Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстандағы оқу ағарту саласын реформалаудағы бастамалары домалатов Е. Б



Дата24.02.2016
өлшемі102.16 Kb.
#12584
Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОҚУ - АҒАРТУ САЛАСЫН РЕФОРМАЛАУДАҒЫ БАСТАМАЛАРЫ
Домалатов Е.Б.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Өскемен, Қазақстан Республикасы
Бүгінгі Қазақстан – қоғам өмірінің барлық салаларында оң өзгерістерге жетіп, экономикасы, білімі мен мәдениеті тұрақты дамыған, ынтымағы жарасып, берік нығайып келе жатқан еңселі ел. Әлем таныған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне қол жеткізгенімізді Қазақстан халқы мақтан тұтады.

Қазіргі таңда Қазақстан – ол жаңарған және серпінді дамумен алға басып келе жатқан ел. Біз тәуелсіздік жылдарында айтулы жетістіктерге жетіп, өзіндік тәжірибе жинақтап, нығайып келеміз. Аз уақыттың ішінде егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты, мәдени, рухани келбеті бұрын болып көрмеген биік деңгейге көтеріле түсті. Яғни, бұл жылдар барша қазақстандықтар үшін қайырлы жылдар болды. Түбегейлі экономикалық реформалардың нәтижесінде туған Қазақстанымыз көркейіп келеді.

Қазақстанның білім саласындағы мемлекеттік саясаты 1991 жылдан кейін заңнамалық базаларды реформалау бағытында жүзеге асырыла бастады. Білім саласын басқару мен оны қаржыландыру білім жүйесі сапасын арттыру міндеттерімен байланыстырылады. Ал еліміздегі білім саласын жеделдете реформалау өзінің бастауын 1995 жылдан алады.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жоғары білім жүйесін реформалау кезеңін үш кезеңге бөлуге болады. Оның бірінші кезеңі (1991-1994жж) – жоғары білім берудің заңнамалық және нормативтік-құқықтық базасының жасалуы. Екінші кезең (1995-1998 жылдар) – жоғары білім жүйесін жаңарту, оның мазмұнын тереңдету. Үшінші кезең (1995-2000 жылдар) – Білімді басқару мен қаржыландыруды орталықтан алу және білім ұйымдарына академиялық еркіндікті кеңейту. Төртінші кезең (2001 жылдың басы-2007 жылдар) – Жоғары және орта білім беру жүйесін стратегиялық дамыту [1]. Осы жүргізілген реформалардың арқасында білім беруді басқаруда демократиялық сипаттар орныға түсті, білім мекемелерінің өкілеттіліктері кеңейді, мемлекеттік жалпы орта және бастапқы кәсіптік білімнің тегін жүргізілуі кепілдендірілді, білім берудің үштұғырлылығы жүзеге асырылуда. ҚР азаматтарымен қатар, басқа мемлекеттерде тұратын қандастарымыздың тарихи отанында білім алуына мүмкіншілік ашылды, елімізге аса қажетті мамандықтарға мемлекет тарапынан білім гранттарының желісі ұйымдастырылып жыл сайын ұлғайтылуда.

Еліміздің экономикасымен қатар қазіргі таңда білім саласы айтарлықтай үлкен өзгерістерге ұшырап, биік белестерді алып, алға қарай тез қарқынмен ұмтылуда. Елбасы адами капиталды дамытудың қажеттілігі мен маңыздылығын Қазақстанның алғашқы тәуелсіздік жылдарында-ақ түсініп, білім беру жүйесін реформалауды бастауға және жүргізуге жан-жақты қолдау көрсетіп, нәтижесінде білім беруді қарқынды дамыту мен жаңғырту мүмкіндік берді. Қазақстан Президентінің Назарбаев Университеті студенттері алдында «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты баяндамасында, «Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігі билеген постиндустриялық әлемге қарай жылжып келеміз» - деп атап өткен болатын.

Ел басының бастамасымен 2005 жылдан бастап елімізде білім беруін дамытудың 2005 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008 – 2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 2007 – 2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы, Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы, еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді [2].

Дарынды жас қазақстандықтарға әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыру еліміздегі адами капиталдың дамуына қосылған елеулі үлес болды. “Болашақ” халықаралық стипендиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1993 жылы 5 қарашада қабылданды. 1994 жылдан берi жылма-жыл қазақстандық жастар шетелдiң алдыңғы қатарлы оқу орындарына жiберiлiп келедi. Президенттiң бастамасымен ашылғандықтан да, бұл бағдарлама түлектерiне қарата айтылатын “Президенттiң балапандары” деген бейресми атау қалыптасты. Ал Елбасының өзi “болашақтықтармен” бiр кездесуiнде оларды “менiң достарым” деп атады. “Болашақ” стипендиясының мемлекеттiк маңызы осы екi жайттан-ақ байқалса керек.

Мемлекет басшысының бастамаларының арқасында еліміздің білім беру саласы тұрақты даму үстінде. Білім беру процесін ресурстық қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалды. Білім дамуы индексінің, TIMSS салыстырмалы зерттеулерінің көрсеткіштері, құқықтық және ақпараттық қамтамасыз ету – осының дәлелі. 2010 жылғы 11 наурыздан бастап Қазақстан еуропалық білім беру кеңістігінің (Болон процесі) толыққанды мүшесі болған алғашқы орта-азиялық мемлекет болып отыр. Ағымдағы жылғы 11 наурызда Қазақстан Болон декларациясына ресми түрде қосылып, оның 47-ші мүшесі болды. Бұл қазақстандық жоғары білім реформасына берілген жоғары баға. Болон процесіне қатысу шетелдерде академиялық дәреженің салыстырмалылығын, студенттер мен оқытушылардың біліктілік деңгейлерінің, еуропалық өңірлерде жоғары білім туралы қазақстандық дипломдардың танылуын және біздің түлектеріміздің кез-келген елде жұмысқа орналасу құқығын қамтамасыз етеді [3].

2011 жылы білім беру саласын мемлекеттік бюджет арқылы қаржыландыру 203 млрд-қа өсті, осылайша 1 трлн. теңгені немесе, ЖІӨ 3,8 пайызын құрады. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда да біршама іс-шаралар жүзеге асырылды. «Ғылым туралы», «Назарбаев Қоры, Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мәртебесі» туралы Заң қабылданды. Сондай-ақ, «Білім туралы» Заңға да түбегейлі өзгерістер енгізілді. Білім саласын дамытудағы басты бағыттардың бірі – Елбасының тапсырмасымен барлық білім беру деңгейлерінде сапаны бақылаудың бірыңғай вертикалі құрылды. 2020 жылға қарай барлық балалар мектеп жасына дейінгі оқытумен қамтылуға тиіс. Бұл үшін “Балапан” арнайы бағдарламасы әзірленуде. 2020 жылға қарай орта білім беруде 12 жылдық оқыту моделінің табысты жұмыс істеуі үшін Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады. Кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, қатаң түрде экономикалық қажеттіліктерімен өзара байланыстырылды. Жолдауда сондай-ақ, жоғары білім сапасының халықаралық талаптарға жауап беруге тиіс екені, бұл үшін жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің рейтингісіне енуге ұмтылуы міндетті екені атап көрсетілген. Болашақта қазақстандық адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін белсенді инновациялар тарту жоспарының маңызы да ерекше. Адам ресурстарының білімсіз болуы келешектің тиімсіз болатынын айқын көрсетіп отыр.

Сонымен бірге тиімді адами капиталды құру, инновациялық жобаларды іске асыру үшін жоғары білікті кадрларды тәрбиелеу және жаңа технологияларды құруға ерекше назар аударылды. Яғни республиканың 2020 жылға дейінгі ұзақ мерзімді дамуының негізгі басымдықтарының бірі – Қазақстанның адами ресурстарын дамытуды іске асыруға бағытталған, заманауи білім алған, сауатты шешімдерді қабылдай алатын және оны орындауға қабілетті мамандарды даярлау жөніндегі Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді шешу толығымен ұлттық білім беру жүйесін жетілдіруге байланысты.

Жоғары білім жүйесіндегі қабылданып жатқан реформаларға назар аударалық. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мазмұны мен сапасын арттыру жұмыстары жүргізілуде. 2011 жылы шетелдік ғалымдар мен оқытушыларды тарту жоспары бекітілді - 27 жоғары оқу орындарына 1493 адам. 2011 жылдың 1 желтоқсаны жағдайында 1100 адам келді [3].

Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының 28% еуропалық несиелерді аудару жүйесінің түрі бойынша несиелерді қайта есептеудің қазақстандық моделі енгізілді.Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы (ҮИИД) үшін кадрларды даярлау мақсатында 37 базалық жоғары оқу орындары ірі компаниялармен өндірістік тәжірибе базасын қалыптастыруға шарттар жасасты.

Жоғары оқу орындарының академиялық бостандығының кеңейтілуін қарастыратын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің МЖБС негізгі ережелері әзірленді: бакалавриатта 55%-ға дейін, магистратурада 70%-ға дейін, докторантурада 90%-ға дейін [3].

Жоғары оқу орындарының оқулықтарын әзірлеу және басып шығаруды мемлекеттік қолдау жүйесі іске қосылды, бірінші кезекте мемлекеттік тілде. Алғашқы рет жоғары оқу орындары үшін базалық оқулықтарды басып шығаруға мемлекеттік қаржыландыруға республикалық бюджеттен қаражат бөлінді.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің сапасын арттыру және бәсекелес ортаны қалыптастыру мақсатында жоғары оқу орындары жіктеуінің жаңа жүйесі іске қосылуда. Жоғары оқу орындарының алты санаты белгіленді: ұлттық зерттеу университеттері, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттері, академиялар мен институттар. Әр санат бойынша әлемдік тәжірибені ескере отырып, қазақстандық жоғары оқу орындарының жүйесін оңтайландыруға мүмкіндік беретін жаңа талаптар әзірленді.

Зерттеу университеттерін құру – бұл білім мен ғылымды біріктіруге мүмкіндік беретін жалпы әлемдік үрдіс екендігін атап өткен жөн. Сол үшін «Ғылым туралы» ҚР Заңына сәйкес инновациялық қызметке бағытталған зерттеу университеттері мен жоғары оқу орындарын құру тетігі әзірленді. Ағымдағы жылы Жоғары ғылыми-техни­калық комиссияның шешімімен инновациялық нәтижеге бағытталған университеттік ғылымды мақсатты дамытудың ғылыми бағдарламасы іске асырылды.

Әлемдік деңгейдегі жоғары мәртебелі зерттеу университеті болып табылатын «Назарбаев Университеті» белсенді қызмет етуде. Университет жанында бүгінде қоғам мен экономикаға инновация енгізіп жатқан ғылыми зертханалар мен орталықтар құрылды.

Студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 300 магистранты бір семестр және оқу жылына Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия және ТМД университеттеріне баруға мүмкіндік алды.

2011 жылы 10 қазақстандық жоғары оқу орыны халықаралық аккредитациялаудан өтті, бұл осы оқу орындары түлектерінің дипломдарын шетелде танымдылығына мүмкіндік береді. Осы жұмыстың жалғасы республикалық аккредитациялық кеңестің және Аккредитация органдарының ұлттық тізілімінің құрылуы болады.

Білім беруді жаңғыртудың мемлекеттік стратегиясының жалпы логикасы Жолдау мен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі ережелерін біріктіреді. Президент білім берудің қолжетімді болуына, түлектердің біліктілігіне тәуелсіз баға беретін жүйе құру, білім берудің тәрбиелік жағын күшейтуге назар аударады. Президенттің ойынша, Қазақстанның этносаралық келісімді, діни толеранттылықты, көптілділікті сақтаудағы бірегей тәжірибесі білім берудің барлық деңгейлерінде енгізіліп, оқытылуы қажет. Бұл озық білімді, адамгершілік қасиеті жоғары, озық ойлы қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастырудың негізіне айналады.

Бүгінде Назарбаев университеті жетістікпен жұмыс істеп жатқан еліміздің алдыңғы қатарлы оқу ордасына айналды. Назарбаев университетінің тәжірибесін басқа да жоғары оқу орындарына насихаттау, оқу процесін индустриялық-инновацияға сай өткізуді көрсетіп отыр. Университет тәжірибесінен аларымыз көп деп санаймын.

«Назарбаев Университетінде» пайдаланылатын қазіргі заманғы оқыту әдістемелерін Қазақстандағы жоғары оқу орындарына енгізу білім алушылардың даярлау сапасын ерекше арттырады. Педагогикалық кадрлардың сапасы маңызды роль атқарады, осыған байланысты ағымдағы жылда сапаны бағалау тәуелсіздік жүйелерін құру заманға сай және өзекті болып табылады. Осы жылдан бастап Назарбаев Университетінің базасында интеллектуалдық-инновациялық кластерлер қалыптасатын болады. Ғылым, бизнес пен мемлекеттің Назарбаев Университеті төңірегіндегі кластерде бірігуі технологияларды, инновациялар мен жаңа білімдерді трансферттеу мен жасауға ықпал ететін ұлттық ғылыми-инновациялық жүйе құруға негіз болады.

Елбасы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» халыққа Жолдауында Қазақстан Республикасында біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін, кәсіби кадрларды жетілдіру мен қайта даярлаудың икемді тетігін құру қажет екендігін атап өтті. Бұл, сөз жоқ, мекемелерімізге жоғары оқу орындарынан келетін жас мамандардың дайындық сапасын күрт арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Бұндай тұңғыш орталық С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында 2012 жылдың 28 маусымында іске қосылды. Біліктілікті бекіту орталығы педагогикалық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін бағалаудың тәуелсіз жүйесін құру және олардың кәсіби құзыретін қалыптастыру мақсатымен құрылды. Орталық құрылымында психофизиологиялық, IТ-learning, «Damu» тестілеу орталығы, Реноме-технологиялар зертханалары жұмыс істейді, олардың құрамында әртүрлі бағытта қызмет ететін 8 сектор құрылған.

Кез келген ел экономикасының қарқынды дамуын қамтамасыз ететін жоғары білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлау – негізгі басымды бағыттардың бірі болып саналады. Содан да болса керек, ЮНЕСКО техникалық және кәсіптік білімге баса назар аударса, БҰҰ Декларациясы оны мыңжылдық даму мақсатына жатқызды. Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіруді алға қойған Қазақстан да осы бағытта елімізде 2008-2012 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, негізгі міндеттерді айқындады. Елбасы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында кәсіптік және техникалық білім берудің маңыздылығына ерекше мән беріп, оған жаңаша көзқарас қажеттігін баса айтып жүр. Президент Үкіметке осы мәселеге қатысты мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді тапсырды. «Атамекен Одағы» Ұлттық экономикалық палатасы, мемлекеттік органдар мен холдингтер өкілдері, дүниежүзілік банк сарапшылары, жұмыс берушілер мен ғалымдардан тұратын жұмысшы тобы осы бағдарламаны әзірледі [3].

Техникалық және кәсіптік білім берудің тиімділігі жоғары ұлттық жүйесін қалыптастыру – ел экономикасының қарқынды дамуының негізгі факторы, жастардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау арқылы Қазақстан қоғамының әлеуметтік тұрақтылығын сақтау болып табылады. Отандық экономиканың жоғары технологиялық салалары мамандандырылған еңбек ресурсын және дамыған ғылыми-техникалық базаны қажет етеді.

Сайып келгенде Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы еліміздегі оқу-ағарту саласының халықаралық стандарттарға сай болып, батыс елдеріндегі білім беру саласындағы реформаларының ең тиімді және оңтайлы тәжірибелерін қолдана келе, қазақстандық білім берудің үлгісін жасауда үлесі орасан екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Өзінің президенттік лауазымында отырған уақыты аралығында елбасы халықтың сауаттылығына және олардың сапалы білім алуына өте көп көңіл бөліп келеді, жеткен жетістіктері де айтарлықтай. Оған дәлел Қазақстан Республикасы соңғы үш жыл бойына ЮНЕСКО-ның Білім беруді дамыту индексі бойынша әлемнің 129 елі ішінде көшбасшылардың төрттігінде тұр [4]. Бұл да ауызды толтырып айтатындай көрсеткіш. Елімізде қабылданып жатқан барлық заңдар, бағдарламалар мен реформалардың бастамасы елбасының ұсынысынан шығуда. Болашақта білім беру саласында қазіргі уақыттағы кемшіліктердің алдын алып, одан әрі жетілдіріліп, әлемдегі үздік білім жүйесіне айналатына кәміл сенеміз.


Әдебиеттер тізімі


  1. С.Арманов, Қазақстандық білім – еуропалық стандартқа сап түзеді. Ел ұлттық қоғамдық-саяси, экономикалық апталық газеті, 30 наурыз 2010 ж.

  2. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Астана, Ақорда, 2010 ж. 7 желтоқсан.

  3. Ә.Сапарбаев, Негізгі бағыт – әлеуметтік экономикалық жаңғыру//Экономика республикалық апталық газеті, №10(235) 8- 14 наурыз, 2012 ж.

  4. Қазақстан білім қоғамы жолында, Қазақстан Президентінің Назарбаев Университеті студенттері алдында сөйлеген сөзі//«Егемен Қазақстан», 2012 жылғы 6 қыркүйек


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет