Омарова раушангүл сәрсенқызы білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында


«Білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың әдіснамалық негіздері»



бет2/5
Дата13.06.2016
өлшемі354.5 Kb.
#134037
түріАвтореферат
1   2   3   4   5

«Білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың әдіснамалық негіздері» атты бірінші бөлімде жеке тұлғаны қалыптастырудағы білім парадигмалары, даму тенденциялары мен болашағы қарастырылады. Сонымен қатар, 12 жылдық білім беру әдіснамасы-шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастырудың өзегі ретінде сипатталады. Қазіргі мектептегі оқытудың шығармашылық қызметіне тоқталып, оның жаңашылдық бағыттары айқындалады.

«Қазіргі кезеңде оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың теориялық негіздері» атты екінші бөлімде мектеп оқушыларының шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудағы негізгі ұғымдардың мәні және мазмұны көрсетіледі. Жоғары сынып оқушыларының шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудағы педагогикалық-психологиялық ерекшеліктері сипатталып, өзекті мәселенің құрылымдық-мазмұндық моделі негізделеді.

«Жалпы орта білім беру жүйесінде оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың дидактикалық тұғырлары» атты үшінші бөлімде қазіргі дидактикалық тұжырымдамалардың жеке тұлға шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудағы маңыздылық сипаты талданып, шығармашылық сабақтар оқушылардың жеке тұлғасын қалыптастырудағы инновациялық процесс ретінде дәлелденеді. Сонымен қатар, оқытудағы рефлексия – оқушылардың шығармашылық іс-әрекетінде «жеке білім кеңістігін» қалыптастыру құралы ретінде пайдаланудың мүмкіндіктері анықталады.

«Оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастыру әдістемесі және тәжірибелік-эксперимент нәтижелерін талдау» атты төртінші бөлімде оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастыруда педагогикалық технологиялардың мәні мен оларды оңтайлы пайдалану әдістемесі көрсетіліп, педагогикалық тәжірибелер арқылы тексерілуіндегі нәтижелері сараланады. Осы тарауда мектеп оқушыларының шығармашылық қызығушылығын қалыптастыру мәселесінің болашақтағы бағдары көрсетіліп, оның мазмұны мен мәні дәйектеледі.

Қорытындыда болжамды дәлелдейтін зерттеудің негізгі нәтижелері мен тұжырымдары мазмұндалады. Ғылыми әдістемелік ұсыныстар беріледі және әлі де зерттеуді қажет ететін өзекті мәселелердің маңызды бағыттары көрсетіледі.

Қосымшада жоғары сынып оқушыларына, мектеп мұғалімдеріне арналған сауалнамалар, тест тапсырмалары, шығармашылық әлеуетті айқындауға арналған педагогикалық карталар, сызбалар, шығармашылық тапсырмаларды орындаудағы оқушылардың танымдық іс-әрекеті мен шығармашылық бағыттылығын анықтауға арналған кестелер, сабақ үлгілері ұсынылады.

Негізгі бөлім
Бүгінгі күні жаһандану жағдайында өркениеттіліктің өлшемі, тетігі, құндылығы ретінде шығармашылық сипаттағы білімнің орны үлкен. Оны өлшем ретінде қабылдауымыздың себебі, кез келген мемлекеттің рухани да, әлеуметтік-экономикалық дәрежесі онда өмір сүретін халықтың білім деңгейі мен меңгерген білім, біліктерін шығармашылықпен қолдана алуына байланысты. Себебі әлемдегі ғажайып жаңалықтарды өзі білім, білікті шығармашылық құндылық ретінде бағалаумен, оны ізгі мақсаттарға сәйкес қолданып, жаңаны табумен мүмкін болады.

Еліміздегі орта білім беру жүйесінің 12 жылдық білім беруге көшуді, әлемдік білім беру кеңістігіне бағдар тұтуы білімге деген көзқарасты жаңаша тұрғыдан қарастыруды көздейді. Осыған сәйкес қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты - білімді, бәсекелестік қабілеті бар, шығармашыл, дербес, ізденімпаз, өзін-өзі жүзеге асыра алатын, жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру.

Мектептегі жас ұрпақтың ақыл-ойы, рухани дамуының негізі – оқылатын пәннің мазмұнына, оқу-тәрбие жұмысының мақсатқа сәйкестігі мен меңгеретін ғылыми білімдер жүйесінің шығармашылық сипатына байланысты.

Білім беру саласындағы реформалар бір жағынан әлемдік білім беру кеңістігіне сай өркендеуге ұмтылса, екінші жағынан ұлттық болмысты қалыптастыру мақсатында мәдени-тарихи құндылықтарға сай өзіндік бет бейнесін сақтауды көздейді.

Қазіргі кездегі білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында жеке тұлғаның шығармашылық бағыттылығы мен шығармашыл тұлғасын қалыптастыру мәселесіне қызығушылықтың артуы осы міндеттерді шешудің бағдары ретінде қарастырылып отыр.

«Парадигма» латын тілінен аударғанда «үлгі» деген мағынаны білдіреді. Ал қазіргі педагогикада білім берудің концептуальдық моделі ретінде қолданылып келеді. Білім беру парадигмаларының көптеген түрлері бар. Кейбір ғалымдар білім беру парадигмаларының көптүрлілігін педагогикалық өркениетке байланыстырады, адамзат қоғамы көптеген сатылардан: табиғи және репродуктивті-педагогикалық өркениеттен өтіп, креативті-педагогикалық өркениетке енуде деген пікірлер айтылуда. Бұл педагогикалық өркениет мұғалім іс-әрекетінің жаңа қырларын аша отырып, кәсіби педагогикалық сапалары мен қызметтерін түбегейлі түрде жаңартуды талап етеді. Бұл ізденістердің жарық жұлдызы ретінде педагогикалық парадигма, яғни адамзат қоғамының әлемдік әсер тәсілдерін меңгеруі мен педагогикалық ой-өріс пен қарым-қатынастың онтологиялық және жеке аспектілерін қамтитын жүйесі ретінде алға шығады.

Антропологиялық, археологиялық мәліметтер бойынша, алғашқы кезеңде «педагогикалық іс-әрекет» ересектер мен бала өмірінің тұрмыстық қарым-қатынасына негізделді. Қоғамның әрбір мүшесі тіршілігін сақтау үшін білім, білік, дағды, өмір сүруге қажетті қатынастарды білуі және оны кейінгілерге үйретуін қажет етті. Табиғи педагогика алғашқы қоғамдық құрылысқа сәйкес болды. Табиғат пен адам ақпараттық байланыс ретінде қарым-қатынаста болып, адам еңбек іс-әрекеті нәтижесінде өмір сүру дағдылары қалыптаса бастады, іс-әрекет инстинг арқылы реттеліп отырды.

Кейінірек жыныстық ерекшеліктер, еңбекке үйрену, дене дамуы мен отбасындағы қызмет ету әрекеттерін меңгеруге байланысты адамзат өзінің даму жолында репродуктивті-педагогикалық өркениетке аяқ басты. Оның ерекше белгісі – арнайы ұйымдастырылған педагогикалық процесс құралдары арқылы іс-тәжірибені «әкеден-балаға» мақсатты түрде үйрету болды. Адамзат қоғамы ақпаратты ұрпақтарына жалғастыру тәсілдерін, біліктері мен білімдерін жетілдірудің жаңаша жолдарын іздестіруге, ойлап табуға бет бұра бастады. Алғашқы қоғамдағы адамдардың тасқа қоршаған әлем жөніндегі өз түсініктерін бейнелеуі, өмірлік тәжірибелерін сипаттайтын, оны үйретуде таңбалар мен символдарды пайдалануы адам дамуының ілгерушілік сипатын көрсетті.

Қазіргі уақытта адамның әлемдік тануы мен өзін-өзі тануындағы қасиеттері «жансыз» табиғатпен алмасып отыр. В.С. Кукушиннің пікірінше, адам мен табиғаттың арасында «дидактикалық қабырға» пайда болды, оның өткізгіштігі «ақпараттық тазалық» дәрежесінің әр түрлілігіне байланысты.

Жылдан-жылға ақпарат ағымдары мен қорларының қарыштап өсуі адамзат баласын табиғаттан алшақтатып, “өлі табиғатпен” қатынасын нығайта түсті десе де болады. Репродуктивті-педагогикалық өркениет шеңберінде білім беру өлшемдері мен оның мазмұнына қойылатын талаптарды, шарттарды өзгерту туралы сөз қозғалды. Ғалымдар адамның космо-био-әлеуметтік феномен ретіндегі қасиеттерінің сақталуына, оқыту мен тәрбиелеу міндеттеріне көңіл аудару қажеттігіне тоқталады.

Дегенмен, табиғи, әсіресе, космостық бастаулардың кейінгі жоспарға қалдырылуы, білім беру мазмұнының тереңдігінен адамда қорғаныш механизмдерінің пайда болуы көрініс берді. Бұл репродуктивті-педагогикалық өркениеттің ішкі ресурстары таусылып, алға қарай креативті-педагогикалық өркениетке қадам жасау қажеттілігін көрсетеді. Демек, «Адам-Космос» жүйесіндегі біртұтас ақпараттық-энергетикалық механизмдерді игеру қажеттілігіне орай, рефлексивті мәдениеттің дамитындығын болжауға болады. Мұның нәтижесінде «Адам-Адам» жүйесіндегі түрлі деңгейдегі қайшылықтар шешіліп, «Адам-Табиғат» жүйесінің экологиялық жайлы формалары түзіледі.

«Креативті-педагогикалық өркениет кезінде субъект-объект бірлігіндегі адамзат тәрбиесінің біртұтастығы, инновациялық тәжірибені бағалау мен талдау арқылы әр индивидті табиғи педагогикалық іс-әрекетке әкеледі. Іс-шаралар педагогикасы тұрмыстық падагогикасына орын береді. Философиялық түсініктегі “шығармашылық мектеп” кезеңі басталады»,-дейді В.С. Кукушин.

Бірақ білім беру парадигмаларының бірінен-бірі артық, не қалыс қалған түрлері болмайды. Олар өз кезеңіндегі әлемді түсіну мен педагогикалық нысандардың мәні, оқу-тәрбие процесінің құрылымына байланысты болады.

“Парадигма” ұғымының енуі Бергманның және оны терең талдау, физик, философ Т. Кунт есімдерімен байланысты. Т. Кунт парадигма идеясын ғылым дамуының кезеңдерін анықтауда пайдаланды. Парадигма – ғылым дамуының негізгі өлшем бірлігі ретінде түсіндіріледі. Т. Кунт бойынша, ғылыми білім дамуы мынадай сызба бойынша жүреді: қалыпты ғылым ғылымдағы ауытқушылық ғылымдағы тоқырау жаңа парадигма (альтернативті теориялар бәсекелестігі және бұрынғы парадигманың ауысуы) ғылыми төңкеріс қайтадан қалыпты және одан әрі дамудың жаңа тарауы.



Парадигма – ғылым дамуының белгілі бір кезеңдерінде ғылыми қоғамның қабылдаған әдіснамалық және теориялық қағидаларының жиынтығы, ғылыми зерттеудің үлгісі, стандарты, зерттеу мәліметтерін, болжамдар мен ғылыми міндеттердің жиынтық үлгісі ретіндегі көрінісі.

А.Е.Әбілқасымова пікірінше, қазіргі кезеңдегі «білімді адам» (білім, білік, дағдыны меңгерген) парадигмасының «өмірлік іс-әрекеттерге дайындалған адам» парадигмасына ауысуда, яғни белсенді, шығармашылық ой-санасы қалыптасқан,өзін-өзі дамытатын, интеллектуалдық тұрғыда өзін жетілдіретін адамның қалыптасуы.

Ш. Таубаева өз зерттеулерінде «парадигма» түсінігінің философиялық, педагогикалық, психологиялық тұрғыда саралануын зерделейді, ол жалпы орта білім беру жүйесінің даму тенденциялары қоғам дамуының «Мәдениет-Білім-Тарих» атты микропарадигмасы, педагогика ғылымы мен білім берудің қалыптасушы жаңа әдіснамасы аясындағы білім берудің жаңа парадигмасы пәнаралық түсінігі тұрғысынан мұғалімнің зерттеушілік мәдениетінің теориялық-әдіснамалық негіздерін айқындайтын бағыттар ретінде ашып көрсетеді.

Парадигма мәтінінде зерттеушілік қана емес, практикалық та міндеттердің шешімін табу мақсатында қолданылатын модель және де әсіресе, практикалық мәселеге де тұрақты түрде ден қоятындығын атап өтпеуге болмайды. Осыған байланысты білім беру стратегиясы немесе базалық модель ретінде оқыту жүйесін жобалауға көзқарас, негіз, идея мәнінде түсіндірілетін білім беру (тәрбиелеу) парадигмасы ұғымы қолданылады.

Парадигманы өзге ғылыми түсініктерден ажыратылатын, өзінің педагогикалық дербес құқығына ие екендігі жөнінде пікірлер айтылуда. Осы көзқарасқа сәйкес, парадигма түсінігін екі түрлі ұғымды анықтау үшін керек: біріншіден, парадигманы классикалық құндылық, жалпы ғылыми түсініктерді ұғынуға бағытталған ғылыми әрекет, зерттеу нормалары, өлшемдері, стандарттары жиынтығы ретінде түсіну; екіншіден, «білім беру (тәрбиелік) парадигмасы ұғымы. Өзіндік дербес түсінік «құқығын» жүзеге асыра отырып, парадигмалардың мынадай қатары ажыратылады: қалыптастырушы және ізгіліктіліктік, жеке тұлғалық және рухани бағдарланған, ғылыми–технократиялық, гуманитарлық және эзотериялық, авторитарлық, дәстүрді-қалыптастырушылық, дәстүрлі–дамытушылық, рухани және зиялылық, педагогикалық, андрагогикалық, акмеологиялық және коммуникативтік және т.б. Осыған байланысты жоғарыда дәйектеме келтірілген педагогикалық түсініктің полипарадигмалығы немесе парадигмалық ауысуы жөніндегі кең тараған пікірлердің астарында, әдетте, ғылым парадигмасы жайына емес, білім беру парадигмасы туралы түсініктер болады деген пікірлерді толық құптаймыз.

Дәстүрлі педагогикалық білім мазмұны негізінен танымдық сипатта беріліп келді. Оның дидактикалық-әдістемелік бөлігін құрайтын жаттығулар, сұрау-тапсырмалар сол танымдық материалды меңгеруге қызмет ететін мақсатта құрылатын. Ендігі жерде жаңа ХХІ ғасыр педагогикасының философиясы мүлде өзгеше парадигманы қажет етуде. Мұнда білім беру процесінің объектісі бұрынғыдай тек білім, яғни оқу материалы ғана деп қаралмайды. Білім беру процесі, ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, мынадай міндеттерден түзіледі: оқушының интеллектуалдық-танымдық, психологиялық, шығармашылық іскерлік сапаларын, өз бетінше оқу әрекетшілдігін, коммуникативтілігін, әлеуметтенуге бейімділігін, эстетикалық, рухани-адамгершілік, экологиялық, дене мәдениетін т.б. қалыптастыру. Білім мазмұнын құрайтын оқу материалдары тұлға дамытушы мүддені түзуге тікелей қызмет ететіндей етіп құрылуы керек.

Күн тәртібіне қойылып отырған күрделі мәселелердің ішінде жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуді жаңа сатыға көтеріп, жан-жақты жетілген шығармашыл жеке тұлға қалыптастыру өзектілігі артуда.

Педагогика ғылымының теориясы мен практикасына, білім беру жүйесінің дамуына жасаған талдаулар білім беру мен тәрбиедегі “тоқырау” кенеттен пайда болмағандығын көрсетеді. Бұл мәселе 80-жылдардың басында анық байқалып, бірте-бірте жандана түсті. Оның бастаулары 30- жылдардың басында көрініп, 70-жылдары жалпы орта білім беруді күрделі бағдарламалармен оқыту және постиндустриалды қоғамның қарқынды қалыптасу міндеттерін шешуге қабілетсіздігімен байқала бастады.

60-жылдардың орта тұсында “Кеңестік білім беру” әлемдік жағдайда алдыңғы орындарға жеткен болатын. Білімдік бағдарламалардың негізділігі, мектеп оқушыларының білім сапасының көрсеткіштері және жоғары, арнаулы орта, кәсіптік-техникалық білім беру масштабының өсуімен ерекшелене түсті.

Кейінгі уақыттарда бұл қарқындылық баяулап, білім беру жүйесіндегі динамизм бойынша Батыс елдерінің алдыңғы қатарлы және Шығыстың дамушы елдерінен ерекшеленуі тоқталды. Елдегі әлеуметтік-экономикалық қарама-қайшылықтар өсті, ал білім беру жүйесі сапалық өзгеріссіз немесе білім беру реформалары жүйесіз сипат алды.

Қоғамда күрделі процестер белең алып, нәтижелері тек 80-жылдардың ортасында анық көріне бастады. Экономиканың даму қарқындылығы баяулап, бұрынғы идеялогиялық бағдар көмескіленіп, әлеуметтік тұрақсыздық, адамдар арасындағы қарым-қатынас өзгерді, нәтижесінде адамгершілік-рухани құндылықтардың, өзара көмек т.б. сипаты өзгеріске түсті. Мұның өзі тәрбиелік қызметтің, әлеуметтік құндылықтардың толымсыздығына әкелді. Жастар қоғамдағы білім мен қабілеттің сұранысының болымсыздығын сезе бастады. Мәдениеттің, ұлттық дәстүрлердің, салт-сананың төмендеуі білім берудің тиімді саясатын жүргізуді қиындата берді.

80-жылдардың ортасында бірқатар өлшемдер бойынша білім беруде батыс елдерден артта қалушылық көріне бастады. Әсіресе, жоғары білім беру масштабы бойынша дамыған елдерден артта қалушылық байқалды. Шетелдік әріптестер білім берудегі дифференциация мен индивидуализация бойынша алға шықты.

Отандық мектептер білім берудегі үздіксіздік тұрғысынан артта қала бастады. АҚШ мен Англияда т.б. білім беру уақыты 12-13 жылды құрады. Көп уақытқа дейін біздің мектептер ұжымдық сипатқа негізделген бірегей стандартқа ұмтылды, нәтижесінде оқушының өз болмысын тану, белсенділігі мен инициативасы, шығармашылық әлеуетін дамыту толымсыз болып шықты.

Қазіргі уақытқа дейін мектеп әлеуеттік ортадан алшақ, өз проблемаларын өз күшімен шешуге ұмтылыс жасау сипатында қалып отыр. Мектеп оқушыларының әлеуметтік бейімділігі мен өмірлік тұрақтылығы, шығармашылығы, ізденімпаздығы мен шешім қабылдауы т.б. қоғам дамуына тікелей қажетті сапаларды қалыптастыруда артта қалды.

90-жылдардың басында экономикадағы қайта құрулар мен өмірдің әлеуметтенуі, елдің нарықтық экономикаға көшуге бет бұрысы білім беру саласына әсер етпей қоймады. Жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты білім берудің бастауыш сатысы – мектепке дейінгі мекемелерге ауыр салмақ түсті. Көптеген балалар бақшалары жабылып, басқа мекемелер олардың орнын басты. Маңыздысы - қалыптасқан оқу-тәрбие жүйесі бұзылды.

Көрсетілген қиындықтарға қарамастан, білім беру жүйесі даму тұғырын сақтап қалуға ұмтылды. Білім беру жаңа сапаға: өзгермелі, демократиялық және вариативті сипатқа көшті. Оқу мекемесінің типін, бағдарламалар деңгейін, т.б. таңдау мүмкіндігі туды. Білім беру жүйесі жаңа бағыт іздеу, оқыту мазмұнын жаңартуға бет бұрды.

Әлеуметтік жағдайды, жаңашылдық өзгерістер мен әлемдік педагогикалық тәжірибені қазіргі ғылыми тұрғыдан талдау білім беруді дамытудың жаңа бағдары – жаңару стратегиясын таңдауға себепші болды.

Алдымен білім беру мақсаттарының өзгерісіне, ізінше оның тиімділігі өлшемдері келді. Білім беру жүйесі әлі де болса соңғы нәтиже ретіндегі білім, білік және дағдыға бағдарланған. Білім деңгейі мектеп бітірудегі, жоғары оқу орындарына түсуде т.б. негізгі өлшемдер ретінде қарастырылады. Ежелден белгілі: “көп білім ақылдылыққа үйретпейді”. Сондықтан оқыту жеке тұлғаны қалыптастыруға, дара мүмкіндіктерін, шығармашылығын дамытуға бағытталуы тиіс. Оқыту - міндетті түрде тәрбиелік қызметпен сабақтастықта өтуі қажет.

Осы тұрғыдан білім беру мақсаттары әлеуметтік-жекетұлғалық құндылықтарға, сонымен қатар жекетұлғалық-даралық сипатта болу қажеттігі туындады.

Сондықтан қазіргі қоғам талабына сай, баланың ой-өрісін дамыту, біліктері мен шеберліктерін қалыптастыру, оны өз тәжірибесінде, жаңа жағдайларға байланысты қолдана алу, ой дербестігін кеңейту, заман сұранысына сай ізденімпаз, шығармашыл тұлғасын қалыптастырудың бірден-бір жолы – 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу екендігін әлемдегі өркениетті елдер мойындап отыр.

Білім беру жүйесіндегі реформаның міндеті тек қана қосымша бір немесе 2 жыл қосу емес, қазіргі қоғамдағы түбегейлі өзгерістерге сәйкес, ХХІ ғасыр мектебін жаңарта отырып, алған білімі мен біліктерін өмірде шығармашылық тұрғыда қолдана алатын, ұлттық, мәдени, рухани құндылықтар негізінде жан-жақты дамыған жеке тұлғасын қалыптастыру екендігін түсінетін уақыт жетті.

Сондықтан әлемдегі білім беру ісінің даму жағдайына талдау жасай отырып, ерекше үміт күттіретін тенденциясын көрсетуге болады:

● мектеп жүйесіндегі демократизация;

● мектеп тәрбиесінің гуманистік бағыты;

● оқушылардың шығармашылығын, дербестігін, ізденімпаздығын, белсенділігін дамытуға бағытталған оқытудың әдіс-тәсілдерін қолдану;

● ұлттық-мәдени, рухани құндылықтарды пайдалану;

● оқыту жүйесін модернизациялау;

● тәжірибелік-эксперименттік іс-әрекет;

● жаңа техникалық құралдарды пайдалану;

● мектептегі және мектептен тыс уақыттағы оқыту мен тәрбиелеуді

кіріктіру.

Әлемдегі алдыңғы қатарлы мектептер тәжірибелерін жалпылап, құнды бағыттары мен идеяларын ұлттық психологиямызға сәйкес пайдалана отырып, еліміздегі білім беру мәселесін жаңа жолға қою өзекті мәселе. Мемлекеттік білім беру жүйесі негізінде әлемдік білім кеңістігіне ену – оқушының күнделікті оқу жүктемесін азайту арқылы денсаулығын сақтау, бос уақытын жеке мүмкіндіктері мен қабілеттерін жетілдіруге жұмсауға жағдай жасап қана қоймай, оқыту сатылары бойынша оқу материалын тиімді түрде игеруге, оны өмірде қолдану және болашақ мамандықтарына қажетті дағдыларды жинақтауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекетаралық білім сайыстарына, бағдарламаларға, білім жобаларына қатысуына мүмкіндіктер туындайды, нәтижесінде отандық аттестаттардың шетелдерге танылуын қамтамасыз етеді.

Сондықтан білім беру жүйесіндегі реформа кезеңдерге бөлініп, эволюциялық

жолмен, жаңа әдіс-тәсілдерді, құралдарды пайдалану арқылы жетілдіру, оқыту мен тәрбиелеудің мазмұнын жаңарту, білім беру процесінің жаңа моделін сынақтан өткізу және мектепті бірте-бірте жаңа шығармашылық іс-әрекет ұстамына көшіру түрінде жүзеге асырылуы тиіс.

Жалпы, жаңарған мектепте оқыту құрылымы мен ұйымдастырылуы оқушылардың қызығушылығы мен қабілеттеріне, рухани дамуына, олардың өмірлік жоспарларының жүзеге асырылуына бағытталған, көпвариантты және икемді болуы қажет. Сондай-ақ бұл мәселеде негізгі, орта және жоғары мектептің, өндірістің т.б. өзара сабақтастығы проблемасын ескерген жөн.

Ақпараттандыру, жаһандану жағдайындағы қазіргі білім беруді дамыту мен жетілдіруді түрлі инновацияларды енгізусіз, жаңаша оқытуға қатысты принципті бағыттар қатарын қайта қарамайынша елестету мүмкін емес. Солармен бірге, қазіргі мектептің педагогикалық процесін бүгінде қарқынды даму үстіндегі инновациялық білім беру жүйелерімен, бірінші кезекте, шығармашылық қабілетке, шығармашылық рефлексияға, шығармашылық өзін-өзі дамытуға, шығармашылық дербестікке, креативтілікке қойылып жатқан талаптарға сәйкес келуі мәселесінің қарастырылуына да үлкен мән берілуі керек.

Жеке тұлғаның шығармашылық әлеуетін дамыту тетіктерін зерттеуге деген әлеуметтік тапсырыс креативтік проблемасының ерекше өзектілігін ескертіп отыр. Шығармашылық қызығушылықтың динамикалық даралық сипаты креативтілікте және оның негізгі көрсеткіштерінде көрінеді. Бірақ, мәселе мынада: креативтік педагогикалық, психологиялық ғылымдарда тұрақталған категориялар болып табылса да, «креативтілік» түсінігі өз пайымдауын тапқан жоқ және шығармашылық психологиясынан жеткілікті талдауын талап етеді. Креативтілік проблемасы қазіргі кезеңде зерттеліп жатқанымен, бірқатар ғылыми-зерттеу жұмысы белгілі бір дәрежеде шығармашылықтың түрлі аспектісін қарастырғанымен, бүгінге дейін проблеманың өзіне де, оған қатысы бар түрлі қолданбалы сипаттағы сұрақтарға байланысты да бірыңғай пікір қалыптаспай отыр.

Қоғамды гуманизациялау – ХХІ ғасыр басындағы ғылыми мәселе десек те болады. Қазірдің өзінде, оның дамуының бүгінгі кезеңінде бұл тенденция адамдық фактордың анықтаушы ролімен көрсетіліп отыр. Осы фактор феноменологиясында шығармашылық қызығушылық басым және оның негізгі құраушысы болып табылады.

Қазақстан білім беру парадигмасы ҚР Конституциясы, “Қазақстан – 2030” стратегиялық бағдарламасы, білім беру саясаты, заңдар мен ресми құжаттарды терең талдау нәтижесіне қалыптасып келеді.

Теориялық талдаулар көрсетіп отырғандай, тарихи кезеңде бірін-бірі алмастырушы парадигмалар нәтижесінде жаңа идеялар мен принциптер, шығармашылық қатынастар мен мәдениеттің дамуын терең ұғынуды талап етеді.

Сонымен, ғалымдардың пікірлерін тірек ете отырып және талдау нәтижесінде: білім берудің жаңа парадигмасы жаңа өркениеттік бағдар тұрғысында, мемлекеттік стандарттарға сай, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған, инттеллектуалдық білім орталығы ретіндегі инновациялық мектепте ғылыми-әдіснамалық негізделген білім берудің концептуалдық моделі деген анықтама берілді.

Сонымен, білім беру дағдарысына талдау жасау бүгінде ең алдымен адамның шығармашылық мәні мен руханилықты дамытуға бағытталған жаңа білім беру парадигмаларын жасау қажеттілігін түсінуге алып келді. Бұл ретте білім беру практикасының негізгі міндеттері табиғат пен қоғамның заңдарын оқыту ғана емес, сонымен бірге, әлемнің шығармашылық тұрғыдан қайта

жасалуының гуманистік әдіснамасын меңгеруге көмек беру және «адам-табиғат-қоғам» жүйесіндегі қарым-қатынастарды үйлесімді ету болып отыр. Мұндай міндеттерді негізгі мақсаты адамның шығармашылық әлеуетін сақтау мен дамыту болып табылатын инновациялық білім беру ғана шеше алады.

Осы ретте, шығармашылық қызығушылықты қалыптастыру білім берудің мақсатты бағдары ретінде қарастыру керек. Алайда, білім беру жүйесінің өзі жеке тұлғаның шығармашылық әлеуетін дамытуға жағдай жасамай, бұл мақсатқа практикалық тұрғыда мән берілмей отыр.

Бүгінгі күні өткеннің қателіктері неден тұратындығын біліп қою жеткіліксіз. Маңыздырағы - қандай бағыттарда ілгерілетуді ұғыну мен түсіну. Осындай бағыттардың бірі психологиялық-педагогикалық білімдердің берік ағынын тірек еткен, ХХІ ғасыр білімі деп батыл санауға болатын инновациялық креативті білім беру болып табылады. Инновациялық креативті білім беру – қазіргі мектептерде оқытудың шығармашылық қызметі сапасын анықтайтын, жаңаны тану мен жасауға бейімделу арқылы танылатын әрбір жеке тұлғаны қалыптастыруға бағыттайтын интеллектуалдық процесс.

Сонымен, классикалық пен қазіргі жаңа парадигмалардың айырмашылығы жалпылай айтқанда, адам туралы және білім алу арқылы оның дамуы туралы мынадай іргелі түсініктердің өзгеруінде (1-кесте).
1-кесте - Білім беру парадигмаларының сипаттамалары





Классикалық парадигма

Жаңа парадигма

1

Білім берудің негізгі міндеті: өскелең ұрпақты дайындау

Білім берудің негізгі міндеті: жеке тұлғаның дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыру жағдайын қамтамасыз ету

2

Адам - қарапайым жүйе

Адам - күрделі жүйе

3

Білім - өткен шақ тәжірибесінен («еске алу мектебі»)

Білім – болашаққа бағдар («ой-өріс мектебі»)

4

Білім беру – білім, білік, дағдылардың белгілі үлгілерін оқушыға беру

Білім беру - адам өз санасында әлем бейнесін жасау оны пәндік, әлеуметтік, рухани мәдениетпен ұштастыруы

5

Оқушы – педагогикалық ықпал ету обьектісі

Оқушы – танымдық іс-әрекеттің субъектісі

6

Субъект-объектілік, педагог пен оқушының монологиялық қатынасы

Субъект-субъектілік, педагог пен оқушының диалогтық қарым- қатынасы

7

Оқушының “жауап берушілік”, репродуктивті іс-әрекеті

Оқушының белсенді, шығармашылық іс-әрекеті

Өзінің білім беру әлеуеті жағынан классикалық парадигмадан басым жаңа парадигмалардың қалыптасуы - тарихи ұзақ және қарама-қайшылықты процесс. Мысалы, ХІХ-ХХ ғасырлардың шегінде пайда болып, ерікті жеке тұлғаның, субьектінің өзін-өзі дамытуын, білім мазмұнын таңдаудағы олардың еркіндігі проблемаларын шешуге алғаш талпынған антропологиялық парадигманы қарастыруға болады. Егер классикалық модельде оқу процесінің өзегінде дидактикалық кешеннің формальді элементтері тұрып, ал оқушы табиғаты мұғалімнің тәжірибесі мен біліміне, мүмкіндіктеріне тәуелді болса, антропоцентрикалық оқу процесі үлгі бойынша қалыптастыратын - дәстүрлі оқу процесінен айырмашылығы, оқу іс-әрекетінің барлық құрылымы индивидтің өзін-өзі дамыту мақсатына бағытталғандығы.



Сонымен, креативтілік – рухани құндылықтарды жасаушы және жеке тұлғаның шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі дамыту шарты бола отырып, рефлексия мен субъективтік өзін-өзі бағалау негізінде жаңа нәтижелерге жетуде шығармашылыққа қабілеттілігінен көрінетін сапалық қасиеті.

Мектеп оқушыларының шығармашылық қызығушылығын қалыптастыру өте маңызды, күрделі және көп салалы мәселе болып есептеледі. Шығармашылық дегеніміз – бұл адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен саналы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өшуіне жол бермеу адамның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі тануына көмектеседі.



Шығармашылық іс-әрекет – мәселелі қою, ойды тұжырымдап айту, идеяның пайда болуы, оны шешу, оның логикалық дамуы, аталған мәселені шешуде тиімді әдістерді қолдану, негіздеу, оны тәжірибе жүзінде дәлелдеу барысында нәтиженің нақты көрінуі.

Оқушының шығармашылық деңгейі – оның мәселені қою мен оны шешудің жолдарын табуынан көрінеді. Мұнда жаңа білімді меңгеру процесі шығармашылық ойдың қалыптасуымен және дамуымен бірге жүреді. Демек, шығармашылық ойдың нәтижесі - тек қана белгілі ұғымдарды қайталап, жаңғыртумен ғана емес, сонымен қатар жаңа білімді жасау, тапсырманы орындауда жаңа жолдарды ашу.

ХХІ ғасыр білімін адамның шығармашылық қызығушылықтарының дамуы, оның өзінің жеке тұлғалық дамуы деп түсіну қажет. Бұл - әр адамның өзін-өзі жасампаздықпен қайта құра алуы, қоғамдық талаптар тұрғысынан өзіне сыни баға бере алуы, айналаны өзгертуге қатыса алуы. Білім арқылы адамның интеллектуалдық, рухани күші артып, жеке тұлғасы қалыптасады. Шығармашылық қызығушылық әлеуеттің дамуы жаңашылдықтың қажеттілігін сезіну арқылы, оған деген өзінің сенімдерін қалыптастыру арқылы көрінеді де, өз білімін, танымын кеңейтуге негіз болады.

«Шығармашылық қызығушылық» ұғымының мазмұнын психологтар мен педагогтар төмендегідей сипаттайды:

- жаңалықты сезінуге деген тұлғаның сезімдері, жаңалыққа ұмтылу, ойлаудың жоғары деңгейі, жаңа жағдайға қарай әрекет түрлерін тез арада өзгерте алу қабілеті (Ю.Н. Кулюткин);

- тұлғаның шығармашылыққа бағытталған позициясы, бағыттылықтары (А.М. Матюшкин);

- индивидтің шығармашылықпен өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігін көрсететін қасиет (Л.В.Занков).

Бүгінгі Қазақстанға қалыптан тыс ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін, белсенді, шығармашыл жеке тұлға қажет.

Әлемдік білім кеңістігіне енудің жаңашылдық стратегиясына сәйкес, мектептің ғасырлар бойғы даму тарихында алдыңға қатарлы педагогикалық ой өкілдерінің шығармашылық қызығушылықты қалыптастыру идеяларын зерттеу және талдау негізінде маңызды бес бағытты бөліп көрсетеміз: философиялық-танымдық бағыт; дидактикалық-психологиялық бағыт; педагогикалық-әдістемелік бағыт; педагогикалық-инновациялық бағыт; акмеологиялық бағыт.

Сонымен, психологиялық-педагогикалық және философиялық зерттеулерді талдау мынадай тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді.



  • Шығармашылық қызығушылықты қалыптастырудың қазіргі тұжырымдамасы жаңа парадигмаға сүйенеді, ол әр жеке тұлғаның ынтасы; әр жеке тұлғаның даму мүмкіндіктерінің, оның ішінде оның шығармашылық өзін-өзін дамытуды қажетсінуінен; ішкі еркіндігінің басылымдылығы – сырқы шығармашылық өзін-өзі дамытудың табиғатын танымдық қызығушылықтың ықпалдастырылған сипаттамасы ретінде түсінуден тұрады.

  • Жеке тұлғаның шығармашылық қызығушылығы – бұл ішкі процесс, адамның орта әсеріне белгілі бір жауап беру тәсілі, өзіндік қарама-қайшылықтар әсерінен және қоршаған ортаға, әлеуметтік қатынастардың субъектісі ретінде өзінің субъективті қарым-қатынастарын есепке алу негізінде өзін саналы түрде жетілдіруге ұмтылысы.

  • Шығармашылық қызығушылықтың жетекші функцияларына талаптанушылық, танымдық, реттеушілік, рефлексиялық, белсенді өзара қарым-қатынас т.б. жатқызылады. Олар өзін-өзі дамытудың бағыттылығы мен артуын, тұлғалық компоненттердің деңгейін және олардың сабақтастығын айқындайды, адамға өзін жетілдіруге орай дербес әрекетін ұйымдастыруға мүмкіндік туғызады.

  • Шығармашылық қызығушылықты қалыптастыру - субъект-субъектілік бағдардың шығармашылық әрекетінің ерекше түрі, ол бір жағынан “өзіндік” процестердің “өзін-өзі тану, өзін-өзі айқындау, өзін-өзі басқару, өзін-өзі таныту” қарқынын күшейту мен тиімділігін арттыруға, екінші жағынан, педагог олардың шешімін табу барысында субъектілік бағыт ұстанатындай, тұрақты түрде күрделеніп отыратын проблемалық шығармашылық міндеттердегі қарама-қайшылықтарды шешуге бағытталады.

Зерттеу жұмысында көрсетілген мәселелерді теориялық тұрғыда саралай отырып және мектеп практикасындағы қалыптасқан іс-тәжірибелерді зерделей келе, біз “шығармашылық қызығушылық” ұғымына мынадай анықтама береміз:

Шығармашылық қызығушылық – жеке тұлғаның жаңа жағдайда өзекті мәселенің шешімін табуға танымдық бағдары негізінде, психологиялық сапаларын дамыта отырып, білімдік-рухани құндылықтарға жетуге ұмтылысымен сипаталатын және шығармашылық қабілетті дамытуға жетелейтін танымдық сапасы“

Оқу процесінде оқушылардың шығармашылық сипаттағы тапсырмаларын жүйелі түрде ұйымдастыру және оны болашақтағы кәсіби бағдарымен сабақтастыра зерттеу мұғалімнің педагогикалық құзіреттілігіне де байланысты. Өз пәнін жетік меңгерген және оның мазмұнын жаңа біліммен үнемі толықтыра отырып, шығармашылықпен жұмыс істеуі, өз болмысын терең зерделей отырып, жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына өзінің қолтаңбасын қалдыруына, рухани тұрғыда терең түсінуі мұғалімнің ішкі құндылық бағдарына байланысты.

Оқушының шығармашыл тұлғасын қарастыру оның көптеген сапалық қасиеттерінен тұрады:



1) когнитивтік (танымдық) сапалары – қоршаған әлемді түсінуі, құбылыстардың мәнін білуге ұмтылуы, танымдық ынтасының тұрақтылығы т.б.

2) креативтілік (шығармашылық) сапалары – ойлау белсенділігі, шығармашылық шабыт, қиял, болжай білу, ой тереңдігі, қарама-қайшылықтарды көре білу немесе сезу; өзекті мәселені табу; шығармашылық қызығушылығының тұрақтылығы т.б.;

3) әдіснамалық (ұйымдастырушылық) сапалар – тапсырманың мақсаты мен мәнін түсіну,мақсатқа жетуде іс-әрекетті оңтайлы ұйымдастыру, нәтижеге жетудегі табандылық, рефлексиялық ой-санасы, коммуникативтік қабілеттері т.б.

Сонымен, білім берудегі инновациялық процестерді жүзеге асырып, дамыту – бұл білім беру жүйесінің дамуы, оны жаңарту мен тиімділігін арттырудың шарттары. Сондықтан да қазіргі таңда балаға деген көзқарас пен қарым-қатынаста баланы объект деп қарамай, оны дамушы тұлға ретінде қабылдап, оқу-тәрбие жұмысын осыған лайық өзгерістерге сай, қазіргі педагогикадағы тұлғаны қалыптастыруға бағытталған жаңа технологияны енгізудің қажеттілігі туындап отыр. Ал жаңа технологияны пайдаланудың мақсаты – міндетті деңгейдегі білімді қалыптастыра отырып, шығармашылық деңгейге жету.

Білім берудің адамға, тұлғаға бағытталуы, білім мазмұнының жариялылығы заман талабына сай білім беру мен ұлттық оқу-тәрбие процесінің гуманистік сипаты жаңаша оқытудың әдіснамалық негізі ретінде қызмет ете алады. Оқытудың мазмұнын, өзіндік ерекшеліктерін, одан туындайтын ұстанымдары мен шарттарын жүйелеу арқылы қазіргі ұлттық білім берудің философиялық тұғырнамасын, әдіснамалық және әдістемелік негіздерін жасауға болады, мұны ескермей мектептер мен білім беру мекемелеріндегі ұлттық идеяны көздейтін тұжырымдамалық тұтастықты қамтамасыз ету мүмкін емес.

Бүгінгі білім жүйесінде, Д. Дьюи атап өткендей, “Үлкен өзгерістер басталуда. Ол маңызы жағынан Н. Коперниктің жаңалығына (күн астрономиялық орталық, басқа планеталар оның айналасына шоғарланады, оны айнала қозғалады) тең болып отыр, яғни, оқушы тұлғасы орталыққа айналып, барлық педагогикалық әрекеттер оның айналасына шоғырландыра жүргізіледі”.

Шығармашылық іс-әрекетке деген ынта-ықыласты оятуда мынадай оқыту қызметтерінің маңызы зор: оқудағы жетістікті қамтамасыз ету; оқыту формаларының түрлерін жетілдіру, оқу материалының мазмұнын оқушылардың ерекшеліктеріне сәйкес құру, білімді меңгерудің әдіс-тәсілдерін оңтайландыру, жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану, мұғалім мен оқушының жағымды ықпалды әрекеттерін жетілдіру, шығармашылық оқытуды кеңінен пайдалану т.б.

Теориялық зерттеулеріміз бен тәжірибелік жұмыстарды сабақтастыра зерделеу шығармашылық қызығушылықты шартты түрде 3 топқа бөліп қарастыруға болатындығын көрсетті:



1) мақсатты қызығушылық – оқушының белгілі бір мақсатына байланысты, пәндік, болашақ мамандығына байланысты міндеттері мен жоспарына сәйкес шығармашылық іс-әрекетке ынтасы мен тұрақты қызығушылығы;

2) әрекеттік қызығушылық – оқушы шығармашылық іс-әрекетте өзекті мәселені шешуге ұмтылысы және жүргізіліп жатқан жұмыстың ағымында ғана қызығып, жолдастарымен бірлесе отырып жұмыс істеуі;

3) танымдық қызығушылығы – оқушының шығармашылық іс-әрекетке тұрақты қызығушылығы мен ынтасы, жаңашылдыққа ұмтылу, жаңа мақсаттарға сәйкес, жаңа нәтижеге жету, білімді құндылық бағдар ретінде тануы.

Зерттеулеріміз нәтижесі көрсетіп отырғандай, шығармашылық іс-әрекет нәтижелері оқушының жеке тұлғасының қалыптасуына, танымдық біліктерінің жетілуіне, психологиялық механизмдер арқылы оң әсерлері бар рефлексия нәтижесінде өз іс-әрекетіне жауапкершілік, өз болашағына және қоғам өміріндегі құндылықтар мен дұрыс көзқарас принциптерінің қалыптасуына мүмкіндік береді.

Педагогикалық-психологиялық әдебиеттерді теориялық зерделеу мен мектептердегі тәжірибелік жұмыстарымыз оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделін жасауға мүмкіндік берді. Модельдің мазмұны: мотивациялық-еріктік, мазмұндық-операциялық, рефлексиялық-бағалау компоненттерінен тұрады.

Мотивациялық-еріктік компонент – білім берудің жаңа парадигмасына сәйкес, оқушының шығармашылық іс-әрекетке құндылық бағдар ретіндегі ынтасы, жаңалыққа қызығушылығы, өзекті мәселенің шешуін табуға құлшынысы, ерікті түрде өз іс-әрекетін шығармашылық сипатта ұйымдастыруға талаптануы, шығармашылық дербестікке ұмтылуы және қажетсінуін қамтиды.

Мазмұндық-операциялық компонент - өзін шығармашылық қызметтің субъектісі ретінде тануы, жеке тұлғалық ерекшеліктері мен өзін-өзі шығармашылық дамытудың тәсілдерін білуі, шығармашылық іс-әрекетті іске асыру біліктілігінің болуы, ұжымдық шығармашылық жұмыстарға талаптануы және оны ұйымдастыра білуі, пәндік ғылыми білімдерінің және қажетті жағдайда қолдану мүмкіндігінің болуы.

Рефлексиялық-бағалау компоненті – шығармашылық іс-әрекетке талдау жасай білуі, жетістіктері мен сәтсіздіктерін себептерін анықтай білу, жауапкершілік сезімінің және жолдастық көмек, ізденімпаздық іс-әрекетке даярлығының тұрақтылығы, шығармашылық ой-өрісінің белсенділігі мен рефлексиялық бағытының қалыптасуы, жоғары танымдық қызығушылық негізінде шығармашылық бағыттылығының тұрақтылығы (2-кесте).

Көрсетілген модельдің негізінде жоғары сынып оқушыларының шығармашылық қызығушылығын қалыптастырудың үш деңгейі анықталды: жоғары, орташа, төмен.



Жоғары деңгей: шығармашылық іс-әрекетте танымдық қажетсінуі қалыптасқан, ізденімпаздықпен дербес жұмыс істеуге, жаңаны табуға талаптанады. Жаңашылдыққа жаны құмар, білімді құндылық бағдар ретінде

2-кесте – Оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастыру моделі



Компоненттер


Өлшемдері


Көрсеткіштері


Мотивциялық-еріктік компонент


Шығармашылық іс-әрекетке құндылық бағдар ретіндегі танымдық ынтасы мен танымдық қажетсінуі.



- өзекті мәселенің шешімін табуға құлшынысы,

- шығармашылық іс-әрекетке танымдық ынтасы,

- шығармашылық іс-әрекеттің тұлғалық-құндылық мәнін түсінуі.


Мазмұндық-операциялық компонент


Өзін шығармашылық іс-әрекеттің субъектісі ретінде тани отырып, ғылыми білімдерді меңгеруі мен оны практикада пайдалану біліктілігінің болуы.



- шығармашылық іс-әрекет әдістері мен тәсілдерін білуі,

- жаңаны табуда танымдық біліктерінің қалыптасуы,

- шығармашылық іс-әрекетті жоспарлау және оны тиімді ұйымдастырудың жолдарын меңгеруі,

- ұжымдық шығармашылық жұмыстарға талаптануы және білімдерін қажетті жағдайда өзара ықпалдастық сипатына сай, практикалық тұрғыда сабақтастыра білуі.




Рефлексиялық-бағалау компоненті


Жеке тұлғаның танымдық қажеттіліктері мен қоғамның сұранысына сай үйлесімді бағдары, әлеуметтік-психологиялық рефлексияның қалыптасуы.



- шығармашылық іс-әрекетке, ізденімпаздық жұмыстарға талдау жасай білуі,

- жеке іс-әрекетін ұйымдастырушылық тұрғыда өз бетімен сараптау,

- жоғары танымдық қызығушылық негізінде шығармашылық бағыттылығының тұрақталуы,

- іс-әрекетті объективті бағалай, кемшіліктерді жоюға жауапкершілікпен қарау,

- өзін-өзі дамытуда рефлексиялық бағытты таңдау, жеке тұлғалық құндылықтарды саналы түсіну.

тани алады, білімін қажетті жағдайда еркін және оңтайлы пайдалана біледі. Болашақ кәсіби іс-әрекетін жоспарлап, кәсіптік бағдары анықталған, инновациялық процестерді ынтасымен қабылдайды.



Орташа деңгей: оқу-танымдық материал мазмұнын тапсырма мақсатына байланысты шығармашылық іс-әрекетті ұйымдастыра алады, бірақ үлгіні және тапсырманың орындау жолдарына нұсқау беруді қажетсінеді. Шығармашылық іс-әрекеттің құндылық ықпалын түсінгенімен, тұрақты қызығушылығы қалыптаспаған. Ұжымдық шығармашылық жұмыстарға белсене араласқанымен, дербес жұмыстарға тәуекел етпейді. Өзін-өзі дамытуда рефлексиялық бағыттың толымсыздығы байқалады. Шығармашылық іс-әрекет нәтижелерін бағалауда өз пікірін білдіруге асықпайды.

Төмен деңгей - өз шығармашылығын дамытуға белгілі бір жағдайларда ғана қызығушылық танытқанымен, оны тұрақты қажетсінбейді. Шығармашылық іс-әрекеттің жеке тұлғалық сапалық қасиеттерінің дамуына әсерін талдай алмайды. Өз сәтсіздіктері мен жетістіктерін сыртқы жағдайлардың нәтижесі ретінде қарастырады. Мазмұнды-операциялық компоненттерін меңгеру толымсыз жағдайда.

Сонымен, білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында оқушылардың шығармашылық қызығушылығын қалыптастыру мәселесін жан-жақты талдай отырып, біз зерттеп отырған мәселенің жоғары сынып оқушыларының білімдік құзырлылығын қалыптастыруда маңыздылығы жоғары екенін анықтадық.



Құзырлылық – мектеп бітіруші жастардың өзінің және қоғам өмірінің өркендеуіне жауапкершілігін сезінуі, оған дайындығы мен қабілетін көрсетеді. Сондықтан білім беру жүйесі мен әр педагогтың міндеті оқушының ізденімпаздығы мен дербестігін дамыта отырып, өз қабілеттерін жүзеге асыруда шығармашылық сипатта іс-әрекет етіп, мәдениет деңгейінің жоғары сатысына жетуде мемлекеттің құқықтық жүйесі мүмкіндіктерін білу, білімі мен біліктіліктерін үнемі жетілдіру болып табылады. Осы мақсатта ғалымдар (А.В.Хуторской т.б.) негізгі құзырлылық түрлерін ұсынды: интеллектуалдық, азаматтық-құқықтық, коммуникативтік, ақпараттық т.б.

Білім берудің негізгі мақсаттарына, әлеуметтік тәжірибенің құрылымы мен жеке тұлға тәжірибесіне, сондай-ақ оқушы іс-әрекетінің негізгі түрлеріне байланысты мынадай білімдік құзырлықтар маңызды:



1) Құндылық түсінігі құзырлылығы – бұл оқушының құндылық бағдары, қоршаған әлемді көре білуі мен түсіну қабілеті, өзінің ондағы рөлін сезінуі, өз іс-әрекетінің мәнділік және мақсатты ұстанымының болуы, шешім шығара білуі. Бұл құзырлылықты меңгерген оқушы оқу және басқа іс-әрекетте өз білімі мен біліктерін жүзеге асыра білу қабілетіне ие болады, нәтижесінде оқушының жеке білімдік кеңістігі және оның өмірлік әрекет бағдарламасы қалыптасады.

2) Жалпымәдени құзырлылық – таным мен жалпы адамзаттық мәдениет, ұлттық мәдениет аймағындағы адамның іс-әрекет тәжірибесі, адамзат қоғамы мен жеке халықтардың, адам өмірінің рухани-адамгершілік түсінігінің болуы. Оған адам өміріндегі ғылым мен діннің ролі, әлеуметтік құбылыстар мен дәстүрлер, отбасы мәдениеті, олардың қоршаған әлемге әсері, оқушының оны игеруі мен мәдени тұтастықты сезінуі.

3) Оқу-танымдық құзырлылық – оқушының дербес танымдық іс-әрекет арнасындағы құзырлылықтар жиынтығы: білім мен мақсаткерлік, жоспарлау, талдау, оқу-танымдық әрекетті өзіндік бағалау. Оқушы жаңа шығармашылық әрекет дағдыларын меңгереді: нақты жағдайда іс-әрекет тәсілдерін біледі, мәселені шешуде эвристикалық әдістерді қолданады. Бұл құзырлылық аумағында оқушының сауаттылық талаптары анықталады: шындықты, фактіні анықтай білу, өлшеу дағдыларын игеру, статистикалық, мүмкіндік және басқа таным тәсілдерін білуі.

4) Ақпараттық құзырлылық – оқушының оқу пәніндегі және білім алу шеңберіндегі, сондай-ақ қоршаған әлем туралы ақпаратты қолдана білу дағдылары. Түрлі нысаналар (теледидар, үнтаспа, телефон, компьютер) және ақпараттық технологиялар (бейне, таспа, электрондық почта, Интернет т.б.) көмегімен ізденімпаздық біліктері қалыптасып, ақпаратты талдау, саралау, сараптау, сақтау және оны тарата білуге үйренеді.

5) Коммуникативтік құзырлылық – тілдерді білу, айналасындағы адамдармен сөйлесу, топта жұмыс істей білу дағдысы, түрлі әлуметтік рольдерді меңгеруі. Оқушы өзін таныстыра білуі, хат жазу, сауалнама толтыру, өтініш жазу, сұрақ қою, пікірталасқа қатыса білуі т.б. керек.

6) Әлеуметтік-қызмет құзырлылығы – азаматтық-қоғамдық әрекет шеңберіндегі (азамат, бақылаушы, сайлаушы, өкіл т.б. рөлін орындау), әлеуметтік-қызмет аумағында (тұтынушы, сатып алушы, өндіруші), отбасы қатынастары мен міндеттері көлемінде, экономика және құқық сұрақтарында, кәсіби бағдар бойынша білімдері мен тәжірибелерін меңгеруін көрсетеді.

7) Жеке тұлғалық өзін-өзі жетілдіру құзырлылығы – оқушының дене, рухани және интеллектуалдық өзіндік дамуы, эмоционалдық тұрғыда өзін-өзі реттеу мен жүзеге асыру тәсілдерін меңгеруге бағытталады. Оқушы өз қызығушылығы мен мүмкіндіктері арқылы өзіндік танымын, қазіргі кезеңдегі қажетті жеке тұлғалық қасиеттерін дамытып, психологиялық сауаттылығын, ойлау мәдениеті мен мінез-құлық мәдениетін меңгереді. Сондай-ақ бұл құзырлылыққа жеке бас гигиенасы, өз денсаулығы мен экологиялық мәдениет кіреді.

Сонымен, мектептердегі оқытудың шығармашылық бағыттылығы мынадай мәселелерді қарастыруы тиіс: бағдарламалық-мотивациялық; ізденушілік-зерттеушілік; тәжірибелік; рефлексиялық-бағалаушылық (3-кесте).

Бағдарламалық-мотивациялық әрекет оқушылардың өзекті мәселе қоюымен, олардың белгіленген әрекетке қызығушылық мотивациясымен байланысты.

Ізденушілік-зерттеушілік әрекетінің мәні оқушыларды білімді өзіндік ізденімпаздықпен меңгеруге, қажетті қорытындылар жасауға, оларды еске сақтауға қолайлы сызбалар (кестелер, тірек конспектілер, суреттер, формалар және т.б.) түрінде рәсімдеуге жетелеуде болып табылады.

Тәжірибелік әрекет жеке міндеттердің шешімін табуда ұғынылған қорытындыларды өз беттерінше шығармашылықпен қолдануды қарастырады.

3-кесте – Оқытудың шығармашылық сипаты


Психологиялық саты

Дидактикалық міндеттер



Нәтижелік көрсеткіштері


1. Бағдарламалық-

мотивациялық



Жаңа материалды зерттеуге, білгісізді тану, білімді игеруге құлшынысын ояту, шығармашылық қызығушылығын дамыту.

Оқушылардың оқу міндетінің шешімін табу үшін қажетті білімді айқындау әрекеттері, интеллектуалдық пікірталас тудыру т.б.



2.Ізденушілік-зерттеушілік

Оқу міндетін шешу және жаңа білім алу мақсатындағы ізденушілік әрекеттерімен қамтамасыз ету, шығармашылық бағыт қалыптастыру.

Оқу міндетінің шешімін табудың оңтайлы жолдары мен нұсқаларын іздеу, алынған шешімнің қорытындыларын тұжырымдау және жаңа ізденістерді табу.



3. Тәжірибелік

Алған білімді қолдануға орай, өзіндік іс-әрекетті қамтамасыз ету. Білімді шығармашылықпен қолдану.

Жеке міндеттерді шешу нұсқаларын табу, теориялық білімдерін жаңа жағдаяттарда қолдану



4.Рефлексиялық-бағалаушылық

Оқушыларды іс-әрекет тәсілдерін, қарым-қатынасты, оқу нәтижесін өзіндік бағалауды қамтамасыз етуге, рефлексияға үйрету.

Оқушылардың ақыл-ой әрекеттерінің мәнін түсінуі, өзін-өзі реттеу тәсілдерін болжау, өзіндік бағасын мұғалім бағасымен салыстыру, ой-тұжырымын жасау, рефлексия.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет