Мұғалім: Әбілов М. Б. Петропавл қаласы – 2008 жыл Тақырыбы : Қазақтың дарабоз ақыны- мағжан Жұмабаев. Мақсаты



Дата25.02.2016
өлшемі61.2 Kb.
#19797
Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицей

Қазақтың дарабоз ақыны –

Мағжан Жұмабаев

(Ақынның 115 жылға толуына байланысты

сыныптан тыс іс-шара)


Мұғалім: Әбілов М.Б.


Петропавл қаласы – 2008 жыл

Тақырыбы : Қазақтың дарабоз ақыны- Мағжан Жұмабаев.

Мақсаты:1. Ақын өмірі мен шығармашылығы жайлы түсінік беру.

2. Оқушылардың өлеңге, поэзияға деген құштарлықтарын және мәнерлеп

оқу дағдыларын арттыру.

3. Оқушыларды поэзияны сүюге, құрметттеуге тәрбиелеу.



Әдіс- тәсілі: Сұрақ-жауап, түсіндіру, талдау, әңгімелеу.

Көрнекілік: портрет, интерактивті тақтамен ақынға байланысты суреттерді көрсету

Сыныптан тыс іс-шара.

Абай – ақылдың ақыны, ал Мағжан – ақынның ақыны

Мағжан ақын ретінде Абайдан күштірек.

Біз Мағжаннан үйренуіміз керек.



Сәбит Мұқанов.

Мұғалім сөзі:

Оқушылар, сіздер білесіздер биылғы жылы қазақтың ұлы перзенті М.Жұмабаевтың туғанына 115 жыл толады. Сондықтан да бүгінгі тәрбие сағатымыз Мағжанға арналады. Слайд арқылы ақын өмірімен танысамыз.



Ақынның өмірі

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл деген жерде, әйгілі шаңырақта дүниеге келген. Өз әкесі -Бекен, бабалары- Жұмабай қажы, Шонай, Өтеген, Өтеміс – бәрі де исі Атығай ішінде даңқы шыққан белгілі кісілер болған. Мағжан өзімен бірге туған Мүсілім, Қаһарман, Мұқаметжан, Сәлімжан, Қалижан, Сабыржан, Күләндам, Гүлбарам деген бауырларымен құлын-тайдай тебісіп, анасы Гүлсімнің бауырында ауыл баласының қызықты, романтикаға толы тәтті, қимас шағын бірге өткізген.

Мағжан Қызылжар қаласындағы медреседе 4 жыл оқып, мұсылманша білім алады. Араб, парсы, түрік тілдерін үйренеді.

Кейіннен Омбы қаласындағы мұғалімдер семинариясына оқуға түседі. Омбыда Пушкиннің, Лермонтовтың, Гетенің, Гейненің, Байронның және басқа да көптеген орыс, батыс ақындарының шығармаларын тәржімелеп, қазақ оқырмандарына таныстырады. Семинарияны алтын медальмен бітіреді. Үздік оқитын қазақ балаларына арналған «Потанин қорынан» ұдайы степендия алып тұрды.

Мағжан Жұмабаев 1919 жылы Қызылжардағы «Бостандық туы» газетінде редактор қызметін атқарды, 1920 жылы Мәскеудегі Шығыс әдебиеті институтына оқуға түсіп оқиды, әрі қызмет істейді. 1922 жылы Ташкентте қазақ-қырғыз институтында сабақ береді. Мәскеуде Мағжан М.Горькийдің «Сұңқар жыры» кітабын қазақ тілінде тәржімелеп бастырып шығарады. Аталмыш оқу орнында ақынның алдынан жыр Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров, филология ғылымының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаевтар дәріс алады.

Кейіннен елге қайта оралып, Қызылжар қаласындағы педагогикалық техникумында және партия мектебінде сабақ береді. Бірақ 1929 жылы жазықсыз жала жабылып, Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалады. Содан 10 жылға сотталып, Карелияда айдауда болады. М.Горькийдің және оның әйелі Е.Пешкованың араласуымен 1936 жылы айдаудан босап шыққанымен, қайта ушыққан репрессия тырнағына ілініп, жазықсыздан -жазықсыз 1938 жылы 19 наурызда атылып кетеді. Өзі ғана емес, ағалары Мүсілім, Қаһарман, інісі Мұқаметжан да репрессия отына шалынады. Әкесі Бекен 1934 жылы, анасы Гүлсім 1943 жылы дүние салған.



Келесі слайд арқылы ақын өлеңдері туралы мәліметтер аламыз.

Ақын өлеңдері

Мағжанның дарындылығын тану үшін оның кез келген тақырыпта жазылған өлеңдерін алуға болады. Ақын өлеңдерінде мұңды толғаныс, өзекті өрттер өкініш, қара қайғы, сары уайыммен бірге өршіл романтизм, жалындаған махаббат, асқақ арман, үзілмейтін үміт астасып келеді. Ақын өлеңдерінің тақырыбы – туған ел, жер тағдыры, сонымен бірге табиғат, махаббат, достық тақырыптары.

Алғашқы өлеңдер жинағы «Шолпан» деген атпен Қазан қаласында 1912 жылы жарық көрді.Табиғат тақырыбына жазған «Көкшетау»¸ «Жазғы түнде», «Қысқы жол», «Қайық», «Орман» тәріздес өлеңдерінде адам мен табиғат қатар алынып, көркем бейне сезімі табиғатпен тұтасып кетеді. Әлеуметтік тақырыптарға арналған «Пайғамбар», «Күншығыс», «Жер жүзін топан басса екен», «Бостандық», «Орал», «Орал тау» өлеңдерінде сол замандағы қоғамдық өзгеріс, әлеуметтік, рухани көрністерді береді. Ақын өзі туған Шығыстың болашағына сенеді, үміт артады.

Мағжан өлеңдерінің әдемі сурет, ыстық сезімге толы бір легі – махаббат туралы. «Гүлсімге», Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін», «З-ға», «Жәмилә», «Сен сұлу», «Махаббат не?» тағы басқа өлеңдерінде сүйініш, күйініш, махаббат, ыстық жүрек, ішкі, сыртқы сұлулықпен бірлікте жырланады. Нені жырласа да шарықтаған тым қатты тегеурін, екпін басым. Мағжанға дейін махаббат, сүйіспеншілік тақырыбын Абай да жырлады. Мағжан махаббаты – ессіз, үмітсіз сүю. Сүйсе жан-жүрегімен құлай сүйеді.

Келші,көзім, күн бетіңді көрей Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей

Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін. Жұлдызды – жүзік, Айды – алқа

ғып берейін. , Өз дәуірінің қайшылығын баяндап қана қоймай, Мағжан оған көркемдік тұрғыда саяси баға беретіндей. Ақынның «Пайғамбар», «Күншығыс», «Бостандық», «Орал» сияқты өлеңдерінен сол кезең көтерген саяси-әлеуметтік, қоғамдық жайлар көтеріледі. Ақын өз өлеңдерінде Шығысты пір тұтады, қасиетті мекен санайды. «Пайғамбар» өлеңінде:

Күнбатысты қараңғылықты қаптаған,

Күні батып, жаңа таңы атпаған.

Түнеріп жүр түннен туған перілер,

Тәңірісін табанына таптаған...

Сахналық көрініс:

Күңірене шыққан Құрманғазының «Қайран шешем» күйі. Сахнада абақты

бейнеленеді. Темір тор. Май шам. Күңгірт. Темір тордың ар жағынан күніренген үн

естіледі: Мағжанның

«Сағындым» өлеңін темір тордың ар жағынан оқиды. /Мағжан рөлінде/ 1оқушы

оқиды.


Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,

Сарғайдым ғой, сар даламды сағандым.

«Қарашығым, құлыным!» - деп зарлаған

Алыстағы сорлы анамды сағындым.


Жатқан үйім – қабырғасы қара тас,

Жарық сәуле, жылы күнге жаны қас.

Ауыр иіс, ылғал қара көлеңке,

Ерте-кеште, күндіз-түні арылмас.

. Өлең жолдары оқылған сайын дауыс жігерлене, өршелене түседі. Күй үні де күшейе

түседі. Ана бейнесінде бір оқушы шығады. Баласын тосып шаршаған,қажыған ана

қоңыр үнмен:

Құлыным, ботам...! Мағжаным!

Қу тағдыр, басыңа қайғы түсірді – ау...

Зар заман... Аясаңшы, ботамды,

Мағжаным, жаным, қайдасың?

Қарашығым, құлыным...

Ана бүгіліп, дауыс қылып, зарлап жылайды. Ана бейнесі өте бере, қайтадан Мағжан

өзінің«Сағындым» өлеңін жалғастырып оқиды.

Абақтыда айды, күнді жаңылдым,

Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.

«Қарашығым, құлыным» деп зарлаған,

Алыстағы сорлы анамды сағындым...?

Өлең біте бере май шам өшіріледі. – Музыка үні бәсеңдейді. Сахнаға 2- оқушы шығып,

Мағжанның «Мен кім» деген өленің мәнерлеп оқиды:

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

Жолбарыспын маған қарсы кім тұрар?

Көкте – бұлт, жерде – желмін гулеген,

Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар?...


Жыланмын мен, келме жақын, жанарсың,

Тұлпармын мен, шаңыма ермей қаларсың.

Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ,

Көз қырымын күліп қана қарармын...


Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,

Надан адам өлім жоғын білмейді.

Өзім-патша, өзім-қазы, өзім-би

Қандай ессіз не қылдың деп тергейді?



Мұғалім сөзі:

Иә, Мағжан өзі айтқандай, арыстандай алысып, жолбарыстай қарысып, әділдік, бостандық үшін күресіп өтті. Ақын мұрасы ұшан- теңіз.Әрине, Мағжанды бір ғана сағат оқып білуге болмайды.Оны жылдар, ғасырлар бойы оқып үйренуіміз қажет. Біз бүгін Мағжанның қысқа да болса өнегелі өміріне шолу жасадық. Мағжанның өмірі бәрімізге өнеге. Ол батылдыққа, адамгершілікке, ұлылыққа шақырды. Қазақтың дарабоз ақыны Мағжан өмірден өтсе де, оның өмірі, өлеңі мәңгілік жас ұрпақ жадында жатталып қала бермек.


Қорытынды:

1. Мағжан қандай ақын? Қандай өлеңдерін, поэмасын білдіңдер?



2. Ақыннның өлеңдері не туралы? Қандай лирикаға жазылған?

3. Ақын өмірі қандай болған? Оның қандай мұраларын білесіңдер?

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет