«Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі Қаулы етеді: «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы»


-бап Саяси және қоғамдық өмірге қатысу



бет3/3
Дата17.07.2016
өлшемі194.5 Kb.
#205428
1   2   3

29-бап Саяси және қоғамдық өмірге қатысу
Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің саяси құқықтарына және оларды басқалармен тең дәрежеде пайдалану мүмкіндіктеріне кепілдік береді және:

а) мүгедектердің саяси және қоғамдық өмірге тікелей немесе еркін таңдаған өкілдер арқылы басқалармен тең дәрежеде тиімді және жан-жақты қатыса алуын, соның ішінде дауыс беруге және сайлануға құқығы мен мүмкіндігі болуын, атап айтқанда:

i) дауыс беруге арналған процедуралар, үй-жайлар мен материалдар түсінуге және пайдалануға қолайлы, қол жетімді және жеңіл болуын қамтамасыз ету;

ii) мүгедектердің сайлауда және көпшілік референдумдарда қорықпай жасырын дауыс беруге қатысу және сайлау үшін өз кандидатураларын ұсынуға, лауазымдарды іс жүзінде иеленуге және қолайлы жерде ассистивтік және жаңа технологияларды пайдалануға жәрдемдесе отырып мемлекеттік биліктің барлық деңгейлеріндегі барлық көпшілік функцияларды орындауға құқығын қорғау;

iii) мүгедектердің сайлаушы ретіндегі ерік-жігерін еркін танытуына және осы мақсатта қажет болған жағдайда олардың өздерінің қалауы бойынша қандай да бір адамға дауыс беруге көмектесу туралы өтініштерін қанағаттандыруға кепілдік беру арқылы қамтамасыз етуге;



b) мүгедектердің мемлекеттік істерді басқаруға кемсітусіз және басқалармен тең дәрежеде, тиімді және жан-жақты қатыса алатындай жағдайын жасауға белсенді жәрдемдесуге және олардың:

i) жұмысы елдің мемлекеттік және саяси өмірімен байланысты үкіметтік емес ұйымдар мен бірлестіктерге, соның ішінде саяси партиялардың қызметі мен оны басқаруға қатысуын;

ii) мүгедектердің атынан халықаралық, ұлттық, өңірлік және жергілікті деңгейлерде өкілдік ету үшін мүгедектер ұйымын құру және оларға кіруді қоса алғандағы мемлекет істеріне араласуын көтермелеп отыруға міндеттенеді.
30-бап Мәдени өмірге, бос уақыты мен демалысын өткізуге және спортпен шұғылдануға қатысу
1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің басқалармен теңдей дәрежеде мәдени өмірге қатысу құқығын таниды және мүгедектердің:

а) мәдениет туындыларына қол жетімді форматта қол жеткізуін;

b) қол жетімді форматтағы теледидар бағдарламаларына, фильмдерге, театрға және басқа да мәдени іс-шараларға қол жеткізуін;

с) театрлар, мұражайлар, кинотеатрлар, кітапханалар және туристік қызмет көрсетулер сияқты мәдени іс-шаралар немесе қызмет көрсетулер орындарына қолдарын жеткізуін, сондай-ақ ұлттық мәдени маңызы бар ескерткіштер мен нысандарға барынша мүмкін дәрежеде қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды.

2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектерге тек олардың өз игілігі үшін ғана емес, барша қоғамның баюы үшін өздерінің шығармашылық, көркемсурет және зияткерлік әлеуетін дамыту және пайдалану мүмкіндіктерін беруге арналған тиісті шараларды қабылдайды.

3. Қатысушы мемлекеттер халықаралық құқыққа сәйкес зияткерлік меншік құқығын қорғау туралы заңдардың мүгедектердің мәдениет туындыларына қол жеткізуіне жөнсіз немесе кемсітуші тосқауыл болмауын қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды.

4. Мүгедектердің басқалармен тең дәрежеде өздерінің ерекше мәдени және тілдік өзіндік болмысының, ымдау тілдері мен саңыраулар мәдениетінің танылуына және қолдауға ие болуына құқы бар.

5. Мүгедектерге басқалармен тең дәрежеде бос уақыты мен демалысын өткізуге, спорттық іс-шараларға қатысу мүмкіндігін беру үшін қатысушы мемлекеттер:

а) мүгедектердің барлық деңгейлердегі жалпыбейінді спорттық іс-шараларға барынша толық қатысуын көтермелеу және насихаттау үшін;

b) мүгедектердің мүгедектерге арналған спорттық және бос уақытын өткізу іс-шараларын ұйымдастыруға мүмкіндігі болуын қамтамасыз ету, оларды дамыту және оларға қатысуы үшін және осыған байланысты басқалармен тең дәрежеде тиісті оқыту, дайындық және ресурстар ұсынылуына жәрдемдесу үшін;

с) мүгедектердің спорттық, рекреациялық және туристік нысандарға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін;

d) мүгедек балалардың басқа балалармен тең дәрежеде ойындарға, бос уақыты мен демалысын өткізуге және спорттық іс-шараларға, соның ішінде мектеп жүйесі шеңберіндегі іс-шараларға қатысуға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін;

e) мүгедектердің бос уақытын, туризмді, демалысын және спорттық іс-шараларын ұйымдастырумен айналысатын адамдардың қызмет көрсетулеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдайды.
31-бап Статистика және мәліметтер жинау
1. Қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияны орындау мақсатында стратегиялар әзірлеп, іске асыруға мүмкіндік беретін статистикалық және зерттеу мәліметтерін қоса алғандағы тиісті ақпараттар жинауға міндеттенеді. Бұл ақпаратты жинау және сақтау процесі кезінде:

а) мүгедектердің жеке өмірінің құпиялылығы мен қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету үшін заңды тұрғыда белгіленген кепілдіктердің, оның ішінде мәліметтерді қорғау туралы заңнаманың;

b) статистикалық мәліметтерді жинау мен пайдалану кезінде адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғауға қатысты халықаралық танылған нормалардың, сондай-ақ этикалық принциптердің сақталуы тиіс.

2. Осы бапқа сәйкес жиналған ақпарат тиісті жолмен дезагрегацияланады және қатысушы мемлекеттердің осы Конвенция бойынша өз міндеттемелерін қалай орындап жатқанын бағалауға жәрдемдесу үшін, сондай-ақ мүгедектердің өздерінің құқықтарын іске асыруы кезінде кездесетін кедергілерді айқындау мен жою үшін пайдаланылады.

3. Қатысушы мемлекеттер осы статистикалық мәліметтерді таратқаны үшін өздеріне жауапкершілік алады және олардың мүгедектер мен басқа адамдар үшін қол жетімді болуын қамтамасыз етеді.
32-бап Халықаралық ынтымақтастық
 1. Қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияның мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру жөніндегі ұлттық күш-жігерді қолдай отырып халықаралық ынтымақтастық пен оны көтермелеудің маңыздылығын таниды және мемлекетаралық желі бойынша, ал орынды жерінде – тиісті халықаралық және өңірлік ұйымдармен және азаматтық қоғаммен, атап айтқанда мүгедектер ұйымдарымен әріптестікте осыған байланысты тиісті және тиімді шараларды қабылдайды. Мұндай шаралар атап айтқанда:

a) халықаралық ынтымақтастықтың, оның ішінде халықаралық даму бағдарламаларының мүгедектерді қамтуын және олар үшін қол жетімді болуын қамтамасыз етуді;

b) жеңілдетуді және қолда бар мүмкіндіктерді нығайтуды қолдауды, оның ішінде өзара ақпарат, тәжірибе, бағдарламалар мен озық әзірлемелер алмасу жолымен;

c) зерттеу саласындағы ынтымақтастық пен ғылыми-техникалық білімге қол жеткізуді;

d) орынды жерінде қонымды жерде техникалық-экономикалық көмекті, оның ішінде қол жетімді және ассистивті технологияларға қол жеткізуді жеңілдету арқылы және оларды өзара алмасу жолымен, сондай-ақ технологиялар беру арқылы көмектесуді қамтуы мүмкін.

2. Осы баптың ережелері әрбір қатысушы мемлекеттің осы Конвенцияға сәйкес өз міндеттемелерін орындау жөніндегі міндеттеріне әсер етпейді.


33-бап Ұлттық жүзеге асыру және мониторинг
1. Қатысушы мемлекеттер өздерінің ұйымдық құрылуына сәйкес үкіметте осы Конвенцияны жүзеге асырумен байланысты мәселелерге жетекшілік ететін бір немесе бірнеше инстанцияларды тағайындайды және әртүрлі секторлар мен әртүрлі деңгейлердегі тиісті жұмысқа жәрдемдесу үшін тиісті жолмен үкіметте үйлестіру механизмін құру немесе тағайындау мүмкіндігін зерттейді.

2. Қатысушы мемлекеттер өздерінің құқықтық және әкімшілік құрылымына сәйкес өзінде орынды жерінде осы Конвенцияның орындалуын көтермелеуге, қорғауға және мониторинг жүргізуге арналған бір немесе бірнеше тәуелсіз механизмдерді қамтитын құрылымды қолдайды, нығайтады, тағайындайды немесе құрады. Мұндай механизмді тағайындаған немесе құрған кезде қатысушы мемлекеттер адам құқықтарын қорғаумен және көтермелеумен айналысатын ұлттық мекемелердің мәртебесі мен қызмет етуіне қатысты принциптерді назарға алады.

3. Азаматтық қоғам, атап айтқанда мүгедектер мен олардың атынан өкілдік ететін ұйымдар қадағалау процесіне толық көлемінде тартылады және оған қатысады.
34-бап Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитет
1. Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитет құрылады (бұдан әрі – «Комитет» деп аталатын), ол төменде көзделген функцияларды орындайды.

2. Осы Конвенцияның күшіне енуі сәтінде Комитет он екі сарапшыдан тұрады. Конвенцияның тағы да алпыс рет ратификациялануынан немесе оған қосылуынан кейін Комитеттің мүшелік құрамы алты адамға артып, ең көп саны – он сегіз мүшеге жетеді.

3. Комитет мүшелері жеке адам ретінде әрекет етеді және жоғары моральдық қасиетке және осы Конвенция қамтитын салада танылған білікті де тәжірибелі тұлға болады. Өз кандитатураларын ұсынар кезде қатысушы мемлекеттерге осы Конвенцияның 4-бабының 3-тармағында тұжырымдалған ережені тиісті дәрежеде ескеру ұсынылады.

4. Комитет мүшелерін қатысушы мемлекеттер сайлайды, бұл ретте әділ географиялық бөлініске, әртүрлі өркениет нысандарының өкілділігіне және негізгі құқықтық жүйелеріне, ерлер мен әйелдердің теңдестірілген өкілділігіне және сарапшы мүгедектердің қатысуына көңіл бөлінеді.

5. Комитет мүшелері қатысушы мемлекеттер конференциясының отырысында қатысушы мемлекеттердің өз азаматтары ішінен ұсынған кандидаттары тізімінен жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Қатысушы мемлекеттердің үштен екісі кворум құрайтын бұл отырыстарда дауыс беруге келген және қатысқан қатысушы мемлекеттер өкілдерінің барынша көп дауысын және абсолюттік көпшілігін алған кандидаттар Комитет құрамына сайланған болып табылады.

6. Ең алғашқы сайлау осы Конвенция күшіне енген күннен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізіледі. Әрбір сайлау өтетін күнге дейін кем дегенде төрт ай бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы қатысушы мемлекеттерге хат жолдап, екі айдың ішінде кандидатура беруді ұсынады. Сосын Бас хатшы осылайша ұсынылған кандидаттардың оларды ұсынған қатысушы мемлекеттерін көрсете отырып әліпбилік ретпен тізімін жасайды және оны осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттерге жібереді.

7. Комитет мүшелері төрт жылдық мерзімге сайланады. Олар тек бір ғана қайта сайлануға құқылы. Алайда, бірінші сайлауда сайланатын алты мүшенің өкілеттік мерзімі екі жылдық мерзімнен кейін аяқталады; бұл алты мүшенің аттары бірінші сайлаудан кейін отырысқа төрағалық етушінің жеребесі бойынша кешіктірілмей анықталады, ол туралы осы баптың 5-тармағында айтылған.

8. Комитеттің қосымша алты мүшесін сайлау осы баптың тиісті ережелерімен реттелетін әдеттегі сайлауға орайластырылады.

9. Егер де Комитеттің қандай да бір мүшесі қайтыс болса немесе отставкаға кетсе, не болмаса өзінің міндеттерін қандай да бір өзге себептермен әрі қарай орындай алмайтынын хабарласа, онда бұл мүшенің кандидатурасын ұсынған қатысушы мемлекет өкілеттіліктің қалған мерзіміне біліктілікке ие және осы баптың тиісті ережелерінде көзделген талаптарға сай келетін басқа сарапшыны тағайындайды.

10. Комитет өзінің процедуралар ережесін белгілейді.

11. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Комитеттің осы Конвенцияға сәйкес өз функцияларын тиімді іске асыруы үшін қажетті қызметкерлер мен материалдық қаражат береді және оның алғашқы мәжілісін шақырады.

12. Осы Конвенцияға сәйкес құрылған Комитеттің мүшелері Біріккен Ұлттар Ұйымының қаражатынан Комитеттің міндеттерінің маңыздылығын ескере отырып Ассамблея белгілейтін тәртіппен және шарттармен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекітетін сыйақы алады.

13. Комитет мүшелері Біріккен Ұлттар Ұйымы істері бойынша іс-сапарларда Конвенцияның Біріккен Ұлттардың артықшылықтары мен иммунитеттері туралы тиісті бөлімдерінде бекітілген сарапшылардың жеңілдіктеріне, артықшылықтарына және иммунитеттеріне құқығы болады.
35-бап Қатысушы мемлекеттердің баяндамалары
 1. Әрбір қатысушы мемлекет Комитетке Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы арқылы олардың осы Конвенция бойынша өз міндеттемелерін іске асыру үшін қабылданған шаралар туралы және тиісті қатысушы мемлекет үшін осы Конвенцияның күшіне енген күнінен бастап екі жылдың ішінде осы тұрғыда қол жеткізілген прогресс туралы жан-жақты баяндама ұсынады.

2. Кейін қатысушы мемлекеттер келесі баяндамаларды төрт жылда бір реттен сиретпей, сондай-ақ Комитет сұраған кезде ұсынып отырады.

3. Комитет баяндамалардың мазмұнын анықтайтын басшылық принциптерін белгілейді.

4. Комитетке алғашқы жан-жақты баяндаманы ұсынған қатысушы мемлекетке өзінің кейінгі баяндамаларында бұрындары берген ақпараттарды қайталаудың қажеттігі жоқ. Қатысушы мемлекеттерге Комитетке баяндамаларды дайындауды ашық және транспарентті процесс етуді ойластыру және осы Конвенцияның 4-бабының 3- тармағында тұжырымдалған ережені тиісті дәрежеде ескеру ұсынылады.

5. Баяндамаларда осы Конвенция бойынша міндеттемелердің орындалу дәрежесіне ықпал ететін факторлары мен қиындықтар көрсетілуі мүмкін.
36-бап Баяндамаларды қарау
1. Комитет әр баяндаманы қарайды, ол бойынша орынды деген ұсыныстар мен жалпы ұсынымдар жасайды, оларды тиісті қатысушы мемлекеттерге жібереді. Қатысушы мемлекет жауап ретінде Комитетке өз қалауы бойынша кез келген ақпаратты жібере алады. Комитет қатысушы мемлекеттерден осы Конвенцияны жүзеге асыруға қатысы бар қосымша ақпарат сұратып ала алады.

2. Қатысушы мемлекет баяндама ұсынуды айтарлықтай кешіктірген кезде Комитет тиісті қатысушы мемлекетті егер де осы хабардар етуден кейінгі үш айдың ішінде тиісті баяндама ұсынылмаса, осы Конвенцияның бұл қатысушы мемлекетте іске асырылуы туралы мәселені Комитеттегі қолда бар ақиқат ақпараттың негізінде қарау талап етілетіндігі туралы хабардар ете алады. Комитет тиісті қатысушы мемлекетке мұндай қарауға қатысуды ұсынады. Егер қатысушы мемлекет жауап ретінде тиісті баяндама ұсынса, онда осы баптың 1-тармағының ережелері қолданылады.

3. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы баяндамаларды барлық қатысушы мемлекеттердің иеленуіне жібереді.

4. Қатысушы мемлекеттер өз елінде жұртшылық үшін өз баяндамаларына кең жол ашады, осы баяндамаларға қатысты ұсыныстармен және жалпы ұсынымдармен танысуды жеңілдетеді.

5. Комитет мұны орынды деп есептеген жағдайда қатысушы мемлекеттердің баяндамаларын Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелеріне, қорларына және бағдарламаларына, сондай-ақ басқа да құзырлы органдарға олардың онда айтылатын техникалық консультация немесе көмек туралы өтінішке не болмаса соңғысындағы қажеттілікке нұсқауға назар аударуы үшін Комитеттің осы өтініштер немесе нұсқаулар бойынша ескертулері мен ұсынымдарымен бірге (егер олар бар болса) жібереді.
37-бап Қатысушы мемлекеттер мен Комитеттің арасындағы ынтымақтастық
1. Әрбір қатысушы мемлекет Комитетпен ынтымақтастықта болады және оның мүшелеріне олардың өз міндеттерін орындауына жәрдемдеседі.

2. Комитет өзінің қатысушы мемлекеттермен қарым-қатынастарында осы Конвенцияны іске асыру, оның ішінде халықаралық ынтымақтастықтың көмегімен іске асыру жөніндегі ұлттық мүмкіндіктерді өсірудің жолдары мен құралдарын тиісті дәрежеде ескереді.


38-бап Комитеттің басқа органдармен қарым-қатынасы
Осы Конвенцияның іске асуына жәрдемдесу және оның қамтитын саласындағы халықаралық ынтымақтастықты көтермелеу үшін:

а) Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелері мен басқа да ұйымдары олардың мандаттарына кіретін осы Конвенцияның мұндай ережелерін іске асыру туралы мәселені қарау кезінде өкілдік алуға құқылы болады. Комитет орынды дер есептеген жағдайда ол мамандандырылған мекемелерге және басқа да құзырлы органдарға Конвенцияны олардың тиісті мандаттарына кіретін салаларда іске асыруға қатысты сараптамалық қорытынды беруді ұсына алады. Комитет Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелері мен басқа да ұйымдарына Конвенцияның олардың қызмет ету саласына жататын салалалардағы іске асуы туралы баяндама беруді ұсына алады;

b) Комитет өз мандатын орындау кезінде, олардың тиісті баяндама беру басшылық принциптеріндегі, сондай-ақ олар шығаратын ұсыныстар мен жалпы ұсынымдардағы келісушілікті қамтамасыз ету және олардың өз функцияларын іске асыруы кезіндегі қайталау мен параллелизмді болдырмау үшін, орынды болған жағдайда, адам құқықтары жөніндегі халықаралық келісім-шарттардың күшімен құрылған басқа тиісті органдардан, мекемелерден консультация алады.
39-бап Комитет баяндамасы
  Комитет екі жылда бір рет Бас Ассамблея мен Экономикалық және Әлеуметтік Кеңеске өз қызметі туралы баяндама ұсынады және қатысушы мемлекеттерден алған баяндамалар мен ақпараттарды қарауға негізделген ұсыныстар мен жалпы ұсынымдар шығара алады. Мұндай ұсыныстар мен жалпы ұсынымдар қатысушы мемлекеттердің түсініктемелерімен бірге (егер олар бар болса) Комитеттің баяндамасына енгізіледі.
40-бап Қатысушы мемлекеттер конференциясы
 1. Қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияны іске асыруға қатысты кез келген мәселені қарау үшін Қатысушы мемлекеттердің конференциясына жүйелі түрде жиналып тұрады.

2. Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін алты айдан кешіктірмей Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Қатысушы мемлекеттердің конференциясын шақырады. Келесі кеңестерді Бас хатшы екі жылда бір рет шақырады немесе Қатысушы мемлекеттер конференциясының шешімі бойынша шақырылады.


41-бап Депозитарий
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Осы Конвенцияның депозитариі болып табылады.
42-бап Қол қою
Осы Конвенция барлық мемлекеттер мен өңірлік интеграциялар ұйымдарының қол қоюы үшін Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде 2007 жылғы 30 наурыздан бастап ашық.
43-бап Міндеттілікке келісу
Осы Конвенцияны оған қол қойған мемлекеттер ратификациялауға және оған қол қойған өңірлік интеграция ұйымдары ресми растауға тиіс. Ол осы Конвенцияға қол қоймаған кез келген мемлекеттің немесе өңірлік интеграция ұйымының қосылуы үшін ашық.
44-бап Өңірлік интеграция ұйымдары
1. «Өңірлік интеграция ұйымы» белгілі бір өңірдің егемен елдері құрған, оған мүше мемлекеттер осы Конвенциямен реттелетін мәселелерге қатысты құзырлар берген ұйымды білдіреді. Мұндай ұйымдар ресми растау немесе қосылу туралы өз құжаттарында осы Конвенциямен реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің көлемін көрсетеді. Соңынан олар депозитарийді өз құзыретінің көлеміндегі кез келген елеулі өзгерістер туралы хабардар етеді.

2. Осы Конвенциядағы «қатысушы мемлекеттерге» сілтемелер мұндай ұйымдарға олардың құзыреті шегінде қатысты болады.

3. Осы Конвенцияның 45-бабының 1 тармағы мен 47-бабының 2 және  3 тармақтарыныңмақсаттары үшін өңірлік интеграция ұйымы сақтауға берген бірде-бір құжат есептелмейді.

4. Өңірлік интеграция ұйымдары олардың құзырына жататын мәселелерде Қатысушы мемлекеттер конференциясындағы өздерінің олардың осы Конвенцияға қатысушы болып табылатын мүше мемлекеттерінің санына тең дауыс санымен дауыс беру құқығын пайдалана алады. Егер мүше мемлекеттердің біреуі өзінің құқығын іске асырса, онда мұндай ұйым өзінің дауыс беру құқығын іске асырмайды, және керісінше болуы мүмкін.


45-бап Күшіне енуі
1. Осы Конвенция жиырмасыншы ратификациялық грамотаны немесе қосылу туралы құжатты сақтауға бергеннен кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.

2. Мұндай жиырмасыншы құжатты сақтауға бергеннен кейін осы Конвенцияны ратификациялаушы, оны ресми растаушы немесе оған қосылушы әрбір мемлекет немесе өңірлік интеграция ұйымы үшін Конвенция олардың өздерінің осындай құжатын сақтауға бергеннен кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.


46-бап Ескертпелер
1. Осы Конвенцияның объектісі мен мақсатына сай келмейтін ескертпелерге жол берілмейді

2. Ескертпелер кез келген уақытта алынып тасталуы мүмкін.


47-бап Түзетулер
 1. Кез келген қатысушы мемлекет осы Конвенцияға түзетулер ұсынып, оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына бере алады. Бас хатшы ұсынылған кез келген түзетулерді қатысушы мемлекеттерге олардың осы ұсыныстарды қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау үшін қатысушы мемлекеттердің конференциясын шақыруды қалайтын-қаламайтындығы туралы хабардар етуін сұрай отырып хабарлайды. Мұндай хабарлаудан кейінгі төрт айдың ішінде қатысушы мемлекеттердің кемінде үштен бірі мұндай конференцияны өткізуді жақтаған жағдайда Бас хатшы Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында конференция шақырады. Келгендер мен дауыс беруге қатысқан қатысушы мемлекеттердің үштен екісін қамтитын көпшілігімен мақұлданған кез келген түзетуді Бас хатшы бекіту үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына, сосын қабылдау үшін барлық қатысушы мемлекеттерге жібереді.

2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес мақұлданған және бекітілген түзету сақтауға берілген қабылдау туралы құжаттар саны осы түзетуді мақұлдау күніндегі қатысушы мемлекеттер санының үштен екісіне жеткен кезден кейінгі отызыншы күні күшіне енеді. Соңынан түзету кез келген қатысушы мемлекет үшін оның қабылдау туралы құжатын сақтауға тапсырғаннан кейінгі отызыншы күні күшіне енеді. Түзетулер оларды қабылдаған қатысушы мемлекеттер үшін ғана міндетті болып табылады.



3. Егер де Қатысушы мемлекеттер конференциясы консенсуспен тиісті шешімді қабылдаса, осы баптың 1-тармағына сәйкес мақұлданған және бекітілген, тек 34, 38, 39 және 40-баптарға жататын түзету барлық қатысушы мемлекеттер үшін сақтауға берілген қабылдау туралы құжаттар саны осы түзетуді мақұлдау күніндегі қатысушы мемлекеттер санының үштен екісіне жеткеннен кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.
48-бап Күшін жою
Қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын жазбаша хабардар ету арқылы осы Конвенцияның күшін жоя алады. Күшін жою Бас хатшының мұндай хабарламаны алған күнінен кейін бір жылдан соң күшіне енеді.
49-бап Қолжетімді формат
Осы Конвенция мәтінінің қол жетімді форматта болуы қамтамасыз етілуге тиіс.
50-ап Біркелкі мәтіндер
Осы Конвенцияның мәтіндері ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдерінде тең біркелкі болып табылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН төменде қол қойған уәкілетті өкілдер, тиісті үкіметтері берген уәкілеттіктерімен тиісті тәртіппен осы Конвенцияға қол қойды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет