарға және басқа құнды заттарға бай болады.

Жемiс ағаштарын тұқымшалылар, сүйектiлер және жаңғақ жемiстiлер деп жiктейдi (........суреттер).

Тұқымшалардан алманы, алмұртты, беженi, шетендi өсiредi. Сүйектiлерден шиенi, алшаны, қараөрiктi, сарыөрiктi, шабдалыны өсiредi. Жидектi өсiмдiктерден бүлдiргендi, қара қарақатты, қызыл қарақатты, қарлығанды, кәдiмгi таңқурайды т.б. өсiредi. Жемiс ағаштарының iшiндегi ең кең тарағаны – алма. Алма ағашы суыққа төзiмдi, -300С дейiнгi аязға шыдайды. Алманың жаңа пiскен жемiстерiн тамақ ретiнде пайдаланылады. Алманың қағынан алма шырынын, сусындар, тосап, повидло, мармелад, тағы басқа тамақ өнiмдерiн дайындайды.

Пiсу уақытына байланысты алманың сорттарын жаздық, күздiк және қыстық деп бөледi. Жаздық сорттардың жемiстерi (Папировка, Белый налив) жемiсiтерi шiлде,тамыз айларында пiседi. Күздiк сорттардың (Коричневое полосатое, Осеннее полосатое, Антоновка, Боровинка, Анис полосатый) жемiсiтерi қыркүйек айында пiседi. Қыстық сорттардың (Апорт, Ренет, Симиренко, Пепин шафранный, Золотая превосходная), жемiстерiн ағаштан қазан айында жинап алады. Қыстық сорттардың жемiстерi көктемге дейiн жақсы сақталады. Күтiмi жақсы болса алма бақтары әрбiр гектарынан 200 центнерден астам жемiс бередi.

Алма ағашы айқас тозаңданатын өсiмдiк. Жемiс байлау үшiн бiр сорттың тозаңдары сол сорттың гүлiнiң аналығын тозаңдандыруы шарт. Сондықтан алмалы бақтарда, бiр мезгiлде гүлдейтiн сорттардың саны үшеуден аз болмауы қажет. Алманы телу арқылы вегетативтiк жолмен көбейтедi. Алма ағашының биiктiгi сортына және телiтушiге байланысты 4-10 метрге дейiн барады. Соңғы уақыттарда алманы вегетативтiк жолмен көбейту мақсатында, телiтушiнi аласа өсiмдiктерден таңдап жүр. Бұның өзi күтiп – баптауға және өнiмiн жинауға ыңғайлы аласа ағаш алуға мүмкiндiк бередi.



Аласа телiтушiлерге телiнген алма ағашы 3-4 жылда жемiс бере бастайды. Бақтарда биiк телiтушiлерге телiнген алма ағаштарын бiр – бiрiне 8 х 4 метр, биiктiгi орташа телiтушiлерге телiгендерiн 6 х 4 метр, ал аласа телiтушiлерге телiнгендердi 4 х 2 метр қашықтықта отырғызады.

Жемiс ағашының екпе көшетiн күзде және көктемде отырғызады. Ағашты отырғызуға арналған шұңқырларды алдын ала дайындайды. Олардың тереңдiгi 0,7 – 0,8 метр, ал диаметрi 1 метрден аз болмауға тиiс. Шұңқырды дайындағанда жоғарғы құнарлы қабаттың топырағын бiр жағына, төменгi қабаттың топырағын екiншi жағына тастайды. Шұңқырдың түбiне үстiңгi қабаттың топырақтарынан тастап, оған органикалық және минералды тыңайтқыштар қосады.Ағашты екеулеп отырғызады (48 – сурет). Бiр кiсi көшеттi қажеттi тереңдiкте ұстап тұрады, ал екiншiсi көшеттiң тамырларын дұрыстап қойып, бос топырақпен көмедi. Тамырлардың топырақпен байланысы болу ушiн көшеттi аздап тартқылайды, содан соң топырақты жақсылап тығыздайды. Алма көшетiн отырғызған кезде тамырының мойны жер бетiнен 5 – 8 сантиметр жоғары болуын бақылау қажет. Бұл жағдайда шұңқырдағы топырақтың деңгейi жердiң бетiмен бiрдей болады. Аласа телiтушiге телiнген көшеттердi телiнген жерiне дейiн көму керек. Бұл бiршама терең кететiн тамырлардың қалыптасуына және ағаштардың орнықты болып өсуiне мүмкiндiк бередi. Отырғызып болған соң көшеттi 2 – 3 шелек сумен суғарады. Көктемде ағаштың өсуiне қарай бұтақтарын кесiп отырады, сөйтiп бөрiк басын қалыптастырады. Ағаш дiңдерiнiң айналасындағы шеңбер iшiнiң топырағы жылма – жыл аударылып, қопсытылып отырады. Сонымен бiрге ағаш түбiне органикалық және минералдық тыңайтқыштар себiледi. Ағашты ағаш кемiрушi жануарлардан және әр түрлi зиянкес жәндiктерден қорғау қажет.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет