5) осы Заңның 24-бабының 3-тармағында аталған мән-жайлар болған кезде құқығы бұзылған жұбай құқылы.
2. Неке жасына толмаған адаммен, сондай-ақ сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адаммен қиылған некені жарамсыз деп тану туралы істі қарау кезінде іске қатысуға қорғаншы және қамқоршы орган тартылады.
26-бап. Некенің жарамсыздығын болғызбайтын мән-жайлар
1. Егер некені жарамсыз деп тану туралы іс қаралатын сәтке заңға орай оның қиылуына кедергі жасаған мән-жайлар жойылса, некені жарамсыз деп тануға болмайды.
2. Егер кәмелетке толмаған жұбайдың мүдделері талап етсе, сондай-ақ оның некені жарамсыз деп тануға келісімі болмаған жағдайда сот неке жасына толмаған адаммен қиылған некені жарамсыз деп тану туралы талап-арыздан бас тарта алады.
3. Егер мұндай некені тіркеткен адамдар істі сот қарағанға дейін іс жүзінде отбасын құрса, сот некені жалған деп тани алмайды.
4. Ерлі-зайыптылардың арасында заңмен тыйым салынған туыстық дәрежесі болған не некені тіркеу кезінде ерлі-зайыптылардың біреуі басқа бұзылмаған некеде тұрған (осы Заңның 11-бабы) жағдайларды қоспағанда, некені ол бұзылғаннан кейін жарамсыз деп тануға болмайды.
27-бап. Некені жарамсыз деп танудың салдары
1. Сот жарамсыз деп таныған неке, осы баптың 4 және 5-тармақтарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, ерлі-зайыптылардың осы Заңда көзделген құқықтары мен міндеттерін туғызбайды.
2. Некесі жарамсыз деп танылған адамдар бірлесіп сатып алған мүліктің құқықтық режимі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің үлестік меншік туралы ережелерімен реттеледі. Ерлі-зайыптылар жасасқан неке шарты (осы Заңның 38-40-баптары) жарамсыз деп танылады.
3. Некені жарамсыз деп тану мұндай некеде туған немесе неке жарамсыз деп танылған күннен бастап екі жүз жетпіс күн ішінде туған балалардың құқығына нұқсан келтірмейді (осы Заңның 46-бабының 2-тармағы).
4. Некені жарамсыз деп тану туралы шешім шығарған кезде сот некені жарамсыз деп тану үшін негізге алынған мән-жайлардан некеге тұру кезінде бейхабар болған жұбайдың (адал ниетті жұбай) екінші жұбайдан осы Заңның 134, 135-баптарына сәйкес асырауға қаражат алу құқығын тануға құқылы, ал некені жарамсыз деп таныған кезге дейін бірлесіп сатып алынған мүлікті бөлуге қатысты осы Заңның 32, 36, 37-баптарында белгіленген ережелерді қолдануға, сондай-ақ неке шартын толық немесе ішінара жарамды деп тануға құқылы.
Адал ниетті жұбай азаматтық заңдарда көзделген ережелер бойынша өзіне келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеуді талап етуге құқылы.
5. Адал ниетті жұбай некені жарамсыз деп таныған кезде өзі неке қиюды мемлекеттік тіркеу кезінде таңдаған тегін сақтап қалуға құқылы.
6-тарау. Ерлі-зайыптылардың жеке құқықтары
мен міндеттері
28-бап. Ерлі зайыптылардың құқықтары мен міндеттерінің туындауы
Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері азаматтық хал актілерін жазу органдарында некеге тұру мемлекеттік тіркелген күннен бастап туындайды.
29-бап. Ерлі-зайыптылардың отбасындағы теңдігі
1. Ерлі-зайыптылар тең құқықтарды пайдаланады және тең міндеттер атқарады.
2. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы қызмет, кәсіп түрін, тұрғылықты жерді таңдауда ерікті.
3. Ана, әке болу, балаларды тәрбиелеу, оларға білім беру мәселелері мен отбасы өмірінің басқа да мәселелерін ерлі-зайыптылар бірлесіп шешеді.
4. Ерлі-зайыптылар отбасындағы өз қатынастарын өзара сыйластық және өзара көмек негізінде құруға, отбасының игілігі мен нығаюына жәрдемдесуге, өз балаларының денсаулығына, өсіп-жетілуіне және олардың әл-ауқаты жағдайына қамқорлық жасауға міндетті.
30-бап. Ерлі-зайыптылардың тек таңдау құқығы
1. Некеге тұру кезінде ерлі-зайыптылар өз тілектері бойынша ортақ тек ретінде өздерінің біреуінің тегін таңдап алады не ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өзінің некеге тұрғанға дейінгі тегін сақтап қалады, не өз тегіне екінші жұбайдың тегін қосады.
Егер ерлі-зайыптылардың біреуінің некеге тұрғанға дейінгі тегі қосарлас болса, тектерді қосуға жол берілмейді.
2. Ерлі-зайыптылардың біреуінің тегін өзгертуі екінші жұбайдың тегін өзгертуіне әкеп соқпайды.
3. Неке бұзылған жағдайда ерлі-зайыптылар ортақ текті сақтауға немесе өздерінің некеге тұрғанға дейінгі тегін қалпына келтіруге құқылы.
7-тарау. Ерлі-зайыптылардың мүліктік
құқықтары мен міндеттері
1. Ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режимі
31-бап. Ерлі-зайыптылар мүлкінің заңды режимі ұғымы
1. Егер неке шартында өзгеше белгіленбесе, ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігінің режимі олардың мүлкінің заңды режимі болып табылады.
2. Ерлі-зайыптылардың шаруа (фермерлік) қожалығы мүшелерінің бірлескен меншігі болып табылатын мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 224 және 225-баптарымен белгіленеді.
32-бап. Ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігі
1. Ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезде жинаған мүлік олардың бірлескен ортақ меншігі болып табылады.
2. Ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкіне (ерлізайыптылардың ортақ мүлкіне) ерлі-зайыптылардың әрқайсысының еңбек қызметінен, кәсіпкерлік қызметтен және санаткерлік қызмет нәтижелерінен тапқан табыстары, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінен және ерлі-зайыптылардың әрқайсысының бөлек мүлкінен түскен кірістер, олар алған зейнетақылар, жәрдемақылар, сондай-ақ арнаулы нысаналы мақсаты жоқ өзге де ақшалай төлемдер (материалдық көмек сомалары, мертігу не денсаулығының өзге де зақымдануы салдарынан еңбек қабілетін жоғалтуына және басқаларына байланысты залалды өтеуге төленген сомалар) жатады. Сондай-ақ ерлізайыптылардың ортақ кірістерінің есебінен сатып алынған жылжымалы және жылжымайтын мүліктер, бағалы қағаздар, жарналар, салымдар, несие мекемелеріне немесе өзге де коммерциялық ұйымдарға салынған капиталдағы үлестер және ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезеңде тапқан басқа да кез келген мүлік ол ерлі-зайыптылардың қайсысының атына сатып алынғанына не ақша қаражаттарын ерлі-зайыптылардың қайсысы салғанына қарамастан, ерлізайыптылардың ортақ мүлкі болып табылады.
3. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлікке құқығы некеде тұрған кезеңде үй шаруашылығын жүргізуді, балаларды бағып-күтуді жүзеге асырған немесе басқа да дәлелді себептермен жеке кірісі болмаған жұбайға да тиесілі.
33-бап. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін иелену, пайдалану және оған билік ету
1. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін иелену, пайдалану және оған билік ету ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша жүзеге асырылады.
2. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне билік ету жөнінде ерлізайыптылардың бірі мәмілелер жасасқан кезде екінші жұбайының келісімі керек болады.
Ерлі зайыптылардың біреуі ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне билік ету жөнінде жасасқан мәмілесін сот басқа жұбайдың келісімі болмауын дәлел етіп, тек оның талап етуімен ғана және басқа тараптың мәміле жөнінде білгендігі немесе осы мәмілені жасасуға басқа жұбайдың күні бұрын білуі тиіс екендігі дәлелденген жағдайларда ғана жарамсыз деп тануы мүмкін.
3. Ерлі-зайыптылардың біреуі жылжымайтын мүлікке билік ету жөнінде мәміле мен нотариаттық куәландыруды және (немесе) заңда белгіленген тәртіппен тіркеуді талап ететін мәміле жасауы үшін басқа жұбайдың нотариат куәландырған келісімін алуы қажет.
Аталған мәміле жасауға нотариат куәландырған келісімі алынбаған жұбай осы мәміленің жасалғандығы туралы өзі білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл ішінде мәмілені сот тәртібімен жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
34-бап. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысының меншігі
1. Мыналар ерлі-зайыптылардың әрқайсысының меншігі болып табылады:
1) некеге тұрғанға дейін ерлі-зайыптылардың әрқайсысына тиесілі болған мүлік;
2) ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезеңінде сыйлыққа, мұрагерлік тәртібімен немесе өзге де мәміле жасау бойынша тегін алған мүлкі;
3) қымбат заттар мен басқа да сән-салтанат заттарын қоспағанда, некеде тұрған кезеңде ерлі-зайыптылардың ортақ қаражаты есебінен сатып алынса да, жеке пайдалану заттары (киім-кешек, аяқкиім және басқалар).
2. Некенің іс жүзінде тоқтатылуына байланысты бөлек тұрған кезде ерлізайыптылардың әрқайсысы тапқан мүлікті сот олардың әрқайсысының меншігі деп тануы мүмкін.
35-бап. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкін олардың бірлескен ортақ мүлкі деп тану
Егер некеде тұрған кезеңде ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі немесе басқа жұбайдың мүлкі не ерлі-зайыптылардың кез келгенінің еңбегі есебінен осы мүліктің құнын едәуір арттыратын салыным жүргізілгені (күрделі жөндеу, қайта жаңғырту, қайта жабдықтау және с.с.) анықталса, ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкі олардың бірлескен ортақ меншігі болып танылуы мүмкін.
36-бап. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу
1. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу ерлі-зайыптылардың кез келгенінің талап ету бойынша неке кезеңінде де, ол бұзылғаннан кейін де, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі ерлі-зайыптылардың біреуінің үлесінен өндіріп алу үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы кредит берушінің талабын мәлімдеуі жағдайында да жүргізілуі мүмкін.
2. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі ерлі-зайыптылар арасында олардың келісімі бойынша бөлінуі мүмкін. Ерлі-зайыптылардың қалауы бойынша олардың ортақ мүлікті бөлу туралы келісімі нотариат арқылы куәландырылуы мүмкін.
3. Дау туған жағдайда ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың сол мүліктегі үлестерін анықтау сот тәртібімен жүргізіледі.
Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде сот ерлі-зайыптылардың талап етуі бойынша ерлі-зайыптылардың әрқайсысына қандай мүлік берілуге тиіс екендігін анықтайды. Егер ерлі-зайыптылардың біреуіне құны оған тиесілі үлестен асатын мүлік берілсе, басқа жұбайға тиісінше ақшалай немесе өзге де өтемақы берілуі мүмкін.
4. Кәмелетке толмаған балалардың ғана қажеттерін қанағаттандыру үшін сатып алынған заттар (киім-кешек, аяқ киім, мектеп және спорт жабдықтары, музыкалық аспаптар, балалар кітапханасы және басқалары) бөлінуге жатпайды және бала бірге тұратын жұбайға өтемақысыз беріледі.
Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінің есебінен ерлі-зайыптылар өздерінің кәмелетке толмаған ортақ балаларының атына салған салымдары сол балаларға тиесілі болып есептеледі және ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлген кезде есепке алынбайды.
5. Ерлі-зайыптылардың неке кезеңіндегі ортақ мүлкін бөлген жағдайда ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінің бөлінбеген бөлігі, сондай-ақ ерлізайыптылардың одан кейінгі неке кезеңінде тапқан мүлкі олардың бірлескен ортақ меншігін құрайды.
6. Некесі бұзылған ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы ерлізайыптылар талабына талап-арыз мерзімі өтуінің үш жылдық мерзімі қолданылады.
37-бап. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде үлестерді анықтау
1. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу және осы мүліктегі үлестерін айқындау кезінде, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлізайыптылардың әрқайсысының үлесі тең деп танылады.
2. Сот кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін негізге ала отырып және (немесе) ерлі-зайыптылардың біреуінің мүдделерін негізге ала отырып, егер жұбайлардың бірі дәлелсіз себептермен табыс таппаса немесе ерлізайыптылардың ортақ мүлкін отбасының мүдделеріне залал келтіріп жұмсаса, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі үлестерінің теңдігі негізін ескермеуге құқылы.
3. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде ерлі-зайыптылардың ортақ борыштары олардың арасында өздеріне берілген үлеске қарай бөлінеді.
2. Ерлі-зайыптылар мүлкінің шарттық режимі
38-бап. Неке шарты
Некеге тұрушы адамдардың келісімі немесе ерлі-зайыптылардың некедегі және (немесе) ол бұзылған жағдайдағы мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім неке шарты деп танылады.
39-бап. Неке шартын жасасу
1. Неке шарты некеге тұруды мемлекеттік тіркеуге дейін де, неке кезеңіндегі кез келген уақытта да жасалуы мүмкін.
Некеге тұруды мемлекеттік тіркеуге дейін жасалған неке шарты некеге тұру мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді.
2. Неке шарты жазбаша түрде жасалады және оны нотариат куәландыруға тиіс.
40-бап. Неке шартының мазмұны
1. Ерлі-зайыптылар неке шартымен заңда белгіленген бірлескен ортақ меншік режимін (осы Заңның 32-бабы) өзгертуге, ерлі-зайыптылардың барлық мүлкіне, оның жекелеген түрлеріне немесе ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкіне бірлескен, үлестік немесе бөлектелген меншік режимін белгілеуге құқылы.
Неке шарты ерлі-зайыптылардың қолда бар мүлкі жөнінде де, болашақтағы мүлкі жөнінде де жасалуы мүмкін.
Неке шартында ерлі-зайыптылар өзара күтіп-бағу жөніндегі өз құқықтары мен міндеттерін, бір-бірінің кірістеріне қатысу әдістерін, олардың әрқайсысының отбасылық шығындар жасау тәртібін айқындауға; неке бұзылған жағдайда ерлі-зайыптылардың әрқайсысына берілетін мүлікті белгілеуге, сондай-ақ неке шартына ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастарына қатысты өзге де кез келген ережелерді енгізуге құқылы.
2. Неке шартында көзделген құқықтар мен міндеттер белгілі бір мерзімдермен шектелуі не белгілі бір жағдайлардың туындауына немесе туындамауына қарай қойылуы мүмкін.
3. Неке шарты ерлі-зайыптылардың құқық қабілетін немесе әрекет қабілеттілігін, олардың өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгіну құқығын шектей алмайды; ерлі зайыптылар арасындағы мүліктік емес жеке қатынастарды, ерлі-зайыптылардың балаларға қатысты құқықтары мен міндеттерін реттей алмайды; еңбекке қабілетсіз мұқтаж жұбайдың асырау қаражатын алуға құқығын шектейтін жағдайды көздей алмайды; ерлі-зайыптылардың біреуін өте қолайсыз жағдайға қалдыратын немесе неке-отбасы заңдарының негізгі бастауларына қайшы келетін басқа да жағдайларды қамти алмайды.
41-бап. Неке шартын өзгерту және бұзу
1. Неке шарты ерлі-зайыптылардың келісім бойынша кез келген уақытта өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін. Неке шартын өзгерту туралы немесе бұзу туралы келісім неке шартының өзі сияқты нысанда жасалады.
Неке шартын орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмейді.
2. Ерлі-зайыптылардың біреуінің талап етуі бойынша неке шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде неке шартын өзгерту және бұзу үшін белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша соттың шешімімен өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін.
3. Неке шартында, неке тоқтатылғаннан кейінгі кезеңге арналып көзделген міндеттерді қоспағанда, неке шартының қолданылуы неке тоқтатылған кезден бастап тоқтатылады (осы Заңның 22-бабы).
42-бап. Неке шартын жарамсыз деп тану
1. Неке шартын сот Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде мәмілелердің жарамсыздығы үшін көзделген негіздер бойынша толық немесе ішінара жарамсыз деп тануы мүмкін.
2. Егер шарттың талаптары ерлі-зайыптылардың бірін өте қолайсыз жағдайда қалдыратын болса, олардың бірінің талап етуі бойынша да сот неке шартын толық немесе ішінара жарамсыз деп тануы мүмкін. Осы Заңның 40-бабы 3-тармағының талаптарын бұзатын неке шартының талаптары жарамсыз деп танылады.
3. Ерлі-зайыптылардың міндеттемелер бойынша жауапкершілігі
43-бап. Ерлі-зайыптылардың мүлкінен өндіріп алу
1. Ерлі-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойынша өндіріп алу тек сол жұбайының мүлкіне ғана жасалуы мүмкін. Бұл мүлік жеткіліксіз болған жағдайда кредит беруші өзіне өндіріп алу үшін ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде борышкер жұбайға тиесілі болатын борышкер жұбайдың үлесін бөліп беруді талап етуге құқылы.
2. Өндіріп алу ерлі-зайыптылардың ортақ міндеттемелері бойынша, сондай-ақ сот ерлі-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойынша алынғандардың бәрі отбасының қажеттеріне пайдаланғандығын анықтаса, ерлі-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойынша да ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінен жасалады. Бұл мүлік жеткіліксіз болған жағдайда ерлізайыптылар аталған міндеттемелер бойынша өздерінің әрқайсысының мүлкімен бірлесе отырып жауапты болады.
Егер соттың үкімімен ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі ерлі-зайыптылардың біреуі қылмыстық жолмен алған қаражат есебінен сатып алынғаны немесе көбейтілгені анықталса, өндіріп алу тиісінше ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінен немесе оның бір бөлігінен жасалуы мүмкін.
3. Ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары келтірген зиян үшін жауапкершілігі азаматтық заңдармен белгіленеді. Ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары келтірген зиянды өтеуі кезінде олардың мүлкінен өндіріп алу осы баптың 2-тармағына сәйкес жасалады.
44-бап. Неке шартын жасасу, өзгерту және бұзу кезіндегі кредит берушілердің құқықтарына кепілдік
Борышкер жұбайдың кредит берушісі (кредит берушілері) айтарлықтай өзгерген мән-жайларға байланысты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 401-404-баптарында белгіленген тәртіппен ерлізайыптылар арасында жасалған неке шартының талаптарын өзгертуді немесе оны бұзуды талап етуге құқылы.
3-бөлім. Отбасы
8-тарау. Балалардың туу тегін белгілеу
45-бап. Ата-аналардың және балалардың құқықтары мен міндеттері туындауының негіздері
Ата-аналардың және балалардың құқықтары мен міндеттері балалардың заңмен белгіленген тәртіппен куәландырылған тегіне негізделеді.
46-бап. Баланың туу тегін белгілеу
1. Баланың анасы жағынан тегін (анасы болуын) ананың медициналық мекемеде бала туғанын растайтын құжаттар негізінде, ал бала медициналық мекемеден тыс жерде туған жағдайда - медициналық құжаттардың, куәлардың көрсетулерінің немесе өзге де айғақтардың негізінде азаматтық хал актілерін жазу органы белгілейді.
2. Бір-бірімен некеде тұратын адамдармен туған баланың туу тегі атаанасының неке туралы жазбасымен куәландырылады.
Бала неке бұзылған, оны жарамсыз деп таныған кезден бастап немесе бала анасының жұбайы қайтыс болған кезден бастап екі жүз жетпіс күн ішінде туған жағдайда, егер өзгеше дәлелденбесе, анасының бұрынғы жұбайы баланың әкесі болып танылады.
3. Егер баланың анасы баланың әкесі өзінің жұбайы (бұрынғы жұбайы) емес деп мәлімдесе, баланың әкесі осы баптың 4-тармағында немесе осы Заңның 47-бабында көзделген ережелер бойынша белгіленеді.
4. Баланың анасымен некеде тұрмайтын адамның әке болуы баланың әкесі мен анасының азаматтық хал актілерін жазу органына бірлесіп арыз беруі жолымен; анасы қайтыс болған, ол әрекетке қабілетсіз деп танылған, анасының тұратын жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайларды немесе ол ата-ана құқығынан айырылған жағдайда - қорғаншы және қамқоршы органның келісімімен бала әкесінің арызы бойынша, мұндай келісім болмаған жағдайда - сот шешімімен белгіленеді.
Әке болуды анықтау туралы бірлесіп арыз беру бала туғаннан кейін мүмкін емес немесе қиын деп ұйғаруға негіз беретін мән-жайлар болған кезде болашақ баланың бір-бірімен некеде тұрмайтын ата-анасы анасы жүкті болған кезде азаматтық хал актілерін жазу органына сондай арыз беруге құқылы. Баланың ата-анасы туралы жазба бала туғаннан кейін жасалады.
Егер анасының күйеуі емес еркектің әке екендігі анық болып шықса, анасы босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі кезеңдердің ішінде өзін асырау жөніндегі шығындарға одан тиісті ақша қаражатын сот тәртібімен талап етуге құқылы. Ақша қаражатының мөлшерін тараптардың материалдық, отбасылық және назар аударуға тұрарлық басқа да мүдделерін негізге ала отырып, ақша қаражатын төлеу кезінде қолданылып жүрген есептік көрсеткіштің еселенген арақатынасымен сот белгілейді.
5. Он сегіз жасқа (кәмелетке) толған адам жөнінде әке болуды белгілеуге оның келісімімен ғана, ал егер ол әрекетке қабілетсіз деп танылған болса - оның қорғаншысының немесе қорғаншы және қамқоршы органның келісімімен ғана жол беріледі.
47-бап. Әкелікті сот тәртібімен белгілеу
Бір-бірімен некеде тұрмайтын ата-аналардан бала туған жағдайда және ата-ананың бірлескен арызы немесе бала әкесінің арыз болмаған кезде (осы Заңның 46-бабының 4-тармағы) баланың нақты адамнан туу тегі (әке болуды) ата-аналарының біреуінің, бала қорғаншысының (қамқоршысының) арызы бойынша немесе баланы асырап отырған адамның арызы бойынша, сондай-ақ баланың кәмелетке толғаннан кейінгі өз арызы бойынша сот тәртібімен белгіленеді. Бұл жағдайда сот баланың нақты адамнан туу тегін анық растайтын айғақтарды ескереді.
48-бап. Соттың әке болуды тану фактісін белгілеуі
Өзін баланың әкесімін деп таныған, бірақ баланың анасымен некеде тұрмаған адам қайтыс болған жағдайда оның әке екенін тану фактісі азаматтық іс жүргізу заңдарында белгіленген ережелер бойынша сот тәртібімен белгіленуі мүмкін.
49-бап. Баланың ата-анасын туу туралы жазбалар кітабына жазу
1. Бір-бірімен некеде тұратын әке мен ана туу туралы жазбалар кітабына олардың кез келгенінің арызы бойынша баланың ата-анасы болып жазылады.
2. Егер ата-ана бір-бірімен некеде тұрмаса, баланың анасы туралы жазба-анасының арыз бойынша, ал баланың әкесі туралы жазба баланың әкесі мен анасының бірлескен арызы бойынша немесе бала әкесінің арызы бойынша (осы Заңның 46-бабының 4-тармағы) жүргізіледі немесе әкесі соттың шешіміне сәйкес жазылады.
3. Бала некеде тұрмайтын анадан туған ретте, ата-ананың бірлескен арызы болмаған жағдайда немесе әке болуды анықтау туралы сот шешімі болмаған жағдайда туу туралы жазбалар кітабында бала әкесінің тегі анасының тегі бойынша, бала әкесінің аты-жөні - бала анасының көрсетуі бойынша жазылады.
4. Некеде тұратын және бойға бала бітірудің жасанды әдісін немесе эмбрион имплантациясын қолдануға жазбаша түрде өз келісімін берген адамдар осы әдістерді қолдану нәтижесінде өздерінде бала туған жағдайда туу туралы жазбалар кітабына оның ата-анасы болып жазылады.
Суррогат ана мен бойға бала бітірудің жасанды әдістері мәселелерін құқықтық реттеу Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
50-бап. Әке (ана) болуды даулау
1. Осы Заңның 49-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес жүргізілген туу туралы жазбалар кітабына ата-ананы жазу баланың әкесі немесе анасы ретінде жазылған адамның, іс жүзінде баланың әкесі немесе анасы болып табылатын адамның, бала кәмелетке толғаннан кейін оның өзінің, бала қорғаншысының (қамқоршысының), сот әрекетке қабілетсіз деп таныған ата-ана қорғаншысының талап етуі бойынша тек сот тәртібімен ғана даулануы мүмкін.
2. Осы Заңның 49-бабының 2-тармағының негізінде баланың әкесі болып жазылған адамның әке болуына дау туғызу туралы талабы, егер жазу кезінде бұл адамға оның іс жүзінде баланың әкесі емес екендігі айқын болса, қанағаттандырылмайды.
3. Заңда белгіленген тәртіппен бойға бала бітірудің жасанды әдісін немесе эмбрион имплантациясын қолдануға жазбаша түрде келісім берген жұбайдың әке болуды даулау кезінде осы мән-жайларға сілтеме жасауға құқығы жоқ.
Басқа әйелге эмбрион имплантациясына келісім берген ерлі-зайыптылардың, сондай-ақ суррогат ананың (осы Заңның 49-бабы 4-тармағының екінші бөлігі) туу туралы жазбалар кітабына ата-аналар жазылғаннан кейін ана және әке болуды даулау кезінде осы мән-жайларға сілтеме жасауға құқығы жоқ.
51-бап. Бір-бірімен некеде тұрмайтын адамдардан туған балалардың құқықтары мен міндеттері
Осы Заңның 46-48-баптарында көзделген тәртіппен әке екені белгіленген жағдайда балалардың ата-аналары мен олардың туыстарына қатысты бір-бірімен некеде тұратын адамдардан туған балалардағы сияқты құқықтары мен міндеттері болады.
9-тарау. Баланың құқықтары
52-бап. Баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығы
1. Он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам бала деп танылады.
2. Әрбір баланың мүмкін болғанынша отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзінің ата-анасын білуге құқығы, олардың қамқорлығына құқығы, өзінің мүдделеріне қайшы келетін жағдайларды қоспағанда, олармен бірге тұруға құқығы бар.
Баланың өз ата-анасы тәрбиеленуіне, оның мүдделерін қамтамасыз етуіне, жан-жақты өсіп-жетілуіне, оның адамдық қадір-қасиетінің құрметтелуіне құқығы бар.
Ата-анасы болмаған жағдайда, оларды ата-ана құқығынан айырған жағдайда және ата-ана қамқорлығынан айырылудың басқа да жағдайларында баланың отбасында тәрбиелену құқығын осы Заңның 13-тарауында белгіленген тәртіппен қорғаншы және қамқоршы орган қамтамасыз етеді.
53-бап. Баланың ата-анасымен және басқа да туыстарымен қарым-қатынас жасау құқығы
1. Баланың ата-анасының екеуімен де, аталарымен, әжелерімен, ағаінілерімен, апа-сіңлілерімен (қарындастарымен) және басқа да туыстарымен қарым-қатынас жасауға құқығы бар. Ата-анасы некесінің бұзылуы, оның жарамсыз деп танылуы немесе ата-анасының бөлек тұруы баланың құқығына әсер етпеуге тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |