Педагогикалық əдебиеттерде құзыреттіліктің төмендегідей түрлері көрсетіледі:
түрлі ақпарат көздерінен білімдер алу тəсілдерін меңгеруге негізделген өзіндік танымдық іс- əрекет саласындағы құзыреттілік;
азаматтық-қоғамдық іс-əрекет саласындағы құзыреттілік (азамат, сайлаушы, тұтынушы ролін орындау);
əлеуметтік-еңбек іс-əрекеті саласындағы құзыреттілік (өзінің кəсіби мүмкіндіктерін бағалай алу, өзін-өзі ұйымдастыру дағдылары т.б.);
тұрмыстық саладағы құзыреттілік;
мəдени-демалыс саласындағы құзыреттілік (бос уақытты тұлғалық сұраныстарға жауап беретін талаптарға сай ұйымдастыра алу).
Білім беру мазмұнында түсініктердің, іс-əрекет тəсілдерінің жəне жеке позицияның көрініс табуы тəжірибесінің кіріктірілуі білім алушының өзіндік іс-əрекет тəжірибесін оқытушымен бірлескен шығармашылық іс-əрекетте жүргізіледі. Бұл жерде құзыреттілік оқыту нəтижесі бола отырып, одан тікелей шықпайды, керісінше, индивидтің өзіндік дамуының, тұлғалық жəне іс- əрекеттік тəжірибені қорытудың салдары болып табылады [4].
Жаңа сапаға қол жеткізу үшін берілетін білімдердің, іскерліктердің, дағдылардың санын арттыру шарт емес. Бұл жерде тек берілетін білім көлемін ұлғайту арқылы жоғары сапаға қол жеткізу мүмкін болмайтындығын айта кету керек. Егер біз сапаға сан арқылы қол жеткізу жолымен жүретін болсақ, онда тиісінше қалыптастырылатын құзыреттіліктердің саны да шекіз болып шыға келеді. Бұл өз кезегінде оларды шын мəнінде қалыптастыруды қиындатып, білім беруге құзыреттілік тұрғыдан келудің мəнін жояды. Сондықтан негізгі немесе басым құзыреттіліктерді іздеу барысында кілттік (базалық) құзыреттіліктер түсінігін қолданылады. Кілттік (базалық) құзыреттіліктер дегеніміз — неғұрлым спецификалық құзырлар қалыптастыруға негіз болатын кең спектрлі əмбебап құзыреттіліктер.
Э.Ф.Зеер кілттік құзыреттіліктердің мынадай ерекшеліктерін бөліп көрсетеді:
1. Олар көпфункционалды (құзыреттіліктерді меңгеру күнделікті, кəсіби жəне əлеуметтік салаларда проблемалық жағдаяттарды шешуге мүмкіндік берген жағдайда олар кілттік болып табылады).
2. Кілттік құзыреттіліктер пəнді меңгеруден тыс жəне пəнаралық болып табылады.
3. Кілттік құзыреттіліктерді қалыптастыру интеллектуалды дамудың белгілі бір деңгейіне сүйенеді (абстрактілі, сыни ойлау, саморефлексия жəне т.б.).
4. Кілттік құзыреттіліктер көпжақты, яғни олар өзінің құрамында түрлі тұлғалық қасиеттерді, интеллектуалдық қабілеттерді, коммуникативті іскерліктерді қамтиды [5].
Достарыңызбен бөлісу: |