Ұмытылмаған отан, Ұмытылмайтын отандастар



бет3/10
Дата10.06.2016
өлшемі10.64 Mb.
#126915
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Өмірбаяндық мінездемеден: «1945 жылы 6-мамырда Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласында (Тазалық көшесі, 21 қора, Әубәкір Бабалықұлының үйі) құрылған ұйымның өркен (ядролық) мүшелері – Дубек Нұртазаұлы Шалғынбай (қазақ), Ахметқали Бітімбайұлы (қазақ), Балхаш Әлімғазыұлы Бафин (қазақ), Қалдыбай Ханафияұлы (қазақ), Жағда Бабалықұлы (қазақ). Ұйым жетекшісі – Дубек Нұртазаұлы. «Ұлт-азаттық ұйым» тез қанат жайды. Жұмыстары астыртын жүргізілді».

Балқаш Бафин: «1944 жылдың көктемінде Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданында Башбай Шолақұлы Бафин бастаған топтың Қытайға қарсы астыртын «Бүркіт» атты ұйымы жұмыс істей бастады. Башбай басқарған бұл ұйымның мүшелері Балқаш Бафин, Сарқытбай Бафин (бұл екеуі Башбайдың інілері), Манаж (Башбайдың балдызы), Әбілсерік (Башбайдың жиені және Көрнебайлар) Алтай мен Іледе даярланған қытайға қарсы үгіт қағаздарын жасырын таратумен шұғылданатын (аталған топқа жасаған басшылығы мен батылдығы бағаланып, 1945 жылы азат болғаннан кейін, осы аймаққа Башбай Шолақұлы губернатор (уәли) болып тағайындалды).Қытай басқыншыларына қарсы Үрімжі қаласында ұйымдасқан астыртын топтың түрмеден шығып, 1944 жылы Шәуешекке келген бұрынғы мүшелері - Дубек Шалғынбаевпен, Ахметқали Бітімбаевпен, Жағда Бабалықовпен Шағантоғай ауданында астыртын жұмыс жүргізген «Бүркіттің» мүшесі Балқаш Бафинмен және Қалдыбай Канафиндермен біріккен «Ұлт азаттық тобы» атты ресми жаңа ұйым 1944 жылдың көктемінде өз жұмысын Шауешек қаласында бастады. Дубек жетекшілік еткен (Дубек Шалғынбаев 1947 жылы 26 жасында ауырып, қайтыс болды) топтың ұлыханьдық шовинист басшыларға Іле мен Алтайда партизандық ұйымның күн санап күшейе өсіп келе жатқанын хабарлайтын хаттары мен партизандар жасағын ұйымдастыруға шақырған үгіт уағыздары қала мен далаға таратылып жатты» (Б.Бафин. Шығармалар жинағы. А.Ел шежіре, 2007, 437-бет).

Ж.Бабалықұлы,Қ.Қанафиннің естелігінен: «Тұңғыш жиналысты Дубек басқарды. Қаралған мәселелер: 1. Ұлт-азаттық ұйымын құру, құрмау мәселесі қаралды. Сол кездегі Шыңжаң жағдайы, Алтай мен Іле аймағындағы «Ұлт-азаттық» қозғалыс жеңістері, Тарбағатайдың жағдайларын талқылай келіп, Тарбағатайда ұлт-азаттық ұйымын құру қажет деп тапты. Оның аты «Тарбағатай ұлт азаттық ұйымы» деп бекітілді /1945 жыл, 6 май, Шауешек қаласы, Тазалық көшесі, 21 үй (Әубәкір Бабалық ұлының үйі). 2.Кадрлар мәселесі: Тарбағатай ұлт-азаттық ұйымның өркені кімдерден құралады? – деген сұраққа әзірше алғашқы ұйымдастырушы ынталы топтың мүшелері – Дубек, Ахметқали, Қалдыбай, Балқаш, Жағдалар осы ұйымның өркені болуды ұйғарды. Бәріміз орнымыздан тұрдық:«Елімізге, жерімізге адал боламыз. Халқымызды қорғауға жанымызды аямаймыз. Жаумен рахымсыз күресуге дайынбыз. Сыр ашсақ, опасыздық жасасақ, ең ауыр жазаға тартылуға ризамыз!» – деп жеке-жеке ант беріп қайта отырдық. Тарбағатай ұлт-азаттық ұйымның басшысы етіп бір ауыздан Дубек Нұртазаұлы Шалғынбайды ұсындық. Ол қабыл алды. 3.Ұйымға адам тарту шарттары, тәртіптері, ұйымдық ережелері. Бұл сол кездегі аса күрделі мәселе еді. Адам тартпаса болмайды, бірақ қалай сенім байлап, қалай тартылады?.. Тартылуға тиісті адамның алдын-ала кім екенін білетін мәліметтер жинап, оны кезектегі жиналыста қараудан өткізу, мақұл көрсе ілік-кандидат мүшелікке қабылдау ұйғарылды. 4.Полициялық бақылаудан қорғану ең қажетті, ең жауапты күрделі мәселе болғаны үшін жан-жақты талқыланды. 5.Гоминдан үкіметінің барлық ісіне үгіт-насихат жүргізу, барлық ісін бақылау, біліп отыру, мәлімет топтау. 6.Шама келсе партизан жасағын ұйымдастыру. 7.Қатынас жолдары, қатынас жүйелерді бүлдіру, үзу. Әскери қорларды жою. 8.«Тарбағатай ұлт-азаттық» ұйымның уақытты бағдарламаларын жасауға Дубек жауапты етілді.

Осы сияқты көптеген мәселелр қойылып, талқыланды. Сол күннен бастап іс жүре бастады. Ең алғашқы қимыл мынадан басталды. Шауешек, Дөрбілжін арасындағы телефон жүйесін үзудің бірінші кезегі мен атты әскерлердің жинаған шөп қораларын өртеу сияқты аса қауіпті екі істі Қалдыбай Қанапияұлы өз міндетіне алды. Оны ант ретінде өте тез, өте табысты орындады. Істі бақылауға, көмектесуге Жағда мен Балқаш ұйғарылды» (Сонда, 478-479-беттер).



Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – Сол ортада бағым жана кетті. Шәуешектегі қазақ, ұйғыр, қытай, тағы басқа да ұлттардың мәдени үйірмелерінің ойын-сауық жарысы өткізілмек екен. Қазақ оқу-ағарту ишмасының бастығы Ілияс Ақшин маған келіп: «Ер Тарғын» операсын дайындасақ дейміз. Сен соны басқар. Ән айтып, үйірме ұйымдастыруға сенің қабілетің бар», – деді. Бұрыннан мені біледі. Ең бастысы – сақшының тыңшысының аңдуынан құтыламын. Сол үшін келісе кеттім. «Ер Тарғын» күрделі опера. Киімнің де, музыка аспаптарының да, орындаушылардың да табылуы қиын. Өзім – пішуші, өзім – тігінші, өзім – суретші, өзім – режиссер, өзім – дрижер. Қинағаны Ер Тарғынның киімі болды. Бір өзбектің қызы Алматыда оқып келген. Сонда жүргенде Мәлік Ғабдуллин «Ер Тарғынның» ашықхатына (открыткасына) қолтаңба жазып беріпті. Мені жолатпайтыны анық. Ілияс Ақшинге барып, соны алып беріңіз – дедім. Өзбектің байы дастарханын жайды. Қауқылдап жүр. Қызы жүгіріп қызмет істеп жүр. Ілияс бір сәтте: «Қызым! Сенде «Ер Тарғынның» открыткасы бар ма?», – деді. «Бар. Бірақ бермеймін», – деді. Дереу ес жидым да: «Апай бес минутке бере тұрыңыз», – дедім. Көзінше отырып Ер Тарғынның келбетін, керекті киім өрнегін сызып алдым. Сол сызбамен батырдың киімін өзім піштім. Қыздардың да киімін сыздым.

Бұрынғыдай емес қыздар да маған тәуелді, сөзім өтімді бола бастады. Сауытты қалай жасаймын? Ойлана келіп тапқаным, сазан балықтың қабыршағын картон қағаздың бетіне желімдедім, сары потальмен боядым. Жылтырап шыға келді. Топырақтан дулығаның үш қалыбын жасадым. Соның біреуін Ер Тарғынға кигіздім. Қазақстанның өзінде болмаған бір жаңалық, тарлан ат тауып, батырға мінгізіп, сол атпен сақнаға шығардым. Біз қойған опера спектаклі қытай бастатқан 7-8 ұлттың ішінен бірінші орын алды. Сондағы Ер Тарғын ролінде – Әнуар Жакулин, Тана ролінде – Бәту (Бәтима, Әнуардің өзінің әйелі) және Әмина Нұғыманова, Қалдыбай Қанафин тағы басқалар ойнады. Маған режиссерлік қабілет қайдан келді дейсің бе? Шәуешектегі татар ишмасын – үйірмесін театр өнерін білетін Қазаннан келген қарт татар басқаратын. Соған көмекші есебінде жақындасып алдым. Айтқанын істеймін. Оның да өнерін бойыма сіңіре бердім. Өзім де ән айтамын. Өлең де жазып жіберетінім бар. Әйтеуір режиссерлікті сол адамнан үйрендім. Үйрене жүріп «Ер Тарғынды» қойдым.

Бұл – 1945-жыл еді. Реті келгенде айта кетейін, 1954-жылы Қазақ автономиясының құрылу тойында «Ер Тарғынды» тағы да сақнаға шығардым. Ол кезде Тарбағатай аймағының уәлиімін. билік қолда. Өтімдімін.Киімнен де, сақналық безендіруден де, әншілермен жұмыс істеу жағынан да қиындық болған жоқ. Қытайлар: «Қазақта «ши» бола ма екен?», – деп мазақтап, кекетті. Сондықтан батыл кірістім. Тағы да бірінші орынды алдық.

Бұл режиссерлік қызмет астыртын ұйымның жұмысына таптырмайтын сылтау болды. Байланыс жасау да оңай, бас қосу да оңай, ел аралау да жеңіл. Бастықтардың қасында жүрген соң бақылаудан да құтылдық. Соның нәтижесінде ауыл-аймақпен хабарласу да жеңілдеді.



Өмірбаяндық мінездемеден: «1944-1945 жылдары Алтай аймағының 7 ауданы түгелдей ұлт-азаттық қозғалысқа араласты. Іле аймағында төңкерістік Шығыс Түркістан республикасы жарияланып, Ұлт-азаттық армиясы құрылды. Алтай мен Іле аймағы арасында тұрған Тарбағатай аймағын қолдан шығарып алмауды ойлаған гоминдаң әкімшілігі Тарбағатай аймағына мол әскери күшті шоғырландырды. Жергілікті халыққа бақылаудың алуан түрін жүргізді. Қамау, ату, басын шауып көшеге іліп қойып, қорқыту тәсілдерін қолданды.

1945 жылы Жағда Бабалықұлы «Тарбағатай ұлт-азаттық» ұйымның тапсырмасын орындау барысында – Тарбағатай партизандарын ұйымдастырушылардың бірі болды. Халықтың да, гоминдаң әкімшілігінің де хал-жағдайын екшеп-біліп отырған «Ұлт-азаттық ұйымы» 1945 жылдың маусым айының басында Жағда Бабалықұлы мен Балхаш Әлімғазыұлын ерекше тапсырмамен партизан ұйымдастыруға Тарбағатай аймағының Шағынтоғай, Толы ауданына жіберді. Балхаш пен Жағда айтылған екі аудан халқы ішінен халыққа жаны ашитын достар тапты. Елім деп еңіреген азаматтармен тіл табысты. Көп кешікпей партизандық қозғалыс туды. Ұлт-азаттық күреске алғаш ат салысқандар: Басбай Шолақұлы, Балхаш Әлімғазыұлы, Закария Әлімғазыұлы, Нұрсапа Сейтжанұлы, Қали Хизамединұлы, Қали Бітікеұлы, Байкенже Орақұлы, Ахмет Қадірханұлы, Рамазан Оспанұлы, Абдолла Әбдірахманұлы, Періште Сүлейменов, батыр Шеттікбай (жасы жетпістен асқан адам, ұлт-азаттық соғысында шейт болды), Нұрлыбек Нұрғалиұлы, Ахмет Қалиқанұлы (осы адамды гоминдаң әскерлері отқа қақтап өлтірді), Мақсұтқан Қызырұлы, тағы тағылар».

Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – «Жалынғаннан – жан қалмайды, жағаласқаннан – жан қалады» – дегендей, аз санды ұлт халықтары да әбден ашынып алды. «Өмір ішінен – өлім, өлім ішінен – өмір іздеген» ел де күреске, қарулы шайқасқа шығуға бетін бұра бастады. Біз енді астыртын жұмысты ашыққа шығарып, жария майдан ашуға бекіндік. Дубек – қалада ұйымның жұмысын үйлестіруге қалды. Қалдыбай – телеграф байланысын бұзу үшін бағаналарды құлатып, сымдарын қию сияқты бүлдіру әрекетімен айналысты. Шағантоғай мен Толы аудандарында партизан жасағын ұйымдастыру үшін Балқаш екеуміз қырға шықтық. Елеусіз көріну үшін арбамен шығып, қаладан елу шақырымдай алыстаған соң, жолда бір түнедік. Содан кейін Балқаш атқа мініп, жайлаудағы елді аралап, мен бір арық биені мініп ойдағы елді аралап, үгіт жүргізуге көштік. Ел ішінде аңду да, тыңшылық та күшті. Бірде таңертең абыр-дүбір көбейіп, сақшы қоршап алды. Менің қоржыныма қарап: «Қоржының жақсы екен», – деді. «Қызықсаңыз ала қойыңыз», – дедім. Сөйтіп аңдып келген тыңшыдан құтылып, әлгі үйдің дәм-суына рахмет айтып, шығып кеттім. Екі әскер соңымнан аңдып тұр. Асықпай жүріп, бұлақ басына барып атымды суарып, жайбарақат сытылып кеттім. Кешке жақын ақшамда Балқаштың ауылына келдім. Ауыл аңдуда, күнгейге шығармай қойыпты. Қоста жасырынып жатыр екен. Түнде жолықтық. Қалайда ауылды бөліп әкету керек. Содан түнімен жасырын жиналып, таңға жуық елді Сарбөктер мен Тастыға қарай көшіре жәнелдік. Екі көштің жолын бір күнде басып, қалың қарағайдың ішіне кірдік те кеттік. Артымыздан 3-4 адам қуғын салды. Бірақ батып жақындай алмады. Бұл көтерілістің түңғыш көші еді. Партизан соғысын жүргізу үшін қазақ үшін одан қолайлысы жоқ болатын.

Ж.Бабалықұлы,Қ.Қанафиннің естелігінен: «Дубектер тобының бір бөлігі партизан болып қолына қару алған кезде Шауешекте қалған Дубек Нұртазаұлы, Ахметқали Бітімбайұлы, Қалдыбай Қанапияұлы, Әубәкір Бабалықұлы, Шәуен Мәсәлімұлы басқада көп азаматтар 1945 жылы июньнің 26 күні қолға алынды. Дәл осы кезде секретар Ху-дың-бау қамаудағы Дубекке жолығып, мәселенің ашығын айтуын өтінді. Бірақ Дубек мойындамаған. Қамаудағы жолдастарына мойындамау жөнінде сыбыс таратқан» (сонда,.

Тарбағатай жағдайы ауырлаған кезде қамаудағы саяси тұтқындарды Үрімжіге жіберуді дайындаған. Олардың аяғында кісен, білегінде қалөткі болған. Олардың бірінші тобы Дубек Нұртазаұлы, Ахметқали Бітімбайұлы, Қалдыбай Қанапияұлы, Шауен Мәсәлімұлы, мұғалім Каршинго, мұғалім Суменкова, мұғалім Суменков, Латыпжан Ха бири, Кәмеш Қабдоллақызы, Масқұрт Қабдоллаұлы, Молла Бадау, Нұрахмет Сарыкүшікұлы, Юсупбек Мухлисов бастаған 40 адам. Бірақ Үрімжі - Шауешек күре жолы партизандар жағынан кесіліп, Ұты, Көлденең, Жиырмасу соғыстары жүргізіліп жатқан кезде абақтыдағы адамдарды Үрімжіге жүргізуге үкіметтің мүмкіндігі болмады» (сонда, 481-бет).



Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – Біз Қоңырабасазға шығып, Барлықтың Жайырға қараған бетіне күн еңкейе жеттік. Мұнда қыста бөлініп қалған бойдақ қойды бағып Балқаштың ағасы Закария отыр екен. Біз озып барып сол үйге түстік. Атшымыз бар, ол сыртта қалды. Закария шалқасынан жатыр екен. Сәлемді де алмады. Балқаштың жеңгесі елпелектеп шәй қойды. Қара шәй. Тістейтін де мардымды ештеңе жоқ. Балқаш ашуланып, шыны-пынысымен дастарханын теуіп жіберіп жеңгесіне: «Әкет!», – деп ақырып жіберіп, сыртқа кетіп қалды. Амалсыз мен де сыртқа шықтым. Екеуміз өзара сөйлестік. Сол екі ортада қой да әкелінді, Балқаш бата жасамай қойды. Түнде атымыздың жабуын жастанып сыртта, ауылдан аулақ жерде жаттық. Балқаш таң атпай шолғынға кетті. Закария таңғы дәретін алуға шыққанда алдынан шығып: «Иә! Менің түрмеден қашқаным рас. Оның үстіне партизан құрамыз деп шықтық. гоминдаңға қарсымыз», – деп түсіндірдім. Сонда ғана Закарияның қабағы ашылды. Сөйтсек, мені Балқаштың соңына түскен гоминдаңның тыңшысы екен – деп түсініпті. Елдің қандай шәй ішкеніне қарап: «Кеңес одағымен байланысың бар», – деп елдің зықысын әбден шығарып болыпты. Содан секемденіп отырған жайы бар екен. Сол арада Балқаш та: «А, құдай! Ақ түйенің қарыны жарылды! Ел көтерілісті қолдайтын болды!»,– деп шауып келді. Қабанбайдың ұрпағы, атақты Сүлейменнің ұлы Перішше бар қасында. Қой сойылды. Қабақ түзелді. Сарбаздар жинала бастады. Енді қару ғана керек еді.

Атымды көк жарау атқа айырбастап алдым. Перішшені ертіп кеңестің – Қазақстанның шекарасына өттік. Алакөлдегі постқа келдік. Күні-түні олар бізден жөн сұрады. Біз қару сұрадық. Ертеңінде: «Біз қару бере алмаймыз», – деп кері қайырды. Дегенмен де өтініш жазып кеттік. Закарияның үйіне екі қондық. Қоңырабасаз бен Майбұлаққа гоминдаңның 40 әскері келіпті. Майлының адамдары жасырынып жатып, 4 мылтықпен атысып, 2-3 адамды шығынға ұшыратып, жүк артқан түйелерін тартып алыпты. Түнде үрейленген әскерлер Барлықтың ішіне қашып кетіпті. Олардың алдын орап өтіп Закария отырған кезеңнен тостық. Бір шалдың атын тартып алып, өзін байлап кеттім. Әйтпесе бөгет жасайтын болды. Әскер қайқаңға шыға бергенде атысты бастадық. Әскерлердің үріккен аттары бізге қашып келді, өздері де бытырай қашты. Еңсеміз көтеріліп Ұзынбұлаққа келгенде Балқаш: «Мен Қызылтұздың партизандарына барып мылтық пен көмек сұрайын», – деді. Астыртын ұйымның атынан хат жаздық. Ол да кетті, Перішшені алып шекараға мен де кеттім. Жасақ бар. Тек қару және қару керек.Олар тағы да мылтық бермеді. Мал өткізіп, қоласты сауда жасап жұрген 40 адамға бізді қосып қайтарып жіберді. Олар да: «Мыналар гоминдаңның тыңшысы, айтып қояды», – деп бізді өлтірмекші болды. Теректінің ауызын жеткенде бұйра-бұйра еспе құм бар. Аттың айылын тартқан боп артта қалдық та, қайтадан шекараға қарай шаба жәнелдік. Төрт-бес адам қуды. Жеткізбедік. Теректінің аяғынан кесіп өтіп талдың ішіне келіп қондық. Қалың тау сарымсақ өседі екен. Күтірлете шайнап, тойып алдық.



Б.Бафин: «Сол жылы жайлау кезінде «ұйымның» тапсыруы бойынша Жағда екеуміз Барлық, Майлы-Жайыр тауларына барып, ондағы жаңадан ұйымдаса бастаған партизандар арасында жұмыс жүргізе бастадық. Біраздан соң, қаладағы «ұйыммен» болған байланысымыз үзіліп қалды. Артынан, өзімізден шыққан жағымпаз-сатқындардың қаладағыларды (Дубек, Ақыметқали және Қалдыбайды) қытай жандарымына айтып қаматқаны мәлім болды.

Бұл кезде Іле аймағы түгел Қытай басқыншыларынан азат етіліп, Құлжа қаласында «Азат Шығыс Түркістан Республикасы» деген атпен жаңа халық Үкіметі құрылғандығы туралы ресми хабар жарияланған болатын.



Мен бастапқы «Бүркіт» ұйымының басшысы Башбай Шолақұлының Іледегі «Азат Шығыс Түркістан Республикасы» басшыларына арнап жазған хатын алып және «Ұлт азаттық тобының» әр түрлі мәліметтері мен Тарбағатай партизандары ұйымының барысынан хабарлама жасау үшін, әрі көмек сұрай Құлжаға бардым. Осыдан соң, Тарбағатайға қосымша күш ретінде партизандар жіберілді, артынша жаңадан құрылған ұлттық армияның атты полкі тарапынан Толы, Дөрбілжін, Шәуешек қалалары басқыншылардан тазартылып, түрмедегілер (Дубек, Ақыметқали, Қалдыбай тағы басқалары) түгел аман-есен босатылды. Осыдан кейін, көп ұзамай Тарбағатай аймағының басқа аудандарымен қоса Алтай да азат етілді. Ұлыханьдық шовинист басқыншылардан азат етілген 3 аймақта (Іле, Тарбағатай, Алтайда) Өкімет билігі байырғы тұрғын халық өкілдерінің қолына берілді (сонда, 438-бет).

Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы) : –Тағы да Закарияның үйіне келдік. Онда «Үш аймақтың» адамымен кездестік. Түнде кеп тамақ ішеміз, күндіз Барлықтың ішінде, Тастының оңтүстік жағын паналаймыз. 20 күннен кейін партизандардың қимылы күшейе бастады. Сол екі арада Оспан ағалар да келді. Түйе, ат табылып, азық-түлікпен Тастының ішіне түстік. Алғашқы қаруымыз – ағаш кесетін қытайдың қосауыз мылтығы болды. Бес тал оғы бар екен. Шүріппесі бұзық. Ел жиылып, көш аман-есен Майлыға қарай өтті. Сол кезде Шығыс Түркістаннан тағы да екі кісі келді. гоминдаңның бір взвод әскері Айырға келіпті. Тура сол күндері 40-50 қарулы жасақпен Балқаш та Қызылтұздан келді. Бәрібір мылтық аз. Біздің қатарымыз жүзге тарта адамға жетті. Айырдың асуындағы соғыста жеңдік. Бұл үшінші шайқасымыз еді. Тағы да 40-50 адам келіп қосылды. Шілденің аяғында санымыз 700-ге жетті. Енді гоминдаң бір батальон жазалау әскерін жіберіпті. Байыншоқының басынан қолына ақ ту ұстаған аттылы, түйелі, жаяу адамдарды үрей туғызу үшін ары-бері жүргізіп қойдық. Шоқының басынан тосып алып, шабуылдадық. Олардың дені шығынға ұшырады. Бізден 10 адам қаза тапты. Соның ішінде Бұратоладан келген партизан бастығы Байкенже Орақұлы қаза тапты. Сол кезде мен мылтықты қолыма ұстап тұрып: «Қанға – қан, жанға – жан!» – деп қасам бердім. Сол күннен бастап қару қолымнан түспеді.

Өмірбаяндық мінездемеден: «Олар елді ұлт-азаттық қозғалысқа шақырды, арттарына адам ерте білді. Партизандар қатарының сапын толтырды. Азық-түлік, ат-көлік, қару-жарақпен қамдады. Тиіп-қашып соғысып қару-жарақ жинады. Жаумен бетпе-бет соғысқа талай рет барды. Нәтижесінде партизандар – Ұзынбұлақ, Қарасай, Айыр, Байыншоқы, Ұты, Жалаңаш, Көлденең, Жиырмасу, Дәм (Ақжар), Көкжайдақ, Өшкеқызыл, Жаманты, Тартас соғыстарын жүргізді. Толы, Өндірбүйрек, Дөрбілжін, Еміл, Қара Еміл, Қырықошақ соғыстарына қатынасты. Балхаш пен Жағда осы соғыстардың көбінде бірге болды. Бұл кезде Тарбағатай партизандарының саны 700-800 адамға жетті».

Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы) : – Ұтыға бір взвод әскер, бір взвод сақшы әскері келіп, шағын бекініске орналасты. Біз күндізгі сағат он бірде шабуылға шықтық. Қытайы мен ұйғыры аралас. Тура қасқая шапқанда топтың алдына суырылып шықтым. Оқты бората жәнелді. Аттан түсе қалдым. Менімен қапсарласа келген жетпіс жастағы Шектібай ақсақал: «Сенің атыңды ұстап тұрайын деп келдім», – деді. Жүректі екен. Мен жарды жағалап су орған жерге кіріп, оңтайлы кертік жасап, ботайды көздеп ата бастадым. Шектібай тағы да қасыма келді. Орынымды соған беріп, алға жылжыдым. Бір үй тұр екен. Соны паналап келдім. Жастар жағы да келіп жетті. Дауалды тесіп, көздеп оқ аттық. Шектібай батыр тағы да жаныма келді. Дауалдан аса беремін дегенде оқ тура маңдайынан тиіп, тіл тартпай кетті. Батыл-ақ адам еді. Жамбылды жағалай қоршап, дауалды бір жерінен нысанаға алдық. Дауалдың быт-шыты шықты. Кешке қарай бізге берілді. Олардан – оншақты, бізден – бес-алты адам оққа ұшты. Сөйтіп, кәдімгі партизан соғысы басталып кетті.

Өмірбаяндық мінездемеден: «1945 жылы 31 шілде күні Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласы азат етілді. Ұлт-азаттық армия қатары толықтырыла бастады. Сол қатарда Тарбағатай партизандары –Тарбағатай 6-атты полкі болып құрылды да, ұлт-азаттық армия қатарына енді.Тарбағатай аймағының Толы, Шағантоғай, Дөрбілжін, Шәушек сияқты төрт ауданын азат еткен ұлт-азаттық армиясы қайта жабдықталып, Алтай аймағын және Шиху (Қарсун) мен Сауан аудандарын азат ету бағытына жорыққа аттанды. Тарбағатай 6-атты полкі Шихо, Сауан – орта бағытына аттанды. 6-атты полк Сарыжаға (Саржақ), Ақтам, Ұланбұлақ, Көл, Шепейзі, Көкшатыр, Көне-Шиху, Бұртажы (І), Ақжар, Бұртажы (ІІ), Бұртажы (ІІІ) соғыстарын жүргізді. гоминдаң армиясының күшейтілген бір дивизиялық құрамасы тұрған атақты Шиху бекінісіне жасалған бес тәулікке созылған соғысқа қатынасты.

1945-1949 жылы ұлт-азаттық армия қатарында – взвод командирі, эскадрон командирінің орынбасары, полк командирінің орынбасары, ұлт-азаттық армиясының бас штабының саяси басқарма бастығының орынбасары, ІІ рет полк командирінің орынбасары, бригада командирінің орынбасары, қосымша 1948-1949 жылдары орталық майдандағы ұлт-азаттық армияның офицерлер курсында әскери географиялық тақырыптан дәріс берді. Жағда Бабалықұлының ұлт-азаттық армия қатарындағы алған әскери атағы – подполковник. Ұлт-азаттық күрес тұсындағы ерлігі үшін төңкерістік Шығыс Түркістан өкіметі Жағда Бабалықұлын – 1945 жылы 367 нөмірлі « батырлық» медалымен, 1946 жылы 518 нөмірлі ІІ дәрежелі «Тәуелсіздік» орденімен, 1948 жылы 1137 нөмірлі «Садаһат» медалімен, 1949 жылы 47 нөмірлі ІІ дәрежелі «Азаттық» орденімен марапаттаған».
ІІІ
Жағда Бабалықұлы (әңгіменің жалғасы): – Осындай әскери майданда жүріп, азамат соғысының да шалығын көрдім. Оспан батыр 1946 жылдан бастап гоминдаң жағына шықты да, олардан қару-жарақ, азық-түлік, күш-көлік алып, арнайы әскери жаттығу өткізіп, Шығыс Түркістанның ұлт-азаттық армиясына қарсы соғысты. Мақсатымыз – біреу, ұлт азаттығы. Ұлтымыз – біреу, қазақ. Өзінің ата жауымен неге, қалай тіл табысты?

Хасен Оралтай: «...Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешектегі орыс (совет) консулы өзінің Қалибекке совет үкіметі атынан келгенін ашық айтқан-ды. Оның өз сөзі бойынша, ол Қалибекті «Үш Аймақ үкіметін» қостап отырған орыстарға (совет үкіметіне) сендіруге келген. Бұл оған дейін осыншама ашық айтылған жағдай емес-ті... Орыс консулы Қалибек хакімге: қытаймен ымыраласудан бас тартуын, «Үш Аймақ үкіметіне» адал болуын, Тарбағатай аймағының уәлиі болуы үшін Шәуешекке келуін ұсынды.

Қалибек хакім: «Үш Аймақ үкіметінің» – бұрынғы Шығыс Түркістан үкіметі емес екендігін, оның советтің куыршағына айналғанын айта келіп, Тарбағатай аймағының уәлиі бол деген ұсынысқа рахымет деді. <...> Орыс консулы Алтайдағы Оспан батырдың және Үрімжідегі қазақтардың іс-бағыттарына сілтеме жасап: «... Сіз қазақтар, осыншама белсенділікпен Шығыс Түркістанды құтқарамын деп ойлайсыздар ма? Босқа әуре болмаңыздар. Олай ете алмайсыздар. Айталық сіз – Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін алыңыз, онда да сіздер, қазақтар, билік басында болмайсыздар. Ұйғырлар сізден көп. Сіздердікі босқа маңайға жексұрын болудын басқа ештеңе емес...» – деген.

Қалибек хакім совет консулының ол сөзіне былай деп жауап қайырады: «Біз тәуелсіздік үшін күресудеміз. Біз ұйғыр, қазақ деп бөлектеніп отырғамыз жоқ. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, билік басына арамыздан кім шықса, оны қабыл етеміз...»

Орыс консулы: «Сіз қазақтар, «Үш Аймақ үкіметін» құлатуға ұмтылудасыздар. Ал ұйғырлар оны колдауда».

Қалибек хакім: «Басында Әлихан төре болған Шығыс Түркістан үкіметін біз бәріміз қолдап-қостадық. Сол жолда көптеген құрбандықтар беріп, қан төктік. Бірақ кейбіреулер оны сатты, Шығыс Түркістан үкіметін қуыршаққа айналдырды. Бұл жағдай шығыс түркістандықтардың мүддесіне қайшы және өте зиянды. Қазіргі жағдайды адал түрде, шын кеңілден қостайтын кісі жоқ...» – деп жауап қайырған» («Елім-айлап» өткен өмір», А.Білім.2005, 52-бет).

Кеңес одағы: өздері тарих сақнасына шығарған Шығыс Түркістанның мүддесін асығыс аяққа таптап, уәделерін ұмытып, соншама құныға кірісіп, «Үш аймақ» пен гоминдаңның тіл табысуына неге құштар болды? Мәселенің күйдіргі жауабы –Ерғожай батырдың естелігіне түсінік жазған ғалым Әбууақап Қараның шет ел ғалымдарының, оның ішінде Оспанның ауылында айлап жатқан Маккернанның барлау мәліметі де бар, пікірінше, барлық тағдыр тәлкегі атом бомбасының азығы – уранға байланысты сияқты. И.Курчатовтың мәлімдеуінше, атом бомбасын жасау үшін 50-100 метрика тонна уран талап етіпті. Ал СССР-де 1-2метрика тонна ғана шикізат бар екен. Ал кеңестік өнеркәсіп қажетті өнімнің 33 пайызын ғана өндіре алады екен.Ал қалған 50 тоннаны және одан кейінгі шикізатты Шығыс Германиядан, Чехославакиядан, Болгариядан, Польшадан және Шығыс Түркістаннан, оның ішінде Көктоғайдан әкелінген. Семей полигонына жақын әрі арзан. Сол жылдары қазылған бір шұңқыр – бүкіл қытайдың кеңес өкіметі алдындағы қарызын өтепті.

Ал Оспан болса, Пәтхан Сүгірбаевтің естелігіне жүгінсек:

«Осы кезде Оспан «құн дауын» қайырып қойып, Көктоғай кен ауданының мәселесін көтеріп шығады.

СССР-дің кеншілері менің рұхсатымсыз жеріме неге келеді? Тегін жатқан байлық қайда бар екен? «Шығып кетсін» – деп адам жіберсем, атты алысқа айдап, созба бұйдалыққа салды. Ендігі шаруа – оларды қарудың күшімен айдап салу, – деп Дәлелхан Сүгірбаевке қысым түсіреді. Дәлелхан:

Бұл, біріншіден, тарихи терең тамыры бар мәселе. Екіншіден, өткендегі Моңғолияның берген көмегі, іс жүзінде Моңғолия арқылы СССР-дің көмегі болатын. «Ашу – аздырады, ақыл – алға жетелейді». Салмақтырақ болғанымыз жөн. Қару жұмсау – мәселені әсте шеше алмайды. Алдымен уәкіл жіберіп, істің жәйін ұғысайық, – дейді» (осы жинақта).

Сөйтіп, Оспан орыс кен барлаушыларын Алтай кенінен қуып шықты. Сондықтан да Оспанның тірі қалуы – кеңес одағының атом бомбасынсыз қалуымен тең еді. Ал оған қол жеткізу үшін Шығыс Түркістан да, Оспан да, тіпті сол тұста азаматтық соғыс жүріп жатқан қытай да оларға бөгет емес еді. «Үш аймақ» пен гоминдаң, одан кейін гунсаңдан үкіметтері Көктоғайдың уранын түгел, тіпті, бүкіл Алтайды қазып әкетсе де, мақұл еді. Міне, мәселе қайда? Сыртқы Монғолияның тұрақты әскерінің аспаннан да, жерден де, танкіменен де Оспанға шабуыл жасаған атақты «Бәйтік қырғынының» басты себебі осы – деп сендіре естелік жазыпты американың барлаушылары мен елшілерінің дерегіне сүйенген зерттеушілер. Расында да, СССР үшін атом бомбасын қолға түсіру – сол жылдары өмір мен өлімнің шекарасы еді.

Міне, мен осы кілтипанға сенемін. Себебі Қытай компартиясының саяси бюросының мүшесі, ОК-тің төрағасы Ли шау ши (Лю шао ци) 1949 жылы маусым айынан тамыз айына дейін құпия түрде Мәскеуде бол,ан кезінде оған Сталин:



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет