Негізгі орта білім беру деңгейінің 9-сыныбы үшін «Дінтану негіздері» курсынан типтік оқу бағдарламасы



Дата09.06.2016
өлшемі52.86 Kb.
#124446
Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің 
2013 жылғы 3 сәуірдегі   
№ 115 бұйрығына     
111-қосымша       

Негізгі орта білім беру деңгейінің 9-сыныбы үшін
«Дінтану негіздері» курсынан
типтік оқу бағдарламасы

1. Түсінік хат

      1. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленді.


      2. Дінтану пәнінің маңызы, оның қазіргі қоғамдағы алар орны тарихқа, мәдениетке, қоғамның рухани өміріне әсерімен анықталады. Дінтану саласында білім алу жалпы орта білім жүйесінде әлеуметтік-гуманитарлық білім алуының құрамдас бөлігі болып табылады.
      3. Қазақстанның қазіргі саясаты еліміздегі көпэтностық, көпмәдениеттік қоғамда ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен татулықты орнатуға, рухани-адамгершілік құндылықтардың жаңартылған жүйесін құруға бағытталған.
      4. Дін – кең мағынасында мәдениеттің ажырамас бөлігі, адамзаттың сан ғасырлық тәжірибесінің рухани көрінісі болып табылады.
      5. Қазақтың ұлы ойшылдары мен ағартушылары – әл-Фараби, Қожа Ахмет Йасауи, Абай, Шәкәрім, Ы.Алтынсарин ел тарихындағы діни сенімдердің рөлі мен жеке тұлғаның дүниетанымын қалыптастырудағы діннің мәнін ашып көрсетті.
      6. Пәнді оқыту мақсаты:
      оқушыларды әлемдік және дәстүрлі діндердің тарихы мен қазіргі жағдайы туралы оқыту, олардың қоғамда алатын орны, діни сенімдерінің еркіндігін, қабілеттерін қалыптастыруға және алған білімдерін өмірде пайдалана алуға, рухани-адамгершілік құндылықтары негізінде оқушыларды толеранттылық қасиетке тәрбиелеу және олардың гуманистік дүниетанымын қалыптастыру, сонымен қатар экстремизм, терроризм және діни радикализм идеологияларын қабылдамауға үйрету.
      7. Оқыту міндеттері:
      1) оқушылардың дін тарихы және оның қазіргі қоғамдағы рөлі туралы білімдерін жүйелеу және тереңдету;
      2) діннің дүниетанымдық, мәдениеттанымдық және гуманистік негіздерін ашу;
      3) толеранттылыққа және қазіргі діни білім мен ағымдарды сын көзімен бағалай алуға тәрбиелеу;
      4) Қазақстандағы және әлемдегі ұлтаралық, конфессияаралық келісімдерді нығайту үшін азаматтық жауапкершілікке баулу;
      5) экстремизм, терроризм, діни радикализм идеологиялары мен тәжірибелерін қабылдамауға тәрбиелеу;
      6) діни әдебиеттер, электрондық білім және бұқаралық ақпарат құралдар материалдарын сыни тұрғыда сараптау мәдениеті мен қабілеттерін қалыптастыру;
      7) құқықтық сауаттылыққа, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен еркіндіктерін сыйлауға тәрбиелеу;
      8) Бағдарламада материалды оқып білуде «Дүниежүзі тарихы», «Адам. Қоғам. Құқық», «Қазақ әдебиеті», «Өнер» сияқты пәндермен пәнаралық байланыс пен сабақтастық қарастырылған.
      9) Оқу жүктемесінің көлемі:
      9-сыныпта аптасына 1 сағаттан, оқу жылында барлығы 34 сағатты құрайды.

2. Оқу пәнінің базалық білім мазмұны

      10. Курстың білім мазмұны төмендегідей тақырыптарды қамтиды:


      1) Кіріспе: «Дінтану негіздері» курсының мәні. Дін теориясы. Дінтану негіздері – ғылыми пән ретінде. Дін туралы түсінік. Атеизм. Политеизм, монотеизм. Дін – адамзат тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Діннің құрылымы мен функциялары. Діни бірлестіктердің түрлері (2 сағат);
      2) Дін бастаулары мен тарихи түрлері: мифологиялық сананың өзіндік ерекшеліктері. Көне (алғашқы қауымдық) культтар. Алғашқы қауымдық сенімдердің формалары (фетишизм, тотемизм, анимизм, магия). Шаманизм. Жерорта теңізі елдеріндегі: Ежелгі Египеттегі, Грециядағы, Римдегі діндер. Шығыстың ұлттық діндері. Индуизм. Конфуциандық. Даосизм. Синтоизм. Иудаизм. Иудаизм діни ілімі және дамуының негізгі кезеңдері.Тәңірлік. Түрік дүниетанымының ерекшеліктері. Діни ілім ерекшеліктері мен культтік тәжірибе. Тәңірлік культтің қазақтардың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлеріне әсері. Қайталау (5 сағат);
      3) Буддизм: буддизм ілімі, пайда болуы және таралуы. Буддизмнің негізгі тармақтары (2 сағат);
      4) Христиан діні: христиан дінінің пайда болуы. Інжіл. Христиан ілімінің негіздері. Христиан дінінің ағымдары (православие, католицизм, протестантизм). Қазіргі замандағы христиан діні (4 сағат);
      5) Ислам: Ислам діні пайда болғанға дейінгі Арабия түбегі халықтарының әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері. Құран және ислам ілімі. Мұхаммед – пайғамбар. Сунниттер мен шииттер. Мұсылман салт-жоралары мен ұйғарымдары. Шариғат. Мұсылман құқығының негізгі мектептері (мазхабтар). Сопылық. Ислам, ғылым және мәдениет (6 сағат);
      6) Қазақстан тарихы мен мәдениетіндегі орын алған діндер: қазіргі кездегі Қазақстанның аумағындағы исламға дейінгі кезең. Исламның Қазақстанда таралу кезеңдері. Исламның білім, ғылым және мәдениеттің дамуына әсері. Қазақстандағы ислам мәдениетінің ескерткіштері. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Йасауидің, Жүсіп Баласағұнның, Махмұд Қашқаридың, Асанқайғының, Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абайдың, Шәкәрімнің философиялық-ағартушылық және діни қөзқарастары. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы исламның рөлі. Қазіргі Қазақстан қоғамы мен тарихындағы ислам. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Қазақстанда христиан дінінің таралуы. Қазақстандағы христиан мәдениетінің ескерткіштері. Қазақстан тарихындағы православие. Орыс православие шіркеуінің митрополиттік округі. Қазақстандағы католицизм және протестантизм (6 сағат);
      7) Жаңа діни қозғалыстар: Жаңа діни қозғалыстар туралы түсінік, сипаты және ерекшеліктері. Қауіпті діни ағымдар. Оқушылардың қауіпті діни ағымдарға деген қызығушылығының алдын алу шаралары (3 сағат);
      8) Экстремизм мен терроризмнің әлемге қаупі: Экстремизм мен терроризм: түсініктер, тарихы, таралу себептері және оған қарсы әрекет етудің түрлері. Экстремизм мен терроризмнің жалған діни табиғаты. Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынған экстремистік және террористік ұйымдар (3 сағат);
      9) Қазақстан – конфессияаралық келісім аумағы: Қазақстан Республикасының дін туралы заңнамасы. Діни сенім бостандығы туралы түсінік. Толеранттылық. Діни экстремизмнің алдын алу. Қазіргі Қазақстандағы конфессияаралық жағдай. Ислам және православиялық христиан орталықтарының (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Қазақстан Республикасындағы Орыс православие шіркеуінің Митрополиттік округі) қызметі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасында және халықаралық қауымдастықта бейбітшілік пен конфессияаралық келісім орнату саласындағы саясаты (3 сағат).

3. Оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

      11. Пәндік нәтижелер бойынша 9-сыныптың соңында оқушылар:


      1) негізгі діни терминдерді;
      2) әлемдік және дәстүрлі діндер тарихын;
      3) дәстүрлі емес, қауіпті діни ағымдардың ерекшеліктері туралы;
      4) экстремизм мен терроризмнің мәні және көрінісі туралы;
      5) олардың жалған діни сипаты туралы;
      6) Қазақстан Республикасы Ата Заңының ар-ождан еркіндігі туралы ережелерін және Қазақстан Республикасының «Дін туралы» Заңын;
      7) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың конфессия-аралық келісімді, елдегі және халықаралық деңгейдегі тұрақтылықты сақтау жөніндегі саясаты туралы білуі тиіс.
      12. Тұлғалық нәтижелер бойынша оқушылар:
      1) дін оқуына, діни өмірге, әлемдік және дәстүрлі діндердің құрылымына, тәжірибесі мен ерекшеліктеріне сипаттама бере алуы;
      2) әртүрлі діндердің рухани өмірінен хабардар болуы;
      3) діннің негізгі моральдық құндылықтарын түсіндіре білуі;
      4) дәстүрлі діндер идеологиясы мен тәжірибесін экстремистік, террористік, теріс сипаттағы ұйымдардан айыра білуі;
      5) діни оқулардың әр алуан әлемінен хабардар болуы сияқты артықшылықтар көрініс табуы тиіс.
      13. Жүйелі-әрекеттік нәтижелер оқушылардың:
      1) діннің тарихы, оқуы және қазіргі жағдайы туралы жүйелі білімді меңгеруде;
      2) әлемдік діндердегі киелі идеялардың негізгі мазмұны мен идеялары бойынша білімдерін жалпы эрудицияны, дінтанушылық сауаттылық деңгейін арттыру кезінде;
      3) экстремистік, террористік ұйымдардың, қауіпті діни ағымдардың идеологиясы мен тәжірибесіне қарсы әсер ету иммунитетін қалыптастыруда;
      4) ғылыми, оқу әдебиеттерімен, электрондық дереккөздермен жұмыс істеуге дағдылануда;
      5) бұқаралық ақпарат құралдарын білім алу мақсатында пайдалануға дағдыланғанда көрініс табады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет