МҰхамбетов Жомарт ИбатоллаҰлы Көркем мәтіндердегі диалектизмдердің этномәдени мәні



бет1/3
Дата14.06.2016
өлшемі377 Kb.
#135855
түріДиссертация
  1   2   3
ӘОЖ 811. 512. 122,373 Қолжазба құқығында

МҰхамбетов Жомарт ИбатоллаҰлы

Көркем мәтіндердегі диалектизмдердің этномәдени мәні

10.02.02 – қазақ тілі


Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның


А В Т О Р Е Ф Е Р А Т Ы

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2007

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және Қылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды.


Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы, профессор О.Нақысбеков


Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Қалиев

филология ғылымдарының кандидаты К.Күркебаев

Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институты

Диссертация 2007 жылы “15маусым сағат 16.00-де


ҚР БжҚМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.06 – түркі тілдері және 10.02.02 – қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).

Автореферат 2007 жылы “15мамырда таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор Ж.А.Манкеева

ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Зерттеудің өзектілігі. Соңғы жылдары тіл мен мәдениеттің арақатынасы туралы мәселе өзекті мәселелер қатарында қарастырылып келеді. ХХ ғасырдың аяғында ғалымдардың аталған мәселеге ерекше назар аударуы лингвомәдениет-тану ғылымының дамуына жол ашты. Ол тіл бірліктерінің ұлттық-мәдени семантикасын зерделеуге мүмкіндік береді. Лингвомәдениеттану – ұлттық мәдениет-тің тілдегі көрінісін сипаттау мәселелерін зерттейтін тіл білімінің саласы.

Лингвомәдениеттануда тіл коммуникация мен таным құралы ғана емес, ұлттың мәдени коды ретінде қарастырылады. Әлемнің ұлттық тілдік бейнесі тіл бірліктері мен тілдің ұғымдық-категориалдық құрамындағы мағыналық бірліктерді ұлттың қабылдауы мен дүниетанымы тұрғысынан сипаттайды. Адам когнициясы мен мәдениеттүзу қызметінің негізгі тетіктерінің пайда болуы мен дамуы барысындағы тілдің қызметін зерттеу ақиқат болмыстың тілдегі бейнеленуін сипаттап, осы мәдениет өкілдерінің дүниетанымы, эстетикалық нормалары, діни наным-сенімдері туралы жан-жақты ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Лингвомәдениеттануда тіл мен мәдениетті тұтынушы ретінде адам маңызды орын алады. Оның аялық білімі, мінез-құлығы мен тәртібі, ұстанымдары мен дүниетанымы белгілі бір мәдениеттің өкілі ретінде оны басқалардан ерекшелендіріп тұрады. Сол себепті лингвомәдениеттануда адам факторына маңызды орын беріледі.

Осымен байланысты белгілі бір аймаққа тән жергілікті тіл ерекшеліктеріндегі этнолингвистикалық сипаттарға талдау жасау қазақ тіл білімінде әлі де болса өз деңгейінде зерттелмей келеді. Негізінен осы уақытқа дейін жергілікті сөзқолданыстардың лексикалық, грамматикалық, фонетикалық ерекшеліктері қарастырылып, ондағы талдаулар көбінесе құрылымдық грамматика мәселелері тұрғысынан сөз болып келді. Ал соңғы жылдары антропоцентристік бағыттағы зерттеулердің жалпы тіл білімінде қарқынды қолға алуына байланысты жергілікті сөзқолданыстарды да әлемнің тілдік бейнесін адам факторы мәселелерімен тығыз байланыста қарастырудың қажеттігі анықталып отыр. Себебі осы тілдік құрылымдардың түзілуіне әсер еткен экстралингвистикалық факторлар анықталғанда ғана осы жерге тән ерекшеліктердің пайда болу себептерін көрсетуге болады. Бұл орайда қазақ тіл білімінде М.Атабаеваның “Қазақ тілі диалектілік лексикасының этнолингвистикалық негізі” атты еңбегін ерекше атап өткен жөн. Онда ғалым жалпы қазақ тіліне ортақ этнодиалектизмдерге тоқталады. Аталған еңбек этносты тіл арқылы танытатын этнолингвистикалық ізденістердің басы болып табылады. Ал нақты белгілі бір аймаққа, оның ішінде Батыс Қазақстан аймағына жататын этнодиалектизмдер осы уақытқа дейін арнайы зерттеу нысаны болмаған. Осымен байланысты жұмыста батыс өңірінің этномәдени сипаты айшықты көрініс тапқан көркем мәтіндерден жинақталған диалектизмдер тіл мен мәдениет сабақтастығында қарастырылды. Тақырыптың өзектілігін осы тұрғыдан сипаттауға болады деп ойлаймыз.



Зерттеудің мақсаты – көркем мәтіндердің негізінде Батыс Қазақстан өңіріне тән жергілікті ерекшеліктердің этномәдени сипатына кешенді түрде талдау жасау. Ол үшін мына міндеттерді жүзеге асыру көзделді:

- тілдік құбылыстарды лингвомәдениеттанымдық ерекшеліктер ретінде талдаудың теориялық-әдістанымдық негізін анықтау;

- осы өңірге тән салт-дәстүр, ырым-жоралғыларда, кәсібінде ономастикалық жүйесінде, өңір тарихы мен мәдениетіне қатысты прецеденттік мәтіндерде, фразеологиялық тіркестердің мазмұнында бейнеленген рухани мәдениетке тән тілдік бірліктердің қызмет ерекшеліктерін талдау;

- лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық бірліктердің негізінде қазақ тіліндегі, оның ішінде Батыс Қазақстан өңіріне тән лингвокультуремалардың көркем мәтіндерде берілу ерекшеліктерін анықтау;

- сол өңірде қалыптасқан материалдық мәдениет атауларының ұлттық-мәдени ерекшеліктерін сипаттау;

- сол өңірге тән лингвокультуремалардың көркем әдебиеттегі қызметіне талдау жасау, өзіндік ерекше топтарын жіктеу, төркінін анықтау.



Зерттеудің жаңалығы. Зерттеуде Батыс Қазақстан аймағына тән жергілікті диалектизмдердің этномәдени сипаты, оның ерекшеліктері, тілдік, стильдік табиғаты алғаш рет арнайы қарастырылып, өзіндік белгілері айқындалып отыр.

Зерттеу нысаны: Көркем мәтіндегі Батыс Қазақстан аймағына тән диалектизмдер.

Зерттеу әдістері: Зерттеу барысында салыстыру, тілдік материалды этнолингвистикалық сипатта зерделеу, сөздік дефиницияларға талдау жасау, компоненттік және семантикалық талдау, сипаттама жасау әдістері қолданылды.

Зертеудің материалдары. Жұмыста Батыс Қазақстан өңіріне тән жергілікті ерекшеліктердің аймақтық, түсіндірме, фразеологиялық сөздіктердегі деректері, осы өңірлердегі мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерінің көркем шығармалардағы көрінісі (Қ.Сланов, Х.Есенжанов, Ә.Сәрсенбаев, Ә.Кекілбаев, т.б.) негізге алынды. Жұмыста 4 мыңға жуық мысал талдауға негіз болды.

Жұмыстың теориялық-әдіснамалық негізі ретінде лингвомәдениет-тану мәселелерімен айналысушы отандық және шетелдік ғалымдар: А.Вежбицкая, В.А.Маслова, Ю.Н.Караулов, И.Г.Ольшанский, Ш.Сарыбаев, Ә.Нұрмағамбетов, Қ.Қалиев, Р.Сыздық, Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, Ж.Манкеева, Н.Уәлиев, М.Атабаева, Қ.Қабитханұлы, К.Күркебаев, Б.Ақбердиева, А.Қ.Сейілхан, М.Жақсыбаева, Г.Снасапова т.б. еңбектері алынды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

- жергілікті тілдік ерекшеліктер материалдық және рухани мәдениет бірліктер ретінде сол аймаққа тән әлемнің тілдік бейнесін ұрпақтан-ұрпаққа беріп, сол арқылы тілдің маңызды қызметтерінің бірі – ақпарат жеткізуші қызметін орындайды;

- әлем бейнесі сөйлермен тілінің жергілікті ерекшеліктері ретінде көркем мәтіндерде айшықты түрде көрініс тауып, қоршаған орта туралы ақпарат жеткізуде басты орын алады;

- диалектизмдер көркемдеуші құрал ретінде көркем әдебиет стилінде ғана қолданыла алады, ал ғылыми, іскери тілде қолданылмайды;

- диалектизмдер лирикалық жанрлармен салыстырғанда прозалық шығармаларда жиі қолданылады және фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктерге қарағанда, лексикалық ерекшеліктер көбірек кездеседі;

- мақсатты түрде орынды қолданылған жергілікті ерекшеліктер тілдік экспрессияның тиімді құралы болып табылады.

- фразеологиялық диалектизмдерде, аймаққа тән ономастикалық жүйеде, прецеденттік мәтіндерде сол өңірге тән ерекшелік, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмыс айқын көрінеді;

- әрбір лингвокультуремада өзі қалыптасып, пайда болған өңірдің мәдени жүйесінің белгісі, өзіндік қолтаңбасы қалып отырады.



Жұмыстың теориялық және практикалық құндылығы. Зерттеу жұмысындағы жергілікті тіл ерекшеліктерінің этнолингвистикалық сипатын айқындау әлемнің тілдік бейнесінің аймақтық ұлттық сипатын көрсетіп, этнодиалектология мәселелерінің теориясына өзіндік үлес қосады. Зерттеу материалдарын жоғары оқу орындарының филология және журналистика факультетінің студенттеріне, сондай-ақ “Қазақ әдеби тілінің тарихы”, “Тарихи лексикология”, “Қазақ диалектологиясы”, “Этнолингвистика”, “Стилистика”, “Лингвомәдениеттану” пәндерін оқытуда, арнайы семинарлар мен курстарда пайдалануға болады.

Жұмыстың талқылануы. Зерттеу жұмысының негізгі түйіндері мен тұжырымдары республикалық ғылыми басылымдарда 12 мақала түрінде жарияланып, 3 халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндалды. Атап айтқанда: А.Байтұрсынұлының туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылған ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2004), А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында академик Р.Сыздықтың туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастылған ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2004), әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен профессор Р.Әмірдің туғанына 75 жыл толған мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2004) баяндалды. ҚР БжҚМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы “Лингвистикалық жұма” атты ғылыми-әдістемелік семинарда жөмыс баяндалып (2005, сәуір), Тіл тарихы мен диалектология бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланды, (30 наурыз, 2007 ж.). Сондай-ақ зерттеу жұмысының негізінде жиналған материалдар бойынша “Қазақ тілінің диалектологиясы” университеттердің филология факультеттеріне арналған оқу құралы жарық көрді (2006, желтоқсан).

Жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГҚЗГҚ МАЗМҰНЫ
Диссертацияның “Диалектизмдерді лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан зерттеудің теориялық негіздері” атты бірінші тарауында диалектизмдер тіл мен мәдениеттің өзара қатысы тұрғысынан сипатталып, оларды талдауға негіз болатын қағидалар көрсетілді.

ґткен ғасырдың соңынан бастап тіл білімінде құрылымдық-жүйелік парадигмалардың орнын антропоцентристік, когнитивтік, динамикалық бағыттағы зерттеулер басып, бұл сала қарқынды дами бастады. Антропоцентристік бағыттағы зерттеулерде адам проблемасы басты назарға алынып, “адамның сөзқолданысы”, “тілдегі адам бейнесі” мәселелері ерекше маңызға ие болды. Бұл мәселе лингвомәдениеттану, психолингвистика, этнолингвистика, когнитивті лингвистика салалары арқылы қарқынды дамып келеді.

Соңғы жылдары лингвомәдениеттану саласы этнолингвистикадан жеке бөлініп шықты. Лингвомәдениеттанудың міндеті – тіл мен мәдениеттің, тіл мен этностың, тіл мен ұлттық менталитеттің арақатынасын сипаттап, зерделеу болып табылады. Осы жұмыста көркем мәтіндердегі диалектизмдердің этномәдени мәнін сөз етуге талпыныс жасалды. Бұл бағыттағы зерттеулер үшін ең алдымен, лингвомәдениеттану теориясының негізгі ұғымдарын анықтап алу қажет. Осыған байланысты И.Г. Ольшанский: “Цель лингвокультурологии – описание обыденной картины мира в том виде, как она представлена в повседневной речи носителей русского языка, в различных дискурсах и разных (вербальных и невербальных) текстах культуры. Ее материалом являются живые коммуникативные процессы, литературный, философский, религиозный, фольклорный дискурсы как источники культурной информации... Слово, с точки зрения лингвокультурологии, является своеобразным “свернутым текстом”, хранящим культурно значимую информацию, закрепляющим особенности мировидения носителей русского языка”, – деп жазады [1]. Демек, лингвомәдениеттану нысаны – тіл мен мәдениеттің өзара әсері мен арақатынасы, тілдегі рухани және материалдық құндылықтардың көрінісі, яғни адам еңбегінің нәтижесінде пайда болған құндылықтар. Бұлардың бәрі жинақтала келе әлемнің тілдік бейнесін құрайтыны белгілі.

Тіл мен ұлттық мәдениеттің өзара байланысы түрлі қырынан сөз болып келеді, атап айтқанда: ұлттық-мәдени компонент аспектісінде


(Е.М. Верещагин, В.Г.Костомаров), аялық білім түрінде (Ю.А. Сорокин), мәдениет нышандары түрінде таңбаланған коннотация түрінде (В.Н. Телия) т.б.

Тіл ұлттық мәдениеттің бір бөлігі ретінде халықтың ұлттық болмысын танытатыны, қоғамда болып жатқан құбылыстар, өзгерістер тілде үнемі ізін, таңбасын қалдырып отыратындықтан, тарихпен, этнографиямен тығыз байланыста зерттеуді қажет етеді, сол мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші тілдің кумулятивтік қызметі туралы академик Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, Ж.Манкеева т.б. ғалымдардың зерттеулерінде жан-жақты қарастырылды.

Соның нәтижесінде тіл мен мәдениетті өзара байланыста, сабақтастықта зерттегенде ғана зерттеулер оң нәтижесін беріп, тілдің көпқырлы қызметі ашыла түсетіні анықталып отыр. Осы сабақтастықтың белгілі бір аймаққа қатысты тілдік көріністері қандай екенін көрсету бұл мәселені толықтыра түспек. Осыған орай біз жоғарыда атап көрсеткендей, оның көркем мәтіндегі бейнеленуін талдауға назар аударып отырмыз. Сондықтан “Диалектизмдердің көркем мәтіндегі қолданысы” деп аталатын бөлімде көркем әдебиет стилінің басқа стильдерден ерекшелігіне сәйкес онда диалектілердің қолданылу сипаты, мақсаты, қызметі туралы сөз болады.

Прозалық шығармаларда диалектілік ерекшеліктер негізінен кейіпкерлердің тілінде қолданылады. Сонымен қатар кейде автор сөзінде қолданылуы да орын алып отырады. Жазушылар диалектілік ерекшеліктерді көбінесе жергілікті тұрғындарды сипаттауда, халық тұрмысын шынайы көрсету, белгілі бір аймаққа тән материалдық және рухани мәдениет ерекшеліктерін беру, халықтың болмысын, рухын шынайы түрде бейнелеу мақсатында қолданады. Жергілікті ерекшеліктердің лирикалық поэзияда қолданылуы мен прозалық шығармаларда қолданылуының өзіндік ерекшеліктері бар.

Прозалық шығармалармен салыстырғанда, лирикалық шығармаларда диалектілік ерекшеліктер әлдеқайда аз қолданылады, оның үстіне онда негізінен лексикалық ерекшеліктер ғана қолданылады да, фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктер мейлінше аз кездеседі. Бұл ақындардың жергілікті тұрғындардың тіліндегі фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктерді көрсету емес, ойын нақты беру, қысқа да түсінікті етіп жеткізу мақсатынан туындаған.

Көркем мәтіндердегі жергілікті сипаттағы лексикалық ерекшеліктерді өз ішінен бірнеше топқа жіктеуге болады:

- нақты лексикалық ерекшеліктер – әдеби тілде баламасы, синонимі бар сөздер;

- семантикалық ерекшеліктер – белгілі бір тұрғындардың тілінде жалпыхалықтық қолданыстан бөлек мағынасы бар сөздер;

- этнографиялық ерекшеліктер – белгілі бір аймаққа ғана тән, басқа жерлерде қолданылмайтын немесе олардан түбегейлі ерекшеленетін заттар мен құбылыстардың аттары. Мұндай этнографизмдердің жалпыхалықтық тілде баламасы болмайтындықтан, оларды сипаттама түрінде ғана беруге болады;

- фразеологиялық ерекшеліктер – белгілі бір аймаққа ғана тән, сол жерде ғана түсінікті болатын тұрақты сөз тіркестері.

Жергілікті ерекшеліктер жалпы көпшілікке бірдей таныс болмайтындықтан, олардың көркем әдебиеттегі қолданылуы көп талас тудырған мәселелердің бірі болып келді. Ол, ең алдымен, шығарманың тақырыбына, мазмұнына, суреттелетін оқиғаларға, автордың мақсатына, эстетикалық идеалы мен шеберлігіне байланысты. Көркем шығармадағы диалектизмдердің қолданысы туралы С.Б.Кураш былай дейді: “В художественной речи диалектизмы выполняют важные стилистические функции: помогают передать местный колорит, особенности речи героев, наконец, диалектная лексика может быть источником речевой экспрессии” [2].

Жергілікті ерекшеліктерді жазушы цитата түрінде қолданып, контексте басқа стильдің элементі ретінде пайдалануы мүмкін. Сонымен қатар әдеби тіл нормаларына жауап бере алатын басқа сөздер сияқты, солармен тең қолдануы мүмкін. Жергілікті тіл ерекшеліктерінің эстетикалық мәні контекстегі қолданысы мен ішкі уәжділігі негізінде айқындалады. Шығармада жергілікті тіл ерекшеліктерінің қолданылуы белгілі бір аймақтың колоритін, шығарманың шынайылығын бере бермейді. Әдеби тілде жергілікті ерекшеліктерді шамадан тыс қолдану да шығарманың тілін шұбарландырып, түсініксіз етеді.

“Диалектизмдердің лингвомәдениеттанымдық зерттеулер тұрғысы-нан зерттелуі” деп аталатын бөлімде диалектизмдердің, оның ішінде Батыс Қазақстан өңіріне тән диалектизмдердің осы уақытқа дейін зерттелу жайы, онда негізге алынған ұстанымдар, олардың ішінде жергілікті тіл ерекшеліктерін лингвомәдениеттанымдық жағынан талдауға тырысқан зерттеу еңбектері туралы сөз болады. Батыс Қазақстан өңіріне тән жергілікті ерекшеліктер, осы өңір тұрғындарының тұрмыс-салты С.И.Руденко, Р.Карутц, С.Аманжолов, Ә.Нұрмағамбетов, С.Омарбеков, Ш.Сарыбаев, У.Қыдыралин еңбектерінде сөз болған. Батыс Қазақстан өңірі тіліне тән жергілікті ерекшеліктерді сөз еткен ғалымдар Ә.Нұрмағамбетов, С.Омарбеков еңбектерінде, негізінен, диалектизмдердің фонетикалық, грамматикалық, лексикалық сипаты көрсетілген. Сонымен қатар ғалымдар бірқатар диалектизмдерді талдау барысында олардың этимологиялық жағына да тоқталады. Ә.Нұрмағамбетов осы өңірдегі кейбір сөздерге тіл тарихы тұрғысынан талдау жасай келіп, олардың төркінін қарақалпақ, ноғай тілдерінен табуға болатынын айтады. Зерттеуші батыс диалектісіндегі ноғай, қарақалпақ, татар, башқұрт тілдері элементтері соңғы кезде ғана халықтардың көршілес отыруының нәтижесіндегі ауыс-түйіс емес, ноғай ордасы дәуірінен қалған із екенін дәлелдейді [3, 200].

Сонымен қатар диалектолог ғалым С.Омарбековтің “Қазақтың ауызекі тіліндегі жергілікті ерекшеліктер” атты еңбегінде де Маңғыстау қазақтары тілінде түрікпен, қарақалпақ тілінен ауысқан сөздердің көп кездесетінін нақты көрсетеді [4, 65].

Батыс өңіріндегі тұрғындардың тілінде ноғай, түркімен, қарақалпақ тілдерінің әсері, әсіресе, лексикалық ерекшеліктерде мол орын алған. Жоғарыда көрсеткеніміздей, Ә.Нұрмағамбетов қазақ халқының қалыптасуында Ноғай ордасының орны ерекше болғанын айта келіп, ноғай тілінің әсерін адстрат ретінде қарамай, ежелден келе жатқан ру, тайпа тілінің қалдығы және өзіндік диалектизм деп санайды [3, 109].

Батыс өңіріндегі ақын-жазушылардың, жыраулардың тілінен орта азиялық түркі жазба әдеби тілінің әсері де байқалады.

18-19 ғасырлардағы Маңғыстау ақын-жырауларының тілін арнайы зерттеген ғалым Б.Нұрдәулетова бұл өңірдегі ақын-жыраулар мұсылманша сауатты болуына байланысты түркі жазба әдеби тілдерінің әсері ерекше болғанын айта келіп: “Осы өлкенің ауызша поэзиясында орталық түркі жазба әдебиетінің ерекше тілдік дәстүрінің қалыптасуына тағы бір себеп – ғасырлар бойы қарақалпақ, түркімен халықтарымен іргелес отырып, мәдени, әдеби байланыста болуы. Қарақалпақ қосуқшылары, түркімен шайырлары, маңғыстаулық жыршылар өмірде де, өнерде де іргелес жүріп, бір-бірінен үйренген, қатар жырлаған. Ал бұл халықтардың көркем әдеби тілі орта азиялық түркі жазба әдеби тілінің негізінде өркен жайғаны белгілі”, - дейді [5, 52].

Ал лингвомәдениеттануда мәдениеттің мейлі ол жалпы ұлттық болсын я белгілі бір аймаққа тән мәдениет болсын, дәстүрлі түрде қалыптасқан тілдік бірліктер, атап айтқанда, сөздер, фразеологиялық тіркестер, мәтіндер т.б. объективті элементі ретінде көрінетіні белгілі. Тілде ұлттық болмыстың, менталитеттің көрініс табуы нәтижесінде өзек сөздер, лингвокультуремалар туындайды. Әр тілдің өзіндік ұлттық ойлау ерекшелігін, дүниетанымдық ерекшеліктерін білдіретін концептілер қалыптасады.

Н. Уәлиев халықтың тарихы тілінде өз таңбасын қалдырып отыр-атынын айта келіп: “Халық өзінің өткен дәуірлердегі наным-сенімін, түйсік-түсінігін, ой-қиялын, тыныс-тіршілігін аз сөздің аясына сыйдырып, әрі нәрлі, әрі әрлі етіп ерекше өрнектей білген. Түп төркіні беймәлім сөздердің сәті түсіп, кілті табылғандай болса, көп нәрсені баян етіп, халықтың өткендігі ой-қиялы, тыныс-тіршілігі, дүниетанымы туралы сыр шертіп тұрады” [6, 12], - дейді.

Лингвомәдениеттанымдық бағыт бойынша, белгілі бір этномәдениетке жататын тілдік тұлғаның менталитетін білдіретін лингвокультуремалардың лингвомәдени ерекшеліктері болады. Лингвомәдениеттану тұрғысынан сөз еткенде, лингвокультуремалар белгілі бір мәдениет өкілінің рухани болмысын танытатын менталды бірлік ретінде танылады. Бір тілді тұтынатын, яғни бір тілде сөйлейтін адамдардың сөздік қоры бір-бірінен өзгеше болады, ол белгілі бір сөзді қолдану ерекшеліктеріне, ол сөзге қандай мағыналарды сыйғызуына да байланысты болады. Адамның қай сөзді жиі қолдануына және оның қандай мәнде жұмсалуына қарай оның санасындағы осы сөздің ерекшелігін, сипатын көруге болады.

Яғни тіл мен мәдениеттің арасындағы байланысты бүтін мен бөлшектің арасындағы байланыс ретінде қарастыруға болады. Тіл – мәдениеттің құрамдас бөлігі әрі құралы бола алады. Солай бола тұрса да, тілді жалпы мәдениеттен тыс, тәуелсіз, дербес семиотикалық жүйе ретінде қарастыруға болады. Белгілі бір тілде сөйлейтін сөйлермен сол мәдениеттің тұтынушысы да бола береді. Сол себепті тілдік таңбалар мәдениет таңбасы ретінде қызмет атқарып, мәдениетті танытатын негізгі құрылымдардың бірі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, тіл сөйлермендердің мәдени-ұлттық ментальдылығын бейнелей алады.

Сондықтан да түрлі мәдениет өкілдерінің санасындағы, танымындағы әлемнің бейнесі әртүрлі. Әр халықтың өмірді тануы, қабылдауында өзіне тән ұқсастықтар, ортақ, жалпы жақтары болумен қатар өзіндік ерекшеліктері, айырмашылықтары да болатыны белгілі. Халықтың белгілі бір ортада, белгілі бір аймақта өмір сүруі оның ұлттық сипатына, болмысына әсер етеді. Ұлттық сипаттағы өзіндік ерекшеліктер мен менталитет этностың мәдениетінде, тұрмысында, күнделікті өмірінде көрініс табады. Олар, сөз жоқ, тілде бейнеленіп, көрінеді.

Батыс Қазақстан өңіріне тән материалдық мәдениетке қатысты этнодиалектизмдер” деп аталатын екінші тарауда осы өңірдегі материалдық мәдениет атаулары мағыналық топтарына қарай жіктеліп, әр топтың арнайы өзіндік ерекшеліктері, оның пайда болуына түрткі болған тілдік алғышарттармен қатар экстралингвистикалық жағдайлар туралы сөз болады.

Батыс Қазақстан өңіріне тән материалдық мәдениетке қатысты этнодиалектизмдер былайша топтастырылды:

- үй-жай атауларындағы диалектизмдер;

- ыдыс-аяқ атауларындағы диалектизмдер;

- киім-кешек атауларындағы диалектизмдер;

- дене мүшелерінің атауларындағы диалектизмдер;

- тағам атауларындағы диалектизмдер;

- құрал-жабдық атауларындағы диалектизмдер;

- жануарлар атауындағы диалектизмдер;

- жер бедері атауларындағы диалектизмдер;

- өсімдік атауларындағы диалектизмдер.

Батыс өңіріне тән диалектизмдердегі үй-жай атауларындағы этнодиалектизмдерге тұрғындардың баспана атаулары мен архитектурасына қатысты мәдени-танымдық ақпарат беретін лингвокультуремалары жатады. Мәселен:

Бұл бағытымен төрт қанат жаман шатпаның төрінде ала қағаз қыстырылмаған уық қалдырар түрі жоқ (Ә.Кекілбаев, Құс қанаты. 24-б.).

Қос жолым үйді жасырған Қамшысайдың арқа жақ құлай берісі: “Қапия мен Тақаттың” жайлауы – “Құр тоғай” деп аталады (Қ. Сланов, Дөң асқан).



Жолым үй сөзінің мағынасы “Қазақ тілінің сөздігінде”: керегесіз, уыққа киіз жауып, уақытша тігілген шошақ жаппа, – деп берілген. Аталған сөз В.Радловта – “дорожная кибитка”, А.Старчевскийдің “Спутник русского человека в Средней Азии” атты еңбегінде “дорожный шатер, войлочная палатка (из одного войлока)”, – деп сипатталған. “Қазақша-орысша сөздікте”: “лачужка, в роде кибитки, у которой унины прямые и верх остроконечный” деп түсіндірілген. Диалектолог-ғалым Ә.Нұрмағамбетовтың “Қазақ говорларындағы кейбір лексикалық ерекшеліктерінің пайда болу жолы мен этимологиясы” атты мақаласында: “Біздің ойымызша “жолым үй” алғашқы түлғасын кейін өзгерте отырып екі мағынаға ие болуы да мүмкін. “Жолым үй”, “жолма үй” тұлғасында көрінгенде шалаш, балаған мағынасын беретін болған да, ал өзінің алғашқы – жолым үй күйінде – киіз үйдің кішкене түрін білдіретін болған шығар”, – десе, “Жергілікті тіл ерекшеліктерінің төркіні” атты еңбегінде “жолым үй”-ге мағынасы да, тұлғасы да ұқсас жолом (жаба салма үй) сөзін байланыстыра келіп, ол сөз монғол тілінен енген “күрке” мағынасында қолданылатынын айтады [3, 47].

Маңғыстау киіз үйлерінің жергілікті табиғат жағдайына сай көшіп қонуға ыңғайлы, ықшамдығы жағынан ешбір көшпелі елдің асып түспегенін әр кездегі зерттеушілер атап кеткен. Маңғыстаулықтардың көшпелі өміріне байланысты олардың көш-жөнекей тігетін кішкене киіз үйлері – “адайдың жолма” үйі деп аталған [7, 47].



Жардағы жағалай тізілген суреттің бірі жоқ (Х.Есенжанов, Ақ жайық. Шыңдалу 124-б.).

Клуб пен қоспақ дүкеннің жарлары қорасан шыққан адамның бетіндей қожыр-қожыр, итарқалап жапқан төбесінен төмен сорғалаған жырашықтар тәрізді осылып жатыр (Х.Есенжанов, Көп жыл өткен соң. 50-б.).

Ә.Нұрмағанбетов осы өңірде қолданылатын “жар” сөзін қалмақтың эрс (спина) сөзімен байланыстырады [3, 12]. Біздің ойымызша, “қабырға” мәніндегі жар сөзі әдеби тіліміздегі “биік жар, құз” дегендегі жар сөзінен өрбіген сияқты. Яғни екеуінде де ортақ мағына – “тік-тік жер”. Сондықтан оларды полисемиялы қолданыс, яғни бір негізден өрбіп, омономияға бет алған сөздер деп есептейміз. Жергілікті тіл ерекшеліктерін ақын-жазушылардың шығармаларынан іздеу, бір жағынан, сол аймаққа тән сөйлеу ерекшелігін танытса, екінші жағынан, сол жердің тұрғындарының салт-дәстүрінен де бірқатар құнды мағлұмат береді.

Заттық мәдениет категориясына жататын лингвокультуремаларға күнделікті тұрмыста тұтынылатын заттар мен шаруашылыққа қажетті зат атаулары жатады. Олардың атауларындағы жергілікті ерекшеліктер көркем мәтіндерде көптеп кездеседі:

Маңдайынан тер сорғалаған жолаушылар құдық суын бақыраштап ішкенімен шөлі қанбады (Қ.Сланов, Замандастар. 123-б.).

Ондай тасаяқ немененің бір жылға жетпей-ақ іші бұлтиып шыға келетін, - деп, - “Үйде алдыңдағы қуыршағыңды құшақтап, әлди-әлдиіңді айтып, сен қаларсың”, - деп (Ә.Кекілбаев, Құс қанаты. 6-б.).



Шыны аяқтың түбіне жұққан қан күрең шайды ішіп жатып: “Шындарыңды айтыңдаршы, балалар, басқа үйден осындай шай іштіңдер ме?” - деді (Ә.Кекілбаев, Құс қанаты. 11-б.).

Балуан жағылып ыза болғандар әлгі балуанға көк алақан дойырларын ала жүгіруге тоқталды (Қ.Сланов, Дөң асқан. 1-т. 50-б.).

Қасқыр болар, сірә, - деді жігіт көкалақан дойырын нығарлап (Қ.Сланов, Дөң асқан. 8-б.).

Н.Оңдасынов “Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігінде” дәрә сөзінің “қайыс, қамшы, шыбыртқы қамшы және дүре соғу” деген мағынасын көрсетеді. Яғни дойыр, дүре сөзінің баста бір сөзден тарағанын көреміз. Бұл сөз түркі тілдерінің бәрінде де осындай жуан қамшы мәнінде қолданылады. Келтірілген мысалдардағы шылапшын сөзі оңтүстік аймақтарда (Шымкент, Қызылорда, Жамбыл өңірі) леген, ләгөн, кейде шылаушын түрінде қолданылады. “Ковшик” мағынасында қолданылатын бақыраш сөзін әдеби тілімізге қабылдауға әбден болады. Себебі әдеби тілімізде осы мағынаны беретін басқа сөз жоқ.

Жарқабақты шынтақтап, әлдеқашан жауды қарауылдың ұшына алып жатқан атқыштар мылтық шаппасын тартып-тартып жіберді де қатар шыққан он шақты гүрсіл жерді солқ еткізді (Х.Есенжанов, Ақ жайық. Шыңдалу. 338-б.).

Тақша тақта басқандай етіп сәбет ен шыңнан, жиырма мыңнан салғыртты басқанда, арқасына шыбыртқы тиген қызып өгізше қайқаңдады деп еді пәлем (Х.Есенжанов, Ақ жайық. Шыңдалу. 2-т. 98-б.).



Шаппа сөзінің шығу төркініне байланысты Ә. Нұрмағамбетов шап сөзі парсы тілінен енген “қылыш” мәнінде сөз болуы мүмкіндігін ескертіп
[7, 132], кейін осы тілден өзбек (шот – семсер, қылыш); қырғыз (қылыш, семсер) тілдеріне ауысқан деген жорамал жасайды. Алайда -па/-пе қосымшасы есім сөздерден емес, етістіктен зат есім жасайтын өнімді қосымшалардың бірі екені белгілі. Мәселен: тартпа, суырма, жарма, тілме т.с.с. Осыған байланысты шап сөзінің төркіні шабу, кесу, ору мәніндегі “шап” етістігі болуы мүмкін деп ойлаймыз.

Шыбыртқы сөзінің мәні “Қазақ тілінің сөздігінде”: “Мал айдайтын ұзын қамшы, талшыбық”,– деп сипатталған [8]. Сол сияқты “Қырғыз тілінің сөздігінде” бұл сөздің “жіңішке өрме қамшы, шыбық” мәндері, якут тілінде “биік, өрме тал, шыбық” мәні көрсетілген. Шыбыртқы сөзін шұбалу, шұбалаң, шұбыру сияқты сөздермен салыстыра отырып, оның бәріне ортақ шұб, шыб этимон түбірін анықтауға болады, яғни бәріне ортақ мағынасы – ұзын, созылған. “Көне түркі тілі сөздігінде” шыбырт сөзінің “шыбықпен ұру, осу” мәні көрсетілген. Олай болса, бұл түбірге зат есім тудыратын -қы/-кі қосымшасы қосылуының нәтижесінде шыбыртқы сөзі жасалған деп жорамалдауға болады.

Ә.Нұрмағамбетов шыбыртқы сөзінің мағынасына тоқтала келіп, монғол тіліндегі шыбық мәнінде қолданылғанын, “сав” және “ұзын” мәніндегі ұрт сөзінің бірігуінен жасалып (сав+урт) түркі тілінде шыбыртқы түрінде ауысуы мүмкін екендігін айтады [3, 142].

Торғын метейге үңілген қалпы үнсіз жымиды (Ә.Кекілбаев, Ең бақытты күн. 36-б.).

Жаңа ғана бұл арқалап келген метей босап қапты (Ә.Кекілбаев, Ең бақытты күн. 41-б.).



Метей – адамның бауын маңдайымен тіреп арқалауға, не түйеге артуға бейімделіп ағаштан жасалған әртүрлі сыйымдылықтағы күбі. Ол негізінен Маңғыстауда қолданылады. Аузында екі тығыны болады. Байызсыз, пәтуасыз кісіні Адайлар әдетте “Әр метейге бір тығын бейбақ” деп күстаналайды [7]. “Метей” ағаштан жасалған екі не бір тесігі бар бітеу шелек. Онымен құдықтан су тасылады. Бір метей суды әйелдер арқалап та, түйеге теңдеп те әкеле беретін. Ол үлкен-кішілі болып та келеді орташа салмағы 40-50 килограмм шамасында. ґлшем атауларының қалыптасуына да ыдыс атаулары негіз болған. Яғни метонимия тәсілі арқылы су құйылған ыдыстың атауымен сондағы судың мөлшері анықталып, ол кейін өлшем атауы ретінде қабылданып, тұрақтанып кеткен.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет