Автор: Кутумова Балжан
Өнеркәсіптік үлгі – интеллектуалдық шығармашылық еңбектің нәтижесі
Индустриалды-инновациялық өндірістің дамуына байланысты бұйымның сыртқы түрінің маңызы арта бастады. Тұтынушы бұйымның эстетикалық тартымды сыртқы түріне ерекше көңіл аударатын болды. Сондықтан да өндіруші өзінің тауарларын неғұрлым жоғары деңгейде сату мақсатында олардың сыртқы түріне аса мән қоя бастады.
Бұл бағытта күш-жігер салу едәуір қаржылай және интеллектуалдық инвестициялауды талап етеді, Қазақстанда осы бағытты ынталандыру мен олардың нәтижесін әділетсіз бәсекеден қорғайтын заңдар барлық. Соның бірі - Қазақстан Республикасының Патент заңы болып табылады.
Өнеркәсіптік меншік зияткерлік меншіктің бір бөлігі болып саналады.
Өнеркәсіптік меншік объектілеріне өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер, тауар таңбалары/қызмет көрсету таңбалары, тауар шығарылған жерлердің атаулары жатады.
Қазақстан Республикасының Патент заңымен (әрі қарай - Патент заңы) өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiн жасауға, құқықтық қорғау мен пайдалануға байланысты мүлiктiк, сондай-ақ оларға байланысты жеке мүлiктiк емес қатынастар реттеледi.
Патент заңына сәйкес өнеркәсіптік меншік объектілеріне, соның ішінде өнеркәсіптік үлгілеріне берілген өтiнiмдерді қабылдау, олар бойынша сараптама жүргiзу, қорғалатын объектілердің мемлекеттiк тiзiлiмдерiн жүргiзу, берілген қорғау құжаттары туралы мәлiметтердi жариялау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Ұлттық зияткерлік меншік институтының құзыретiне жатады.
Ұлттық және халықаралық сауданы ырықтандыру жағдайда бәсекелестіктің күшеюі бұйымның сыртқы түріне жоғары талаптар қойылатынын көрсетеді. Эстетикалық сипаттары, тауарлардың әдемілігі және тартымдылығы олардың өтісіне әсер етеді.
Бұйымның сыртқы түрiн айқындайтын, бұйымның көркемдiк-конструкторлық шешiмі (дизайн) - өнеркәсiптiк үлгi болып табылады.
Өнеркәсiптiк үлгi бүгінгі күнде кең тарап келе жатқан өнеркәсіптік меншік объектілерінің бірі болып саналады.
Тұтас бір бұйым, оның бөлігі, бұйымдардың жиынтығы (мысалы, жиһаз гарнитуры), бұйымның нұсқалары (варианттары) өнеркәсіптік үлгілері бола алады.
Басқаша айтқанда, өнеркәсіптік үлгі – ол бұйымның сыртқы түрінің эстетикалық және/немесе эргономиялық ерекшеліктерін анықтайтын, елеулі (маңызды) белгілердің бірігуімен сипатталатын декоративтік немесе эстетикалық шешім.
Өнеркәсіптік үлгінің құқықтық мәні «шығармашылық қызметтің нәтижесі», «көркемдік-конструкторлық шешім», «пішіннің (форманың) тартымдылығы (әдемілігі)» «эстетикалық ерекшеліктері» сияқты ұғымдарға негізделген.
Пішін, сұлба, сызықтар, түстердің үйлесімі, материалдың текстурасы мен фактурасы, ою-өрнек, т.б. бұйымның сыртқы түрін құрайды. Бұйымның сыртқы түрі өзінің бейнелілігімен көзге түсуі және көркемдік-конструкторлық сипатталуы керек, көркемдік және конструкторлық элементтері өз ара үйлесімді және бір-бірін толықтыруы керек.
Патент заңының нормаларына сәйкес өнеркәсiптiк үлгi ретінде ұсынылған шешім жаңа, өзіндік ерекшелігі бар (бірегей) болса, оған құқықтық қорғау берiледi.
Экономикалық мүддені қорғау және сақтау, өнеркәсіптік үлгілерін қолдана отырып жасалған бұйымдарды (өнімдерді) сатуда коммерциялық пайда табу, экспортқа шығару, өнімді (бұйымды) өндіру үшін ұлттық және шетел фирмаларына лицензияларды сату, бұйымдарды (өнімдерді) көрмеге шығарып көрсету, сол сияқты т.б. мақсаттарда өнеркәсіптік үлгілерді патенттеу іске асырылады.
Қазақстанда Патент заңына сәйкес өнеркәсiптiк үлгiге құқық патентпен қорғалады.
Өнеркәсiптiк үлгiге патент өтiнiмге мәнi бойынша сараптама жүргiзiлгеннен кейiн, оң шешім қабылданған жағдайда, берiледi.
Патент өнеркәсiптiк үлгісіне басымдықты, авторлықты және ерекше
құқықты куәландырады.
Өнеркәсiптiк үлгiге патент өтiнiм берiлген күннен бастап санағанда он бес жылға беріледі, патент иеленушiнiң өтiнiшi бойынша оның қолданылу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол бес жылдан аспауы керек.
Өнеркәсiптiк үлгiге патентпен берiлетiн құқықтық қорғау көлемi
бұйымның (макеттiң) кескiндерiнде ұсынылған және өнеркәсiптiк үлгiнiң елеулi белгiлерiнiң тiзбесiнде келтiрiлген оның елеулi белгiлерiнiң жиынтығымен анықталады.
Өнеркәсіптік үлгілер не үшін қорғалады?
Өнеркәсіптік үлгілерді қолдану негізінде бұйым сыртқы және тұтыну тартымдылығына ие болады, оның нәтижесінде бұйымның коммерциялық құны және өтім рыногында өту ықтималдылығы артады.
Егер өнеркәсіптік үлгі қорғалса, үлгіні тіркеген жеке немесе заңды тұлға үшінші жақтың үлгіні рұқсат етілмеген көшіруінен немесе имитациялауынан қорғау үшін ерекше құқыққа ие болады. Бұл салынған капиталдан әділ пайда табуға мүмкіндік туғызады. Әділ бәсекені және адал сауда ережесін сақтауды қамтамасыз ететін, сонымен қатар, көркем өнердің дамуына себепші болып, тұтынушы мен жалпы қоғамға өз пайдасын тигізеді.
Өнеркәсіптік үлгінің авторлары деп кімдер танылады?
Өнеркәсiптiк үлгіні шығармашылық еңбегiмен жасаған жеке адам оның авторы деп танылады. Егер өнеркәсiптiк үлгісін жасауға бiрнеше жеке адам қатысса, олардың бәрi оның авторлары (қосалқы авторлары) болып есептеледi. Қосалқы авторлардың тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртiбi олардың арасындағы келiсiммен белгiленедi.
Өнеркәсiптiк үлгісін жасауға өзiнiң шығармашылық үлесiн қоспаған, авторға тек техникалық, ұйымдық немесе материалдық көмек көрсеткен, не оған құқықты ресiмдеуге және оны пайдалануға ғана жәрдемдескен жеке адам автор деп танылмайды.
Патент заңына сәйкес:
1) өнеркәсiптiк үлгінің авторы (авторлары);
2) жұмыс берушi (егер жұмыс берушi мен қызметкер арасындағы шартта
өзгеше шарттар көзделмесе) ;
3) олардың құқықтық мирасқоры (құқықтық мирасқорлары), оның iшiнде беру тәртiбiмен тиiстi құқықты алған тұлға (тұлғалар);
4) бiр-бiрiмен келiсiмдерi болған жағдайда, жоғарыдағы 3 тармақтарда аталған тұлғалар (яғни аралас тұлғалар),
өнеркәсіптік үлгіге патент иеленушiлері бола алады.
Патент иеленушiнiң патентпен қорғалған өнеркәсiптiк үлгісін өз қалауынша пайдалануына ерекше құқығы болады.
Соңғы жылдардың деректері бойынша өнеркәсіптік үлгілерге өтінімдерді қарау (сараптама жүргізу) мерзімінің қысқартылуы мен өнеркәсіптік үлгілер болып қорғалатын объектілердің қатары кеңеюіне байланысты қорғау құжаттар жəне келіп түскен өтінімдер саны бойынша өсу динамикасын көруге болады.
Бүгінгі күнде өнеркәсіптік үлгілер әлемнің көптеген елдерінде қорғалады, көбінесе өнеркәсіптік үлгілерге құқықты киім-кешек, ыдыс-аяқ, тұрмыстық құрал-аспаптарды өндірушілер сұрайды.
Өнеркәсіптік үлгілерді қорғау - көркемдік өнерді өнеркәсіп пен өндірісте, сондай-ақ өнердің дәстүрлі салалары мен көркемдік кәсіпті жандандырып, экономикалық дамуға мүмкіндік туғызады. Ал бұл коммерциялық жұмыстың жандануына және ұлттық өнімді экспорттауға себебін тигізеді.
Жылдан жылға елдер арасында сауда-экономикалық қатынастар нығайған жағдайда, ұлттық өндірушілер (шығарушылар) үшін өз тауарларын (өнімдерін) басқа елдерге экспорттауда олардың сыртқы түрінің құқықтық қорғалуының маңызы зор.
Достарыңызбен бөлісу: |