Қосанов Ж. Х. Қасымбеков Қ. Е. Экологиялық құқықтық жауапкершіліктің ерекшеліктері



Дата16.06.2016
өлшемі62.5 Kb.
#138989
Қосанов Ж.Х.

Қасымбеков Қ.Е.
Экологиялық құқықтық

жауапкершіліктің ерекшеліктері
Қоршаған ортаны ластау, табиғат ресурстарының таусылуы және экожүйеде экологиялық байланысты бұзу ғаламдық проблемаға айналды. Егер адамзат бүгінгі күнгі даму жолымен жүре берсе, әлемдегі алдыңғы қатарлы экологтардың айтуынша, екі, үш буыннан соң ол опат болуы мүмкін.

Қазақстан мемлекетімен жүргізіліп жатқан қоршаған ортаны сауықтыру шараларына қарамастан, экологиялық қарым-қатынас әлі күнге дейін табиғатқа және қоғамға қолайсыз бағытта дамуда.

Экологиялық апат қаупінің ғаламдық деңгейде өсуі, экологияны ұтымды пайдалану және барлық ғаламдық қауымдастық шеңберінде қоршаған ортаны қорғау саласының шараларын үйлестірудің қажет екендігін сезіндіреді. Қазіргі уақытта, бүкіл әлемді басып келе жатқан экологиялық дағдарыс кезінде, барлық адамзат табиғатты пайдалану және бағындыру әрекетінен, оны сақтау және онымен ынтымақтастықта болу жолдарын іздестеру қажет. Бұл жағдайда адам экологиясы аса маңызды мағынаға ие болады, өйткені оның дұрыс өмір сүру жағдайы, адамның қаншалықты табиғатпен үйлесетіндігі, оның заңдылықтарын түсіне білуінен және оны өз өмірінде пайдалана білуінен тікелей тәуелді.

Реттелетін экологиялық қоғамдық қарым-қатынастарға бір уақытта «заңнаманың әртүрлі жүйелерінің құқықтық нормалары, соның ішінде қылмыстық нормалар да қолданылады. Құқықтық реттеудің нақты щеңберінде әртекті нормалардың бір уақытта әрекет ету жағдайында, сапалық жағынан бөлек құқықтық реттеу орын алады».

Бүгінгі күні экологиялық қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуда құқықтық қолдану тәжірибесінде кемшіліктер бар. Қылмыстық әрекет нәтижесінде пайда болатын салдарға, оған берілетін жазаға сай емес. ҚР ҚК тек кейбір баптарында ғана, аталған сала бойынша бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады, ал құқық бұзушыларға салынатын айыппұл көлемі өте аз, мұның бәрі экологиялық қылмыстар санының одан әрі өсуіне алып келуде.

Табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуы, қоршаған табиғи ортаны қорғау ережелеріндегі құқық нормаларының орындалмауы, және табиғи объектілерді сақтау, жақсарту және қоршаған ортаны сауықтыру шараларының жүзеге асырылмауы орын алатын, қоғамның және табиғаттың өзара әрекеттесу саласындағы қоғамдық қарым-қатынас жағдайын көрсетеді.

Табиғатты қорғау заңнамаларының сақталмауы, табиғатты қорғау үшін белгіленген тыйым салулардың бұзылғандығын, орындалмағандығын білдіреді. Орындамау «табиғатты пайдаланушыларға қойылатын табиғатты қорғау және ұтымды пайдалану жөніндегі міндеттерінің бұзылғандығынан, орындалмағандығынан» тұрады. Қолданбау дегеніміз, мемлекеттік жоспарлармен қарастырылған табиғатты қорғау туралы заңды іске асыру, табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру бойынша, басқару және бақылау органдарына берілген құзыреттілікті қолданбауды білдіреді.

Табиғатты қорғау заңнамасын бұзу түрлері, табиғатты қорғау туралы заңдарда, жер, жер қойнауы, су туралы, денсаулықты сақтау туралы заңнамаларда және басқа да нормативтік актілерде көрсетіледі. Қастандық жасау нысандары және бұзу әдістері бойынша олар келесі топтарға бөлінеді:

Жерді ұқыпсыз пайдалану, ауылшаруашылық және басқа да жерлерді бүлдіру, оларды өндіріс қалдықтарымен және ағынды сулармен ластау, жерді жақсарту, жер қыртысының жағдайын нашарлататын желге мүжілу, судан жемірілу және басқа да процесстерден қорғау бойынша жүргізілетін міндетті іс-шараларды орындамау, жерді уақытша пайдалану жағдайында жер учаскелерін уақытымен қайтармау және жерді өз тағайындалуы бойынша пайдалану үшін қайта қалпына келтіру міндеттерін орындамау.

Жер қойнауын геологиялық зерттеу, оларды өңдеу бойынша, пайдалы қазбаларды жинақтау, оларды консервациялау, қоршаған ортаның зиянды әрекетінен минералды ресурстарды қорғау, жер қойнауын өңдеумен байланысты жұмыстардың зиянды әсерінен қоршаған ортаны қорғау бойынша ережелерді орындамау.

Суларды ұқыпсыз пайдалану, су қоймасын ластау және бітеу, суды қорғау тәртібінің талаптарын орындамау, су қорын тауысу.

Орманды пайдалану ережелерін орындамау: талдарды заңсыз кесу, орманда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, өсіп жатқан ағаштарды және бұталарды зақымдау, орман алқабын өнеркәсіптік және ауылшаруашылық қылдықтарымен, химикаттармен және ағынды сулармен ластау, өз еркімен шөп шабу және мал бағу және орман шаруашылығына зиян келтіретін басқа да әрекеттер.

Атмосфералық ауаны адамның денсаулығына және сыртқы ортаға зиян келтіртетін заттармен ластау.

Жер үсті және судағы жануарлардың тіршілік ету ортасын ластау, аң аулау және балық аулау ережелерін бұзу, сирек кездесетін немесе жоғалып кету алдында тұрған жануарларды және құстарды жою.

Табиғат ескерткіштерін жою, бүлдіру, қорықтық және басқа да күзетілудегі аймақтардың тәртібін бұзу.

Жүріс-тұрыстың заңдылығының өлшемі ретінде, адамды қоршаған табиғи ортаға зиян келтіретін әрекеттерге бармауды барлығына ортақ міндет ететін, табиғатты қорғау заңнамасының жалпы нормалары және қағидалары болып табылады.

Қылмысты жасаған сәттен бастап пайда болатын қарым-қатынас ретіндегі қылмыстық жауапкершілік, оның шеңберінде және заң негізінде өкілетті мемлекеттік орган қылмысты жасаған адамға оның қылмысын бетіне басады, оның құқықтық мәртебесін шектейді және оған, тек жәбірленушіге бұзылған заңды құқығын қалпына келтіру және қылмыскердің сана-сезімін және тәртібін дұрыстау мақсатында ғана, жеке немесе мүліктік сипаттағы айыруды басынан кешіру міндетін жүктейді.

Қылмыстық жауапкершіліктің негізі болып, қоғамдық қауіпті, кінәлі, құқыққа қайшы әрекеттер, яғни, Қылмыстық кодекстің Негізгі бөлімінің тиісті баптарында көрсетілген белгілерге сәйкес келетін қылмыстар табылады. Қылмыстық жауапкершіліктің негізін анықтаудың бұл жолы, қылмыстық жауапкершілік тұлға заңда көрсетілген әрекетті жасаған сәттен бастап бір уақытта пайда болады деген қорытындыға әкеледі.

Қылмыстық жауапкершіліктің негізгі ерекшеліктері:

ол экологиялық саладағы ең жоғарғы қоғамдық қауіп тудыратын әрекеттер үшін қолданылады;

міндетті қылмыстық рәсімдерден соң, тек сотпен жүзеге асырылады және жаза қолданудың жалғыз негізі сот үкімі болып табылады;

басқа салаларға қарағанда, өте қатаң жаза түрлері бар;

нақты жасқа толған және есі дұрыс жеке тұлғалар ғана субъект ретінде танылады.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы қылмыстық жауапкершілік, қоғамдық қауіптің ең жоғарғы дәрежесіне ие экологиялық қылмыстардан қоғамды қорғаудың негізгі нысанына жатады.

Табиғи объектілерді пайдалану саласындағы қылмыстық жауапкершілік, алдын-ала тергеу немесе арнайы өкілетті тұлғалармен айрықша процессуалды тәртіпте жауап алу жүргізілгеннен кейін, тек сотпен қолданылады.

Табиғатты пайдалану саласындағы бұзушылар үшін, қылмыстық жауапкершілік басқа жауапкершілік түрлерімен салыстырғанда, әлдеқайда қатаң жауапкершілік шараларын қарастырады. Мысалы, бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу, әкімшілік жазада белгіленген мөлшерде бірнеше есе асып түсетін айыппұл, нақты лауазымдарға тағайындалу құқығынан айыру және т.б.

Ұйымдар мен олардың құрылымдық бөлімшелері қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, жауапкершілік субъектісі ретінде, тек қылмыстық жауапкершілікке тарту жасына толған және есі дұрыс жеке тұлғалар ғана танылады. Қолданыстағы заңнамада экологиялық қылмыстардың құрамы қылмыс нысанына байланысты белгіленген.

Экологиялық-құқықтық жауапкершіліктің мақсаты қоғамның өмір сүру жағдайын қорғау болып табылады. Егер бұзушылықтың орнын толтыру және дұрыстау, бұзушыны қайта тәрбиелеу, заңды жаза қолданылғанға дейін жүзеге асырылған болса, онда жауапкершіліктен босату мүмкін. Осыған орай, заңнамада айыптыларды толығымен немесе жартылай жауапкершіліктен босататын бірқатар негіздер қарастырылған.

1. Егер жасалған экологиялық қылмыс елеулі емес болып табылған жағдайда. Аса маңызды емес деп, қоғам және табиғат үшін зиянсыз, алайда, тиісті экологиялық құқықбұзушылықтың белгілеріне келетін әрекеттерді атайды. Мысалы, бұтақтарды заңсыз шабу, айыптыны қылмыстық жауапкершіліктен босататын, аса маңызды емес құқық бұзушылық болып табылуы мүмкін.

2. Егер экологиялық қылмыс табиғи ортаға зиян келтірмей өз міндеттерін орындау мүмкін емес болған, айрықша жағдайларда жасалған болса. Оларға жататындар:

аса қажеттілік жағдайында құқықбұзушылықты жасау, яғни, басқа жолдармен қауіптің алдын-алу мүмкін болмаған жағдайларда, егер жасалған зияндылық алдын-алған қауіптен аса маңызды болмаса. Мысалы, ормандағы өрт ошақтарын оқшаулауға, орман жолын салу мақсатында орманды шабу. Кесілген орманның құны, орын алған өрт жағдайында құтқарылған орман ағаштарының құнынан әлдеқайда төмен;

экологиялық қылмысты қалыпты экологиялық тәуекел жағдайында жасау. Мысалы, қалыпты өндірістік-шаруашылық тәуекел санатына жататын залал үшін жұмыскерге немесе қызметкерге жауапкершілік артуға жол берілмеу керек. Өкінішке орай, заңда қалыпты өндірістік-шаруашылық тәуекелдің нақты белгілері көрсетілмеген, ол құқықты пайдалану тәжірибесін күрделендіре түседі.

3. Егер төмендегідей екі негізгі формада көрсетілетін жауапкершілікке тарту рәсімі бұзылған болса:

экологиялық қылмыс туралы іс бойынша айғақтарды жинау және рәсімдеу ережелері бұзылған болса;

экологиялық қылмыс туралы істі қараудың процессуалдық тәртібінің бұзылуы, мысалы, егер біріншіден табиғатты қорғау ережесін бұзғаны үшін айыппұл салу туралы үкім шығарылып, кейін аталған іс бойынша айғақтар ізделе басталса, онда мұндай процессуалдық тәртіп іс бойынша шешімнің күшін жоюға негіз болады.

Егер істі қарау рәсімі сақталып, бірақ, сот ісін қарау барысында процессуалдық заңнаманы айтарлықтай бұзуға жол берілген болса экологиялық-құқықтық жауапкершілікті қолдану бойынша шешімнің күші жойылады.

4. Егер экологиялық қылмысты заңға сәйкес жауапкершіліктен босатылған тұлғалар жасаған болса;

5. Есі дұрыс емес бұзушылар, өйткені істі жазатайым оқиға ретінде қарастыру қажет, ал айыптыны қайта тәрбиелеуге емес, емделуге жіберу керек.

6. Аталған заңнама түрі бойынша жазадан босатылған тұлғалар. Шетелдік азаматтардың және азаматтығы жоқ тұлғалардың елдің шекарасында құқық бұзғаны үшін жауапкершілігі туралы мәселе, егер құқық бұзушылар дипломатиялық иммунитеті болған жағдайда, дипломатиялық жолмен шешіледі.

Сонымен бірге, экологиялық-құқықтық бұзушылық туралы істер, егер жауапкершілікке тартудың міндетті белгілері табылмаған жағдайда, қоғамдық ықпал ету шараларын қолдану үшін материалдарды тапсыра отырып, қарау процесі деңгейінде тоқтатылуы мүмкін.

Осылайша, заңнама экологиялық-құқықтық жауапкершіліке тарту орынсыз болып табылатын жағдайлардан қорғау механизмінде қамтиды. Ол экологиялық құқықта заңдылық және орындылық қағидасын сақтауды қамтамасыз етеді.

Бүгінгі күнге дейін, жердің табиғи байлығы шексіз, ал табиғи ортаның беріктілік қоры оны бақылаусыз пайдалана беруге болады деген ойлар кеңінен таралған. Ғылым мен техниканың қарқынды дамуы және өнеркәсіптік, ауылшаруашылық өндірісінің өсуі, жалпы табиғаттың ластану процессін және басқа да теріс антропогендік әсерді одан әрі көбейтуде. Бүгінгі күні, адамзат әлем байлығының үштен бірін бітірді. Қысқа уақыт ішінде қоршаған ортаны қорғау мәселесі, бүгінгі, сондай-ақ келешек ұрпақтың өмірі және денсаулығымен байланысты ғаламдық жалпы адамзаттың проблемаларының біріне айналды. Қоршаған ортаны қорғауда құқықтық сипаттағы шараларға соның ішінде, күннен-күнге саны көбейіп келе жатқан экологиялық қылмыстармен күресуге аса көңіл бөлінуде.



Сонда да аталған саладағы құқық қорғау органдарының қызметін жемісті деп айтуға болмайды. Атмосфералық ауаның, су нысандарының, ормандардың, жерлердің қылмыстық ластануына айыпты тұлғалар көбінесе жазадан құтылып кетеді. Бірқатар жағдайларда, қылмыстың болғаны анық болған жағдай да, қылмыстық іс мүлдем қозғалмайды немесе негізсіз тоқтатылады. Тергеу сапасының өзі, оның жан-жақтылығы, толықтығы, әділдігі сынға алынады. Дәлелдеуге жататын көптеген жағдайлар, анықталмаған немесе жеткілікті түрде жан-жақты, толық және әділ анықталмаған болып қала беруде. Су қоймаларын және атмосфералық ауаны ластау туралы қылмыстық істер бойынша куәгерлерді сұрауда, аталған қылмысты тергеу әдісімен таныс емес болу, арнайы білімнің болмауы салдарынан, себепті анықтау қиынға соғатынын көрсетті. Аталған әдістеменің өзі де одан әрі толықтырылуын қажет ететінін айта кету керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет