Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің 2008 жылғы «25» шілдедегі
№ 132 бұйрығымен
бекітілген
Мұнай базаларын және автомобильдерге жанар-жағармай құю станцияларын пайдалану кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары
1. Жалпы талаптар
1. Осы Мұнай базаларын және автомобильдерге жанар-жағармай құю станцияларын пайдалану кезіндегі өнеркәсіп қауіпсіздігінің Талаптары (бұдан әрі - Талап) мұнай базаларын, автомобильдерге жанар-жағармай құю станцияларын (бұдан әрі – АЖҚС) жобалау, пайдалану, қайта құру кезіндегі талаптарды белгілейді.
2. Негізгі түсініктер:
1) автомобильдерге жанар-жағармай құю станциясы (бұдан әрі - АЖҚС) – мұнай өнімдерін бөлшек саудамен өткізуге арналған ғимараттар, технологиялық құрылыстар мен техникалық құрылғылар кешені;
2) мұнай базасы - мұнай өнімдерін сақтауға және көтерме саудамен өткізуге арналған тауарлық қойма;
3) автомобильдерге жанар-жағармай құю станцияларының төлқұжаты – АЖҚС негізгі сипаттамаларын қамтитын құжат.
3. Қозғалатын машиналардан, механизмдерден және жылжымалы бөліктерден болатын қауіпті факторлардың көзі болып табылатын өндірістік жабдықтар 12.2.003 МСТ сәйкес келеді.
4. Өндірістік үй-жайлар мен ашық алаңдардағы жұмыс аймағының шектерінде температураға, ылғалдылыққа, барометрлік қысымға, ауа қозғалысының жылдамдығына қойылатын санитарлық-гигиеналық талаптар 12.1.005 МСТ-қа сәйкес келеді.
5. Жұмыс аймағының ауасындағы зиянды заттардың мүмкін шектегі шоғырланулары (бұдан әрі - МШШ) 12.1.005-88 МСТ сәйкес келеді.
6. Мұнай базаларында, АЖҚС өндірістік процестерге қойылатын қауіпсіздік талаптары 12.3.002 МСТ сәйкес келеді.
7. Мұнай базалары мен АЖҚС өндірістік процестердің қауіпсіздігіне төмендегілермен қол жеткізіледі:
мұнай өнімдерін қабылдаудың, сақтаудың, босатудың және есепке алудың қауіпсіз технологиялық процестерін, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сай техникалық құрылғыларды қолданумен;
мұнай базалары мен АЖҚС қызмет көрсететін персоналды қызмет көрсетуге, жұмысты жүргізуге даярлау, рұқсат беру өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
8. Қауіптілігі жоғары жұмыстарды жүргізу жүктелім-рұқсаттар бойынша жүзеге асырылады. Мұндай жұмыстардың тізбесін техникалық басшы бекітеді.
9. Қауіптілігі жоғары жұмыстарды жүргізу технологиялық операциялардың орындалу кезектілігін және олардың қауіпсіз жүргізілуін белгілейтін технологиялық регламентке сәйкес жүзеге асырылады.
10. Әрбір мұнай базасы, АЖҚС үшін апаттарды жою жоспары және өндірістік бақылау туралы ереже әзірленеді.
11. Мұнай өнімдерінің өрт-жарылыс қауіпі бар ерекшеліктері 1-қосымшада келтірілген.
12. Мұнай базалары мен АЖҚС пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі бойынша қойылатын жалпы талаптар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2006 жылғы 8 ақпандағы № 35 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4126 болып тіркелген) талаптарына сәйкес келеді.
13. Өндірістік процестер 12.1.010 МСТ, осы Талапқа сәйкес келеді.
14. Жарылыс қауіпі бар үй-жайлар мен сыртқы қондырғыларда орнатылатын электрлік бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика құралдары ЭҚЕ; 12.2.020 МСТ; 12.2.021 МСТ талаптарына сай келеді.
15. Әрбір мұнай базасында, АЖҚС мынадай техникалық құжаттама болады:
мұнай базасының, АЖҚС-тың жобасы;
техникалық құрылғыларға арналған паспорттар;
техникалық құрылғыларды пайдалануға, жөндеуге арналған технологиялық регламент;
өндірістік бақылау туралы ереже.
16. Мұнай базасы, АЖҚС телефон және дауыс күшейткіш байланыстарымен жарақтандырылады.
2. Аумақ және жабдықтар
17. Мұнай базасы мен АЖҚС үшін өндірістік объектілерді жобалаудағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес санитарлық-қорғау аймағы белгіленеді.
18. Мұнай базасының, АЖҚС аумағындағы жолдардың асфальттық, бетондық немесе қиыршық тасты жабындары болады.
19. Қауіпсіз өтуді қамтамасыз ету үшін жолдар мен өтпелер ақаусыз күйде ұсталады, қысқы уақытта қардан тазартылады, түнгі уақытта жарықтандырылады.
20. Жаяу жүргіншілер үшін ені 0,75 м кем емес тротуарлар салынады.
21. Теміржолдардың өтпелерінде олардың жолдармен түйісетін орындарында рельстердің бүркеншіктерімен бірдей тұтас төсемдер, қорғау барьерлері, қауіп туралы ескертетін сигнал белгілері орнатылады.
22. Автомобиль жолдары мен өтпелердің түйісетін орындарында жерүсті құбырлары автомобиль жолдары мен өтпелердің үстінен 4,25 м кем емес және өтпелердің астынан 2,2 м кем емес биіктікте тіректерге ілінеді.
23. Мұнай базасының аумағы биіктігі 2 м кем емес жанбайтын материалдан үрленетін шарбақпен қоршалады. Шарбақ ғимараттар мен құрылыстардан (әкімшіліктен басқа) кем дегенде 5 м қашықтықта тұрады.
24. Мұнай базасының аумағында ғимараттарды, құрылыстар мен жабдықтарды орналастыру 2.11.03-93 ҚНмЕ сәйкес жүзеге асырылады.
25. Мұнай базасының, АЖҚС аумағы тазалықта болады. Аумақты ластауға және онда төгілген мұнай өнімдерінің, судың жиналуына жол берілмейді.
Жазғы уақытта резервуар паркіндегі шөп шабылады және аумақтан ылғал күйінде әкетіледі.
26. Мұнай базасымен, АЖҚС аумағында жарықтандыру үшін ашық отты қолдануға жол берілмейді.
27. Мұнай базасымен, АЖҚС аумағында шылым тартуға рұқсат етілмейді, арнайы бөлінген және «Шылым тартуға арналған орын» деген жазба ілінген, жабдықталған орындарда (өрт күзетімен келісу бойынша) рұқсат етіледі.
28. Қауіп тудыратын барлық орындарда ескерту (сигналдық) жазбалары және 12.4.026 МСТ бойынша қауіпсіздік белгілері орнатылады.
3. Мұнай базалары мен АЖҚС жабдықтары
29. Жобалау ұйымы техникалық құрылғылардың технологиялық процесінде қолданылатын қызметтің мүмкін мерзімін (ресурс) белгілейді, ол жобалық құжаттама мен техникалық паспортта көрсетіледі.
30. Жабдықтарды, механизмдерді, құралдарды ақаулы күйде немесе қауіпсіздік құрылғыларының ақаулығы кезінде (блоктайтын, тіркейтін және сигналдық тетіктер мен аспаптар), жүктемелер мен қысымдар кезінде паспорттағыдан жоғары пайдалануға жол берілмейді.
31. Жабдықтардың, құралдардың және бақылау-өлшеу аспаптарының элементтерін пайдаланудан шығару олардың бөлшектерінің физикалық тозуы бойынша жүргізіледі.
32. Жабдықтарды, құралдарды пайдаланудан шығару өлшемдерін әзірлеуші немесе дайындаушы-кәсіпорын белгілейді.
33. Жабдықты жөндеу оны ажыратудан, қысымын түсіргеннен, қозғалатын бөліктері тоқтағаннан және оларды оқыстан қозғалысқа келтіретін алдын алу шараларын қабылдағаннан кейін жүргізіледі. Іске қосу құрылғысында: «Қосуға болмайды – адамдар жұмыс істеуде» деген жазуы бар плакат ілінеді. Жөндеулердің жоспарлы-ескерту жүйесі қолданылады. Жұмыс істемейтін пайдаланым бойынша жөндеу жүргізуге жол берілмейді.
34. Қайта құрастырылған немесе жаңғыртылған жабдықты іске қосуды комиссия оның жобаға және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексергеннен кейін жүзеге асырады.
35. Техникалық куәландыру, монтаждау немесе пайдалану процесінде жабдықтардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкеспеуі жағдайында оны пайдалануға рұқсат етілмейді.
36. Жабдықтың конструкциясына өзгеріс әзірлеуші-ұйымның немесе жобалаушы-ұйымның келісуі бойынша енгізіледі.
37. Жабдықты (аппараттарды, құбыр учаскелерін) іске қосу немесе тоқтату кезінде технологиялық жүйеде жарылыс қаупі бар қоспалардың түзілуінің алдын алу шаралары (инертті газбен үрлеу, үрлеудің тиімділігін бақылау) көзделеді.
38. Климаттық жағдайларды орындау бойынша сәйкес келмейтін жабдықты қолдануға рұқсат етілмейді.
39. Қызметкерлер үшін қауіп тудыратын тораптар, бөлшектер, жабдықтардың тетіктері мен элементтері, қоршау және қорғау құрылғыларының үстіңгі беттері ескертетін түстерге боялады.
40. Кернеуге ұшырайтын жабдықтардың металл бөліктері жерге қосылады.
41. Қызмет көрсететін персоналдың жарақат алуына немесе оған зиянды әсерін тигізуге себеп болатын техникалық құрылғылар қоршалады немесе экранға түсіріледі. Қоршаулар мен экрандар жабдықтың іске қосу құрылғысымен блокталады.
Қоршау жабдық мақсатқа және пайдаланатын жағдайларда конструктивті орындауға сәйкес келеді.
Қоршауды конструкциялау және бекіту жұмыс істеушінің қоршайтын элементпен оқыс жанасу мүмкіндігін болдырмайды.
42. Механизмдердің қозғалатын бөліктерінен 35 см артық қашықтықта орнатылатын қоршауларды қанат түрінде орындауға рұқсат етіледі, механизмдердің қозғалатын бөліктерінен 35 см аз қашықтықта орнату кезінде қоршауды тұтастай немесе 50 Х 50 мм аспайтын ұямен торлы етіп жасайды.
43. Қанатты қоршаудың биіктігі механизмдердің қозғалатын бөліктерінің көлемімен, бірақ 1,25 м кем белгіленбейді. Тұтас қоршаудың төменгі белдеуінің биіктігі 15 см, көршілес тіреулердің осьтері арасындағы аралық 2,5 м аспайды. Торлы қоршаудың биіктігі 1,8 м кем болмайды. Биіктігі 1,8 м төмен механизмдерді толығымен қоршайды.
44. Қозғалтқыш белдіктерге арналған қанатты қоршаулардың биіктігі
1,5 м кем болмайды. Екі шкивтің сыртқы жағынан белдік үзілген жағдайда металдан жасалған қарсы қалқандар орнатылады.
Тісті және шынжырлы берілістер алмалы-салмалы бөліктері және құрау мен жинауға қолайлы тетіктері бар тұтас металл қалқандармен (қаптамалармен) қоршалады.
Қозғалатын бөліктердің шығып тұратын бөлшектері айналымының барлық төңірегі қаптамалармен жабылады.
45. Қоршаулардың есіктерін ашуға немесе қоршауларды түсіруге толық тоқтағаннан кейін рұқсат етіледі. Жабдықтарды немесе механизмді іске қосуға қоршаудың барлық алмалы-салмалы бөліктерін орнына орнатқаннан және сенімді бекіткеннен кейін рұқсат етіледі.
46. Машиналар мен жабдықтардың бекіткіш бөлшектерінде және біріктіру элементтерінде жұмыс кезінде өздігінен босату мен қосылуды болдырмайтын (қарсы-гайкалар, шплинттер, сыналар және тағы басқалар) тетіктер қарастырылады.
47. Жабдық оның қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін мықты іргетаста (негізде) орнатылады.
48. Жұмысшыны 0,75 м дейінгі биіктікке көтеруге қызмет көрсететін жабдық баспалдақтармен, ал 0,75 м жоғары биіктікке қанатты басқыштармен жабдықталады.
49. Жүретін басқыштар 60о аспайтын еңістікпен (резервуарларда –50о аспайтын) орнатылады, басқыштардың ені 65 см кем емес, ауырлықты көтеруге арналған басқыштарда 1 м кем болмайды. Биіктік бойынша баспалдақтардың арасындағы қашықтық 25 см аспайды. Баспалдақтардың ішкі еңістігі 2-5о болады. Баспалдақтардың екі жағында адам аяғының сырғанауын болдырмайтын, биіктігі 15 см бүйірлік жұқа тақтайшалар немесе ернеулік қаптаулар болады. Басқыштар екі жағынан биіктігі 1 м қанаттармен жабдықталады.
50. Биіктіктегі жұмыс алаңдарында бетінде сырғанақтық болмайтын металл табақтардан жасалған төсемдер немесе қалыңдығы 40 мм кем емес тақтай, бір-бірінен 40 см аспайтын қашықтықта орналасқан бойлық тақтайшалармен биіктігі 1,25 м қанат және төсемге тығыз іргелес биіктігі 15 см кем емес ернеуі болады.
51. Жабдықтардың сыртқы беттерінің және жылу оқшаулағыш жабындардың қаптамаларының температурасы жарылу қаупі аз өнімнің өздігінен тұтану температурасынан, ал қызметкерлер үшін қол жеткізілімді орындарда 45о аспайды, үй-жайдың ішінде және сыртқы қондырғыларда 60о аспайды.
4. Өндірістік үй-жайлар
52. Өндірістік үй-жайларды жобалау кезінде қойылатын жалпы талаптар 2.09.02-85 ҚНмЕ сәйкес келеді.
53. Өндірістік үй-жайларға кірулер ВНТП-3-90 бойынша климаттық ауданды ескере отырып орнатылған тамбурлармен жарақтандырылады.
54. Өндірістік үй-жайларда желдетуге арналған құрылғылар – терезе жақтауларында немесе шамдарында ашылатын екіжақты қақпақтар болады.
55. Технологииялық процесс нәтижесінде мұнай өнімдерінің булары бөлінетін үй-жайларда қарама-қарсы екі шетінде орналасқан кем дегенде екі шығатын жер қамтамасыз етіледі. Егер қабаттың ауданы 300 м2 аспайтын болса және сырттағы өртке арналған басқышқа запастағы шығатын есік болса, бір шығатын есік құрылғысына рұқсат етіледі.
Үй-жайларда терезелер мен есіктердің екіжақты қақпақтары сыртқа ашылады. Жоғарғы фрамугалар мен шамдарда оларды еденнен немесе арнайы алаңдардан ашу үшін тетіктер болады.
56. Өндірістік үй-жайлардың қабырғалары ашық түстерге боялады.
57. Едендерді жабуға қолданылатын материалдар мұнай өнімдерінің әсеріне төзімді болады.
Едендер саңылаусыз, тартпаға еңістікпен қатты жабыннан жасалады.
58. Өтпелерді, шығатын есіктерді, дәліздерді, тамбурларды, басқыш шабақтарын, запас шығатын есіктерді қандай да болсын заттармен, материалдармен, жабдықтармен бөгеуге болмайды. Басқыш шабақтарының астынан қойма, шеберхана және тағы басқа салуға жол берілмейді.
59. Өндірістік үй-жайлардың тартпалары, каналдары жеңіл алынып-салынатын отқа төзімді плиталармен жабылады.
Жарылыс қаупі және өрт қаупі бар өндірістік үй-жайлардың тартпалары мен каналдары құммен немесе басқа жанбайтын материалдармен себіледі.
60. Өрт-жарылыс қаупі бар, улы және күйдіргіш заттарды тұрмыстық, қосалқы және әкімшілік-шаруашылық үй-жайлар, электр қондырғыларының үй-жайлары, желдеткіш камералар арқылы тасымалдау үшін құбыр төсеуге рұқсат етілмейді.
61. Электр желілерін қайта жарақтандыруға (бекітілген жоба болмаса), стандартқа жатпайтын сақтандырғыштарды орнатуға, қолдан жасалған және ақаулы электр қыздырғыш аспаптарды пайдалануға рұқсат етілмейді.
62. Қызмет көрсетуші персоналдың тұрақты орны мұнай базасының диспетчерлік пунктімен телефон (радиотелефон) байланысымен жарақтандырылады.
63. Барлық өндірістік және басқа да үй-жайлар тазалықта ұсталынады.
Өндірістік үй-жайлар мен жабдықтар мерзімді түрде белгіленген кесте бойынша шаңнан және жанғыш қалдықтардан тазартылып отырады.
Өндірістік үй-жайлар 2-қосымшаға сәйкес медикаменттер жиынтығымен бірге медициналық қорапшамен жабдықталады.
64. Өндірістік үй-жайлардың едендері қажеттілігіне қарай, бірақ ауысымда кемінде бір рет тазартылады.
Едендерді жууға тез тұтанғыш сұйықтықтарды пайдалануға рұқсат етілмейді.
Төгілген мұнай өнімдерін канализациялық тартпаларға сумен жуады.
65. Газдың бөлінуі мүмкін болатын үй-жайларда техникалық басшы бекіткен кесте бойынша жұмыс аймағының ауасында зиянды газдың шоғырлануы тексеріледі. Осындай үй-жайларда тиісті ескерту жазбаларымен табличкалар ілінеді.
66. Өндірістік үй-жайларда:
құбырлар мен жабдықтардың үстіне кептіру үшін киімдерді ілуге, жанғыш материалдарды қоюға;
өндіріс мақсатына қажетсіз материалдарды, әртүрлі заттарды сақтауға рұқсат етілмейді.
67. Барлық өндірістік және қосалқы үй-жайлар 39-003-98 ЖҚ жобасы бойынша өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етіледі.
5. Жарықтандыру
68. Мұнай базалары, АЖҚС ішкі, сыртқы, оның ішінде күзеттік жарықтандырумен қамтамасыз етіледі. Жұмыс орындары, объектілер, оларға өту жолдары мен өтпелер тәуліктің қараңғы уақытында жарықтандырылады. Жасанды жарықтандыру ЭҚЕ, құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына сәйкес орындалады.
69. Мұнай базаларын сыртқы жарықтандыру бөлек басқаруға ие болады.
70. Құю эстакадалары төгу-құю эстакадасынан 20 м кем емес қашықтықта орнатылған прожекторлармен жарықтандырылады.
71. Эстакадаларда бақылау, жөндеу және төгу-құю операцияларын жүргізу кезінде жергілікті жарықтандыру үшін жарылыс қаупін болдырмайтын жағдайда, қосуы мен ажыратылуы жарылыс қаупі бар аймақтан тыс жерде жүргізілетін аккумуляторлық шамдар қолданылады.
72. Ауданы 250 м2 асатын операторлардың өнімдік сорғылық үй-жайларында және диспетчерлікте апаттық жарықтандыру көзделеді.
73. Өндірістік үй-жайларда және ашық алаңдардағы жұмыс аймақтарында авариялық және эвакуациялық жарықтандыру көзделеді.
74. Апаттық жарықтандыру шамдары жұмыс шамдарынан типімен, көлемімен немесе оларға қойылған белгілермен ерекшеленеді.
75. Өндірістік үй-жайларды, учаскелерді және жұмыстарды жүргізу кезінде үстін жарықтандыру 3-қосымшаға сәйкес болады.
76. Жарықтандыру деңгейін өлшеу үй-жайларды, жарықтандыру жүйелерін қайта құрудан кейін жылына кемінде бір рет жүргізіледі.
6. Жылыту және желдету
77. Өндірістік және тұрмыстық ғимараттар мен үй-жайларды жылыту және желдету 2.04.05-91 ҚНжЕ, технологиялық жобалау нормаларына сай болады.
78. Үй-жайларды жылыту үшін орталықтандырылған және жергілікті жылыту жүйелерін қолданады. Жылу тасымалдағыш ретінде ыстық су, бу немесе қыздырылған ауа пайдаланылады.
79. Мұнай базасының өндірістік үй-жайлары жұмыс істеушілердің келу аймағында санитарлық нормалардың талаптарына сәйкес ауа ортасын қалыптастыру үшін желдеткішпен жарақтандырылады.
80. Жарылыс қаупі бар үй-жайларда қосылған желдеткішсіз жұмыс істеуге рұқсат етілмейді.
81. Өндірістік үй-жайлардың құрастырылған және сорып алатын желдеткіш жүйесі 4-қосымшаға сәйкес қажетті ауа алмасуды қамтамасыз етеді.
82. Желдеткіш камераларда қандай да болсын материалдар мен жабдықтарды сақтауға рұқсат етілмейді.
83. Желдеткіш іске қосу-қашықтықтан (автоматты) немесе үй-жайдан тыс жергілікті.
84. Металл ауа үрлегіштер және құбырлар, жылу-желдеткіш жүйелерінің жабдықтары жерге қосылады.
85. Арнайы киімдер мен басқа да жанғыш материалдарды қыздырғыш аспаптар мен жылыту құбырларының үстінде сақтауға кептіруге рұқсат етілмейді.
86. Желдеткіш жүйесінде немесе қызмет көрсететін үй-жайда өрт туындаған жағдайда, желдеткіштер ажыратылады, ал желдеткіштердің алдындағы және кейінгі жапқыштар жабылады.
87. Өндірістік үй-жайлардың желдеткіш қондырғылары техникалық ақаусыз күйде ұсталады. Мәжбүрлі қолданыстағы желдеткіш қондырғылар жыл сайын төлқұжатта белгілеумен тексеріледі.
7. Сумен жабдықтау және канализация
88. Мұнай базасын сумен жабдықтау және канализация 2.04.01-85 ҚНжЕ жобалау нормаларына сәйкес орындалады.
89. Әрбір мұнай базасы және АЖҚС арнайы су пайдалануға рұқсат алады.
90. Шаруашылық-ауыз су қажеттіліктері үшін ауыз су сапасы 2874 МСТ сәйкес келеді.
Ауыз суға арналған ыдыстар (бактар) тот баспайтын болаттан немесе жеңіл тазартылатын және дезинфекцияланатын басқа материалдардан дайындалады.
91. Резервуарлық парктердің ішкі бекітуінде өндірістік канализацияның құбырларын төсеу жерастында жабық орындалады.
Жаңбыр канализациясы үшін алмалы-салмалы плиталармен және торлармен жабылған тартпаларды орнатуға рұқсат етіледі.
Тұрмыстық канализацияны өндірістік канализацияға қосуға рұқсат етілмейді.
92. Мұнай базаларын және АЖҚС ағын суларды жинау және тазалау жүйесі болмаса пайдалануға рұқсат етілмейді.
93. Тазалау құрылғыларының ақаулығы кезінде канализация жүйесін пайдалануға рұқсат етілмейді.
8. Өндірістік шу және діріл
94. Мұнай базасының жұмыс орындарында және аумағында шудың деңгейі 12.1.003 МСТ-қа сәйкес қамтамасыз етіледі.
95. Қызметкерлер белгіленген нормаларға сәйкес шудан жеке қорғанудың жеке құралдарымен қамтамасыз етіледі.
96. Шу деңгейі 80 дБА жоғары жұмыс аймақтары 12.4.026 МСТ бойынша қауіпсіздік белгілерімен белгіленеді.
97. Тербеліс деңгейі және оны механизмдерді басқару органдары мен қол машиналарының тұтқаларында бақылау 12.1.012 МСТ сәйкес келеді.
98. Машиналар мен жабдықтардың жұмысының оңтайлы режимі кезінде тербеліс деңгейі жұмыс орындарында немесе жұмыс аймағының неғұрлым өзгеше нүктелерінде тікелей өлшенеді.
99. Шу-діріл қаупі бар машиналар мен жабдықтарды пайдалану уақытында шу мен дірілдің деңгейін төмендету бойынша құрылғылардың жағдайы тексеріледі, олардың жұмысында бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылданады.
100. Машиналарға олардың дірілді бөліктеріне қызмет көрсету үшін алаңдарды бекіту кезінде діріл оқшаулағыштар қолданылады.
101. Пайдалану процесінде дірілге ұшырайтын жарылыс қаупі бар технологиялық жүйелер, жабдықтар, құбырлар үшін айтарлықтай (апаттық) ауыстыру, қозғалу, жабдықтардың бұзылуы мен жүйелердің саңылаусыздығының бұзылу мүмкіндігін болдырмау бойынша шаралар көзделеді.
9. Санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар
102. Кәсіпорындардың санитарлық-тұрмыстық үй-жайлары 2.09.04-87 ҚНмЕ талаптарына сәйкес орындалады.
103. Жұмыс киімі жәшіктерінің, душ бөлмелерінің, душ бөлмелерінің алдындағылардың, жуынатын бөлмелердің, дәретханалардың, арнайы киімдер мен арнайы аяқ киімдерді кептіруге, әйелдердің жеке гигиенасына арналған үй-жайлардың қабырғалары мен бөліп тұрған қабырғалары оларды жеңілдікпен тазалауға және жуу құралдарын қолданумен ыстық сумен жууға болатын материалдармен қапталады.
104. Ылғалды жинау жүргізілетін душ бөлмелерінде, жуынатын бөлмелерде (бес және одан көп жуынатын бөлмелерде), дәретханаларда және басқа да үй-жайларда резеңке төсеніштер қарастырылады.
105. Қызметкерлер мен қызметшілердің ластануымен байланысты жұмыстарда белгіленген нормалар бойынша сабын беріледі.
Теріге зиянды заттардың әсері болуы мүмкін жұмыстарда белгіленген нормалар бойынша жуатын және залалсыздандыратын құралдар беріледі.
Арнайы сабынды беру тәртібі мен нормаларын ұжымдық шарт анықтайды.
106. Жуынатын бөлмелер жеке пайдалануға арналған сабыннан басқа бір қызметкерге айына 200 г кем емес мөлшерде жұмыстың аяқталуына қарай жуынатын сабынмен қамтамасыз етіледі.
107. Кірлер мен киімдерді жуу кезіндегі жуу материалдарының шығыс нормалары 5-қосымшада келтірілген.
108. Жылытуға және жұмыс істеушілердің демалысына арналған үй-жайларда ауыз су үшін атқылайтын саптамасымен бактар қарастырылады.
109. Арнайы киімдер мен арнайы аяқ киімдер жеке киімдерден оқшауланған арнайы шкафтарда сақталады.
110. Өндірістік үй-жайларда тамақтануға рұқсат етілмейді. Тамақтану жабдықталған үй-жайларда жүргізіледі.
10. Резервуарлық парктер
111. Резервуарлық парктер мен жекелеген резервуарларды пайдалану технологиялық регламентке сәйкес жүзеге асырылады.
Шөгуге ұшыраған, саңылаусыздығы жоқ, ақаулы жабдықтары бар резервуарларды пайдалануға жол берілмейді.
Жұмыс істейтін резервуарларда өрттің (жарылыстың) туындауын болдырмайтын шараларды қолданбайынша, уақытша отпен жұмыс істеуге жол берілмейді.
112. Резервуарлық парктің аумағына кіру үшін бекінудің екі жағынан қанаттарымен басқыш-өтпелер: жеке тұрған резервуар үшін – кем дегенде екеуі, резервуарлар тобы үшін – кемінде төртеуі орнатылады.
Өтпелер қызметкерлер үшін неғұрлым қолайлы бағыттар мен орындар бойынша орнатылады. Белгіленбеген орындарда бекінулер арқылы өтуге тыйым салынады.
Резервуарлық парктердің аумағына резервуарларға, жабдықтарға қызмет көрсетуге және оларды жөндеуге тікелей қатысы жоқ тұлғаларға кіруге рұқсат етілмейді.
113. Резервуарлық парктердің аумағына арнайы ұшқын сөндіргіштермен жабдықталмаған автомобильдердің, тракторлардың, мотоциклдердің және басқа да көліктің өрттен қорғау қызметінің келісімінсіз кіруіне жол берілмейді.
114. Бекінудің ішіндегі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қазылған шұңқырлар мен орлар осы жұмыстардың аяқталуы бойынша жабылады және жоспарланады. Жұмыстардағы үзілістер кезінде ескерту белгілерін орнатумен биіктігі 0,7 м кем емес уақытша қоршаулар қойылады.
Резервуарлық парктің аумағындағы жұмыс кезінде бекінудің тұтастығын бұзуға жол берілмейді.
115. Резервуарлық парктің аумағында, жарылыс қаупі бар булар мен газдардың жиналуы мүмкін орындарда (орларда, канализацияның құдықтарында және тағы басқа) ашық от көздерін қолдануға жол берілмейді. Жергілікті жарықтандыру үшін қосуы мен ажыратылуы жарылыс қаупі бар аймақтан тыс жерде жүргізілетін, жарылыс қаупінсіз орындалатын аккумуляторлық шамдар қолданылады.
116. Электр қондырғыларының құрылғысы және электр техникалық құрылғыларды жөндеу ЭҚЕ және 3.05.06-85 ҚНжЕ сәйкес келеді.
117. Резервуар қақпағының шеттері бойынша резервуардың барлық периметрі бойынша басқыштан басқыш қанаттарына түйісетін екі жағына биіктігі 1,0 м қанат орнатылады.
Резервуардың шатырында жабдықтарға қызмет көрсетуге арналған алаң жүретін басқыштың жоғарғы алаңымен тығыз біріктіріледі. Төсем алаңына тақтайларды қолдануға рұқсат етілмейді.
118. Басқыштар мен олардың қанаттары тазалықта ұсталынады, биікте жұмыс істеу үшін белгіленген қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, кірден, қардан және мұздан тазартылады.
Басқыштар мен қанаттарды майланған шүберектермен сүртуге рұқсат етілмейді.
Жұмыста ақаулы басқыштарды пайдалануға рұқсат етілмейді.
Жылжуды болдырмау үшін тасымалданатын жиылмалы басқыштардың төменгі шеттері өткір металл кертіктермен немесе резеңке ұштықтармен жабдықталады.
119. Құдықтардың металл люктерін, резервуарлық басқыштарды және резервуарлардың қақпақтарын қардан ағаш күректермен тазартуға рұқсат етіледі.
120. Аумақты майланған шүберектермен және басқа да материалдармен ластауға жол берілмейді.
121. Резервуардың люгына қандай да болсын заттарды (ағаш тығындарды, таяқтарды және тағы басқа) тастауға жол берілмейді, себебі бұл заттарда статикалық электр зарядтарының және резервуар қабырғасымен заттардың жанасуы кезінде оның разрядының жиналуы мүмкін.
Резервуардың ішінде бөгде заттар болған кезде оны пайдалануға жол берілмейді.
122. Резервуардан лоттарды, рулеткаларды, құралдар мен басқа да заттарды жерге тастауға жол берілмейді.
123. Резервуарға көтерілуге және одан түсуге резервуарға қарсы тұрған ақаусыз басқыш арқылы рұқсат етіледі және екі қолмен тұтқалардан ұстау керек.
124. Резервуардың базалық биіктігін (биік трафарет) жыл сайын жазғы кезеңде, резервуарды жөндегеннен кейін өлшейді, өлшеу нәтижесі техникалық басшы бекітетін хаттамамен ресімделеді және бөліктеуші кестелерге тіркеледі.
125. Резервуарларға техникалық қызмет көрсету техникалық басшы бекіткен кестемен келісіледі. Ағымды жөндеу – 6 айда кемінде 1 рет, орташа – екі жылда кемінде 1 рет, күрделі жөндеу – қажеттілігіне қарай көзделеді.
126. Резервуарларды тазалау мұнай өнімдерінің маркаларын ауыстыру қажеттілігіне қарай, екі жылда кемінде 1 рет жүргізіледі. Резервуарларды тазалау үшін жылжымалы тазалау қондырғыларын пайдаланумен жуу құралдарын қолдану ұсынылады. Механикаландырылған құралдар болмаған кезде суды құю мен айдаудан кейін қолмен тазалауға рұқсат етіледі. Резервуарларды тазалау кезінде технологиялық регламент сақталады.
127. Резервуарды тазалау мен жөндеуден кейін қабылдау актімен ресімделеді, ал резервуардың төлқұжатында тазалау мен жөндеудің күнін көрсетумен белгі жасалады.
128. Резервуардың тазалау мен жөндеуден кейін қабырғалары мен түбінде ағуы, тұнбалары болмайды. Резервуарлық жабдықтарды және жерге қосуды тексереді және қажет болған жағдайда жөндейді.
Достарыңызбен бөлісу: |