Қожабаев жұмаділла ілиясұлы қазақстанның оңтүстік – шығысында тәлімі арпа өсірудің ғылыми негіздері



бет1/4
Дата29.02.2016
өлшемі1.01 Mb.
#32874
түріАвтореферат
  1   2   3   4


ӘОЖ 633.16:631.582 Қолжазба құқығында

ҚОЖАБАЕВ ЖҰМАДІЛЛА ІЛИЯСҰЛЫ

Қазақстанның оңтүстік – шығысында тәлімі арпа өсірудің ғылыми негіздері
06.01.01 – Жалпы егіншілік

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның



Авторефераты

Қазақстан Республикасы

Алмалыбақ, 2008

Жұмыс Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми – зерттеу институтында орындалған


Ғылыми кеңесші ҚР ҰҒА, Ресей АШҒА және Украина АҒА

академигі, биология ғылымдарының

докторы, профессор Оразалиев Р.А.

Ресми оппоненттер Ауыл шаруашылығы ғылымдарының

докторы, профессор Төрешов О.Т.


Ауыл шаруашылығы ғылымдарының

докторы, профессор Сүлейменова Н.Ш.


Ауыл шаруашылығы ғылымдарының

докторы, профессор Сыдық Д.Ә.


Жетекші ұйым Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан

агротехникалық университеті

Қорғау 2009 жылы 27 ақпанда 14.00 сағатта Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтындағы БД 55.05.01 диссертациялық кеңесінде өтеді. Мекен-жайы: 040909, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылы, Ерлепесов көшесі, 1.


Диссертациямен ҚазЕӨШҒЗИ кітапханасында танысуға болады.


Автореферат 2008 жылы 26 желтоқсанда таратылды.

Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,

ауыл шаруашылығы

ғылымдарының докторы Әлдеков Н.А.

КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Бұрынғы Кеңес Одағының ыдырап, еліміз егемендікке жеткен кезеңде ауыл шаруашылығы өндірісі айтарлықтай дағдарысқа ұшырағаны баршамызға аян. Әсіресе, жекешелендіру кезінде аймақтық және экономикалық жағдайларына байланысты арнайы мамандандырылған шаруашылықтардың мезгілсіз таратылып, кішігірім ауыл шаруашылығы құрылымдарына айналуы жылдар бойы қалыптасқан материалдық – техникалық базаның құлдырап, егіс құрылымындағы дақылдардың үлес салмағы мен ауыспалы егістердің бұзылуына себебші болды. Осындай келеңсіз құбылыстың салдарынан көптеген дақылдардың егіс көлемі амалсыз қысқарып, өнімділігі әлдеқайда төмендеп кетті.

Дегенмен, бертін келе шағын құрылымдардың өндірістік кооперативтер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге және акционерлік қоғамдарға қайтадан бірігуі ауыл шаруашылығы өндірісінің қайтадан жанданып, тұрақтану кезеңіне біршама тезірек өтуіне мүмкіндік жасады. Оның үстіне кейінгі 2003-2005 жылдардың арнайы ауылға арналуы – мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көрсетіліп отырған нақты қолдауы мен тікелей көмегінің айғағы. Нәтижесінде осыдан 8-10 жыл бұрын жағдайы сын көтермейтін ауыл шаруашылығының барлық салалары қазіргі уақытта қайта жаңарып, жан-жақты даму үстінде.

Еліміздің оңтүстік – шығысындағы ылғалы жеткіліксіз тәлімі аймақта орналасқан егіншілік аудандарының астық өндірудегі мүмкіндіктері айтарлықтай жоғары. Әйтсе де агротехниканың жетімсіз зерттелуінен аймақтағы арпа өнімі бірталай тұрақсыздыққа ұшыраған және қазіргі талап деңгейіне сәйкес келмейді. Сөз етіп отырған дақылдың өнім құрылымын былай қойғанда, жаздық арпаның, әсіресе аудандастырылған Днепровский 435 және сол тектес сорттардың өнімділігі мен оның жекелеген көрсеткіштеріне кешенді ықпал ететін агротехникалық әдістердің (алғы дақыл, қоректену аясы және тұқым себу мөлшері) жиынтық әсері жөнінде де ғылыми деректер жоқтың қасы.

Сол себепті тәлімі аймақтың топырақ – климат жағдайлары мен аудандастырылған сорттардың биологиялық ерекшеліктерін естен шығармай жаздық арпа өсіру агротехникасын жетілдіретін зерттеулердің қажеттігі туындап, осы еңбектің негізгі мазмұнын сипаттайтын басты арқауға айналды.



Жұмыстың ғылыми бағдарламалармен байланысы. Зерттеулер мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламаларға қатысты тақырыптар бойынша орындалған (мемлекттік тіркеу нөмірлері 0182. 3005467; 0186. 0082498; 0194 ҚР 00026; 0196 ҚР 00288; 0196 ҚР 00291).

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты - Қазақстанның оңтүстік – шығысындағы ылғалы жеткіліксіз тәлімі аймақта жаздық арпа өсірудің ғылыми негіздерін жасау. Бұл мәселені жүзеге асыру үшін алдымызға төмендегідей міндеттер қойылды:

- арпа дақылының өнімділігін арттыруға бағытталған арнаулы ауыспалы егістіктер туралы тұжырымдамалар жасау;

- ауыспалы егістегі алғы дақылға, қоректену аясы мен аумағына байланысты жаздық арпаның өнім қалыптастыру ерекшеліктерін зерттеу.

- арпа егістігінің фитосанитарлық ахуалын оңтайландыратын факторларды анықтау;

- арпа өнімділігі мен оны құрайтын элементтердің алғы дақылға, қоректену аясы мен тұқым себу мөлшеріне тәуелділігін анықтау;

- жоғары дән өнімін қамтамасыз ететін оңтайлы жапырақ алаңының ағымы мен фотосинтездің таза өнімділігінің ырғағын табу;

- тауарлы астық және тұқым өндірісі жағдайында сүрі танапқа егілген арпа өнімділігі мен тұқымның егістік сапасын зерттеу;

- тәлімі арпа өсірудің зерттелген агротехникалық тәсілдерін экономикалық және энергетикалық тұрғыда бағалау.



Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Қазақстанның тәлімі жер жағдайында алғаш рет көп факторлы егістік тәжірибеде жаздық арпаның алғы дақылға, қоректену аясы мен аумағына байланысты ылғал тұтынуы, егістік жиілігінің қалыптасуы, өсімдіктердің құрғақшылыққа төзімділігі және буын тамырларының түзілу ерекшеліктері ғылыми түрде негізделді.

Ауыспалы егістегі сүрі танапта минералды тыңайтқыштар қолдану және зерттелген алғы дақылдарға қарай егістіктің қалыпты жиілігін сақтау арпа өсімдіктерінің фитосанитарлық жағдайларын онтайландыруға айтарлықтай ықпал ететіндігі дәлелденген.

Статистикалық талдау әдістері арқылы дән өнімі мен өсімдік тіршілігі жағдайларының арасындағы тығыз тәуелділік және арпа өнімін қалыптастырудағы сыналған негізгі факторлардың әсер ету дәрежесі анықталды.

Тәлімі егіншіліктің өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, аталған табиғи–климат аймағындағы өсірілетін жаздық арпа үшін жапырақ алаңы мен фотосинтездің таза өнімділігінің оңтайлы ырғағы негізделген.

Тұқым шаруашылығының талаптарына сәйкес сүрі танаптағы қоректену аясы мен аумағының арпа өніміне, дәннің технологиялық және егістік сапасына әсері айқындалды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:

- тәлімі жер жағдайындағы ауыспалы егіс жүйесінде арпа дақылының орны;

- сұр топырақты ылғалы жеткіліксіз тәлімі аймақтағы арпа егістіктерінің ылғалмен қамтылу дәрежесіне байланысты өнім қалыптастыру ерекшеліктері;

- алғы дақылға, қоректену аясы мен аумағына қарай арпа өсімдіктерінің фитосанитарлық жағдайы мен фотосинтетикалық көрсеткіштерін оңтайландыру;

- көп факторлы егістік тәжірибедегі зерттелген агротехникалық тәсілдердің арпа өнімі мен оның құрамдас бөліктеріне тигізетін үлесін жіктеу;

- сүрі танапта қолданылатын минералды тыңайтқыштар мен тұқым себу мөлшеріне қарай түзілетін арпа өнімі мен тұқымның егістік сапасын анықтау.



Өндірістік құндылығы. Зерттеулердің нәтижесінде тәлімі аймақта өсірілетін жаздық арпаның жоғары өнімі мен дәнінің тұрақты технологиялық және егістік сапасын қамтамасыз ететін ғылыми негізделген агротехникалық тәсілдер кешені жасалып,өнімділікті шектейтін басты фактордың, яғни арпаның ауыспалы егістегі орнына қарай егістіктің ылғалмен қамтылу дәрежесі және оны тұтыну ерекшеліктері анықталды. Осыған орай тауарлы астық өндірісі жағдайында алғы дақылы сүрі жер емес егістік танаптарда да арпа өсімдіктерінің оңтайлы жиілігін қалыптастыру бұрынғы ұсыныстармен салыстырғанда тұқым шығынын едәуір азайтып, өнім мөлшерін көтерудің мүмкіндігін дәлелдеді. Ауыспалы егістің сүрі танабындағы арпаның қоректену аясы мен аумағына байланысты алынған мәліметтер өндірістік тексеруден кейін тұқым шаруашылығының талаптарын толық қанағаттандырса, фосфор тыңайтқышын селекциялық сепкішпен бір мезгілде тұқыммен бірге қатарлап енгізу әдісі біздер жасаған рационализаторлық ұсынысқа сәйкес Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе танаптарында кеңінен қолдау тапқан.

Жұмыстың талқылануы. Диссертацияның негізгі тұжырымдары ҚазЕҒЗИ жас ғалымдары мен аспиранттарының ІХ-Х ғылыми-теориялық конференциясында (Алматы, 1981; 1984), ССРО-ның 60 жылдығына арналған ҚазЖШҒЗИ жас ғалымдары мен мамандарының ғылыми-практикалық конференциясында (Алматы, 1982), дәнді дақылдардың тұрақтылығы мен өнімділігін көтерудің физиологиялық негіздері бойынша V-республикалық конференцияда (Целиноград, 1984), “ХХІ-ғасыр қарсаңындағы егіншілік және өсімдік шаруашылығының стратегиясы” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 1999), “Агроөнеркәсіптік кешен экологиясының мәселелері және қоршаған ортаны қорғау” жөніндегі І-ІV халықаралық ғылыми-техникалық конференцияларда (Алматы, 1997; Тараз, 1998; Өскемен, 2000; Щучинск, 2002), “Егіншілік, селекция және өсімдік шаруашылығы саласындағы аграрлық ғылымның жетістіктері” атты халықаралық конференцияда (Алматы, 2004), “Қазақстан Республикасының егіншілік, өсімдік шаруашылығы және бақ өсіру саласындағы агроөнеркәсіптік кешенін ғылыммен қамтамасыз ету стратегиясы” атты халықаралық конференцияда (Алматы, 2004), «Селекция және өсімдіктердің гендік қорының биологиялық негіздері» атты халықаралық ғылыми конференцияда (Алматы, 2005) және 1980-2001 жылдары ҚазЕҒЗИ ғылыми және әдістемелік кеңесінің мәжілістерінде арнайы баяндама үлгісінде ұсынылды.

Зерттеу нәтижелерін жариялау. Ізденушінің барлығы 125 ғылыми еңбегі жарық көрген. Ал диссертация мазмұны бойынша көлемі 45 баспа табақтан асатын 96 еңбек жарияланды, оның ішінде 2 кітап, 10 кітапша, 4 авторлық куәлік, 1 агротехникалық және 1 рационализаторлық ұсыныстар бар.

Жұмыстың көлемі мен құрылымы. Диссертация 160 бетке жазылып, кіріспеден, 7 тараудан, қорытынды және өндіріске ұсыныстардан тұрады. Құрамында 48 кесте, 15 сурет, 370 атаудан түзілген әдебиеттер тізімі, 10 қосымша бар.

Ізденушінің жеке еңбегі. Диссертациялық жұмыс 1979-2000 жылдары Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында автордың қатысуымен және оның жетекшілігімен жүргізілген зерттеулердің нәтижесі болып табылады. Тәжірибе бақылауларын жүргізуде және зертханалық талдау барысында көрсетілген көмектері үшін автор ҚазЕҒЗИ тәлімі егіншілік және сорттық агротехника бөлімінің қызметкерлері мен ғылыми-өндірістік «Тұқым» кооперативінің ұжымына алғысын білдіреді.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1 Тәлімі аймақтың табиғи жағдайлары
Қазақстанның оңтүстік – шығысындағы сұр топырақты аймақтар тау етегіндегі жазықтықта және тау бөктерлерінде орналасқан. Аталған жерлер Тянь-Шань тауы жүйесінің тік биікті климаттық белдеулері ретінде танылып, негізінен тәлімі егіншілікте пайдаланылады.

Республикамыздың Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарындағы жарамды тәлімі жер көлемі 2,8 млн.га шамасында. Оның ішінде ылғалы жеткілікті 0,4 млн.га, ылғалы жартылай жететін 0,8 млн. және ылғалы жетіспейтін 1,6 млн. га тәлімі жерлер бар.

Сұр топырақты аймақтың өзіне тән ерекшелігі – ол тау етегінен басталып, төменгі жазыққа қарай созылып жатқан ұланғайыр еңіс. Сол себепті де жылдық жауын-шашын мөлшері, ылғалдың қыртыс үстімен ағып өтуі, белсенді радиация жиынтығы жер бедеріне және абсолюттік биіктігіне байланысты ауытқиды. Тау етегіндегі жазықтықтың топырақ түзуші жыныстары – сары топырақ, сарғылт топырақ, құмдақ және саздақ топырақтар.

Тау етегінен төмендеген сайын топырақ түзуші жыныстар жеңіл құмдақ пен саздаққа айналады. Сөйтіп шөл дала бағытына қарай биіктіктің төмендеуіне байланысты топырақ құрамында құм көбейеді де, керісінше лайлы фракция кеми түседі. Демек, тау етегіндегі жазықтықта топырақ түзуші жыныстардың генезисін анықтау кезінде тау биіктігіне және кеңістікке қатысты өзіндік табиғи жіктелу ағымы байқалады.

Ылғалмен қамтамасыз етілмеген тәлімі аймақтың климаты шұғыл континенталды, тәуліктік және жылдық ауа температурасының ауытқуы басым.

Ауаның жылдық орташа температурасы 7,40С, ал айлық орташа температура қаңтарда минус 9,00 болса, шілде айында 25,10 шамасына жетеді. Ең жылы ай мен суық ай екеуінің орта температурасының айырмасы 35-400 аралығында.

Тәжірибе танабының топырақ қыртысын түзуші жыныстары – жеңіл құмдақ пен саздаққа айналған кәдімгі сұр топырақ. Бұл топырақ түрінің жазықтағы таралу шекарасы теңіз деңгейінен 200-800 м биіктікте орналасқан. Зертханалық талдау барысында анықталғандай, оның жыртылмалы қабатында 1,02-1,11% қарашірігі, 0,073-0,080% азоты, 0,14 пайызға жуық жалпы фосфоры бар екендігін көрсетеді. Жылжымалы фосфоры 16,9-20,8 мг/кг. Топырақтың көлемдік салмағы 1,13 г/см3, солу ылғалдылығы 5,52-6,42%.

Көп жылдық мөлшермен салыстырғанда зерттелген 1979-2000 жылдар ішінде температуралық режим, жауын-шашын мөлшері және ауаның салыстырмалы ылғалдылығы бойынша едәуір айырмашылықтар байқалды. Дегенмен тәлімі жердегі жаздық арпаның бірқалыпты өсіп-дамуы мен өнімінің ойдағыдай қалыптасуына оның өсу кезеңіндегі (сәуір-маусым айлары) метеорологиялық элементтердің маңызы зор.

Атап айтар болсақ, осы мерзім аралығындағы ауа температурасының мәні жекелеген 1982, 1984, 1991, 1995, 2000 құрғақшылық жылдары үйлесімді мөлшерден айтарлықтай басым. Тәлімі аймақта қуаңшылық әдетте көп жағдайда маусым айында байқалып, ол кезде ауаның орташа температурасы 25-26 градусқа дейін көтеріледі. Сондықтан да осы айдағы температура шамасы жоғарыда көрсетілген құрғақшылық жылдары қалыпты мөлшерден 1,4-2,0 градусқа артық болуы кездейсоқтық емес.

Жауған жауын-шашын көлемі мен оның маусым бойынша бөлінуінде де біршама ауытқушылық бар. Арпаның өсу кезеңіндегі ылғалмен қамтамасыз етілу дәрежесіне қарап, 1979 жылды өте қолайлы деп есептеуге болады. Көп жылдық мөлшердегі 77 мм орнына 133,8 мм жауын жауып, егістіктің ылғалмен жабдықталуы да біркелкі жақсы жағдайда өтті.

Келесі 1980-1985 жылдар аралығы, жалпы ауыл шаруашылығы жылы бойынша да, көктемгі-жазғы кезеңнің ылғалдылығына да қарай жауын-шашынның жетімсіздігімен ерекшеленді. Тек қана аса құрғақ 1984-жылды жеке атап өткен жөн, өйткені осы ауыл шаруашылығы жылында мөлшердегі 221 мм орнына небары 125 мм жауын-шашын түссе, ал арпаның өсу кезеңінде бұл көрсеткіш тиісінше 84 және 26 мм құрады. Нәтижесінде ауа райының тым қолайсыздығынан тәлімі аймаққа себілген дәнді дақылдардың егіс көлемінің бірқатар бөлігі жұмсалған шығынды ақтай алмады.

Ылғалдылығы жағынан 1986, 1988, 1989, 1990 жылдарды орташа деңгейлі топқа жатқыздық. Әсіресе, 1987 ауыл шаруашылығы жылы 300 мм жауын-шашын түсіп, оның маусым бойынша бөлінуі де сәтті қалыптасты. Мәселен, осы жылдың маусым айында көп жылдық мөлшердегі 22 мм орнына 50,9 мм жауын жауып, зерттелген жылдардағы арпаның ең жоғары өніміне қол жетісті.

Кейінгі 1991-1995 жылдардың алғашқы және соңғы жылдары қуаңшылық жағдайда, 1992-1993 жылдар жауын-шашынды, ал 1994-жыл орташа қалыпта өтті. Ақырғы 1996-2000 жылдар ішінде аса қуаңшылықта өткен соңғы жылдан басқа ылғалдың тапшылығы байқалған жоқ, яғни ауа райы өзгерістері тәлімі жерлерге тән деңгейде қалыптасты деуге толық негіз қаланды.
2 Тәжірибе үлгілері және зерттеулердің әдістемелері
Жұмыстың эксперименттік бөлімі 1979-2000 жылдары Алматы облысы Іле ауданы бұрынғы “Қаскелең” астық кеңшарының кәдімгі сұр топырағында жүргізілген. Тәлімі аймаққа ұсынылған дәнді-сүрі жерлі ауыспалы егісінде төмендегідей тәжірибе үлгілері ғылыми зерттеулерге басты арқау болды.

1-тәжірибе. Арпа дақылының өнімділігін арттыруға бағытталған арнаулы ауыспалы егіс жүйесін анықтау.

1-үлгі. Сүрі жер-күздік бидай-жаздық арпа-жаздық арпа;

2-үлгі. Сүрі жер-жаздық арпа-жаздық арпа-жаздық арпа;

3-үлгі. Ауыспайтын жаздық арпа егістігі.

Нұсқалар жүйесіз әдіспен орналасқан. Мөлдектің есепті ауданы 200 шаршы метр. Тәжірибенің қайталануы төрт ретті.

2-тәжірибе. Алғы дақыл мен тұқым себу мөлшеріне байланысты арпаның өсу және даму заңдылықтарын бақылау. Алғы дақыл – сүрі жер, арпа, арпа; тұқым себу мөлшері 2, 3, 4, 5 млн.дән/га. Нұсқалар жүйесіз әдіспен орналасқан. Мөлдектің есепті ауданы 100 шаршы метр. Тәжірибенің қайталануы төрт ретті.

3-тәжірибе. Арпа дақылының қоректену аясы мен себу мөлшерінің тұқымның егістік сапасы мен өнімдік қасиеттеріне әсерін зерттеу. Қоректену аясы – Р15 тұқыммен бірге; Р30; N30P30. Тұқым себу мөлшері 2, 3, 4, 5 млн.дән/га.

Нұсқалар мөлдектердің бөлшектену әдісімен орналасқан. Бірінші реттегі мөлдектердің есепті ауданы 100, екінші реттегі – 25 шаршы метр. Тәжірибенің қайталануы төрт ретті.

Тәжірибедегі арпа өсімдіктерінің негізгі даму кезеңдері мемлекеттік сорт сынау әдістемесі бойынша, мөлдектегі өсімдіктер саны өскін кезінде және жинар алдында алты тұрақты алаңнан есепке тіркелген.

Топырақтың 1 метр тереңдігіндегі ылғалдылығы әрбір 10 см қабаты сайын термостатты – таразылы әдіспен арпаны себерде, түптенгенде, масақтанғанда және жинар алдында анықталған. Қайталануы үш ретті топырақ үлгілері АМ-16 бұрғысымен алынды.

Топырақтың 0-20 және 20-40 см қабатындағы сіңімді қоректік элементтердің мөлшері мөлдектің 6 нүктесінен алынған аралас үлгілерден анықталды. Нитрат азоты дисульфофенол қышқылы арқылы Грандваль – Ляжу әдісімен, жылжымалы фосфор Мачигин бойынша, ауыспалы калий жалынды фотометрде жүргізілген.

Тамыр жүйесінің морфологиялық құрылымы, даму қарқындылығы және буын тамырлардың саны И.О.Байтулиннің әдістемесі арқылы жүзеге асырылып, арпа өсімдіктерінің құрғақшылыққа төзімділігін бағалау П.А.Генкель және А.А.Ничипорович нұсқауларының көмегімен атқарылды.

Егістіктің арамшөппен ластануы арпаны жинар алдында қайталануы 6 ретті сандық-таразылы әдіспен, өсімдіктердегі құрғақ заттардың түзілуі олардың негізгі даму кезеңдерінде 100 дана өсімдіктен анықталған.

Топырақтағы тамыр мен аңыздық қалдықтың мөлшерін анықтау оның 0-40 см қабаты бойынша қайталануы 4 ретті цилиндрмен алынған үлгілерді 0,25 мм електе жуу арқылы жүргізілді. Тазартылған тамыр мен өсімдік қалдықтары мұқият құрғатылып, таразыға тартылды.

Егістіктің фотосинтетикалық көрсеткіштері (жапырақ алаңы, фотосинтездің таза өнімділігі) арпа өсімдіктерінің негізгі даму кезеңдерінде А.А.Ничипорович және басқалардың әдістемесі бойынша есепке алынып, тамыр шірігі ауруының дамуы арпаның түптену кезеңінде және жинар алдында бұрынғы Бүкілодақтық өсімдік қорғау институтының ұсыныстарына сәйкес жүргізілді.

Арпа өнімінің құрылымы оны жинар алдында 1 шаршы метрден алынған қайталануы 6 ретті баулы әдіспен мемлекеттік сорт сынау әдістемесі бойынша, мөлдектегі нақты өнім САМПО-500, САМПО-130 комбайндарымен тікелей жинау арқылы дәннің ылғалдылығы мен тазалығы ескеріліп, есепке алынған.

Зерттеу нәтижелерін математикалық өңдеу Б.А.Доспеховтың корреляциялық және дисперсиялық талдау әдісімен, егістік тәжірибедегі сыналған факторлардың (А – алғы дақыл, В – тұқым себу мөлшері, С - қоректену аясы) әсер ету дәрежесі (һ2) Н.А.Плохинский бойынша жүргізілді.

15. Дәннің технологиялық және егістік сапасы шаршы әдіспен алынған орта үлгілерден, ал белок (Несслер реактиві арқылы) пен крахмал (10845-76 мемлекеттік стандарты бойынша) мөлшері ҚазЕҒЗИ зертханаларында анықталған.

Тәлімі жердегі жаздық арпа өсірудің экономикалық және энергетикалық тиімділігі арнайы әдістемелік нұсқаулар бойынша есептелінді.

Егістік тәжірибеде тәлімі аймақ үшін ұсынылған агротехникалық шаралар қолданылды. Зерттеу нысаны ретінде 1982-жылға дейін арпаның жемдік бағыттағы Нутанс 970, ал қалған уақытта Днепровский 435 аудандастырылған сорттары пайдаланылды. Себу жұмыстары 1-тәжірибеде тіркемелі СЗ-3,6, 2-тәжірибеде аспалы СН-16, ал 3-тәжірибеде селекциялық ССФК-7 сепкіштерімен атқарылған.

Соңғы тәжірибенің үлгісінде көрсетілгендей, 15 кг түйіршіктелген суперфосфатты селекциялық сепкішпен тұқыммен бірге қатарлап енгізу біздер жасаған рационализаторлық ұсынысқа сәйкес жүзеге асырылып, қоректену аясының басқа нұсқалары топырақты негізгі өңдеу кезінде даярланды. Қолданылған агротехникалық тәсілдердің барлығы зерттеулердің бағдарламасы мен әдістемесіне сай оңтайлы мерзімде сапалы жүргізілді.


ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ
3 Ауыспалы егістердегі арпаның өсу және даму ерекшеліктері
3.1 Ауыспалы егіс жүйесі
Егіншілік мәдениетін арттыру өсірілетін дақылдардан сапалы және мол өнім алудың негізгі кепілі болып саналады. Осы күрделі мәселенің оңтайлы шешімін табу ауыспалы егіс жүйесін кеңінен игерудің арқасында іске асырылмақ. Нәтижесінде біз егістік жерлерді тиімді пайдаланып, топырақтың құнарлылығын сақтап әрі қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға толық мүмкіндік аламыз. Тәлімі жерлерде енгізілген ауыспалы егістердің негізі сүрі жыртылған танап болып есептеледі. Себебі ол жерде қыста-көктемде жауған жауын-шашын және қоректік заттар жиналып, арамшөптер, өсімдіктер зиянкестері және ауруларымен күресудің агртехникалық тәсілдері сәтті жүргізіледі.

Ал енді сүрі жыртылған танаптан кейін қандай дақылдың орналасуы тұрғысында ғалымдар арасында әртүрлі пікір қалыптасқан. Кейбіреулері сүрі жерден кейін екінші дақыл ретінде күздік бидай орналастыруды жөн көрсе, ал қалғандары тәлімі жерге жақсы бейімделген, ауа райының қолайсыз өзгерістеріне төзімді, жоғары өнім түзетін арпа дақылын себуді ұсынады. Біз осы ұсынысты қолдай отырып, аталған мәселені ғылыми тұрғыда анықтау үшін Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтына қарасты тәлімі егіншілік бөлімінің ғалымдарымен бірлесіп, тәлімі жерде орналасқан ауыспалы егістердегі арпаның орнын және оның егіс көлемін анықтау мақсатында бірсыпыра жұмыстар жүргізгенбіз. Зерттеулерге тиісті бағасын беріп, нақты қорытынды жасау үшін 1-тәжірибедегі ауыспалы егістің үлгілерін пайдаландық.

Осы үлгілер бойынша жүргізілген ғылыми жұмыстардың нәтижелеріне сүйенсек, тәлімі егіншілік жағдайында шектеулі фактор топырақ ылғалы болғандықтан, оның қоры біз орналастырып отырған дақылдардың арасында айтарлықтай айырмашылық байқалтпады. Тек, ылғал көлемі сүрі танаппен салыстырғанда ауыспайтын арпа егістігінде 78 мм, ал сүрі жерден кейін орналасқан арпада 32 мм кем болды. Жиналған өнім мөлшеріне келетін болсақ, ол әр танаптағы топырақтың құнарлылығына және жауын-шашынның түсу мерзіміне қарай қалыптасқан. Мысалы, күздік бидай күздегі-көктемдегі ылғалдыққа байланысты өсіп-өнсе, жаздық арпа мамыр айындағы топырақ ылғалына сәйкес өнім құрайды. Әрине, бұл құбылыс өсу кезеңіндегі ауа райымен тығыз байланысты болғандықтан, бірінші кезекте жалпы ылғал қорын тиімді пайдалану мәселесіне көңіл бөлген жөн. Осы тұрғыда дәлірек айтсақ, сүрі айдалған танапта өсірілген күздік бидайдың 1 кг дәнін құрау үшін жұмсалған ылғал шығыны 14,4 мм болса, арпа дақылы – 13,2 мм, ал ауыспайтын егістікте – 18,1 мм-ге жетті. Осыған қарағанда арпаның ылғал пайдалану қабілеті күздік бидаймен салыстырғанда біршама аз мөлшерді көрсетеді.

Арпаны сүрі жерден кейін үшінші дақыл ретінде орналастырған жағдайда егістіктің арамшөппен ластануы аз-маз көбейеді, бірақ олардың арпа өніміне аса кері әсер ете алмағаны байқалады. Бұл құбылысты арпа дақылының арамшөптерге қарағанда тез өсіп-жетіліп кетуімен түсіндіруге болады. Сонымен тікелей сүрі айдалған танапта өсірілген күздік бидайдың 3 жылдық орташа өнімі әр гектардан 17,8 ц құраса, арпа дақылы – 16,8 ц, оны екінші-үшінші танаптарда ораналастырғанда тиісінше – 15,2 және 14,0 ц, ал ауыспайтын арпа егістігінен 11,8 ц дән жиналды.

Келтірілген мәліметтерді сараптай келіп айтарымыз, біздер орындаған ғылыми-зерттеу жұмыстар тәлімі жерде игерілген 4-танапты сүрі жерлі-арпаланған ауыспалы егістерінде жүргізілді.
3.2 Топырақ ылғалдылығының ағымы және егістіктің ылғалмен қамтылу дәрежесі
Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы жиі қайталанатын құрғақшылық пен тұрақты ылғал тапшылығы әрдайым зерттеушілерге топырақтың су режимін жақсартуды және оларды реттеудің жаңа жолдарын іздестіруді міндеттейді. Сол себепті өсімдіктердің топырақ ылғалын ұтымды пайдалануын жақсартуға бағытталған барлық агротехникалық шаралардың ғылыми және практикалық маңызы ерекше.

Зерттелген 1979-1992 жылдары қысқы-көктемгі кезеңдеріндегі ауа райының көп жылдық көрсеткіштерден әжептеуір айырмашылығы болғандықтан, алғы дақылдар бойынша арпа себер алдындағы өнімді ылғал қорында да елеулі өзгешеліктер байқалды. Көктемгі ылғалдың барынша мол қоры сүрі танап топырағында жиналып, арпаның екінші, үшінші және ауыспайтын дақылынан тиісінше 23,8; 38,5 және 65,9 мм немесе 22,1; 41,5 және 100,8% артық құралған (1-сурет).

Арпаның өсу кезеңі бойына қоректену аумағының әсерінен туындайтын ылғал қорындағы айырмашылықтар едәуір шамаға жетеді және көбінесе қуаңшылық жылдары өсімдіктердің өнімділік сипатына түбегейлі өзгерістер енгізуі ықтимал.

Егістіктегі топырақ ылғалдылығын анықтау барысында тұқым себу мөлшерінің жаздық арпа өсімдіктерінің су режимін реттеудегі маңызды орын алатындығы белгілі болды. Атап айтқанда, түптену кезеңіндегі гектарына 2 және 5 млн. дәннен себілген егістікті салыстыра талдасақ, сүрі танап топырағында 13,4 мм, арпаның екінші дақылында 15,0 мм, үшінші дақылында 14,5 мм ылғал сирек егістікте көп сақталған. Кейінгі масақтану кезеңінде ылғалдың жалпы мөлшері азайғанымен аталған заңдылық бұзылмастан, осы нұсқалардың арасындағы айырмашылық тиісінше 17,5; 19,6 және 17,4 миллиметрге жетті. Сондықтан да топырақ ылғалының қолайлы жағдайында тіршілік еткен арпа өсімдіктерінің барлық даму кезеңдерінде түзілетін құрғақ заттардың массасы жөнінде айқын басымдылық танытатындығы анық. Керісінше, масақтану мерзіміндегі жиі егістіктерде, әсіресе алғы дақылы сүрі жер емес танаптарда топырақ ылғалы мейлінше азайып, сыртқы ортада құрғақшылықтың әсерін күшейте түседі.

Математикалық есептеулер себер алдында (r=0,85 ± 0,20), түптенуде (r=0,77 ± 0,25) және масақтану кезеңінде (r=0,59 ± 0,33) байқалатын арпа өнімі мен топырақтағы өнімді ылғал мөлшерінің арасындағы жоғары оң тәуелділіктің барлығын көрсетеді.

Топырақ ылғалының қоры мен дән өнімінің арасындағы тәуелділік коэффициентін талдау арпа өнімін құрауда негізгі рөльді ерте көктемдегі топырақ ылғалының қоры атқаратындығын дәлелдейді және осы шаманың мәніне басты назар аударылуы керек.

Ылғалы жеткіліксіз тәлімі аймақтарда топырақ ылғалы құнарлылықтың негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. Сондықтан оның ауыспалы егіс танаптарындағы өнім бірлігіне жұмсалатын шығынын қарастырудың айтарлықтай мәні бар (1-кесте).

Жүргізілген бақылаулар ылғал шығынының бұл түрі алғы дақылға және нақты жылдың жауын-шашынмен қамтамасыз етілу дәрежесіне қарай өзгеретіндігін көрсетеді. Орта есеппен 1979-1992 жылдары 1 центнер дән түзу үшін жұмсалған жалпы ылғал шығыны барлық алғы дақылдар бойынша 9,1-18,0 мм аралығында ауытқыған. Дәлірек айтсақ, ауыспалы егіс жүйесіндегі алғы дақылдардан кейін орналасқан арпа егістігіндегі ылғал шығыны 9,1-12,4 мм құраса, ал тек қана танабы ауыспайтын арпа егістігіндегі бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде үлкен шамаға жеткен.



Сүрі жерге

егілген арпа



Арпаның сүрі жерден кейінгі екінші дақылы

Арпаның сүрі жерден кейінгі үшінші дақылы

Ауыспайтын арпа егістігі




1-сурет – Алғы дақылға байланысты жаздық арпаның өсу кезеңіндегі өнімді ылғал қорының ағымы,

мм (1979-1992 жж.)



1-кесте – Алғы дақыл мен өсу кезеңіндегі жауын-шашын мөлшеріне байланысты 1 ц арпа дәнін түзу үшін жұмсалған ылғал шығыны


Алғы дақыл

Себер алдындағы ылғал қоры, мм

Өсу кезеңіндегі жауын-шашын мөлшері, мм

Жинар алдындағы ылғал қоры, мм

Өсу кезеңіндегі жалпы ылғал шығыны, мм

Дән өнімі, ц/га

1 ц дәнге жұмсалған жалпы ылғал шығыны, мм

Орташа есеппен 1979-1992 жж.

1

131,3

88,6

15,2

204,7

22,5

9,1

2

107,5

88,6

9,1

187,0

16,1

11,6

3

92,8

88,6

7,0

174,4

14,1

12,4

4

65,4

88,6

4,2

149,8

8,3

18,0

Қуаңшылық жылдары

1

105,7

27,3

0

133,0

12,1

11,0

2

82,7

27,3

0

11,0

6,1

18,0

3

71,0

27,3

0

98,3

4,0

24,6

4

47,7

27,3

0

75,0

1,4

53,6

Ылғалы орташа жылдары

1

137,2

76,9

2,3

211,8

22,3

9,5

2

113,0

76,9

0

189,9

14,7

12,9

3

98,6

76,9

0

173,7

12,5

13,9

4

69,0

76,9

0

145,9

8,3

17,6

Ылғалды жылдары

1

139,6

139,4

39,8

239,2

29,1

8,2

2

115,8

139,4

25,4

229,8

23,8

9,7

3

101,0

139,4

19,6

220,8

21,9

10,1

4

71,8

139,4

11,8

199,4

12,4

16,1

Ескертулер:

1 Сүрі жерге егілген арпа,

2 Арпаның сүрі жерден кейінгі екінші дақылы,

3 Арпаның сүрі жерден кейінгі үшінші дақылы,

4 Ауыспайтын арпа егістігі.


Арпаның өсу кезеңіндегі жауған жауын-шашынның мөлшеріне қарай егістікте жұмсалған ылғал шығынының көлемі де өз алдына сөз етуге тұрарлық. Мәселен, аталған кезеңдегі жауын-шашыны бар болғаны 27,3 мм құраған қуаңшылық жылдары ылғал шығыны күрт өсіп, сүрі жердегі егістікте 11,0 мм, арпаның екінші дақылында 18,0 мм, үшінші дақылында 24,6 мм, ал ауыспайтын егістікте шамадан тыс 53,6 миллиметрге дейін көбейген. Керісінше, арпаның пісіп-жетілу мерзімінде орта есеппен 139,6 мм жауын жауған ылғалды жылдары түзілетін өнім бірлігіне жұмсалған ылғал әлдеқайда төмендеп, зерттеудегі алғы дақылдарға сәйкес небары 8,2-16,1 мм арасында ғана өзгеріс тапты.

Кейінгі 1993-2000 жылдары сүрі танапта қолданылған минералды тыңайтқыштардың тиімділігін нақты жылдың болмысына қарай талдар болсақ, тыңайтылған егістіктерде бақылаумен салыстырғанда қуаңшылық жылдары жұмсалған ылғал шығыны 1,6-2,8 мм, ылғалы орташа жылдары 0,8-1,3 мм, ылғалды жылдары 0,6-0,8 миллиметрге кеміген. Демек, тәлімі аймақтағы ауыспалы егісте топырақ ылғалы барынша көп жиналатын сүрі танаптар бір жағынан құрғақшылықтың теріс әсерін әлсіретсе, екінші жағынан тыңайтқыштардың жағымды ықпалын анағұрлым арттыра түседі.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет