Қорқыт Ата атындағы Қызылорда



Дата21.06.2016
өлшемі42.5 Kb.
#151796
А.Қ.Оразова

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университетінің оқытушысы
Ұстаздықтан рахат тапқан жауынгер
Өмір cоққан дауыл сияқты. Қорғанбасаң, қаңбақ секілді ұшырып әкетеді де, өзінің иірімімен үйіреді. Ал дауылына да, жауынына да төтеп берсең, оның өзі-ақ саған қорғаныш болады. Кейде адамдар сәл сынаққа сынып, мүжіліп жатады, ал кейбірі қандай болмасын соққыға беріспей, жаны от боп күйіп, өзі үшін ғана емес, елі үшін тынымсыз тер төгеді. Әрине, мұндай жандар саусақпен санарлық. Әрі олар қанша жерден мақтасаң да – сол мадаққа тұрарлық. Жаумен соғыста да ерлігін ешкімге міндет қылмаған, бейбіт күндегі еңбегін де ешкімге артпаған сондай адал жандардың бірі – соғыс ардагері, ұстаз Шәкен Күнтуар.

Ол 1920 жылы Жалағаш ауданының «Мақпалкөл» ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан аштықтың ащы дәмін татты. Бір үзім нан үшін ел кезіп, етігін тоздырды. Ашаршылықтан Қарақалпақстанға бір қауым ел болып үдере көшкенде бала Шәкен безгекке ұшырайды. Әкесі ауруға шалдыққан баланы келесі көшке аманат етіп тастайды. Азанда тұрып қараса, мұны сеніп тапсырған көш оны жапан далада жалғыз қалдырады. Ата-анасынан қол үзгенде де көзіне жас алмаған сорлы бала сол кезде ботадай боздайды. Өзінің ешкімге керексіз боп қалған тағдырына налиды. Дегенмен оны бойындағы қайсарлық шыңдап, өмір сүруге деген қабілетін арттырады. Қарақалпақтың да, өзбектің де, түрікменнің де тілін тауып, өзінің нанын алып жейді. Осылайша әр ұлттың есігін күзетіп жүргенде, Қарақалпақстанда жетімдер үйі ашылды дегенді құлағы шалады. Қорғансыз жеткіншек арып-ашып соған жетеді. Өжеттігінің арқасында ешкімнің қолдауынсыз балалар үйіне орналасады. Сонда оқу оқып, тәрбиеленеді.

Туған-туыстан көз жазып қалған бала Шәкен оларды іздестіруді тоқтатпайды. Бұл жайында журналист Қаби Мыңжанов сол кезде бұрынғы «Социалды Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінен Шәкенге хат жолдайды. Хатта былай делінген: «Шәкен!

«Социалды Қазақстан» басқармасы хатыңды алды. Әкең мен туғандарыңның қайда екенін аудан басшылары арқылы білді. Әкең Күнтуар Арыстанбекұлы, ағаларың Төрехан, Әбдікәрім Қармақшы ауданындағы «Калинин» ауыл кеңесі, «Мақпалкөл» серіктестігінде мүше және сонда тұрады. Әкеңнің, туғандарыңның тұрмысы, халдері жақсы, малдары бар, өздері аман.

Өзің оқуыңды жақсы оқып, болашақта үлкен адам болып шығуға тырыс».

Хат латын қарпімен жазылып, сақталған. Өзінің кішкентай лүпілдеп соққан жүрегі әкесі мен бауырларының аман екендігін сезіп, аға газетке сұрау салып, хат жазуы да Шәкеннің қайтпас қайсарлығы мен ержүректілігін көрсетсе керек. Ал сол сауалына келген қуанышты хабар-хатты жауынгер көзінің қарашығындай елу жылдан астам уақыт сақтап келген.

Ауыл мен туғандарына деген сағынышы жас жігітті еңбектен алыстатпай, қайта жігерін жани түседі. Сол жылдары Қарақалпақстанның бір газетінде жұмыс істеп, редакциядан қаламақы алып тұрады. Өмірінде бос жүруді білмейтін бозбала біреуге қол жаюды ар санайды, «екі қолға бір күрек» дейтін Шәкеннің өмірі еңбекпен біте қайнасып кете барады.

Училищеде оқып жүргенде өзінің өмір бойы есте қалатын бір оқиғасын Шәкен ұстаз ерекше еске алатын. Бірде қызметтесі сыртта егде тартқан кісінің оны күтіп тұрғандығын айтады. Шықса, әкесі екен. Аманаттап кеткен көштен көз жазып қалған балапанының ержетіп қалған қалпын көрген әке жүрегі жарыла жаздайды. Әкелі-балалы қос мұңлықтың құшағы жазылмай, айтарға сөз таппаған сол кезең жауынгердің санасында мәңгіге қалып қойды.

Әкеге, туған ошақ пен топыраққа деген жүрек сағынышы басылмаған бала Шәкеннің алдына қойған мақсаты да көп еді. Сондықтан да сарыла күткен, ендігі арманға айнала бастаған әкенің ізінен еріп кетуді де намыс көрмеген бозбаланы бір нәрсе тоқтатқан. Ол – әрең қолы жеткен оқуды бітіру. Осы ойы маза бермей, өзінің сағынышын салқынқандылықпен басқан Шәкен елге оқу бітіргесін қайтуды жөн санайды. Оқуын аяқтаған соң да Шәкеннің «ауылға қайтсам» деген бұла тілегі орындалмады. Өйткені сол уақыт аралығында оған әскерге шақыру келеді. Әскер қатарында жүрген жігіттің арманына айналған ауылға деген сағынышы тіпті ұлғайды. Әскерден соғысқа алынған ол Отан қорғауға аттанады. Белоруссияның, Украинаның майдан даласында жүріп, ұрысқа қатысты. Арманы ұшқыш болу болғанымен, пешенесіне пулеметшілік бұйырыпты. «Адам пешенесіне жазылғанды көреді» деген осы да. Соғыста денесіне қатты жарақат алғандықтан, Отанына оралады. Сағызша созылған қаншама уақыттан кейін Шәкен аядай ауылға келеді. Іске жарамды бір кісі жоқ. Кілең қатын-қалаш. Жетім-жесір. Еңсесі түскен елді көріп, күйзелген жауынгер жеңісті жақындатуды өзінің адал борышы көріп, соғысқа қайта аттанады. Ұрыс даласында жауына қайсарлықпен төтеп берген солдаттың бәрібір де жарақаты шыдатпай, қайтып елге келеді. Сауатты ердің хат танып, бірнеше тілді білетіндігі елде де пайдасын тигізді. Ұстатпас маман екендігін біліп, оны ауыл атқамінерлері Қарағандыдағы шахтаға есепші етіп жібереді. Онда ел қатарлы күнелтіп жүргенде, ойламаған жерден кен орны апатқа ұшырайды. Соғысқа бермеген қос аяғын сол кен орнында қалдырады. Ота жасалады. Әлемнің қанша жерін аралап, жауға тойтарыс берген сау аяқтың бірі де жоқ. Бірақ ақыл-есі түзу. Ойға алған қыруар ісі бітпеген есіл ер не істерін білмейді. Қолын қоярға жер таппай, тордағы арыстанша арпалысқан асыл азаматтың сол кезде шын жанашыр достары қасынан табылады. Сонда бір жолдасы «Құрыш қалай шынықты» деген кітапты оқуға кеңес береді. Ондағы бас кейіпкер Мересьевтің ерлігін жасағысы келеді. Шынайы сенгендіктен бе, оның өмір жолында да кейіпкер жанкештілігі қайталанды. Шын қайыспас ер мұқалмады.

«10 жылдығыңды ойласаң, мал бақ. 100 жылдығыңды ойласаң, ағаш ек. 1000 жылдығыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» деген аталы сөзді ұстанған Шәкен аға өзі туылған жері «Мақпалкөл» ауылына келіп, қырық жылдан аса уақыт бойы ұстаздық етеді. Еселі еңбегінің арқасында Қазақ ССР оқу министрлігі Халық ағарту ісінің озық қызметкері атанады.

Ұстаз әрдайым өз шәкірттері арқылы шыңға жетеді. Мақтанады, марқаяды. Шәкен атамыз көзі тірісінде үнемі өзінің қазіргі күні бірі жазушы, бір ғалым, бірі дәрігер шәкірттерінің атын аузынан тастамай, тіпті жаңылмай айтудан жалыққан емес.

Мың жылдықты ойлаған батырдың ұстаздық жолда алған асулары да аз болмады. Оның есімін одан тәрбие мен дәріс алған әрбір оқушы күні бүгінге дейін жыр ғып айтады.

Ғұмырының соңына дейін салауаттылықты бұлжымас қағидасы санаған ардақты азамат адамның ойын өрістетін тоғызқұмалаққа, шахматқа жақын болды. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, домбыра тартып, ән айтты. Дүбірлі тойын қалың қауыммен бірге тойлады. Сонау сұрапыл соғыста «қайтсем де жауды тойтарып, елге аман-есен жетсем. Ұрпақ тәрбиесіне бар мақсат-мұратымды жұмылдырсам» деген асқақ арманына жеткен асыл жан бала-шағасы мен немересінің, жақын-жуықтарының ортасында көз жұмды.

Ұстаздан тәлім-тәрбие алған бүгінгі ұрпақтың тілегі де жоқ емес. Олар Шәкен ата қызмет еткен мектепте осы кісінің атымен аталатын сынып болғандығын қалайды. Сонда ғана батыр рухының одан әрі асқақтап, оның есімі халық санасында сақталатындығын жеткізеді.



«Тау алыстаған сайын биіктей түседі». Еңбегімен еленіп, ел есінде қалған жан бақилық болғанымен, сол ұядан түлеп ұшқан талай өренге үлгі болды. Оның есімі – шәкірттері үшін де, ауылдастары үшін де мәңгілік.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет