МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ТҮРКІ ХАЛҚЫНЫҢ БОСТАНДЫҒЫ МЕН ТӘУЕЛСІЗДІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ БІРТҰТАСТЫҚ ИДЕЯСЫ
Мұсабаева Г.Н.
(М. Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті, заң ғылымдарының кандидаті )
Шакенова З.К.
(Петропавл қаласы қазақ мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі)
Мұсахмет Д.
(Петропавл қаласы қазақ мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы)
Тарихты жасайтын халық. Өзі өмір сүрген қоғамда дер кезінде баға беріп, сол заманға байланысты жаңаша ойлар тудыратын – тарихи тұлғалар. Әр дәуірдің тарихи тұлғаларының тууына себеп сол дәуірдің қоғамдық қажеттіліктері, осы қажеттіліктен кемел тарихи құбылыс туындайды. Өмір өзі көрсетіп отыр, тарих алдауға көнбейді. Бірі ерте, бірі кеш, қазақтың ұлт - азаттық қозғалысының қайраткерлері түгелдей өздеріне тиесілі орнын тарихтан алатыны сөзсіз.
Мұстафа Шоқай – бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының, жалпы түркі халықтарының бостандығы мен тәуелсіздігіне арнаған тұңғыш эмигрант күрескер, саяси қайраткер.
Тағдыр сыйлаған тәуелсіздікке де қол жеткіздік. Өшкенімізді жағып, жоғалтқанымызды тауып, ұмытқанымызды жаңғыртып, тарихымызды түгендеп жатқан осы бір жаңару кезеңдерімізге кешегі күні тіпті аттарын атауға болмайтын, бүгін ортамызға оралған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат, Мұстафа Шоқай сынды арыстарымыздың асыл мұралары мәдени өміріміздің жарқын беттеріне айналды. XX ғасырдың басындағы төл тарихымызға есімдері алтын әріппен мәңгілік жазылған ұлтымыздың осы алыптарының қазақ әлеміне шоқ жұлдыздай жарқырай шығуы – елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен тығыз байланысты болатын. Алаш алыптарының тобында Мұстафа Шоқай орны бөлек.
Бір қоғамда туғанымен, тұлғалардың тарихи қалыптасуы жолдарының әр түрлі және әр деңгейде болатыны белгілі. Әркімнің өз тағдыры, басқаға ұқсай бермейтін өзіндік сүрлеуі бар. Мұстафа Шоқай өмірінің соңғы 20 жылдан астамын жат жерде өткізді. Бірақ 1941 жылдың аяғында көз жұмғанша жас кезінде таңдап алған туған халқының тәуелсіздігі үшін күресі бір сәт толастамады. Өйткені оның бүкіл ұстанымының мәні мен мағынасы, арманы мен мұраты өз ұлтының, Түркістан аймағының саяси егемендігі, рухани бостандығы болды. Халқының еркіндігін өзінің азаттығы деп білген, өз тағдырын ұлтының бақытынан іздеген, тарихи кезеңдегі көрікте шыңдалып, теориялық білімі мен кемелділігі жеткілікті сегіз қырлы саясаткер Мұстафа Шоқайдың саяси ой-пікірлерінің ұштала түсуіне 1905 жылдан бастап қазақ халқының ұлттық төңкерісінің басында болған, қазақ ұлттық партиясы «Алаштың» негізін қалаған, оның бағдарламасының авторы, Алашорда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейханның әсерінің ерекше болғанын айта кету керек.
Мұстафа Шоқайға өзімен қатар ұлт азаттығы шебінде болған, өзі Түркістан түріктерінің ең көрнекті, ең сыйлы өкілдерінің бірі санаған Міржақып Дулаттың, «қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін қам жеп, ел үшін еңіреп туған азамат» Сұлтанбек Қожанұлының және т.б. Алаш ардақтыларының да әсерлері аз болмаған. Міне, мұның барлығы Мұстафа Шоқайдың саяси қайраткер ретінде қалыптасуындағы ерекше маңызды факторлар еді [1, 120 б.].
Мұстафа Ақмешіт (Перовск) қазіргі Қызылорда облысының Тартоғай елді мекенінде күнтізбе бойынша 1889 жылы желтоқсанның 25-інде туылған. Жаңа күнтізбе бойынша Мұстафа 1890 жылы 7- қаңтарда дүниеге келген. Ол отарлық езгіні, әділетсіз саясатты бала кезінен бастап өз ауылында, одан кейін Ташкентте гимназияда оқып жүрген кезінде көзбен көрді. Петербор университетінің заң факультетінде оқып жүргенде оның саяси көзқарасы қалыптасады, өз халқының азаттығы үшін күреске түсіп, Түркістаннан әділеттілік іздеп келген жерлестерінің сұраныстарын Сенат алдына қою арқылы саясатқа араласа бастады.
Мұстафа қоғамдық – саяси қайраткер ретінде 1-ші және 2-ші Ресейлік Думаның Мұсылмандар фракциясының хатшысы болып, олардың саяси қызмет атқаруына көмектесті.
Мұстафа Шоқайдың Ресейдегі қайраткерлермен, Дума депутаттарымен араласуы, іс жүзінде жалпы тәуелсіздік, жалпы мемлекеттік идеяларды қолдануына алып келді. Азаттық алу үшін езілген халықтардың тізе қосуы қажет екендігін Мұстафа сол кезде анық түсініп, өмірінің соңына дейін бұл пікірден айныған жоқ.
Аса көрнекті саясаткер Мұстафаның ұстанған жолы – халыққа тәуелсіздікті қантөгіс арқылы емес, керісінше, дүние жүзіндегі демократиялық күштерді араластыру арқылы бейбіт жолмен алу болды. Ол үшін халықтың ұлттық сана – сезімін ояту қажет еді. Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайтынын жете түсінген Мұстафа Кеңес үкіметінің қол астындағы мұсылмандар қауымының да жеке-дара күресі арқылы тәуелсіздік алмайтынын анық болжай білді. Ұлы күрескер бүкіл түркі тектес иесі мұсылман қауымын түгел көтеруді мұрат тұтты.
Мұстафаның негізгі мақсаты Ресей топырағында тұратын күллі түркі ұрпақтарын біріктіріп, «Үлкен Түркістан» одағын құру болды. Сондықтан да Мұстафа Петербор университетін бітіре сала 1916 жылы «Түркістан бірлестігі» деп аталатын құпия ұйым ашты. Орыстардың жойқын қысымының күшіне қарсы тұру қамымен мұсылман саяси ұйымдары ассоциациясы (үлкен жамиғаты) мен мұсылмандар кеңесі (Шурай-Ислами), сондай-ақ, қазақ ұлттық«Алаш» партиясы бәрі күш біріктіре келе 1917 жылы наурызда Ташкентте Түркістан мұсылмандарының конгресін шақырып, онда орталық комитет сайлап, мұсылман орталығын құрды. Орталыққа Мұстафа Шоқай басшылық жасады. Мұстафа кеңестік Ресейдің түркі халықтарының одан әрі орыстандыру саясатына үзілді-кесілді қарсы шықты.
1917 жылы қарашада Түркістан автономиясының Уақытша Үкіметі құрылды. Бас министр Мұхамеджан Тынышбаев, ол отставкаға кеткеннен кейін Мұстафа Шоқай бекітілді.Мұстафа Шоқайұлы өз заманында Түркістанда орнаған кеңестік биліктің отаршыл сипатын қатесіз тани білген және онымен ымырасыз күреске ғұмырын арнаған, сондай-ақ, бұл күреске бұрын Түркістан халықтары тарихында болмаған жаңа мазмұн беріп, оны өзінің қажырлы еңбегімен жаңа интеллектуалдық көкжиекке көтерген ұлы қайраткер екендігін дәлелденген тұлға [2].
Мұстафа Шоқай 1929 жылдан «Яш Туркестан» («Жас Түркістан») журналын шығаруды қолға алды. Бұл журналдың алдына қойған міндеті: «Егер біз халқымыздың ұлттық тәуелсіздік жолындағы талаптарының мән-мағынасын сол күйінде әлсіретпей «Яш Туркестан» беттерінде бере алсақ, онда бәріміз үшін қасиетті және аса ауыр жауапкершілік артқан міндеттердің бір бөлігін өтеген болар едік», деп сипаттайды [3, 5 б.].
М. Шоқай. Ол «Яш Туркестанда» Түркістан халқының мәдениеті, кеңестік биліктің бұл өлкедегі саясаты және 2-ші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы халықаралық қатынастар, т.б. тақырыптағы қоғамдық-саяси мәні өткір зерттеу мақалаларын жариялады. Оның атсалысуымен жарық көрген басылымдарда тек Түркістан өлкесі ғана емес, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ-Жайық бойы, Қырым халықтары жөнінде қоғамдық-саяси мәні бар материалдар басылып тұрды. Мысалы, Қытайдың ұлттық аймағы саналған Шығыс Түркістандағы мұсылман халықтардың ХХғ. 30-40-жылдарындағы маньчжур-қытайлық отаршылыққа қарсы көтеріліп, ұлттық тәуелсіздіктерін жеңіп алу жолындағы күрестері жайлы мәліметтерді осы журнал беттерінде жариялап, оған өзінің саяси көзқарасын білдіріп, тиісті бағасын беріп отырған.
Шығыс Түркістанда 30-жылдардың басында жергілікті мұсылман халықтардың қытайлық бодандықтан азат болу жолындағы көтерілісі басталып, ол Қытай империясының онсыз да нашарлай бастаған халықаралық жағдайын шиеленістіре түседі. Кеңес Одағының тікелей араласуымен болып жатқан Шығыс Түркістандағы бұл оқиғалар туралы М.Шоқай «Шығыс Түркістан көтерілісшілдері бұдан бұрыңғы көтерілісшілер сияқты атамекенін қытайлардан біржолата азат етуді көздеп отыр. Бұл мақсаттарына олар ішінара болса да қол жеткізген сыңайы бар» деп жазып, 1933 жылы Шығыс Түркістан ислам республикасының құрылуы туралы хабарды журнал бетінде мәлімдейді [4, 360 б.].
Шыңжаңдағы мұсылман халықтардың тәуелсіздік жолындағы күрестері нәтижесінде жарияланған Шығыс Түркістан Республикасы жеңіліске ұшырап, таратылмағанымен, оның өмірге келуінің өзі үлкен жеңістің куәсі еді. Басшылығының саяси әлсіздігінен, стихиялық сипаттың басым болуынан, қарсыластар күштерінің ара салмағы тең болмауы салдарынан жеңіліске ұшырамағанымен, Шыңжаң жерінде Шығыс Түркістан Республикасын құру арманы халықтың көкейінде бәрібір жойылып кетпеді. Ол арманға жету жолында Шыңжаң халқының бұдан былай да үздіксіз күрестер жүргізуіне тура келеді.
Шығыс Түркістан халқының ұлт-азаттық күресіне Мұстафа Шоқай барлық түркі тектес халықтар мен әлемнің кез-келген халықтарының да қолдауын қалайды.Мұстафа Шоқай сол заманның қитұрқы саясатына сәйкес, ұлттық тәуелсіздік жолындағы күрестерге, оған жетекшілік еткен қайраткерлерге отаршыл мемлекеттердің қолданатын сан қилы арандатушылық әрекеттерін, ұлттық қозғалыс күштерінің арасына іріткі салу, ұлт көсемдері туралы түрлі жалалы қауесет тарату сияқты әректтердің болып тұратындығын ескерте келе былай дейді: «Ұлттық күрестің мүддесі осы күреске белсене қатысқан әрбір адамының мүддесіне немқұрайды қаралмауын талап етеді… Ұлттық қозғалыстың жаулары оның басшылары мен қосшылары хақында алуан түрлі өсек-аяң таратады. Қазіргі жағдайда ұлттық қозғалыстарды басқарып, жетекшілік ететін жеке тұлғаларды қорғап қана қоймай, олардың беделін арттыруға да күш салуымыз керек. Жауларымыздың оларға қастандық жасауына жол бермеуіміз тиіс. Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалыстың басшылары мен өкілдеріне сыртқы әлемнің назарын аудару, оларға халықаралық жұртшылықтың симпатиясын тудыру қазіргі кездегі біздің ең маңызды міндетіміз болып табылады.Ұлттық мүдделеріміз осы міндеттің толық орындалуын талап етеді» [1, 278-279 б.]. Ол Шығыс Түркістанға қатысты оқиғаларға сараптама жасап, өз саяси көзқарасын білдіріп қана қойған жоқ, Қиыр Шығыстағы сол кезде болып жатқан барлық саяси оқиғаларды жіті бақылап,оған талдау жасап отырды. Мысалы, 1938-1945 жылдары Қытай мен Жапония арасындағы болған сегіз жылдық соғыс туралы журнал беттерінде үнемі хабарлар беріп, оған саяси талдауларын жариялап отырған [5, 40 б.].
Мұстафа Шоқайдың шетелдегі өмірі мен қызметі, өмірінің соңғы кезеңдері жөнінде құпия, ашылмаған мәліметтері әлі де баршылық. Мысалы, М.Шоқайдың қайтыс болуы мәліметтерде әр түрлі. Кейбір мәліметтерде ол сүзек ауруынан қайтыс болды десе, кейбір мәліметтерде М.Шоқайға қастандықпен у беріліп өлтірілген дейді.Сондықтан да оның шетелдердегі өмірі мен қызметі туралы деректер әлі де тереңірек зерттеуді қажет етеді. Бүкіл ғұмырының тәуелсіздік жолындағы күреске бағыштаған саясаткер Мұстафа Шоқайдың есімін өз елі, өз жұрты мақтан етеді.Сыр өңірінде оған байланысты бірнеше іс шаралар жасалды. «Мұстафа Шоқай қоры» ашылды, бұл қордың төрағасы Б. Атабаев деген азамат. Ауданда, өз ауылында Мұстафа Шоқайға арнап ас берілді, ескерткіш қойылды. Қызылорда қаласының орталығындағы бұрынғы Фрунзе көшесі қазір Мұстафа Шоқайдың атымен аталады. Қорқыт ата атындағы гуманитарлық университетте «Мұстафа Шоқай- тәуелсіздік жаршысы» атты ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Мұстафа Шоқайдың өмір тарихын зерттеуге жерлестері де өз үлестерін қосуда. Тарих ғылымның кандидаты, доцент А.Байшуақов «Сыр бойы» газетінде «Түркістан легионы туралы шындық» туралы, Айжарық Сәдібекұлының да «Сыр бойы» газетінде «Ұлылық ұмытылмайды» іспетті мақалалары жарық көрді. Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметін, ғылыми мұраларын студенттер қауымы да оқып-зерттеп, үйренуде. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының конференциясында «Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметі» туралы жасаған Қаржақбаеваның баяандамасы жоғары бағаға ие болды. Мұстафа Шоқайдың бүкіл жастық шағынан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін жазылған Сарбалақ Ибрашұлының 1993 жылы«Мұстафа Шоқайұлы» еңбегі жарық көрді [6, 54б.].
Мұстафа Шоқай өмірін көп жылдардан бері зерттеп келе жатқан ғалым, Стамбулдағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара: «Мен өзім зерттеулерде бейтарап болуға, М.Шоқайды жан-жақты көрсетуге тырыстым. М.Шоқай – түркі мұсылман халықтарының асыл қасиеттерін бойына сіңірген ұлы тұлға. Онымен қалай мақтансақ та болады.» десе, Мұстафа Шоқаймұрасына терең талдау жасаған белгілі ғалым Көшім Есмағамбетов:
«Біріншіден, зерттеу еңбегінде автор Мұстафаның біртұтас Түркістан, барлық түрік халықтарының бірлігі идеясына назар аударады. М.Шоқай түрік халықтарының өз ерекшеліктерін ешқашан жоғалтпауын армандады. М.Шоқайдың тар жол, тайғақ кешу жылдарында көтерген мәселелері, ұлы армандары, қазіргі таңда толық жүзеге асып жатыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың әлем елдерімен тығыз қарым-қатынасты дамытуда көп векторлы саясатты ұстануы өзара бірімен-бірі үндесіп жатыр [7].
Екіншіден, алғаш рет Мұстафа Шоқайға қатысты деректер мен барлық тілдегі зерттеулер, оның мақалалары тұңғыш рет бір орталыққа жинақталып, сыни тұрғыдан ой елегінен өткізілді. Бұл арада К.Есмағамбетовтің бірнеше шет тілдерін білетіндігі жұмыстың сапалы орындалуына оң ықпалын тигізді. 1940 жылға дейін жұмыс жасаған Түркістан Ұлттық Бірлігінің, оның орталықтарының қызметтері нақты деректер негізінде оқырманға жетті. Әсіресе, «Яш Түркістан» журналдары, оның әрбір беті жаңаша талдауға ие болды. Журналдар, Үндістан, Ауғанстан, Сирия, Финляндия, Франция,Италия, АҚШ, т.б. көптеген елдерде қолдан-қолға таралып, оқылған.
Үшіншіден, ғалым бүкіл Түркістан жұрты қамын жеген М.Шоқайдың азаматтық, қайраткерлік, кісілік келбетін сомдай білді. Оның мінез көрсету, астамшылық, билікқұмарлық, сияқты қасиеттерден биік болғандығы, сын пікірді қабылдай біліп, «өзін кінәсізбін деп санау жақсылықтың белгісі емес» деген принципті ұстануы, «Алла елімнің тәуелсіздігіне қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе,мен тек үгіт-насихат ісімен ғана айналысар едім» деген арманының өзі ұлттық идеологияны зерттеушілерге қазіргі таңда аса маңызды.
Қыр баласы Мұстафаның әлемдік биіктегі тұлғалар қатарынан көрініп, алған асулары мен халқы үшін жасаған жанқиярлық еңбектері ұлтын сүйер бүгінгі азат ұрпақ үшін ауадай қажет. Халқын сүйіп, болашағын күйттесе көзі ашық оқырман Мұстафадан үлгі алсын, Мұстафадан ел сүю дәстүрін үйренсін, - дейді халық [1, 20 б.]. Мұстафа Шоқайдың есімі, мұрасы Қазақстанның төл тарихынан, түрік әлемі және дүниежүзілік тарихтан өз орнын алуға тиіс. Шоқайдың саяси саладағы көзге көрінерлік басты табысы ретінде Қоқан автаномиясына қатысты іс-қимылдарын атауға болады. Орта Азия түркі халықтары құрылымын іске асыру ұмытылысы ретінде қарауға болатын осы саяси оқиғада Шоқайдың рөлі орасан зор болды.
Шоқайды баспасөз саласындағы жетістігі «Яш Түркістан» журналы. 1929-1939 жылдары арасында Берлинде шығып тұрған бұл журнал сол кезеңдегі Түркістанның тарихы мен мәдениеті туралы баға жетпес құнды мұра.
Мұстафаның қайраткерлік болмысын, ұланғайыр мұрасын, бүгінгі күнмен өзектесіп жатқан ой-тұжырымдарын зерттеу, насихаттау, ұлықтау еліміздің егемендігін баянды етуге, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге қызмет етеді.
М. Шоқайдың артында бай мұра қалды. Атап айтсақ, олар 1917 жылы Ташкентте «Ұлығ Түркістан», Қоқанда «Жаңа Түркістан», 1919 жылы Тбилисиде «Вольные Горцы», «На рубеже», 1921 жылды Ыстамбұлда, «Шөбнәме газетасы» газеттерін, сондай-ақ, «Жаңа дүние» (1920), «Жаңа Түркістан» (1927-1937), «Түркістан» (1935), «Орта Азия» (1928) секілді француз, түрік, орыс тілдерінде кітаптар, «Жас Түркістан» журналын, т.б. көптеген еңбектерін бастырып шығарды. М.Шоқай 1922-1941 жылдары аралығында жинақтаған жазбалар мен кітаптарын жұбайы Мария Яковлевна 1953 жылы қазіргі «Жаңа Сорбонна - Париж ІІІ» университетінің Шығыс тілдері мен өркениеттері институтының университетаралық кітапханасына тапсырды. Мұрағат қоры жөнінде алғашқы мағлұмат кезінде «Яш Түркістан» журналының жауапты хатшысы қызметін атқарған, М.Шоқайдың ең жақын серіктерінің бірі Әбдуақап Оқтайдың «Милли Түркістан» деген эмигранттық журналда жарық көрген «Мұстафа Шоқайдың мұрағаты мен кітаптары» деген мақаласында берілген [8].
Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениеті жөніндегі басылымдарды жинастыруды М. Шоқай өте ұнатқан. Кейбір деректерге қарағанда оның үй кітапханасында сирек кездесетін бағалы кітаптар болғанға да ұқсайды. Оған Ұлыбританиядан, Италиядан, АҚШ, т.б елдерден түрлі ғалымдар мен Шығыс институтынан келген хаттар куә.
Мұстафа Шоқайдың елінің бостандығы үшін күрескенін, Кеңес үкіметінің екі жүзді саясатын әшкерелегенін дүние жүзі білгенімен, өз Отандастары білмеді. Оның еңбектеріне қатаң тиым салғанын былай қойғанда, туысқандары, бауырлары ОГПУ, НКВД үкімімен аяусыз жазаланды.
ХХ ғасырдың басында күрделі тарихи оқиғаларға белсене қатысқан Мұстафа Шоқай сияқты тұлғаның қайраткерлігіне және еңбегіне әділетті баға беру ұлттық тарихымыз үшін ғана емес, бүкіл түркі халықтарының тарихы үшін қажет. Сондықтан, Мұстафа Шоқайдың қасіретті де, қасиетті де қиын тағдыры әділ баға беруді талап етеді [9, 119 б.].
Мұстафа Шоқай жас кезінде таңдап алған туған халқының тәуелсіздігі үшін күресі бір сәт толастамады. Өйткені оның бүкіл ұстанымының мәні мен мағынасы, арманы мен мұраты өз ұлтының, саяси егемендігі, рухани бостандығы болды.
Мұстафа Шоқай - өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігі мен айрықша адалдығын өз өмірінде, күрес үстінде сан рет дәлелдеген аяулы тұлға. Ол тар шеңбердегі ұлтжандылыққа еш уақытта бой алдырмаған, «ру, ұластарға бөліп», халықтың ішіне іріткі салатын психологиядан өзін әркез алшақ ұстаған. Ел ішіндегі бірлігіміз бен ынтымағымызды арттыра түсу бүгінгі Қазақстан жағдайында да айрықша мәнді болып отыр. Алда Мұстафа Шоқайдың мол мұрасын әлі де жинақтап, жүйелі зерттей отырып, оны ұлт игілігіне айналдыру, жаңа қоғам құрып жатқан белсенді іс-әрекетімізде ұтымды пайдалану білу – біздің парызымыз әрі қарызымыз. Өйткені Мұстафа Шоқайдың есімі қоғамымыз демократиялық ұстанымда ілгері жылжыған сайын шамшырақтай жарқырап, халқына қызмет етіп, оның жер бетінде қазақ барда мәңгі өлмейтін саяси идеялары мен ой-пікірлері бүгінімізді байытып, келешегімізді кемелдендіре түсері сөзсіз.
Бүкіл түркі әлемінің ұлы перзенті М.Шоқайдың еліміздің бүгінгі болашағына сіңірген теңдессіз жан қиярлық еңбегі, жалынды публицист, дарынды тарихшы, заңгер-ғалым, халықаралық саяси күрескер ретінде қаламынан туған асыл мұралары әлі де арнайы зерттеле түсетініне, олар жөнінде әлі талай еңбектер жазылатынына сенім мол. Тарих қойнауына кеткен әлі талай сырлар ашылар.
Әдебиет:
-
Шоқай М. Таңдамалы шығармалар: Үш томдық. 1- т. – Алматы: Қайнар баспасы, 2007. – 352 б.
-
Тұрсынов Е. Мұстафа Шоқай. Кинороман. - Алматы, 2008.
-
Такенов А.С. Туркестан под властью Советов. – Алматы, 1993. - 420 б.
-
Есмағамбетов К. Әлем таныған тұлға // Егемен Қазақстан. - 2008. 14 қазан. - 5-6 б.
-
Қойгелдиев М. Түркістанның ұлы перзенті // Қазақ тарихы. – 1997. - № 2. – 39-45 б.
-
Алдабек Н. М. Шоқай - халықаралық саясат сарапшысы // Қазақ тарихы. - 2005. - №3. - 54-59б.
-
Назарбаев Н. Тарих толқынында. - Алматы: Атамұра, 1999. - 285 б.
-
Мұхтар Ә. Шоқайтануға қосылған сүбелі еңбек // Қазақ тарихы. - 2009. - №3. - 20-25 б.
-
Ғали Т.М. Шоқайға қатысты тың дерек // Қазақ тарихы. – 2010. - № 1. – 119-128 б.
Достарыңызбен бөлісу: |