Облысы: Батыс – Қазақстан, Ауданы: Жәнібек, Ауылы: Жәнібек, Мектебі: Т. Жароков, Сыныбы



Дата15.06.2016
өлшемі123.5 Kb.
#136286




Облысы: Батыс – Қазақстан,

Ауданы: Жәнібек,

Ауылы: Жәнібек,

Мектебі: Т. Жароков,

Сыныбы: 11,

Аты – жөні: Қадырова Аягоз.

Бұл-елімнің мақтанышы
Ел үшін аянба, - ерлігіңе сын,

Жұрт үшін аянба, - жігіттігіңе сын.

Б.Момышұлы.

Жоспар.
І. Кіріспе:

Ұлы Жеңіс, қуанышың қанша мың,

Сен ортақсың бақытына баршаның.
ІІ. Негізгі бөлім:


  1. Соғыс шарпыған Жәнібек

  2. Ел мен ердің Жеңісі

  3. Сұрапыл соғыс турасында...

  4. Ер жүрек Ерденбек

  5. Халық үшін қам жеген Хаби


ІІІ. Қорытынды:

Ерлік –елге мұра, ұрпаққа ұран


Соғыс! Қандай суық, ызғарлы сөз! Бұл сөзді естісек, елім деп жер құшқан батырларымыз еске түседі.

Иә, дүниені дүрліктірген Ұлы Отан соғысын бұрынғы Кеңес өкіметінің тарихы деп санамыздан өшіріп тастау, ұмыту мүмкін емес. Қанды қырғынға мыңдаған қазақ қаһармандары да аттанды. Ел шетіне жау тиген уақыт қандай ауыр болса да, рухы биік қазағымыз еңсесін түсірмеді.

1418 күнге созылған қанды қасапта талай қазақ боздақтары қыршын кетті. Оқ бораны ұйытқып соққан ұлы айқаста ар-ұятына шаң жұқтырмай, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін, жарқын болашақ үшін» деген ұранмен күресіп, Отанға деген сүйіспеншіліктің, жеңіске деген құштарлықтың арқасында аңсаған армандырына жетті емес пе? Бұл жеңіс– қазақтың қыршын кеткен талай ұл-қыздарының қанының өтеуі.

«Ұлы Жеңіс» деген жалғыз ауыз сөз барлық ауыртпалықты жуып-шайып кетті ғой. Ашық аспан, қойдың айранындай ұйыған мына тыныштық үшін қаншама қыршын жас Отанының бақыты үшін майдан төсінде бір қасық қандарын қиып, мәңгілік ескерткішке айналды.

Ұлы Отан соғысы тарихына Сталинград шайқасын жатқызуға болады. Биыл Сталинград шайқасының алпыс жеті жылдығы аталып өткелі отыр. Сталинград шайқасы тарихында Жәнібек ауданының маңызды үлесі бар екенін айтқым келеді. 1942 жылы күз айында немістердің танк құрамалары Еділге жеткен болатын. Соғыстың осындай от-жалыны біздің жерді де шарпыды. Жәнібек–Сайхын-Шоңғай темір жол станциялары Сталинград майданының шебінде болды. Оларды неміс ұшақтары жиі-жиі бомбалап жатты. Соның кесірінен қираған үйлер, қаза тапқан адамдардың саны өсті. Сонымен қатар эшелондар да істен шығып жатты. Неміс фашистері әуе шабуылын жасады. Осындай шабуылдардың салдарынан темір жол вокзалы, мектеп, аурухана үйлері және басқа да өндіріс, мекеме орындары зардап шекті, барлығы ауыл бойынша 41 объект зардап шегіп, 200-дей тұрғын үй қирады.

Жәнібекке 1942 жылы қауіпті соғыс жағдайы енгізілді. Аудан еңбектерінің тылдағы ерлік еңбегін жауынгерлер де жоғары бағалады. Оған Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің берілген мына телеграмма куә болады: «8-ші әуе армиясының басқарушылығы ВКП (б) Жәнібек аудандық комитетінің Сталинград және Оңтүстік майдандары бөлімшелерінің жұмыстарын қамтамасыз етудегі көрсеткен көмегі және қызмет барысында жігерлілікті танытқаны үшін алғыс айтады.

8-ші әуе армиясының басқарушысының саяси жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Вихарев»

Сталинград түбіндегі кеңес армиясының жеңісі аудан еңбекшілерін одан әрі жігерлендіре түсті. Аудан тұрғындары біздің армиямыздың күшін еселей түсу үшін, қаражат жинай бастады. Мысалы, танк колоннасы үшін Киров атындағы колхозшылары 60 мың сом, Жасқайрат колхозынан 47 мың, Новая Жизнь колхозынан 20900 сом қаражат жиналып бірілді. Жаудан азат етілген аудандарға көмек көрсету де назардан тыс қалған жоқ. Жәнібек ауданы Ленинград облысының Мгин ауданын шефке алып, оған 878 бас ірі және уақ мал, 5000 центнер астық, 29 мың сом ақша, 4135 килограмм сары май, тағы да басқа өнімдер жіберді. Аудандық кеңестің ұжымы өздерінің 10 күндік еңбекақыларын берді. Олардың ішінде ауатком төрағасы Ботанов, аудандық жер бөлімінің бастығы Лучанский және басқалар болды. Бұлардан Жәнібектегі халық театрының ұжымы да қалысқан жоқ. Театр артистері Москвадағы Вахтангов атындағы театр ұжымының үлгісін қолдап, «Советский артист» эскадрилиясын құруға 1015 сом жіберді.

Майдан шебі жақындаған сайын темір жол жиі істен шығатын болды. Оны тез қалпына келтіру үшін темір жолшылармен қатар поселка тұрғындары да жан аямай күш салды. Сөйтіп тәулігіне соғысқа дейін 12 эшелон өткізілетін болса, соғыс жылдары 22 эшелон өткізілуіне мүмкіндік жасалды.

Бүкіл Кеңес халқына ауыр сын болған Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдары Жәнібек ауданының еңбекшілері де ерен істердің үлгісін көрсетіп, жеңіс жалауының желбіреуіне өзіндік үлес қосты. Ауданымыздың 2000-нан астам адамы майданға аттанды. Майдандарда көрсеткен қаһармандығы үшін ауданның 300-ден астам азаматы Отанымыздың орден және медальдарымен марапатталды. Олардың ішінде Кеңес Одағының Батырлары, Қамысты ауылында дүниеге келген Ерденбек Ниетқалив пен ақобалық Николай Степанович Чуриков, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, әскери комиссары, Украина жерінде ерлікпен қаза тапқан ақобалық Хаби Халиуллин де бар.

Ел басына күн туған кезде етігімен су кешіп, Ұлы Отан соғысының тарихына есімдері алтын әріппен жазылып қалған Совет Одағының Батыры Ерденбек Ниетқалиев жайында сөз қозғағым келеді. Ол 12-гвардиялық атты әскерлер полкінің құрамындағы эскадрон командирі болған. Майдан жолымен 1945 жылы Германияға жеткен екен. 1945 жылы 31 қаңтарда қиян кескі шайқаста Ерденбек ағамыз асқан ерлік көрсетті. Ол осы ұрыста қаза тапты, оған «Батыр» атағы берілді, «Ленин» және «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталған болатын. Қазір туған жері Қамыстыда Батырға ескерткіш орнатылған, орта мектеп Ниетқалиевтың есімімен аталады. Ал, 1945 жылы 24 наурызда 12 – Қызылтулы эскадрон командирі гвардия капитаны Ерденбек Ниетқалиевқа неміс-фашист басқыншыларына қарсы ұрысты көрсеткен қаһармандық ерлігі үшін совет одағының Батыры атағы берілді. Бұл батыр ағамыз кімге болса да сыйлы, қадірлі еді. Сол сұрапыл күндердегі халықтың ауызбірлігі мен жеңіске деген құштарлығы ғажап еді!

«Еліне қарай ұланы,

Жеріне қарай бұланы,

Біз дағы теңіз сынды ел едік», - деп Қашаған жырау бекерден –бекер жырламаған. Оған Ерденбек, Хаби сияқты батырларымыз куә.

Оңтүстік астанамыз Алматыдан Талғар қаласына қарай бастау алатын үлкен даңғыл жолдың маңында Хаби Халиуллин атындағы шағын көше бар. өкінішке орай, Хабидің кім екендігін жұрттың бәрі бірдей біле бермейтіндігі де жасырын емес. Ол –шекарашы. Хаби кезінде КСРО Жоғарғы Советінің депутаты, 79-шы шекарашылар полкінің әскери комиссары болған қазақтың ардақты ұлдарының бірі. Ол бірнеше жылдар бойы Ұлы Отан соғысында хабар –ошарсыз кеткендердің біріне саналып келген болатын. Тек, соғыс біткен соң, 18 жылдан кейін белгілі болды. 1959 жылының жазында Харьков облысының Протоповка селосында жұмыс істеп жүрген екі колхозшы кездейсоқ бір зиратқа кездеседі. Ол жерде Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан Кеңес жауынгерлері жерленген екен. Соның ішінен Хаби ағамыздың да сүйегі табылған.

1934 жылы қыркүйекте Қызыл Армия қатарына алынған Хаби шекара әскери бөліміндегі бөлімше командирі қызметін атқарады. Сол кезде бұлар қорғаған тәжік шекарасында әр алуан оқиғалар болып тұрған. Бір жолы Хаби екі жауынгерімен шекараны шолып жүргенде, бір топ салт атты басмашылар бұларға шабуыл жасайды. Қандай да бір қауіпті жағдайда сасқалақтауды, үрейленуді білмейтін ағамыз бір жауынгерді дереу хабаршы етіп заставаға жібереді. өзі қасындағылармен айқасқа шығады. Көп кешікпей, заставаның шекарашылары келеді. Басмашылардың көзі жойылып, тірі қалғандары қолға түседі. Тағы шайқас кезінде Хаби жаралы болғанына қарамастан, ұрыстың соңына дейін айқасады. Ол бұдан кейін де талай қанды шайқасты басынан өткеріп, жаралы болады.

«Шайқас жүріп жатқанда көз бен құлақтың болмағаны жақсы, жаудың санын көрмейсің, олардың атқан садағының ысқырығын естімейсің. Оларды өлтіретін тек қол ғана керек» - деп айтқан Б.Момышұлының сөзі Хаби ағамыздың соғыста көрсеткен ерлігіне сай келетін сияқты. Өзінің жауынгерлік дайындығы мен саяси білімін арттыра беру ардақты борышы екенін түсінген ол осыдан кейін Новопетергорское әскери училищесін бітіріп келіп, саяси қызметкер болып істейді.

Арада екі жыл өткенде жауынгерлік ерлігімен көзге түскен саяси қызметкер Хабиді тәжік халқы КСРО Жоғарғы Советіне депутат етіп сайлайды.

Ол кезде ел ішінде сауаттылар саусақпен санарлықтай болатын. Сондықтан ол жергілікті колхозшылармен тығыз байланыс жасап, кәрі –жастың сауатын ашуды қолға алады. Осындай кішіпейіл, өзінен гөрі өзгенің қамын артық ойлайтын қарапайымдалығымен жұртшылық сүйіспеншілігіне бөленген оны қай қыстақтың тұрғыны болмасын, аса бір құрметпен сыйлайтын. Ол 1942 жылдың қаңтарында майдандағы шекаралық 79-шы полктің комиссары болып тағайындалады. Соғыстың қиын-қыстау күндерінде де ол депутаттық міндетін мүлтіксіз орындаған. Майдан маңындағы Петров ауданының еңбекшілеріне көрсеткен көмектерін өзінің азаматтық парызы ретінде атқарған. Ол 1942 жылы мамырда Ясиновая тоғайында болған ұрыста қаза болды. Қазір Украинаның Протоповка селосында қазақ халқының ардақты ұлы Хаби Халиуллиннің зираты бар. Жергілікті халық Хабиді қастерлеп, басына ескерткіш қойыпты. Мұндай мәліметтер «Шекарашы» журналының 1960 жылғы 17-ші санында басылған.

Осындай халық үшін қалт етпей қызмет еткен, ел басына қауіп төнген отты жылдарда ерлікпен даңқын шығарған ардақты ұлдарымыздың бірі Хабидің де есімі біз үшін, ұрпақ үшін мәңгі ұмытылмастай болып қалуы керек. Осындай батыр ағалар мен апаларға деген құрмет пен ілтипатта шек жоқ. Олардың Отанның бостандығы мен бақыты жолында жасаған әрбір ерлік қимылдарын бір ұрпақ екіншісіне жыр етіп айтып жүреді. Жыл өткен сайын Отан жауынгерлерінің сол бір сұрапыл шақтағы бейнелері сомдалып, биіктей бермек.





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет