Ойланайық, бауырлар!
Бағдат Қазкенов
«Шарайна» газеті, 24.07.2015 жыл
Қазақ қазақ болғалы бері не қиямет қайғыны көрмеді десеңізші?! Арғы тарихты ақтарып айтпағанның өзінде Кеңестік дәуірдің тұсында дін мен тіл үшін қуғынға түсіп, ұлтын ойлап ет жүрегі езіліп, еміренген талай нар тұлғаларымыз көмусіз қалды. Жүрегі «қазақ» деп соққан сол тұлғалардың ұрпағы бүгінде хақ дін мен жат діннің арасын айырмай адасып барады. Адасқаны емес пе, туған әкесі мен анасын, Отанын сатып, кемелді келешегін тұмандатып, кәпірлермен соғысамыз деп шекара асып жатқандығы…. Одан арғы тағдыры бір Алланың қолында. Ата-ананы, туған-туысты жан-жағындағы таныстарына қарабет қылып, айрандай ұйып отырған отбасының шаңырағын ортасына түсірген мұндай жат ағымның идеологиясына ұлттық құндылықтарымызбен тойтарыс берудің өзі әлсіз болып тұр. Ұлттық құндылықтарымызды, ата-баба салған сан ғасырлық дәстүрлі құндылықтар мектебін білмей жатып, мешіт имамдарынан дәріс алмай тұрып, жолында кезіккен біреудің жымысқы идеологиясын санаға сіңірген ұрпақтың кезеңі келгенінен қауіптенетін сәт әлдеқашан туды. Біздің кенді қаладан да отбасын алдап, шекара асып, мүлдем санаға кіріп-шықпайтын әрекеттердің ортасында жүріп «Біз ислам дініне бағынбаған кәпірлерді жер бетінен жойып, исламдық халифат құрудамыз» деп езеуреп жүргендердің шариғатымызда имамның, (мемлекет басшысының) рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынғанын білмегендігін, діни сауатының шала-шарпылығын байқатады.
Әлемдік ақпарат арналары мен ғаламторды шуылдатқан Сириядағы 150 қазақстандықтың бүгінде саны өсіп жатыр. Отбасы, бала-шағасымен кеткендердің де қатары молаюда. Өмірге енді келіп, жақсылықтан нәр алуға тиісті бүлдіршін жауыздықтың ортасында жүр. Олардың арғы тағдырын ойлаудың өзі денеңді түршіктіреді. Ал, соңғы мәліметтерге қарасақ, ИШИМ (Ирак және Шам ислам мемлекеті) өздеріне жақтас ретінде әйелдер қауымынан да қол жинауда. Оның түпкі негізінің қайда жатқандығы тағы да белгісіз.
Сириядағы қазіргі жағдайда теріс пиғылды радикалдық ағымдар исламдағы жиһад сөзін пайдаланып, қол астындағыларын сол жерге соғысқа аттандыруда. Негізі бір елдің ішкі шаруасына араласуға ешкімнің құқы жоқ. Олардың өздерінің пәтуа беретін ресми діни басқармасы және мүфтилері мұсылмандардың арасында болып жатқан қақтығысқа от салмай татуластыруы тиіс. Өйткені, мұсылмандар бір-біріне зиян бермеуі керек. Ол жайлы Пайғамбарымыздың (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) көптеген хадистері бар. Соның бірі: «Мұсылманды сөгу – пасықтық, ал оны өлтіру – күпірлік» деген (Муслим риуаяты). Және де: «Мұсылман мұсылман бауырына қару көтерсе, онда ол екеуі де тозақ отында», - деген. Сонда жанындағылары: «О, Алланың Елшісі! Өлгеннің кінәсі неде?» дегенде, ол (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «Ол оны да өлтіргісі келген еді», деді (Бұхари, Муслим риуаяты). Осыған орай, жиһад елді басқарып отырған басшының рұқсаты және дін істерін басқарып отырған діни басшылар мен ғалымдардың пәтуаларымен іске асады. Ал, қазіргі жағдайда жиһадты өздері жариялап, өзге мұсылман бауырының өлімін мойнына жүктеп жүрген жерлестеріміздің әрекетін қай санамызға салып екшемекпіз?
Әбу ханифа мазхабымен ұлттық бітім-болмысымыз, дәстүріміз, салт-санамыз біте қайнасып кеткен 11 ғасырлық ата дінді көзге ілмей жүргендердің ұлттық сана-сезімін жат идеология әбден адастырып болды. Біртұтас ұлт болуды көздеп отырған елімізде діни алауыздыққа жол жоқ. Бір заманда «Бөлінгенді бөрі жейді» деген қазақ, ел шетіне жау тисе «Абылайлап», «Қаптағайлап» бораған оққа кеудесін тосқан ер бабалардың ұрпағы бүгінде жат ағымның жетегіне еріп, өзгенің сойылын соғуға мәжбүр болды. Себеп көп. Оның салдарын болдырмаудың амалы қандай? Дәрменіміз құр уағыз айтудан әрі аспай отыр.
Біз бір шаңырақ астында ұлттық жарасымы молынан пішілген мемлекет боламыз десек, ұлттық болмысқа қауіп төндіретін жат ағымдарға бірлесе тосқауыл қоюымыз керек, өйткені, ол түбінде ұлттық қауіпсіздікке әсер етпей қоймасы анық.
Сондықтан да Алланың ақ жолынан таймай, мемлекет және дін басына бағынып, тату-тәтті тіршілігімізді мән-мағынасыз жолға сарп етпей, келер ұрпағымыздың өз елінде бейбіт аспан астында өмір сүруіне жағдай жасайық. Ойланайық, бауырлар!
Достарыңызбен бөлісу: |