Очерк жанрының архитектоникалық құрылымы Архитектоника грекше archіtekton оның мағынасын зерттеу әдебиеттерде былай түсіндіреді: «Архитектоника әдеби шығарманың біртұтастығы, бүтіндігі, басты құрамдары мен жеке бөліктерінің сәйкестігі



Дата21.06.2016
өлшемі99.04 Kb.
#151828
Очерк жанрының архитектоникалық құрылымы
Архитектоника - грекше archіtekton - оның мағынасын зерттеу әдебиеттерде былай түсіндіреді: «Архитектоника әдеби шығарманың біртұтастығы, бүтіндігі, басты құрамдары мен жеке бөліктерінің сәйкестігі, үйлесімділігі» [1,50]. Бұл ұғым алдымен сәулет өнеріне байланысты қалыптасқан, ғимарат, құрылыстың сәнділігі жеке бөлшектерін бір-бірімен үйлестіріп, қиюластыру шеберлігіне саяды. Академик З.Ахметовтің архитектоникаға берген анықтамасы былай: «Әдебиетте композиция деген ұғыммен архитектоника қатар қолданылады. Композиция шығарманың құрылымы, жеке бөлшектерінің өзара түзілісін түгел қамтиды десек, архитектоника шығарманың құрылыс бітімінің негізінен тұтастығы, бүтіндігі, құрамды бөліктерінің жарасым, үйлесім табуы» [2,36]. Очеркте автордың өзі алдыға шығып факт, сан, құжаттар жинай отырып, публицистикалық элементтермен қоса көркемдік құралдарды да өзі таңдайды. Көркем прозада очерк-мақала, очерк-әңгіме, очерк-повесть және роман түрінде де кездеседі.

М.Әуезовтің «Сөз алған - тау сағыз бен көк сағыз»[3,18-21] атты очерк-мақаласында тау сағыз бен көк сағызды өсірудің қиыншылығы, каучук алудың технологиясын кеңінен әңгімелейді. Оқырман очеркті оқу барсында каучукты алу, өндіру туралы мазмұнды хабар алады. Бұл очерк-мақалада тек осындай танымдық материалдармен ғана шектелмеген, сол сағыз түрлерін өсірудің қыр-сырын меңгерген кейіпкерлер Сариев пен Бабасов әрекет үстінде көрінеді және промхоз күшімен саяси және мәдени жұмыстар да жүргізіліп жатқандығы әңгіме болады. Бұл мақала-очеркті көркем очерктер қатарына жатқыза алмаймыз. Себебі, көркемдік қасиеттерден гөрі бұл шығармада публицистикалық сарын басымдау. Олай дейтініміз - тау сағыз бен көк сағызды өсіру, өндіру туралы кеңінен әңгіме болғанымен, адам жаны, психологиясы жоқ десе де болғандай.

Сонымен байқағанымыз очерк-мақала қоғамдық-саяси және халықшаруашылық, экономика проблемалары сөз болатын очерктің ең шағын түрлерінің бірі екен. С.Мұқановтың «Бүгінгі ауыл осындай»[7,17] очеркі де Алматы облысының колхоздарының 1960 жылдардағы өмірі, құрылыс, бау-бақша мен мал шаруашылығының жайын сөз етеді. Бұл ауыл адамдарының өмірі туралы жазылған проблемалық очерк-мақала.

Очерк-әңгімеде оқиға баяндау арқылы жүзеге асады. Очерк-әңгіменің жанрлық ерекшелігі алдымен очеркистің оқиғаны баяндау тәсіліне, композициялық, сюжеттік құрылысы, кейіпкерлердің характерін ашу кезінде көрінеді. Кез-келген очерк әңгімеде де кәдімгі көркем әңгімедегідей бас-аяғы жинақы, тиянақты оқиға туралы айтылады. Ы.Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл», С.Сейфуллиннің «Қыр балалары», «Екі кездесу», «Бандыны қуған Хамит», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», «Той», «Заман», М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Қасеннің құбылыстары», Ғ Мүсіреповтің «Батыр большевик Амангелді», «Батырдың биік тұлғасы», «Шұғыла», С.Шариповтың «Рузи Иран» т.б. шығармалары қазақ әдебиетінде бірде очерк, бірде әңгіме деп аталып жүр. Әдебиет теориясын зерттеуші ғалымдар бұл шығармалардың жанрлық ерекшеліктерін жіктегенде онда көркем әңгімеге де очеркке де тән қасиеттер мол екенін тілге тиек етеді. Бұл көркем шығармалар қазақ өмірінің тіршілігін қаз-қалпында бейнелейтін нағыз очерк нұсқалары екенінде дау жоқ. Бұлардағы сюжет желісі нағыз өмір шындығынан алынғанына кім кепіл деген сауал туындауы мүмкін. Мүмкін кейіпкерлердің аты-жөнін автор өзгерткен шығар, кей жерінде ойдан қосып, көркемдік бояуын қалыңдатқан да шығар. Мысалы Б.Майлин өзінің әңгімелерінде өмірде бар шындық оқиғаларды жазушылық талғаммен жинақтай отырып (обобщения) көркемдеп суреттеу арқылы нақты детальдар мен шрихтарды орынды, әрі үнемді пайдалана білген жазушы. Бейімбеттің әңгіме-очерктері туралы М. Әуезов былай дейді: «Бейімбет Майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар, адам бейнесі, қарым-қатынастары әрдайым нанымды болып шығады. Және бұл шығармалардың түр, үлгісінде дөңгелек келген тұтастық айқын ағарылады»[4,385],- деп әділ бағасын береді. Бұл пікірден аңғарғанымыз, Бейімбет әңгімелері мейлінше қысқа, оқиғасы тартымды, көркем жазылған және қоғам өмірін қаз-қалпында шындық тұрғыдан бейнелеуі очерк жанрына тән қасиеттерді өз бойына сіңіре отырып, нақты фактілерге негіздеп жазуында.

Ы.Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесіне келер болсақ, көркем очеркке тән сипаттары мол, нақты өмір шындығынан алынған фактілер негізінде жазылған. Оған дәлел «Сейітқұл, құрметті Тілеу Сейдалин сұлтанның айтуы бойынша, 1830 жылдарда өтіпті-міс. Сол данышпан кісінің ақылымен егінді әдет еткен халық Қабырға суының бойында әлі көп»[5],- деп Сейтқұлдың тарихта болған адам екенін, оқиға желісі шындыққа құрылғанын жазушы ескере кетеді. Қыпшақ Сейітқұл Түркістан жағында қалмақтың жортуылына ұшырай бергендіктен Қабырға өзенінің жағасына келіп егіншілікпен айналысып, айналасындағы халықты да отырықшылық, егіншілік кәсіппен айналуды уағыздайды. Тарихта Сейітқұлдың ұрпақтары бүгінде Қабырға өзені бойында қоныс теуіп келеді екен.

С.Сейфулиннің «Жұбату», «Қыр балалары», «Екі кездесу», «Бандыны қуған Хамит» ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының өмірін, тіршілігін қаз-қалпында бейнелейтін нағыз көркем очерк нұсқалары екенінде дау жоқ. Сәкеннің барлық очерк-әңгімелеріне тоқталмай-ақ, тек «Жұбату» шығармасы 1917 жылы жазылған. Бұл қысқа очерк-әңгімесінде жазушы қазақ қыздарының басындағы ауыр халді Мүсілимажан деген кейіпкері арқылы азаматтық бас бостандық тақырыбын көтерген. Бұл очерк-әңгімеде өктемдіктің ауыр салмағымен қоса әлеуметтік сарын да сыр ашады. Очеркке тән шығарманың бір тұсы - автордың өз пікірін, белгілі мәселеге байланысты позициясын ашық білдіруі дер едік. «Мен білемін қаусаған шалдың құлдығында, күңдігінде жүріп сарғайған қазақ қызын, мен білемін наданның қаюан нәжісі үшін екі-үш қатынның бірі болып қыспақта жылап жүрген қазақ қызын»[6,6]. Мұнда баяндаушының «Мен» бейнесі айқын көрініп тұр. Мұнда автор өзінің тікелей оқиғаға қатысын білдіргендігі оқиға құру мен баяндау тәсілінен байқалады. Сәкеннің «Бандыны қуған Хамит» әңгімесі де алдымен адам, оның өмірі мен тағдырын көрсеткен өмірбаяндық очерк-әңгіме қатарына жатады.

Егер біз очеркті өмірдің шежіресі десек, ұлылы-кішілі істердің, жаңалық атаулының жаршысы да осы очерк болып келген. Ертеректегі очерк-әңгіме нұсқалары халық өміріне етене жақын, ел тану, жер тану құралы да болған. Соның бірі 1935 жылы жазылған Сабыр Шариповтың «Рузи-Иран» атты танымдық қасиеттерге толы шығармасы. Ол туралы академик Рымғали Нұрғали былай дейді: «Зерттеушілер бірде мұны әңгімелер, бірде очерктер жинағы дейді. Асылы, бұл очерктер жинағы деп аталғаны жөн секілді, өйткені, очерк жанрына тән зерттеушілік-этнографиялық мәлімет мұнда көп және әңгімеден гөрі очеркке лайық публицистикалық сарын кітаптың өн бойын алып жатыр»[8,102]. Бұл жазушының Иран елінде болып, өз көзімен көргендерін жазғаны аян. С.Шариповтың бұл шығармасында әңгімеге тән қасиеттерде жоқ емес. Жат жұрт тұрмыс-тіршілігін суреттегенде фактілерді, құбылыстарды типтендіруге жол берген. Очерк-әңгімеде Иран өмірінің екі қыры алынып, байлар мен саудагерлердің сән-салтанаты, екінші жағынан қарапайым халықтың қорлық бейнеті сабақтастырыла суреттеледі. Қарапайым адамдардың басынан өткен оқиғалар очерк-әңгіменің сюжет желісін құрайды. Балбектің жол әңгімелері – Иран болмысын әр қырынан көрсетуге оңтайлы әдіс және Иранның сол кезеңдегі әлеуметтік өмірін шыншылдықпен бейнелеген.

Жазушы жоғарыдағы очерк-әңгімесіне Тегеран, Пехлеви қалаларында өзі жолығып, дәмдес, сырлас болған әр түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен кездесуіндегі түйген ойларын ортаға салады. Олардың әрқайсысының басынан өткен оқиғалар очерк-әңгіменің сюжет желісіне қазық болады. Бұл шығармадағы кейіпкерлер де, сюжет те, композиция да шын өмір оқиғасынан құралып, яғни очерк сюжеті өмір мектебінен алынған.

Ғабит Мүсіреповтің «Батыр большевик Амангелді» шығармасы Бейімбет Майлинмен бірігіп жазған очерк-әңгімесі. Бұл 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің даңқты батыры Амангелді Иманов туралы жазылған шығарма. Бұл әңгіменің беттерінен байқалатыны шығармашылық түйсіктің нақтылығы мен өмір шындығы тоқайласады. Екі жазушы қаншама адамдардың тағдырын зерттей жүріп, оны кейіпкерлер бойына шақтап, бір адамның, яғни Амангелдінің бойына сан-мыңдаған жүректердің қайғы-мұңын, арманын сыйғыза білген.

Жалпы алғанда сюжеттің өзі шығармадағы біреумен-біреудің қарым-қатынасы, тартыстың шиеленісе түсуі, адамдар характерінің ашылу процесі, адам тағдырының екіталай күйге ұшырауының көркем шығармада көрініс табуы. Ғ.Мүсіреповтің Амангелді Иманов туралы очерк-әңгімесінде осы элементтер табылады және кейіпкердің өмірге келген күнінен бастап күрес жолындағы барлық іс-әрекеттері, Торғай жеріндегі ұлт-азаттық көтерілістің қазақ тарихындағы орны белес-белес мәселелер. Осылардың төңірегінен характер де тағдыр мәселесі де табылады. Бұл көркем очерк-әңгімені оқығанда оқырман бейтарап қала алмайды. «Дала қыраны торға түсті... Темірдей тегеурінен әл кетті. Асау жүрек тулауын тоқтатып, мәңгі сөніп қалды. Күні кеше бұлт қашып, қияда шарықтап жүрген қыран елеусіз жыраға құлады да, қансырап қала барды»[8,474],- деген өкініш сезімдерін автор реалды қалпында батыл баяндайды. Бұл өмірбаяндық очерк-әңгімеде кез-келген эпизод оқушының сана-сезіміне әсер етіп, толғандырып отырады. Өмір оқиғаларының барысында талайлардың тағдырын тербеп, олардың әрқайсының характерін ашуға көп күш жұмсалған. Бұл очерк-әңгіме болғанымен оқушы одан фактінің дәлдігін іздеп, сол кездегі өмірдің жалпы шындығына үндес екендігіне зер салады.

Ғабит Мүсіреповтің «Шұғыла» очерк-әңгімесі 1933 жылы жазылған жолжазба түріндегі очерктік қасиеттері басымдау шығарма. Бұнда негізгі түйін еңбек адамының өміршеңдігі, 1930-жылдардағы олқылықтардың басын ашып көрсетуге автор көп көңіл бөледі. Зорлықпен құрылған колхоз тарап, ел-жұрт тұрмыс таршылығынан азып-тозып кеткені жайлы айтылады және биліктің құлағынан ұстаған «деулердің» қағанағы қарқ болған, молшылыққа кенелген басшылар батыл сыналады. Бардың да жоқтың да өткінші екенін негізге алған жазушы ыңғайы келген оқиғаларды қапы жібермей, Смағұлдың жалғыз сиырының ортаға түскенін, киіз үйден қала салынғанын, қардан соғылған уақытша пананың бәрі өткінші екенін философиялық тұрғыдан меңзейді.

М.Әуезовтің 1930 жылдары жазған шығармалары көбіне очерктік сарыны басым, құрылысы жағынан бойына көркем әңгіменің де очерктің де элементтерін сіңірген, өмір оқиғаларын табиғи байланыспен реалды түрде суреттеуді мақсат еткен туындылар. Сол шығармалардың ішіндегі шоқтығы биігі «Қасеннің құбылыстары» туралы заңғар жазушы өзі «психологиялық очерк» деп анықтама береді. Очерк-әңгіменің басты кейіпкері Қасеннің кезінде ояз бастығы болып жылы-жұмсаққа үйреніп, кейіннен басқа заман туғанда жүдеп-жадап өткен өмірін, бұрынғыны көксеуін жазушы шебер суреттейді. Қарақан басының қамын ойлаған Қасеннің мінезі іс-әрекет үстінде ашыла отырып, сыртқы әлемге неге ашу-ызамен қарайтынын, жаңа өмір салтынан титықтағанын, түбінде қылмысты болып, тергеуге алынғаны нанымды баяндалады. Автор кейіпкер психологиясын ашуда оқушыны ескілік қалдықтарымен күресуге шақырады. Ілгері басқан жаңа өмірдің жаршысы болып, жазушы халықты азаматтық кемелденуге уағыздайды. «Қасеннің құбылыстары» өмір құбылыстарын нанымды, қаз-қалпында суреттеуімен, терең толғанысқа меңзейтін очерктің де, әңгіменің де жүгін тең көтеретін шығармаларының бірі.

Очерк пен әңгіменің өзіне тән ерекшеліктері мен сыр-сипаты бір-біріне ұқсас. Очерк теориясын зерттеуші ғалымдар: «Очеркте нағыз өмір шындығы, қоғамда бар реалды адамдар алынып, оқиғаның болған жері, уақыты, кеіпкер есімі дәлме-дәл көрсетіледі»[11,47],- дейді. Біздің ойымызша барлық очеркті осы шеңбер ішіне сыйғызу мүмкін емес. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің Амангелді туралы очерктер циклын алсақ, жазушы сол оқиғалардың басы-қасында болып, қай күні, қай жерде болғанына куә болып барып жазуды міндет етпегенін көреміз. Очерк-әңгімеде де ойдан алынған оқиғалар, характерлер, кейіпкер қақтығыстары типтік түрде сараланып, автор идеясы бірде өз атынан, бірде кейіпкер атынан баяндалуы мүмкін.

Очерк замана шежіресі десек, әңгімеге де күнделікті өмірден орын алған оқиғалар арқау болады. Очерк пен әңгіменің бір-біріне ұқсас тұстары баршылық. Біріншіден, баяндаушы бейнесі айқын көрінуі, екіншіден, өмірден алынған шын оқиғалар сюжетке арқау болады, үшіншіден, әңгімедегі сияқты очеркте де оқиға бірте-бірте дамиды, төртіншіден, очерктің де әңгіменің де соңы тиянақты аяқталады.

Очерктік шығарманың көлемі шексіз. Ал әңгіме, повесть, романдарды біз көбіне көлеміне және қамтыған дәуіріне байланысты ажыратып жатамыз. 1931 жылы Н. Тихонов: « Очерк – жүз есе кішірейтілген роман» [9,86],- деп жазған болатын. Бұл тұста әдебиетші Жекен Жұмақановтың мына пікіріне жүгінбеске болмас: «Жақсы очеркистің қаламынан келе-келе жақсы әңгіме мен повесть те, роман да туатыны талас емес. Табиғаты өмірлік өзектен, нақтылы фактіден, тарихи, шындық оқиғадан құрылатындықтан очерк түптің түбінде барлық жанрлардың да төркіні, қайнар көзі сияқты» [10]. Бұл түйіннен ұққанымыз очерк әр уақытта да жазушының бірінші басқышы, шағын нәрсені шебер жазып үйренген қаламгер ғана кемеңгер шығармалар туғыза алатыны күмәнсіз. Осы мәселе төңірігіндегі Ғ.Мүсіреповтің мына пікіріне иланбауға болмайды: «Көркем очерк алдағы күнде туар үлкен еңбектердің барлаушысы. Бұл – әрбір үлкен жаңалықтарға тез жаңғырығып отыратын, жазушының белсенділігін арттыратын сала»[12,324]. Ғ.Мүсіреповтің атақты «Қазақ солдаты» романы алғашқы кезде шағын көлемді ғана очерк формасында өмірге келген. Алғашқы жарияланымын «Социалистік Қазақстан» газетіне басқан автор оны «Қазақ батыры» деп атаған. Ұлы Отан соғысында өзінің ерлігімен көрінген өрімдей қазақ жігітімен майданнан оралған бетте жолығып, қысқа очерк желісіне айналдырған жазушы бұл тақырыпты кеңейте отырып повесть, кейіннен романға айналдырғаны әдебиет тарихынан белгілі.

Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» нақтылы тарихи фактілерге сүйенген мемуарлық шығарма. Бұл романның идеялық, көркемдік қасиеттерін ашу барсында көзіміз жеткені очерктік белгілердің көптеп кездесуі. Алдымен жазушы осы оқиғалар негізінде әңгіме, очерк, публицистикалық шағын шығармалар жазып, кейіннен мемуарлық роман жанрын туғызған. Бұл шығарманы жай роман десек қателесетін сияқтымыз. «Тар жол, тайғақ кешуді» очерктік-роман деуіміз оның идеялық-көркемдік құрылымында очеркке жақын сапалардың мол болуынан деп түсіндіреміз. Сонымен қоса романда публицис-тикалық-зерттеушілік бастаулар мол екенін де есепке алған жөн секілді. Очерктік повесть пен романдарды тек документальдылығы басым болған жағдайда және бұл тұста публицистикалық сарын да очерктік қасиеттерді толық дарытпайды.

Сонымен, қорыта айтқанда очерк-мақала, очерк-әңгіме, очерк повесть және роман болсын шындықты саяси тұрғыдан қорытатын, зәру проблемаларды дер кезінде көтеретін, көркем әдебиеттегідей суреттеу құралдарын молынан пайдаланатын, оқиғаның нақты шындығына оқушының көзін толық жеткізетін көркем әдебиеттің жайынгер жанры.
Пайдаланған әдебиеттер

1.Квятковский А. Поэтический словарь. М.: Советская энциклопедия. 1966.

2. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Алматы., Ана тілі. 1996.

3. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Сегізінші том. Алматы., Жазушы, 1981.

4. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. Алматы., 1959.

5. Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалар. Алматы., Мектеп,1985.

6. Сейфуллин С. Әңгімелер мен повестер. ҚМКӘБ. Алматы., 1958.

7. Мүсірепов Ғ. Таңдамалы. Үш томдық. ІІ том. Алматы., Жазушы, 1980.

8. Наши достижния», 1933, №1.

9. «Қазақ әдебиеті», 1960, 12 тамыз.



10. Ыдырысов Т. Шеберлік бастауы. Алматы., Мектеп, 1984.

11. Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. Алматы., Жазушы, 1970.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет