ОРМАНДЫ ПАЙДАЛАНҒАНЫ ҮШІН ТӨЛЕМАҚЫ
Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы (бұдан әрі - төлемақы) мемлекеттік орман қорының учаскелерінде орманды пайдаланудың мынадай түрлері үшін алынады:
1) ағаш дайындау;
2) шайыр және ағаш шырындарын дайындау;
3) қосалқы ағаш ресурстарын (ағаштар мен бұталардың қабықтарын, бұтақтарын, томарларын, тамырларын, жапырақтарын, бүршіктерін) дайындау;
4) орманды жанама пайдалану (шөп шабу, мал жаю, марал шаруашылығы, аң шаруашылығы, ара ұялары мен омарта орналастыру, көкөніс шаруашылығы, бақша шаруашылығы және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, дәрілік өсімдіктер мен техникалық шикізаттар, жабайы өсетін жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер және басқа да тағамдық өнімдер, мүк, орман төсемдері мен түскен жапырақтар, қамыс дайындау және жинау);
5) мемлекеттік орман қоры учаскелерін:
мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорт мақсаттары;
аңшылық шаруашылығы қажеттері;
ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін пайдалану.
6) ағаш және бұта тұқымдылары мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелердің егілетін материалын өсіру үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерін пайдалану.
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының орман заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде берілетін ағаш кесу билеті мен орман пайдалану билетінің (бұдан әрі - рұқсат құжаты) негізінде беріледі.
Салық органдарына төлемақы төлеушілер және тапсыру мерімі туралы мәлiметтер беруіне қатысты.
Мемлекеттiк орман иеленушiлер: жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері; орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік ұйымдары; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органның табиғат қорғау мекемелері; көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның және автомобиль жолдары саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік ұйымдары ведомстволық бағыныстылығына сәйкес тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 15-iнен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салу объектілері туралы мәлiметтер бередi.
Төлемақы төлеушілер
Мемлекеттік орман иеленушілер, Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде белгіленген тәртіппен орман пайдалану құқығын алған жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады.
Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес орман өсіру үшін нысаналы мақсатта өз меншігіндегі немесе ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығындағы жеке орман қорының учаскелерінде орман пайдалануды жүзеге асыратын жеке орман иеленушілер төлемақы төлеушілер болып табылмайды.
Салық салу объектісі
Мыналарды:
1) көшеттердің құрамы мен нысанына күтім жасау үшін кесуді, сондай-ақ оның жас талдарының толықтығын реттеуді (жарықтандыру, тазарту) және құндылығы шамалы ағаш көшеттерін қайта жөндеуге және ландшафттарды қалыптастыруға байланысты кесуді жүзеге асыру кезінде түбірімен босатылатын сүрек көлемін;
2) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін алынған ағаш ресурстарының, шайырдың, қосалқы орман ресурстарының көлемін қоспағанда, пайдалануға берілетін орман пайдаланудың көлемі және (немесе) мемлекеттік орман қоры учаскелерінің, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы алаңы төлемақы салу объектісі болып табылады.
Төлемақы ставкалары.
Төлемақы ставкалары 506-бап. Салық кодексіңе белгіленген.
Есептеу мен бюджетке төлемақыны төлеу тәртібі Салық кодексінің 507 бабымен реттеледі.
Төлемақы сомасын мемлекеттік орман иеленушілер есептейді және ол рұқсат құжатында көрсетіледі.
Сонымен қатар, мемлекеттік орман қорының және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың орманың пайдаланғаны үшін орман иеленушілер төлемақысын есептеу ставкасы 2009 жылдың 12 маусымындағы №344 ҚР ауыл шаруашылық Министрнің м.а. бұйрығымен бекітілген және төлемақы ставкасын есептеу бойынша методикалық көрсеткіште көрсетілген.
Төлемақы сомасы бюджетке орман пайдалану объектісі орналасқан жері бойынша мынадай мерзімдерде:
1) ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде - орман пайдаланудың жыл сайынғы көлемінің жалпы сомасының тең үлестерімен тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмей;
2) қысқа мерзімді орман пайдалану кезінде - рұқсат құжаттарын алғанға дейін немесе сол күні төленеді. Бұл ретте рұқсат құжатында төлем құжатының деректемелері көрсетіле отырып, ақы төлеудің жүргізілгені туралы белгі қойылады;
3) түбірімен босатылатын сүрек үшін - жазылып берілген ағаш кесу билеттері бойынша жылдық төлемақы сомасының тең үлестерімен тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-інен кешіктірілмей төленеді.
«Астана – жаңа қала» мемлекеттік кірістер
басқармасының бас маманы М.Тәңірбергенов
Достарыңызбен бөлісу: |