Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН
ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ
Бастауын сонау «Дала уәлаятынан» алатын, бертін бүгін сөз болып отырған «Айқап» журналы, «Қазақстан» газеті және басқа да салмақты басылымдармен толығып қанат жайған қазақ журналистикасының тарихы тереңнен тамыр тартып жатыр. Бұл тұрғыда көптеген ғылыми еңбектер жазылды да.
Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған «Айқап» журналы және «Қазақстан» газетінің 100 жылдығына арналған «Мерзімді баспасөз эволюциясы: адамзаттық құндылықтар мен елдік мүдде мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өткенді екшеп, бүгінгімізге баға беруге, келешекке көз жүгіртуге мол мүмкіндік беріп отыр.
Осы ретте «Әзілхан Нұршайықов және қазақ журналистикасы» тақырыбы төңірегінде ой өрбітіп, бірқатар пікірлерімізді ортаға салуды жөн көрдік. Әрине бұл ретте журналистиканың теориялық жай-жапсарын тілге тиек етуден бастаған жөн сияқты.
Қазақ журналистикасының көрнекті теоретиктерінің бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев«Ақпарат әлемі» атты кітабының «Журналистиканың теориялары мен доктриналары»деген тарауында: «біздіңше, журналистика – баспасөз, радио және телевизияның қоғамдағы орны, олардың қызметі мен принциптері, журналистік қызметтің формалары мен әдістері жөніндегі ғылым»1, - деп дөп басып айтқанындай бұл тұрғыда айтылар ой-тұжырымдар аз емес.
Өз ойларымызды қазақ журналистикасынан ойып тұрып орын алған журналист, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығын негізге ала отырып өрбітпекбіз. Жалпы қазақ журналистикасының соңғы 70-75 жылдық тарихы Ә. Нұршайықовтыңесімімен тығыз байланысты. Оның журналистік тырнақалды туындылары мектепте оқып жүрген кезінде-ақ аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда шыға бастайды.
Журналистика жанрларында жазған дүниелері Ұлы Отан соғысы кезінде көптеп жарияланады. Бірінші атқыштар дивизиясының құрамына енген Жүзінші дербес атқыштар бригадасында шыққан газетте ол бірге от кешіп жүрген жауынгерлердің-артиллеристердің жан алып-жан берген қаһармандық ерлік істері туралы редакцияға жиі мақала жіберіп отырады. «Батыр наводчик Бимурзин», «Артиллерист Ерназаров» және басқа мақалалары журналистика әлеміне жасаған алғашқы қадамдарының бірі ғана еді.
Ә. Нұршайықовтың жорналшылық қызметі КазГУ-ді бітіріп газет жұмысына араласқан тұста оқырманға кеңінен мәлім бола түседі. Әсіресе жазушының «Алыстағы ауданда» (1956), «Тың астығы» (1958), «Ертіс жағасында» (1959), «Жомарт өлке» (1960), «Махмет Қайырбаев» (1967), «Жер туралы жыр» (1974), «Мен журналиспін» (1978), «Коммунист туралы сөз» (1982) деп аталатын очерктер жинақтары оқырмандарды елең еткізді. Қазақ журналистикасы тарихында сірескен цифрлардан ада, көркем әңгіме сияқты жүрекжарды очерктер бірінен соң бірі өмірге келе бастады.
Осы арада очеркке қатысты теориялық байламдарға тоқтала кетудің реті бар. Теоретик Л. Тимофеев пен Н. Венгров былай депті: «Очерк – эпикалық, суреттеушілік әдебиеттің бір түрі, ол басқа түрлерден (роман, повесть, әңгіме) айқын мағлұматтылығымен ерекшеленеді, яғни очеркте белгілі дәрежеде дәлірек бейнеленеді, оған қатысушылар өмірде болғандар»2.
Ал Н. Тихонов: «Очерк – жүз есе кішірейтілген роман»3 десе, Әзағаңның өзі: «Жұрт очеркті өмірдің өзі деп бағалайды. Рас сөз. Очерк – әдебиеттің алғы шебі деседі. Бұл да жөн. Сонымен бірге очеркті шекара жанр деп те атауға болар еді. Бұл – журналистік пен жазушылықтың шекарасы. Журналистиканың осы үлкен жанрын игерген журналист қана тек осы шекарадан ғана өтіп, жазушылық жаққа бет алады»4, - деп толғанған.
Жұртшылыққа мәлім, Ә. Нұршайықов очерк жанрын бес саусақтай игерген қаламгер. Оның 1955 жылы жазылған «Конференция» очеркі «Лениншіл жастың» үш номерінде жарияланған, кейіннен «Талқы» деген атпен алғашқы очерктер жинағына енген. Ал «Алыстағы ауданда» атты көлемді очеркі мал шаруашылығына арналды. Сонымен қатар «Егін орағы», «Астық», «Ауыл адамдары», «Семинар», «Мақташылар», «Шопан туралы сөз», «Директор» және басқа очерктері өмірдің қызу ортасынан жазылған көркем әңгімедей әсер қалдырады.
Журналист Нұршайықовтың очерктерінің көркемдік сипатының жоғары дәрежеде болып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленуінің құпиясы неде деген заңды сұрақ туындайды.
Біріншіден, Ә. Нұршайықов очерктерінде деректік негіздер басты назарға алынған. Онда ойдан шығарылған нәрселер жоқ.
Екіншіден, автор сыңсыған цифрларды үйіп тастамайды, оны ең қажет деген жерде ғана там-тұмдап қолданады.
Үшіншіден, кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесіне, психологиясына үңілу айқын аңғарылып тұрады, очерктегі әрбір тағдырдың ой-армандары жарасымдылықпен өрліп отырады.
Төртіншіден, автор кейіпкерінің тек өзіне ғана тән бейнесін сомдауға ерекше мән береді, оның мінез-құлқындағы, әдетіндегі өзі байқаған ерекшеліктерді тап басып суреттей біледі.
Бесіншіден, очерк кейіпкерін қоғам өмірімен, уақыт тынысымен бірлікте ұстап отырады, соның нәтижесінде оқырманды тәнті ететін тартымды очерк дүниеге келеді.
Осы бес ерекшеліктің Ә. Нұршайықовты белгілі очеркші ретінде оқырмандарға танытқанына ешкім шүбә келтіре қоймас. Кезінде оның «Қазақстанның Овечкині» атануы да тегін болмаса керек.
Тағы бір тоқтала кетерлік жайт Ә. Нұршайықов деректерді жинау мен қорыту тұрғысында өзіндік ерекшеліктері мол қаламгер. Ол өмір бойы күнделік жүргізіп келген. Күнделікті қоғамдық өмірде болып жатқан жаңалықтар оның назарынан тыс қалмайды. Ол қалың дәптерлер «Тұрмыстық күнделіктер» және «Әдеби күнделіктер» болып екіге бөлінген. Алғашқысы 130-ға жуық болса (1500 баспа табақ), екіншісі әрқайсысы 40 баспа табақтан астам 4 кітап болып «Өмір өрнектері» деген атпен жарыққа шықты. Осының өзінен-ақ қаламгердің ерекше еңбекқорлығы көрініп-ақ тұр.
Журналистикада ұқыптылығымен танылған мұндай журналистер некен-саяқ болса керек, тіпті жоқ болуы да мүмкін.
Әзілхан Нұршайықов очерктерінің жазылу тәсілі қандай? Ол көбіне-көп «мен» деген тұрғыдан, яғни, бірінші жақтан баяндап отырады. Кез-келген шығармасының алғашқы сөйлемін оқыған адам одан басын ала алмай, еріксіз тұсалып қалады. Бұл нені көрсетеді? Әрине бұл қаламгер шығармашылығындағы шынайылықты танытады. Қара қылды қақ жарған әділеттілік, қалың елдің жүрегіне жол тапқан қарапайымдылық жазушының жан-дүниесіне берік қонақтаған қасиеттер тәрізді. Өмірге ерекше ынтызар, тіршілікке құштар ақ көңілді, пәк ниетті, парасатты да адал кейіпкердің бұл өмірдегі көрген-білгендерін шыншылдықпен баяндап, риясыз екшеп, мөп-мөлдір сезімін жайып салуы оқырманға айрықша әсер етеді. Сол оқырман кейіпкердің адамгершілігі арқылы жасалған әрбір іс-әрекетін ой елегінен тынымсыз, тоқтаусыз өткізіп отырады. Міне, Әзағаның кез-келген шығармасының оқырманды өзіне тартып, терең ойға жетелейтін себебі осы болуы керек.
Академик Зейнолла Қабдолов: «Әзілхан Нұршайықовтың очерктері жалықтырмайды, қызықтырады, жеңіл оқылады. Мұның бірнеше себебі бар... Осы ерекшеліктер Әзілхан Нұршайықовты әдебиетке келген бетінен бастап-ақ біртүрлі соны қалыпта танытқан-ды»5, - деп баға беріпті.
Ә. Нұршайықов очерктерінің қызықты болуының тағы бір сыры ол кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесінің қатпар-қалтарыстарына терең үңіле біледі. Оны адами көзқарастар безбенімен саралайды. Қаламгердің әріптесі, бүкіл жұрт жаппай оқыған «Махаббат, қызық мол жылдар» романының кейіпкері Жомартбек Жолдиннің прототипі - филология ғылымдарының докторы Мырзабек Дүйсеновтің мына бір пікірінің терең мәні бар: «Осы тұста тағы бір жайға назар аудару керек сияқты. Кейде өзі дүниені лайлап жүріп адалдық, моральдық тазалық туралы айғай салатын ағайындарды көргенде, іштей қысылып, тіпті қынжылып қалатынымыз бар. Жазушы өз жүрегі ағармай тұрып моральдық-этикалық мәселелер туралы шыншылдықпен айта алмайды, айтқандары және сендірмейді, әсер етпейді. Мен білетін Әзілхан өмірде таза, кішіпейіл, гуманист, партиялық принципіне берік жан. Жақын араласқан адамдардың қай-қайсысы болса да оның бұл қасиетін мойындайды, сол үшін сыйлайды да. Міне, жазушының бұл қасиеттері оның кейіпкерлеріне де тән. Жүрек сөзін ағынан жарылып, ашық айта алғандықтан да оның шығармалары оқушы қауымының нәзік сезімдерін қозғап, жүрегіне жылу дарытып, санасына жарық сәуле шашады»6.
Әзілхан Нұршайықов шығармашылығы туралы лебіздердің бірқатары өлеңмен өрнектелген. Қазақтың арқалы ақындары өздерінің пікірін жыр жолдарымен білдірген. Мысалы, белгілі ақын Қадыр Мырзалиев:
Құрметті Әз – аға!
Аспандай таза аға!
Қызықты кітапты
Сіздей ел жаза ма?!,7 -
деп шынайы сүйіспеншілігін танытыпты. Сондай-ақ, тағы бір танымал ақын Мұхтар Шахановтың:
Әз – аға!
Өнерде кең қанат, иықты,
Қырандай аңсаған биікті,
Талантын жастық шақ қолдаған,
Жастықтың әніндей самғаған,
Азамат ағасың сүйікті...
Жастықтай қымбатсың Сен маған!,7 -
деп тебірене жырлап, қаламгердің азаматтығына, талантына жоғары баға беруі тегін болмаса керек.
Қаламдастар лебізі тек жазушының шығармашылығының қыр-сырларын ғана танытып қоймайды, оның өзі, әдеби ортадағы орны туралы да қоғамдық пікірді қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, әріптестерінің ой-тұжырымдарын халық жазушысының шығармашылық тұлғасына берілген шынайы баға деп қабылдаған ләзім.
Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы атап көрсетерлік ең басты ерекшелік - қаламгер туындыларының барлығы дерлік нақты деректерден тамыр тартып, нәр алып жатады. Осындай өзіндік өзгешелігімен де шынайы әрі тартымды. Өйткені Әзағаң кейбір әріптестеріміз тәрізді жалқаулыққа салынып, сүреңсіз, жансыз цифрларды мұрнынан тізіп, орынды-орынсыз самсатып қоймайды. Бұл әрине, жазушы цифрлар мен фактілерді мүлде қолданбайды деген сөз емес. Керісінше, цифр, фактілерді қолданғанда оның әрқайсысы орын-орнымен нақты бір ой-идеяға қызмет етіп, соның құрамдас бөлшегіндей болып тұрады. Мысалға жазушының ең алғашқы очерктер жинағы «Алыстағы ауданданы» алайық. Осындағы басты кейіпкер аупартком хатшысы Асановтың бейнесі ерекше сомдалған. Іскер басшы бәзбіреулер құсап жылы креслода шегеленіп отырмайды. Керісінше, ол - ауданның колхоз-совхоздарын, фермалары мен мал қыстақтарын аралап, қарапайым халықпен қоян-қолтық жұмыс істейтін өте еңбекқор, талантты басшы ғана емес, ой-өрісі кең, бүгінгінің митың тіршілігіне байланып қалмай, келешекке көз жүгірте білетін, атқаратын жұмысын қапысыз жоспарлай алатын көреген азамат. Ол - елден жұмысты ғана талап етпей, олардың жағдайына, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне үңіле білетін жанашыр, қайырымды басшы. Ол тіпті ауылдарды аралағанда жанына жергілікті газеттің бір өкілін ерте жүруді әдетке айналдырған. Еңбек адамдарының мерейін өсіру үшін оларды баспасөз бетінде көрсетуді арнайы тапсыруды екі басшының бірі ескермейтіні белгілі. Мінеки осы Асанов аудандық газет редакторына былай дейді: «Сендер осы, газет қызметкерлері, цифрды орынды-орынсыз мұрнынан тізе беруді қашан қоясыңдар? Адамның жанын, жүрегін, ішкі дүниесін неге көрсетпейсіңдер? Сенің газетіңнен адам көрсем бұйырмасын осы. Ылғи көретінім цифр»8. Әлбетте бұл очерк кейіпкері айтқан оймақтай ой журналист Нұршайықовтың да өзіне қойған қатал талабы, берік ұстанған принципі десек болады. Өйткені Әзағаң қарапайым газет очеркінің дәрежесін көтеріп, оны тіпті әдеби очерк мәртебесіне дейін жеткізді. Ол туралы Мұқан Иманжанов: «Жай ғана жиналыстан ешқандай сюжет табуға болмайтыны сияқты қарапайым жиналыстан мұндай әңгіме тудыру («Алыстағы ауданданы» айтады. Ред.) – өмірді зерттегіштік, шеберлік. Иә, иә, бұл әңгіме. Мұныңмен очерк жазуды біраз қиындаттың. Несі бар, дұрыс. Қиындасын», - деп атап көрсетуі Әзағаңның деректерді «ойната» білуіне берілген жоғары баға деп түсінген ләзім9.
Қаламгердің көркем немесе публицистикалық шығармаларындағы шынайылықтың деңгейіне ешкімнің де күмәні болмайды. Себебі, бұл шынайылық тиісті деректер мен маңызды мәліметтер арқылы дәйектеледі. Әзілхан Нұршайықов деректерді дәл беру жағынан әріптестерінің бәріне де үлгі бола алады. Өйткені, ол - өмір бойы күнделік жүргізіп келе жатқан қаламгер. Тіпті ол айналада оқ борап тұрған қан майданда да тынбай күнделік жазған. Бұл жөнінде жазушының өзі былайша баяндайды: «Мен 1941 жылы Алматыда әскери дайындықта болдым. Сол кезден бастап күнделік жүргіздім. Оның алдында күнделік дегенді білген де, естіген де емеспін. Бірақ оның есесіне, он төрт жасымнан бастап өлең жаздым. Сол дәптерлерім әлі сақтаулы. Соғыс басталды. Қып-қызыл өрттің ішіне кірдік. Соғыста жазатын нәрсе көп...10.
Жазушының үзбей күнделік жүргізіп, ұқыптылық танытқанының арқасында шығармаларындағы деректер өте дәлдігімен ерекшеленеді. Арада жылдар өткенде жазған дүниесін нақты мәліметтермен байытады. Сол себепті баяндалатын күні кеше ғана болғандай әсер қалдырады. Майдан хикаясы мен ел тіршілігін баян еткен «Соғыс кезіндегі қыз немесе Кәмәш» деген, өзі ауызша роман деп атаған шығармасынан үзінді келтірелік. «Екпінді» газетінің бетінде соғыстың аяғына дейін менің майданнан жіберген өлеңдерім, очерктерім, әскери әңгімелерім үздіксіз басылып тұрды. Олар: «Ант», «Екі сержант», «Сағындым, Ертіс, суыңды», «Алға, достар, Варшаваға!», «Біз Берлинде боламыз!» деген сияқты өлеңдер, «Қазақ өлеңі», «Ана кегі», «Ар мен ажал», «Алғыс», «Даңқ», «Семей жігіттері», «Қазақ халқының қаһарман ұлдары» және басқа очерктер мен әңгімелер болатын. Менің материалым шыққан газет нөмірін тілеуің бергір Кәмаш тынбастан майданға жіберді де отырды»11. Әзағаңның әр деректі қалыс қалдырмайтын ұқыптылығының арқасында оның қызмет еткен әскери бөлімшесінің нөміріне дейін есте сақталған: «Бұрын елге жіберген өлеңдерімнің соңына жазылған күнін көрсетіп, ең соңына «Майдандағы армия» деп қоятын едім. Бұл жолы «Далалық пошта 73655 Ц» деп өз әдірісімді қоса көрсеттім»11.
Әзілхан Нұршайықов өзінің естеліктері мен сұхбаттарында майдан даласында оқ борап, ажал төніп тұрғанда шайқас сәл толастаса, зеңбіректің жанына отыра кетіп, күнделік толтыратыны туралы айтады. Мұның өзін ертеңге деген сенім, яғни оптимизм деуге болар. Себебі күнделік жазу үшін де тәуір көңіл-күй керек. Қиян-кескі соғыс жүріп жатқанына қарамастан қолы қалт еткенде күнделік жазуға уақыт табуы қаламгердің ішкі рухының күштілігін көрсетеді. Бұл турасында оның өзі былай дейді: «Оптимизм деуге келетін шығар. Мен соғыста өлем деп ойлаған жоқпын. Не құдірет екенін өзім де білмеймін. Ал адамдардың майданда ажал құшатынын өздері сезінетінін байқадым. Бірде жау танкісі алғы шепті бұзып өтті. Соны құртуға менің зеңбірегімді жұмсады. Жеті адамбыз. Оқ зу-зу етеді. Қарамағымда Оразов деген төртбақ денелі, ірі жігіт бар еді. Ол снаряд салатын 30 келілік жәшіктің екеуін, кейде үшеуін қиналмай көтеретін. Сол Оразов мина жарылған кезде үріккен аттың шалынысқан аяғын орнына көтеріп қоя алмай, аяқ астынан абдырағаны. Күнде сипап жүрген үйреншікті атының аяғы. Мен осыдан секем алдым. Дөңге көтерілгенімізде, алдымыздан шыға келген жау ат-матымызбен жайпап жіберді. Зеңбіректің ең қауіпті тұсында тұрған мен ғайыптан тайып, аман қалдым. Зеңбіректің доңғалағы жұлынып түсті. Оның орнына менің басым жұлынып кетуі әбден мүмкін еді»10. Осы жолдардың өзі Әзілхан Нұршайықовтың күнделігіне түскен жазбаларының негізінде баяндалғанында дау жоқ. Ол соғыстың әрбір сәтін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізуді міндетіне алған. Бұл кез-келген жанның қолынан келетін іс емес. Майдангер «Ертең ажал құшуым да мүмкін ғой, сондықтан менің жазғандарым кімге керек?» деген күдік-күмәнді жеңіп, бұл іске бар жан-тәнімен кіріскен секілді. Айналадағы қиян-кескі шайқас, сәт сайын майдандастарының мерт болуы майдангердің санасына салмақ салғанымен рухын түсіре алмаған. Жазбаларын үздіксіз жалғастырып, бүгінгі күнге дейін жеткізген.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты мысал келтірейік. Ә. Нұршайықовтың «Зеңбірек командирі сержант Әзілхан Нұршайықовтың 1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Әскери күнделіктер тізімі» деген қалың дәптері бар. Бұл тізімде Ұлы Отан соғысы кезінде жазылған 14 дәптер туралы ғана мағлұмат берілген. Жазушының айтуынша ол соғыстан 16 дәптер алып келіпті12. Бұдан өткен қандай еңбекқорлық, ұқыптылық болуы мүмкін?! Бұл – сұрапыл соғыс жылдарындағы тынымсыз тірлігі. Енді бейбіт өмірдегі ұсынақтылығына нақты мысал келтірейік. Айталық, 1973 жылғы 1- қаңтардан бастап 1981 жылғы 31 қаңтарға дейін жазылған 13 дәптерге ғана 2762 бет күнделікті жазбалар қамтылыпты. Бұл дегеніңіз – тұнып тұрған тарих. Яғни осы уақыт аралығындағы оқиға-деректер қолмен қойғандай сайрап тұр. Шетінен кертіп ал да қолдана бер...Бұған қоса «Шырын дәптерлер» атты күнделіктерінің өзі бір төбе. Мұқият көз жүгірткен адам бұл жазбалардың да ерекше құнды қазына екендігіне риясыз қанығады. Бұл – табандылық пен бейнетқорлықтың нақты көрінісі, ұшан-теңіз ізденістердің жемісі. Бұл – Ә. Нұршайықовтың әдеби шығармалары нәр алып жатқан «көркемдік көлі», «мәйекті мұхит». Нақтырақ айтсақ, бұл бес дәптердің ішіндегі мынадай тақырыпшалар бірден назар аудартады: «Абай қолданған сөздер», «Әртүрлі балама сөздер», «Теңеулер, «Ойлар», «Әр елдер мақалдарының аудармалары», «Ұлылар сөздері», «Пікірлер», «Махаббат туралы Вашингтон Ирвингтің «Мұхамбеттің өмірі» кітабының мазмұндамасы», «Әр халықтан аударылған 1176 мақал», «Сонеттер», «Әңгіме тақырыптары», «Документтер көшірмелері». Бұл – 1953-1954 жылдары жазылған дәптерлердегі нақты деректер. Осыдан байқалғанындай Ә. Нұршайықов үнемі ой үстінде жүреді, көкейіне қонақтаған ойларын бірден қағазға түсіреді. Яғни, Халық жазушысының көркем туындыларының жаппай оқылуының, оқырмандар сүйіспеншілігіне бөленуінің бір сыры осы «құпиядан» тамыр тартып жатыр.
Мұның сыртында аты аталып, түсі түстелген төмендегідей күнделіктер мен жазбалардың жазушы мұрағатында сақталғанына назар аударған жөн: «Студенттік қойын дәптерлер тізімі», «100 – бригада туралы жазбалар тізімі», «100 – атқыштар бригадасы мен 1-Брест дивизиясының тарихына байланысты Брест қаһарман – қамалы музейінен алынған материалдар дәптерлерінің тізімі», «100 – атқыштар бригадасы мен Брест атқыштар дивизиясының тарихына байланысты Подольск (ЦАМО) әскери архивынан алынған материалдар жазылған дәптерлер тізімі», «Өзімнің жинаған ойларым тіркелген блокноттар тізімі».
Сөйтіп, Әзілхан Нұршайықов бүкіл қазақ руханиятына мол қазына әкелген осы үлкен миссияны орындап шықты. Сондықтан қаламгердің деректі шығармаларындағы мәліметтердің дәлдігіне күмән болмайды. Мысалы, «Осы құжатпен университеттің тарих-филология факультетінің екінші курсына қабылдандым. Бұл 1945 жылдың 15 қарашасы еді. Ол кезде карточка жүйесі жойылмаған болатын. Карточкамен күніне бес жүз грамм ғана нан аламыз. Айлық стипендиямыз 140 сом. Ал базарда бір бөлке нан 60-70 сом тұрады... Облыстық газеттер редакциясы Максим Горький көшесіндегі №33 үйде екен. Редакцияда редактор айтқан үш машинисткадан және Кәмәштан өзге Күлбадан, Зина деген қыздар, Ғифа Баймұратова, Мария Түшкенова деген бөлім басқаратын әйелдер қызмет істейді екен»,11 - деген естелік жолдарындағы нақты мәліметтер мен деректер үзбей күнделік жазудың жемісі екені анық.
Халық жазушысы майдандағы мазасыз күндерде қауіп-қатерге қарамастан өзін күнделікті үзбей жазуға міндеттеген осы бір машығы туралы өзінің мақалалары мен сұхбаттарында үнемі атап өтті. Оның жазғандарына қарасақ, майдангердің оптимизмі жоғары, жігері мол, алдағы күндерге деген сенімі берік болғанын көреміз. «Майданда мені оққағарымның сақтағаны бір бұл емес. Баймолда Қанапиянов деген көздеушімді танк тасасынан қарауылға алған жау снайпері сұлатып түсірді. Оқ менің маңдайымды сызып өтіп, оның құлақ шекесіне тиді. Қатар тұрғанбыз. Тіл тартпай кетті. Осындай оқиғалар менің соғыста өлмейтініме сендіргендей болды. Бір құдірет алға жетеледі. Күйреуіктік сезім атымен болған жоқ. Күнделігімді жаза бердім. Және үзбей күнде жаздым. Өлең жаздым. Хаттарды тіркеп отырдым. Жігіттер демалуға жантайса, мен отыра қап, жазуға кірісем»,10 - деп еске алады жазушы. 1418 күнге созылған сұрапыл соғыста 786 күн алғы шепте болып, зеңбірек сүйреген майдангер ұрыс даласында жүргенде жазушы болуды мақсат етпегенін, оқ пен оттың ортасында бірге шайқасқан азаматтардың аты ақ қағазда қалсын деп күнделік жазғанын айтады. Ол соғыстан 16 күнделік алып келіпті. Қаламгер өзімен сұхбаттасып отырған журналистің: «Сонда жаныңыздағы жауынгерлер «қан сасыған майданда мынау не жазып жүр өзі?» дегендей ыңғай танытқан жоқ па?» деген сауалына «Жоқ. Олар маған мүмкіндігінше жағдай жасады. Снарядтың жәшігінен кішкене үстел жасап беретін. «Сержант, сіз отыра беріңіз, тамақты өзіміз әкеп береміз. Окопты өзіміз қазамыз, сіз болыспай-ақ қойыңыз», - десетін»,10 - деп жауап береді.
Соғыстың қиын жағдайында күнделік жүргізудің оңай еместігі белгілі. Майданда жайласып жазып отыратындай қолайлы жағдайдың туа қоймайтыны анық. Оқ борап тұрған ұрыс даласында күнделікті тұрақты жазбақ тұрмақ, қағаз-қаламның да оңайлықпен табылуы екіталай. Жазушы бұл турасындағы тәжірибесін де оқырманмен бөліседі: «Кішкентай блокноттар болушы еді. Соған жаздым. Бригаданың газетіне өлеңдерім үзбей жарияланатын. Тұрақты авторы ретінде олар маған үнемі ақ қағаз жіберіп тұрды. Сол ақ қағазды жауынгер достарым бүктеп, тігіп, маған дәптер жасап беретін. Кейін қалаларды жаудан босатқанда, қағаздар, блокноттар қолға тиді. Неміс жерінде де тамаша бір қағаздар кезікті. Қысқасы, қолға не түссе, соған жаздық»10.
Жазушы тіпті іссапарға да бөлек блокнот алып кетіп, жол-жөнекей ойға түскен нәрселерді қысқаша түйіндеп қойып отырады екен. Кейін бәрін де егжей-тегжейлі баяндап, кеңейтіп қағазға түсіреді. Әзілхан Нұршайықовтың ерекше оптимизмі мынадан да көрінеді. Ол ауыр науқасқа шалдығып, қатты қиналып жатқан кезінде де күнделігін үзбей жалғастырып отырған: «Науқастанған кезімде қиналсам да, жазуға тырысам. Жазуға құлшынысым ауруымды жеңгендей болады. Жағдайы үміт күттіре қоймайтын науқастардың палатасында жатқан сәттерім де болды. Бетім бері қараса болды, күнделіктерімді үзбей жалғап отырдым...»10.
Қорыта айтқанда, Ә. Нұршайықов – қазақ журналистикасы жұлдыздарының бірі, өзіне ғана тән өрнек-стилі бар қаламгер, қайталанбас құбылыс. Ол журналистиканың барлық жанрларында қалам тербеді, көптеген формалық жаңалықтар әкелді. Соның нәтижесінде оның есімі ұлттық журналистика шежіресіне алтын әріптермен жазылып қалды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Омашев Н. «Ақпарат әлемі» көп томдық.Алматы: Қазығұрт, 2006.Т. 1. – 72 б.
-
Тимофеев Л., Венгров Н. Әдебиеттану терминдерінің қысқаша сөздігі. – М., 1963. – 102 б.
-
Тихонов Н. На литературном посту. 1931. № 26.
-
Нұршайықов Ә. Таңдамалы шығармаларының он томдығы. Алматы: Қазығұрт, 2005. Т. 4. 304 б.
-
Нұршайықов Ә. Мен және менің замандастарым // Таңдамалы шығармаларының он томдығы. Алматы: Қазығұрт, 2005. Т. 9. - 344 б.
-
Дүйсенов М. Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығы туралы // Нұршайықов Ә. Таңдамалы шығармаларының он томдығы. Алматы: Қазығұрт, 2005. Т. 1. - 472 б.
-
Нұршайықов Ә. Мен және менің замандастарым // Таңдамалы шығармаларының он томдығы. Алматы: Қазығұрт, 2005. Т. 9. - 344 б.
-
Нұршайықов Ә. «Алыстағы ауданда» // Таңдамалы шығармаларының он томдығы. Алматы: Қазығұрт, - 2005. Т. 4. - 416 б.
-
Ә. Нұршайықов туралы лебіздер // Нұршайықов Ә. Таңдамалы шығармаларының 10 томдығы. Алматы: Қазығұрт, - 2005. Т. 9. - 344 б.
-
Нұршайықов Ә. Күнделігіме түскен ойларым үшін өкініп көрген жерім жоқ //Айқын. 20 мамыр 2006 жыл.
-
Нұршайықов Ә. Ауызша роман. Соғыс кезіндегі қыз немесе Кәмәш // Таңдамалы шығармаларының он томдығы. Алматы: Қазығұрт, - 2005. Т. 9. - 344 б.
-
Нұршайықов Ә. Журналистерге арнамақ болған кітабым жазылмай қалатын түрі бар /Әңг. Ш. Құрманбай//. Қазақстан, 8 мамыр 2008 жыл.
* * *
Достарыңызбен бөлісу: |