Корреспонденция
Баспасөздегі корреспонденция. Корреспонденция негізіне өз алдына бөлек, әлеуметтік маңызы бар оқиға алынады. Журналистің оқиға ортасында болуы маңызды емес, ол оқиғаны көзімен көрген, басы-қасында болған куәгерлердің әңгімесінен, не болмаса дерек көздеріне сүйеніп жазуына болады.
Қазіргі таңда кейбір зерттеушілер корреспонденцияның екі тобын бөліп көрсетеді - ақпараттық және талдамалы. Алайда, ақпараттық корреспонденцияның өзінде талдамалы жанр элементтері, яғни бағалау, болжам және т.б.кездеседі. Сондықтан да корреспондецияны талдамалы жанрға жатқызған дұрыс. Орыс ғалымы Н.Голядкин жанрды қалыптастыратын мынадай белгілерді атайды:
- зерттеу құралы ретінде проблемелық тұтастықтағы жеке жағдай;
нақты жағдайды талдау негізінде ағымдағы болмыстың даму заңдылықтарын табу;
дерек мәтіннің негізі ретінде, оны түсіндіру;
жүйеленген деректердің қорытудан шығатын авторлық ой-пікір:
айқын көрсетілген тізбек, тезис, дәлелдеме, айғақ, қоры-тынды»[10, 149-150-б].
Корреспонденция - публицистикадағы кең тараған жанр. Бұл жанр баспасөздің пайда болуымен қатар дамыды. XІХ ғасырдағы қазақ баспасөзінде корреспонденция жанрындағы материалдар алғашқы мерзімдік басылымдарда жарық көре бастады. “Дала уәлаяты”, “Түркістан уәлаяты”, “Қазақ” т.б. газет-журналдарда қорреспондения жанрындағы материалдар жеке айдар болып қалыптасты. Газетті корреспонденциясыз көз алдымызға елестету қиын. Бұл жанр мақаламен қатар газетте аса маңызды рөл атқарады. Корреспонденция - журналистің зерттейтін әлеуметтік мәні бар мәселе жайлы туындысы, уақытпен шектелген публицистиканың жанры. Корреспонденцияның ерекшелiктерi төмендегідей:
корреспонденцияның мақсаты – болып жатқан оқиға жайлы хабардар ету, жеңіл түрде есеп беру, кейде үгіттеу элементі орын алады;
корреспонденциядағы шындық бейнесiн айқындайтын басты әдісі – болып жатқан оқиғаны бақылау, қосымша ретінде құжаттары зерттеу, сонымен қатар, журналистің өзіндік көзқарасы;
корреспонденциядағы шындық белгілі бір аудиторияны қамтиды;
корреспонденцияда бейнелеу, суреттеу құралдары қолданылады;
Жалпы корреспонденцияның міндеттерін былай сипаттауға болады:
қазiргi шындықты зерттеудегі заңдылықты анықтау;
қоғамда болып жатқан оқиғалармен байланысын анықтау;
толық түрдегi нақты құбылыстарын көрсету;
тәжiрибенi белгілі бір тақырып бойынша зерттеу.
Корреспонденцияның мазмұны нақты айғақтардың шеңберімен, соған байланысты дәлелдерді қамтиды. Корреспонденцияда не? қайда? қашан? деген сұрақтарға жауап бере отырып, оқиғаны баяндау жеткіліксіз және оның мазмұнын мәліметтермен кеңейтіп толықтырып отыру қажет. Бұқаралық ақпарат құралдары тәжiрибесінде корреспонденцияның түрлері көп, соның негізгі үш түрі кездеседі.
Ақпараттық корреспонденция. Корреспонденцияның бұл түрі оқиғаның, не құбылыстың уақыты мен орны байланысқан хабардың мазмұнын көрсетеді. Ақпараттық корреспонденция – бұл кеңейтілген мақала. Не? қайда? қашан? деген сұрақтарға жауап оқиғаның кейіпкерлері жайлы мәліметтермен, оқиғаға дейінгі және кейінгі мәліметтермен толықтырылады. Талдау және қорытындылау корреспонденцияда аса маңызды рөл атқармайды. Басты талап – оқиғаны нақты, байланысқан түрде, дер кезінде жеткізу.
Сараптамалық корреспонденция. Корреспонденцияның бұл түрі хабар берумен қатар, оған талдау жасайды. Не? қайда? қашан? сұрақтарымен қоса не мақсатпен? қалайша? деген сұрақтарға жауап іздейді. Оқиғаларға, ұсыныстарға, қорытындыларға баға бергенмен де, ол нақты бола алмауы да мүмкін. Уақытпен, оқиға орнымен шектелуі мүмкін. Сонымен қатар, мәселенің қойылуын қарастырады. Сараптамалық корреспонденция мақаланың жазылуына себепкер бола алады.
Суреттеме - корреспонденция (зарисовка). Корреспонденцияның бұл түрi уақыт және оқиға орнымен шектеледі және автордың бейнелеуі мен суреттеуі арқылы беріледі. Талдау екінші орынға түсетін корреспонденцияның сирек кездесетін түрі. Автор материалдың мазмұнына оқиғаға деген өзіндік көзқарасын білдіруге мүмкіндік алады. Корреспонденцияның бұл түрі әдеби тіл мен көркем-публицистикалық тілді пайдалануды талап етеді. Журналистің корреспонденциямен айналысуы, оның белгілі бір оқиғаны зерттеу талпынысына байланысты (керек болса оқиға кейіпкерімен кездесу, іс-сапарға бару, сарапшылардың кеңесі).
Корреспонденция – нақты материалға құрылған, өзекті тақырыпты арқау ететін, белгілі бір мәселеге талдау жасайтын жанр және өмір шындығының үзіндісі. Корреспонденцияда мақалаға қарағанда дедукция-бөлшектеу әдісі қолданылады, яғни мәселе жекеден жалпыға көшіп отырады. Ақпараттық корреспонденцияда материал кең қамтылады, тақырып тиянақты дамуымен ерекшеленеді. Талдамалы корреспонденцияда суреттелетін құбылыстың себептері ашылады. Жоспарланған корреспонденцияда деректердің талдануы мен бөлшектенуі негізінде өзекті, көкейкесті мәселелерді бейнелейді.
Талдамалы корреспонденцияда тілші оқырманмен бірлесе отырып бірқатар деректерді талдайды, салыстырады, қатар қояды, бағалайды. Егер мақала құрылымы өз еркінде болса, корреспонденцияда айдар, кіріспе, негізгі бөлім және соңы болады. Айдары бойынша корреспонденцияның сипатын білуге болады. Бұл жанрдың әр түрлі бастамалары болады: сюжеттік, ақпараттық, мәселелік.
Барлық газет жанрларының кезеңдік басылымдар үшін өз орны мен маңызды мәні бар. Әрбір жанр анықталған міндеттерді орындайды. Ақпараттық корреспонденция – қандай да бір дерек арқылы оқиғаларды хабарлайды.
Талдамалы жанрлар (әсіресе, деректер мен комментарийлер, корреспонденция, мақала, бейне, шолу, журналистік зерттеу) қандай да бір маңызды мәселені, тақырыпты зерделейді, сондай-ақ, қоғамның дамуы мен өзге де оқиғаларға нақты талдау жасап береді.
Талдамалы жанрлар деректері баспасөз материалдарының негізі болып табылады. Авторлық ұстаным, тезис, қорытынды, зерттеулер тізбенің логикалық құрылуының талдамалы жанрларының негізін көрсетеді. Сонымен қатар, әрбір жанрдың өзінің негіздемесі, ерекшелігі, айырмашылығы болады.
Достарыңызбен бөлісу: |