ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ СЕМЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
|
3-деңгейлі СМЖ
құжаты
|
УМКД
|
УМКД 042-16.1.32/03-2013
|
УМКД
«Мәтінді лингвоталдау»
пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар
|
______2013 жылғы
№ 3 басылым
|
5 В 0117 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған
«Мәтінді лингвоталдау»
ПӘНІНІҢ ОҚУ- ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР
СЕМЕЙ
2013
Мазмұны
1 Глоссарий
2 Дәрістер
3 Практикалық сабақтар
4 Студенттердің өздік жұмысы
1 ГЛОССАРИЙ
Абзац – жаңа жолдан басталатын мәтін бірлігі, күрделі құрылымдық-семантикалық тұтастық.
Автор бейнесі – көркем шығарманың мағынасы мен стилінің барлық элементтерін мәтіндік тұтастыққа біріктіретін лингвистикалық категория.
Автордың тілдік тұлғасы – автордың даралығы мен көркем мәтін тудырудағы ерекшеліктері.
Айтылым – бір коммуниканттың бір сөйлеу актісіндегі сөйлеу әрекеті.
Антропоцентристік бағыт – зерттеу жұмыстарының, танымның адамға, оның барлық сипаттарына (жеке басының, ұлттық, әлеуметтік) бағытталғандығы.
Ақпарат – (лат. informare-суреттеу, бір нәрсе туралы ұғым құрастыру, хабарлау) қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың қасиеттері мен ерекшеліктері туралы қарым-қатынас жағдайында табиғи тіл арқылы берілетін ақпардың жиынтығы:
Мазмұнды-фактуалды ақпарат – фактілер мен оқиғаларды, олардың уақыты мен орнын, автордың ойын, сюжеттің дамуын көрсететін ақпарат;
Мазмұндық-концептуалды ақпарат – автордың қоғамдық өмір құбылыстарын өз бетінше саралауын, түсінуін, бағалауын оқырманға жеткізуінің көрінісі;
Мазмұндық-астарлы ақпарат – тіл бірліктерінің ассоциативті және бағалаушы мағына тудыра алу қабілетіне қарай мазмұндық нақты ақпараттан алынатын жасырын ақпарат.
Ақпараттылық – мәтінге тән негізгі категориялардың бірі.
Әңгімелеу – тұтастық, байласымдық және мағыналық аяқталғандық, ақпарат беру категорияларына ие композициялық сөйлеу формаларының бірі.
Байланыс жарыспалы – мұнда сөйлемдер бір-біріне іліктеспейді;
Байланыс тізбекті – мұнда әр сөйлем келесі сөйлеммен іліктеседі.
Байласымдылық – мәтінге тән негізгі категориялардың бірі, ол тұтастықпен бірігіп, автор интенциясы мен оқырман қабылдауын мейлінше жақындастыруға ықпал етеді.
Бөлшектік – автор өзі баяндап отырған оқиға, құбылыстың жекелеген қырларына назар аударатын және оқырманның алған ақпары түсінуін жеңілдететін мәтін категориясы.
Гипермәтінділік – бір мәтінді екінші бір мәтін арқылы ажуалау, кемсіту.
Дискурс – (лат.discursum-әңгімелеу,сөйлеу үдерісі) кең мағынадағы тілдік іс-әрекет, тар мағынада – байласымды мәтін.
Жағдаят – мәтіндегі оқиғаның орны мен уақыты және кейіпкерлер жөніндегі ақпар.
Идея – (грек. idea-ұғым, түсінік) – тақырып пен мазмұн қатынасының нәтижесі.
Инвенция – сөйлеуді тудыру.
Интермәтіндік – мәтінге басқа шығармалардың мәдени кеңістігінің енуі.
Категория – объективті болмыстың құбылыстары мен заттар аралығындағы қатынастар мен байланыстары, ортақ қасиеттері мен белгілері анықталған ұғым.
Категориялар мәтіннің – ақпараттылық, концептуалдылық, байласымдық, тұтастық, аяқталғандық, модальдылық, коммуникативтілік, прагматикалық т.б.
Кеңістік – мәтінге тән категориялардың бірі, ол баяндаудың нақтылығы мен шындығын қамтамасыз етеді, қатарлас нәрселердің орналасу тәртібін көрсетеді:
Кеңістік көркем – шектеусіз кеңістік;
Кеңістік шынайы – нақты кеңістік.
Когезия – (ағыл.cohesion-«бірігу») – мәтіндегі сөйлемдер мазмұнының байласымдығы.
Когеренттік – (ағыл.coherence-«байласымдық») – мазмұндық, құрылымдық байласымдық.
Континиум – (лат. continuum-үздіксіз,толассыз) – мәтіндегі уақыт пен кеңістік ұғымдарының көрінісі:
Концептуалдылық – (лат. conceptio-қабылдау)
1) құбылысты қабылдаудағы пікірлер жүйесі;
2) негізгі идея.
Құрылым мәтіннің – мәтіннің мазмұны мен формасы категорияларының арасындағы қатынастар.
Мазмұн – тақырыпты ашу үшін тілдік талдауға түсетін фактілер мен құбылыстар.
Мәтін – (лат.textus-ткань, өрілім, қосылым) – аяқталған, объективтелген жазба құжаты ретінде... бірқатар ерекше бірліктері мен атауы бар, түрлі лексикалық, грамматикалық, логикалық, стилистикалық байланыстармен біріктірілген, белгілі бір мақсат пен прагматикалық бағыты бар сөйлеу шығармасының туындысы:
Макромәтін – көлемі үлкен шығарма;
Микромәтін – түрлі құжаттар, ақпараттар, көлемі шағын шығармалар.
Мәтін түзу – «Текст түзу» - жетілген жазба әдебиетінің көрінісі. Және ол қаламгердің зор талантын талап ететін құбылыс, өйткені текст түзу үшін сөз таптарын, грамматикалық амалдарды таңдай білу керек, әр сөздің лексикалық мағынасы мен модальдық өңін тап баса білу керек. Метамәтінділік – мәтіннің алдыңғы бөліктеріне түсіндірме немесе сыни сипаттағы сілтеме.
Модальділік – айтушының айтылымға қатынасын көрсететін, ақпарат пен объективті болмыстың арақатынасын бағалауға арналған грамматикалық-семантикалық категория.
Модальділік мәтіннің – автордың оқырманға болмыстағы құбылыстардың себеп-салдарын, қатынастарын түсінуіне ықпал жасау.
Модальділік объективті – ақпараттың болмысқа қатынасын білдіру.
Модальділік субъективті – айтушының айтылымға қатынасын көрсету.
Ойталқы – композициялық сөйлеу формаларының бір түрі, кейіпкердің әр түрлі сезімін, көңіл-күйін, дүниеге көзқарасын, кейде автордың ішкі ой-пікірін баяндайтын форма; ойталқының құрылымына уақыт, кеңістік және себеп-салдар категориялары жатады. Себеп-салдар ойталқыда құбылыстардың бірінен екіншісінің пайда болу байланысын көрсетеді.
Прагматикалық – коммуниканттардың сөйлеу жағдаятын ескере отырып, айтылым мақсаты мен бір-біріне және ақпарға қатынасын білдіретін категория.
Проспекция – (лат.prospicere-«алға қарау») – оқиғадан соң не болатынына тілдік құралдар арқылы сілтеме жасайтын категория, ол уақыт және кеңістікпен тығыз байланыста.
Рема – (грек.rhema-сөз) – сөйлемнің актуалды бөлігі; хабардағы бастапқы бөлік – тема жөнінде айтылатын және ойдың аяқталмаған көрінісін жасаушы.
Регистр сөйлеудің немесе мәтін түрлері – мәтіндердің тілдік ұйымдастырылуы:
Регистр ақпараттық – айтушы өзі білетін оқиғалар мен фактілерді хабарлайды;
Регистр волюнтивтік – айтушы адресатты белгілі бір іс-әрекетке жұмсайды;
Регистр генеритивтік – айтушы ой елегінен өткізген және өмір тәжірибесінен жинақталған ақпаратты береді;
Регистр реактивтік – тыңдаушының жағдаятты бағалауы.
Регистр репродуктивтік – айтушы көргенін, естігенін, сезгенін хабарлайды.
Ретроспекция – (лат.retrospicere-артқа қарау) – бұрынғы айтылғанға (жазылғанға) оралу.
Суреттеу – болмыстың белгілі бір қалпын, күй-жайын толықтайтын, көрсететін композициялық баяндау формаларының бірі.
Сюжет – (фр.sujet-шығарманың кейіпкерлері мен оқиғаларын баяндайтын негізгі мазмұн) – тақырып пен композиция қатынасының нәтижесі.
Тақырып – автордың құбылысқа қатынасын шығармасында зерттеу, көрсету үшін сұрыптап алған негізгі ойы немесе ой жиынтығы.
Тәсіл – композиция мен тілдің арақатынасын көрсететін амал.
Тұтастық мәтіннің – мәтін ішіндегі сөйлем, абзац, тарау, бөлім мазмұндарының тұтастығы.
Тұтастық күрделі синтаксистік – ерекше синтаксистік-стилистикалық бірлік құрайтын бірнеше сөйлемдер жиынтығы.
Тұтастық күрделі фразалық – мәтін құрайтын тіл бірлігі.
Уақыт – мәтінге тән категориялардың бірі, ол қатарлас нәрселердің бірін-бірі ауыстыруын көрсетеді:
Уақыт концептуалды – оқиға өтетін уақыт;
Уақыт көркем – сюжеттің, бейнеленген құбылыстардың өмір сүру формасы;
Уақыт объективті – күнтізбелік уақыт;
Уақыт перцептуалды – эмоциялық-экспрессивті уақыт;
Уақыт шынайы – басқа материалды объектілер сияқты мәтіннің (кітап, газет, іс қағаздар, хаттар т.б.) нақты уақытта өмір сүру формасы.
2 ДӘРІСТЕР
№1 модуль Пәннің теориялық-әдістанымдық негізі.
1 дәріс: Көркем мәтінді лингвистикалық талдаудың міндеттері мен принциптері.
Жоспары: Көркем мәтінді лингвистикалық талдаудың әдіс-тәсілдері.
Тілдік зерттеудің синтетикалық, құрылымдық, статистикалық әдістері.
Мәтін және оның негізгі белгілері. Мәтін туралы ұғым. Мәтін типтері.
Мазмұны: Адамның рухани әлемін, оның адамгершілік бүкіл ішкі сезім қасиеттерін қалыптастырып байытуда әдебиет пен ана тілі пәндерінің атқарар қызметі ерекше. Көркем туындыны толық, терең әрі жан –жақты түсіну оны талдаудың түр-түрін жетік меңгеріп, оларды жоғары мәдениеттілікпен ғылымдық сапада жүргізуді керек етеді. Олардың қай-қайсысында да зерттеушінің алдына әдеби шығарманың шынайы, көркем табиғатын тану мақсаты қойылады. Көркем әдебиет сөз арқылы жасалады. Көркем ойды бейнелейтін тіл құралдарының эстетикалық қасиетін ашу, сыры мен сынын түсіну бағытында аз жұмыс істеген жоқ. Оның алғашқы қадамдары көрнекі орыс ғалымдары А.А.Потебня, С.М.Пешковский, Л.В.Шерба, Г.О.Винокур, В.В.Виноградов еңбектерінен басталады. Кезінде академик Л.В.Шерба мектептер мен гимназияларда әдебиет пәнін оқытудың жайына көңілі толмай, өз сабақтарында әдебиетті талдаудың жаңа әдіс- тәсілдерін қолданған еді. Оны өзі былай: «Әдеби шығарманың идеялық және сонымен байланысты эмоциялық мазмұнын бейнелейтін тілдік құралдарды ашып көрсету», - деп түсіндірді. Оның пікірінше, көркем мәтінді талдау әдістемесін тілшілер де, әдебиетшілер де бірдей дәрежеде меңгерту керек. «Көркем шығарманы түсіну тар тілдік шеңберде қалуға да, немесе тек интуицияға сүйеніп шығарманың идеясы туралы жайдақ пікір айтуға да болмайды. Көркем мәтінді лингвистикалық талдау пәнінің объектісі - көркем шығармадағы тілдік құралдардың көркем мазмұнды бейнелеуге қатысы. Әдеби туындыда пайдаланылған тілдік элементтердің мағына мазмұнын, эстетикалық қыметін ашып анықтау-курстың негізгі мақсаты. Көркем мәтінді лингвистикалық талдау соңғы курста жүргізіледі. Ол басқа тілдік және әдебиеттк пәндерді аяқтап, қорыта отырып ол пәндерден алған білімдерді бекітіп, ұштайды. Сөйтіп, болашақ тілші, әдебиетші маманға керек білік, дағдыларды қалыптастыруға зор үлес қосады. Көркем мәтін аяқталған, біртұтас күрделі құрылым ретінде қаралады. Оның эстетикалық тұрғыдан ұйымдасқан тілдік формасы мәтіннің идеялық- көркемдік мазмұнын бейнелейді. Курстың міндеті – осы біртұтас күрделі құрылымды талдап түсіндіру, оның ұйымдасу механизмін ашу. Бұл міндет мәтінді тілдік және тілдік – стилистикалық талдаулар арқылы жүзеге асады.
Дәрісті қорытындылау: Мәтінді, оның ішінде көркем мәтінді кешенді талдау көп аспектілі және көп қырлы. Талдау жасауға кірісерден бұрын мәтін, оның ерекшеліктері мен көбірек белгілі категориялары, сол сияқты әрбір нақты мәтінде олардың қалай көрінетіні жайлы түсінік болу керек. Бұл сөз жоқ,әдеби туындыны дұрыс әрі толық түсінуге көмектеседі.
Бақылау сұрақтары:
Қазақ тіл біліміндегі мәтін және мәтінді талдау мен танудың жолдары.
Амал-тәсілдері.
Мәтін түрлері мен типтері
Ұсынылатын әдебиеттер:
-
Р. Сыздық, Б.Шалабай, А.Әділова Көркем мәтінді лигвистикалық талдау. Алматы, 2002.
-
Шалабай Б. Көркем әдебиет стилистикасы. Алматы, 1999.- 197 б.
-
Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі. Алматы, 1995. –172 б.
-
Сыздықова Р. Абай шығармаларының тілі. Алматы: Ғылым, 1968.- 334 б.
-
Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. Алматы: Санат, 1995.- 208 б.
-
Шалабаев Б. Көркем проза тілі. Алматы: Білім, 1994.- 128 б.
№2,3 дәріс: Қазақ тіл білімінде көркем мәтіннің зерттелуі.
Дәрістің жоспары: Мәтінді линвоталдауға қатысты зерттеулер. А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов еңбектері. М.Балақаев, І.Кеңесбаев, Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Х.Кәрімов, М.Серғалиев, Б.Шалабай, Г.Әзімжанова, Г.Сәрсеке, Л. Мақұлова, Г. Кәріпжанова, Г.Әбікенова, К.Еңсебаева, М. Әбікенов, Л.Оразғалиева, С.Тәттімбетова, Ж.Б.Саткеновалардың зерттеулері.
Мазмұны: Көркем әдебиет тілін зерттеудегі негізгі мақсат- көркем туындының бейнелі құрылымның өзіндік ерекшелігін ашу. Көркем мазмұнды бейнелейтін тілдік құралдардың қызметін көрсету. Ал алғышарттарына келер болсақ, олар мыналар: 1) көркем шығарманың мазмұны мен формасын бірлікте алып зерттеу; 2) көркем шығармадағы тілдік құбылыстардың өзара және көркем шығарманың басқа компоненттерімен байланыс, қарым- қатынасын ескеру; 3) бейнеленетін мазмұнға автор қатынасын ескеру; 4) шығарманың жанрлық ерекшеліктерін ескеру; 5) тілдік қолданыстардың әдебиет тарихындағы дәстүрлілігін, жалғастылығын ескеру; 6) ғылыми дамудың жаңа бағыт- бағдарларына сүйену т.б.
Көркем шығарманың тілі көркем сөз өнеріне ғана тән мазмұнды бейнелейді. Оны ашу стилистикалық талдау арқылы жүзеге асады. Сонда көркем әдебиет тілін стилистикалық талдаудың мазмұны көркем шығармада қолданылған тілдік тұлға бірліктердің мағна мәндерін барлық ендіктегі, тереңдіктегі ауытқулармен бірге ашудан тұрады. Екінші сөзбен айтқанда, тілдік тұлға бірліктердің шығарма мазмұнына қатынасын айқындау- міне, стилистикалық талдаудың мазмұны осы. Көрекм шығарманың идеялық бейнелі мазмұнын автор бейнесімен байланыста болатын, өздерінің мағыналық қабаттасулары арқылы біріккен, қызметі жағынан сараланған тілдік тұлғалар жүйесі құрайды. Сонда стилистикалық талдау арқылы көркем шығарманың идеялық бейнелі мазмұнын бейнелейтін тілдік тұлғалардың қызметтік, эстетикалық өзгеру, ұйымдасу заңдылықтары ашылды.
Дәрісті қорытындылау: Сонымен, көркем әдебиет стилистикасында жоғарыдағы әдістердің бірін көп дәрежеде, бірін аз дәрежеде, бірін негізгі етіп, қалғандарын көмекші етіп- барлығын да қолдануға болады. Көркем шығарманың тілдік құрылымын эстетикалық қызмет атқарудың нәтежиесінде ерекш түрде ұйымдасқан тілдік қолданыс деп қарайтын болсақ, ол құрылымның өзіндік ерекшелігі оны талдауда көптеген факторларды- таза тілдік, әдебиеттік, тарихи, психологиялық, жалпы эстетикалық ескеруді қажет етеді.
Бақылау сұрақтары: Мәтін лингвистикасының негізгі мәселелері мен ұғымдары. Мәтінді талдау. Мәтін параметрлері. Мәтін бірліктерін анықта.
Мәтін категорияларын анықта. Мәтін бірліктерін грамматикалық және семантикалық зерттеу. Мәтінді талдаудың негізгі аспектілері.
Ұсынылатын әдебиеттер:
-
Р. Сыздық, Б.Шалабай, А.Әділова Көркем мәтінді лигвистикалық талдау. Алматы, 2002.
-
Шалабай Б. Көркем әдебиет стилистикасы. Алматы, 1999.- 197 б.
-
Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі. Алматы, 1995. –172 б.
-
Сыздықова Р. Абай шығармаларының тілі. Алматы: Ғылым, 1968.- 334 б.
-
Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. Алматы: Санат, 1995.- 208 б.
-
Шалабаев Б. Көркем проза тілі. Алматы: Білім, 1994.- 128 б.
№4,5-дәріс: Көркем мәтін түзілісінің стилистикалық-эстетикалық өрісі. Жоспары: Поэзияда мәтін түзу мәселесі. Шығармалардағы мәтін түзу. Көркем шығарманың мазмұны мен формасы. Көркем шығармадағы тілдік құбылыстардың өзара және көркем шығарманың басқа компоненттерімен байланысы. Бейнелетін мазмұнға автордың қатынасы. Тілдік қолданыстағы дәстүр жалғастығы. Ғылыми дамудың жаңа бағыт бағдарына сүйену.
Мазмұны: Мәтінтану мен мәтінтүзілімге қарағанда жаңа да жас сала мәтін лингвистикасы мәтінді белгілі бір құрылым ретінде қарастырады. Мәтінді зерттейтін, оның мағыналық категорияларын танытатын, байласымның дұрыс құрылуын нысан ететін мәтін лингвистикасы мәтінді зерттейтін филологиялық пәндердің қатарында аталады. Осы еңбектерде мәтін, мәтін талдау мен мәтінтүзіліміне, мәтінтануға байланысты терминдердің қазақша сәтті баламалары, атап айтқанда, мәтінтану, мәтінтанушы, мәтінтанымдық ғылым, мәтінтүзілім тәсілдері, мәтінтүзуші элементтер, т.б. дүниеге келіп, олар кейінгі кезде жарыққа шыға бастаған ғылыми жұмыстарда қолданыс өрісін тапты. Мәтін лингвистикасы – тіл білімі ғылымының жеке саласы, зерттеу объектісі – мәтін. Мәтін лингвистикасы мәтіннің өзіне тән мәні мен болмысы, ерекшелігі, шындық болмыстың мәтінде бейнеленуі, мәтіннің түзілу ерекшелігі, оны қабылдаудың сипаты, мәтіндегі автор мәселесі т.б. жайттарды қарастырады. Мәтін лингвистикасының қалыптасуы тіл білімі салаларымен бірге (лексикология, семасиология, морфология, синтаксис, стилистика), жалпыфилологиялық текстология, поэтика (және филологиялық емес ілімдермен де (философия, логика, психология, эстетика) байланысты.
Қазіргі кезде мәтін төрт тұрғыда зерделенеді:
- семантика тұрғысында,
- прагматика тұрғысында,
- синтактика тұрғысында,
- функциялық тұрғыда.
Семантикалық тұрғыда бірлікті құрайтын сөйлемдердің мәніне көбірек көңіл аударылады. Дегенмен кейде мәтіннің біркелкі байланыспауы оның логикалық байланыстылығына теңестіріледі. Мәтіннің логикалық байланыстылығы мәтіннің байланыстылығына мүлде барабар емес, себебі мәтінде қарама-қайшылық, сәйкессіздік т.с.с. болады, ал бұл логикалық бірлікке жат.
Прагматика тұрғысында мәтіннің күрделі фразалық тұтастық бөліктерінің сабақтастығын анықтауға болады.
Синтактика тұрғысында екі негізгі бағыт бөлінеді:
а) дербес сөйлемдердің күрделі бірліктерге бірігу тәсілдерін зерделеу жолымен сөйлемнен ірілеу бірліктерді мүшелеп, зерттеу;
ә) сөйлемдердің байласымды мәтінде кірігуін жүзеге асыратын тілдік құралдарды тікелей зерделеу.
Дербес сөйлемдерді ірілеу бірліктерге біріктіру тәсілдерін зерделеуге арнаған еңбектерде күрделі фразалық тұтастық екі негізгі құрылымдық типке бөлінеді:
а) сөйлемдер бір-бірімен сабақтаса кіріккенде, аяқталған сөйлемдер арасындағы тізбекті байланысты прозалық шумақтар;
ә) сөйлемдерді өзара салыстыру немесе қарсы қою принципі бойынша салыстырғанда, сөйлемдер арасындағы параллельді байланысты прозалық шумақтар.
Прозалық шумақтардың өзінің құрылымы екі тұрғыда бөлінеді:
а) шумақтың ішкі құрылымдық ұйымын танытатын және сөйлемдерді қосудың синтаксистік құралдарымен байланысты өзіндік – синтаксистік;
ә) сыртқы суретін, контурасын, шумағын, ой мен тақырыптың дамуының сипатын анықтайтын композициялық-тақырыптық.
Сөйлем деңгейінде шумақтың осы екі типіне грамматикалық және өзекті (айтылымда) мүшелеу типі сәйкес келеді.
Күрделі фразалық тұтастықты зерделеу функциялық тұрғыда да жүргізіледі.
Күрделі фразалық тұтастық әртүрлі типтерінің бар екенін анықтайтын екі фактор: сөйлемнің бірлігін және солардың арасындағы байланыс сипатын құрастыратын түрлер, алайда бұл екі фактор өз кезегінде функциялық стильге, мәтіннің типіне, автордың өзіндік мәнеріне тәуелді.
Кейбір зерттеушілер күрделі фразалық тұтастықтан да ірі бірліктерді бөліп көрсетеді. Екі және одан көп күрделі фразалық тұтастық бір предикативтік-релятивтік кешенге бірігеді. Тілдік рәсімделуде осы кешенді бірлікті құрастыру принципі оған кіретін күрделі фразалық тұтастық санымен емес, оның мәтінде туындайтын өзара қатынастарымен, ақпаратты ұйымдастыру сипатымен анықталады.
Ақпараттың көлеміне және ортақ коммуникативтік тапсырманы орындау функциясына қарай осы кешенді бірліктердің мүшелері предикативтік (жетекші, анықтаушы) және релятивті (екінші деңгейлі, бағынышты) болып бөлінеді.
Предикативтік мүше дегеніміз – тұтас кешеннің құрамындағы концептуалды өзек, себебі ол сипатталатын оқиғалар туралы жаңа мәліметтерді хабарлау функциясын атқара отырып, кешен жеткізетін ақпаратқа көп үлес қосады.
Ал релятивтілік кешеннің басымды элементіне қатысты факультативтіліктің нышаны сияқты түсіндіріледі. Релятивтік элементтердің информативтік мәні предикативтік мүшенің информативтік мәнімен салыстырғанда онша мәнді емес, алайда бұл хабардың мәнерлік тұтастығын жасауда релятивтік элементтердің эстетикалық құндылығын төмендетпейді.
Л. М. Лосева күрделі фразалық тұтастықты синтаксистік категорияға жатқызады да, ал абзацты мәтіннің мазмұны мен құрылымына тән компонент деп есептейді.
Бақылау сұрақтары: Поэзияда мәтін түзу мәселесі. Шығармалардағы мәтін түзу. Көркем шығарманың мазмұны мен формасы. Көркем шығармадағы тілдік құбылыстардың өзара және көркем шығарманың басқа компоненттерімен байланысы. Бейнелетін мазмұнға автордың қатынасы.
Ұсынылатын әдебиеттер:
-
Р. Сыздық, Б.Шалабай, А.Әділова Көркем мәтінді лигвистикалық талдау. Алматы, 2002.
-
Шалабай Б. Көркем әдебиет стилистикасы. Алматы, 1999.- 197 б.
-
Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі. Алматы, 1995. –172 б.
-
Сыздықова Р. Абай шығармаларының тілі. Алматы: Ғылым, 1968.- 334 б.
-
Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. Алматы: Санат, 1995.- 208 б.
-
Шалабаев Б. Көркем проза тілі. Алматы: Білім, 1994.- 128 б.
№ 2 модуль. Көркем туындыларды тану, зерттеу.
№6,7 –дәріс: Көркем шығармадағы тілдік құбылыстардың өзара және көркем шығарманың басқа компоненттерімен байланысы.
Жоспары: Бейнелетін мазмұнға автордың қатынасы. Тілдік қолданыстағы дәстүр жалғастығы. Ғылыми дамудың жаңа бағыт бағдарына сүйену.
Мазмұны: Прозалық шығарманы кешенді тілдік талдау. Мәтінге тілдік-эстетикалық талдау жүргізу, идеялық-композициялық талдау жасау. Көркем әдебиет тілі жекелеген қаламгерлердің сөз қолдану машығын талдау, таразылау – бүгінгі күндегі жалғасын тауып келе жатқан маңызды мәселелер қатарын құрайды. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерінде халықтың рухани дамуына өз туындылары арқылы үлес қосқан сөз шеберлерінің тілін зерттеу, стильдік дәстүрлерін саралау, қорыту арқылы әдеби тілімізді молайтуға қосқан үлестерін ашып көрсетудің мәні зор. Көркем сөз зергерлері қалыптастырған стильдік дәстүр мен өнеге, олардың қазіргі әдеби тілімізде игеріліп, дамытылуы қандай дәрежеде деген мәселелер де осыдан келіп туындайды. Әрбір жазушының шеберлігі тілі арқылы көрінеді. Қаламгерлердің сөз қолданыс ерекшелігін әдеби тілдің даму заңдылықтары тұрғысынан талдап, халық тілінің сөз байлығын қаншалықты және қалай пайдаланғандығын, қазақ халқының тіл мәдениетін, сондай-ақ, әдеби тілін дамытуға қосқан үлесін анықтауға ұмтылу, жазушы тіліндегі көркемдік тіл құралдарының лингвистикалық табиғатын анықтау жұмыстың өзектілігін танытады. Белгілі бір кезеңге тән, сол кезең тілі туралы мағлұмат беретін - көркем шығарма, яғни әдебиет. Сондықтан әр кезеңдегі жазушылардың көркем туындыларын тану, зерттеу әдеби тілдің кезеңдерін айқындауға мүмкіндік жасайды.
Бақылау сұрақтары:
-
Прозалық шығармағы кешенді тілдік талдау.
-
Мәтінге тілдік-этетикалық талдау жүргізу.
-
Идеялық-композициялық талдау жасау.
Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6
№ 8,9 –дәріс: Көркем туындыдағы автордың баяндау, суреттеу тілі және кейіпкер сөзі.
Жоспары: Көркем туындыдағы автордың баяндау, суреттеу тілі және кейіпкер сөзі. Қ.Ысқақ шығармаларындағы кейіпкер бейнесінің линвостилистикалық сипаты.
Мазмүны: Жазушының сөз қолдану ерекшелігін, суреткерлік шеберлігін, дара стилін анықтауда, көркем туындыны стилистикалық тұрғыда талдауда кейіпкер бейнесінің берілу жолдарын, жазушының осы мақсатта қолданған тілдік-стилüдік, көркемдік тәсілдерін қарастырудың да маңызы зор.
Жалпы көркем шығарма тілінің көркемдік ерекшеліктері, жазушының дара стилі қарастырылған К.Еңсебаева. Г.Сәрсеке т.б. ғалымдардың еңбектері де бұл саланы дамытуға өз үлестерін қосады. К.Еңсебаева қазіргі көркем әдебиеттегі кейіпкер тілінің стильдік қызметін анықтап, кейіпкер бейнесін жасауға қатысатын тілдік-стильдік элементтерді талдайды, кейіпкер тіліндегі синтаксистік құрылымдардың образ жасауға қатысы жөнінде тұжырымдар жасайды.
«Кейіпкер сөзі – жазушының жеке дара баяндау стилінің ерекшелігін ғана айқындап қоймайды. Ол – кейіпкердің мінез-құлық қырларын, көзқарасын, психологиясын ашатын бірден-бір көркемдік амал. Персонаж сөзі – кейіпкердің жан әлемін ашатын шығарманың көркемдік кестесінің ажырамас бөлігі»
Г.Сәрсекенің еңбегінде Р.Сейсенбаев шығармаларындағы кейіпкер мінезін беруші тәсілдер ретінде портрет пен диалогтың ғылыми-теориялық негізі, тілдік-стильдік қызметі анықталып, әр тәсілдің құрамдық, құрылымдық, мағыналық ерекшеліктері талданады.
Көркем шығармадағы «автор бейнесі» - көркем тілдік категория.
Автор бейнесі жөнінде белгілі орыс ғалымы В.В.Виноградов : « Образ автора – эта та цементирующая сила, которая связывает все стилевые средства в цельную словесно – художественную систему» дейді.
Автор бейнесінің көркем шығармада алатын орны ерекше. Автор бейнесі стильдік ерекшелікпен қатар, шығарманың бүкіл құрылымымен тығыз байланыста. Сонымен қатар көркем шығарманы оқырманмен тығыз байланыстыратын көпір десек те артық айтпаған болар едік. Себебі, белгілі жүйеде құрылған оқиға өзінің барысымен оқырманды қоса жетелеп отырады. Осыған орай тағы да ескерерлік жағдай, әр жазушының өзіне тән сөз қолдану, сөйлем құрау ерекшеліктері, стилі болғандықтан жазушылардың еңбектерінде автор бейнесінің байқалу дәрежесі де әр қилы. Автор бейнесі кез келген шығармада болады және ол сол шығарманың тілдік құрылымымен, жазушының стилімен тығыз байланысты.
«Автор образы – тіл жағынан алғанда көркем шығарманың мағыналық стильдік діңгегі»
Орыс филологиясында бұл мәселе төңірегінде зерттеулер жүргізген ғалымдар В.Виноградов , Г.О.Винокур ,М.П.Брандес, А.Л. Шанина,Е.Ю. Геймбух,Л.А. Новиков жалпы көркем шығармадағы автор бейнесінің қалыптасуы мәселесін қарастырса, Е.П.Тетюхин ,Л.В.Малов, Н.В.Драгомирецкая, С.Н.Филюшкина, Ю.М.Проскурина сияқты ғалымдар жеке авторлар шығармаларындағы автор бейнесінің көріну ерекшеліктеріне тоқталады.
Е.П.Тетюхин өз еңбегінде Ч.Диккенс шығармаларындағы автор бейнесінің көрінісін, автор бейнесін қалыптастырушы тілдік тәсілдерді талдап,эпитет, теңеу, перифраз сияқты көріктеу құралдарының автор бейнесін қалыптастырудағы қызметін көрсете келіп, автор бейнесіне мынадай анықтама береді:
«Образ автора – это обще языковая категория, способ существования которой заключается в механизме перевода возможностей языка в конкретику речи».
Қазақ филологиясында бұл салада Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, М.Серғалиев,Б.Шалабай, Х.Кәрімов т.б. ғалымдардың еңбектерін атауға болады. Қазақ тіл білімінде бұл мәселеге кейінгі жылдарға дейін көп көңіл бөлінбей келді. Б.Шалабай өзінің зерттеу еңбегінде «автор бейнесі» ұғымын жан-жақты зерттеп, оның мазмұнын, құрылымын, түрлерін, баяндау формаларының автор бейнесін қалыптастырудағы қызметін анықтайды, алғашқы қазақ прозаларының және Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов шығармаларының тілін осы ұғым, категориялар тұрғысынан талдай келе,
«Автор бейнесінің құрылымын түсінбейінше, шығарма тілінің жалпы сипатын да, жекелеген ерекшеліктерін де түсіну мүмкін болмайды» – деп көрсетеді. Осы пікірге сүйене отырып, автор бейнесі шығарманың бүкіл құрылымдық, көркемдік ерекшеліктерін, жазушының тілдік құралдарды пайдаланудағы суреткерлік шеберлігін анықтайтын тілдік категория деп танимыз.
Достарыңызбен бөлісу: |