Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті



бет85/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

Ақындар айтысы
Айтыс өлеңдерінің ішінде ең көлемдісі, тақырыбы мен мазмұны жағынан күрделісі, көркемдік жағынан әдемілері – ақындар айтысы. Қазақтың айтыс өлеңдерін зерттеген әдебиетші-ғалымдардың айтуына қарағанда, шын мәніндегі үлкен айтыс, яғни ақындар айтысы, мөлшермен алғанда он тоғызыншы ғасырда туған. Бұлай деудің бірнеше себебі бар секілді. Ең алдымен, ХІХ ғасырға дейінгі айтыс ақындары жайында өмірбаяндық деректер де, олардың айтыс өлеңдері де сақталмаған. Тіпті ХVIII ғасырда өмір сүрген кейбір ақындардың (Бұхар жырау, Көтеш, Жанкісі, Шал ақын т.б.) аттарын білгеніміз болмаса, айтыс өлеңдерін толық білемейміз. Олардың қай түрде, қандай көлемде айтысқандарын дәлелдеп айту да қиын.
Ал он тоғызыншы ғасырда ақындар айтысына қатысқан адамдардың аты-жөні белгілі, кейбір айтыс өлеңдері де сақталған. Бұған Қазақтың Ғылым академиясында ХІХ ғасырда ақындар айтысына араласқан бір жүз елуден аса адам жайында өмірбаяндық материалдардың болуы және олардың айтыс өлеңдері жиналуы дәлел. Бұл материалдар өткен ғасырда ақындар айтысының мол дамығандығын, оған көптеген адамдар қатысқанын көрсетеді. Сонымен қатар, ол ақындардан қалған айтыс өлеңдер де мол дүние екендігін білдіреді.
Демек, айтыстың күрделі, көлемді түрі, яғни шын мәніндегі ақындар айтысы, ХІХ ғасырдың бас кезінде туып, бертін келе, молайып дамыған, халық әдебиетіндегі басты жанрдың біріне айналған. Бұған көптеген ақындар қатысып, өздерінің ақындық өнері, қызметімен айрықша үлес қосқан.
Октябрь революциясына дейін жазу өнері болмаған қазақ сияқты елдерде ақындар айтысының алған орны, атқарған қызметі ерекше еді. Жазба әдебиет тумай тұрған кезде ақынға «ақын» атағын әперетін де осы «айтыс» болған және ол ақындар үшін үлкен сын деп есептелген. Сол сынан өтіп, көпшілікке ақындық өнерін танытқан адамды ғана халық «ақын» деп білген.
Әрине, ақындар айтысына екі ауыз сөздің басын ұйқастырып өлең шығарушылардың барлығы бірдей қатысқан емес. Ақындар айтысына ақындық беті ашылған, біраз даярлықтар жасап келген, ысылған адамдар ғана араласқан. Бұл жөнінде Сәбит Мұқанов «Айтыс және ақын» дейтін еңбегінде (1941 ж.), Жамбыл шығармаларының толық жинағына жазған кіріспесінде (1946 ж.), Мұхтар Әуезов «айтыс өлеңдері» және «Жамбылдың айтыстағы өнері» туралы жазған зерттеуінде (1948 ж.), Есмағамбет Исмайылов «Ақындар» атты монографисында (1956 ж.) ғылым үшін мәні бар бірнеше фактілер келтіреді. Олар шын мәніндегі үлкен айтысқа түсушілердің қайсысы болса да аса көп даярлық жасағанын айтады. Мәселен, жас кезінде ақын болуды мақсат еткен Жамбыл ауыл-үй арасында, кіші-гірім ойын сауықтарда жанынан өлең шығарып жүреді, бірақ онысымен үлкен «ақын» танылмайды. Сондықтан ол өзінің ақындық өнерін сынату және ақыл-кеңес алу, ақындық өнерге үйрену мақсатымен сол кездегі атақты ақын Сүйінбайға келеді. Жамбылдың ақындық талантын таныған Сүйінбай жас ақынға көп ақыл береді, жақсы ақын болу үшін не істеу керектігін айтады. Көп уақыт Жамбыл аға ақынның қасында болып, одан сөз өнерін үйренеді, үлгі алады және Сүйінбайды тәрбиешім, ұстазым деп түсінеді. Кейіннен Жамбылдың ақындық қанаты қатқан шақта ғана, Сүйінбай оның айтысқа түсіп, ақын атағын алуына рұқсат етеді. Жамбылдың:
Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сиынбай,
Сырлы сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай.
Сүйінбай деп сөйлесем,
Сөз келеді бұрқырап
Қара дауыл құйындай236, –
деуі тегін емес. Жоғарыда айтылғандар Жамбылдың «ақын» атағын алу жолында қандай даярлықтар жасағанын, ақындық алғашқы адымы неден басталғанын көрсетеді.
Мұндай ақындық даярлықтарды жалғыз Жамбыл емес, өткендегі ірі ақындардың барлығы да жасаған. ХІХ ғасырда қазақ еліне ақындық аты шыққан Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Тоғжан, Орынбай, Балта, Біржан, Әсет, Рысжан, Майкөт, Сабырбай, Сара, Кеншімбай, Нұрпейіс тағы солар секілді жүздеген жүйріктер «айтыс» арқылы, ақындық үлкен сыннан өту арқылы ақын атанған. Бұлардың бәрі де өздері үшін үлкен сын болып табылатын ақындар айтысына бірдей түскен емес. Олар көп даярлықтар жасай отырып, ақындық өнері кемеліне келген кезде ғана айтысқа араласқан.
Айтыс – ақындар үшін сөз таласы, сөз барымтасы, сөз майданы ғана емес. Ол – ақындық өнер салыстыратын, жауаптаса отырып, білім шарқын байқататын жер. Сондықтан да айтысқа түсетін әрбір ақын бұл жайлы жақсы ұғынып, мол дайындықпен келетін болған. Бұл ретте айтысқа түсетін ақынды С.Мұқанов бәйгіге қосылатын тұлпарға теңейді. М.Әуезов «Жамбылдың айтыстағы өнері» туралы жазған еңбегінде шапшаң айтқыш, суырып салма ақынды: «Қынаптан қылыш суырғандай жалт еткіш, өткір өнер иесі», – дейді. Және: «Шабыты келген ақпа ақын бабындағы қыранға меңзес, томағасын тартқанда алғыр қыран бар өңірді сәтте көріп, шолып өтіп қимыл еткен шөп басын, қыбыр еткен тышқан жүрісін, қылт еткен түлкі түгін лезде шалып калғандай, айтыс ағымындағы ақпа ақын да сондай көмескіні көргіш, бұлдырды білгіш болмақ шарт. Бұл қасиет оңай орнамайды, ол шын ақпа ақын өнеріне бейім болған күнде де ұзақ сонар жол кешіп, сан айтыста сілкісе жүріп, сан рет жаға жыртып тон тоздырып барып келеді», – дейді237. «Айтысқа түсетін ақындардың мұндай ақындық дәрежеге жетуі үлкен даярлық, көп ізденудің нәтижесінде болмақ», – дейді Е.Исмайылов «Ақындар» атты еңбегінде.
Айтысқа ақындардың көп даярлықпен келуінің екінші бір себебі бар. Айтыс халықтың жиналған жерінде өткізіледі және айтыс не туралы, қандай тақырыпта болатындығы ақындарға алдын-ала белгісіз болады. Айтыстың тақырыбы сол айтыс үстінде туады. Сондықтан әрбір ақын өзімен айтысатын ақындарды қай ретпен жеңу, неден сүріндіру жайын қарастыра, соған даярлана, ойлана келеді.
Әдетте, айтыс екі ақынның амандасып көрісуінен басталады да, содан әрі қарай үдей береді, көптеген мәселелерді көтеретін болады, бір тақырыптан екіншісіне ауысып отырады. Мәселен, Балта ақын Шөжемен айтысқанда сөзін:
Шөже ақын,
сен де шешен, мен де шешен,
Салғанда қара алдына мен бір көсем.
Екеуіміз екі жақтың жүйрігіміз
Күйлі, жайлы жүрмісің аман, есен?238
деп бастайды.
Бірақ айтысқа түскен ақындардың көпшілігі айтысты амандық-саулық сұрасудан бастай беруді дәстүр етпейді. Көбінесе олар, жекпе-жек ұрысқа шыққан батырлардай, бір-біріне айбар шеге, күш көрсете келеді. Әрқайсысы өздерінің мықтылығын айтып, бір-бірін ығыстыра, үрейлендіріп қорқыта сөйлейді, сескендіріп үркітпек болады. Мәселен, Шәріпжамалмен айтысқа түскен Әжек ақын: «Мен саған біле білсең, келген тажал», – деп қыр көрсетеді. Әсет ақын Рысжанға:
Айыр көмей, жез таңдай қаусырма жақ,
Алты арысқа білінген әкең менмін,
(«Айтыс», 230-бет) –
дейді. Бірақ Әсеттің айбарынан қымсынбаған Рысжан өзінің де осал ақын еместігін айтып:
Ақынның тура келмей данасына,
Соқтықтым жанып тұрған шаласына
(«Айтыс», 231-бет), –
дейді де Әсетті кеміте сөйлейді. Кемпірбай ақын Шөжеге:
Жолықпай дүр ақынға жүр екенсің,
Берейін сыбағаңды әлдеқайдан239, –
деп асқақтайды. Шөжеден өзінің ақындық өнері артықтығын айтып қорқытпақ, үрейлендірмек болады. Ал белгілі Жанақ ақын Түбек ақынмен қағысқанда, салған беттен:
Біздерді «шу» дегенде өлең басты,
Өлең айтсақ, аруағың сенің қашты.
Сенімен он сегіз күн тарпысармын,
Одан ары жан маған шыдамас-ты
(Сонда, 138-бет), –
деп ойқастайды.
Кейде айтысқа түскен ақындар өздерінің мықтылығын ғана айтып қоймайды. Сонымен қатар, келген жерінің, ел-жұртының, шыққан ортасының да мықтылығын білдіріп қыр көрсетеді. Бұларды айтумен де айтысын отырған ақынды қорқытып, қобалжыту, ығыстырып алу жағын қарастырады.
Осы ретпен айтысқа кіріскен ақындар ұзақ арпалысады; дауласа, салғыласа отырып, әр алуан әңгімелерді ортаға салады. Бұл ретте олар әшейінде айтпайтын тұрпайы сөздерді айтуға дейін барады. Бірақ қызу айтыс үстінде ондай сөздерге кешірім етілетін болады. Сонымен қатар, айтысқа түскен ақындар кейде бір-бірін жеңу мақсатымен әрқайсысының бойындағы мін, кемшіліктерін де қазбалайды. Мәселен, Шөжемен айтысқан ақындардың барлығы да оны жасытып жасқандырмақ болып, Шөженің соқырлығына тиіседі. Балта ақын Шөжеге:
Өз сөзің дәл өзіңе жөн де, соқыр,
Ел кемітіп жүруің жөн бе, соқыр?
Қараөткел, Көкшетауды жеген, соқыр,
Ел түзеуші, тергеуші сен бе, соқыр?
(Сонда, 131-бет) –
дейді.
Бірақ бұдан Шөже қымсынып қысылмайды да. Сондай-ақ, айтыс үстінде Біржан Сараның барғалы отырған күйеуі Жиенқұлды қортық деп кемітеді, әшейінде айтпайтын сөзін айтады. Омарқұл Тәбияға айттырып қойған күйеуін: «Жидіген таз», – деп мысқылдайды. Мұның бәрі қарсы айтысып отырған ақындарды жеңу үшін қолданылған айла-амал, құрылған тұзақ секілді болса да, олар одан мүдіре қоймайды. Жалпы алғанда, айтысқа түскен ақындар мұндай нәрселерден немесе өлең шығара алмағандықтан жеңілмейді. Олар екі мәселеден жеңіліс табады. Біріншісі, ақынның білім көлемі тайыз келсе, әр нәрседен мәліметі, хабары болмаса, айтыс үстінде оқыстан қойылған сұрауларға табан аузында жауап қайыра алмай қалса, онда ақын жеңіледі. Ақын өзінің жеңілгендігін мойындап, сөзді доғаратын болады. Екіншісі, ақын әлеуметтік мәні бар мәселелерден жеңіледі. Айтысқа түскен кейбір ақындар өз елінің байлығын, байларын, биі мен болысын, дін иелерін, ел басқарған адамдарын мақтап, дәріптей келеді. Бұған қарсы ақын дәлелді дау айтады, жаңағы мақталған адамдарды қатты сынға алады, олардың халыққа жасаған жауыздық істерін әшкерелейді. Алғашқы ақын бұл сынға қарсылық білдіре алмаса, жеңілген болып шығады. Ол қаншама дауласам дегенімен шындықтан асып кете алмайды. Бұл ретте Жамбылдың Құлмамбетпен, Досмағамбетпен айтысын алайық.
Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысы 1881 жылдар шамасында болған. Құлмамбет сөзге жүйрік, алғыр ақын болыпты. Сондықтан да ол «Құланаяң Құлмамбет» аталыпты. Ол өзінің әдеті бойынша бұл жолы да Албан руындағы байлардың атынан сөйлеп, оларды мейлінше мақтайды. Мұндай байлар сенің еліңде жоқ деп, Жамбылды мұқата сөйлейді. Бірақ Жамбыл өзін байлардың сойылын соғып, солардың сөзін сөйлеп жүрген ақын еместігін ескертеді де, халық ақыны, халықтың жыршысы екендігін айтады. Сонан кейін жаңа ғана Құлмамбет мақтаған байлардың жексұрындық сипатын жиренішті түрде суреттеп береді. Бұл байлар еңбекші халықты езу, қанау арқылы байығандығын айта келіп:
Адамдықты айт,
Ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр.
Оны мақтап әуре болмай жөніңе қайт240! –
дейді. Және сол Қарынбайлардың шашбауын көтеріп, сөзін сөйлеп отырған Құлмамбеттің аузын ашырмай, жеңіп шығады. Ақынның міндеті байлардың жыршысы болу емес, халықтың жырын жырлаушы болу екенін, адамдықты, ерлікті, халық ісі үшін күрескен адамдарды жырлау екендігін көрсетіп береді. Жамбылдың орынды сөзіне жауап қайыра алмаған Құлмамбет жеңіліп қалады.
Жамбыл Досмағамбетпен айтысқанда да халықты қанаушы бай, молдалардың еңбекші елге істеп отырған озбырлық, обырлық істерін әшкере етеді. Сол қанаушы таптың сөзін сөйлеп отырған Досмағамбетті де сынға алады. Досмағамбеттің молдалық құрып, елді алдап жүргенін Жамбыл былай суреттейді:
Молда емессің, соқырсың
Зікір айтып зарлаған,
Жаназа оқып өлгенге,
Педия алып жалмаған.
Шариғат жолы мынау деп,
Қараңғы надан халықты
Көзді жұмып алдаған.
Кедей өлсе үйіне,
Күңіреніп бармаған.
Аттана шауып бай өлсе,
Қирағаттап құранды,
Күні-түні сарнаған (Сонда.), –
дейді. Халық атынан айтылған бұл шындыққа Досмағамбет жауап қайыра алмай жеңіледі.
Айтысқа түскен ақындардың жеңу-жеңілуі, негізінде, жоғарыда аталған екі жағдайға байланысты дей отырып, кейде кейбір алғыр ақындардың болмашы нәрседен жеңіліп қалатындығы барлығын байқаймыз. Мәселен, бір ретте Жанақ ақын қатарынан он алты ақынды жеңіп шығады. Бірақ ол он жетінші болып айтысқан бала ақын Сабырбайдан жеңіліс табады. Сондай-ақ жаңағы Сабырбай ақын ұзақ жылдар бойына ақын қыз Тойбаламен айтысып, тартысып жүреді. Шаң ілеспес алғыр ақын атанған бұл екеуі бір-бірін жеңісе алмай аңдысу, қапысын тауып мұрттай ұшыру жайын қарастырып жүреді, бірақ жеңісе алмайды. Ақырында Сабырбай Тойбалаға тұрпайы бір қалжың айтам деп қалпақтай түседі, жеңіледі.
Айтыста жеңілген ақын «жеңілдім» деп ашу шығармаған. Жеңілгендігі үшін ашулану ақынға лайықсыз, ол жамандықтың белгісі деп түсінген. Және де жеңілген ақындар кейіннен қандай жағдайда, кімнен жеңілгендігін өздері айтып та жүрген. Жанақ Сабырбайдан, Кемпірбай Шөжеден, Сүйінбай Күңбаладан қалай жеңілгендіктерін кейінгі ұрпаққа мәлім етіп, жырлап берген. Мәселен, Кемпірбай Шөжеден қалай жеңілгендігін:
Келіп ем осы тойға өктемделіп,
Жүруші ем қу соқырдан сектемделіп.
Бағасы жоқ соқырмен айтсам деп,
Жығылдым төрт аяғым көктен келіп241, –
дейді. Мұндай мойындаулардың өз кезінде жас ақындар үшін мәні де болған. Олар ақындардың неден жеңілетіндігін, қай ретте сөзден ұтылатындығын еске алып, одан өздері үшін қорытынды жасап отырған. Бұл ретте көптеген айтыс өлеңдері сол жеңілген ақындардың айтуымен сақталған секілді.
Жоғарыда айтыс өлеңдерінің тақырыбы өте көп және айтыс үстінде туатындығын ескерткенбіз. Шынында да, айтысқа түсетін ақындардың алдын ала белгілі бір тақырыпты даярлап әкелетіндері аз секілді. Өйткені, болашақ айтыста кімнің не туралы айтысары, қандай мәселенің төңірегінде сөз қозғайтындары күні бұрын мәлім болмайды. Айтыстың қызықтылығы да осында. Егер айтысатын ақындар алдағы тартыс тақырыптарын алдын-ала білетін болса, онда айтыс кезектесіп өлең айтумен бір болар еді. Бірақ айтыста мұндай жағдайлар болмайды. Айтыстың тақырыбы екі ақынның жауаптасып, қағысуынан туады, үлкен әңгімелер тосыннан тұтқиылдан шығады да, әрі қарай бір әңгімеден екіншісі туып, дами береді. Айтысқа түскен ақындар ұсақ-түйек қалжыңдардан бастап күрделі сөзге келтіретін; дау тудырып айтысатын, қыздыра, үрлей түсетін жайларға дейін барысады. Бұл ретте олардың көбірек көңіл бөлетіні, үңіле қарап, ақтара жырлайтыны ру мен ру арасындағы қарым-қатынастар жайы болады.
Октябрь революциясына дейін үстемдік еткен қазақтың байлары мен болыс, билері ел билеу ісінде халыққа жат саясатты қатты қолдап, соны жүзеге асырып келді. Олар қазақ қауымын руға бөліп жіктеу, ру намысын қорғаған болып, ел арасында ұрыс-жанжал шығару, бір руды екіншісіне айдап салу, араздастыру, шапқыншылық жолымен барымта алдыру т.б. арқылы өз дәрежелерін көтере түсуді көздеді, пайда табуды мақсат етті. Халыққа жат бұл саясатты жүргізу, ру тартысында сөз сойылын соқтыру үшін, олар айтыс ақындарын да қол шоқпар етуге тырысты; кейбір ақындарға азын-аулақ ақы беріп, сөз барымташысы ретінде пайдалану әрекетін жасады. Ондай жалдамалы ақындарына олар өздерінің руларын, байларын, белді деген адамдарын мақтатып, қарсы жақты жамандатып отырды. Бұл ретте К.Маркс пен Ф.Энгельстің: «Буржуазия… дәрігерді, юристі, священикті, ақынды, ғылым адамын өзінің ақылы жалдама қызметкерлеріне айналдырды»242, – деген сөзі қазақ байларына да арналып айтылған деуге болады.
Бірақ айтыс ақындарының ішінен бірен-сараны болмаса, көпшілігі қазақ байларының сойылын соғып, солардың ру намысын қорғаушысы болған емес. Рас айтысқа түскен ақындардың ру мәселесіне соқпай кететіні жоқ. Әңгіме ру мәселесін айтысқа қосуда емес, оны қалай және қай тұрғыдан қосуда ғой. Біздің байқауымызша, ру жайын сөз қылған ақындардың көпшілігі бұл мәселені халықтық тұрғыдан қозғайды; рудың белді адамдарын, болыс-билерін, байларын зор дәрежеге көтеріп мақтай бермейді; қайта олардың жауыздық іс-әрекеттерін, жағымсыз қылықтарын ашып айтады, баса айтады, оны ел алдында әшкере етеді. Бұған мысал етіп (жоғарыда талданған Жамбыл айтыстарын қоспағанда) Кеншімбай мен Ақсұлудың, Шөже мен Балтаның, Майкөт пен Құлмамбеттің, Сүйінбайдың т.б. айтысын алуға болады.
Кеншімбай Ақсұлумен айтысқанда өз еліндегі Мырқы, Нұреке, Жүсіпбек, Әлі секілді байларын, болыс-билерін жер-көкке сыйғызбай мақтап сөйлейді. Бірақ оның мақтап отырған адамдарын Ақсұлу мына түрде әшкере етеді:
Жаппасым, сен мақтама Мырқыңызды,
Алдымен Мырқы бұзған шырқыңызды.
Байлықпен бес адамын әлек қылып,
Неше жыл бүліндірген жұртыңызды.
Нүреке, Жүсіпбек пен Әлім болыс,
Біздерге үшеуі де мәлім болыс.
Сүгір мен Батырбайды ұстап берген,
Ары жоқ адамдықтан зәлім болыс…
Жаппастың штаты бар және қызық
Штатқа жиналады өңшең бұзық.
Біреуі-біреуіне пәле салып,
Жатқаны күні-түні қағаз сызып.
Патшаға мақтанбаққа ұстап берер,
Айдатып азаматын қойдай тізіп…243
Сөзден ұтылмаудың қамын ойлаған Кеншімбай Ақсұлудың елінде де «қылығын құдай сүймеген» жауыз адамдардың бар екенін айтады. Ол:
Патшаға Қапан болыс ұстап берген,
Кінәсыз Боранқұлдың бес баласын…
Білемін Дербісәлі, Есқожаны,
Шендерін ер құнына сатып алған…
(Сонда) –
дейді. Қапан, Дербісәлі, Есқожа сияқты болыстардың халықты қысып отырғанын, олар патшадан шен аламыз деп, елдің ер ұлдарын асып, атқанын, айдауға жібергенін әшкере етеді. Сөйтіп, айтысқа түскен екі ақын, екі жақтың байлары мен әкімдерін халық алдында жамандап шығады.
Немесе Шөже мен Балтаның айтысын алайық. Бұл айтыс қаракесек Шаншар деген кісінің асында айтылады. Асқа көп жерден кісі келген екен, ішінде атақты ақын, әншілер де болыпты дейді. Асқа келген аға сұлтан Құнанбай Шөже мен Балта ақынды айтыстырады. Сол жерде Балта Шөжеге тұтқиылдан тиісіп, айтыс бастайды; Шөженің соқырлығына жармасады. Бірақ айылын жимаған азулы ақын Шөже Балтаға қарсы шабуыл жасай отырып, оның өзіне де және қолдап отырған Құнанбай мен Алшынбайға да біраз мін тағады. Құнанбайдың да соқырлығын, Алшынбайдың парақорлығын, Балтаның ұры екендігін айтып салады. Және де Шөженің соқырлығын айтып қоймаған Балтаға:
Жалғыз соқыр
халқына тиышсыз болса,
Құтылсайшы
мына отырған Құнанбайдан, –
дейді Шөже. Азуы алты қарыс Құнанбайды жұрт алдында мазаққа айналдырып, келеке етеді. Құнанбай мен Алшынбайды жеміт иелері, жебірлер деп, жыртқыш құстарға, құзғындарға теңейді және:
Ұры, шіркін қорқа ма бір құдайдан,
Кісі өтпес пара жеуге Алшынбайдан, –
дейді. Шөженің бұл сөздеріне шыдай алмаған Алшынбай азулы ақынға қамшы жұмсайды. Қамшымен жуасытып алмақ болады. Бірақ Шөже алған бетінен қайтпайды да, Алшынбайға қарап:
Япырай, бұл немене тарсылдаған?
Қаншық емес, төбет қой арсылдаған.
Тепкілей бер, сабай бер – өлтірмессің,
Ашуыңды бас, бірақ сен қалшылдаған.
Ақ серкесі Бошанның, Алшынбай таз,
Жаз шілдеде ұшады итала қаз.
Екі сөздің бірінде соқыр дейсің,
Қасиетің бар болса, басыңды жаз!244
дейді, ащы ашудан шыққан сынын бұрынғыдан бетер үдетіп жібереді. Өздерін ел «ағасы», ел «жақсысы» деп білетін Құнанбай мен Алшынбайды Шөже ақын халық алдында масқара етіп шығады, ел еңсесін түсіріп отырған әкімдерге деген халықтың әрі турашыл, әрі ызалы сөзін естіртеді.
Айтыстарда халық ақындарының ел билеген бай, болыс, төре, сұлтан, әкімдердің еңбекші елге жасаған зорлық-зомбылығын, парақорлығын әшкере етіп сынаудың мысалы жоғарыда аталғандар ғана емес. Мұндай сын Сүйінбай ақынның Тезек төремен айтысында да орын алғанын көреміз. Бүкіл Жетісу өлкесін билеген Тезек төре аса айбарлы, қатты, залым және жұртты қорғалатып, ығыстырып ұстаған адам болыпты. Мұның үстіне оның қарамағында ұры-қарылары болыпты. Тезек төре сол ұрыларын аттандырып, әр жерден мал ұрлатып алдырып отырады екен. Бір күні төренің найманға аттандырған екі жігіті жылқы ала алмай таяқ жеп қайтып келіпті. Олардың әрі олжасыз, әрі соққыға жығылып қайтқанына ашуланған төре ұрыларына ұрсып-зекіріп жатқан үстіне Сүйінбай ақын кіріп келеді. Сүйінбайдың рұқсат сұрамай, үйге кіріп келгеніне төре қатты ашуланады. Төре тұқымдарының заңы бойынша, сұраусыз кірген адамның ат-тоны айыпқа алынады екен. Тезек төре осы жазаны Сүйінбайға да қолдану туралы жігіттеріне бұйрық береді, олар ақынды шешіндіре бастайды. Сонда Сүйінбай:
Ассалаумағалайкүм, Тезек төре,
Елден жылқы қоймаған, кезеп төре, –
деп сөзін бастайды да:
Төрені келіп едім көрейін деп,
Сәлемін пайғамбардың берейін деп,
Аттандырған ұрысы қолға түсіп,
Хан ием отыр екен өлейін деп
(Сонда,704-бет), –
дейді. Тезек төренің елге істеген жауыздықтарын ақтара айтып, қыза түседі. Төреден әмірші әкім екен деп именбеген, қайта одан өзін жоғары санаған Сүйінбай халықтың ызалы ашу-кегін тасқындатып жібереді. Елге «кезеп» аты жайылған төрені қылқындыра жерлейді.
Бұл келтірілген мысалдардың барлығы нағыз халық ақындарының еңбекші ел намысын, соның жырын жырлағанын, мұны айтыстары арқылы да білдіргенін көрсетеді. Олар байлар мен болыс-билердің, сұлтан, төрелердің сойылын соққан кейбір жалдама ақындар секілді шындықты жасырмайды, турасын айтады. Еңсесі түсіп езілген халықтың атынан сөйлеп, қалың көпшіліктің көзқарасын білдіреді.
Ақындар айтысына жігіттермен қатар ақын қыздар да қатысқан. Тойбала, Күңбала, Тоғжан, Сара, Ақсұлу, Дәме, Ақбала, Манат, Шөкей, Ажар, Тәбия, Айқын, Хадиша, Рысжан, Шәріпжамал, Ұлбике сияқты ақын қыздар сан жүйріктермен салғыласа отырып, жұрт алдында ақындық өнерін танытқан. Олардың кейбіреулері өздерімен айтысқа түскен ақын жігіттерден ақындық өнерін асырып та жүрген, жігіттерді жүндей түтіп, сөзбен буған кездері де болған.
Жігіттермен қатарласа айтысқа түскен ақын қыздар өздерін еркін ұстайды, есіле сөйлейді. Олар сөз майданына шыққан шақта жасқаншақтық жасамай, жарқылдай келеді. Айтысқалы отырған жігіттерді үрейлендіре, қорқыта сөйлеп, ақындық өнерінің күштілігін айта, айбат шегеді. Біржанмен айтысқан Сара, Кеншімбаймен арпалысқан Ақсұлу, Әсетпен сөз қағыстырған Ырысжан т.б. осы әдісті қолданады. Жігіттерді баса-көктеп жуасытып алмақ болады.
Ақын қыздардың ақындық өнерін халықпен бірге ақын жігіттер де жоғары бағалаған. Шәріпжамалмен айтысатын Әжек ақын: «Даңқты сен сықылды болмасам да», – деп ақын қыздың өнері артықтығын мойындайды. Рысжанмен айтысқан Әсет ақын:
Сөзінің қайран қалдым кірін таппай,
Кенедей лебізінің мінін таппай,
Жүйрік ем жеке шапсам жан салмайтын,
Адастым айтар сөздің бірін таппай
(«Айтыс», 228-бет), –
деп Рысжанды сүйсіне ардақтайды. Ал Кеншімбай Ақсұлудың ақындық өнерін сырттай естіп құмартады, көп елге даңқы шыққан ақын қызбен көрісуді, айтысуды арман етеді.
Ақын жігіттердің қайсысы болса да, ақын қыздарды кемсініп мұқатпайды, оларды өз қатарлы өнер иесі деп бағалайды. Солай бола тұра, жігіт ақындар сөз майданында ақын қыздарды жеңу үшін әр алуан әдіс қолданады. Соның ішінде ең бастысы – қыздың барғалы отырған күйеуінің жамандығын, атақты ақын қызға тең еместігі. Қалың малы алынып, сүймеген біреуге атастырылып қойған қыз «мықты болсаң, жаман күйеуге барма» деген сөзден тосылады. Бұдан кейін ақын қыз айтысып отырған ақын жігітке дау айтпай, мұңын шағады, ел алдында көңіліндегі қайғы-шерін зар етеді. Қыз қайғысына ақын жігіт те ортақтаса отырып, аяушылық білдіреді. Атақты әнші, алғыр ақын қыздардың сүйген жігітіне бара алмай, теңіне қосыла алмай арманда болып отырғанын ақын жігіттер де тебірене жыр етеді. Мұндай аяулы, ардақты қыздардың бақытына тұсау болған ескі әдет-ғұрып, қалың мал екендігін қатты сынға алады және бұларды зорлықпен қолдаушыларды жерлей тарпиды. Осы ретте қазақтың ақындар айтысында өз алдына күрделі тақырып болып әйел теңдігі мәселесі көтеріледі. Бұл тақырыптың «Біржан мен Сараның», «Омарқұл мен Тәбияның» айтыстарынан басты орын алғандығын байқаймыз.
Ақындардың айтысын сөз еткенде жоғарыда айтылғандарға қоса тағы бір-екі мәселені қарастыра кетелік. Ақындар айтысы тек ақындар үшін ғана мәнді, маңызды болған емес. Ол қазақ халқының мәдениеті тарихынан елеулі орын алады, қазақ поэзиясының қалыптасып даму тарихын, көркемдік дәрежесі қай кезде қандай болғандығын білдіретін көрсеткіштің бірі болып табылатындығын «айтыс» жанрын зерттеушілердің барлығы да айтады. Қазақтағы ақындар айтысы, – дейді олар, – әуел кезде түре айтыс, сонан кейін сөре (сүре) айтыс түрінде туды. Екі ақынның кезектесіп бір шумақты өлеңмен жауаптасуын түре айтыс деген. Ал, екі ақынның көп әңгімені қамти, дамыта және бірнеше шумақпен ұзағынан сөйлеп кететін жауаптасуларын сүре айтыс деп атаған. Мұнда ақын айтайын деген ойын кеңінен толғап жырлайтын болған. Сүре айтыс ақындар айтысының өскелең дәрежеге жеткен кезінде туған245. Әдебиеттік түр жағынан алғанда, түре айтыс пен сүре айтыс жалпы айтыс жанрының қалыптасу, өсу-өрлеу кезеңдерін, тарихын баяндайтын көрсеткіштің бірі болмақ.
Айтыс өлеңдерінің идеялық бағыты біркелкі болмағаны сияқты, оның көркемдік дәрежесі де біркелкі емес. Айтыс өлеңдерінің ішінде олпы-солпы құрала салғандары, көркемдігі төмендері де бар. Бұған қарап оларды «өлең емес» деуге болмайды, олар да өлең, халық әдебиетінде ауызша шығарылған өлең үлгілері болып табылады. Мұнымен қатар, айтыс өлеңдерінің ішінде нағыз ақындық шабыттан туған асылдары, әсерлі-әдемілері, жазба поэзияға бара-бар келетіндері бар. Кемпірбайдың Әсетке айтқаны, Біржан мен Сараның айтысында жиі кездесетін айшықты маржандай тізілген әдемі шумақтар мұның мысалы бола алады. Олардың шын мәніндегі көркем, нағыз шебердің ақындық қиялынан шыққан асыл қазына деп қараймыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет