Өмірбекұлы жандос



бет1/3
Дата25.02.2016
өлшемі452.21 Kb.
#19051
түріДиссертация
  1   2   3


ӘОЖ 314.14 (574.5) Қолжазба құқығында

ӨМІРБЕКҰЛЫ ЖАНДОС




Түркістан қаласы мен агломерациясының әлеуметтік-демографиялық жағдайы (1867-2009 жж.)

07.00.02  Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесiн алу үшiн дайындалған диссертацияның


АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихи-демография және қазіргі заманғы әлеуметтік процестер бөлімінде дайындалды.




Ғылыми жетекшілері:


тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі

М.Х. Асылбеков

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент А.И. Құдайбергенова





Ресми оппоненттер:

тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.А. Ермекбаев

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Г.Б. Қозғанбаева




Жетекші ұйым:

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті



Диссертация 2010 жылы «12» қарашада сағат 14-30-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД. 53.33.01 Диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы, Шевченко көшесі, 28).



Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады (050010, Алматы, Шевченко көшесі, 28).

Автореферат 2010 «11» қазанда таратылды.



Диссертациялық кеңестің

ғылыми хатшысы, тарих

ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева





КІРІСПЕ



Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасы еліміздің әлеуметтік-демографиялық қазіргі кезеңдегі халық жағдайын жан-жақты зерттеу отан тарихы ғылымындағы өзекті мәселесіне айналып отыр. Баршамызға мәлім, ол кезеңдерде қоғамдық әлеуметтік-мәдени тұрғыдан дамуының табиғи барысы өзгертіліп, өңірдің дамуында біршама ауытқулар орын алған. Бұл өзгерістер жалпы Қазақстан халқының қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне ғана емес, сонымен қатар жалпы аймақтың, соның ішінде Түркістан қаласы тұрғындарының демографиялық жағдайына да өз септігін тигізді. Осыған орай қазақ қоғамының тұтас демографиялық және этностық даму сипатын анықтап алмайынша, еліміздегі халықтардың экономикалық, саяси және әлеуметтік өмірін кешенді түрде талдау мүмкін емес. Ал бұл өз кезегінде демографиялық статистика мәліметтеріне талдау жүргізуді, жүйелеуді және оның қарастырылып отырған кезеңдегі ортақ тұстары мен өзгешеліктерін анықтауды қажет етеді. Ал сөз болып отырған тарихи кезеңдегі демографиялық деректерді сол кезде халық туралы статистикалық мәліметтер жинау үшін қолданылған әдістер аясында ғана толыққанды және объективті зерттеуге болады.

Патшалық Ресейдің отарлық саясаты 1916 жылғы көтеріліс, 1917 жылғы Қазан төңкерісі және осыларға байланысты орын алған өзгерістер, кеңестік құрылыстың бастапқы сатысындағы экономикалық дағдарыс, екінші дүниежүзілік соғыс, соғыстан кейінгі ахуал, т.б. да едәуір септігін тигізді. Қазақстан халық санының дамуының жаңа кезеңі еліміздің әлеуметтік-саяси және экономикалық тәуелсіздік алуынан басталады. Республиканың тәуелсіздігі аясында Қазақстан халқының тарихи және заманауи дамуын толыққанды талдау мүмкін болып отыр. Осының негізінде ел халқының әрі қарай сандық тұрғыдан өсуінің және сапалық тұрғыдан дамуының ғылыми негізделген жолдары мен тәсілдері анықталуы мүмкін.

Республикамыздағы әрбір қаланың тарихи даму сатыларын, әсіресе кеңестік дәуірдегі жетістіктерін көрсететін өзіндік биографиясы, бетбейнесі бар. 1500 жылдан астам тарихы бар Түркістан қаласының да осындай жеке биографиясы бар. Ортағасырлардан бастап қазіргі күнге дейін бұл қала күллі қазақ халқының ең ірі рухани орталығы болып табылады.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» деген кітабында былай дейді: «Қазақ мемлекеттілігінің символына айналған Қ.А. Яссауи кесенесі бұдан біршама уақыт бұрын жалпы ұлттық пантеон ролін атқарған, онда қазақ халқының ұлы адамдарының мәйіті жатыр. Сондықтан біздің осы ескерткішті қайта қалпына келтіріп, жалпы ұлттың зейінін осы орталыққа аударып жатқанымыз өте дұрыс» [1].

Осылайша, Түркістан қаласы мен Оңтүстік Қазақстан өңірі халқының әлеуметтік-экономикалық тарихын зерттеу арқылы барлық шым-шытырық қайшылыққа толы кезеңдердегі жалпы Қазақстан аумағының тарихына тереңінен талдау жасауға мүмкіндік туындайды. Түркістан ел тарихындағы орны әрқашан да елеулі болған. Өңірдің географиялық орналасуы, ерекше табиғи-климаттық жағдайлары оның басқа аймақтарға ұқсамайтын өзгеше экономикалық, әлеуметтік, этно-демографиялық және мәдени тұрғыдан даму бағытын да ерекшелей түсті. Түркістан қаласы мен өңірі зерттеліп отырған кезеңде анағұрлым аз урбандалған аймақ болған, орта ғасырлар дәуірінің мәдени орталығы болып саналуына қарамай, мұндағы әлеуметтік-экономикалық жағдай тек аграрлық бағытта ғана дамыды, ал табиғи байлықтарды игеру барысы басқа аймақтарға қарағанда біршама кеш басталды.

Тарихшылардың зерттеу жұмыстарының басты бағыты нақты тарихи құбылысты қарастыру болып табылады. Осыған орай, аймақтың әлеуметтік-экономикалық тарихын зерттеу жұмыстары мұндағы өндірістік инфрақұрылымның қалыптасуын, соған сәйкес құрылған өндіріс орындарын, әлеуметтік-мәдени және коммуналдық-тұрмыстық инфрақұрылымның орналасу тәртібін талдау аясында жүзеге асырылады. Осылайша, таңдалған зерттеу жұмысы тақырыбының өзектілігі айқындалып, оның маңыздылығы ешқандай да күмән тудырмайды деп есептейміз.



Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ел қалаларының тарихын тереңінен және жан-жақты зерттеу тарихшылар үшін негізгі міндеттердің бірі болып саналады. Мәселенің өңделу дәрежесін бағалай отырып, біз төңкеріске дейінгі заманда да, кеңестік дәуірде де сөз болып отырған мәселелер бойынша жеткілікті дәрежеде ғылыми әдебиеттер шығарылған деп тұжырымдай аламыз. Алайда баршамызға мәлім, саяси және идеологиялық факторларға байланысты олардың көбі объективтілік талаптарына сай келе бермейді. Зерттеу жұмысында қарастырылған мәселелер аясы едәуір ауқымды болғандықтан, оған қатысты барлық әдебиеттерді бірнеше топқа бөліп қарастырған дұрыс.

Қазақстан халқының тарихи-демографиялық мәселелерін, ХІХ ғ.


70- жылдары мен ХХ ғ. басындағы этностық, саяси, әлеуметтік-экономикалық тарихын зерттеулер бар. Атап айтсақ, Н.А. Аристов, П.П. Семенов-Тянь-Шанский, П.Г. Галузо, С. Мадуанов, М.Қ. Жақып, А.П. Хорошкина,
Е. Смирнов, А.И. Добромыслов, А.П. Фоличенко секілді ғалымдар елеулі үлес қосқан. Ал, А.А. Кауфман еңбектерінде Қазақстанның патшалық дәуірден жаңа заманға дейінгі халқы, саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірі туралы көптеген мәліметтер келтірілген [2].

А.Н. Нүсіпбеков өңір халқын, олардың өзара байланысын сипаттаған.


Н.Е. Бекмаханова еңбектерінде өңірдің оңтүстік аймағындағы бірнеше қала тұрғындары жайында статистикалық деректер берілген. А.И. Макишев өзінің жеке бақылау нәтижелері мен көз көрген адамдардың ауызанан естіген деректерді, сондай-ақ жергілікті әкімшілік материалдарын пайдаланған. Сонымен бірге М. Шестаковтың, Н.А. Алексеенко және М.К. Төлекова [3] еңбетерін атап өткен жөн. Бұл еңбектерде кең ауқымды статистикалық және нақты деректер негізінде қазақ халқының саны мен құрамы талданып, оның өмірінің сан түрлі шарушылық және мәдени тұстары зерттелген.

Келесі әдебиеттер топтамасына Қазақстанның жалпылама дамуының түрлі әлеуметтік-экономикалық аспектілеріне арналған еңбектерді жатқызуға болады. Кеңестік биліктің алғашқы жылдарындағы экномикалық проблемалар мен халық шаруашылығы жағдайын Т. Елеуов, Б. Сүлейменов, Г.Ф. Дахшлейгер, К.Н. Нұрпейісов, Б.Н. Әбішева сияқты ғалымдар зерттеген. Олардың еңбектерінде Кеңес Үкіметінің Қазақстанда халық шаруашылығы саласында жүргізген алғашқы іс-шаралары туралы айтылады. Алғашқы бесжылдық-тардағы Қазақстан өндірісінің даму нәтижелері Т.Б. Балақаев, Ш. Тастанов, Х.М. Әбжанов, А. Коновалов сынды тарихшылардығи еңбектерінде көрсетілген. Социалистік индустриаландыру мәселесіне арналған көптеген әдебиеттерде және В.С. Лельчуктың «Социалистическая индустриализация ССР и ее освещение в советской историографии» [4] атты еңбегінде айтылғандай, жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бастап КСРО-да ауыр өнеркәсіп үлкен қарқынмен дамыды.

Кеңестік дәуірдегі әдебиеттердің едәуір маңызды бөлігі Коммунистік партия мен Кеңес Үкіметінің салалық өнеркәсіпті дамыту жолындағы күресіне арналды. Мұның дәлелі ретінде КСРО Жоғары халық шаруашылығы одағының Қазақстан байлығын дамыту және игеру жөніндегі бұйрықтары мен мемлекеттік жоспарларын, циркулярларын қамтитын құжаттар мен материалдар жинағының шығарылуын айтсақ болады. Осы материалдардың негізінде Х.М. Әбжанов [5], С.Б. Бейсембаевтың еңбектері жазылып, онда халық экономикасын дамытудағы КОКП ролі ерекше дәріптелген. Өкінішке орай, бұл еңбектердің көбісі тарихи-партиялық бағытқа ие, өйткені олардың негізгі бөлігі партиялық мұрағаттердің мәліметтеріне негізделіп жазылған. Әдетте мұндай еңбектерде әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерге, қарама-қайшылықтар мен олардың шешілу жолдарына тереңінен талдау жасалмаған.

Қазақстандағы экономикалық даму мәселелері академик А.Н. Нүсіпбековтің монографиясында кеңінен баяндалған. Бұл монография Қазақстандағы жұмысшы табының индустриаландырылуы, қалыптасуы жіне даму мәселелеріне толығымен жинақталған алғашқы еңбек болып саналады.

М.Х. Асылбековтің, С.Б. Нұрмұхамедов пен Н.Г. Панның ұжымдық монографиясы 1946-1965 жж. аралығында Қазақстандағы жұмысшы таптың дамуына жан-жақты, кешенді талдау жасауымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, С.Б. Нұрмұхамедовтың жеке зерттеу жұмысын да атап өту керек, онда автор республикадағы жұмысшы таптың қалыптасуы мен дамуын қайта тұжырымдауға тырысқан.

Г.Ф. Дахшлейгер, Н.Н. Дауылбаев, В.К. Савосько, А.Г. Сармурзин, М.Х. Асылбеков, С.К. Жақыпбеков және Ю.И. Романов [6] сынды ғалымдар өз еңбектерінде экономиканың жекелеген индустриялық салаларының тарихын мысалға ала отырып, республиканың экономикалық тұрғыдан дамуы мәселелерін қозғайды. Бұл авторлардың арқасында көптеген мұрағаттық дерек көздері мен статистикалық мәліметтер қолданысқа түсті.

Кеңестік кезеңдегі қазақстандық экономистердің ең бір елеулі және маңызды еңбектерінің бірі ретінде Т.А. Әшімбаевтың редакторлығымен жарық көрген «Экономика Казахстана за 60 лет» атты монографиялық зертеу еңбегін атауға болады. Еңбекте Қазақстанның жалпы экономикасы мен оның жекелеген салаларының даму бағыты, аса мағызды құрылымдық және сапалық өзгерістері көрсетілген. Т.А. Әшімбаевтың соңғы еңбектері де өзінің заманауи тұрғыдан дәйектілігімен, сонылығымен ерекшеленеді.

1980 жж. соңында отандық қоғамтанушылар арасында ескі қағидалар мен стереотиптерден арылып, тарихи процестерді жаңадан тұжырымдау үрдісі қалыптаса бастады. Бұл үрдісті дамытуда академик М. Қозыбаевтың үлесі зор, ол өз еңбектерінде [7] Қазақстандағы тарихи ой-пікірдің заманауи қалпын ашуға тырысты.

М.Х. Асылбеков, А.Ш. Алтаевтың мақаласы да жаңаша бағытталуымен ерекшеленеді. Бұл жұмыстарда авторлар Қазақстанның кеңестік дәуірдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік-демографиялық даму нәтижелерін барынша ғылыми тұрғыдан талдауға тырысқан. Сондай-ақ, С.Ф. Мажитовтың методология мәселесіне арналған зерттеу еңбегін де атауға болады [8]. Сонымен бірге Қазақстандағы саяси және экономикалық процестердің нәтижесінде дәстүрлі қазақ қоғамындағы құрылымдық өзгерістерге жүйелі талдау жасаған алғашқы зерттеу еңбегі ретінде Ж. Әбылхожиннің монографиясын атап өткен жөн.

Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық жағдайына арналған әдебиеттер келесі топтаманы құрайды. Қазақстандық тарихшылардың тұрғын халықтарға арнаған еңбектерінің ішінде Б. Сүлейменовтің «Аграрный вопрос в Казахстане последней трети XIX – начала XX вв.» атты монографиясының маңызы зор. Онда өңірдің экономикалық жағдайы қарастырылып, қоныс аударушы халықтардың ұлттық құрамы мен саны қарастырылған. Бұл мәселені түрлі аспектілер бойынша зерттеген ғалымдар қатарына Е.Б. Бекмахановты, Н.Е. Бекмаханова, Н.В. Алексеенконы және т.б. жатқызуға болады.

Г. Корнгардтың мақалаларында ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басындағы Оңтүстік Қазақстан халқының құрамы мен санына талдау жасалған. Оңтүстік Қазақстан халқының ұлттық құрамының қалыптасу мәселелері Б.М. Нарбекованың зерттеу жұмысында қарастырылған.

Көшпелі қазақтар қауымын, олардың әлеуметтік және экономикалық құрылымын С.Е. Толыбеков пен Н.Е. Масанов зерттеген [9].

М.Х. Асылбеков, А.Б. Ғалиев [10], Н.Ф. Базанова секілді ғалымдардың зерттеулерінде Қазақстандағы демографиялық үдерістердің даму мәселелері қарастырылады, республика тұрғындарының ұлттық құрамы мен әлеуметтік құрылымындағы өзгерістер баяндалады, көші-қон үдерістерінің халық саны мен құрылымына тигізген ықпалы анықталады.

Әлеуметтік-экономикалық және демографиялық дамудың аймақтық аспектілері Батыс Қазақстан өңірі бойынша М.Н. Сдықовтың еңбектерінде, Орталық Қазақстан бойынша – В.В. Козина, Солтүстік Қазақстан бойынша А. Кәкенова мен З. Шахаманның зерттеулерінде қарастырылған.

Келесі әдебиеттер топтамасы Қазақстанның жекелеген қалаларының тарихын зерттеуге арналған. Мысалы, Петропавл, Гурьев, Қарағанды, Жамбыл, Семей қалаларының тарихы Х. Табылдиев, Ю.А. Поляков, В.Б. Жиромская [11], Р. Конквест, С. Уинкрофт, М.Х. Асылбеков, А.И. Құдайбергенова [12] сияқты ғалымдардың еңбктерінде қарастырылған.
М.Х. Асылбеков пен А.Б. Ғалиев «Социально-демографические процессы в Казахстане (1917 – 1980)» атты монографиясында өткенге шолу жасай отырып, Қазақстандағы келесідей әлеуметтік-демографиялық процестерді зерттейді: халық құрамындағы өзгерістер (ұлттық, әлеуметтік, аймақтық, жас ерекшелігі), табиғи даму бағыты (туылуы, өлім дәрежесі), көші-қон, қоныстандыру, демогрфиялық саясатты дамыту мәселелері.

М.Х. Асылбеков пен В.В. Козина өздерінің «Демографические процессы современного Казахстана» деген кітабында 1980 және 1990 жылдардың басындағы Қазақстанның демографиялық жағдайын: республикадағы халық санының өзгеріп отыруын (табиғи даму бағыты, көшіп-қону), халық құрамының сапалық өзгерісін, ұлттық жасқа және жынысқа байланысты құрамын, халықтың кәсіби құрылымы мен еңбекпен қамтылуын және білім деңгейін талдайды. Монографияда аймақтағы экологиялық ахуал мен денсаулық сақтау жағдайының кейбір тұстары қарастырылады.

Г.С. Айдарбекова өзінің «Социальное развитие населения Южного Казахстана в 1980-2000 гг. исторический анализ (на материалах Южно-Казахстанской области)» атты диссертациялық жұмысында тарих ғылымында алғаш рет аса маңызды статистикалық мәліметтер мен мұрағат деректерінің негізінде және 1980-2000 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік саласында орын алған сәйкессіздіктердің себебі мен сипатын анықтай отырып, осы аймақтағы әлеуметтік жағдайдың динамикасы мен қазіргі жағдайына талдау жасаған. Зерттеу негізінде аймақтың әлеуметтік дамуының өзекті проблемалары анықталып, осы мәселелерді шешуге бағытталған нақты ұсыныстар мен нұсқаулар келтірілген.

Оңтүстік Қазақстан халқының демографиялық жағдайын зерттей отырып, А.Б. Есімова бұл аймақтың республика үшін маңызы зор екендігін атап өткен. Өйткені мұнда халық санының анағұрлым басым бөлігі шоғырланған (Қазақстан халқының 13% өмір сүреді) және жалпы республикамен салыстырғанда оның үнемі артып отыру үрдісі байқалады. Зерттеуші түрлі ұлт өкілдерінің демографиялық жағдайы жоғары дәрежеде деген қорытындыға келген, бірақ олардың арасында жыныстық-жас ерекшеліктеріне, білім деңгейіне, тұрғылықты мекеніне (қала, ауыл), т.б. белгілеріне қарай өзіндік ерекшеліктері бар. Қорыта келе, автор елімізде тиімді демографиялық, әлеуметтік саясат жүргізу арқылы облыстағы, жалпы елдегі демографиялық жағдайды жақсартуға әбден болады деп тұжырымдаған.

Э. Әлжанова «Социально-демографические процессы в Казахстане в 1980-х гг.» атты мақаласында 1970-1980 жылдары Қазақстанда туылу көрсеткіштерінің жоғары болуы есебінен халық саны да едәуір артқанын айтады. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, ауылдық жерге қарағанда қалада туылу көрсеткіші төмен болған, алайда ол кезеңде халықтың ауылдан қалаға ағылу үрдісі байқалады.

Г.А. Әбенованың «Демографические характеристики населения Восточного Казахстана в период 1985 – 1995 гг.» атты мақаласында Шығыс Қазақстандағы демографиялық жағдайдың өзгеруі қарастырылады: 1985 жылдан 1988 жылға дейінгі аралықта табиғи даму есебінен халық санының барынша ұлғайғаны, ал 1989-1995 жж. мейлінше төмендегені байқалады.

«Историко-статистический обзор населения Астаны» атты мақалада Г.А. Алпысбаева қаладағы демографиялық үдерістерді тарихи тұрғыдан қарастырады: қала халқының өсу деңгейі, әлеуметтік және ұлттық құрылымының өзгеруі көрсетіліп, әр түрлі тарихи кезеңдегі ХІХ ғ.
30 жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықта қала халықы санының өсу факторларына талдау жасалған.

А. Мрачковскийдің «Демографические процессы Северо-Казахстанской области: тенденции и перспективы» атты мақаласында қазіргі нарықтық қатынас заманындағы кәсіподақтар қызметі сөз болады. Автор сонымен қатар ХХ ғ. соңғы онжылдығында Солтүстік Қазақстанда орын алып, халықтың табиғи өсімін күрт тоқтатқан тиімсіз демографиялық жағдай туралы да айтады.

Павлодар облысының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы демографиялық даму жағдайы мен негізгі сипаты М.Х. Асылбеков пен З.А. Сабданбекованың «Демографическое развитие Павлодарской области в период суверенитета» атты мақаласында сөз болады. Авторлардың пікірінше, Павлодар облысының демографиялық жағдайы жалпы республикадағы үрдістерді бейнелейді: әлеуметтік-экономикалық жағдай өте ауыр болғандықтан, көптеген адамдар облыстан көшіп кетті, осының салдарынан өңір халқының саны ұдайы төмендеп отырды.

«Реалий и прогнозы демографического развития Евразийского пространства» атты жинаққа енген мақалалардың біразы Қазақстанның жекелеге аймақтарының: Павлодар облысының (С. Есетов), Оңтүстік Қазақстанның (А.Б. Есімова), Солтүстік Қазақстанның (А.Е. Мрачковский) демографиялық даму мәселелерін және көші-қон ағымын (В.И. Мукомель) зерттеуге арналады.

Диссертациялық жұмыстың тақырыбына қатысты әдебиеттерге тарихи тұрғыдан шолу жасай келе, ғылыми еңбектердің көптігіне қарамастан, еліміздің жекелеген аймақтарындағы әлеуметтік-экономикалық, көші-қон және демографиялық даму мәселе(лері жаңа көзқарас тұрғысынан кешенді түрде әлі толық зерттелмегенін атап өткіміз келеді. Түркістан қаласы мен өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы тек жекелеген әдебиеттерде ғана кездеседі. Ал олардың өзін тек фрагменттік материал ретінде ғана көреміз, өйткені ол зерттеу жұмыстарының мақсаты мен бағыты басқа арнаға саяды. Зерттеліп отырған кезеңдегі бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық және демографиялық жағдайы арнайы ғылыми зерттеу жұмысының тақырыбы болған емес. Аймақтық проблеманы зерттеу талпыныстары әлі күнге дейін бір арнаға жинақталмаған және бірізділікке қол жетпей келеді. Қолда бар деректердегі жетіспеушіліктер мен кемістіктер айқын, бірақ әлі күнге дейін түзетіліп толықтырылған жоқ.

Осылайша, біз диссертациялық жұмысымыздың тақырыбының тарихи өзектілігі мен ғылыми маңыздылығы зор деп тұжырымдауға құқылымыз.



Зерттеу нысаны. Бұл зерттеу жұмысының негізгі нысаны – Түркістан қаласы мен агломерациясының экономикалық, әлеуметтік-демографиялық және мәдени даму жағдайы. Зерттеудің хронологиялық аясы ХІХ ғ. соңынан бастап қазіргі уақытқа дейінгі мерзімді қамтиды. Өткеннің нақты бейнесін жасау күрделі кезеңді аймақтық тұрғыдан зерттеу тарих ғылымының ең өзекті мәселелрінің бірі болып саналады.

1867 жылдардағы әкімшілік реформалар кезеңінен бастап, 2009 жылға дейінгі аралықтағы Түркістан қаласы мен өңірінің әлеуметтік-демографиялық дамуы мәселелерін қарастыруға бағытталған зерттеу жұмысы бойынша тарихи-демографиялық тұрғыдан ашып қарастыру.



Зерттеу пәні – Түркістан қаласы мен өңірінің экономикалық, әлеуметтік-демографиялық, саяси және мәдени даму тарихын тарихи-демография тұрғысынан нақты ғылыми талдаулар жасау.

Зерттеудің деректемелік негізін статистикалық және мұрағат материалдары құрайды. Құжат деректерін талдауда біз барлық мәліметтерді, нақты фактілер мен сыни пікірлерді ескеруге тырыстық.

Патшалық отарлау кезіндегі және кеңестік дәуірдің алғашқы екі онжылдығындағы құжаттар Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатынан алып жинақталған 1-қор (Түркістан өңірі генерал-губернаторының кеңсесі), 17-қор (Сырдария облыстық басқармасы), 715-қор (Серебряниковтың қоры).

Дерек көздердің келесі бір маңызды топтамасы – мұрағат қорларындағы Қазақстанда жүргізілген кеңестік саясаттың түрлі аспектілеріне қатысты ресми құжаттар. Олардың қатарына республикалық мұрағаттардағы – ҚР Орталық Мемлекттік мұрағатындағы (ҚР ОММ), Шымкент қ. Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағатындағы (ОҚОММ) және Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының Кентау бөлімшесіндегі (ОҚОММ-ның Кентау бөлімшесі) деректер қорларын жатқызуға болады.

Біздің жұмысымыз үшін ҚРОММ Орталық статистика басқармасының 689-қор құжаттарының 1, 2, 14, 21 тізбелерінің маңызы үлкен болды. Бұл құжаттарда Қазақстан халқының саны, оның ұлттық және жыныстық-жас ерекшелігіне қарай құрамы, қала мен ауыл халқының табиғи және механикалық өсімі, көші-қон бағыттары мен қарқыны туралы мәліметтер қамтылған. 1479-қорда республиканың облыстар бойынша әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы туралы мәліметтер сақталған. 118-қор, 3-қор, 382-қор, 39-қор және 17 қор құжаттары қарастырылып, жұмысқа керекті материалдар алынды.

Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік мұрағатындағы біршама материалдар қарастырылып, еңбекті жазуға пайдаланылды. Атап айтсақ, 74-қор (Сырдария жұмысшылары, шаруалары мен қызыл әскер депутаттарының аймақтық атқару комитеті), 564-қор (Облыстық-қалалық жұмысшылар, шаруалар және қызыл әскер депутатарының Президиумы жанындағы Облыстық экономикалық мәжіліс), 313-қор (Шымкент аудандық кеңесінің атқару комитеті), 245-қор (Облыстық жоспарлау комиссиясы), 992-қор (Еңбек резервтері министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық басқармасы), 121-қор (КСРО Еңбек резервтері министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облыс аралық басқармасы), 147-қор (Сырдария губерниялық халықтық білім беру бөлімі), 86-қор (Облыстық халыққа білім беру басқармасы), 134-қор (Шымкент облыстық Денсаулық сақтау бөлімі), 165-қор (Шымкент облыстық халықтық депутттар кеңесінің мұрағат бөлімі), т.б.

Шымкент қ. Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағатынан келесідей қорлары да пайдаланылды: 1049 – қор (Оңтүстік Қазақстан облыстық жергілікті өнеркәсіп басқармасының (облместпром) құжаттары); 709-қор (Оңтүстік Қазақстан облыстық Еңбекші депутаттар кеңесі аткомы); 121-қор (Оңтүстік Қазақстан облыстық халық депутаттарының кеңесі); 233-қор (Сырдария губерниясы жұмысшы, дихан және қызыл әскер депутаттары кеңесінің атқарушы комитеті);123-қор, 1 – т. (Оңтүстік Қазақстан облыстық Кәсіподақ кеңестері); 74-қор, 1 –т. (Сырдария аймақтық жұмысшы, еңбекші қазақтар, қызыл әскер, шаруа және диқан депутаттары кеңесінің аткомы); 897 –қор (Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппараты); 1007 – қор (Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің Халықты еңбекпен қамту басқармасы).

Қала халқын сипаттауда 1897 жылғы халық санағы құжаттарының маңызы ерекше болды. Одан кейін 1920, 1926, 1937, 1939, 1959, 1970, 1979, 1989, 1999, 2009 жж. халық санағы материалдарында әр түрлі даму кезеңіндегі (азамат соғысының аяқталуы, қалпына келу кезеңі, ЖЭС (НЭП), күштеу модернизациясы) елдің жағдайы сипатталған. Санақ құжаттарында қала халқының әлеуметтік-таптық құрылымында орын алған өзгерістер де тіркелген.

Осылайша санақ материалдары мен кезеңдік статистика мәліметтерін қолдану арқылы Оңтүстік Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және демографиялық үдерістерді анағұрлым айқын сипаттауға, олардың даму бағытын айқындауға мүмкіндік туып отыр.



Сонымен қатар зерттеу жұмысын жазуда мерзімдік басылымдар мен Интернет сайттарының ақпараттары да қолданылды. Осылайша жұмыс барысында біз бірін бірі нақтылап, толықтыратын ауқымды дерек көздерін пайдаландық.

Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері.

  • 1867-1917 жылдар аралығындағы Түркістан қаласының экономикалық, мәдени дамуын көрсету;

  • Қала және өңір халқының табиғи өсімі, ұлттық құрамы және көші-қон жағдайын зерттеу;

  • Халықтың әлеуметтік құрлымын жан-жақты қарастыру;

  • 1917-1989 жж. кеңестік кезеңдегі өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өркендеуін ашып көрсету;

  • Кеңес Одағы тұсындағы қала халқы мен оның маңындағы аудан, ауыл жұртының ұлттық құрамы, көші-қон процестерін зерттеу;

  • 1990-2009 жж. егеменділік жағдайындағы қала экономикасы мен мәдениетінің дамуына талдау жасау;

  • Қала және ауыл халқының ұлттық құрамын, көші-қон жағдайын ашып көрсету;

  • Түркістан қаласы мен оның аудан, ауылдарына келіп орналасқан оралмандардың саны және олардың ортаға үйренісуін анықтау.



Зерттеудің ғылыми жаңалығы.

  • 1867-1917 жж. Түркістан қаласының экономикалық, мәдени көркейюін зерттеу;

  • Революцияға дейінгі қала және ауыл халқының табиғи өсімі, ұлттық құрамы және көші-қон процестері жан-жақты қарастырылды;

  • Тұрғындардың әлеуметтік құрылымына талдаулар жасалды;

  • 1917-1989 жж. кеңестік дәуірдегі Түркістан қала халқының әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуы зерттелді;

  • Түркістан қала халқының ұлттық құрамы, көші-қон процестеріне зерттеу жасалды;

  • 1990-2009 жж. тәуелсіздік тұсында қала мен оның өңірінің әлеуметтік- экономикалық, мәдени гүлденуі талданды;

  • Түркістан қаласы мен ауыл халқының ұлттық құрамы, көші-қон процестері жан-жақты ашылды;

  • Қала мен оның аудан, ауылдарына келіп орналасқан оралмандардың саны және олардың ортаға үйренісуі анықталды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.

  • патшалық Ресейдің үстемдігі кезінде Түркістан қаласының тұрғындарының құрамы күрделі өзгерістерге түсті;

  • патшалық Ресейдің отарлық саясатының қарқын алуына байланысты Түркістан қаласымен оның төңірегіндегі тұрғындардың әлеуметтік құрамында жаңа әлеуметтік топтар бой көрсетті;

  • Түркістан қаласы мен оның төңірегіндегі тұрғындардың білім деңгейіне ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік өзгерістер өз әсерін тигізді;

  • Түркістан өлкесінде кеңестік орнаған алғашқы жылдарда орын алған ашаршылық Түркістан қаласы мен оның төңірегіндегі елдімекендердегі тұрғындардың санына және табиғи өсіміне кері әсерін тигізді;

  • Кеңестік биліктің халық ағарту саласында жүзеге асырған іс-шаралары өңірдің тұрғындары арасында орын алған сауатсыздықты жоюда елеулі рөл атқарды.

  • Түркістан қаласы мен оның төңірегінің әлеуметтік-демографиялық дамуында кеңестік биліктің ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, индустрияландыру, халықтарды күштеп қоныс аударту сияқты т.б. іс-шаралары өзіндік терең із қалдырды.

  • бүгінгі таңдағы Түркістан қаласы мен оның төңірегінің әлеуметтік-демографиялық дамуы елімізде жүзегі асырылған әлеуметтік іс-шаралармен тығыз байланысты;

  • Түркістан қаласында бой көтерген жоғары және кәсіптік білім беру орындары өңір тұрғындарының әлеуметтік құрамына өзіндік оң ықпалын тиізуде.

Зерттеу жұмысының мерзімдік шеңбері. 1867 жылдардағы әкімшілік реформалары кезеңінен бастап, республика тәуелсіздігі жылдарын 2009 жылмен қоса қамтып, Түркістан қаласы мен агломерациясының әлеуметтік-демографиялық дамуы мәселелері қамтылған кезең.

Зерттеу жұмысының территориялық шеңбері. 1867-2009 жылдардың аралығында Түркістан қаласы мен оның төңірегіндегі елдімекендер қоса қамтиды.

Зерттеу жұмысының қолданбалы маңызы. Қарастырылып отырған мәселенің ғылыми маңыздылығы қоғамның қиын қыстау кездердегі Қазақстан қалаларының даму сатыларын жан-жақты түсінуге деген қызығушылығымен, әсіресе Қазақстанның урбандану процесіне индустриялық әлеуметтік тұрғыдан өркендеуіне тигізген ықпалы жөнінде туындап жатқан мәселелердің шешімін табу мақсатымен ұласады.

Сонымен қатар диссертация тақырыбының зерттеушілер, тәжірибедегі қызметкерлер мен студенттер үшін де тәжірибелік маңызы зор.



  • онда жасалған қорытындылар мен ұсыныстарды Қазақстанның жекелеген аймақтарының, қалалармен олардың өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жағдайы мәселелеріне арналған жалпылама еңбек жазуда қолдануға болады;

  • Түркістан қаласы мен өңірінің қатысты мәселелер де көпшіліктің өлкетануға қызығушылығын тудырады;

  • Диссертацияның мәліметтері мен қорытындыларын Қазақстан қалаларының әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жағдайына арналған арнайы курстың негізі ретінде пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негізі. қоғамдық дамуға объективті ғылыми талдау жасау қағидаларына негізделеді. Бұл жерде біз заманауи экономика мен қоғамның дамуын кешенді және жүйелі талдауға негізделген бағытты ұстанымдары басшылыққа алынды.

Зерттеу әдістеріне келетін болсақ, жұмыс барысында логикалық және тарихи, салыстырмалы, жүйелік, құрылымдық т.б. негізгі тәсілдер қолданылды. Тарихи-статистикалық материалдардың өте көп болуына байланысты олардың шынайы жағдайды сипаттау, тарихпен ұласу дәрежесін анықтау үшін статистикалық әдістерді де қолдануға тура келді.



Зерттеу жұмысынының сыннан өтуі. Диссертацияның негізгі тұжырымдары Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда және ғылыми басылымдарда жарық көрген. Жалпы диссертация бойынша 7 ғылыми мақала жарияланды.

Диссертация Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрілігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Тарихи демография және қазіргі заманғы әлеуметтік процестер» және Кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімдерінің мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.



Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш тарау, тақырыптың мазмұнын ашатын үш тараушадан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет